Гүлнат Әбікенова1, Гүлнафис Әбікенова2
1,2филология ғылымдарының докторы, Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университеті, Семей қаласы, Қазақстан Республикасы
КӨРКЕМ МӘТІНДЕГІ ЕТІСТІКТІ ҚҰРЫЛЫМДАРДЫҢ
МӘТІНТҮЗУШІЛІК ҚЫЗМЕТІ
Мақалада етістікті құрылымдар мәтінтүзуші мағыналық-құрылымдық бірліктер ретінде қарастырылады. Көркем мәтіндегі етістікті құрылымдардың мәтінтүзушілік мүмкіндіктерін талдай келе, олардың мәтін байласымында да маңызды қызмет атқаратыны айтылады. Етістік категорияларының мәтін категорияларын қалыптастыруға өзіндік үлесі анықталады. Қазақ тіл білімінде етіс құрылымдық аспектіден етістіктің грамматикалық категориясы ретінде қарастырылса, функционалды грамматикада етіс (залоговость) функционалды-семантикалық категория болып табылады. Функционалды-семантикалық категориялар көбінесе етістік категорияларына негізделгендігі байқалады. Мысалы, аспектуалдылық категориясы құрылымдық грамматикадағы – қимылдың өту сипаты (вид) категориясына, темпоралдылық – шақ категориясына, модалдылық – рай категориясына, персоналдылық – жақ категориясына негізделген. Мақалада етістіктің шақ және етіс тұлғалары мәтіндегі ойды өзектендіру, мәтіндік ойды дамыту қызметтері арқылы мәтіннің семантикалық және құрылымдық тұтастығына қызметі анықталады.
Кілт сөздер: мәтін лингивстикасы, мәтін, мәтінтүзуші бірліктер, етістік, етістік категориялары, мәтін категориялары, модальділік, темпоралдылық, мәтін тұтастығы, мәтін байласымы
КІРІСПЕ
Тілді зерттеу ұзақ жылдар бойы тілдің жеке бірліктері – дыбыс, сөз, сөз тіркестері және сөйлеммен шектелгені белгілі. Қазіргі тіл білімінде сөйлемнен үлкен тілдік бірліктер – күрделі синтаксистік тұтастық, абзац және тұтас мәтінді зерттеу қолға алынды.
Мәтін — тіл жүйесіндегі ең жоғары бірлік. Мәтін – сөйлеу барысында қалыптасып, сұрыпталған, тұрақталған айрықша типтік сигналдардың жиынтығы болып табылады. Оған айрықша форма мен композиция, құрылым тән болып келеді. Мәтінге қатысты зерттеулердің сан алуандығы оның күрделі құбылыс екендігін дәлелдейді.
Мәтіннің өзіне тән болмысы мен табиғатын зерттеудің өзектілігі мен қажеттілігі күн санап артып келеді. Себебі ол қолданыстағы, қоғамдық өмірдің барлық саласына белсене араласқан, қоғамдық қарым-қатынас барысында сұрыпталған, шыңдалған, қалыптасқан, сол қатынас нәтижесінде өмір сүруге бейімделген тіл болып табылады. Шынайы тіл тілдік қарым-қатынастың барлық түрлері арқылы жүзеге аса алатын, эмоциялық көңіл-күй сезімдер, ақиқат өмір туралы ақпарат бере алатын тіл болып табылады.
Кейінгі жылдардағы зерттеулер нәтижесінде мәтін лингвистикасы саласы біршама қарқынды дамып, мәтін ұғымына қатысты зерттеулер нәтижесінде мәтіннің ерекше құрылымға ие екендігі анықталды. Мәтіннің өзіндік белгілері, сондай-ақ мәтінаралық байланыстардың түрлері мен мәтіннің байласымдық, тұтастық, аяқталғандық сияқты қасиеттері ашылды. Сондай-ақ мәтін құрылымындағы байланыстар тек шылаулар мен шылау мәндес сөздермен ғана жүзеге аспайтындығы, мәтін бөліктерін байланыстырушы басқа да тәсілдер бар екендігі белгілі болды. Мәтінге қатысты әлі де анықталмаған, бірізге түсірілмеген мәселелер де жеткілікті.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Бүгінгі таңда мәтін лингвистикасындағы маңызды мәселелері ретінде мыналарды көрсетуге болады: негізгі қасиеттері тұтастық пен тығыз байланыстылық болып табылатын, ең жоғары жүйе ретіндегі мәтіндік зерттеулер; мәтін типологиясының коммуникативтік көрсеткіштері және соларға қатысты лингвистикалық белгі-қасиеттерімен бірге қарастыру; мәтінді құрайтын бірліктерді, ерекше мәтіндік категорияларды анықтау; мәтін әсерінен болатын тілдік бірліктердің сапалық дәрежелерінің жүзеге асырылуының әртүрлі деңгейлерін айқындау; фразааралық байланыстар мен қарым-қатынастарды зерттеу.
Мәтіннің құрылымы мен мәтінтүзуші мағыналық-құрылымдық бірліктер, олардың өзара байласым ерекшеліктері – мәтін лингвистикасының негізгі зерттеу нысаны. Мәтін танушылар мәтінді әдеби-филологиялық жағынан, стилист ғалымдар көркем мәтіндегі тілдік бірліктерді автордық стильдік мақсаттарға орай шебер қолдануы тұрғысынан қарастырып келді. Бұл зерттеулер дайын мәтінді талдауға бағытталды. Ал мәтінтүзім және мәтінтүзуші бірліктер туралы мәселелерді зерттеу кейінгі жылдары ғана қолға алынды. Бұл мәселені тіл білімінің жаңа саласы болып табылатын мәтін лингвистикасы қарастырады. Қазақ тіл біліміндегі мәтінтүзім мәселелері Р. Сыздық еңбектерінен бастау алады. Ғалым мәтінтүзім жөнінде мынадай пікір айтады: «Текст түзілісінің өзіне тән шарттары болады. Кез келген көркем шығармада немесе оның кез келген тұсында текст түзіле бермейді. Қазақ көркем сөзінде текст түзудің айқын көрінісі Абай өлеңдерінен басталады деуге болады. Текст түзілісінің бір белгісі – шығарманың бір бөлігінде немесе бір өлеңнің өн бойында мағыналары бірін-бірі айқындайтын, модальдық реңктері біртектес сөздерді шоғырлап беру. Модальдық реңк дегеніміз сөйлеушінің (жазушының, ақынның) айтылған ойға жағымды, жағымсыз көзқарасын білдіретін мағыналық реңк жеке сөздердің өн бойларында (лексикалық мағынасында) да болады, немесе шылау, одағай, көмекші есім, етістік, етістіктің рай тұлғалары, сын есімнің шырай тұлғалары, дауыс әуені (интонация) сияқты лексика-грамматикалық құралдар арқылы да беріледі [1, 74]. Сонымен қатар ғалым Абай өлеңдеріндегі мәтінтүзім мәселелеріне тоқтала келіп, мынадай қорытынды жасайды:
«Текст түзу жетілген жазба әдебиетінің көрінісі. Және ол қаламгердің зор талантын талап ететін құбылыс, өйткені текст түзу үшін сөз топтарын, грамматикалық амалдарды таңдай білу керек, әр сөздің лексикалық мағынасы мен модальдық өңін тап баса білу керек» [1, 79].
Мәтінтүзуші тілдік бірліктерді қазақ тіл білімінде зерттеуші ғалымдардың бірі – С. Мұстафина. «Текстообразующие средства казахского языка» атты зерттеуінде ғалым мәтінтүзуші тілдік бірліктерді қарастырады [2]. Мәтін лингвистикасының шетелдік тіл білімінде және кеңестік лингвистикада зерттелуіне шолу жасайды, мәтінді талдаудың грамматикалық, семантикалық, прагматикалық және психолингвистикалық бағыттарын көрсетеді. Ғалым қазақ тіліндегі мәтінтүзуші бірліктерді фонетикалық, лексикалық, грамматикалық және синтаксистік-стилистикалық фразааралық байланыс құралдары деп жіктейді. С. Мұстафина мәтінтүзуші тілдік бірліктер ретінде шылауларды, есімдіктер мен етістіктің шақ көрсеткіштерін атайды. Сондай-ақ, ғалымның пікірінше қазақ мәтіндері түзілімінде морфологиялық гетерогендік лексемалар мен фразалық тіркестер ерекше рөл атқарады. Оларға қыстырма сөздер, есімдік, үстеу, шылау, одағайлар жатады. Мәтін бөліктерінің байланысын жүзеге асырушы тілдік бірліктерді С. Мұстафина мәтінтүзуші құралдар (текстообразующие средства) деп атайды. Мәтінтүзуші құрал ұғымын кең мағынада және тар мағынадағы деп қарастырып, кең мағынадағы мәтінтүзуші құралдарға интонация, сөздердің орын тәртібі, қайталамалар, етістіктің шақ көрсеткіштерінің қатысы, синтаксистік-стилистикалық тәсілдерді жатқызады.
Тар мағынадағы мәтінтүзуші құралдар деп мәтінтүзуші аналитикалық бірліктерді атайды. Тар мағынадағы мәтінтүзуші бірліктер құрылымдық ерекшеліктерімен айқындалады. Оларды біртұтас құрылымды (демек, яғни, айталық) және тұтас емес құрылымды (не үшін десең, олай болса, содан бері, кім білсін т.б.) деп жіктейді. Мәтінтүзуші тілдік бірліктердің синтагматикалық ерекшеліктеріне олардың жалғаулықтармен (бірақ, сонда да), септеуліктермен (аздан соң), демеуліктермен (шынымен-ақ) тіркесе келуін жатқызады. Олар сөйлемнің басқы позициясында келіп алдыңғы фразадан тыс бірлікпен байланыстырып тұрады.
С. Мұстафинаның зерттеуінде мәтіннің реляциялық құрылымы яғни фразадан тыс бірліктер компоненттері арасындағы мағыналық қатынастың түрлері көрсетіледі. Ғалым мұндай логика-семантикалық байланыстың мынадай түрлерін анықтайды: жалғаулықты, түсіндірмелі, санамалылық, өтпелілік, каузальды, темпоралды. Құрмалас сөйлемдердің өзара байланыстарынан тыс мәтінтүзуші құралдар арқылы жүзеге асатын басқа да жаңа ақпараттардың қосылуы, айтылым бөліктерінің мазмұнын жалпылау сияқты байланыс түрлерін айқындайды.
Фразааралық байланыстың грамматикалық құралдары ретінде шылау және шылау мәндес сөздердің, қыстырма сөздердің, синтаксистік парллелизмдердің, ақпараттың темаремалық берілуін, деривациялық және меншіктілік аффикстерді қарастырады.
Жалғаулықтардың мен, бен, пен, да, де, та, те, я, яки, егер деген түрлерінен басқа барлық түрлері мәтінтүзуге қатысады. Қыстырынды құрылымдардың мәтінтүзушілік қызметі және психологиялық параллелизмнің мәтін құрылымын түзудегі қызметтері ескеріледі. Фразааралық байланыстың синтаксистік-стилистикалық бірліктеріне анафора, эпифора, градацияны жатқызады.
С. Мұстафинаның ойынша, фразадан жоғары тұтастыққа – әрі синтагматикалық, әрі функционалды ұғым, оған байланыстылық, тұтастық тән. Оның құрылымдық тұтастығы анафоралық қайталаулардан және есімдіктерден, етістіктердің шақтық тұлғаларынан, жалғаулықтардан т.б. көрінеді. Ал байланыстылығы мазмұнның мағыналық бір тұйық тұтастыққа бірігуінен көрінетінін айтады [2, 24]. Ғалым қазақ мәтінінің құрылымындағы логика-семантикалық қатынастардың эксплицитті құрамдары, т.б. мәселелерге тоқталады.
Мәтінтүзуші грамматикалық факторлардың мәтін композициясы мен архитектоникасын, мәтіннің семантикалық тұтастығын қалыптастырудағы қызметі зор.
Көркем мәтіндегі етістікті құрылымдар белгілі дәрежеде мәтінтүзімдік қызмет атқарады. Мәтіндегі ойды өзектендіру, мәтіндік ойды дамыту қызметтері арқылы етістікті құрылымдар мәтін семантикасына қызмет етеді.Барғанмен көре алмассыз, ұйықmап қалды, – деп eдi, ол сөз Бозiнгеннiң құлағына бит шаққандай құрлы көpген жоқ, қол-аяы жерге тимей, шошалада сүт nicipin жатқан қара кемпiрге барып, көзiн ашып-жұмып, естiген хабарын айтты. Қара кeмnip бiр тамсанып, отын көсей бердi. Оған жарымаған кiсiдей, Бозiнген шудасы желкiлдеп, байын iздедi.
Өз үйiнe түгел естipген соң, бұлхабарды iшіне сыйғыза алмай, Бозiнген бошалаған түйеше тайраңдай басып, eкi қолын алды-артына құлаштай сермеп, Бiрқұлақтiкiне қарай жөнелдi. Ауылды қыдырып жүрiп, бipталай жанды құлақтандырған соң, қасына eкi қыз, бiр қатын epmin, eндi Бозiнген Kүмciнaйдікiнe тартты (Ж. Аймауытов).
Осы үзіндіде ақпарат берілумен қатар, қимыл, іс-әрекет бит шаққандай құрлы көpген жоқ, қол-аяы жерге тимей, көзiн ашып-жұмып,шудасы желкiлдеп, тайраңдай басып, екі қолын алды-артына құлаштай сермеп, жөнелді деген етістікті тіркестер арқылы беріліп, кейіпкер образын сомдауға маңызды роль атқарады. үзіндідегі маңызды ақпаратты жеткізуші бірліктер болып тұр. Сөз қуған, өсек терген кейіпкер мiнезiн автор оның қимыл әрекетін, жүрiсiн суреттеу арқылы образды түрде жеткiзедi. Кейіпкердің қимылын етістік тұлғалары арқылы беріп, автор кейіпкерінің мінезін, бүкіл болмысын ашып бере алған. Түйеге тән іс әрекет (бошалаған түйеше тайраңдай басып; шудасы желкiлдеп) әйел қылығы ретінде алынған, бұл мысқыл-ажуа туғызуда таптырмас тәсіл болып табылады.
Мидай жазық, кең дала, жел жоқ. Күн шуақ. Аспанда ақ сабаның көбігіндей, ақ мақтадайақ бұлттар. Деген шеке қызар, ми қайнар уақыт. Инелік, шегіртке, бөгелек, масаның қалың шөптің арасынан ұшып, әуені қаптап, шарықтап, алай-былай жүйткіп шыр-шыр етіп, қанаттары дырылдап, ызылдағаннан басқа, екі аттың пысқырып, құйрығы суылдап, аяғын тебініп, бөгелек шаққаннан басқа жаңғыраққан ешбір тықыр не бір үн естілмейді (Ж. Аймауытов).
О кезде ызғырығы ызылдап, бойды мұздатып, сабалақ қара бұлттан түн жамылған күздiң көзсiз қара mүнi ақ бас Алтайдың үcmiнe қара бурадай шөгiп, сай-салаға бауырын төсеп, дуние қарауытып келе жатыр eдi. Көк жүзiнде жайылып жатқан жұлдыз, қойнарын кездеп тұратын шопан атасындай — жау көргендей, зым-зuя жоғалыпты (Ж.Аймауытов).
Берілген мысалда үстемелене жұмсалған етістікті тіркестер көркем мәтінде табиғат суретін беруде де жұмсалады. Бірінің үстіне бірі үстемеленген әрекеттер ызғырығы ызылдап, бойды мұздатып, қара бурадай шөгiп, сай-салаға бауырын төсеп, қарауытып микромәтіндегі ойды дамытып, тереңдете түсуге ықпал етеді.
Үйге келе жатып, шаршап-шалдығып, Алматының көшесі мен пәтерінің алыстығын қарғап-сілейді… Тізесі бүгіліп, кеудесі еңкіштеніп өрге таман асыға басып келе жатқанда аяғы біресе қалың майда топыраққа бұрқ беріп кіріп кетеді. Немесе тас жайған жердің шодырайып тұрған шошақ тасына қақтығып кетеді. Желіп келе жатып, томашаға сүрінген арық аттай тапыр-тұпыр етіп күрс беріп, жығылуға айналып қалады. Жұлынтұтасы үзіліп кете жаздағандай болады.
— Ой, адыра қал, адыра қалғыр, қу немесі! –деп, әлденеге кіжініп, тістеніп ап, зәрін шашады.Маңдайынан өткен ыстық күнді де қарғайды.Сонымен күйіне бүліне үйіне жетті. Үйге келгенде ол ауыз үйден сызданып, қабағын қарс жауып түйіліпөткен (М. Әуезов). Автор кейіпкердің қимыл-қозғалысы арқылы, оның мінез-құлқын, көңіл-күйін, психологиялық жағдайын береді. Белгілі бір мәтінді түзуде автор ең алдымен белгілі бір ойды, мазмұнды жеткізуді көздейді. Ал ойды беру үшін тілдік бірліктерді таңдап, талғап жұмсайды. Мазмұнға сәйкес құрылымдарды және оларды байланыстырушы тәсілдерді пайдаланады. Берілген үзіндіде таңдап қолданылған етістік тұлғалар мәтіндегі негізгі ойды жеткізуде, мәтіннің көркемдігін арттыруда, кейпкер образын сомдауда маңызды қызмет атқарады.
Әуелгi кезде Aқбiлек қолғa түскен құралайдай, eкi көзi мөлдiреп, көп uт аңталағaн күшiктей құнысып, маңайындағы жанның бәрiн жан алғыштайкөpin, үpкiп, елегiзiп жүрсе де, анасын ауылын ойлап, аузына дәм салмай, аштан қamыn бүк mүcin көрсе де, әрiберiден соң шыбын жаны mүскip шыдатпады, мезгiлсiз өле алмады (Ж. Аймауытов).
Етістіктің шақ және етіс тұлғалары мәтіннің семантикалық және құрылымдық тұтастығына қызмет етеді.
Мәтіндегі көмекші етістіктер негізінен синтаксистік шақ, болымды-болымсыздық, модальділік категорияларында көрінеді. Мысалы — й ал, н алма, й біл, аналитикалық формативтері модальділіктің көрсеткіштері есебінде қызмет етеді, ған, жоқ, шақ, емес, етін емесаналитикалық форманттары болымсыз сөйлемдерге көрсеткіш бола алады, сол сияқты де, екен, бол етістіктері синтаксистік позицияның мағына тұтастығын көрсете алады.
Етістік рай – мазмұны мен формасы жағынан аса бай категория. Өйткені ол шақ формаларымен де, есімше, көсемше, қимылдың өту сипатын білдіретін формалармен де т.б. байланысты болады [3, 312].
Қазақ тіл білімінде етіс құрылымдық аспектіден етістіктің грамматикалық категориясы ретінде қарастырылса, функционалды грамматикада етіс (залоговость) функционалды-семантикалық категория болып табылады. Функционалды-семантикалық категориялар көбінесе етістік категорияларына негізделгендігі байқалады. Мысалы, аспектуалдылық категориясы құрылымдық грамматикадағы – қимылдың өту сипаты (вид) категориясына, темпоралдылық – шақ категориясына, модалдылық – рай категориясына, персоналдылық – жақ категориясына негізделген. Темпоралдылық – функционалдысемантикалық категория. Ол белгілі бір категориялық жағдаяттарда сөйлеу актісінде функционалды-семантикалық өрістерден көрінеді. Яғни функционалды-семантикалық категория мен функционалды-семантикалық өріс бір нәрсенің екі жағы сияқты, бірі – потенциалдық жағы, екіншісі – соның сөйлеу актісіндегі берілуі (реализациясы), олар өздерінің сөйлемдегі атқаратын қызметімен байланысты. А.В. Бондарко осы екі ұғымды потенциалдық және нәтижелік аспектілерімен байланысты қарастырады [4].
Семантикалық функциялардың актуалдануының бірнеше жолдары бар. Олар: 1) таза грамматикалық тәсіл арқылы; 2) лексикалық құралдар немесе сөзжасамдық құралдар арқылы; 3) грамматикалық және грамматикалық емес тілдік құралдардың кешені арқылы. Осы аталғандарға қоса семантикалық функциялар 4) морфологиялық категориялардың өз қызметінен ауытқып, жанама қызмет атқаруы арқылы да жүзеге асады. Модальділік мағыналар функционалды грамматикада модаль сөздер, модаль мағынасындағы сөз тіркестері (қыстырма сөздер), етістіктер, предикативтілік, модаль мәнді есімдер, интонация, рай түрлері арқылы беріледі. Етістік категориялары мәтіннің темпоралдық, модальділік ситяқты категорияларын қалыптастыруға өзіндік үлес қосады. Мәтіндегі байласымды жүзеге асырушы амал-тәсілдер қатарына етістіктің бірыңғай шақ тұлғасы да жатады.
Етістік тұлғаларының мұндай қызметі әсіресе поэзиялық шығармаларда айқын көрінеді:
Елді судай сапырған,
Белшесінен батырған,
Шілдеде мұзды қатырған,
Толыны төгіп шайқаған,
Берілді тізгін ылаңға
Құрт жегендей қуарып,
Дәнің тандыр суалып,
Елдігің кетіп ыдырап,
Алтын жағаң сөгіліп,
Абыройың төгіліп,
Барыңнан да жақсы еді Жоқ болғаның мұнан да (Дулат Бабатайұлы).
Көркем мәтіндегі етістікті құрылымдардың мәтінтүзушілік мүмкіндіктерін талдай келе, олардың мәтін байласымында да маңызды қызмет атқаратынын айта кеткен жөн. Мәтін байласымы – тек екі сөйлем аралығын ғана қамтымайды, бұл күрделі синтаксистік тұтастықтарды, абзацтарды, тарауларды да біріктіретін категория. Мәтін ішіндегі сөйлемдердің іргелес байласымы өзара іргелес сөйлемдер арасында жүзеге асса, араларында бір не бірнеше сөйлем орналасқан синтаксистік бірліктер арасында алшақ байласым түрі жүзеге асады. Іргелес және алшақ байласым түрлері мәтін бөліктерін бір мағыналық-құрылымдық тұтасымға ұйымдастыруда үлкен қызмет атқарады[5].
ҚОРЫТЫНДЫ
Етістік тұлғалы сөз тіркестерінің құрылымдық мағыналарды бере алуы олардың эстетикалық қызметімен байланысты. Әр мағына сөз тіркестеріне өзінің құрылымдықсемантикалық ерекшеліктерін үстейді. Көркем мәтіндегі етістік тұлғалы сөз тіркестері өзара байланысқан конструктивті мағынаны білдіреді. Шығарманың семантикалық құрылысына тәуелділігі тұрғысынан талдағанда мәтін элементтері бір-бірімен байланысты болады. Етістік тұлғалы сөз тіркестерінің эстетикалық қызметін түсіну үшін шығарманың семантикалық құрылысын талдау қажет. Сөз тіркестерін семантикалық талдау сюжеттің ерекшеліктерін жүйе ретінде түсінуге мүмкіндк береді. Етістік тұлғалы сөз тіркестері көркем мәтіндегі барлық конструктивті мағыналардың негізін құрайды. Олар: баяндалған жағдаятты ашатын ассоциациялар, құбылыс пен затқа эмоциялы қатынас, символды қорытынды. Шығарманың семантикалық құрылысы конструктивті мағыналарды ажырата отырып, оқырманға тікелей семантика-синтаксистік тәсілдер арқылы емес, көркем образдар арқылы әсер етеді. Көркем мәтінде етістік тұлғалы сөз тіркестері көркем образ ерекшелігін білдіре отырып, көркемдік деңгейіне қарай түрлі образдар (мета, макро, микрообраздар) түзе алады және олардың әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері болады.
ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ
1 Сыздықова Р. Абайдың сөз өрнегі. – Алматы: Санат, 1995. – 208 б.
2 Мұстафина С. Текстообразующие средства казахского языка. автореф. канд. филол.
наук. – Алматы, 1989. – 24 с.
3 Кайдаров А.Т. Структура односложных корней и основ в казахском языке. -АлмаАта, Наука 1986.-328 с. 4 Бондарко А.В. Принципы функциональной грамматики и вопросы аспектологии. –
Ленинград, 1983. – 208 с
3 Леонтьев А.А. Признаки связности и цельности текста // Лингвистика текста. Материалы научной конференции. МГПИИЯ им. М:Тореза. – М., 1974. Ч. 1 – С.168-172.
Гульнат Абикенова1, Гульнафис Абикенова2
Текстообразущая функция глаголов в художественном тексте
1,2 Казахский гуманитарно-юридический инновационый университет, г.Семей, Казахстан
В статье рассматриваются актуальные проблемы лингвистики, такие как формирование текстов, тестообразующие средства. В процессе образование текста могут участвовать все единицы языкогого уровня в структуре текста. В статье анализируются глаголы и их функция образования текста. Текстообразующие единицы отбираются по желанию автора. Каждый текст в зависимости от информационных, коммуникативных и эстетических характеристик выполняет свои функции для общества.
Gulnat Abikenova, Gulnafis Abikenova
Text-forming function of verbs in art text
1,2Kazakh humanitarian-Juridical Innovation University,
Semey city, Republic of Kazakhstan, The article deals with actual problems of linguistics, such as the formation of texts, doughforming tools. In the process of text formation, all units of the linguistic level can participate in the text structure. Verbs and their function of text formation are analyzed in the article. Text-forming units are selected at the request of the author. Each text, depending on information, communicative and aesthetic characteristics, fulfills its functions for society.