М. Каваклы докторант, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті, Түркістан қаласы, Қазақстан Республикасы
ОРТА МЕКТЕПТЕ ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУДЫҢ ҚҰНДЫЛЫҚТЫҚ
БАҒДАРЛАРЫ
Құндылық – бұл обьектінің жағымды және жағымсыз жақтарын білдіретін философиялық-социологиялық ұғым. Құндылық ұғымы алғаш рет 19 ғасырдың ортасында пайда болған. Құндылық бағдар мәселесінің әртүрлі аспектілері Нұргалиева Г. Қ, Багаева И. Д., Васильева 3. И т.б ғалымдардың еңбектерінде қарастырылған.
Тіл адамзатпен байланысты рухани және әлеуметтік құбылыс болғандықтан ұлттық мәдениетпен және ұлттық болмыспен байланысты.
Мақалада мектеп оқушыларының тілдік құндылықтық бағдарын қалыптастыру қарастырылған. Мақала авторы жеке тұлғаның тілге құндылық бағдары жеке тұлғаның ұлттық тілді, ұлттық мәдениеттің құндылықтары туралы білімдерді саналы түрде ұғынып, меңгерумен анықталады, ал бұл процесс адамның санасына, зейініне, сонымен бірге ұлттық тіл және ұлттық мәдениет құндылықтары туралы білімдерді саналы меңгеруіне тікелей байланысты деген тұжырым жасайды.
Кілт сөздер: құндылықтық бағдар, ұлттық тіл, ұлттық мәдениет, рухани құндылық, материалдық құндылық, әдістеме, ұлттық болмыс.
КІРІСПЕ
Ұрпақ тәрбиесі қай заманда болсын алдыңғы орында екені белгілі. Қазіргі заманғы білім беру саласында мұғалімдердің алдына қойылған міндеттердің бірі – ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын, ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын толық кемелді, ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеу. Ол үшін мұғалім жеке тұлғаны тануға, түсінуге ұмтылу керек. Ең бастысы, оқушыларға білім беруде оларға рухани тәрбие беруді дұрыс жолға қою, тілді меңгерте отырып, оқушыға ұлттық құндылықтар арқылы тәрбие беру қажет. Құндылық дегеніміз – жас ұрпаққа тәрбие мен білім берудегі адамгершілікке бағытталған мұраттар. Рухани құндылыққа адамгершілік, ізгілік, кішіпейілдік, сыйласымдылық, имандылық, мәдениеттілік т.б. қасиеттер жатады. Ұлттық құндылық дегеніміз қазақ халқының сан ғасырлар бойы қалыптасқан, талай өмір сынынан өтіп, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып бүгінге жеткен әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер негізінде тәлім-тәрбие үлгілері арқылы ұрпақ бойына сіңіретін адами қасиеттер. Ұлттық құндылықтарды танып, бағалай білетін, оны бойына сіңіріп өмірлік қағида етіп ұстанатын рухы биік ұрпақ тәрбиелеу үшін ұлттық тәрбиеге арқа сүйеуіміз керек. Ұлттық тәрбие – халқымыздың сан ғасырлардан бері өмірлік мұра болып келе жатқан бала тәрбиесіне қатысты жинақталған тәжірибесі. Ұлттық тәрбиенің бастауы көнеден келе жатқан салт дстүрімізде, ұлттық тілімізде жатыр. Ұрпақ санасына ұлттық құндылықтарды сіңірудің – бірден-бір жолы –ауыз әдебиеті үлгілері арқылы тәрбие беру. Қазақ тілі сабағын әдебиет пәнімен байланыстыра отырып, оқушыларды ертегі, жаңылтпаш, жұмбақ, мақал-мәтелдер, аңыз әңгімелер мен шешендік сөздер арқылы адамгершілікке, ұлтжандылыққа, еңбекқорлыққа тәрбиелеу, ұлтын сүюге, ұлттық құндылықты бағалай білуге үйрету керек. Сонда ғана ана тілі мен ұлттық дәстүрін құрметтейтін, басқа тілде де жетік сөйлей білетін, ақыл-ой парасаттылығы жетілген, алдына мақсат қоя білетін және сол мақсатқа жету жолдарын таңдай білетін, жауапкершілігі мол, өзіне сын көзбен қарай алатын салауатты тұлға қалыптастыра аламыз. Осындай тұлға ғана келешек еліміздің тірегі, ұлтымыздың қорғаны бола біледі.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Қазақ халқының бай мәдени мұрасының бір саласы – ұлттық ойындар. Ұлттық ойындар бүгінде ұлттық тәрбие беруде қолданылатын құралдардың бірі деуге болады. Ұлттық ойындар баланың денесін шынықтырып, оған күш-қуат беріп, шапшаңдыққа тәрбиелеп қана қоймайды, оның ақыл-ойының, пайым парасатының толысуына да жәрдемін тигізеді. Сабақ үрдісінде сабақтың тақырыбына орайластырып, ұлттық ойындар түрлерін тиімді пайдалану арқылы оқушылардың бойында өжеттік, батылдық, шапшаңдық, ептілік, тапқырлық сияқты қасиеттерді қалыптастыруға, сондай-ақ күш-қуатын молайтып, денесін шынықтыруға болады. Ұлттық тәрбие – ұлт болашағы. Халықтың бай рухани қазынасынан сусындап, тәрбие алған ұрпақ білімді, ұлтжанды, кішіпейіл, үлкенді сыйлай білетін, еңбекқор болып өседі. Қазақ халқының ғасырлар тұңғиығынан бері біте қайнасып келе жатқан ұрпақ тәрбиелеудегі тәжірибелері бізге сол рухани мәдениет, этикалық-эстетикалық құндылықтарын құрайтын ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер, әдеби, музыкалық, кәсіби, тұрмыстық фольклорлар мазмұны арқылы жетіп отыр. Сонымен бірге ұрпаққ тәрбиесіне, жалпы халықтың рухани дамуына байланысты ұлттық тәлім-тәрбиелік ой-пікірлерді: Қорқыт ата, әл Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Мұхамед Хайдар Дулати, Жүсіп баласағұн, Махмұт Қашқари, Асанқайғы т.б. қазақ ақын-жырауларының мұраларынан, билер мен шешендердің тәлімдік сөздерінен көреміз[1].
Ұлттық тілді оқытуда ұлттық құндылықтарды іріктеп сабақ үрдісінде тиімді қолдану арқылы интеллектуалдық деңгейі жоғары, рухани дүниесі бай, отаншыл тұлға қалыптастыруға болады. Осы мақсатта сабақ үрдісінде халықтың бай қазынасынан тәрбиелік мәні зор мақал-мәтелдерді, шешендік сөздерді, ақын-жыраулар шығармаларынан үзінділерді қолдана отырып, оқушыларды ұлтжандылыққа, адамгершілікке баулу мұғалімнің шеберлігін талап етеді. Мұғалім өзінің тәжірибесі мен педагогикалық шеберлігі арқасында адамгершілігі мол, иманды да ибалы, ұлтын сүйетін, ұлттың болашағы үшін қам жейтін, бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыруда халық қазынасының жауһарларын тәрбие құралы ретінде пайдалана білуі тиіс.
Сонымен бірге отбасы тәрбиесінің ұлттық ерекшеліктері, туыстық қарым-қатынас, жеті ата туралы түсінік, перзенттік парыз бен қарыз, ұлттық намыс, ұлттық сана-сезім, ұлттық адамгершілік, отансүйгіштік, еңбексүйгіштік қасиеттер, ізгілік сынды сапалық белгілер, ұлттық тәрбиенің негізгі бағыттары болады[2].
Оқу үрдісінде ұлттық тәрбие элементтерін пайдалана отырып білім мен тәрбие ісін қатар жүргізудің оқушылардың өмір жолын таңдай білу қабілеттерін дамытуға, өз ісіне сыни көзқараспен қарап, өзгенің еңбегін бағалай білуге баулуда септігі мол. Сабақтың тақырыбы: Септіктерді қайталау Сабақтың мақсаты:
Білімділік: септіктер тақырыбы бойынша оқушылардың білімдерін пысықтау; септік жалғауларын жалғап жазуға дағдыландыру, септік жалғауларын, сұрақтарын қаншалықты дәрежеде меңгергендіктерін байқау, негізгі білімдерін ұштай отырып тексеру.
Дамытушылық: оқушылардың логикалық ойлау және сөйлеу қабілеттерін, ауызша, жазбаша жаттығулар жүргізе отырып сауаттылығын дамыту; студенттердің тез ойланып, жауапты дұрыс шапшаң, қайтара білуіне дағдылану, пәнге деген қызығушылығын арттыру. Іскерлік қабілеттерін дамыту.
Тәрбиелік: оқушыларға өз міндетін тиянақты орындауға үйрету; өз еліне, ұлтына сүйіспеншілік сезімін ояту, үнемділікке, іскерлікке тәрбиелеу, ұлттық салт-дәстүрлерді білуге деген қызығушылығын ояту.
Сабақтың типі: Білім мен әрекет тәсілдерін жалпылау мен жүйелеу сабағы
Сабақтың түрі: аралас сабақ
Сабақтың формасы: топпен жұмыс
Сабақтың әдістері: интерактивті әдіс
Сабақтың көрнекілігі: Суреттер, интерактивті тақта, презентация
Қолданылатын технология: СТО Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі.
а) студенттердің сабаққа дайындығын тексеру;
ә) кезекшінің есебі
б) Психологиялық дайындық.
2. Сабақтың барысын хабарлау:
Мұғалім: Қазақ тілі грамматикасының ең бір күрделі тарауы »Септік жалғаулары » туралы мағлұмат алдық. Енді осы алған білімдерімізді жинақтап, жүйелеп жаттығу жұмыстарын орындаймыз.
Кеспе қағазымен жұмыс істеу. Кеспе қағазымен жұмыс істеудің мазмұн-мақсаты түрліше болып келеді. Септік жалғауын меңгертуде екі түрлі мазмұнда құрастырылған кеспе қағазын ұсынуға болады. Атап айтсақ, бірінші түрінде түрікше бірнеше жеке сөздер жазып, оларды дұрыс септеуді талап етеміз. Екінші кеспе қағазында қазақша қысқа сөйлемдер жазылып, ондағы септік жалғаулы сөздерді тапқызып, оларды сұрағы мен қосымшасына ажыратып, қай септікте тұрғанын анықтау мақсат етіледі. Соңынан қазақ тіліндегі әр септік жалғауларының ерекшелігін оқушының өзіне айқындату қажет.
1. Тақтамен жұмыс істеу. Тақтамен жұмыс істеу күнделікті оқытылып жүрген сабақтардың әдетіне әбден қалыптасқан әдіс-тәсілдің бастысы. Тақтаға сөйлемдер жазып, септік жалғауларын анықтау.
2. Үнтаспамен жұмыс. Сабақ үстінде қолайлы деп тапқан жерлерде техникалық құрал-жабдықтарды пайдаланудың мәні үлкен. Сабақ материалын сналы түсіндіруде, сабақты қызықты өткізуде, уақыт мерзімін ұтуда үнтаспаны пайдаланудың да пайдасы мол. Кеспе қағазы арқылы ойландыру үшін берілген тапсырмалардың жауаптарын үнтаспаға жазып алып, оқушылардың өздеріне қайта тыңдатып, дұрыс-терісін байқатып, жіберген қателерін түзеттіреміз. Бұл арқылы оқушыларды ойланып, ұқыпты жауап беруге дағдыландырамыз да, аңғарымпаздыққа баулимыз.
III Мағынаны тану кезеңі
1- жаттығу. Мәтінді оқып, септік жалғаулы сөздерді өздері байланысатын сөздерімен теріп жазады.
«Қамшы қайтару»
Ер-тұрман жабдықтарының ішінде қамшы киелі құрал болып саналады. Соған орай қамшы атауымен байланысты этнографиялық ұғым да көп. Мысалы: халқымыздың қамшы тастау (яғни сөз сұрау), қамшы жұмсау (яғни сабау), қамшы болу (яғни әсер ету, себепкер болу), қамшы қайтару, қамшы салу (түрткі болу) т.б. Қамшы қайтару құдалық, яғни құда түсу жолында жасалатын жоралғы. Ұлына қалындық іздеген жігіт әкесі ауылдың ақсақалы мен азаматтарына және өз туған-туыстарына жолығып, шаруасын айтады. Бұған жанашырлар ақыл қосып, пәлен жерде жақсы отбасының бойжеткен қызы бара екенін хабардар етеді. Әрине, бұл жерде болашақ құдалардың текті жерден болуын қалайды. Сөйтіп жігіт әкесі өзінің беделді адамдарын ертіп қыз әкесінің үйіне барып түседі. Қонақасын ішіп аттанған қыз әкесі өз қамшысын кереге басына іліп кетеді. Мұны көрген қыз әкесі келген кісілердің аты-жөнін, ата-тегін білгеннен кейін оларға тиісті жауабын беруі керек. Егер қыздың басы бос болмаса (яғни біреуге айттырылып қосылса) немесе қызын бергісі келмесе қамшы иесіне қайтарылады. Мұны қамшы қайтару дейді. Бұған жігіт әкесі ренжімейді. Қызға белгі тастаудан «біз шаншар» деген де жолы бар[4,55].
ІV Ой толғаныс кезеңі:
Мәтінге белгі қойып оқу әдісі
Оқушы мәтінді оқып отырып оның бір жақ шетіне немесе кесте түрінде «V» — білемін
«+» мен үшін жаңа
«-» басқаша ойлаймын
«?» — түсінбедім, тереңірек білгім келеді деген белгі қойып отырады.
Мәтін бойынша кластер сызу
Мәтінге болжам жасау
Мәтіннің соңғы бөлігі берілмейді. Оқушыларға мәтінді аяқтауға тапсырма беріледі. Оқушылар өз ойларынан мәтінді аяқтайды. Соңынан олардың мәтіннің аяқталуына жасаған болжамдары салыстырылады.
Абзацтарды дұрыс орналастыру.
Мәтін абзацтары ауыстырылып беріледі. Оқушылар мәтін мазмұнымен таныса отырып мәтін абзацтарын логикалық тізбекте беруі тиіс.
«Джиксо» әдісі- ұжымдық оқыту әдісі. Мәтін мазмұнына қатысты сұрақтар алдымен топта, сосын ұжымда талқыланады.
Қамшы сөзі қатысқан тұрақты тіркестер қатарын толықтыру және мағынасын түсіндіру. Тұрақты тіркестегі септік жалғауларын табу Мысалы:
Қамшысын алып келуге [беруге] жарамады Болбыр, қолынан дәнеңе келмейтін кісі.
(Көбіне балаға байланысты айтылады).
Қамшысынан қан сорғалаған Қаныпезер, жауыз, злрлығы, билігі жүріп тұрған.
Қамшысын үйіреді де отырады көне. Ақырып, «бір шыбықпен айдайтын» зорлықшыл, озбыр кісі.
Қамшы тигізбеді қамшы салдырмай жүретін жүйрік ат туралы айтылады.
Қамшы үйірді Қорқытты, хауіп төндірді, күш көрсетті.
Қамшы болды Түрткі болды, итермеледі.
Қамшыдай қатты 1. қамшырдай қатып арықтады, ашықты, жүдеді. 2. Бапталды.
Қамшы кесті шабан Аяғын баспайтын, тым қырсау.
Қамшылар жақ Оң жағы деген мағынада.(мініс көліктің «сол жағы», «мінер жағы», «оң жағы», «қамшылар жағы» болады).
Қамшы салмады Қамшы тигізбей жүріп отырды. Қамшы салдырды Болдырды, шаршады.
«Қос жазба» күнделігін толтыру.
Оқушы дәптер парағын екі бөлікке бөліп сызады да, бір бөлігіне «үзінділер», екншісіне «түсініктемелер» деп жазады.
Үзінділер деген бөлікке мәтіннен өзіне ерекше әсер еткен тұстарын көшіріп алып, екінші бөлікке соған қатысты өз пікірін білдіреді.
VI Үйге тапсырма.
VII. Бағалау парағы бойынша топ басшысы бағалап береді.
Осылайша қазақ тіліндегі септіктерді өткенде оқушыларға септік туралы мағлұматтарын кеңейте отырып, ұлттық салт-дәстүр туралы мәлімет беруде СТО технологиясын тиімді қолдануға болады.
ҚОРЫТЫНДЫ
Оқушыны білім нәрімен сусындата отырып, оны жеке тұлға ретінде ұлттық тәрбие арқылы дамытуда басты міндеттер:
— өз ұлтының дәстүрі мен мәдениетін, тілі мен тарихын құрметтейтін тұлға қалыптастыру;
— жалпыадамзаттық құндылықтар мен ұлттық құндылықтарды түсініп, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын тұлға тәрбиелеу;
— алдына мақсат қоя білетін және сол мақсатқа жету жолдарын таңдай білетін, өз бойындағы кемшіліктерді көріп, оны жоюға тырысатын, білімі мен шығармашылығын дамытуға ұмтылатын шығармашыл және ізденімпаз тұлға қалыптастыру.
«Ана тілін меңгерген адам тілді шындық өмірді танып білудің құралына айналдырады, яғни тіл адамның танымдық, коммуникативтік, басқа да қажеттіліктерін қанағаттандырады»[3, 19] деген пікірден түйгеніміз, тілді меңгере отырып оқушылар дүниетанымын кеңейтеді, ұлттық мәдениет пен салт-дәстүр туралы білімдерін молайта түседі.
Орта мектепте қазақ тілін оқытудың төмендегідей құндылықтық бағдарларын атап көрсетуге болады:
— ұлттық тілге құндылық қатынас қалыптастыру арқылы өз ұлтының дәстүрі мен мәдениетін, тілі мен тарихын құрметтейтін тұлға қалыптастыру;
— тілдің ұлттық құндылық екендігін санасына сіңіру арқылы, ана тілін құрметтеп, оны бағалай білетін, ұлттық тілді сақтауға үлес қоса алатын тіл жанашырын тәрбиелеу;
— ұлт тілінің көркемдігін түсіне білуге, оның мол мүмкіншілігін пайдалана білуге үйрету;
— оқушылардың бойында ұлттық тілдің бай рухани қазынасы арқылы ұлттық сана, ұлттық намыс қалыптастыру.
Қорыта келгенде, жеке тұлғаның тілге құндылық бағдары жеке тұлғаның ұлттық тілді, ұлттық мәдениеттің құндылықтары туралы білімдерді саналы түрде ұғынып, меңгерумен анықталады, ал бұл процесс адамның санасына, зейініне, сонымен бірге ұлттық тіл және ұлттық мәдениет құндылықтары туралы білімдерді саналы меңгеруіне тікелей байланысты.
ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ 1 Керімбаева М.С. Оқушы бойында ұлттық құндылықтарды қалыптастыруда мектеп
пен ата-ананың рөлі // http://40.astana-mektep.kz/
2 Мырзахан А. Ел болудың бір жолы – ұлттық тәрбие// «Ана тілі», 20 қазан, 2011 жыл.
3 Кенжеахметұлы С.Қазақтың салт — дәстүрлері мен әдет – ғұрыптары. Алматы, «Ана тілі», 1994.
4 Қадашева Қ., Асанова У.О., Ашикбаева Б.Г. Қазақ тілін туыс тіл ретінде оқыту әдістемесі (түркі тілдерінде сөйлейтіндер үшін). – Алматы: «Кантана-пресс», 2012. – 400 б.
М.Каваклы
Ценностная ориентация в изучении казахского языка в средней школе
Международный казахско-турецкий университет имени Кожа Ахмета Яссауи, г. Туркестан, Казахстан,
Ценность является философско-социологическим понятием, представляющим как положительные, так и отрицательные аспекты объекта. Понятие «ценность» впервые появилось в середине XIX века.
Тугаринов В.П. указывает на несколько групп ценностей: ценность жизни (жизнь, здоровье, радость жизни, общение с людьми); культурные ценности, материальные ценности (техника, жилье, еда, одежда); политико-социальные ценности (правдивость, мир, безопасность, общественный порядок, нравственность) и духовные ценности (язык, образование, наука, искусство).
Отечественные ученые изучили различные аспекты понятия ценностной ориентации. На особом счету в изучении данного вопроса стоят научные труды таких ученых, как Нургалиева Г.К., Багаева И.Д., Васильева З.И. и др.
Язык связан с национальной культурой и национальностью, потому что это духовный и социальный феномен, связанный с человечеством.
Статья посвящена формированию языковых ценностей у школьников. Автор статьи делает вывод о том, что ценность языка человека определяется знанием и пониманием знания национальной принадлежности, ценностей национальной культуры и что этот процесс напрямую связан с человеческими разумом и сознанием, знанием национального языка и ценностей национальной культуры.