А. Әбілов1, Э.А. Ибрагимова2, Н.Р. Хегай3
1филология ғылымдарының кандидаты, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Қызылорда қаласы, Қазақстан Республикасы
2гуманитарлық ғылымдар магистрі, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Қызылорда қаласы, Қазақстан Республикасы
3гуманитарлық ғылымдар магистрі, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Қызылорда қаласы, Қазақстан Республикасы
КӨРКЕМ АУДАРМА ЖӘНЕ ЫРҒАҚ
Авторлар мақалада көркем аудармадағы ырғақ мәселесіне тоқталады. Мақалада қазақ және орыс ғалымдарының пікірлеріне сүйене отырып, проза мен поэзиядағы ырғақ мәселесін де қарастырады. Мақала авторлары қазақ әдебиеттануында проза ырғағына қатысты көлемді, терең зерттеулер болмағанына қарамастан, орыс әдебиеттануындағы еңбектер мен осы мәселеге байланысты қазақ ғылымындағы пікірлер прозадағы ырғақтың маңыздылығы мен нәзіктігі, күрделілігі мен сан қырлылығы бауырласа, қабаттаса жүретін мәселе екенін көрсетеді. Қазақ прозасының ырғағы және көркем аудармадағы оның сақталуы мәселелерін зерделей келе, бұлардың әрқайсысы күрделі ондаған зерттеулердің нысаны екенін атап көрсетеді. Сонымен қатар, тек қазақ прозасында да ырғақтың барлығын және көркем аударма жағдайында тәржімашы да, зерттеуші де ең алдымен осыған көңіл бөліп, зерделеуі қажеттігіне назар аудару қажет деп есептейді.
Араб жазушысы Лүтфи Әл — Халидің «Тұтқын» атты әңгімесі мен Маин Ридтің «Жұмбақ салт атты» шығармасы үзінділерін аударған тәржімашы Ә.Жұмабаевтың аударма нұсқаларына талдау жасалады.
Тірек сөздер: көркем аударма, ырғақ, интонациялық контраст, схематизм, симметрия, тәржімашы, түпнұсқа
КІРІСПЕ
Көркем әдебиеттегі ырғақ мәселесінің күрделі екені хақ, ал шығарма тілі екі түрлі жүйеде: не көркем қара сөз, не өлең түрінде жазылатындығы ықылым заманнан белгілі жәйт. Екі үлгінің араласып келетін тұстары да бар болғанмен, бұған дау тумасы анық және сөз өнерінің өзге түрінен өлеңнің басты өзгешелігі – ырғақта екендігі, академик З.Ахметов тұжырымдағандай «ырғақ — өлең жазудың негізгі құралы, ақындық өнердің басты шарты» [1, 11] екендігі де ақиқат. Сонымен қатар, біз егер ырғақ — өзгешелік ретінде сөз өнерінің басқа түрлерінен өлеңді ажырататын болса, ұқсастық ретінде сөз өнері түрлерін – проза мен поэзияны жақындастырушы да – деген пікірдеміз. М.Горькийдің: «Иногда переводчик заботится о музыкальности — получаются стихи:…» [2] — деуі де осыны аңғартады. Өйткені, әуез бен әуеннің де ырғақтан қуат алатыны белгілі. Поэзия мен прозаның байланысына қатысты, бірінде екіншісіне тән сипаттардың да болуы туралы түрлі деректерді әлемдік әдебиет тарихынан көптеп кездестіруге болады. Тым арыға бармай – ақ, орыс әдебиетінде ХVІІІ ғасырдың өзінде Н.П. Николаевтың прозалық шығарманы үтір, қос нүкте және нүктелер бойынша бөлгенде, олардың метрикалық өлең өлшемінің хорей, ямб және т.б. түрлерін беретіндігі жөнінде айтуы, ХІХ ғасырда А.Белыйдың Гоголь, Пушкин, Толстой прозаларындағы үн (дауыс) екпіндерінің кезектестігіне негіздеп, проза мен поэзия байланысына назар аударуы, әр кезеңде Г.Шенгелидің, Н.Бродскийдің, Н.Энгельгардттың, П.Г.Пустовойттың және т.б. тек бір ғана И.С. Тургенев шығармаларынан поэзияға тән түрлі сипаттарды табуы осыны көрсетеді. Осы бір сипаттық байланыс, бір түрдің екіншісін байытуы қазақ әдебиетінде де бар. Филология ғылымдарының докторы С.Негимовтің «М.Әуезов прозасында поэзиға тән ырғақ үлгілері кездеседі » [3, 425 – 429] – деуі де осының дәлелі.
Қазақ әдебиеттануында проза ырғағына қатысты көлемді, терең зерттеулер болмағанына қарамастан, орыс әдебиеттануындағы еңбектер мен осы мәселеге байланысты қазақ ғылымындағы пікірлер прозадағы ырғақтың маңыздылығы мен нәзіктігі, күрделілігі мен сан қырлылығы бауырласа, қабаттаса жүретін мәселе екенін көрсетеді. Проза ырғағы өз алдына томаға – тұйық, жеке тұратын құбылыс емес, керісінше өмір шындығының көркем бейнеленуінде тілдік – көркемдік құрылымның тұтаса жарасымдылық табуы процесімен бірлікте қаралады. Сонымен қатар, көркем проза ырғағының аясында сөздердің мағыналық тобы – синтагманың рөлі айқын сезіледі және поэзиядағыдай айқын, анық көрініп тұрған ұйқас та, шумақ та, тармақ та болмағанмен, олардың өзгерісті белгілері, ұшқындары кездесіп отырады. Бұлай болуының себебі – ұйқас пен шумақтың, тармақтың өлең болып құйылуы, яғни осы тармақ, шумақ, ұйқастардың тууының өзі ырғаққа тікелей қатысты екендігінде.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Бір мақаланың көлемінде қазақ прозасының ырғағы және көркем аудармадағы оның сақталуы мәселелерін толық айтып шыға алмасымыз белгілі, бұл тіпті мүмкін емес жәйт, өйткені бұлардың әрқайсысы күрделі ондаған зерттеулердің нысаны екені даусыз. Біз бұл орайда тек қазақ прозасында да ырғақтың барлығын және көркем аударма жағдайында тәржімашы да, зерттеуші де ең алдымен осыған көңіл бөліп, зерделеуі қажеттігіне назар аудартпақпыз.
Қазақ көркем аудармасы мәселелеріне қатысты еңбектерде тек «түпнұсқа ырғағы сақталған» немесе «ырғақ сақталмаған» деген сияқты пікірлер айтылғанмен, оның дәлелін кездестіре алмаймыз. Қыры мол, сыры терең проза ырғағын аударма нұсқада сақтау да оңай шаруа емес, ол тек өзіндік жазу өрнегі бар сөз зергерінің, талантты сөз шеберініің қолынан ғана келер іс екені даусыз.
Қазақ көркем аудармасының дамуына үлес қосқан өзіндік орны бар қаламгерлердің бірі — Әбілмәжін Жұмабаев. Оның тәржімашылық қалам қарымы арқылы қазақша сөйлеген құндылықтар аз емес. Олардың қатарында әлемдік әдебиеттің жауһарлары – Ж.Сименонның, Майн Ридтің, А.Дюманың, Л.Толстойдың, О.Гурьянның, А.Гриннің, И.Тургеневтің, К.Паустовскийдің, Л.Гумелевтің және т.б. шығармалары бар екені белгілі. Алайда оның барлығы бірдей керемет аударылған дүниелер деп айта алмасымыз және анық. Оның шығармашылығында олқы тұстар да бар, жетістікті жәйттер де мол. Салыстыра қарасақ, жетістігі мол. Ал, неге олқылық кетті — деген сауал туса – бұл аудармашының шығармашылық даралығына, оның қаламгер ретіндегі қалыптасу кезеңіне қатысты — деп жауап берер едік. Осы тәржімашының арасын біраз жылдар бөліп жатқан екі еңбегінен үзінділер ала отырып, проза ырғағының аудармада сақталуы деген мәселе туралы ой тарқатып көруді жөн санадық.
Орыс әдебиеттануында В.Россельс көркем аударма өнерінде көбіне – көп интонациялық контрастқа, К.Чуковский сөздік компоненттердің симметриялы түрде орналасуына, Л.Соболев тіркестер ұзындығының ырғақпен байланыстылығына назар аударатынын айтады. Бұл пікірлердің қай – қайсысы да көкейге қонады десек те, ойлануды қажет ететін тұстар да бар. Егер ырғақты үзіндіге қатысты қарастырып, сөйлем, сөз тіркесі, сөз, дыбыс тұрғысындағы мәелелер назардан тыс қалса, немесе ырғақ тек тіркестердің ұзынды – қысқалығына қатысты ғана қаралса — біржақтылыққа ұрынар едік, ал сөздік компоненттердің симметриялы түрде орналасуы жетекші орынға шықса — схематизмге жол ашуымыз мүмкін. Міне сондықтан жоғарыда айтылған ой, интонация және ырғақтың байланыстылығы тұрғысынан тұтаса қарастырылуы дұрыс жол болмақ. Сонымен қатар бұл
байланыс, осы тұтастық шығармадағы көркем шындық пен бейнелеудің, ұғынудың, яғни мағынасына бойлаудың (осмысление) және өмір шындығына авторлық бағаның мағыналық бірлігі – мазмұнмен байланысты ізделінуі тиіс.
Кейіпкер тілінің ерекшелігін, ондағы интонация мен ырғақты зерттеу кейіпкер психологиясын зерттеумен байланысты жүргізілуі қажет. Мәселен, Араб жазушысы Лүтфи Әл — Халидің «Тұтқын» атты әңгімесінен алынған мына үзіндіге назар аударайық: «Слух этот распрос-транял горбатый, с приплюснутым носом заключенный – зайка : — В — верно, его приняли… Г — говорю тебя. Н — не хочу говорить много… Его приняли… клянусь тем, кто сотворил землю и все сущее на ней… Только они боятся его… Боятся… Точно, я его знаю… Хорошо знаю его… В тюрьме он мне говорил: ты мне брат родной…
П — понимаешь… Я тоже вроде него Каторожник…» [4, 141].
Енді осы үзіндінің Ә.Жұмабаев 1965 жылдары тәржімалаған нұсқасына назар аударайық. « Бұл хабарды өзі пұшық, өзі бүкір, кекеш тұтқын таратты: — О — оны қа — қабылдағаны рас… С — саған айттым ғой… К — көп сөйлеп қ- қайтем… Оны қабылдады… Жер жиһанды, оның үстін мекендеген мақұлықтың бәрін жаратқан алланың атымен ант етем. Бірақ олар Әбуден қорқады… Иә қорқады… Дәл солай, мен оны білем… Жақсы білем…Түрмеде жүргенде ол маған: сен менің туған бауырымдайсың деген…Түсіндің бе? Мен де сол сияқты… Айдаудағы адаммын…» [5, 124-125].
Екі үзіндіні салыстыра қарағанда аңғаратымыз: аудармашының түпнұсқадағы ойдың берілу түрін, кейіпкер тілінің (кекештің) ерекшелігін сақтауға ұмтылғандығы. Көз жүгірте оқып отырғанымызда барлығы да дұрыс сияқты көрінеді, көркем аударма талабы орындалған екен — деген пікірге де келесің, алайда, салыстыруды байыптай жүргізіп, кейіпкер психологиясына талдау жасасақ, интонация мен ырғаққа назар аударсақ, қазақшасының жетісіңкіремейтін тұстары да бой көрсетеді. Шығарма кейіпкерінің барлық болмысынан, оның ойы мен ішкі әлемінен хабар беретін осы үзіндінің орысшасы мен қазақшасының оқырманға әсері бірдей емес.Осы өзгешеліктің себебі орысша нұсқаға қарағанда қазақшада кекеш тұтқынның аз кекештенетіндігінде. «Его приняли…клянусь тем, кто сотворил землю и все сущее на ней» сөйлемі қазақшасында «Оны қа — қабылдады… Жер — жиһанды, оның үстін мекендеген мақұлықтың бәрін жаратқан алланың атымен ант етем» болып аударылады. Біріншіден, сөйлем шұбалыңқы, екіншіден осы шұбалыңқылық түпнұсқадан ауытқуға негіз болып тұр. Тәржімашы «клянусь тем…» дегеннен кейінгі кідірісті жоғалтқан. Ал кідіріс пен сөздегі буын санының кекештер тілінің ерекшелігін беруде атқаратын рөлі де зор. Орысша нұсқада бұл сөйлем бір — екі буынды сөздермен берілгендіктен және бірнеше кідіріс (пауза) болғандықтан (кекеш) кейіпкер тілінің табиғатына лайық, ал қазақшасында бұл тұс күмән туғызады. Бұл — аудармашының зерттеу, ізденісі асығыс жүргізілгенін, соның салдарынан қажетсіз тәптіштеушілікке ұрынғанын көрсетеді. Бұл сөйлем «Жер– жиһанды, тіршілікті жаратқан… алла атымен ант етем» болып аударылғанда, тіпті болмаса «алла атымен ант етем» болып аударылғанда түпұсқаға жақындай түсер еді. Осы тұста « кейбір кекештер сөзін бастар алдында ғана тұтығады да, ары қарай сөйлеп кете береді ғой, сондықтан аудармашы шешімі дұрыс — деген қарсы пікір айтылуы да мүмкін. Иә, рас, өмірде кекештер мен тұтықпалардың сан түрі бар, бірақ бізге керегі — өмірдегі кекештер емес, көркем шығармадағы, көркем шығарма болғанда өзіміз әңгіме етіп отырған шығармадағы кекеш — кейіпкер тұтқын, бізге керегі — түпұсқадағы көркем шындықтың аударма нұсқаға өз бояуымен, өз айшығымен көшуі, оған сәл де болса көлеңке түсірмеудің жолы. Сол сияқты «Түрмеде жүргенде ол маған: сен менің туған бауырымдайсың деген…» сөйлемге қатысты да жоғарыда айтылған жәйтті қайталауға болады. Аударма нұсқадағы осы өзгерістер, осы ауытқулар түпнұсқа интонациясын, сол арқылы ырғақты басқа арнаға бұрып жібереді де, олқылыққа айналған. Сонымен қатар, толқу сәтінде, не асыққанда кекештердің әдеттегіден де көбірек кекештенетіні белгілі.Олар аз сөзбен көп мағына жеткізуге тырысады және көбіне – көп ойды жеткізу үшін қысқа сөйлемдерді пайдаланады. Сол қысқа сөйлемдердің өзі аз буынды сөздерге құрылып, ойды, хабарды жеткізуде сөйлем көбіне баяндауыштан басталады. Бұл– кекештер табиғатына тән ерекшелік. Осы тұрғыдан келсек, орысша нұсқадағы кейіпкер сөзі хабарды жеткізуге асыққан, сол асығыстыққа астарласа мақтаныш сезімі толқытқан кекеш тұтқын бітіміне дәл келсе, оның сөзді бастауы өмір шындығына сай келіп жатса, қазақшада бұл тұстың босаңқырағанын байқаймыз. «- В – вер – но, его приняли…» Асығып, аптыққан, оның үстіне толқып тұрған кекеш тұтқынның тыңдаушылар назарын өзіне тез аударуы үшін әңгімесін осылай бастауы нанымды. Мұндағы ой екпіні « верно » сөзіне түскен. Ал, қазақшада осы ерекшелік сақталмаған. « – О – оны қ – қабыл-дағаны рас…» болып, кідірістер сақталғанмен, ішкі иірім бұзылып кеткен. Мұны: « – Ы — ырас, оны қабылдады » ( « Қабылдадыны » қ – қа – былдады күйінде де алуға болады) деп алуға, не сөйлемді « Р – рас » деп те бастауға болар еді. Міне, осы тәрізді нәзік мән – реңктерге (нюанс) назар аударудың аудармашы шеберлігі үшін қажетті шарт екендігін көреміз. Сондай – ақ, осы үзіндідегі «пұшық» сөзінің «приплюснутый» сөзіне дәл балама бола алмасы да белгілі.
1972 жылы Ә.Жұмабаев Маин Ридтің «Жұмбақ салт атты» романын тәржімалады. Қаламгердің шығармашылық қуатын танытар бұл еңбек жөнінде кезінде мерзімді басылымда пікірлер айтылды. Біз оның бәрін қайталаудан аулақпыз, тек мысал ретінде үзінді алып аудармадағы проза ырғағының сақталуы мәселесін сөз етпекпіз.
«Техасский олень, дремавший в тише ночной саванны, вздрагивает, услышав топот лощадиных копыт.
Но он не покидает своего ложа, даже не встает на ноги. Не ему одному принадлежит эти просторы – дикие степные лощади тоже пасутся здесь по ночам. Он только слегка поднимает голову – над высокой травой показываются его рога – и слушает: не повторится ли звук?
Снова доносится топот копыт, но теперь он звучит иначе. Можно различить звон металла, удар стали о камень.
Этот звук, такой тревожный для оленя вызывает быструю перемену в его поведении. Он стремительно вскакивает и мчится по прери: но скоро он остановливается и оглядывается назад, недоумевая: кто потревожил его сон ? ” [6, 5].
«Көк шалғынды кең даланың тамылжыған түнінде жусап жатқан Техас бұғысы шапқан ат тұяғының тасырын естіп, елең етті.
Сонда да балауса — балғын жайын қимай, манаурап жата берді.Иен даланың иесі бір өзі ғана емес, түнгі салқын самалмен осы маңда жабайы жылқылар да жайылып жүреді.Ол тек басын кекшитіп, әлгі дыбыс шықпас па екен деп тың тыңдап еді, жайқалған биік шалғыннан арбиып мүйізі көрінді.
Әне, ат тұяғының тасыры тағы да естілді, әлгіден гөрі анығырақ. Темір шылдыры, шар – болаттың тасқа соққан дыбысы келді.
Осы бір жайсыз дыбыс бұғының зәре – құтын қашырып, апшысын қуыра келді.Ол атып тұрып, кең даламен зыта жөнелді; әудем жерге барғасын, түн ұйқымды бұзған қай жазған екен деп одырайып артына қарады.» [7, 5].
Бұл үзінді аудармасын қазақша нұсқадағы ең үздік тұс деп бағалай алмасымыз анық, алайда шебердің қолтаңбасы анық байқалатыны ақиқат. «Тамылжыған», «манаурап», «кекшитіп», «арбиып», «одырайып» сияқты бейнелі сөздер шығарманың көркемдік бояуын үстей түскен. «Сново доноситяся топот копыт, но теперь он звучит иначе. Можно различить звон металла, удар стали о камень»– деген екі сөйлемнің қазақшалануында кей сөздер сәл ауытқи аударылған сияқты көрінеді. Бірақ, бұл бір қарағандағы жәйт, керісінше бұл тұста тәржімашы шеберлік шешімін дәл табады да, түпнұсқаның ішкі ырғағын дөп басады. «… но теперь он звучит иначе » дегенді «бірақ енді ол басқаша естіледі» деп емес, «әлгіден гөрі анығырақ» деп аударса, екінші сөйлеинің баяндауышын «металл дыбысын айыруға болады» деп емес, « дыбыс келді» деп тәржімалайды. Тың тыңдаған бұғының әлгі дыбысты анығырақ етсігені де, металл дыбысының келгені де нанымды. Тәржімашы қолданған бұл тіркестер де, алғашқы сөйлемді « әне, ат тұяғының тасыры тағы да естілді, әлгіден гөрі анығырақ» дегендегі «әне» сөзі де жазушы таңдап алған негізгі тонмен, негізгі үнмен үндесе оқырманды шығарманың шытырман құпиясына қарай жетелей жөнеледі.Түпнұсқадағы «кто тревожил его сон ?» деген тіркестегі «ұйқыны» тәржімашының «түн ұйқым» деп алуы да шығарма үні мен ырғақ тұтастығын сақтауға қызмет еткен.
ҚОРЫТЫНДЫ
Бұл мысалдар проза ырғағының өте күрделі екендігін, ал көркем аударма өнерінде оның тіпті күрделілене түсетінін көрсетеді. Ал тәржімашы шығармашылығы туралы, не бір шығарманың аударылуы туралы пікір айту үшін жазушы мен тәржімашы ерекшеліктерін салыстыра қарап, шығармашылық даралығына зерттеу жасалуы қажет екені анық. Түйіндей айтар болсақ, көркем проза ырғағы – көркем әдебиет заңдылығы. Ол шығарманың тілдік — көркемдік құрылымының үндестігі, оның тыныс – тіршілігі, қан айналысы, жүрек соғысы, өмір бейнесінің көркем шындыққа айналуындағы ерекшеліктердің түп қазығы. Ал мұның аударма өнерінде сақталуы – ең басты талап, ең басты міндет болмақ.
ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ
1 Ахметов З., Казахское стихосложение. Алма – Ата; Наука, 1964, 11 с.
2 Интернциональная литература. Москва; Гослитиздат, 1940.
3 Негимов С., Әсем ырғақтар // Мұхтар Әуезов тағлымы. – Алматы;Жазушы,1987, 425б-429б.
4 Современные арабские новеллы. Москва; Изд.ин.лит, 1963, 141б.
5 Түн сыры Алматы; Жазушы, 1965, 124-125б.
6 Маин Рмд., Всадник без головы. Фрунзе; Мектеп, 1979, 5 б.
7 Маин Рид., Жұмбақ салт атты. Алматы; Жазушы, 1972, 5б.
А. Абилов , Э.А. Ибрагимова2, Н.Р. Хегай3
Художественный перевод и ритм
1,2,3 Кызылординский государственный университет имени Коркыт Ата,
г. Кызылорда, Республика Қазахстан
Автор подробно останавливается на проблеме ритма в художественном переводе. В статье автор рассматривает проблемы ритма в прозе и поэзии основываясь на точку зрения казахских и русских ученых-лингвистов. Несмотря на то, что проблема ритма в прозе является недостаточно исследованной, автор доказывает, что с точки зрения казахской науки ритм в прозе и поэзии имеет не только огромное значение, но и является сложным и многообразным. Исследуя значение и важность ритма казахской прозы и его сохранность в художественном переводе, автор склоняется к мнению, что каждый из этих составляющих является сложным предметом десятков исследований. А так же, только в казахской прозе и ее художественном переводе и переводчик и исследователь обращает внимание на ритм всего литературного произведения.
Автор анализирует переводы А.Жумабаева отрывков произведения Майн Рида
«Всадник без головы» и рассказа арабского писателя Лютфий Аль Хали «Узник».
А.Abilov1, E.A.Ibragimova2, N.R.Khegai3
Literary translation and rhythm
only in Kazakh prose and its literary translation the translator and researcher pays attention to the rhythm of the entire literary work.
The author analyzes the translations of A. Zhumabaev extracts from the work of “Headless Horseman” by Mayne Reid and the story of the Arab writer Lutfi Al Khali «The Prisoner».