МАҒЖАН РОМАНТИЗМІ

Г.К. Кажибаева1, Р.М. Мүтәлиева2
1филология ғылымдарының кандидаты, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, Көкшетау, Қазақстан, e-mail: guldenkgk@mail.ru
2филология ғылымдарының кандидаты, профессор, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, Павлодар, Қазақстан, e-mail: raushan_mutalieva@mail.ru

МАҒЖАН РОМАНТИЗМІ

Мақалада Мағжанның романтизмі талданды. Мағжан романтизмі Сұлтанмахмұт романтизмімен салыстырылды. Мағжан романтизмі әлі шешілмеген жұмбақ, қазақ әдебиетіндегі бояу екендігі көрсетілді. Ақынның суреткерлік шеберлігінің, ақындық тылсымының бір сырына назар аударылды. Мақалада Мағжан романтизмінің ұқсастықтар мен өзгешеліктері қарастырылды.

Кілтті сөздер: романтизм, лирикалық қаһарман, ақындық «мен», романтикалық қаһарман,поэтика

КІРІСПЕ
Мағжан лирикасы көркемдік әдіс жағынан немесе тақырып жағынан бейне бір тылсым дүниедей. Оның шыншыл (реалистік) түрдегі махаббат, табиғат, азамат лирикаларының өзі оқырманды салқынқанды қалдыра алмайды. Оның бәрін бір мақала көлеміне сиғызу, ақынның суреткерлігін ашу мүмкін емес.
Біздің көңіл аударғымыз келетіні – Мағжан романтизмі. Бұл тақырыпта диссертация қорғалды, монография жазғандар бар. Сонда да Мағжанды тану енді ғана басталып жатқандықтан, оны зерттеу дами беруге тиіс.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Қазақ әдебиетіндегі романтизмнің ауыз әдебиетінен бастау алатыны бәріне белгілі болса керек. Ертегілердің өзінде халықтың арманшылдығы, алға қарай ұмтылысы, адам тұрмысының жеңілдетілуі туралы қиялдары көрініс тапқан. Бармен ғана шектелмеу, мүмкін болғанынша, адам қабілеті жеткенше дами беру – адамзатқа тән құбылыс. Мұнан романтизмнің бір-ақ қырын көреміз. Қоғам өзгерісіне, саяси-әлеуметтік жағдайларға байланысты әр дәуірдегі әдебиетте романтизмнің басқа қырлары ашылып отырады. Мысалы, өткен ғасырда өмір сүрген Махамбетті алайық. Махамбеттің заманы «Қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» дейтіндей болған жоқ. Қазақтың басынан ерік, биліктің кете бастауы Махамбет сияқтыларды атқа отырғызды, батырлық поэзиясын туғызды. Мұндай қоғамға, тәртіпке деген наразылық, көнбеушілік, бұлқыныс пайда болды. Бұл – романтизмнің екінші қыры. Оны Махамбеттің «Ереуіл атқа ер салмай», «Ерлердің ісі бітер ме?», «Мен едім», «Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға айтқаны», «Ұлы арман», т.б. өлеңдерінен көреміз. Тек Махамбет қана емес, Мұрат, Шортанбай, Дулаттар да отаршылдыққа қарсы үн көтерді, сондықтан да сол кезеңдегі романтизмді әдеби бағыт ретінде қабылдаймыз. Бұл дәуірдегі ақындардың романтизмі нақты, айқын, кімдермен келіспейді, не үшін күреседі – бәрі белгілі. Қаһармандары да ерекше. Орыс әдебиеті ғалымдарының пікіріне назар аударсақ: «Романтический герой чаще всего не был обобщением типических черт современника, а создавался как бы наоборот – по контрасту с современником» [1.333].
Шынында, Махамбет жырларындағы батырлық өз бейнесі айрықша, кейде эпостағы батырлардай суреттеледі.



Мысалы:
Боз ағаштан биік мен едім,
Бұлтқа жетпей шарт сынбан.
(«Мен едім»)
Мен бір шарға ұстаған
Қара балта едім, Шабуын таппай кетілдім.
(«Кешегі Исатайдың барында»)
Мен ақ сұңқар құстың сойы едім…
(«Мен ақ сұңқар құстың сойы едім»)

… Мен кескекті ердің сойымын,
Кескілеспей бір басылман..,
Шамдансам жығар асаумын, Шамырқансам сынар болатпын…
(«Беркініп садақ асынған»)

Мен, мен едім, мен едім…
Исатайдың барында
Екі тарлан бөрі едім…
Ерегіскен дұшпанның
Екі талай болғанда,
Азыққа етін жеп едім…
Хан баласы ақсүйек – Бәйеке сұлтан сен болып,
Сендей нарқоспақтың баласы Маған оңаша жерде жолықсаң, Қайраңнан алған шабақтай.
Қия бір соғып ас етсем,
Тамағыма қылқаның кетер демес ем! Мысалды бөліп алу мүмкін болмағандықтан, тұтас алуға тура келді.
Бұлайша асқақ сөйлеу, қаймықпай өзінің батыр тұлғасын таныстыру, Жәңгір, Баймағамбет секілді дұшпандарын тікелей жекпе-жекке шақыру – бәрі де Махамбет сынды ерге жарасып тұр. Ол тек сөзбен емес, іспен де, күшпен де өзін танытқан.
Махамбет «мені» әдеби «менге» айналды.
Ал енді ХХ ғасырдағы ақындар романтизмі өзгешелеу. Олардың бәрі Махамбет секілді өмірін ат жалында өткізіп, қарсыластарымен қылыштасып өткен жоқ. Бірақ романтизм күшейе түсті. Мысалы, 1914 жылы Сұлтанмахмұт «Тұрмысқа» деген өлең жазды. Сұлтанмахмұттың ақындығы күшті болғанымен, тұрмысы жадау, жеті ағайынды пәлекет оның етегіне ерте жабысады. Бұлардың бәрімен сілкілеп шығып күресуге жас ақынның денсаулығы көтермеді.
Ақын үшін ең керегі денсаулық болды. Ол тағдырдың басқа ауыртпалығын менсінген жоқ. Ол зорлық-зомбылықтан сескенген жоқ. Бірақ ақын денсаулығының нашарлығынан ғана келіспес қиыншылықтарының көбіне көнді. Ауыртпалық атаулының қай-қайсысына да мойымай төзді. Сөйте тұра, өмір, қоғам, әлеуметтік, тұрмыс әділетсіздігіне қарсы қаһармандарша үн көтерді.
Сұлтанмахмұт басындағы осындай хал «Тұрмысқа» деген өршіл мағыналы, күрескерлік рухтағы өлеңінде барынша толық көрінген. Осында ақын әлеуметтік-қоғамдық тіршіліктің ешбір бүкпесін қалдырмай толық көрсетіп берген. Бірақ оның тұрмысқа, әлеуметтік өмірге, қоршаған ортаға ешбір ризашылығы жоқ. Оның өз ортасына наразылығының ең ащы түрлері ақын аузымен айтылған. Ол жөнсіздіктің бәрін:

Бұлардың бәрі ойыншық,
Тек аурудан тыс қылшы, — десе, әділетсіздік атаулыға қарсы:
Тұрмыс, маған от шашып,
Бар дүниені лау қылшы!,
Түйдектеп үйіп қайғыңды, Абылай аспас тау қылшы! Таптырмастан емге дос, Бар әлемді жау қылшы!..
Сөндір ай мен күніңді,
Тек денімді сау қылшы! –
дейді. Таразылық бір басына бүкіл жамандық, қырсық, кедергіні салып, екінші басында дені сау ақын тұрса, ол бәрін жеңбек. Ақынға саулық не үшін керек? Ол тек өз тілегін тілемейді. Денінің саулығы, тағдырдың дұрыстығы, өмірдегі әділеттілік, сайып келгенде, туған еліне көңілдегідей қызмет атқаруына керек:
А, дүние! Халқымның Жөнге салсам азғанын!
Тұрмысты салып көлденең, Қарғытар Махмұт азбанын.
Өлеңді Сұлтанмахмұттың ақындық өмірбаяны деуімізге болады. Басқа өлеңдерінің бәрі де осыған келіп сарқады. Бұл өлеңіне «Ләнет бұлты шатырлап» өлеңі барабар келеді.
Азбанға мінген Махмұттың тұрмысын көлденең салып, үстінен қарғуы ақынның нағыз өршіл (романтикалық) бейнесін көрсетеді.
Сұлтанмахмұт пен татар ақыны Ғабдолла Тоқай екеуінің тағдыры ұқсас. Сұлтанмахмұт жиырма сегіз жас, Тоқай жиырма жеті жас қана өмір сүрді. Екеуі де жоқшылықтан өкпемен ауырды. Сонда да Ғабдолла да мойымай былай дейді:
Көңілде ақындықтан бұлақ тасып, Кетемін тас көтеріп, таудан асып
(«Ақын»)
Ал, Мағжанның «Мен кім?» өлеңінен де соншалықты асқақ, рухы күшті романтикалық қаһарман көреміз.
Арыстанмын, айбатыма кім шыдар?
Жолбарыспын, маған қарсы кім тұрар? –
деген жолдар Махамбетті еске түсіреді. Мағжанда нақты қарсыласы кім екендігі белгісіз, бірақ Махамбеттің «менінен» кем түспейді. Жоғарыда Махамбеттің өз мықтылығын кімдер үшін көрсеткенін нақты біле алатынымызды айттық. Демек, романтизмде бәрі айқын, дәл бола бермейді. Бұл жөнінде Пушкин романтизмін зерттеген Б.С.Мейлах былай дейді: «… хотя и без конкретизации, средствами романтического метода, и в этом произведении отмечены обьективные причины его разочарованности» [2.26] . «Мен кім» өлеңінде қаһарман біртіндеп биіктеп, сегіз қырлы, бір сырлы боп танылады.
Көкте – бұлт, жерде – желмін гулеген, Жер еркесі желдің жөнін кім сұрар?
Мұнда лирикалық қаһарманның көктегі бұлт, жердегі жел секілді еркін, ешкімге тәуелсіз еріктілігі білінеді. Шынында, бұлт пен желді кері қайтару, бағытын өзгерту мүмкін емес. Бостандық сүйгіш ақын қиялы да бұлт пен желге барабар. Ол не істеп, не қойсам да, нені жырласам да, ешқандай пенде мені тізгіндей алмайды деген ойды тұспалмен айтып отыр. Ары қарай: Шығармашылық, еркіндік үшін күрес білінеді.

Көкте – Күнмін, көпке нұрым шашамын, —
дегенінде Сұлтанмахмұттай: «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам», — деп, мақсатын анық білдірмесе де, өзіне көпті тәуелді етеді. Тура мағынасында күнсіз жердің тіршілігі жоқ қой.
Шеті, түбі жоқ теңізбін қаракөк,
Ерігемін – толқып, шалқып, тасамын, —
дейтін қаһарман өз жанының, сырының теңіздей терең сырт көзге жұмбақ екендігін аңғартады. Адам жаны ешкімге ешқашан түгелімен ашылмайтыны, өзімен бірге көп сырын ала кететіні, расында, жұртқа мәлім болар.
Сонда Мағжан да нақты айтпағанымен әдеби «менді» қарапайым адам емес, ерекше тұлға етіп көрсетеді.
Одан әрі:
Жалынмын мен, келме жақын, жанарсың, Тұлпармын мен, шаңыма ермей қаларсың.
Күл болсын көк, жемірілсін жер, уайым жоқ,
Көз қырымен күліп қана қарармын, — дейді. Лирикалық қаһарман басында өзін мықты етіп танытып алды да, «Гүл болсын көк, жемірілсін жер, уайым жоқ» деп, дүние астаң-кестең боп жатса да, ешнәрседен қорықпайтын жан боп сөйлейді. Қаһарман бұрынғысынан да күшейіп, зорайып, «отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын» батырдан да асып кетті. Және өзіне қатысы жоқ, болып жатқан істің жанынан жай ғана қарап өтіп бара жатқан жүргіншідей «көз қырымен күліп қана қарармын» дегені пендешілік, қылмыс, күнәға толы дүниеден өзін оқшау ұстайтын періштеге ұқсайды. Әсірелеу жағынан жоғарыдағы Сұлтанмахмұттың «Сөндір ай мен күніңді» дегеніне жақын келеді. Лирикалық қаһарман ешкімге бағынбайтынын, жеке басына нұсқан келтірер тергеушілерге мойынсұнбайтынын, өлімнен қорықпайтынын ары қарай былай береді:
Мен өлмеймін. Менікі де өлмейді.
Надан адам өлім жоғын білмейді.
Өзім – патша, өзім – қазы, өзім – би, Қандай ессіз не қылдың деп тергейді?
Алғашқы екі тармақтағы философиялық ойды Абай да айтқан. (Өлсе өлер, табиғат, адам өлмес). Ақын мен ғалымның сөзі өлмейтіні рас. Ал, «өзім – патша, өзім – қазы, өзім – би» дегені ақынның әділдік, адамшылық жағында екенін, «мен» өз өміріне өзі патша, өз қылықтарына төрелік айтатын қазы-би де өзі екенін, өзіне сот ар-ожданы екендігін, тергеушінің де өзі секілді ет пен сүйектен жаралған пенде екенін айтқысы келгенін байқатады. Себебі, ақын қашан да ізгілік, сұлулық, бостандық құлы. Сондықтан да:
Өзім – тәңірі, табынамын өзіме,
Сөзім – құран, бағынамын сөзіме, —
деп, қаһарманын жердегі тәңірге балайды. Осындай романтикалық қаһарман ерекшелігін Гегель романтизм әдісі – субьективтілікпен байланыстыра келе былай түйіндейді: «Мир души торжествует победу над внешним миром» [3, 85].
Бұл айтылғанды Мағжанның романтикалық қаһарманы «меніне» байланыстыра аламыз. Оның да ішкі дүниесі, сыртқы ақиқаттан үстем болып тұр. Мұндағы «мен» ақынның өзі дейтінімізді былай дәлелдегіміз келеді. «Лирическая поэзия Пушкина – зеркало личности, но вместе с тем она возсоздает в совокупности психологический портрет его поколения» [2.28]. Осы пікірді Мағжан ғана емес, жоғарыда сөз еткен Сұлтанмахмұт романтизміне де қолдана аламыз. Олар өлеңдері арқылы өз замандастарының психологиялық портреттерін жинақтап бере білді. Өйткені: «Ұлы ақын, — дейді Белинский, — өзі туралы, өзінің жеке мені туралы айтса, — жалпы жұрт туралы, бүкіл адам баласы туралы айтқаны; өйткені оның тұлғасында жалпы адам баласына тән күллі қасиеттің бәрі бар» [4.320].
Мағжанның «Мен кім?» өлеңінің дәл қай жылы жазылғаны белгісіз, жинақта 1911-1922 жылдар арасында деп көрсетеді. Демек, ақынға әдеби, саяси шабуыл басталардан алдын жазылған. Мүмкін, жиырмасыншы жылдары Қызылжарда жүргенде оның өлеңдерін оқуға тиым салынғанда шығарған болар. Қайткенде де, бұл өлеңі арқылы Мағжан өзін «тергептексеріп, түземек» болғандарға қарсы айбат шегіп, өлеңімен қиянат өтпес сауыт кигендей еді. Әйтеуір бір күйінуден, ызаланудан, қазақ ұлтының «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп», тағдыры талан-таражға түскенін көріп торығудан туған өлең. Бірақ кезіндегі өкіметтің өзіне жасаған зобалаңына бүгінде ақын рухы, шынында, «көз қырымен күліп қана» қарап тұрған секілді. Сонда, романтизмнің өзі түбінде шындыққа алып келетініне көзіміз жеткендей.
Айналып келгенде, «Мен кім?» деген сұраққа ақынның Махамбетше «арыстанмын, жолбарыспын» деп жауап беруі, Махамбет секілді жауынгерлерді үлгі тұтуы, Махамбет үнін қайта жаңғыртқандай болады. Сондай «қабырғасын қаусатып бір-біріндеп сөксе де, қабағын шытпас ер керектігін» бұдан кейін жазған романтикалық поэмасындағы Баян бейнесімен дәлелдеді. Сонда ақынның мұндай қаһармандар жасауын былай түсіндіруге болады: «Создавая художественные образы, романтик следует не столько обьективной логике развития явлений, обьективным закономерностям самой действительности, сколько логике своего восприятия обьективных явлений, «закономерностям» своего внутреннего мира, не обьект, а субьект, не действительность, а личность художника становятся в романтизме основным принципом построения образа» [1, 333].
Мағжанның Қойлыбай, Қорқыттары партия нұсқауымен емес, өз арман-мақсатынан туған романтикалық бейнелер еді.
Өкініштісі, Мағжан нағыз ақындығының кемеріне жетіп толысқан шағында құрбан болды. Сонда да ол айтыса-тартыса, жұлқыса жүріп, нағыз ақындығын қазақ әдебиетіне өз бәйтеректей тамырын тереңдете отырғызып кетті. Репрессия болмағанда ақыннан әлемдік деңгейдегі небір туындылар, «жыр орманы» туар еді.
Романтизмді қолданушы ақындардың поэтикасы да ерекше боп келеді. Олар қолданатын сөздердің бәрі ауыспалы мағынасында тұрады, метафоралары да айрықша, соны болады. Мысалы, Махамбет баламалары – «мен шарға ұстаған қара балта едім», «боз ағаштан биік мен едім», Сұлтанмахмұт әсірелеулері «сөндір ай мен күніңді», «ләнет бұлты шатырлап», «ләнет бұлты» – метафоралық тың тіркес, Мағжанда — өзім – тәңірі, сөзім – құран» баламалары, «күл болсын көк, жемірілсін жер» әсірелеулері. Сонда мазмұн мен пішіннің бір-біріне сай келгенін аңғарамыз.
Романтизм әлемдік әдебиетте көп елдерде орын алған, қысқасы, қай елде әлеуметтік – саяси теңсіздік бар, сол ел әдебиетінде романтизм бар.
Мағжан романтизмін сөз еткенде, біз бұл жолы бір ғана «Мен кім?» өлеңін өзімен бұрынғы және өзімен тұстастармен салыстыра отырып, ұқсастықтар мен өзгешеліктерін қарастырдық. Әйтпесе, шағын зерттеуде түгелін қамту мүмкін еместігін жоғарыда ескерттік.
Қорыта келе айтарымыз: Мағжан романтизмі — әлі шешілмеген жұмбақ, қазақ әдебиетіндегі жаңа бір бояу. Бұл жолғы талдаудан ақынның суреткерлік шеберлігінің бір қырын, ақындық тылсымының бір сырын ғана аңғарамыз.

ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ
1. Словарь литературоведческих терминов. – М, 1974.
2. Мейлах Б.С. Творчество Пушкина. –М, 1984.
3. Гегель Сочинения. Т.12. – М, 1938.
4. Қабдолов З. 2 томдық таңдамалы шығармалар. 2-том. – А, 1983.
5. Елеукенов Ш. Жаңа жолдан – А,1989; М.Жұмабаев А,1998.
6. Елеукенов Ш. Мағжан шығармаларындағы психологизм, Жұлдыз, 1994, №10,12.
7. Жұмабаев М. Шығармалар жинағы. 1, 3-том. – А., 1995.

В статье анализируется романтизм Магжана Жумабаева. Проводится сравнение романтизма Магжана Жумабаева с романтизмом Султанмахмута Торайгырова и Махамбета Отемисова. Говорится о том, что романтизм Магжана кроет в себе много загадок и ярких красок в литературе. Уделено внимание изобразительному мастерству и секретам поэтического волшебства поэта. В статье рассматривается схожести и различия романтизма Магжана Жумабаева.

The article analyzes the romanticism of Magzhan Zhumabayev. A comparison of Magzhan Zhumabayev’s romanticism with the romanticism of Sultanmakhmut Toraigyrov and Makhambet Otemisov is held. It is said that Magzhan’s romanticism hides many mysteries and bright colors in literature. Attention is paid to the fine art and secrets of the poetic magic of the poet. The article examines the similarities and differences of romanticism of Magzhan Zhumabayev.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *