Г.Т. Әбікенова1, Г.Т. Кәріпжанова2, Р.Ш. Сүлейменова3
1филология ғылымдарының докторы, Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң
университеті, Семей қ., Қазақстан Республикасы
2филология ғылымдарының кандидаты, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, Павлодар қ., Қазақстан Республикасы
3Семейдің Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті, Семей қ., Қазақстан Республикасы
МӘТІНДЕГІ АСТАРЛЫ АҚПАРАТТЫҢ БЕРІЛУ ТӘСІЛДЕРІ
Мәтіндегі біртұтас тиянақты ойды оқырманға түсінікті етіп жеткізуде автордың өзі ұсынып отырған ақпаратқа қатысын, пікірін, көзқарасын, көңіл-күй сезімдерін білдіретін әр түрлі тілдік тұлғалар мен әдіс-тәсілдер қолданылады. Мәтін әр түрлі ақпараттарды қамтиды. Мәтіндегі ақпараттарды фактілі, концептуалды және мәтін астары ақпараттары деп бөлінеді. Мақалада мәтін астарының имплициттікоммуникативтік сипаты қарастырылады. Мәтін астары тілдің айшықтау құралдарын үнемдеу үрдісі және имплициттік мағынаға сай келетін, ой тудыру үрдісінің психологиялық ерекшеліктері арқылы түсіндіріледі. Мәтін астарын түсіну мен қабылдауды анықтайтын лингвистикалық,құрылымдық-композициялық, мәтін астарын қабылдайтын, тұлғаның психологиялық қасиеттері және басқа да экстралингвистикалық факторлары анықталады.«Мәтін астары ақпараттары сөз арқылы берілмейді, тек байыпталады, бұл ақпарат сөздердің, сөз тіркестерінің өзіне ойды жасырып тұру қасиеті арқасында танылады» деген тұжырым жасалады.
Кілт сөздер: мәтін лингвистикасы, мәтін, мәтіннің фактілі ақпараты, концептуалды ақпарат, мәтін астары ақпараттары, семантика, коннотация, прагматикалық теория
КІРІСПЕ
Мәтін – лингвистикалық тұрғыдан сипатталуы өте қиын, күрделі нысан, өйткені оның мазмұны оны құрайтын абзац немесе күрделі синтаксистік тұтастықтардың жай ғана қосындысы емес. Оның мән-мағынасы тек лингвистикалық нақты бірліктер ғана емес, солармен қатар сол кезеңдегі түрлі экстралингвистикалық факторлармен де байланыста болады. Ол белгілі бір мақсатты көздейтін, белгілі бір адресатқа арналған ақпардан тұрады. Сондықтан оның қалыптасқан формасы, қабылдап, түсінуге лайықталған тілдік құрылымы болады, яғни мәтін құрайтын немесе түзетін кез келген элемент қалай болса солай орналаспайды, олардың арасында белгілі бір байланыс болады да, әрқайсысы мәтіннің тұтастығын қамтамасыз етуде арнаулы қызмет атқарады.
Мәтін латынша — байланысу, бірігу – тілдік таңбалардың мағыналық және тұлғалық байланыстығы негізінде түзілген ізбі-ізділігі [1, 4].
Мәтін сөйлеу процесінің жемісі. Ол тілді жүйелі қолданудың барысында ғана пайда болады. Ғалым Б. Шалабай: «Мәтінді зерттеу тұрақты күйдегі тілді емес, әрекетті тілді зерттеуден барып пайда болады» [2, 131] -дейді.
Мәтін – ойды жеткізудің құралы. Мәтін арқылы қоршаған ортадағы шындықты танып біле аламыз. Мәтін – адамның қоршаған ортамен қарым-қатынасын білдіретін ең жоғарғы коммуникативтік бірлік. Сөйлеу процесі сырт қарағанда игерілмеген құбылыс сияқты көрінгенімен шындығында, тіл жүйесі оған әсерін тигізіп отырады. Мәтіннің тақырыбы болады. Көбінесе ол міндетті мәтіннің бірінші сөйлемі атқарып тұрады
Мәтіннің өзіндік мазмұны және соған байланысты өзіндік құрылу моделі болады. Мәтіннің құрылуы мен қабылдануы сөйлеуші мен тыңдаушының мәтінді әрқайсысының өзінше тұжырымдап, түсіндіруіне сәйкес берілген мазмұнды толық әрі терең түсінуге мүмкіндік береді. Қандай болмасын мәтін бір ойдың жемісі болғандықтан ол адам санасымен, сөз мәдениетімен тығыз байланысты. Мәтіндегі біртұтас тиянақты ойды оқырманға түсінікті етіп жеткізуде автордың өзі ұсынып отырған ақпаратқа қатысын, пікірін, көзқарасын, көңіл-күй сезімдерін білдіретін әр түрлі тілдік тұлғалар мен әдістәсілдер қолданылады.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Мәтін құрамындағы тілдік бірліктер өзара әр түрлі лексикалық, стилистикалық, логикалық байланысқа түседі. Мәтін – абзацтар, параграфтар, бөлімдер, тараулар т.б. өзара қатынасқа түсетін сөйлемдер жиынтығының іріленген бірлігі. Бұлар коммуникативтік мақсатқа сәйкес аяқталған мазмұнды жеткізуге қызмет етеді. Сөйлемнің мағынасы оның құрамындағы сөздер мағыналарының жиынтығы болмайтыны сияқты, мәтіннің мазмұны да оны түзетін сөйлемдердің мағынасынан құрылмайды. Мәтіннің толық мағынасы оның мазмұнын жалпылап, қорытындылап, түйіндеу арқылы іске асады.
З. Ерназарованың пікірінше, мәтін – сөйлеуші мақсатына сай аяқталған ойды білдіретін бір немесе бірнеше сөйлемдер тізбегі. Тілдің иерархиялық құрылымында мәтін семантика — синтаксистік құрылым ретінде жоғары деңгей болып есептеледі. Ал, сөйлеу бірлігі ретінде мәтін сөйлесіммен салыстырғанда бүтіндік сипатқа ие. Мәтіннің негізгі сипаттарының бірі – мағыналық тұтастығы. Мәтінді тұтастай алғанда бір ғана мазмұнға ие, өзара логикалық және грамматикалық байланыстағы әр түрлі тілдік бірліктерден құралған көп деңгейлі құрылым деп тануға болады.
Ол ортақ мақсаттағы бірнеше сөйлесім тізбегі болуы мүмкін. Мәтін әр түрлі ақпараттарды қамтиды. Мәтіндегі ақпараттарды фактілі, концептуалды және мәтін астары ақпараттары деп бөлуге болады.
Мәтіннің фактілі ақпараты – бұл фактілер мен оқиғаларды, олардың уақыты мен орнын, автордың ой-тұжырымын, сюжеттің дамуын айтамыз. Концептуалды ақпаратқа автордың дүниетанымдық көзқарастарының берілуі, шығарманың негізгі идеясы мен автордың негізгі ойларының берілуі. Ақпараттың бұл түрі автордың ниетін танытады, әлем бейнесін автордың қабылдауы бойынша бейнелейді. Мәтін астары ақпараттары сөз арқылы берілмейді, тек байыпталады. Бұл ақпарат сөздердің, сөз тіркестерінің өзіне ойды жасырып тұру қасиеті арқасында танылады.
Мәтінді құрайтын барлық бөліктер өзара бір-бірімен лексикалық, логикалық, грамматикалық, ассоциативтік байланыс негізінде біртұтас жүйе жасайды.
«Астарлы мәтін (ой) – эксплицитті жеткізілген баяндаудан туындайтын жеткізілмеген (айтылмаған) мағыналар ағыны. Астарлы мәтін – мәтінді талдап түсіндіру нәтижесінде пайда болатын категория. Мәтіннің өз ішінде дами отырып, тікелей берілген ой үрдісімен салыстырғанда жаңа нәрсе болып табылады» [134], — деп сипатталатын астарлы мәтін категориясы мәтін мәселесіне арналған еңбектерде кеңінен қарастырылып, ерекше орын алған категориялардың бірі ретінде танылады.
Осыған қатысты И. Гальперин, В. Кухаренко, И. Арнольд, А. Камчатнов, А. Лурия, К. Долинин сияқты ғалымдар еңбектерінде айтылады. Астарлы мәтін кез келген көркем шығармаға тән, ол алдын ала автордың шығармашылық ойымен жоспарланады. Ақпараттың бұл түрі табиғаты жағынан имплицитті болып келеді, яғни вербалды түрде айтылмайды. Сондықтан мәтінді оқу барысында ол бірден байқалмай қалуы да мүмкін. Аталған зерттеу еңбектері және белгілі бір көркем мәтінді талдау барысы астарлы мәтіннің жүзеге асу жолдары алуан түрлі болып келетіндігін байқатады. Бұл тұрғыда: «Кез келген астарлы мәтіннің мәні белгілі бір үлгінің бұзылуында жатыр» [3], — деп түйген И.
Торсуеваның ойы да негізсіз емес. Себебі, толық айтылмаған ойлар, қалдырылып кеткен жолдар, белгілі бір жағдайға деген айтылымның сай келмеуі және тағы басқалары -– астарлы мәтіннің жасалуына негіз бола алады. Сонымен қатар астарлы мәтіннің жүзеге асу жолдарының көрінісі ретінде кейіпкерлер сөздерінің арасындағы кідіріс, монологтың үзілуі, коммуниканттың тап осы кездегі жағдайға маңыздырақ болып келетін тақырыптан бейтарап тақырыпқа (немесе керісінше) кетуі, жағдаяттық қайталаулар, белгілі бір айтылымның қайта-қайта оралуы және тағы басқалары танылады.
Ал лексика-семантика тұрғысынан алғанда, белгілі бір көркем мәтін ішіндегі коннотаттық компонент мағынасына тең келетін сөздер мен сөз тіркестерінің ұтымды қолданылуы да астарлы ойдың өрбіп, ұласуына себепкер бола алатынын аңғартады. Көркем мәтінде адам мінезіне, сырт келбетіне, іс-әрекетіне, түрлі қасиетіне байланысты қолданылған жан-жануарлар атаулары ұйытқы болған фразеологиялық тіркестерінің семантикасы образдылық, бағалауыштық, эмоционалдық, экспрессивтік мағына үстейді:
Түспеген тұғырынан ақ сұңқарым;
Бәйге алған тұлпарымсың шабысқанда (Ж. Көпеев) мысалдарындағы сұңқар, тұлпар секілді құс, жануар атауларын білдіретін сөздердің номинативтік мағынасының бір семалық элементі ретіндегі – күштілігі, биіктігі, алдына жан салмас жүйріктігі ескеріледі. Онтологиялық қасиеттері бойынша сұңқар – аспанда биік ұшатын құс, тұлпар – жүйрік ат, олардың бұл қасиеттері адамның әрекеті барысында танылып, рухани категория бойынша жаңа мәнге ие болған. Сөйтіп, бұл зооатаулар жағымды эмоциялы образды сөздер ретінде қолданылған.
“Жамалиддин сол кезде ғана аңдады. Орақ тұмсық, шүңірек көз, ұрты суалған имек қара Сейтек аз уақыт ішінде адам танығысыз өзгеріпті. Ұрты бұлтиып, ерні майланған. Томпиып қозы қарын бітіпті. Әйтсе де, бар ішкені бөксесіне жиналған сияқты. Бес бала тапқан әйелдің бітісіндей, дөңгеленіп, жалпиып бара жатыр екен.
“Кім?” Жамалиддин хазірет Сейтектің сыздана шыққан дауысынан селк ете жаздап барып әрең қалды. Көзіне көзі түсіп еді, жемтігін көрген иттей жайнап тұр екен (М. Мағауин).
Төрт жігітке қажет жабдықты өзінің кәсіптес серіктеріне бөліп тапсырып жатқан керуен басының құлағы мұндай сақ болар ма, етегіне оратыла жығылып, елбірей қайта тұрып, ат үстіндегі сұлтанның аяғын құшты. Қазанның түбін жалаған аш төбеттей жасыл сақтиян етікті сүйіп өліп барады (М. Мағауин). Бұл мысалдардағы кейіпкер бейнесін беруде жемтігін көрген иттей жайнап тұр екен, Қазанның түбін жалаған аш төбеттей қолданыстары мәтін астарын құруға ерекше қызмет етеді. Белгілі бір фразеологиялық үлгіні жасауда сол жануардың бейнесі, пошымы, іс-әрекеті т.б. жайлы мәліметтер жинақталып, этнос мәдениетіне сай тұрақты тіркес туындайды. Мәшһүр Жүсіп өлеңдерінде де «ит» сөзі қатысқан бейнелі тіркестер: Дау болса, екі ит шығар ырылдауға; Өтті ғой ит қорлықпен өмір шіркін; Жаның қалмас талай ит талағанда; Иттің кетпес ойынан жерік асы; Ит дүние, сен бір сәурік айғырдайсың (Мәшһүр Жүсіп Көпеев).
Қазақ танымындағы ит образына деген көзқарастың қалыптасуына мұсылман дінінің де өзіндік ықпалы болғанын да айта кеткен жөн. Пайғамбарымыздан қалған, халқымыз ұстанатын сүннет бар, ол ит пен мысыққа байланысты. Пайғамбарымыз иттердің нәжіс екенін, оның сілекейі тиген сумен дәрет алуға болмайтындығын, егер бір ыдысқа аузы тисе әлгі ыдысты әуелі топырақпен, сосын алты мәрте сумен жуу керектігін айтқан. Пайғамбарымыздың осы сүннеттеріне халқымыз мойынсұнып, үйде ит ұстағанда оны аулаға байлап, үйдің ішіне кіріп кетпеуін қадалаған.
Астарлы мәтін белгілі бір адамның жеке тезаурусына, қасиетіне, ой бағытына, өмір тәжірибесіне қарай әр түрліше ұғынылады. Ал түсіндіру кезінде пайда болатын көпмағыналық мәнмәтін көмегі арқылы ажыратылады.
Мәтіндегі астарлы ойдың қалыптасуына конотататтық мағына ерекше қызмет етеді. Коннотация – бұл «connotation» — қосымша мағына деген латын тілінен алынған термин. Э. Азнаурова, В. Звегинцев, И. Арнольд сияқты ғалымдар «сөздің эмоционалды-экспрессивтік қызметін стилистикалық мағына құрамында қарап, оны коннотаттық (негізгі мағынаға қосымша) мағынаның қатарына жатқызады» [5]. Ал ғалым А.В. Филиппов коннотация ұғымына тек эмоционалдық және стилистикалық мазмұндағы семантикалық мағына жатады деп есептейді де, бағалауыштық және экспрессивті семаларды ол денотацияның белгілі бір бөлшегі ретінде қарастырады. Ғалымның пікірінше, бағалауыштық сема – ұғымның (түсініктің) прагматикалық компоненті, сондықтан да ол денотация аспектісінің объектісі. Ал экспрессивтілік әрқашан сөздің (денотаттың) әдеттен тыс, жаңа тұлғасында көрініс тауып, нормадан ауытқыған окказионалдылықпен байланысты [5].
Сондай-ақ, қазақ тіл білімінде семантика мәселесімен арнайы айналысқан ғалым М. Оразовтың: «… сөздердің эмоциялық мағынасы сөздің негізгі мағынасы болмайды, негізгі мағынаға қосымша мағыналық реңк болып саналады дейтін болсақ, онда тентек, ақымақ, дана, сараң, нас, топас (бұлардың тура және ауыспалы мағыналары да) деген сияқты сөздердің мағынасын түсіндіріп бере алмаған болар едік» [4, 109], — деген пікірі де аталған ғалымдардың ұстанымын құптамайтындығын байқатады.
Осыған орай коннотация табиғаты, нақты айтқанда, экспрессивтік, эмоционалдық және бағалауыштық микрокомпоненттер «толықтыру, үстемелеу қағидасы» («принцип дополнительности») негізінде сипатталу қажет сияқты. Коннотаттық мағына екіншілік, ол денотаттан пайда болады. Сондай-ақ лексикалық бірліктер мен фразеологиялық жүйенің құрамындағы эмоционалды, бағалауышты және экспрессивті компоненттердің екі сипатта болатынын байқап, олардың семантикалық ерекшеліктерін денотативті және коннотативті аспектілерде қарастыру қажеттілігіне назар аудартқан тілші-ғалымдар Т. Трипольская мен В.И. Шаховскийдің көзқарастары да ерекше орын алады.
Сөз жеке-дара тұрып коннотаттық мағына таныта алмайды (тек жалпыхалықтық сипат алған сөз-символдар жөнінде толықтай олай айта алмаймыз). Сөз мағынасының бұл бөлігі (коннотаттық компонент) тек коммуникацияда (мәнмәтінде, ситуацияда) жүзеге асып, тілдегі сөздердің семантикалық құрылымындағы белгілі бір семаның өрістілігімен және қолданыстық сипатымен байланысты болып келуіне орай ерекшеленеді. Оның айшықты көрінісінің өзекті аясы – көркем мәтін.
Коннотаттық компонент мағынасы көркем бейненің дамуы барысында пайда болып, контекст шеңберінде жүзеге асады. Сонымен қатар контекст ерекше семантикалық өріс, ассоциативті ая туғыза келе, әр түрлі мағынаның ішінен қажеттісін ғана таңдап, коннотаттық компонент мағынасының эстетикалық құндылығын арттыруына себепкер болады. Астарлы мәтін (подтекст) кез келген көркем шығарма аясынан табылып, шығарма идеясымен, негізгі айтылмақ оймен ұштасып жататыны белгілі. Бұл тұрғыда көркем мәтіндегі астарлы ойдың өрбіп, ұласуына көркем мәтін ішіндегі коннотаттық компонент мағынасына тең келетін сөздер мен сөз тіркестерінің қолданылуы ұтымды да әсерлі болып келетіні айқын көрінеді.
Коммуниканттардың жете өзара түсінісуі, сөйлем мазмұнын дұрыс қабылдауы белгілі бір жағдайларға тәуелді болып келеді. Прагматикалық теория бойынша ондай шарттардың бірі – бұл сөйлеуші мен тыңдаушының сөйлем мазмұнын түсінуге қажетті белгілі бір ортақ білім қорының, аялық білімнің болуы. Әсіресе, белгілі бір дәрежедегі дайындықтың (пресуппозицияның) болуын өзге халық тілі мен ұлттық көркем сөз тілі қажет етеді.Айтылған ойды түсінуге мүмкіндік беретін аялық білім жиынтығы лингвистикада пресуппозиция деген термин арқылы анықталады. Ауызша немесе жазбаша түрде жүзеге асқан сөйлесім мазмұнын қабылдауда аялық білім рөлінің орасан зор екендігі, оның тілдік қарым-қатынас негізін құрайтындығы және аялық білімнің қажетті мөлшерде немесе мүлдем болмауы коммуниканттардың түсінісуін жоққа шығаратындығы ғалымдардың еңбектерінде атап көрсетілген (Ахманова О., Верещагин Е., Костомаров В., Колшанский Г., Арутюнова Н., Столнейкер Р., Ерназарова З. т.б.).
Ауызша сөйлеу актісінде продуциент (автор) пен реципиенттің (оқырман) түсінісуі пресуппозиция ортақтығымен қатар, есту, көру арқылы (дауыс ырғағы, ым, дене, бет қимылы т.б.), қабылдау қабілетімен толықтырылса, коммуникацияның жазбаша формасында тілдік ақпаратты игеру толықтай мәтінге негізделеді. Ал мәтін тілін меңгеру – бұл адамның білім деңгейіне, тезаурусына, өмір тәжірибесіне тікелей тәуелді. Әсіресе, белгілі бір дәрежедегі дайындықтың (пресуппозицияның) болуын өзге халық тілі мен ұлттық көркем сөз тілі қажет етеді. Себебі, әрбір халықтың рухани және дүниелік өмірін, елдік қасиетін, таным-түйсігін, салт-санасын, қоғамдық қатынастарын танытатын – оның тілі. Кез келген ұлт тілінің өзіне тән ерекшеліктері болады. Ол халықтың рухани өмірі мен діліне байланысты болып келеді.
ҚОРЫТЫНДЫ
Қорыта келгенде, мәтіннің вербалданбаған, имплицитті мазмұны бірнеше терминдермен аталып жүр: импликативті мағына, мәтін астары, (мәтін арты) за текст, пресуппозиция, эллипсис, саңылау (скважина), лакуны. Мәтін астары, біздің ойымызша, тілдің айшықтау құралдарын үнемдеу үрдісі және имплициттік мағынаға сай келетін, ой тудыру үрдісінің психологиялық ерекшеліктері арқылы түсіндіріледі. Мәтін астарын түсіну мен қабылдауды анықтайтын факторларды төрт топқа бөліп қарастыруға болады:
1 лингвистикалық факторлар;
2 мәтіннің құрылымдық-композициялық факторы;
3 мәтін астарын қабылдайтын, тұлғаның психологиялық қасиеттері; 4 басқа да экстралингвистикалық факторлар.
Мәтін астары жай ғана қабылданбайды, ол «табылады», реципиент қатысымен «ашылады», ол реципиент санасында оның белсенді әрекетінің, шығармашылығының, анығырақ айтқанда реципиент пен автордың бірлескен шығармашылығының нәтижесінде қалыптасады. Астарлы мәтін, астарлы ақпарат мәтінді қабылдаудағы психологиялық жағдайларға қарай экспрессивті болады. Мәтінде астарлы мағынаның бар екендігі жөнінде белгілер берілгендіктен, реципиентің мәтін астарын ашуға деген қажеттілік пайда болады.
ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ
1 Смағұлова Г. Мәтін лингвистикасы. – Алматы: Қазақ университеті, 2002. – 111 б.
2 Солганик Г.Я. Лингвистика текста. – М., 2000. – 318 с.
3 Тіл білімі сөздігі. – Алматы, 1998. – 544б.
4 Оразов М. Қазақ тілінің семантикасы – Алматы: Рауан, 1991 – 216 б.
5 Филиппов А.В. К проблеме лексической коннотации // Вопросы языкознания, 1978,
№ 1 – С.57-63.
Г.Т. Абикенова1, Г.Т.Карипжанова2, Р.Ш.Сулейменова3
Методы выражения подтекстовой информации
1Казахский гуманитарно-юридический инновационый университет,г.Семей, Казахстан
2Павлодарский государственный университет имени С.Торайгырова, г.Павлодар,Казахстан
3Семипалатинский государственный университет имени Шакарима
В статье рассматривается проблема подтекста. Текст содержит разнообразную информацию. Информативность − способность текста быть носителем законченного сообщения, передавать информацию. Информативность как важнейшее свойство текста характеризует количество содержащейся в нем информации, ее важность и новизну. Информация в тексте делится на фактическую, концептуальную и подтекстовую информацию. В статье обсуждается имплицитно-коммуникативный характер текста. Подтекстовая информация — прямо не выраженная, скрытая информация, извлекаемая на основе фактуальной благодаря способности текста порождать ассоциативные значения. Например, на основе подтекстовой информации часто возникает ирония и угадываются намеки.
G.T.Abikenova1, G.T.Karipzhanova2, R.Sh.Suleimenova3
Methods of expression of the information
1Kazakh humanitarian-Juridical Innovation University, Semey city , Republic of Kazakhstan,
2Pavlodar State University of S. Toraigyrov, Pavlodar city, Republic of Kazakhstan
3Semey State University of Shakarim,
Semey city, Republic of Kazakhstan, The article deals with the problem of subtext. The text contains a variety of information. Informativity is the ability of a text to be the bearer of a complete message, to transmit information. Informativeness as the most important property of the text characterizes the amount of information contained in it, its importance and novelty. Information in the text is divided into actual, conceptual and subtext information. The article discusses the implicit-communicative nature of the text. Subtext information — directly not expressed, hidden information, extracted on the basis of factual due to the ability of the text to generate associative meanings. For example, on the basis of subtext information, irony often arises and guesses are guessed.