Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті Ақтау, Қазақстан aliyazhetkizgenova@ mail.ru
«ДОСАН БАТЫР» ЖЫРЫ МЕН ТАРИХИ ОҚИҒАЛАР СӘЙКЕСТІГІ
Адамзат қоғамы дамуындағы белгілі бір кезеңнің әлеуметтік, саяси оқиғасының әдеби көрінісі – тарихи жырлар.
Қазақ халқының басынан өткен небір елеулі оқиғалар тек ғашықтық жырлар мен батырлар жырын туғызып қана қоймай, көптеген тарихи жырларды да өмірге әкелді. Мұндай туындылар әсіресе, тарихи үлкен өлшеммен қарағанда бергі кезеңдердердегі, яки, ХVIII–ХIХ ғасырларда өмір кешкен қаһармандардың ел мүддесіне өміріне сарп еткен ерлігіне арналды. Тарихи жырларда сөз болатын өзекті мәселе – өмірде нақтылы болған әлеуметтік, саяси оқиғалар екендігі, ХІХ ғасырдағы халық қозғалыстары тарихи жырлардың тиісінше орын алып, көптеген жыр-дастандарға арқау болғандығы, халық ақыны Сәттіғұл Жанғабыловтың «Досан батыр» дастанындағы тарихи оқиғалар көрінісі сөз болады.
Тірек сөздер: библиографиялық деректер, тарихи жыр, батырлар жыры, тарихилық, жыр-дастан, халық ақыны, фольклорлық жанр, өмірбаяндық мәліметтер
Тарихи жырлар туралы ұлы ғұлама М.О.Әуезов: «Патша өкіметінің соғыс отаршылығы мен қысымы, хан-сұлтандардың, болыстардың өктемдігі қазақ арасында көтеріліс тудырып отырды. ХVIII ғасырдың алғашқы жарымы мен ХIХ ғасырдың алғашқы жартысы бойына қазақ халқы өзін езіп-қанаушыларға қарсы қару алып күресті. Көтеріліс кең сахараның әр тұсынан-ақ уақыт-уақыт бұрқ етіп жатты. Күреске шыққан халықтың осындай ерлік айбары бірқатар тарихи жырлар тудырды» [1, 75] дейді.
«Тарихи жыр» терминін алғаш рет Ш.Уәлиханов қолданды десек, ал М.Әуезов оның жеке дара екенін баса айтып көрсеткен болатын.
Шоқаннан кейін қазақ жырларында тарихи оқиғалардың көрінісі бейнеленетінінен А.Байтұрсынов, М,Әуезов, Х.Досмұхамедовтер құлағдар етті.
Бұдан кейінде тарихилық мәселелері сөз болған С.Сейфуллин, С.Мұқанов, Ә.Марғұлан, Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, Е.Исмайлов, Б.Шалабаев тағы басқалардың еңбектерінде тарихи жырлардың өзге эпос түрлерінен елеулі сапалық айырмашылықтары бар фольклорлық жанр екендігі дәлелденеді.
Бұл ретте белгілі ғалымдар Р.Бердібаевтың «Қазақ эпосы» /1982/, Ә.Қоңыратбаевтың «Қазақ эпосы және тюркология» /1987/, К.Сейдахановтың «Күрес пен жеңіс жырлары» /1991/, Ш.Ыбыраевтың «Эпос әлемі» /1993/, Ж.Тілеповтің «Қазақ поэзиясының тарихилығы» /1994/, З.Сейітжановтың «Тарихи эпос» /1994/, Б.Ибрахимнің «Тарихи жырлар тағылымы» /1997/, т.б. еңбектерін атауға болады.
Сондай-ақ, С.Сәкеновтің «Қазақ тарихи жырларының сюжеттері: тарихилығы мен типологиясы», Б.Рақымовтың «ХVIII ғасырдағы қазақтың ұлт-азаттық қозғалысына байланысты туған тарихи жырлар» атты диссертациялық жұмыстарында да тарихи жырлардың зерттелуі, жанрлық сипаты, қазақ тарихи жырларының өмір шындығына қатысы және типологиясы жөнінде байыпты тұжырымдар таратылып айтылған.
Жалпы, тарихи жыр туралы аталған еңбектерден де басқа орыс, қазақ фольклористерінің құнды-құнды шығармалары көптеп саналады.
Қазақ ауыз әдебиетінде тарихи жыр үлгілерін жинап, жарыққа шығарып, үлес қосқан ғалымдар қатарында В.Радлов, И.Березин, Р.Потанин, И.Аничков есімдері белгілі.
Сондай-ақ, Р.Н.Смирнова «Проблема исторического и эпического в казахском эпосе ХҮІІІ веке» /1951/ еңбектерінде және «Қазақ әдебиетінің тарихы» /1960/, «Қазақ тарихи жырларының мәселелері» /1979/, атты кітаптарға енген мақалаларында классикалық эпостан тарихи жырлардың айырмашылығын нақты фактілермен жан-жақты көрсеткен.
Академик Қ.Жұмалиев қай елдің эпосы болсын белгілі бір тарихи оқиғаның ізін баса туатынға ұқсайды және ол бір күн, не бір жылдың ғана жемісі емес, халықтың басынан өткізген талай заман, талай тартыстардың нәтижесі екендігін айтса, «Қазақ тарихи жырларының мәселелері» атты ұжымдық монографиялық еңбекте топтастырылған Б.Уахатов, Б.Адамбаев, Е.Тұрсынов, Н.Төреқұлов, т.б. мақалаларында тарихи жырлардың зерттелуі, жанрлық сипаты, тегі мен дамуы, тарихи өлеңдердің өзге жанрлардан айырмашылығы туралы құнды-құнды ой қорытындылары жасалып, бұрын зерттелген тарихи жырлармен қоса, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Олжабай батырлар туралы жырлардың қатарында «Досан батыр» жырын да талдауға орын берілген.
Ғалым М.Атымов батырлардың ойы мен арманы ел мұңы, халық тағдырымен бірге болғандықтан, қазақтың батырлар жырының айтпақ болған идеясы мен мазмұнының бұзылмай сақталуы халықтың көкейіне қонып, оның мұң-мұқтажымен тығыз бірлікте ұштасып жатқандығында екендігін баса айта келіп, «Бұрынғы қазақтың ауыз әдебиетіндегі батырлар жырындағы кейіпкерлер кейінірек келе 18-19 ғасырларда тарихи шындықта болған Сырым, Исатай, Махамбет, Бекет, Иса мен Досан тағы басқа сол сияқты батырлар бейнесімен ауысты. Бұл батырлар бұрынғыға қарағанда шындық өмірге біршама жақындай түсті» [2, 7] дейді.
Зерттеу еңбектердегі пікірлерге сүйене отырып әдебиет зерттеушілері тарихи жырларда белгілі мөлшерде тарихи шындықтың ізі сақталатындығын жоққа шығармайды деуге болады.
ХІХ ғасырдағы халық қозғалыстары тарихи жырлардың тиісінше орын алып, көптеген жыр-дастандарға арқау болған.
Халық көтерілісін басқарған Исатай Тайманов, Махамбет Өтемісов, Бекет Серкебаев, Досан Тәжиев, Жанқожа Нұрмұхамедов, Өтеген Өтелұлы, Саурық Стамбекұлы, Сұраншы Ақынбекұлы тәрізді даңқты батырлардың қаһармандық ерлігі, қолбасшылық рөлі жайында жырдастандар туды.
«Тарихта аты мәлім батырлар хақындағы жырлар, Балуанияз батыр туралы, Ер Қармыс туралы Қалнияздың, Досан батыр туралы Сәттіғұлдың, Исатай, Махамбет туралы Ығылманның дастан, жырлары – бәрі де елі үшін құрбан болған ерлер ісін елеусіз қалдырмау мақсатында туған» [3, 42].
Тарихи жырларда сөз болатын өзекті мәселе – өмірде нақтылы болған әлеуметтік, саяси оқиғалар.
Қазақтың ауызша үрдістегі әдебиетіндегі тарихи жырлардың көпшілігін алсақ, ел өміріндегі болған тарихи оқиғалармен тығыз байланысты. Оған ХҮІІІ ғасырда жасалған Абылай, Қабанбай, Бөгенбай, Жәнібек, Олжабай, Өтеген, Сырым турасындағы жырлар дәлел.
Тарихи жыр мен аңызда жаңа әлеуметтік-экономикалық жағдайға, жаңа дүниетанымдар мен талаптарға сәйкес келетін өмірде болған және тарихи прототипі бар кейіпкер көрсетіледі. Оның іс-әрекеттерін бейнелеуде реалистік суреттеулермен қатар, фольклордың дәстүрлі элементтері де қолданылады. Бұдан біз, біріншіден ауыз әдебиетіндегі дәстүр жалғастығын, екіншіден фольклор дәстүрінің өте беріктігін, ұзақ жасайтындығын көреміз. Образ жасауда реалистік өрнектер мен фольклордың дәстүрлі элементтері бірімен бірі қатарласып, тығыз байланысып тұрады. Біріне бірі ықпал етеді. Соның нәтижесінде өзіндік өзгешелігі бар жаңа өрнектер туады.
Сонымен, тарихи жырлардың негізгі тақырыбы – елді ішкі, сыртқы жаулардан қорғау, тәуелсіздік үшін күрес. Патша өкіметінің 1868 жылғы «Уақытша ереже» патша қысымына қарсы шыққан халық көтерілісін баяндайтын тарихи жырлардың бірі – «Досан батыр» дастаны Маңғыстау маңында болған 1870-73 жылдардағы оқиғаға байланысты туған.
«Маңғыстау» энциклопедиясында да Қазақ халқының тарихындағы Сырым, ИсатайМахамбет, Кенесарыдан кейінгі үлкен бас көтерулердің қатарына жататын Иса мен Досан бастаған Маңғыстау шаруаларының патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы күресі көтерілісі екендігі ашып көрсетілген.
Бұл деректер көтерілістің шын мәнінде өзіне лайықты бағасын алуына бірден бір дәлел көзі бола алады.
Сондай елеулі шығармалардың санатында халық ақыны С.Жанғабыловтың «Досан батыр» туындысы мен бірсыпыра тарихи тақырыпқа арналған толғаулары мен дастаны бар.
1870-1873 жылдардағы патша үкіметінің отарлаушылық саясатына қарсы шыққан көтеріліс басшыларының бірі, халық батыры Досан Тәжіұлы туралы нақты тарихи деректер бар. 1935 жылы Бозашы түбегінің Жиделі деген жерінде дүниеге келіп, 11.02.1876 жылы Форт Шевченко қаласында түрмеде қайтыс болады. Сүйегін Форт Шевченкодан туған жері Бозашыға Сәттіғұл ақынның әкесі Жанғабыл бастаған бір топ ел ақсақалдары мен азаматтары Қаратөбе қорымына әкеліп жерлейді. Қазіргі таңда батыр бейіті үстіне күмбез-ғимараты көтерілген. Маңғыстау ауданының орталығы Шетпе кентінде орталық демалыс алаңының ортасында Досан батырға ескерткіш қойылған.
«Досан батыр» жырының авторы Сәттіғұл Жанғабылов екендігін нақтылайтын пікірлер Қазақстан ұлттық энциклопедиясында, Қазақ әдебиеті тарихында (А.,1961,1т,2к), «Қазақ тарихи жырларының мәселелері», Қ.Сыдиықұлының «Ақын жыраулар», «Сарқылмас қазына» (1996) монографиялық еңбектерінде талданады.
Қазақстан Ұлттық энциклопедиясының III томында З.Дүкенбаеваның Досан батыр туралы мәліметімен қоса, белгілі әдебиеттанушы ғалым С.Қорабаев Сәттіғұл Жанғабыловтың ел аузындағы аңыз, әңгімелерге сүйене отырып «Досан батыр» жырын шығарғаны туралы айта келіп, бұл шығарма халық арасына кең таралып, отарлаушылық езгіге қарсы бас көтерудің тарихи шындығын көрсеткен көркем шығармаға айналғандығын, «Досан батыр» жыры өзінің оқиға желісінің тартымдылығымен және көркемділігімен, тарихи деректерінің нақтылығымен ерекшеленетіндігін көрсеткен.
Тарихшы ғалымдар Е.Бекмаханов пен Н.Бекмаханова да еңбектерінде Маңғыстаудағы көтерілістің себептерін, жалпы сипатын, қамтыған территориялық көлемін, басшыларын, жеңіліске ұшырауын, көтерілісшілердің жазалануын тарихи нақты деректер көзімен баяндай келіп, Маңғыстаудағы шаруалар көтерілісі – отарлық езгіге қарсы шаруалар көтерілісі болғандығы жөнінде баға береді. Авторлар көтерілістің басталу себептерін өкімет орындарының салық төлемін өсіріп, шаруашылыққа тиімді жазғы жайылымдарының зорлықпен тартып алынуынан елдің ашу ызасы мен наразылығының өршуінен болғандығын көрсетті.
Ата-бабаларымыз арман еткен азаттықтың ақ туын аспандата көтеру арқылы бодандықтың бұғауына бойсұнғысы келмей әбден титықтап, күш-қайраты қайтқанша арпалысып өткен аруақты батыр Досанның бейнесін Сәттіғұл ақын Досан батырдың арманы арқылы кең байтақ қазақ өлкесінің қашан да бабаларымыздың қасиетті бойтұмарындай сақталып, ұрпақтарға мұра болып беріліп, алып елдің басты қазынасы ретінде асыл игілігі екендігін жеткізген. Батырдың бабаларымыз заманында білектің күшімен, найзаның ұшымен жанұшыра қорғап, ұлтарақтай жерді де жат қолына беріп, жау табанына таптаған қасиетін сақтаушы образымен сомдаған.
Осы тұста Ы.Шөреков сомдаған Исатайдай басшыға қосшы болып, ақтық демі біткенше азаттық армандап өткен Махамбеттің, Базар Оңдасұлы жырлаған 1860 жылғы патша өкіметіне қарсы бас көтеруге басшылық еткен, айдынынан айырылса да айбыны жығылмаған Сыздық төренің, Сәттіғұлдағы ел тарихын беретін ерлік дастанын тудырған Досан батыр тұлғаларында бір-бірінен айырғысыз ұқсастықтар барлығы айқын.
Сыздық сұлтан 1860 жылы Ұзынағаш маңында орыс генералы Колпаковскиймен соғысып, жеңіліс тауып, тобы тоз-тоз болып ыдырап, күйзеліске түсе бастағанда, бауырлары Ахмет пен Тайшық сұлтандар орыс жағына берілгенде, Сыздық төренің жаны күйзеліп, Атабабамыздың ұстаған жолын тастап орыс жағына шықпаймын, олар Қоқанды алса, Бұхарға барамын. Егер Бұхарды да алса, онда басқа да мемлекеттер бар ғой, кез-келген бір мұсылман еліне барармын. Қалайда ата-баба жолынан ауытқымаймын» [4, 23] дейді.
Осыған ұқсас жайт сенімді серіктерінің көбінен айырылып, сергелдең күйге түскен кезең Досанның басынан да өтеді.
Ол жанындағы серігі Исаның ояздан кешірім алып, елге оралу туралы ұсынысынан бас тартатын жыр жолдарынан келтірілген үзіндідегі екі батырдың арасындағы диалогтан ерекше рухани жақындық, батырлардың бойына қанымен келіп, жанымен кететін, алған бетінен, көздеген мақсатынан тегеуірінді жолмен бұрылмай жүру салтын ұстанған қайтпас қайсарлық қасиеттерін бойларына тұтасымен сыйдырған өр тұлғаларында айрықша байланыс пен ерен ерліктің үлгісін көреміз.
Ақын жырлауындағы Досанның сол ұлы бабалар қанымен келген қалыбында Жерім – Отаным деген ұраны болып, Жерден айрылса Отаннан айрылатынын, Отаннан айрылса барлығынан қол көтеріп шығатынын ұлылықпен ұғынғандығын шебер бейнелеген. Сол ұлылық қасиет келешек бүгінгі ұрпаққа ұласатындығына ақын сенімді болған. Бәрінен бұрын бұған тарихта осындай ерлік жасап, атына шаң жуытпай өткен қаһарман ер Досан сенімді болған.
Жырда көне эпикалық жырларға тән суреттеу үлгілері, қалыпты формаға негізделген халық ауыз әдебиетінің белгілері едәуір кең көлемде кездесіп отырады.
Академик С.Қирабаев қазақ халқының ел бірлігі мен тәуелсіздігі жолындағы күресінде сандаған ақылгөй даналар мен ержүрек батырлар қазақ қоғамы дамуының барлық кезеңінде де көп шыққандығына мысал келтіре отырып, Досан батыр бастаған көтерілісті де атап өтеді.
Ғалым осы еңбегінде «Тарих пен әдебиет егіз. Олар бірін-бірі толықтырып, тарих сабағын кейінгі ұрпаққа қатар жеткізіп отырады. Тарихи деректерге сүйенсек, әдебиет сол тарихи оқиғаларды суреттеп, бейнелеп жеткізеді. Сондықтан қазақ халқы бастан кешкен оқиғалардың көбі тарихи мәліметтерде ғана емес, халықтың ауызша шығарылған әдебиетті үлгілері мен тарихи дастандарында, аңыз-әңгімелерінде, жырларында сақталған»[5, 103], – дей келіп, әдебиетін, жырын халықтың рухани серігі етіп сақтап келген қазақтардың ең алдымен тарихи жырларға ерекше мән бергендігін айтады.
Е.Ысмайловтың: «Тарихи оқиға, тарихи батыр өмірі неғұрлым оның ізі суымаған бертіндегі дәуірде өтетін болса, оны жырлаушы ақын анығына әбден қанатын болса, соғұрлым ол шығармада эпостық жырдың элементі аз болады, соғұрлым реализм элементі басым, айқын беріледі» [6, 172] деген пікірінің «Досан батыр» жырына қатысты біраз тұстарын аңғарамыз.
Бұған қоса, тек шығарма мазмұны ғана емес, Досан батыр бейнесінің берілуінде де соншалықты ертегілік сипат байқалмайды. Демек, А.Шәріптің: «…жыраулық поэзиядағы батыр – эпостағыдай «отқа салса – жанбайтын, суға салса батпайтын», «атса – мылтықтың оғы өтпейтін, шапса – қылыштың жүзі кеспейтін» кейіпкер емес, кәдуілгі жұмыр басты, екі аяқты, кеудесінде шыбын жаны бар пенде» [7, 89] деген пікірінің осы орайда айтылғаны анық.
Сонымен, «Досан батыр» дастанында өмірде орын алған оқиғалар желісі онша көп өзгеріссіз сипатталғанын көреміз. Осы жырдың тарихилығына аз-кем тоқталып өткен А.Бүркітбаева да ақынның батыр бейнесін сомдауда сараңдық танытқандығын айтады.
Тарихи зерттеу еңбектерде Сырым, Исатай-Махамбет, Кенесарыдан кейінгі үлкен бас көтерулерге жататын Иса-Досан бастаған Маңғыстау шаруаларының патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы көтерілісінің жалпы сипаты тарихи деректер мен құжаттарға сүйене отырып баяндалады
Архив материалдарын ұзақ уақыт зерттей жүріп, аталмыш көтеріліс туралы алғашқы толымды еңбек берген көрнекті ғалым М.Тұрсынованың көтерілісшілер, оның басшылары туралы кезінде жазғаны белгілі.
Сондай-ақ, қолға түскен Досан мен оның жолдастарына мемлекетке аса қауіпті қылмыскер ретінде қатаң режиммен қарап, оларды жеке, салқын әрі сызды қараңғы камераларда аш-жалаңаш, төсенішсіз ұстағандығы М.Тұрсынованың, Ә.Спановтың, С.Әділхановтың еңбектерінде нақты тарихи дерек көздерімен дәлелді жазылған еді.
Осы жырдың жазылу тарихына қатысты деректердің бірі – ауыл арасында ақын бала атана бастаған Сәттіғұлға сөзден маржан терген, жез таңдай «От ауызды, орақ тісті» атанған Мәтжан би: «Саған еліміздің басынан өткен ауыр оқиғасының бірін айтып берейін, соны жеті күнде дастан етіп кел» деп, Иса–Досан көтерілісі туралы мәліметтер арқылы тапсырма береді. Сондағы Сәттіғұлдың жырлағаны – «Досан батыр» жырының алғашқы нұсқасы екен.
Сәттіғұл өз аузымен айтатын естеліктерінде дастанды әр жерде қысқаша толғап жүріп, 1939 жылы дастан дәрежесіне жеткіздім делінеді. Сәттіғұл бұл кезде 63 жаста болған. Ал, Мәтжан би 1841 жылы туып, 1929 жылы дүниеден өткен. Сонымен Сәттіғұл мен Мәтжан бидің арасындағы жас айырмасы 35 жыл болып шығады.
Ал, «ақын бала атана бастаған бозбала Сәттіғұл» әрі дегенде 17-19 жастар шамасы болар. Демек, бұл дастанның негізі ХIХ ғасырлардың аяқ жағында-ақ, яғни, 1892\95 жылдар шамасында-ақ Иса-Досан бастаған халық көтерілісі оқиғасына қатысты туындының ақын аузымен жырға айналып айтыла бастағанын аңғартады.
Ақынның әкесі Досан батырмен өте жақсы таныс болғандығы, оны қатты құрметтеп, қадірлеп, аузынан тастамай отырғандығы :
«Тәжіұлы Досан батыр мен Тіленбайұлы Иса, Шабайұлы Сүгірлер 1870-1873 жылдары патшаға қарсы халық қозғалысын бастаушы қаһармандар еді. Досан ереуілі менің туып-өскен жерім Маңғыстауда болды. Оқиға мен тумастан үш-ақ жыл бұрын болған. Досан батыр өлгеннен кейін батырдың сүйегін Досан ереуіліне қатысқан әкем Жанғабыл жерлесті. Зират Маңғыстауда Қаратөбе дейтін жерде. Досан туралы әкем талай айтқан. Ол көтеріліс жайын жақсы білемін»[8,11],- деген сөздері нақты дәлелді айғақтап алдымызға тартады.
Белгілі әдебиет зерттеушісі, ғалым Б.Шалабаев 1948 жылы «Қазақ әдебиеті тарихының» І томында Сәттіғұлдың «Досан батыр» дастанының қысқаша мазмұнын баяндап өтіп, жырға арқау болған тарихи оқиға себебін, қақтығыстар болып өткен территорияларды нақты фактілермен ұштастыра дәлелдеп, жекелеген басты кейіпкерлерін де өмірдегі прототиптерімен салыстыра мінездеме беріп, жалпылама талдау жасап шыққан. Бірақ ғалымның қандай мәліметке сүйенгені белгісіз: «Осы көтерілісті сипаттайтын тарихи жырдың бірі – «Досан батыр». Бұл жырды 1939 жылы ел аузынан жазып алған Маңғыстауда тұратын халық ақыны Жанғабылов Сәттіғұл» деп жыр авторы туралы теріс түсінік беріп өткен[9, 48].
Дей тұрғанмен, осы ғылыми зерттеу еңбегіндегі: «…Бұл қасиет Досанды көпшілікке аса сүйкімді адам еткенге ұқсайды. Сондықтан да халық Досанға ескерткіш ретінде осы дастанды шығарды» [9, 52], деген жолдар да ғалымның қолында жырдың шынайы авторы Сәттіғұл Жанғабылов екендігін растайтын нақты дерек болмағандығын айқындай түседі.
Кейін 1977 жылы жарық көрген М.Турсынованың «Казахи Мангышлака во второй половине ХІХ века» атты монографиялық еңбегінде: «Вести о мужестве Досана из каземата доходили до народа. Поэт Саттыгул, воспевший восстание 1870 г., считает его первым руководителем движения…» [10, 89], – деуі Сәттіғұл ақынның аталмыш көтерілістің басшысы Досан деп тануын ғана емес, сол көтеріліс туралы дүниеге келген «Досан батыр» жырының авторы Сәттіғұл екендігіне де ақынмен тікелей араласы жоқ ғалымдар қауымының да тануының белгісі деп қабылдауға болады.
Сондай-ақ, 1979 жылы жарық көрген «Ақын-жыраулар» атты ақын-жыраулардың өмірбаяндық мәліметтері мен библиографиялық деректері берілген жинақта да ақынның Маңғыстаудағы Досан Тәжиев бастаған халық көтерілісін «Досан батыр» дастанында суреттеп жырға қосқандығын, қазақ әдебиетіне қосқан үлесін айқындап көрсеткен.
Оның шығармашылық жолымен таныс адамдардың барлығына да Ресей отаршылдарына қарсы азаттық күресте қол бастап, жау қайтарған халық батырының ерлік өмірі мен өкінішті өлімін жыр етіп, «Досан батыр» атты көлемді дастан шығарып, қалың елге таратқан Сәттіғұлдың тегін өнер иесі емес екендігі белгілі.
Шындығында, Маңғыстау өлкесінің ақын шығармаларын қадірлеп, құрметтейтін еңбектеген баласынан, еңкейген кәрісіне дейін талассыз, дау-дамайсыз «Досан батыр» дастанын Сәттіғұл Жанғабылов мұрасы деп біледі.
Себебі, жастайынан ақын шығармаларын тыңдап өскен, жаттап өскен өскелең өрендер бүгінгі күнде «кәрі құлақ, көне көз» аталатын қариялар қатарына еніп, өткен күндер өрнегінде із қалдырып, сыр шертетін шежірелер шындығымен дәлелдей алады.
Ақын мұрасына жанашырлық танытушы С.Мұқанов, Ә.Сәрсенбаев, Х.Ерғалиев,
Ә.Кекілбаев, Қ.Сыдиықов, Ж.Тілепов, Ж.Жылқышиев, С.Нұржанов, А. Бектұрғанов, М.Әбдіхалықов, М.Атымов, Б.Қорқытов, А.Әбдіров, Т.Малаев, С.Хайдаров, Ш.Әленов,
Т.Шайкөзов, О.Бәлдеков, О.Ізбасаров, У.Қайралапов, Ө.Алшынбаев, Е.Оразақов, Т.Медетбеков, Д.Хасанов, М.Бимағанбетов, Ә.Қонарбаев, Қ.Досболов сынды жазушы-ақын, журналистер ақын мерейтойлары қарсаңында мерзімді баспасөз беттерінде жарық көрген мақалалары, зерттеулері кейбір өлеңдерінің шығу тарихы туралы мәліметтері мен естеліктері осының бұлтартпас айғағы.
Сондай-ақ, белгілі ғалым Қ.Сыдиықұлы ақынның барлық шығармалары толығымен енгізілген «Аманат» атты жинағына жазған «Халық жыршысы» атты алғысөзінде ««Досан батыр» Сәттіғұлдың өзі шығарған төл шығармасы. Сәттіғұлдан бұрын ел аузында Қазақстанның батыс аймағында ондай шығарма болмағандығын бүгінгі көзі тірі ақын, жыршылар, бүкіл ел растайды және ақынның 1952 жылы қаңтардың 20 жұлдызында Қазақстан Жазушылар Одағына жазған хатындағы «1948 жылы шығарылған «Қазақ әдебиеті тарихы» кітабында менің бұл шығармамды «1939 жылы ел аузынан жазып алған Жанғабылов Сәттіғұл» деп теріс айтылғанына, өз шығармамды бөтеннің сөзі дегеніне ренжіп, қынжыламын. Досан батыр туралы жыр ешкімнен жазылып алынған емес, 1939 жылы өзім шығардым… » деген жолдар дәлел.
Көркем шығармадағы тарихи тұлға образының, жалпы көркем бейне жасалудағы алуан түрлі амал-тәсілдері туралы көркем сөз үлгілерінің жиынтығын саралаған ғалым З.Қабдолов: «Әдебиеттегі геройлық дегеннің өзі – қоғамдық, адамдық биік мақсат жолындағы өрлік пен ерлікті, қайсарлық пен қаһармандықты жырлау. Адам рухының ұлылығын қастерлейтін әдебиеттегі геройлық сөз өнерінің ең сұлу һәм сырлы қасиеттерімен біртұтас. Бұл ретте геройлық образ – суреткердің ең биік идеалының, яки асыл мұратының көркем жинақталуы.
Геройлықтың қайнар көзі көп және әр алуан: әлеуметтік теңсіздікке қарсы күрес, туған елді жаудан қорғау, халықтың азаттығы жолындағы асқақ әрекеттер…» [11, 137]деп көрсеткеніндей, көркемдік әдіс тұрғысынан реалистік, әдеби тек тарапынан эпикалық, жасалу тәсіліне қарай геройлық образ ретінде қарастырылатын Сәттіғұл Жанғабыловтың «Досан батыр» дастанындағы Досан батыр бейнесі нанымды, типтік образ екендігін аңғаруға болады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1 Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. Т-17. – Алматы: Жазушы, 1985. –400 б.
2 М.Атымов. Қазіргі қазақ романдарындағы замандас бейнесі. Алматы, Білім, 1983. –40 б.
3 Сыдиықұлы Қ. Біртума жыр саңлақтары./ХVIII- ХХғғ/ 2001. – 268 б.
4.Кенесарыұлы А. Кенесары және Сыздық сұлтандар. [Аударған Ғ.Ахмедов]. –Алматы: Жалын, 1992. – 48 б.
5 Қирабаев С. Әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері. – Алматы: Білім, 1995. – 288 б.
6 Ысмайлов Е. Ақындар. –Алматы: ҚМКӘБ, 1956. – 40 б.
7 Шәріп.А Қазақ поэзиясы және ұлттық идея. – Алматы: Білім, 2000. – 336 б.
8 Әділханұлы С. Досан батыр. –Ақтау, 1998. – 122 б.
9 Қазақ әдебиетінің тарихы I-Т. –Алматы: ҚазМембаспа, 1948. – 438 б.
10 Турсунова М. Казахи Мангышлака во второй половине ХIХ века (Вопросы социальноэкономической и политической историй). – Алматы: Наука, 1977. – 184 с. 11.Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы: Қазақ университеті, 1982. – 352 б.
А.Т.Жеткизгенова
ПОЭМА «ДОСАН БАТЫР» И СООТВЕТСТВИЕ ИСТОРИЧЕСКИХ СОБЫТИЙ
В поэме народного поэта Саттыгула Жангабылова«Досан батыр» изображены исторические события, являющиесяактуальной проблемой исторических поэм– социальные, политические события, имевшие место в реальности и происходившие в ХІХ векенародные волнения, занявшие свое место в исторических поэмах и послужившие основой многих эпосовдастанов.
A.T.Zhetkizgenova
POEM «DOSANBATYR (HERODOSAN)» AND CONTORMITY
HISTORICAL EVENTS
The main issue in the historical poems – actual social, political happenings, folk’s uprisings in the
ХІХ century which played role and was a core subject for many poet’s creations were mentioned in Sattigul Zhangabylov’s “Dosanbatyr” work.