А.А. Букаева
Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті Көкшетау, Қазақстан anar-bukaeva@mail.ru
А. ӘБДІРАХМАНОВ, О. СҰЛТАНЬЯЕВ СӨЗДІГІНДЕГІ ТҮР-ТҮСКЕ
ҚАТЫСТЫ ТОПОНИМДЕР
Мақалада тіліміз бен тарихымыздың құнды қазынасы, мәдени мұраларымыздың қайнар көзі болып табылатын ономастиканың бір саласы топонимдердер туралы айтылып, олардың түр-түсті білдіретін сын есімдер арқылы жасалу ерекшеліктеріне тоқталып, елді мекен атаулары құрамындағы түр-түстің беретін мағынасы жайлы ой қозғалады.
Түйін сөз: колоративті лексика, ороним, агрооним, ойконим, гидроним, дримоним, лимноним, комоним, сын есім, атау, қызыл түс
Кез келген елдің жер-су атаулары оның тарихы, ұлттық коды ата-бабадан қалған асыл мұрасы екендігі белгілі. Ғылыми еңбектерде жер-су атаулары топонимдер деген термин арқылы беріледі. Топоним өз ішінен зерттелетін географиялық нысандардың көлеміне не мөлшеріне қарай макротопонимдер, мезотопонимдер, микротопонимдер деп топтастырыл жүр.
Қазақ тіліндегі топонимика мәселесімен айналысып жүрген ғалымдар: Ғ.Қ. Қоңқашпаев,
Е. Қойшыбаев, Т. Жанұзақов, А. Әбдірахманов, Ә.Т. Қайдаров, В.Н. Попова, О.А. Сұлтаньяев, Қ. Рысберген, Н.Баяндин т.б. Сондай-ақ, Г.Б. Мәдиева, С.Қ. Иманбердиева, Д.Б. Мадиевалардың «Ономастика: зерттеу мәселелері» атты еңбектерінде топонимдердің зерттеу нысаны бүге-шігесіне дейін топтастырылып қарастырылған. Ғалымдар топонимдерді алдымен ороним (жер үсті қабатындағы нысандар атауы), спелеоним (жер асты қабатындағы нысандар атауы), хороним (аймақ атауы), агрооним (жер бөлімшелерінің атауы), гидроним (су нысандарының атауы), экклезеоним (монастырь, шіркеу атауы), ойконим (елдімекен атауы), дромоним (кез келген байланыс жолдары атауы), некроним (жерлеу орындары атауы), дримоним (орман, алқап, тоғай атауы) деп бөлсе, гидронимдерді өз ішінен потамоним (өзен атауы), лимноним (көл, көлшік атауы), гелоним (саз, батпақ атауы),океаноним (мұхит не оның бөліктерінің атауы), пелагоним (жер үсті қабатындағы нысандар атауы) деп бөлсе, ойконимдерді астионим (қала атауы), урбаноним (қала атауы), комоним (ауыл атауы) деп жүйелеп топтастырған [1, 11]
Топонимдер туралы этнограф А.Сейдімбеков: «Белгілі бір өңірдің топониміне қарап, сол өңірді мекен еткен ұрпақтың тарихы туралы, тіршілік көзі жайында, ой-өресі хақында, тіптен сезім сұлулығына дейін тамаша хабардар болып, белгілі бір қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Ең бір елеусіз деген географиялық атаудың астарында тұтас романға бергісіз шытырман тарих тұнып жатуы кәдік»,– дейді [2,72.]. Ғалымның бұл пікірінен топонимдердің қалыптасуына әсер ететін факторларды анықтауға болады. Атап айтар болсақ, біріншіден, сол елді мекен орналасқан жердің табиғаты, екіншіден, сол елді-мекеннің тарихы, үшіншіден, жергілікті халықтың басқа этноспен қарым-қатынасы, бесіншіден, сол елді мекеннің салтдәстүрі арқылы ұлан байтақ қазақ даласындағы жер-су атауларының яғни топонимдердің қалыптасуына әсері ерекше. Бұл туралы доцент Р.Ж.Қияқова «Атаулар сыры: гидронимдер су нысандарының атауы» атты мақаласында: «Топонимдердің барлық салалары тереңірек зерттеліп жатыр. Ендеше топонимдерді ұлттың тарихи шежіресі десек қателеспейміз. …Кез келген жер-су әрі басқа да атаулар әр ұлттың өзіндік ерекшелігін танытуы тиіс. Егер ұлт өзінің кодын, генетикалық жадын сақтап қалмаса, тамырын құрт байлаған бәйтерек сияқты салтдәстүр, әдет-ғұрып, ел, жер тарихына сүйенбеген халық ұзаққа бармайды…. », – деп атап өткен [3, 299]. Халық тілі мен мәдениетінің байлығы, мәңгілік тарихи мұрасы не десе, сол жердің жер-су атаулары деп жауап берер едік. Себебі жер-су атаулары – халқымыздың этномәдени құбылыстарын зерттеу үшін құнды дерек. Жер-су атауларының қалыптасуы мен дамуында лингвистикалық фактормен қатар табиғат құбылыстарының, жер бедері мен көрік келбетінің ерекше сипаты, көріністері, қоғам өміріндегі тарихи, әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістер елді мекен атауларында көрініс берері сөзсіз.
Ал біздің қарастыратынымыз – А.Әбдрахманов пен О.А. Сұлтаньяевтың «Көкше өңірінің жер-су атаулар сөздігіндегі» түр-түске байланысты топонимдердің берілуі.
Колоративті лексика – қазақ тіл білімінде ерекше назарға ілінген мәселелердің бірі. Түртүстердің шығу төркіні жайлы мәселеге байланысты ғалымдар тарапынан әр түрлі көзқарастар айтылып, қилы-қилы болжамдар жасалған. Жер-су аттарында жиі кездесетін түр-түс атаулары сол ұғымдардың әртүрлі табиғи жағдаймен сәйкестігін, географиялық ерекшелігін, бағытбағдарын, орын-жайын анықтауға қатысты қолданылады.
Қазақ тіліндегі жер-су атауларының құрамында кездесетін түр-түс аттары көптеген жағдайда дүниенің төрт бұрышын, батысы мен шығысын, оңтүстігі мен солтүстігін, сондайақ белгілі бір географиялық нысанның, екінші бір нысанға қатыстығын, алыс-жақын, жоғарытөмен болып орналасуын анықтауы тек қазақ тіліне немесе тек қазақ халқына ғана тән ерекшелік деп қарауға болмайды. Бұл бүкіл түркі әлеміне ортақ көне замандардан келе жатқан космогониялық, геосимволдық дәстүр болып табылады [5, 1].
Қазақ халқының құрамындағы ру тйпалары мен адам аттарына назар аударсақ бұл салада да бір түстің өте жиі қолданылатынын көреміз. Топонимдер мен этнонимдерді зерттеуші ғалымдар түр-түстің табиғатына көптен бері ерекше назар аударуда. Оны бұл салада да ауыспалы мағынада, заттанған геосимволикалық мәнде қолданылатынын анықтаған болатын
[10, 113 ].
Осындай қолданыстарды біз А.Әбдрахманов пен О.А. Сұлтаньяевтың «Көкше өңірінің жер-су атаулар сөздігіндегінен» байқадық. Мысалы, топоним түрлерінің (жер, су, тау, қала, мекен, дала т.б.) бәрінде де кездесетін «Ақ» компонентті жер – су атауларына тоқталсақ, ақ сөзі түркі тілдерінде ақ//ах//ағ//а: қ формасында қолданылып, бір-біріне жақын үш топтағы мағынаны аңғартады: 1) «ақ» деген негізгі түстік мағына («белый»); оның төңірегіне: ақшыл, көздің ағы, жұмыртқаның ағы, (керегі жоқ)т.б. мағыналар туған; 2) «ақ» сөзінің ауыс мағыналары: кіршіксіз таза, кінәсіз, ақжүрек, адал; 3) керемет, тамаша, ғажайып. Біз қарастырып отырған сөздікте осы ақ сөзімен берілген, мысалы, «Акбалтыр», «Ақбалшық», «Ақбалшыққазған», «Ақбас», «Ақбұлақ», «Ақбура», «Ақдала», «Ақдөң», «Ақкөл», «Аққозы», «Аққұдық», «Аққуыс», «Ақмола», «Ақсораң», «Ақсу», «Ақтас», «Ақтасты», «Ақтау», «Ақтөбе», «Ақтөбеми», «Ақтомпақ», «Ақтұзсай», «Ақтүйе», «Ақтүйесай», «Ақшарбақ», «Ақшоқ», «Ақшоқы» деген бірнеше топонимдерді кездестірдік. Осы сөздіктегі Солтүстік Қазақстан облысы, Уәлиханов ауданы, Көкшетау – Омбы автомобиль жолының бойында кездесетін елді мекен атауы Ақтүйесай ойконимнің бір түрі комонимге: «Ақ / сын есім / + түйе / зат есім / + сай / зат есім / сөздерінің бірігуінен жасалған. Қазақ тілінде түйетайлы деген сөз бар, мағынасы тіп-тік емес, ылдилау, еңістеу жер дегенді білдіреді. Бұл жерде, шынында да, түйетайлы болып келген сайлар бар. Ендеше атаудың құрамындағы түйе сөзі жантақтау, ылдилау, тік емес дегенді білдіреді. Жері шаң басып, соры шығып ағарып жатады. Атаудың мағынасы топырағы ағарып, ылдилап жатқан сай», – дегенді меңзейді» [9,15 ]. Сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданы, Тельман атындағы совхоздың бөлімшесі Ақбалтыр ойконимнің бір түрі комоним туралы атаудың қойылуы жайында мынадай дерек бар деп тарихқа шолу жасай отырып: «Соғыстың сұрапыл жылдарында тап осы алқапта егін салатын. Қол күшіне иек артқан кезең емес пе, ауылдың қыз-келіншектері қоңыр күзде етектерін белдеріне қыстырып алып, қол орақпен піскен егінді орып, баулайды. Сонда ақ балтырлары жалт-жұлт етіп, су бетінде шоршыған ақ сазандай көз қариды. Содан осы өңір Ақбалтыр атанып кеткен». Ал Т.Қажыбаев «Атау-тарих, абайла!» деген мақаласында: «Бұл жерде жіңішке ақ қайыңдар да шоқ-шоқ болып өседі. Сондықтан мұндай жас қайыңдардың діңі ақ балтырға ұқсап, самсап тұрған көрініске байланысты атау болуы да мүмкін», − дейді
[9,11 ].
Сонымен қатар ғалымдардың сөздігінде ала сын есімімен «Алаайғыр», «Алабие», «Алабота», «Алакөл» деген гидронимнің бір түрі лимноним, пелагоним және ойконимнің бір түрі комонимдер берілген. Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданында орналасқан лимноним Алабие – төбе. «Ала / сын есім / + бие / зат есім / сөздерінің бірігуінен жасалған атау. Мағынасы бұл төбеде ала биеге байланысты бір оқиға болғанын білдіреді» [ 9, 17].
Сол сияқты Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданындағы Алабота совхозының оңтүстік-батыс жағында 18 км жерде орналасқан ұзындығы – 2,3 км. лимноним Алакөл – көл атауы. «Ала / сын есім / + көл / зат есім / сөздерінің бірігуінен жасалған. Мағынасы көл бетінің бір жерінде қамыс-қоғасы көрініп жатса, бір жері жылтырап жатқанын, яғни ала болып жатқанын білдіреді. Елді мекен атауы көл атына қойылған» [9,17].
Қазақ әдет-ғұрпында, салт –дәстүрінде қасиеттілікті білдірумен қатар, қайғы-қасіретпен ассоциацияланатын қара түс жайлы Б.Р.Хасенов пен А.С. Әділова «Түр –түс атауларының шығуы туралы» мақаласында Қара түсті М.Қашқаридың сөздігінде қарақ сөзінен шығып, көздің қарашығы, көз мәнінде түсіндірілгендігін айтады [4,6]. Қазақ халқының ежелгі дүниетанымында дүниені төрт бұрышты деп түсініп, әр тұсқа өзіндік таңбалық түс бергені белгілі. Солтүстікті бейнелейтін қара түс те А.Әбдрахманов, О.А. Сұлтаньяевтың «Көкше өңірінің жер-су атаулар сөздігіндегінен» орын алып қара түсі өзінің алғашқы сын есімдік мағынасында берілген. Аталмыш сөздікте бір ғана қара түспен он жеті елді мекен атауы берілген: «Қараағаш», «Қарабие», «Қарабұлақ», «Қарағай», «Қаракөл», «Қарақамыс», «Қарамырза», «Қараөзек», «Қараөткел», «Қарасай», «Қарасор», «Қарасу», «Қаратал», «Қараауылтау», «Қараүңгір», «Қарашілік», «Қарашоқ». Ойымызды нақтылау үшін, бірнеше топонимге тоқталайық. Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданында орналасқан Қарақамыс ойконимі «Қара / сын есім / + қамыс / зат есім / сөздерінің бірігуінен жасалған. Мағынасы бұл жерде қара құрақ құралас қамыс өсіп тұратынын білдіреді» [9,65]. Сол сияқты, Зеренді және Щучье аудандарының аралығында Дороговка селосының шығыс жағында 12 км. жерде орналасқан гидронимнің бір түрі лимноним – Қараүңгір туралы «тұйық көл, қара / сын есім / + үңгір / зат есім / сөздерінің бірігуінен жасалған атау. Мағынасы көл маңында қарайып жатқан үңгір бар екендігін білдіреді» [9,66 ].
Халқымыздың «Қой сүйеді баласын «қоңырым» деп,
«Ештеңені білмейтін момыным» деп …»
басталып, ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа ауызша жеткен төрт түліктің баласын сүюі деген жырында кездесетін қоңыр түс те осы сөздікте берілген. Солтүстік Қазақстан облысы Ғ. Мүсірепов ауданында орналасқан гидронимнің бір түрі лимноним Қоңырсу көлі, «Қоңыр / сын есім / + су / зат есім / сөздерінің бірігуінен жасалған атау. Мағынасы көлдегі су асты-үсті өсімдігі көп болып, балдырлары қоңыр болып су бетіне шығып жататын көрінісін білдіреді»
[9,71].
Сондай-ақ, сөздікте қызыл арқылы да бірнеше топонимдер берілген, мысалы, «Қызылағаш», «Қызылбалшық», «Қызылегіс», «Қызылқайнар», «Қызылкебеже», «Қызылсая», «Қызылсор», «Қызылтаң», «Қызылтас», «Қызылту», «Қызылұйым», «Қызылшоқ», «Қызылшілік». Қызыл түске байланысты ғалымдар арасында әртүрлі пікірлер бар. Нақтырақ тоқталар болсақ, Б.Р. Хасенов, А.С. Әділовалардың мақаласында белгілі топономист Е.Қойшыбаевтың қызыл сөзін тіліміздегі қысыл (тар, қысылу) етістігімен байланыстырады. Ғалымның мұндағы сүйенетін дерегі-Жоңғар және Іле Алатауларындағы шатқал аты-Қызылауыз («узкие ворота» мағынасында), деп көрсетеді де, көптеген ғалымдардың пікіріне сүйенсек, қызыл сөзінің түбірі- қыз: бірде етістік («краснеть», «пламенеть»), бірде сын есім мағынасында («красный», «багровый») екі ұдай қолданылған екен деген тұжырымға келіп, сын есім мағынасында қолданылғандығын дәлелдеу үшін қызар етістігін алып, боз — бозар, көк — көгер, ақ — ағар моделі бойынша талдаса да жеткілікті. Бұл жердегі түбір тек зат есім немесе сын есім ғана болуы керек. Сонда қазіргі қазақ тіліндегі қызыл сөзінің құрамындағы о бастағы дербестігін жойған «қыз» түбірінің төркіні айқындалмақшы. Ол тек қызыл түстің ғана емес, тіпті алабұртып, қызу қанды, сұлу реңді мағынасындағы «қыз» сөзінің шығуына да негіз болса керек деген кейбір пікірге тоқталады
[4,7].
Ал біз қарастырып отырған топономист ғалымдар А.Әбдрахманов, О.А. Сұлтаньяевтың «Көкше өңірінің жер-су атаулар сөздігіндегі» елді мекендер атауының құрамындағы қызыл түсті үш мағынада: бірінші өзінің алғашқы сын есімдік мағынасында болса, екінші кеңес одағының елдік белгісі және жас деген мағынада берген.
Зеренді, Щучье аудандарында орналасқан «Қызылағаш – шоқ ағаш, жер, Қызыл / сын есім / + ағаш / зат есім / сөздерінің бірігуінен жасалған атау. Қызылағаш қайыңның бір түрі болса керек, өйткені жас қайыңды қызылдау деп те атайды, ал бұл сөздің де түбірі – қызыл. Сонда атаудың мағынасы қайыңды шоқ ағаш дегенді білдіреді» [9,75]. Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданында орналасқан дримоним «Қызылшоқ– шоқ ағаш, Қызыл / сын есім / + шоқ / зат есім / сөздерінің бірігуінен жасалған атау. Мағынасы қызылдаудан /жас қайыңнан/ құралған шоқ ағаш дегенді білдіреді» [9,77]. Сөздікте берілген дримонимдер атауындағы қызыл түс жас деген ауспалы мағынада беріліп тұр. Ал келесі ойконимдердің бір түрі комоним Қызылту «Қызыл / сын есім / + ту / зат есім / сөздерінің бірігуінен жасалған атау. Кеңес Одағының елдік белгісі – қызыл туға байланысты қойылған атау» [9,77]. Сол сияқты, Еңбекшілдер ауданында орналасқан «Қызылұйым елді мекені – Қызыл / сын есім / + ұйым / зат есім / сөздерінің бірігуінен жасалған атау. Мағынасы советтік қызыл серіктік, бірлестік дегенді білдіреді» [9,77]. Бұл комонимдер құрамындағы қызыл түс кеңес үкіметімен байланыста берілген. Зеренді ауданында орналасқан Қызылегіс комонимі «Қызыл / сын есім / + егіс / зат есім / сөздерінің бірігуінен жасалған атау. Мағынасы қызылдардың егіні дегенді немесе бидайы қып-қызыл болып шығатын егістік жер дегенді де білдіреді» [9,76].Сонымен қатар Зеренді ауданындағы елді мекен Қызылқайнар құрамындағы «Қызыл / сын есім / + қайнар / зат есім / сөздерінің бірігуінен жасалған атау. Мағынасы қайнар бұлақ басының топырағы қызылтым екендігін білдіреді» [9,76].
Қазақ тілінде де, жалпы түркі тілдерінде де, сындық мағынада қолданылатын сары түстің негізгі түстік мағынасымен қатар көптеген ауыс мағыналары да бар екені белгілі. Профессор Р.Сыздықова «сары алтын» тіркесіндегі сары сөзінің мағынасы қоспасыз, таза деген пікір айтса, [8] ал топономист Е.Қойшыбаев «сар» сөзі топонимдік атаулармен тіркескенде көбінесе «айқын, кең, негізгі, басты» деген мағынада жұмсалатынындығына тоқталады [7].
Біз қарастырып отырған А.Әбдрахманов, О.А. Сұлтаньяевтың «Көкше өңірінің жер-су атаулар сөздігінде» Сарыбалшық деген жер атауы және Сарықопа деген көл атауы берілген осы атаулар құрамындағы сары түстің мағынасы сақталған. Сөздіктегі Сарыадыр елді мекен құрамындағы түс атауы сары деген сөз мағынасы сары дөң, сары дала дегенді білдіреді. Е.Қойшыбаевтың пікірінше кең деген мағынаны береді. Ал осы комоним құрамындағы Адырдың Қазақ тілінің түсіндірмелі сөздігінде мынадай мағыналарын түсіндіріп көрсеткен: Адыр зат есім. 1. Бір-біріне ұласып тұтасып жатқан биік қырқа, дөңес жер. Алыста, көз ұшында, адырдың бөктерінде әлде бір қарауытқан томар секілді бірдеңелер көрінеді. (Ж.Аймауытов, Шығ.) Міне анау адырдан асқан жиырма шақты кісі Әділ ауылына қарай қатты кетіп барады. (Ш.Құдайбердиев, Шығ) Қатпарлы адыр бер жақта, Қордай тауы ар жақта, Қу шоқыдан көрінер, Қарасаң шығып жан-жаққа (К.Әзірбаев, Таңд.шығ) 2. Геогр. Орта Азия мен Қазақстанның оң түстігіндегі шөл және шөлейттегі дөңесті және белесті аласа таулар. Айналасынан 100-400 метр биік болады. Көбіне оқшауланып келетін сайлы-жыралы, төбеліжонды бөктерлерді де адыр деп атайды. (Қ.Құрманов, физ.геогр.) 3. Алыс. Адам өмірінің бір келесі, кезеңі. Айырылмай жиырма бестің жалынынан, Алпыстың қарайды асқақ адырынан. Ақылмен сезім отын тұтастырып, Байсалды бір танбайды қалыбынан. (С.Мәуленов, Алыс кетіп.) [11,94].
Сол сияқты, Солтүстік Қазақстан облысы, Уәлиханов ауданындағы гидронимнің бір түрі комоним «Сарықопа Сары / сын есім / + қопа / зат есім / сөздерінің бірігуінен жасалған атау. Бұл жақта қопа деп қамыс, қоғасы қалың, асты қарыс болып келетін көл-көлшіктерді айтады. Атаудың мағынасы бұл көлдің топырағы немесе шөп-қоғасы, қамысы сарғайып жататынын білдіреді» [9,103].
Ал Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданындағы Сарыбұлақ комонимі құрамындағы «Сары / сын есім / + бұлақ / зат есім / сөздерінің бірігуінен жасалған атау. Мағынасы бұл жерде маңындағы топырағы сарғайып жататынын бұлақ болғандығын білдіреді» [9,102]. Сол сияқты, Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданында және Зеренді ауданында кездесетін гидронимнің бір түрі лимноним «Сарықамыс – көлі құрамындағы сары / сын есім / + қамыс / зат есім / сөздерінің бірігуінен жасалған атау. Атаудың мағынасы қамысы қалың және биік болғандықтан, оның орта шені әсіресе қыста сарғайып тұратынын білдіреді» Аталған комоним мен лимоним атаулары құрамындағы сары түс атауы өзінің алғашқы сын есімдік мағынасында берілген [9,102].
Ойымызды қорыта келе, топономист ғалымдар А.Әбдрахманов, О.А. Сұлтаньяевтың «Көкше өңірінің жер-су атаулар сөздігіндегі» топонимдер құрамындағы түр-түс атаулары олардың тек қана түр-түсіне байланысты емес, заттың көлеміне, сапасына, басқа да қасиеттеріне байланысты аталғандығын байқауға болады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1 Мәдиева Г.Б., Иманбердиева С.Қ., Мадиева Д.Б. Ономастика: зерттеу мәселелері – Алматы, 2016. – 160 б.
2 Сейдімбеков А. Күңгір-күңгір күмбездер: Сұлулық туралы сырлар. – Алматы, 1981. – 240 б.
3 Ш.Уәлиханов атындағы КМУ-нің Хабаршысы. – №2. – 2017
4 ҚарМУ Хабаршысы № 4.– 2012.
5 https://ds02.infourok.ru/uploads/doc/03c0/000581ff-bc00d1f0.docx
6 Қажыбаев Т. «Көкшетау правдасы» газеті. – 5.07.89.
7 Қойшыбаев Е. Қазақстанның жер-су аттары сөздігі. – А.: Мектеп, 1985.
8 Сыздықова Р. Сөздер сөйлейді- Алматы, 1980. – 125 б.
9 Әбдрахманов А., Сұлтаньяев О.А. Көкшетау өңірінің жер-су атаулар сөздігі — i. Көкшетау, 2015 – 152 б.
10 Қайдаров Ә., Өмірбеков Б., Ақтанбердиева З. Түр-түстердің тілдегі көрінісі-Алматы, 1992. – 160 б. 11 Қазақ әдеби тілінің сөздігі – 15 томдық/1 том Алматы , 2006. – 94 б.
А.А. Букаева
ЦВЕТООБОЗНАЧАЮЩИЕ ТОПОНОМИМЫ В СЛОВАРЕ
А.АБДРАХМАНОВА, О. СУЛТАНЬЯЕВА
В статье рассматривается топонимы являющеся одним из разделов ономастика как источник культурного наследия, ценного наследия языка и истории, особенность цветообозначающих топономов, образованных имен прилагательными, идет речь о значение цвета в составе наименовании населенных пунктов
А.А. Bukayeva
COLOR TOPONYMY IN THE DICTIONARY OF A. ABDRAKHMANOV, O SULTANYAEV
The article deals with the valuable treasures of our language and history, about the toponymics of one of the onomastics, which is the source of our cultural heritage, and emphasizes the peculiarities of their use in the form of adjectives, and gives the impression that the meaning of color in the names of the localities.