А.К. Алтаева филология ғылымдарының докторы, доцент, «Тұран» университеті, Алматы қ., Қазақстан Республикасы, e-mail: ak.alma@mail.ru
КОММУНИКАТИВТІК МІНЕЗ-ҚҰЛЫҚ СИПАТТАМАСЫНЫҢ НЕГІЗГІ
ҰСТАНЫМДАРЫ
Коммуникативтік мінез-құлық туралы ғылым өз құрылымында үш негізгі аспектіні қамтиды: теориялық, сипаттамалы және түсіндірмелі. Коммуникативтік мінез-құлықпен қиысатын – әлеуметтік және коммуникативтік мәні бар тұрмыстық мінез-құлық. Бұл – әлеуметтік символизм. Стереотип деп тұрақталған, ұдайы қайталанып отыратын мінезқұлық формасы айтылады. Бұны шаблон, штамп, сол не өзге мәдениетте қабылданған мінез-құлық үлгілері десе де болады. Тағы бір көзқарасқа сүйенсек, стереотип субъектінің әлеуметтік мәні бар қызметін тұрақтандыруға бастайтын психолингвистикалық, жылжымалы, функционалды жүйе. Өзге интерпретация бойынша стереотип мінез-құлық стандарты, топтық образ, адам, көзқарас, идеологиялық клише түрінде байқалатын топтық сананың көрсеткіші ретінде қарастырылады. Мақалада коммуникативтік мінезқұлық сипаттамасының негізгі ұстанымдары қарастырылады.
Тірек сөздер: жалпымәдени нормалар; топтық нормалар; жағдаяттық нормалар; жеке нормалар; әлеуметтік символизм; жүйелілік үстаным, стереотиптену; топаралық қатынастар; «ойды ықшамдау» қағидасы.
КІРІСПЕ
Коммуникативтік мінез-құлық филологиялық және келешектегі әлеуметтікантропологиялық ғылымның жинақталған түрі болып елестейді. Кез-келген тілдің мәденитарихи феномен ретіндегі сипаттамасы сол тілде сөйлеуші халықтың коммуникативтік мінезқұлқын сипаттауды қажет етеді.
Бұл айтылғандарға қоса бір жағынан коммуникативтік мінез-құлық туралы ғылымның, екінші жағынан елтану мен лингвоелтанудың ара жігін ажыратып алған дұрыс.
Лингвоелтану Е.М.Верещагин мен В.Г.Костомаров осы терминді енгізген өзінің қатаң мағынасында лексикалық және фразеологиялық бірліктермен байланысты, тілдің кумулятивтік мәдени қызметін сипаттайды [1, 21]. Ал коммуникативтік мінез-құлық – бұл әрекеттердің, нақты қарым-қатынас деректерінің сипаттамасы. Бұл тұрғыдан коммуникативтік мінез-құлық лингвоелтанудың бөлігі де, бөлімі де болып табылмайды. Ал елтанудың өзіне келсек, онда лингвомәдени тұтастықтың коммуникативтік мінез-құлық сипаттамасы елтанудың бір бөлімі бола алады, өйткені оған этикет, ұлттық дәстүр т.б. деректер сипаты енеді. Коммуникативтік мінез-құлық – бұл белсенді елтану, аталған сала бойынша білім белсенді коммуникация үшін қажет, елтанудың қалған бөлімдері үшін аса маңызды емес, тек коммуникативтік акті кезінде ғана туындайды.
Коммуникативтік мінез-құлық пен сөйлеу этикетінің арақатынасына тоқталайық. Бұл жайында Н.И. Формановская былай дейді: «Алғашқысы кейінгісімен салыстырғанда кеңірек ұғым. Сөйлеу этикеті негізінен сыпайылық категориясын білдіретін қалыпты коммуникативтік жағдаяттағы қалыпты сөйлеу формаларымен байланысты. Ал коммуникативтік мінез-құлық қарым-қатынас тематикасын, сол тілде сөйлеушілердің коммуникативтік әрекеттерді қабылдауын, отбасы, ұжым, шетелдіктер, таныстар, бейтаныстар т.б. тәрізді ауқымды коммуникативтік саладағы қарым-қатынас ерекшеліктерін сипаттайды. Коммуникативтік мінез-құлық сыпайы, эталондық қарым-қатынасты ғана емес, нақты коммуникативтік практиканы да сипаттайды. Коммуникативтік мінез-құлық сөйлеу этикетін құрамдас бөлігі ретінде қабылдайды» [2, 55].
Коммуникативтік мінез-құлықтың теориясы мен қолданбалы сипатын ажырата білу қажет. Коммуникативтік мінез-құлық теориясы коммуникативтік мінез-құлықтың құрылымы мен негізгі белгілерін айқындап, ұғымдық-терминологиялық аппараты мен коммуникативтік мінез-құлық сипатының әдісін қарастыруды ұсынады. Коммуникативтік мінездің қолданбалы сипаты мәдениеттанымдық және лингводидактикалық мақсаттармен жүзеге асады және шет тілінің ауызекі сөйлеуін оқытуға үлес қосуға тиіс.
Коммуникативтік мінез-құлық сипатының негізгі ұстанымдары мыналар:
Жүйелілік ұстаным. Қандай да бір қоғамдастықтың коммуникативтік мәдениеті жүйе тәрізді тұтас, кешенді сипатталуы керек. Бұл үшін коммуникативтік мәдениеттің үлгісі қаралады. Оған кез-келген халықтың коммуникативтік мінезін білдіретін факторлар мен өлшемдердің жиынтығы кіреді. Бұндай үлгіге вербалды, вербалды емес коммуникативтік мәдениет пен әлеуметтік символизм енгізілген.
Контрастивтік ұстаным. Коммуникативтік мінез-құлықтың дұрыс сипаты тек салыстыру базасында ғана мүмкін. Жасырын түрде кез-келген сипаттама контрастивті болады: коммуникативтік мінез-құлық сипатының көпшілігі параметрлік – жиі – сирек, қарқынды – аз, қатты – жай, тез – баяу т.б. Олардың сипаты салғастырусыз мүмкін емес. Барынша тиімдісі – қос мәдениеттің сипаттамасы: ағылшын, неміс, француз, қытай, жапон т.б. аясындағы орыс коммуникативтік мінез-құлқы.
«Барынша жақсы нәтиже беретіні — салғастырмалы жол емес, жүйелілік жол (өз коммуникативтік мәдениетіңнің жеке деректерін салғастырмалы мәдениетте барлық мүмкін тәсілдерімен жүйелі қарастыру). Дұрыс нәтиже беретіні: зерттеушінің өз коммуникативтік мәдениетін оқылатын мәдениетпен салғастыру» [2, 57].
Мақаланы жазу барысында бақылау, жүйелеу, салыстыру әдістері қолданылды.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Коммуникативтік мінез-құлық нақты коммуникативтік мінез-құлықты нормативтік немесе нормативтік емес түрінде түсіндіретін белгілі нормалармен сипатталады. Коммуникативтік мінез-құлық нормалары туралы төрт аспектіде айтуға болады: жалпымәдени нормалар, топтық нормалар, жағдаяттық нормалар және жеке нормалар.
Коммуникативтік мінез-құлықтың жалпымәдени нормалары барлық лингвомәдени қауымға тән және белгілі бір дәрежеде этикет пен сыпайы қарым-қатынаста қабылданған ережелерді білдіреді. Бұлар адамдар арасында қарым-қатынас кеңістігінен, жас ерекшелігінен, мәртебесінен, қызмет аясынан тыс жағдаяттармен байланысты. Бұл назар аударту, көңіл бөлу, танысу, сәлемдесу, қоштасу, кешірім сұрау, мақтау сөз, телефонмен сөйлесу, жазбаша хабарлама, құттықтау, алғыс, тілек айту, жұбату, жанашырлық, көңіл айту. Бұл – қалыпты жағдаяттар. Қарым-қатынастың жалпымәдени нормалары ұлттық тұрғыда ерекшеленеді. Немістер мен американдықтарда сәлемдескенде күлу норма болса, орыстарда олай емес. Орыстарда қызмет көрсеткені үшін алғыс айту міндетті болса, қытайларда егер ол сенің досың не туысың болса, міндетті емес. Немістерде әріптестермен амандасқанда қол қысу қабылданған норма болса, орыстарда міндетті емес т.с.с.
Жағдаяттық нормалар қарым-қатынас тілден тыс нақты жағдаятта өтуімен байланысты. Бұндай шектеулер сипатына қарай әр түрлі болады. Коммуниканттардың мәртебесіне қарай шектелуі коммуникативтік мінез-құлықтың екі түрлі: тігінен (жоғары сатыдағы-төменгі сатыдағы) және көлденеңінен (тең-тең емес) болуымен байланысты. Түрлі типтер арасындағы шекара жылжымалы, оның бұзылуы да мүмкін. Одан бөлек бұл жерде ұлттық ерекшелік те ескеріледі: ер мен әйелдің қарым-қатынасы орыс мәдени дәстүрінде көлбеу сызық түрінде болса, мұсылман мәдени дәстүрінде тік сызық түрінде болып келеді; үлкеннің кішімен қарым-қатынасы мұсылман дәстүрінде орыс мәдени дәсүріне қарағанда тік сызық түріндегі сипатымен ерекшеленеді.
Топтық нормалар арнайы кәсіби, гендерлік, әлеуметтік және белгілі бір жастағы топтарға арналып, мәдени бекітілген қарым-қатынас ерекшеліктерін білдіреді. Ерлердің, әйелдердің, заңгерлердің, дәрігерлердің, балалардың, ата-аналардың, гуманитарлардың, технарлардың коммуникативтік мінез-құлық ерекшеліктері бар.
Коммуникативтік мінез-құлықтың жеке нормалары индивидтің жеке мәдениеті мен коммуникативтік тәжірибесін білдіреді әрі тілдік тұлғаның бойындағы жалпымәдени және жағдаяттық коммуникативтік нормалардың жеке өзгерісін (өзгеріске ұшырауын) сипаттайды. Сондай-ақ бұл сипатқа сол индивидке ғана тән, жалпы және топтық нормалардың бұзылуы да жатады.
Коммуникативтік мінез-құлық туралы ғылым өз құрылымында үш негізгі аспектіні қамтиды: теориялық (ғылым теориясы, терминологиялық аппарат), сипаттамалы (қандай да бір халықтың коммуникативтік мінез-құлқы туралы нақты сипаттама) және түсіндірмелі (ұлттық коммуникативтік мінез-құлық ерекшеліктері мен заңдылықтарының түсіндірмесі).
«Коммуникативтік мінез-құлықпен қиысатын – әлеуметтік және коммуникативтік мәні бар тұрмыстық мінез-құлық. Бұл – адамдардың қоғамда және тілдік-мәдени қауымда мағынасы жағынан интерпретацияланып, жалпы коммуникативтік процеске енген және адамдардың мінез-құлқы мен қарым-қатынасына ықпал етуші заттық-тұрмыстық әрекеттерінің жиынтығы. Бұл – өзіндік «күнделікті мінез-құлық тілі» немесе әлеуметтік символизм» [1, 18].
Қандай да бір мәдениетте белгілі бір әрекет, дерек, оқиға, іс-әрекет, заттық әлемнің қандай да бір элементі таңбалық қызмет (семиотическая функция) атқарады. Сол таңбалық қызметтің адамдар санасындағы сәулесі әлеуметтік символизм болып табылады. Бұл құбылыстардың барлығы халықтың санасында бүкіл бір социумге не белгілі бір әлеуметтік топтарға тән бірыңғай символдық мәнге ие болады. Әлеуметтік символизм ұлттық мәдениет компоненті болып табылады.
Әлеуметтік символизмді көп жағдайда социум мүшелері байқай бермейді, алайда қатаң ұстанады, яғни тұлғааралық қатынастарда пайдаланылады, талқыланады. Бір құбылыстың символдық мәні өзге мәдениетте қабылданбауы мүмкін, тіпті өзге мәдениет адамын тікелей қақтығысқа итермелейтіндей күтпеген интерпретацияға ие болуы да ғажап емес. Мәселен, немістерде үй иесі әйел қонақтар сыйға әкелген шарапты дастарханға қоймай, алып кетсе, бұл орыстарда сараңдық таныту болып саналады; ал немістер үшін шарап бұндай жағдаятта сувенир ретінде қарастырылады. Олай болса, тұрмыстық мінез-құлықта бір ғана деректің өзі әр мәдениет үшін әр түрлі коммуникативтік интерпретацияға ие болады. Парижде оқып жүрген орыс қызы француз құрбысының тойына аппақ хризантема сыйлайды, ал бұл гүлді Францияда жаназаға әкелетін көрінеді. Гүл орыстарда сыпайы, интеллигенттік және тәрбиелік мәні бар сыйлық болып есептелсе, қытайлар үшін ондай мәнге ие емес. Қонақты асүйде қабылдау Ресейде сенімге негізделген достық қатынастардың символы; өзге мәдениеттер үшін асүйде қабылдау бұндай мәнге ие емес. Гүл шоғындағы гүл санының жұп болуы орыстарда оның жаназаға арналғанын білдірсе, басқа халықтарда – олай емес. Американдықтарда бояуды көп жаққан әйел жезөкше секілді әсер қалдырады екен. Егер әйел иіссуды шамадан тыс көп сепсе, немістерде бұл тым анайы, өзін ұстай білмейтін адам деп қабылданады. Дастарханды, кілемді терезеден сыртқа қағу орыстарда шектен тыс мәдениетсіздік болып саналса, немістерде мүлдем олай емес. Немістерде қалыпты құбылыс саналатын кешкі асты суытып беру олар үшін әрі ұлттық дәстүр. Ал орыстар үшін неміс әйелі тарапынан танылған жалқаулық немесе қонақтарды сыйламау. Бұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Символдық мәндер коммуникативтік актіге тікелей де қатыса алады. Бұл сөйлеуде белгілі бір реакция, сұрақ, эмоциялық реплика тудырып, қандай да бір әрекетке итермелеумен, ұжымдық талқылаумен т.б.байланысты. Сондай-ақ бұндай мәндер коммуникативтік актіге жанама да қатысады. Атап айтқанда, қарым-қатынасқа қатысушылар коммуникация үдерісінде жасырын талқылайды, белгілі бір әрекетті, қарым-қатынастағы серігінің қадамын, іс-әрекетін ескереді, сөйлесушінің әлеуметтік символдар «тілі» осы ақпаратты назарға алады, символдарды жағдаяттың ақпараттық компоненті ретінде талқыға салады. Әлеуметтік символдар ақпараты вербалды емес ақпаратқа жатады, қарым-қатынас үдерісінде коммуниканттар арқылы алынып, коммуниканттармен жүзеге асады. Әлеуметтік символизм халықтың вербалды емес мінез-құлқының аясындағы сипаттауға жатады. Көптеген заттар мен құбылыстардың әлеуметтік символизмі өзгеріске бейім, мәселен, сән, әлеуметтік құралдар, тәуір тұрмыс символдары. Ресейде бүгінгі күні тәуір тұрмыс символдары — көлік пен саяжай, бір жылдары тәуір тұрмыс символдары саналған шетелдік көлік пен коттедж, қаракүл бас киім және былғары пальто ол бағадан шығып қалды, ал ұялы телефон қалды т.б.
Адам, әлемді өзінің туған мәдениетінде үрдіске айналған құндылықтарға, қарымқатынастарға сай көріп, қабылдайды. Сондықтан адамдардың әлем туралы түсінігі әр қалай және қандай мәдениетте туып, тәрбиеленгеніне байланысты. «Өзге мәдениет өкілі неліктен белгілі бір әлеуметтік-мәдени контексте өзін солай ұстайтынын түсіну үшін, ең алдымен ол бұл әлемді қалай қабылдайды, жағдаятқа соның көзімен қарау, оның қабылдауы қандай екенін елестету деген жайларды ұғып алу қажет. Өзін өзге халықтармен салыстыру әрқайсымызға өзіміздің жекелігімізді сезінуге көмектеседі» [3, 21]. Мысалы, француздардың көзіне бельгиялықтар біржақты ойлайтын, «әзілдің ауылынан» , алыс жандар болып көрінсе, швейцарлар шектеулі, сараң, есепқорлар, итальяндықтар алдауды жақсы көретіндер болып қабылданады. Француздардың ұлттық стереотиптер қатарында гректер – епті, түрік – күшті, қайратты, поляктар – ішуді ұнататындар болып қабылданады. Ағылшындарды пайдакүнем, эгоистер деп таныса, немістердің темірдей тәртібінен, жауапкершілігінен, еңбекқорлығы мен ашушаңдығынан аяқ тартады. Орыстардың француздарда ұшыраса бермейтін ашықтығын, кеңдігін, шынайылығын, қатерге шыдамдылығы мен табандылығын бағалайды. Жалпы алғанда, стереотиптік ұғым адамның жаңа фактіні не жағдаятты терең талдап, түсінуге мүмкіндігі жетпегенде немесе одан саналы түрде бас тартқан жағдайда туындайды. Коммуникация барысында түрлі ұлт өкілдері арасында стереотиптік ұғым басты орын алады.
Өзге халықпен, мәдениетпен ұшыраса отырып, адам әдетте олардың мінез-құлқын өз мәдениеті тұрғысынан қарайтын табиғи қабілет танытады. Оған қоса өзге әлеуметтік және мәдени ортада сөйлесіп отырған адамды тез әрі дұрыс бағалауға бағытталу қиын. Көп жағдайда тіл білмеу, ым-қимыл символикаларын түсінбеу әрекеттің мағынасын теріс талқылауға әкеледі де, нәтижесінде аулақ жүру, табалау, жауласу секілді сезімдер туындайды. Мұндайда тығырықтан шығудың шынайы жолы стереотиптер болып табылады. Олар өзге ұлттың байымдауын, болжамын, бағасын «сыбырлап» жеткізе алатын құрал болып саналады.
Стереотиптердің қалыптасуына түрткі болған – мәдениаралық және ұлтаралық контактілер. Солардың қатысуымен қандай да бір халыққа не ұлтқа тән қалыпты қасиеттер белгілі болады. Осы белгілеріне қарай топтарға бөлінеді. Осылайша бірте-бірте белгілі бір халыққа не оның мәдениетіне тән жалпыланған қасиеттерді танытушы этномәдени стереотиптер қалыптасады.
Ғылымда стереотиптің алуан түрлі анықтамасы бар. Бұл оны құраушы себептердің әртүрлілігімен және стереотиптің мәнін анықтауға түрліше қараумен байланысты.
Бұл анықтамаларға тән ортақ сипат: стереотипке сол социумге тән ақылдың өнімі ретінде қарау. Сондай-ақ «стереотип деп тұрақталған, ұдайы қайталанып отыратын мінезқұлық формасы айтылады. Бұны шаблон, штамп, сол не өзге мәдениетте қабылданған мінезқұлық үлгілері десе де болады».
Стереотиптерді оқып-білу батыс ғылымында өткен жүзжылдықтың 20-жылдарында әлеуметтанушы У. Липпман осы сөзге анықтама берген уақыттан басталады. Оның пікірінше: «Стереотиптер — бұл бүкіл қабылдау үдерісін сенімді басқаратын қасаң көзқараспікірлер. Олар әрі таныс, әрі бейтаныс нысандарды белгіліп отырады, таныстары етене таныс болып, ал бейтаныстары мүлде бөтен болып көрінеді». Осы секілді жалпы алғанда стереотиптерге тән жағымсыз баға У. Липпманнан кейін батыста 50-жылдардың соңына дейін үстемдік етті. Бұны өзгерткен стереотиптің мазмұны белгілі бір дәрежеде шынайы бола алады деген болжам еді. Бұл болжамға сәйкес американдық әлеуметтік психолог Т. Шибутани стереотипке мынандай түсініктеме береді: «Стереотип — белгілі түсінік, ол адамдардың қандай да бір қасиеттеріне қатысты ұқсас көзқарастағы топтарды біріктіреді». 70-жылдардың басынан бастап американдық ғылымда стереотипке қатысты көзқарас мүлде өзгерді. Стереотиптердің нақты формалары мен түрлерін зерттеу күшейді. Бұл – әлеуметтік, этникалық, белгілі бір жастағы т.с.с. түрлер. Батыстағы қазіргі зерттеулер этникалық компонент, қабылдау символизациясы, оның ақпараттық мазмұны т.б. тәрізді аспектілерге бағытталған.
Алайда стереотиптің табиғаты мен мәніне қатысты көзқарастың алуан түрлі болуына қарамастан, батыс зерттеулерінде стереотип шынайы өмірде бар құбылыстардың жалпылануы, бірақ стереотиптерде олар нақты, дәл бейнеленбейді деген пікір үстем болып келеді. Батыс авторларының көпшілігі стереотипті жалған ақпарат тасушы деп таниды.
Біздің ойымызша, стереотип ұжымдық сананың формасы, сол себепті оның түптамырын бірсарынды жағдайлардың үздіксіз қайталануынан тұратын адам өмірінің объективті жағдайынан іздеген жөн. Бұндай бірсарындылық адам санасында қалыпты схемалар мен ойлау модельдері түрінде бекітіледі. Стереотиптер адам санасының бірыңғай құбылыстар, фактілер, адамдар туралы ақпараттарды тұрақты, мінсіз етіп түзуінің нәтижесінде қалыптасады. Нақты бір тітіркенулер негізінде заттың сыртқы белгілерін бөле отырып, сана өмірге дайын стереотипті шақырады, өз қабылдауында объектінің сапалы сипатын қолдайды. Соның нәтижесінде бірыңғай нысандар санада бір-бірімен сәйкес келетін образ, баға түрінде қалыптанады. Олардың көмегімен ақпарат алмасу, өзара түсінісу, жаппай біркелкі бағалау жүзеге асады.
Стереотип адамдардың күнделікті практикасында жалпылама қайталанып отыратын қоғамдық тәжірибелерін бейнелейді. Ол адамдардың біріккен қызметінің нәтижесінде қалыптасады. Бұл қызмет адам санасында қоршаған орта құбылыстарынан көпшілікке етене таныс, түсінікті қасиет, ерекшеліктерге басымдық бере отырып жүзеге асады.
Бүтіндей алғанда, стереотип дегеніміз өзге индивидтердің мінезіндегі қасиеттерге, оқиғаларға, құбылыстарға, заттарға қатысты адамдардың «әдеттегі, қалыпты білімі» болып табылады. Осы себептен стереотиптер бар және кеңінен қолданылады. Нысанның сипаты мен әлеуметтік құрылымдағы орнына қарай олардың топтық, кәсіби, этникалық, белгілі бір жасқа тән деген сияқты түрлері бар. Стереотиптену нысандарының қатарында жиі ұшырасатыны жалпыланған және қарапайымданған образдары. Этникалық стереотиптің негізіне алынатын сырт келбет (терінің түсі, көздің қиығы, еріннің формасы, шаштың типі, бойы, т.с.с.). Сондай-ақ адам мінез-құлқының ерекшеліктері де негіз бола алады (үндемеу, ұстамдылық, сараңдық т.с.с.).
Стереотипті жеткізуші – топ, сондықтан оның түп-тамырын топқа жүргізілетін тәжірибе анықтап береді. Күнделікті өмірде барынша кең таралғаны этникалық стереотиптер — бір ұлттық топ өкілдеріне қатысты өзгелердің тұрақталған байымдаулары. Бұндай стереотип-клишелер осы топ өкілдерімен қарым-қатынас үшін басты кілт бола алады. Мәселен, ағылшындардың кішіпейілдігі мен арықтығы, итальяндықтардың айрықша болуы, француздардың жеңіл ойлылығы немесе славянның жұмбақ жандылығы стереотипті болып табылады.
Стереотиптердің қалыптасуы мен қызмет етуінде эмоцияның алатын орны бөлек. Егер оның эмоционалдық жағына көңіл бөлсек, бұл айтылғанға көз жеткізу оңай. Эмоционалдық баға қандай да бір талапқа сай затты көргенде белгілі болады. Эмоцияға қарап сөз болатын нысанның индивид үшін қаншалықты маңызды екенін аңғаруға болады. Сондықтан да стереотипке не жағымды баға, не жағымсыз баға беріледі, ол құбылыстың не адам мінезқұлқының әр түрлі қабылдануымен байланысты. Өз халқыңның дүниетанымында ақылдылықтың белгісі болып танылатын әрекет өзгелерде қулық деп қабылдануы мүмкін.
Бір халықта табандылық деп бағаланған әрекет екінші бір халықта тік мінез деп танылады.
Мысалы, еуропалықтар жапондықтармен алғаш рет қарым-қатынас жасағанда олардың ауру немесе жақын туыстарының қазасы секілді қайғылы жағдайларды жымиып отырып айтатынын таңданып қабылдаған, әлі де солай. Бұл жапондықтардың қатыгездігі жөнінде қасаң түсінік қалыптастырудың негізі болды. Алайда бұл жағдайда жымиюдың еуропалық мәдениетте емес, жапон мәдениетінде қандай мәні бар екеніне көңіл бөлген дұрыс. Жапондықтарда бұл айналасын өзінің жеке басындағы қасіретпен мазаламау деген мәдениеттің символы болып саналады.
Стереотиптердің негізді не негізсіз, жалған не шынайылығына қарамастан, олар кезкелген мәдениеттің ажырамас бөлігі болып табылады, өмірде бар фактілер арқылы адам психологиясы мен мінез-құлқына әсер етеді, санаға, ұлтаралық қарым-қатынасқа ықпалы зор. Схематизмі мен жалпыламалығына қарамастан, өзге халық пен мәдениет туралы стереотиптік ұғымдар индивидті өзге мәдениетпен бетпе-бет ұшырасуға, кей жағдайларға дайын болуға алдын-ала дайындайды. Стереотиптің адамда әлем туралы толық түсінік қалыптастыруда, өзін қоршаған әлеуметтік-мәдени ортаның шегінен шығып, кеңірек ойлауға үйретуде маңызы зор.
Қандай да бір лингвомәдени тұтастықтың коммуникативтік мінез-құлқы бұған дейін жүйелік сипаттама пәні болған жоқ, алайда жекелеген элементтері бар. «Біріншіден, бұл сипаттаманың теориясы мен әдістемесінің жүйелі жасалмауымен, екіншіден, бұл ғылыммен қандай мамандар айналысатыны түсініксіз болуымен байланысты. Коммуникативтік мінезқұлық сипаттамасы ерекше ғылым пәні болу керек, сонымен қатар этнография, психология, әлеуметтік психология, әлеуметтану, психолингвистика, коммуникация теориясы, әлеуметтік лингвистика, паралингвистика, риторика, лингводидактика және лингвистиканың өзі үшін көптеген ғылымдар қатарын біріктіруші болып саналады» [4, 279-282]. Біріктіруші ғылым ретінде бұл аталған ғылымдарға тиесілі мәліметтерді жинақтап, халықтың ұлттық коммуникативтік мінез-құлқының тұтас бейнесін жасауы керек. Лингвистикалық және оған жақын басқа пәндердің тізіміне қарағанда бұл пәнмен айналысатындар тілшілер мен шетел тілінің мамандары болуға тиіс.
ҚОРЫТЫНДЫ
Коммуникативтік мінез-құлықты үйренудің дереккөздері болып табылатын материалдар: халықаралық журналистердің елтанымдық очерктері; жолсапар очерктері, саяхатшылар естеліктері; дипломат естеліктері; жазушылардың жолсапар естеліктері; түрлі елдер туралы телевизиялық хабарлар.
Көркем әдебиет: көркем әдебиет мәтіндерін талдау; ауыз әдебиетінің туындылары; кино және бейнефильмдерді талдау.
Арнайы әдебиет: елтанымдық сөздіктер; энциклопедиялық сөздіктер; елтанымдық және этнографиялық жарияланымдар; мәдениеттанымдық жарияланымдар; фольклортану; психологиялық әдебиет
Оқу әдебиеті; түрлі тілдердің бейнекурсы; ұлттық бағыттағы оқулықтар мен оқу құралдары; аударма, фразеологиялық сөздіктер; мақал-мәтелдер жинағы.
Тілдік құралдарға талдау: контрастивтік лингвистика мәліметтері.
Сауалдар нәтижесі: коммуникативтік мәдениетті сақтаушылардан алынған сауалдардың нәтижесі; сипатталған коммуникативтік мәдениетпен контактіде болған адамдардан алынған сауалдар нәтижесі Психолингвистикалық эксперименттер нәтижесі.
ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ
1 Верещагин Е.М., Костомаров В.Г. Язык и культура. – М., 1985.
2 Формановская Н.И. Речевой этикет и культура речи. – М., 1989.
3 Стернин И.А.. О понятии коммуникативного поведения // Kommunikativ-funktionale Sprachbetrachtung. – Halle, 1989. – S.279-282.
4 Караулов Ю.Н. Русский язык и языковая личность. – М., 1987.
А.К. Алтаева
Основные принципы описания коммуникативного поведения
Университет «Туран»
Алматы, Казахстан Наука о коммуникативном поведении имеет в своей структуре три основных аспекта:
теоретический, описательный и объяснительный. К коммуникативному поведению примыкает социально и коммуникативно значимое бытовое поведение. Это — социальный символизм. Под стереотипом понимаются устойчивые, регулярно повторяющиеся формы поведения. Это своего рода шаблоны, штампы, образцы поведения, принятые в той или иной культуре. Согласно другой точке зрения, стереотип представляет собой психолингвистическую, динамичную, функциональную систему, призванную стабилизировать социально значимую деятельность субъекта. В иной интерпретации стереотип рассматривается как проявление группового сознания, которое выражается в виде стандарта поведения, образа группы или человека, предрассудка, идеологического клише. В статье рассматриваются основные принципы описания коммуникативного поведения.
A.K. Altayeva
The main principles of the description of communicative behavior
“Turan” University
Almaty, Kazakhstan The science of communicative behavior has in their structure three main aspects: theoretical, descriptive and explanatory. Communicative behavior is accompanied by socially and significantly communicative domestic behavior. This is social symbolism. The stereotype is a psycholinguistic, dynamic, functional system designed to stabilize the socially significant activity of the subject. In a different interpretation, the stereotype is seen as a manifestation of group consciousness, which is expressed in the form of a standard of behavior, an image of a group or a person, prejudice, ideological cliché, The main principles of the description of communicative behavior are considered in the article.