АЛАШ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІНІҢ
ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМНІҢ ДАМУЫНА ҚОСҚАН ҮЛЕСІ

Қ.Т.Мұхамади
Сулейман Демирель атындағы университет
Алматы, Қазақстан
Kuralay_sdu@mail.ru

АЛАШ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІНІҢ
ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМНІҢ ДАМУЫНА ҚОСҚАН ҮЛЕСІ

«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек» Н.Ә.Назарбаев
Қазақ Автономиялы Советтік Социалистік республикасы болып құрылған соң, қазақ халқының рухани дамуына біршама жол ашылды. 1923 жылы 22 қарашада тіл туралы декрет қабылданып, онда қазақ тілі орыс тілімен қатар мемлекеттік дәрежеге ие болды. Алаш зиялылары А.Байтұрсынұлы, Қ.Кемеңгерұлы, М.Дулатұлы, М.Жұмабаев, Т.Шонанов, Ж.Аймауытовтардың еңбектері осындай кезде дүниеге келді. Алаш қайраткерлерінің ойтұжырымдары кейінгі ғалымдарда қаншалықты дәрежеде сабақтастық тапқанын байыптау және олардың құнды пікірлері мен еңбектері олар ақталған соң ғана, араға жарты ғасырдан астам уақыт салып барып жетуі т.б. осының бәріне, тоталитарлық режимнің қазақ тіліне салған тұсауының кесірінен еді зерттеуге арқауы болған бұл мәселелер мақаланың өзектілігін көрсетеді. Осы айтылғандарды талдау арқылы мақалада ғылымның қалыптасу, даму, өзгеру, жаңару процесі танылады, тіл білімінің даму деңгейі мен білім саласына қатысты мәселелер көтерілді.
Кілт сөздер: кеңестік тіл білімі, қазақ тіл ғылымы, алаш қайраткерлері, тілтанымдық мұра, тоталитарлық режим.

Кеңес үкіметінің орнауы Кеңес одағы құрамындағы елдердің тұрмыс-тіршілігіне, мәдениеті мен өнеріне, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына, тілі мен діліне (менталитетіне), ойсанасына өзгерістер алып келді. Кеңес кезеңі халқымыз үшін не берді дейтін сауалға жауап іздер болсақ мыналарды айтқан болар едік. Кеңес үкіметі жылдарында халқымыздың мәдениеті өсті. Бұрын болмаған мәдени өзгерістер орын алды. Қазақ халқының жалпы тарихы, мәдениеті, тілі мен әдебиеті де кең көлемде зерттеле бастады. Одақ көлеміндегі басқа халықтар секілді оның да әдебиет шығармалары мен өнер туындылары, тілтанымдық мұрасы да қағаз бетіне түсіп, бүкіл отанымыздың ортақ байлығына айналды. Сан мың жол ауыз әдебиет шығармалары жазып алынды. Олардың таңдаулылары бірнеше мың тиражбен жарық көрді. Әдебиеттің үлкенді-кішілі үлгілеріне баға берілді. Тіл ғылымының зерттеу нысандары толықты. ХХ ғасырдағы қазақ мектебі – ұлттың өркендеуіне зор үлес қосты. Қазақ елінің сауатты елдер санатына аз ғана мерзімде адам ойы мен қиялы сенгісіз биікке көтерілуі тегін емес еді. Ол Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында тіл білімі алдына қойған басты міндеттерінің бірі – бүкіл халықпен бірлесе отырып елдегі сауатсыздықты жою, жер – жерде ашылып жатқан оқу орындарына қажетті оқулықтар жазу, өзіндік жазуы жоқ ұсақ халықтардың өз тілдерінің дыбыстық жүйелеріне лайықты жазулары болуына, емлесінің, жазу тілінің қалыптасуына жәрдемдесу болатын. Қазақ тілші ғалымдары бұл міндеттерді абыроймен іске асырды да. Жер – жерлерде оқу орындарының көптеп ашылуы, олардағы оқыту істерінің алғашқыда әр халықтың өз тілінде жүргізілуі, ана тілінің оқу пәндерінің бірі ретінде оқытылуы – одақ көлеміндегі тілдердің грамматикалық құрылыстарын зерттеуді, олардың практикалық және ғылыми грамматикаларын жазуды күн тәртібіне қойды. Күрделі де қиын бұл міндетті де тіл ғалымдары абыроймен орындады. Соның нәтижесінде одақ көлеміндегі жалпы білім беретін оқу орындарының барлығы да ана тілінде жазылған грамматикалық оқулықтарға қол жеткізді. Бұлардың ешбірінен қазақ тіл ғылымы да шет қалмады. Қазақ Автономиялы Советтік Социалистік республикасы болып құрылған соң, жоғарыда айтқанымыздай қазақ халқының рухани дамуына біршама жол ашылды. 1923 жылы 22 қарашада тіл туралы декрет қабылданып, онда қазақ тілі орыс тілімен қатар мемлекеттік дәрежеге ие болды. Мемелекеттік және қоғамдық орындарда қазақ тілінде іс қағаздарды жүргізу қолға алына бастады. Қазақ тілінің қоғамдық-әлеуметтік қызметі артты. Осымен байланысты:
— қазақ тілінде оқулықтар шығару;
— мектептерді қазақ тілінде жазылған оқулық, оқу құралдарымен қамтамасыз ету;
— қазақ тілінде сабақ беретін мұғалімдер даярлау;
— орыс мектептерінде қазақ тілін міндетті пән ретінде оқыту сияқты шаралар жүзеге асырыла бастады [1, 4]. Міне, бұл істелген жұмыстарды, сондай –ақ әдебиет тарихын зерттеудің, тілтанымдық зерттеулердің жайын жоғары бағалауға болады. Сан алуан мамандар даярлайтын жоғары оқу орындары, ғылыми зерттеу институттары кең қанат жайды. Қазақ мектептерін бітірген қазақтың ұлдары мен қыздары ұлтқа таңсық мамандықтарды меңгеріп, өз білімдерін шыңдады. Бұл айтылғандар шын мәнінде тамаша жетістіктер еді. Алайда түсінген жұртты тамсандырған осы сияқты жетістіктермен қоса, білім-ғылым саласында бас шайқатар кемшілік тұстар да аз емес еді. Сондықтан бұл дәуірдің жетістігі қаншама зор болса, кемшілігі де соншама мол еді. Басқаша айтқанда, бұл дәуірдегі оқу-ағарту саласының, білімғылым ісінің ұлт санасына бергені мен алғаны тең түсті. Кемшілігі қайсы деген сауалға жауап іздер болсақ, коммунистік кезең бір ғана идеологияға қызмет етті. Жалған идеяның жетегімен ұлттық мақсат-мұрат мұқалып жаншылды. Кутузов пен Суворовты, Александр Невский мен Александр Донскойды жаттап, идеал тұтқан қазақ балаларына ұлтқа қызмет етудің тамаша үлгісін көрсеткен Абылайхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Қошке Кемеңгерұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы т.б. есімдер мүлде жат болды. «Ұлттар мен ұлыстардың сан ғасырлық бай тарихы мен рухани мұралары ұрпақ санасынан сызылды. Керісінше, бір ғана ұлт – орыс ұлтының арғы-бергі тарихы жан-жақты оқытылып, рухани мұралары жан-жақты насихатталды. Соның нәтижесінде мол біліммен қаруланған, бірақ өз ана тілін біле бермейтін, өз тарихынан алыстаған, өзге әдебиет мен өгей өнерден өнеге іздеген, пір тұтқан дүбәра, Айтматовша айтсақ, «мәңгүрт» ұрпақ қалыптаса бастады. Бұл жалғыз қазақ мектебінің кемшілігі ғана емес, Кеңестер одағы дейтін әлемнің алтыдан бір бөлігін алып жатқан империяның білім мен тәрбие саласындағы елеулі кемшілігі еді. Оқу мен тәрбие сынды қамшы өріміндей қойындас екі ұғымдағы осы кемшілік ақыры жиырмасыншы ғасырдағы сол алып империяның түбіне жетті» [2, 90].
Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуы, қазақ халқының әлеуметтік-мәдени дамуы, қоғамдағы өзгерістер жаңа оқулықтар мен тың бағдарламаларды қажет етті. Алаш зиялылары А.Байтұрсынұлы, Қ.Кемеңгерұлы, М.Дулатұлы, М.Жұмабаев, Т.Шонанов,
Ж.Аймауытовтардың еңбектері осындай кезде дүниеге келді. Алаш қайраткерлерінің ойтұжырымдары кейінгі ғалымдарда қаншалықты дәрежеде сабақтастық тапқанын байыптау және олардың құнды пікірлері мен еңбектері олар ақталған соң ғана, араға жарты ғасырдан астам уақыт салып барып жетуі осының бәріне, кеңестік тоталитарлық режимнің қазақ тіліне салған тұсауының кесірінен еді зерттеуге арқауы болған бұл мәселелер мақаланың өзектілігін көрсетеді. Осы айтылғандарды талдау арқылы мақалада тіл біліміндегі теориялардың даму тарихына қысқаша шолу жасалып, ғылымның қалыптасу, даму, өзгеру, жаңару процесі танылады, тіл білімінің даму деңгейі, ондағы түрлі бағыттар айқындалады.
Бүгінгі таңда қайта жаңғырған Алаш зиялыларының өлшеусіз еңбектері қазақы таным мен әлемдік мәдениетке зор үлес қосуда. Алаш зиялыларының қай-қайсы болсын, ұлтқа барын беріп қызмет жасауды басты мақсат еткені белгілі. Және мұны ең алдымен, білім мазмұнын жетілдіруден бастағаны да мәлім. Мәселен, А.Байтұрсынұлы 1913 жылы «Қазақ» газетінде жазылған «Қазақша оқу жайынан» атты мақаласында: «…әуелі біз елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек. Неге десек, болыстық та, билік те, халықтық та оқумен түзеледі» — деп жазады [3, 433]. Дәл қазіргі күнде де білім жүйесіндегі жаңа реформалар да Алаш зиялыларының мақсат-мұратымен барынша үндесім мен үйлесім табуы керек. Жаңа заман ойлаудың жаңа парадигмасын құрайды, соған сай тілдік танымның да, тілден берілетін білімнің де ауқымы кеңейіп, қалыптасқан теориялық тұжырымдар мен оқыту әдістеріне жаңаша қарау қажеттігі туындайтыны сөзсіз. Кез келген мәселеге жаңаша қарау өткеннің бәрін жоққа шығару емес, керісінше оған бүгінгі күн тұрғысынан талдау жасау, дұрысын негізге алып, мазмұнын байыту, соны пайымдаулар жасау деп түсінген дұрыс. «Жүсіпбек Аймауытұлы, Мұхтар Омарханұлы, Құдайберген Қуанұлы, Телжан Шонанұлы, Мағжан Бекенұлы, Міржақып Дулатұлы сияқты ұлт зиялылар туған халқының интелектуалдық деңгейін әріден ойлап, әр салада оқу-құралдарын жазды. Бүгінде аталмыш оқу құралдарын зерделеп отырып, олардың әдістемелік тәсілдерінің қарапайымдылығына һәм нәтижелілігіне тәнті боласың. Қазір не көп, оқытудың сан салалы тәсілдері көп. Солай бола тұра мектеп оқулықтарында оқушыға қажетті мағлұматтар жоқ. Білім мазмұнына қатысты педагогтар оқытудың дәстүрлі /репродуктивтік/ және құрылымдық /конструктивтік/ тәсілдерін сарапқа салып тартысады. Әлбетте, бұл білім беруге қатысты жайттар. Бұл мәселеде едәуір ілгерлеген де шығармыз. Бірақ одан нәтиже болмай отыр. Неге? Негесі сол, біз білім беруді айта береміз де сол білімнің өзін сөз етпейміз. Білім мазмұнын түрлендірудің, жетілдірудің жолдарын айтамыз, білім мазмұнын айтпаймыз» [4, 54]. Осы бір олқылықты әдіскер-ғалым Нұрша Оразахынова дұрыс ескеріп, үлкен мән берген. Әдіскер-ғалымның зерттеу жұмысы қазақ тілі сабақтарында оқушылардың меңгеруіне қиындық тудыратын тілдік талдауға арналды, яғни бұл технология оқытудың әдісін ғана көрсетіп қоймай, білім мазмұнын ұсынды. Қазіргі республика мектептерінде, колледждер мен жоғары оқу орындарында (әртүрлі пәндер бойынша) кеңінен қолданылып жүрген «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы аз ғана уақытта жасалып, дұрыс-бұрыстығы толық анықталмай оқу үдерісіне енгізіле салынған дүние емес. Бұл технология бастауын Алаш қайраткерлерінің педагогикалық ой-тұжырымдарынан алады. Алғаш кешенді оқытуды (комплекспен оқыту жолдары) Жүсіпбек Аймауытұлы көтерген. Жүсіпбек Аймауытұлы: «Комплекс деген не? Өмірдегі құбылыстарды, нәрселерді бір тақырыптың, бір пікірдің төңірегіне жинап, қосып, түйдектеп, біріктіріп оқытуды комплекс деп атайды. Одан да дәлелдеп айтқанда: Өмірде шын жоғалатын нәрселерді, құбылыстарды байланыстырып, ол құбылыстарды байланысқан, іліктескен, бір-біріне әсер еткен қалпында араларындағы қатынасын зерттеуді комплекс дейді. Комплекстің бірде-бір мәнісі – «түйдек», «жуымық», «топ» деген сөздерге тура келеді. Ненің түйдегі, ненің жуымығы десеңіз, әр алуан нәрселердің түйдегі, жуымығы болу керек» — деп анықтама беріп, оның ерекшелігіне, маңызына, артықшылығына тоқталады. Тағы бірде Ж.Аймауытұлы: «…комплекспен оқыту кезінде «сабақты қысыр әңгімемен өткізу емес, баланың өзін еңбектендіріп, бірлестіріп, өз бетімен білім тапқандай қылу, оны естен шығармаңыздар» — дейді [5, 49]. Ғалымның бұл пікірі қазіргі педагогикалық технологиялардың да, соның бірі Нұрша Оразахынованың «Сатылай кешенде талдау» технологиясының да мақсатымен үндес пікір. Басқаша айтқанда, жоғарыдағы Жүсіпбек Аймауытұлының пікірі қазіргі педагогикалық технологияларды көрініс тауып отыр және ол қазіргі әлемдік әдістеме іліміндегі оқытуға қойылатын басты талап та болып отыр. Ғалым Н.Оразахынова сатылай оқытуда Ж.Аймауытовтың мына бір пікірін негізге алғанын айтады: «Айқын қылып оқыту мен сатылы бір тегіс оқытудың байланысы бар. Оқыту бірте-бірте сатылап, ілгері басып отырмаса, анық та, ұғымды да болмайды. Білім біржола күреп алатын нәрсе емес. «Оқу инемен құдық қазғандай» деген мақалды еске түсіру керек, жаңадан берілетін әсер, суреттеу ұғым бұрынғы алған суреттеуге, ұғымға байланбаса баланың миына берік қонбайды. Сондықтан оқуда біртегіс өрлейтін саты болу керек. Әрбір тыңнан берілетін білім бұрынғы білгеннің жалғауы, келесі білімнің бастауышы сияқты болғаны тиіс. Сатылап оқытудың ескеретін екі жағы бар, бірі – шәкірттің шама-шарқымен есептесу, екіншісі – оқу мағлұматтарын дұрыс қолдану. Оқытушының шеберлігі – ойына келген нәрсені білдіру емес, аужайына, жасына, біліміне, күшіне қарап сабақ беру» [6, 49]. Н.Оразахынова: «Сатылай кешенді талдау – «қазақ тілінің технологиясы дейтін себебіміз ол – біріншіден,технологияның теориялық негізі ретінде А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытов, Т.Шонанов т.б. ғалымдардың ғылыми-әдістемелік тұжырымдарын басшылыққа алады…» — деп көрсетеді. [6, 15]. Қазіргі күні Қытай ойшылы Конфуций айтты деп күнде өзіміз қайталап жүрген «Естігенімді ұмытамын, көргенімді есте сақтаймын, өз ақыл-ойыммен істегенімді түсінемін» деген пікірмен үндесіп жатыр. Ғалым Н.Оразахынованың «Сатылай кешенді талдау технологиясы да» бұл талап үдесіне шығып отыр, себебі бұл технология баланың білімді өз тұсынан табуына, құрастыруына бағытталған. «Сатылай кешенді талдау» технологиясының ең маңызды тұсы Жүсіпбек Аймауытовша айтқанда, «Пәндерді бөлшектеп оқыту баланың жан дүниесіне қарсы. Бала нәрсені тұтас түрінде, іске пайдалы жағынан қарап, ұғып біледі, бөлшегін, тарауын, қимылын елемейді. Комплекс тұтас, түйдек түрде ұқтырады, баланың жан дүниесіне тура» дейтін қағидат тұрғысынан оқытуға бағытталуында. Бұл жерде баланың когнитивті дамуы, психологиясы бәрі-бәрі ескерілген, сол себепті де «Сатылай кешенді талдау» технологиясын баланың меңгеруі нәтижелі. Ж.Аймауытовтың «Бала нәрсені тұтас түрінде, іске пайдалы жағынан қарап, ұғып біледі, бөлшегін, тарауын, қимылын елемейді» дейтін жоғарыдағы пікірін қазақ тіліндегі қимылдың өту сипатының категориясының бала тіліндегі көрінісі деген мәселеде де бұл пікірдің дәлдігіне, маңыздылығына көз жеткіздік. Эксперимент кезінде балаларға қимылдың өту сипаты категориясына (қимылдың түрліше жасалуын білдіеретін категория) тән мағыналық топтардан бірнеше мысал ұсындық. Балалардың жауаптары (түсіндірмесі) нақты қимылдың жасалуы тәсілін, түрін (тездік, дүркінділік, созылыңқылық т.б) ажыратудан алшақ болды. Балалар түсіндірмені қимылдың қалай жасалуына немесе қимылдың түрліше өту сипатына қарай бермейді екен. Бала ол қимылдың себебін түсіндіреді немесе мақсатын айтады немесе қимылдың нәтижесіне мән береді екен. «Ол Алмасты ұрып-ұрып жіберді» деген мысалды бала «Ол әдепсіз» деп түсіндірген. Яғни бала бұл мысалдағы «ұрып-ұрып жіберді» деген қимылдың қайталану мағынасынан гөрі ол қимылдың болу себебін түсіндіреді.
Яғни бала ол қимылдың нәтижесі қандай болды соған мән береді екен. Бала үшін қимылдың бірнеше рет қайталануы мағынасы нәтижесіз қимылды білдіруі мүмкін, кейде керісінше бір рет жасалатын қимылдың нәтижелігі көрінуі де мүмкін. Мысалы, Мен ұрып-ұрып, оны өлтіре алмадым. Осы мысалда қайталанатын қимылдың бір етістіктің бірнеше рет айтылуы арқылы берілген. Бала үшін ұру қимылының бірнеше қайталанған қимыл екені маңызды емес, өлтіре алмағаны маңызды, осы мысалды сұрағанда экспериментке қатысқан Шұғыланың (4 жаста) жауабы өлтіре алмаған себебі қатты тарс еткізіп ұрған жоқ, сосын ол өлмеді деген ыңғайда болды.
Қазақ тіл ғылымында жаңа бағыттың бірі саналатын функционалды грамматика арнайы түрде өткен ғасырдың аяғында ғана зерттелгенімен, оның кейбір нышандары ХХ ғасырдың басында-ақ ұлт зиялылары еңбектерінде көрініс тапты. Оған дәлел ретінде «Ұлт ұстазы» атанған Ахмет Байтұрсынұлы еңбектерінде кездесетін грамматикалық тұлғалардың семантикасына қатысты пайымдауларын айтуға болады. А.Байтұрсынұлы еңбектерінде қазақ тіліндегі етіс және рай тұлғаларының мағынасы мен қызметіне қатысты ой-тұжырымдарын қазіргі күнгі ғылымының дамуымен байланыстыра талдай келгенде, бұл ой-тұжырымдардың бүгінгі функционалды грамматиканың бастау көзі ретінде тануға толық болады. А.Байтұрсынұлы: «Тіл – құрал. Құрал болғанда толып жатқан есепсіз бөлшектері бар, ол бөлшектері түрлі жағымен қиысатын толып жатқан қырлы, тетіктері есепсіз көп бір өте үлкен машина секілді құрал. [7, 294]. Ғалым тілді тұтас жүйе ретінде тани отырып, оның құрылымдық деңгейлерін есепсіз бөлшектерге теңейді. Осы құралды жұмсаушының өзі екі түрлі болатындығын атап көрсетеді: Біреуі – құралдың ішкі-тысқы бөлшектерінің бәрін біліп, олар қалай бір-біріне үйлесіп, үйлескенінен шығатын тетіктер бір-біріне қалай жалғасып, қалай қызмет ететіндігін біліп отырып жұмсаушы. Екіншісі – олардың бәрін білмей-ақ құралдың жұмсауға керегі бар тысқы бөлшектері мен тетіктерін көріп, жұмсау әдісін үйреніп алып жұмсаушы» [7, 294]. Бұл тұжырымы қазіргі күнгі тілдің антропоөзекті сипатын танытатын тұжырым. Өйткені, антропоөзектік ұстаным бойынша тілді зерттеу дегеніміз — тілді тұтынушы адаммен (сол тілдің иесі адаммен), оның болмыс-бітімімен, ақыл-ойымен, санасезімімен, дүниетанымымен, көзқарасымен, ұлттық мәдениетімен байланыстыра зерттеу дегенді білдіреді. Басқаша айтқанда, тілді зерттеудегі антропоөзектік парадигмада тілдің адам өміріндегі қызметі, тіл арқылы адамды тану, тіл табиғатын адаммен байланыста қарау деген мәселелер өте маңызды болып табылады. А.Байтұрсынұлы құралды жұмсау тәжірибе арқылы танылатындығына, қалыптасатынына баса назар аударған. Шын мәнінде, тілдік құралдардың қандай мән-мағынада қолданылуы оның жұмсалымдық әлеуеті мен қолданыстық сипатының көрсеткіші. Ғалым етістің он түрін: «… сабақты етіс, салт етіс, ортақ етіс, өздік етіс, өзгелік етіс, бедел етіс, ырықсыз етіс, шағыс етіс, дүркінді етіс, өсіңкі етіс» деп көрсетсе, райдың он төрт түрін: «Етістікте 14 рай бар; 1) тұйық рай, 2) билік рай, 3) ашық рай, 4) шартты рай, 5) ереуіл рай, 6) реніш рай, 7) қалау рай, 8) сенімді рай, 9) сенімсіз рай, 10) мұң рай, 11) көніс рай, 12) қайрау рай, 13) азалы рай, 14) теріс рай» атайды. Сөйтіп, А.Байтұрсынұлы қазақ тіліндегі етіс пен рай түрлерін саралауда грамматикалық тұлғалардың тұрпат межесін емес, мазмұн межесін негізге алып, қолданыстық қызметін негізге ала отырып сипаттайды. Осылардың ішінен етісті қазіргі күнгі танылып, ғылыми айналымға енген, өзіміз жақсы білетін грамматикалық категориялар тұрғысынан сәйкестендіргенде мыналарды атар едік: сабақты, салт етіс түрлері қазіргі етістіктің салт-сабақты түріне сай келеді, ортақ етіс-ортақ етіс, өздік етіс-өздік етіс, өзгелік етіс-өзгелік етіс, ырықсыз етіс – ырықсыз етіс, беделді етіс пен шағыс етіс – қазіргі морфологияға сай келмейтін тұжырымдар тұрғысында қаралса, дүркінді етіс – қимылдың өту сипаты категориясы, өсіңкі етіс – қимылдың өту сипаты категориясына сай келеді. Ғалым А.Байтұрсынұлы ұсынған етіс түрлері етіс жұрнақтарының жұмсалымдық қызметімен байланысты қалыптасқан деуге болады. Алаш зияларының тілтанымдық мұрасын талдау жасағанда қазіргі таңда танылып жүрген жаңа бағыттар, жаңа тұжырымдардың көшбасшысы болғаны анық, ал жоғарыдағы етіспен байланысты талдаудан түйетініміз А.Байтұрсынұлының қазақ тілінің функционалды грамматикасының көшбастаушысы екендігі.
Қазіргі күнде бала бастауыш сыныпта өз ана тілінде білім алу керек дейтін кейбір көзқарастардың ұшығы А.Байтұрсынұлының мына бір сөзімен үндесіп, қабысып жатыр. А.Байтұрсынұлы: «Орысша оқығандар орыс сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген, қазақ сөздерін алып орыс не ноғай жүйесімен тізсе, әрине, ол нағыз қазақша болып шықпайды. Сондай кемшілік болмас үшін әр жұрт баласын әуелі өз тілінде оқытып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін басқаша оқыта бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі өз тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқыту тиіс. Қазақтың бастауыш мектебінде басқа білімдермен қатар қазақ тілінің дыбыс, сөз, сөйлем жүйелерін де үйрету керек» [7, 174б.] — деп баланың алғашқы білім баспалдығы саналатын бастауыш білімді өз ана тілінде меңгеріп, өз ана тілінің жүйесін меңгергенен кейін ғана басқа тілдерді үйретуге болатын атап көрсетеді.
Қорыта келгенде, біріншіден, Кеңестік тоталитарлық жүйе Алаш қайраткерлерінің іргелі теориялық тұжырымдарының өз кезінде жарыққа шығуына, қазақ тіл ғылымының қазіргі жеткен биігінен де асқақтай түсуіне үлкен кедергі келтірді. Алаш қайраткерлерінің құнды еңбектері дер кезінде жарыққа шыққанда, ұлттық идеяның, ұлттық ғылымының жұлдызының бұдан да жоғары болары сөзсіз еді. Екіншіден, өткен ғасырдың бас кезінде айтылған Алаш қайраткері құнды пікірлерінің қай-қайсысы да әлі күнге өзінің өзектілігін жоғалтпай келе жатыр. Ал ол Алаш қайраткерлерінің еңбектеріне қайта-қайта қарау, олардың айтқысы келген, жазғысы келген ойлар мен пікірлерді жаңаша саралап тануға, түсінуге, талдауға, пайдаға асыруға бағытталған қадамдарды жалғастыра бермек.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1 Жұбаева О. Қазақ тіл білімінің қалыптасып, даму жолдары. – Алматы: Дайк-Пресс, 2011.
2 Оразбаева Ф. Тіл әлемі. – Алматы: Ан Арыс, 2009.
3 Байтұрсынұлы А. Тіл тағылымы. – Алматы: Ана тілі, 1992.
4 Еркінбаев Ұ. Білім жүйесіндегі әдебиетті оқытудың әдіснамалық негіздері// Қазақстан Республикасының қазіргі білім беру жүйесінің өзекті мәселелері және оларды шешу жолдары. – Қаскелең, 2015.
5 Аймауытов Ж. Жүсіпбек Аймауытов шығармалары. Алты томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Ел-шежіре, 2013.
6 Оразахынова Н. Сатылай кешенді талдау технологиясының ғылыми-әдістемелік негіздері. – Алматы: Фирма Даир, 2007.
7 Байтұрсынұлы А Алты томдық шығармалар жинағы. Тіл – құрал. – Алматы: Елшежіре, 2013.
К.Т. Мухамади
ВКЛАД В РАЗВИТИЕ НАУКИ И ОБРАЗОВАНИЯ АЛАШОРДИНЦЕВ
После того, как была создана Казахская Автономная Советская Социалистическая Республика, открылись дороги и к духовному развитию казахского народа. В 1923 году 22 ноября был принят декрет о языке, в котором казахский язык наряду с русским получил статус государственного языка. Труды таких великих ученых, представителей советской интеллигенции А. Байтурсынов, К. Кеменгерулы, М. Дулатов, М. Жумабаев, Т. Шонанов, Ж.Аймаутов, были изданы именно в этот период. Изучение того, насколько научные выводы представителей казахской интеллигенции нашли свое отражение в работах последующих ученых, а также то, что их ценные заключения и труды дошли до нас только через полвека, после их реабилитации, все это имело место быть из-за наложения запрета на казахский язык при тоталитарном режиме. Данные вопросы, явившиеся объектом исследования, определяют актуальность статьи. Посредством анализа всех вышеуказанных вопросов в данной статье выявляется процесс становления, развития, преобразования, обновления науки, поднимаются вопросы по уровню развития языкознания и сферы образования в целом.


K.T. Mukhamadi
CONTRIBUTION TO THE DEVELOPMENT OF SCIENCE AND EDUCATION OF
THE ALASHORDIANS
After the creation of the Kazakh Autonomous Soviet Socialist Republic, roads were opened to the spiritual development of the Kazakh people. In 1923, on November 22, a decree on the language was adopted, in which the Kazakh language along with the Russian received the status of the state language. The works of such great scientists, representatives of the Soviet intelligentsia A. Baitrursynov, K. Kemengeruly, M. Dulatov, M. Zhumabayev, T. Shonanov, Zh. Aimautov, were published precisely in this period. The study of the extent to which the scientific conclusions of the representatives of the Kazakh intelligentsia were reflected in the work of subsequent scientists, and also that their valuable conclusions and works reached us only half a century after their rehabilitation, all this took place due to the imposition of a ban on the Kazakh language under the totalitarian regime. These issues, which were the object of research, determine the relevance of the article. Through the analysis of all the above issues in this article, the process of formation, development, transformation, renewal of science is revealed, questions are raised on the level of development of linguistics and the sphere of education as a whole.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *