АБАЙТАНУДАҒЫ АЛАШ КӨСЕМДЕРІ МЕН Қ.ЖҰБАНОВТЫҢ ОЙ-
ПІКІРЛЕСТІГІ


Б.Т. Бораш филология ғылымдарының докторы, қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры,
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті, Ақтөбе қ., Қазақстан

АБАЙТАНУДАҒЫ АЛАШ КӨСЕМДЕРІ МЕН Қ.ЖҰБАНОВТЫҢ ОЙ-
ПІКІРЛЕСТІГІ

Мақалада өткен жылы кеңінен аталып өткен Алаш қозғалысының ғасырлық, одан бір жыл бұрын оның көсемі Әлихан Бөкейханның ЮНЕСКО деңгейіндегі 150 жылдығы мерейтойының табы басылмаған қазіргі тұста Алаш қайраткерлерінің тек қоғамдық қызметте ғана емес, сонымен қатар халықты рухани тәрбиелеуге бағытталған зор қызметтерінің бір парасы – абайтануға қатысты әдеби-зерттеу еңбектерімен таныстырылады. Ал Абай ілімі – қазақ халқын ұлттық негізінен, кодынан жаңылыстырмайтын рухани Темірқазығы, адастырмас жолы. Атап айтқанда олардың Абайдың дүниетанымдық көзқарасына қатысты тұстарының абайтанудың негізін қалағандардың бірі Қ.Жұбановтың осы мәселені тереңдей қозғайтын «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» атты кең тынысты мақаласындағы Абай дүниетанымы мен шығармашылығының үш қайнары (казақ фольклоры, Шығысы мен Батысы) жөніндегі ойпікірлерімен үндестігі туралы айтылады.

Кілт сөздері: азанама, әдет-ғұрып, мақалдар мен ертегілер, Батыс, ислам, шағатай әдебиеті, еліктеу өлеңдері.
КІРІСПЕ
Бұдан бұрынғы осы мәселеге жақын негізінен Д.Қамзабекұлының «Алаш және қазақ әдебиеті» атты терең зерттеуінде, қазақ әдебиетіндегі милләтшілдік (ұлт) ағымы жөнінде тараушасында алаш көсемдерінің, соның ішінде Ә.Бөкейханның «Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы», А.Байтүрсынұлының «Қазақтың бас ақыны», Екеудің (Аймауытов пен Әуезовтің), Р.Мәрсекұлының, М.Дулатовтың мақаллары аталғанмен зерттеуде Абайды жалпы таныстыру, әдебиеттегі орнын белгілеу мақсаты қойылып, «Алаштың қилы тағдыры билік пен әдебиет қатынасы» сөз болады.
Ал ұсынылып отырған мақалада, тақырыбынан аңғарылып отырғандай, Абайдың өмірі мен шығармашылығын кеңірек насихаттау мақсатындағы, соның ішінде ақын дүниетанымының өзекті мәселесі – оның үш қанар бұлағына қатысты Алаш қайраткерлерінің жеке шығармашылығынан және олар бастаған халқымыздың бұл ұлы ұлт қозғалысының саяси-әлеуметтік іс-әрекеттерінен, идеялық бағытынан, көздеген ниетінен еш ажыратқысыз профессор Қ.Жұбановтың Абай туралы үлкен еңбегінің сабақтастығы баяндалады.
2016 жылы ұлтымыздың ардақты тұлғасы, үлкен қоғам қайраткері, Алаш қозғалысының көсемі, ұлт көшбасшысы Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жылдығын ЮНЕСКО шешімімен әлем деңгейінде атап өту туралы хабарды қазақ халқы зор ризашылықпен және мақтанышпен атап өтті. Осы мерейтой аясында Ә.Бөкейханның халқымыздың тарихы мен мәдениетіне сіңірген сан қырлы еңбегін қарастырған кезде оның абайтануға қосқан үлесін ерекше атау өзінен-өзі сұранып тұрады.
Абайға қатысы бар Ә.Бөкейханның ең алғашқы тырнақалды ісі деп біз оның «Қазақ» газетінде жарияланған «Көкітай» атты мақаласында «1904 жылы Абай марқұмның өлеңін кітап қылып шығарыңдар деп, балаларына хат жаздым» деп, өзінің ұлы ақынның алғашқы жинағының (1909) шығарылуына қатысы бары туралы мәліметін айтар едік.
Ә.Бөкейханның бұл саладағы сүбелі еңбегі, әрине, «Абай (Ибраһим Құнанбаев)» атты туындысы. Бұны Әлихан Абай қайтыс болғаннан кейін ақынды халыққа кеңінен таныстыру мақсатында 1905 жылы Семейде шығатын «Семипалатинский листок» газетінде орыс тілінде ақынның азалы ғұмырнамасы (некролог) ретінде жарияланған болатын.
Әлиханнан сегіз жылдан кейін Алаштың тағы бір көрнекті тұлғасы Ахмет Байтұрсынұлының Абай мұрасы бұдан да кеңірек зерделенген «Қазақтың бас ақыны» атты еңбегі жарық көрді. Абай ақынның үш қайнары бағытында сөз болатын бұл зерттеу де абайтанудағы бір белес болып саналады.
Жүсіпбек Аймауытовтың 1918 жылы шыға бастаған «Абай» журналында жарық көрген «Абайдың өнері һәм қызметі», «Абайдан соңғы ақындар» және шығарушы ретінде сол журнал мақсат-міндеттерін түсіндіруге арналған «Журнал туралы» үш мақаласында Абайдың өмірі мен шығармашылығын насихаттаумен қоса біз көтеріп отырған мәселеге орай ұлы ақында «пәлсапа қуаты барлығына» да дәлелдер келтіреді.
Алғашқылардың бірі болып ұлы ақын дүние салысымен Абай өмірі мен мұрасының халқымыздың рухани орнын белгілеуге үлес қосқан Міржақып Дулатовтың шағын «Ибраһим ибн Құнанбаев» (1908) және «Абай» (1914) атты екі мақаласы да кірістірілді.
30-шы жылдардың басында Абайдың жеке басын, оның шығармашылығын сынаушылар көбейіп, абайтанудың басына қара бұлт үйірілген кезде, ақын мұрасын қорғап, аяқталмаған мақаласында Абайды қазақ әдебиетінің классигі деңгейіне көтерген, оны терең дәлелдеген Құдайберген Жұбанов болды. Өкініштісі – көлемді мақала ғалымның өз басын жалмаған қуғын-сүргін кесірінен аяқталмай қалды.
Бұл мақалада қазақ арыстарының Абай туралы туындыларын саластыра қарастырып, зерттеулері арасындағы жақындықты, ой-пікір-тұжырым сабақтастықтары туралы баяндамақшымыз.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Салыстырмалы түрде қарастырып отырған алаш зиялыларының абайтану саласындағы еңбектері ішінде Ә.Бөкейхан зерттеуі ең алғашқысы болғандықтан, біз оны бағдар (ориентир) есебінде негізге алып отырмыз. Мақала, кіріспеде айтылғандай, ұлы ақын қайтыс болғаннан кейінгі оны халыққа таныстыруды мақсат еткен тұңғыш жазба еңбек, сондықтан автор алдымен Абайдың өмір жолынан едәір мәлімет береді.
Абайдың шыққан тегі туралы айта келіп, солардың ішіндегі ең көрінектісі ақынның бабасы, тобықтының батыр биі Ырғызбайдың қазіргі Ақтөбе өңіріндегі Ырғыз өзенінің бойында дүниеге келгенін, тобықты руын Түркістаннан құнарлы жайылымы мол Шыңғыс тауына көшіріп әкелгенін жазады. «Әкесі Құнанбай тек төре тұқымдарының сұлтандарына ғана тән лауазым – Қарқаралы округінің аға сұлтаны» болған. Абайдың өзі де би етіп сайланып, жастығына қарамастан «от тілді, шешен, атақты билердің төреліктерін жақсы білетін ділмар атанады».
Осы бағытты «Қазақтың бас ақыны» деген мақаласында А.Байтүрсынұлы да ұстанады. Ол Абай өмірінен біршама мәлімет бере келе Ә.Бөкейхан жазған ақынның билікке қатысты ойларын жалғастырып, «төрелермен әкесі Құнанбай таласқанда Абай әкесіне серіктікке жарап,.. ел ішіндегі белгілі бір шешені атанады».
Ж.Аймауытов болса «Абайдың өнері Һәм қызметі» мақаласында ақынның өмір даталары, қанша өмір сүргені, «өскен ортаның, надандықтың 35 жасқа шейін ақыл көзін шын хакиқатқа ашқызбай, заман тонын кигізген» кейбір өмір белестерін айта отырып, Абайдың қолына қалам алып надандықпен алысуға кіріскенге шейінгі өмірін қысқа шолып өтеді.
Қ.Жұбанов оны «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» еңбегінің бірінші бөлімінде алдыңғы алаш зиялыларынан өзгеше таныстырады. Ол Абайдың өмір жолы мен қызметін айтып жатпай «Абай – өз ортасының Данте сияқты адамы» деп, оның өзгеше орнын, айрықша ерекшелігін атайды. Ғалымның түсіндіруі бойынша Абай Дантеге дөп келіңкіремейді, себебі Данте католицизмнің қара түнегі басқан Орта дәуірдің соңы, жаңалығы мол Қайта өрлеу дәуірінің алды. «Ал Абайдың алды жоққа жуық та, арты ғана бар: ол – соны дәуірдің басы», сондықтан «Абайдың алды жоққа жуықтығы, салған жолының сонылығы – оның еленбеген ерекшелігі» деп таныстырады.
Жалпы өмір жолын көрсетіп, қоғмдағы орнының ерекшелігін айқындағаннан кейін зерттеуде ең алдымен ғұлама еңбектеріндегі бір арнаға бағытталатын ортақ мәселенің бастыларының бірі, ұлы ақын нәр алған қайнарларының алғашқысы – Абай поэзиясындағы төл әдебиеттің орны белгіленеді. Ақынды классик дәрежесіне көтеретін қасиеті де осында.
Ә.Бөкейханның азанамасында «Өзінің білуге құштарлығы мен зерделігінің арқасында қазақтың ғұламаларының халық аузындағы сөздерін, мақалдарын, ертегілері мен нақылдарын меңгереді» [3, 111] деп жазады. Бірақ осы қысқа мәліметте Абайды Абай еткен ақынның халқтың ауыз әдебиетінен нәр алған қасиетін дөп басып айтқан.
«Қазақтың бас ақыны» атты еңбегінде А.Байтұрсынұлы келтірген мына бір жолға көңіл аударып көрелік. «Абай өлеңдері қазақтың басқа ақындарының өлеңдерінен үздік артықтығы әр нәрсенің бергі жағын алмай, арғы асылынан қарап сөйлегендіктен» [4, 219]. Соңғы «арғы асылынан қарап сөйлегендіктен» деген тіркестегі арғы асылын, яғни сөздің асылын ақын қайдан алады, әрине халық қазынасынан, ауыз әдебиетінен. Барлық тіл шұрайы халықта. Ахаң мақаласында осыған мысал ретінде ақынның «Аттың сыны» өлеңін талдай отырып, Абай сөздің дәлдігіне, қарапйымдылығына ерекше мән бергендігі сондай «көз алдыңа сол жақсы аттың өзі тұрғандай, пішіні келіп елестейтінін» таңдана жазады.
Ж.Аймауытовтың «Абайдың өнері һәм қызметі» деген еңбегінде қазақ тілінің хас шебері болғандығын мына сөздермен жеткізген: «Көкірегіндегі асыл қазынаны барлық ырғағы, нәзік сипатымен қазақтың ұстармаған, ысылмаған жуан тілімен биязы ғып шығаруы әрі ақындығы, «қызыл тілді» шешендігі». Абайдың ақындық өнері, тар жолды бірбеткей еместігін, әр тараулы, сегіз қырлы екендігін былай санамалайды: «мінез түзететіндік (ахлақ), тереңнен толғайтындық (пәлсапа), сыншылдық (критика), суретшілдік (художественность), жүректің мұң-зарын, сырын тапқыштық (лирика), ащы тілдік, ызалықпен күлетіндік (сатира), һәм керемет переводшиктік» [6, 130].
Абайдың халық әдебиетін терең біліп, поэзиясында орынды және дәл пайдаланатындығын, әсіресе Қ.Жұбанов жеріне жеткізіп жазған және бұл өте маңызды мәселеге мақаласының үшінші тарауын түгел арнаған. «Абай және халық әдебиеті» атты бөлімі бүкіл материалдың алпыс пайызын қамтыған. Осы мақаланың бірінші «Еленбеген ерекшелік» деген бөлімінде ғалым Абайды Еділ бойы, Кавказ және бақа түркі классиктерімен салыстыра отырып, қазақ ақынының оқ бойы озықтығының сыры: Абай өлеңдерінің таза, төл қазақ тілімен жазылғандығында, ал олардың поэзисының араб-парсы сөздерімен «ластанғандығы» деп қорытындылайды. Сөзін дәлелдеу үшін Татарстанның «Абаймен бастас» екі адамының реформаларын мысалға келтіреді. Ш.Маржани дінге қатысты жаңалықтарын ұсынып, тарих жайындағы зерттеулерінен әрі аса алмаған: «татар тілін ислам ласынан арылтудың орнына, кітаптарын араб тілімен жазып», әрі көбінесе арабша сөйлеген. Маржанидің бұл кемшілігінің орнын толтыруға тырысқан Қ.Насыри татар әдеби тілін Қазан төңірегінің тіліне жақындатқысы келгенмен, оның да «таза татаршасы» Абай қазақшасындай таза бола алмай, араб-парсы сөздерін көп кіргізген «шұбар тіл болатын» [8, 15].
Мақала авторы «Абай және халық әдебиеті» атты бөлімінде Абайдың қалай сөз шыңдағанын ауыз әдебиетінің мол мүмкіндігін қалай пайдаланғанын көрсету үшін ақынның сөз шеберханасына үңілтеді. Алдымен ғалым бұрынғы ауыз әдебиеті үлгілерінің кемшілігін «алтын иек, сары ала қыз» табатын өлең аналарын сынайды. Оған қоса Абай «қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын» екендігін, өйткені онда басы артық қосарлар жүретінін байқады. Қ.Жұбанов ондай артықтардың немесе қыстырма әңгіменің үш түрлі пайдасының барын да жасырмайды: біріншісі, әңгіменің ұзын ырғасын ұғуға кемшілік қылмайтын түрі; екіншісі, тыңдаушының зейінін аударып, миға машық (гимнастика) болады; үшіншісі, әңгіме образ жағынан дұрыс құрылса, негізгі тақырыпты жанды түрде түсінуге себеп болады. Сондай пайдасы болатынын «Шора батыр» жырынан үзінді келтіре отырып дәлелдейді.
Фольклорлық туындыларда бұл қолайлы әдіс. Бірақ жазба әдебиетте бұл тәсіл шығарманың мағынасына нұқсан келтіретіндіктен оның орнына образдылық келеді. Абай осы айырмашылықты көріп қана қоймай артығынан тазартып, қажет жағдайда ескінің шұбалаң қыстырмасын өз қалыбында қалдырмай икемді бейнеге келтіреді [8, 27].
Қ.Жұбанов ауыз әдебиетіне қатысты осы таруының соңында Абайдың өлең өнері жөніндегі айтқанын біз өте шағындап берген ұлы ақын жаңашылдығын «ұлы сыншылық, барды қайта құрушылығын» дәлелдейтіндей алты баптан тұратын тұжырымдармен аяқтайды. Осындай жинақтау автор мақаласының атауын «Абайдың қазақ әдебиетінің классигі екендігін» толық, жан-жақты, «таласпай көнуге болатындай етіп» ашып тұр.
Абай нәр алған келесі қайнар көз – ол батыс мәдениеті мен әдебиеті. Ә.Бөкейхан мақаласының әдәуір бөлігі осы мәселеге арналған. Автор Грос пен Михаэлистің ықпалымен Пушкиннен бастап Достоевскийге дейінгі жеті орыс ақын-жазушыларын және орыстың ұлы сыншылары Белинскийді, Чернышевскийді, Добролюбов пен Писаравті атайды. Олардан кейін ол спенсердің «Тәжірибелерін», Льюистің «Позитивті философиясын», Дрепердің «Еуропаның ақыл-ойының дамуын» оқыды және олардың тағдырымен жақсы таныс болғанын жазады. Абай шығармашылығының біраз бөлігінің орыс, батыс классиктерінен аудармаларынан тұратынын, оның ішінде «Евгений Онегиннен» аудармасына «Татьянаның хаты» деген әнінің қазақ арасында кең тарағанын сүйсіне жазады.
А.Байтұрсынов Абайдың орыс әдебиеті туралы ойы, Михаэлис пен Гросс жөніндегі пікірлері Ә.Бөкейхан жазғандарымен орайлас келіп отырады. Ал Батыс ойшылдары турасында ол Әлихан айтқандарымен келісіп оған сілтеме жасайды.
Ж.Аймауытов «Абайдың өнері һәм қызметі» атты мақаласында оның көп өнерінің біріне ақынның аудармашылық шеберлігін атайды. Абай аудармасының шеберлігі сол – «кейбір орыс өлеңдерін қазақ тіліне аударғандары өзінің төл өлеңінен артық деуге болады», дейді. Ондай аудармаларының қатарына зерттеуші Лермонтовтың «Теректің сыйын», Пушкиннің «Онегиннің хатын» жатқызады.
Алаш кемеңгерлері Батысқа байланысты мәселенің бәрін құлай қабылдай бермеген. Аймауытов «Журнал» туралы мақаласында «Абай» журналына ат қоюға байланысты «Дұрыс істің жолына кесір болатын жеңіл-желпі орында ылғи көзді жұмып, Еуропаға еліктей бермей, өз бетіміздің, жұрттығымыздың белгісін көрсеткеннен не кемдік табылады? Таза тексере берсек, Еуропаның өнеге қылуға жарамайтын жерлері бар» деп, сірә, қазақ зиялыларынан алғашқылардың бірі болып, батысшылдықтың зиянды тұсының да болатынына батыл жазған қайраткер шығар.
М.Дулатовтың «Ибраһим ибн Құнанбаев» деген мақаласының бісімілләсі бірден Абайдың М.Лермонтовтан аударған «Жалғыздықта» деген өлеңінің жарияланымы туралы мәліметтен, өз тілінде сайратқан шебер аудармашылығына айтудан басталады. Ұлы ақын өлеңдерінің «есіткеннің жүрегін жігерлендірерліктей табиғи болып, асыл негізі Лермонтовқа үндес» келетініне таңданады.
Қ.Жұбановта Абайдың Батысы туралы әдейі айтылмайды, себебі оның тынысы кең абайтанудағы бағдарламалық туындысы аяқталмай тек алдыңғы үш бөлімі ғана жарияланып үлгерді. Абайдың үш қайнарының төл әдебиет пен Шығысы туралы айтылып, Батысы туралы жазылмауы мүмкін емес еді. Оны орындаудың жолын 30-жылдардың зұлматы кескені белгілі. Дей тұрғанмен ғалым еңбегінің бірінші бөлімінде батыста (Германияда) ХҮІ ғасырдағы реформацияның барысында христиан дініне қатысты протестанттық сенімнің бір саласы лютерандық ағымның негізін салушы Мартин Лютердің Тәуратты (Библияны) неміс тіліне аударып, ол тілді тазартудағы қызметін татар классигі Шеғабуддин Маржанимен Абаймен салыстыратыны бар. Ал Абайдың аударғаны Құран емес Байрон мен Лермонтов, Пушкин мен Гете деп, оның Батысын ауызға алады.
Алаш абайтанушы азаматтарының тағы бір көпшілігіне ортақ – бұл Абайдың Шығысқа, исламиятқа қатысы мәселесі. Ә.Бөкейхан мақаласында ақын өмірбаяны туралы мәліметтер арасында оның «Семейдегі Ахмет Риза молданың медресесіне түскендігі» аталып өтіледі. Ел билігі мәселесін қозғаған әңгімеден кейін шығыс мәселесіне қайта оралып, «Ислам дінінің далаға орнығуының пайда-зиянына орай жаңа заман талабымен… араб, парсы, түркі тілдерін кітап арқылы үйренеді» дей келіп, Абайдың ел арасындағы дүмше молдалыққа теріс көзқарасы болғандығын, дін бұзарлыққа қарсы сыны айтылады [3, 111].
Бұл мәселе Ж.Аймауытовта ақынның шығысқа, дінге байланысты маңызды туындысы «Алла деген сөз жеңіл» өлеңінің терең ойлы пәлсапасымен өріліп сөз етілетін шеберлігін атап өтумен ерекшеленеді.
Ал М.Дулатовта Абайдың шығармашылық тұлғасын байыптағанда «тілі ләзатты, араб, парсы түрік, қалмақ тілдерінен хабардар…» деп көрсетіледі.
Абайдағы шығыс, дін мәселесі А.Байтұрсынұлында да қысқа қайырылып, тек бала кезінде «қырда мұсылманша оқыған», «13 жасқа шығарда Семейде Ахмед Ризаның медресесінде оқыған» [4, 217] деген мәліметтермен шектеледі.
Есесіне Қ.Жұбанов мақаласында бұл кеңінен қамтылатын өзекті мәселеге айналып, «Абай және шағатай әдебиеті» деген тарауының басты әңгімесіне ұласады. Тарауда а) алдымен жалпы шығыс әдебиеті мәселесі соның ішінде ортаазиялық түркілердің төл әдебиеті болып есептелетін шағатай әдебиетіне жататын жас Абайдың еліктеуден туған үш өлеңі («Иүзи – рәушан, көзі – гәуһар», «Фзули, Шәмси, Сәйхали», «Әлифби») талданады. Жұбанов пікірінше бұл туындылар ақынның «әлі шағатай өнеріне сын көзімен қарауға шамасы келмеген», «ақындық беті ашылмаған балаң кезі» өлеңдері үлгісі деп бағаланады. Алдыңғы екі өлеңінен «Әлифбиге» автордың көзқарасы бөлектеу. Мұны жазған кезде Абай шағатай дәстүрінен біртіндеп кетіп, «қазақтың өз үлгісіне қайта бейімделе бастаған кезі болу керек» деп түйеді.
Осы тараудың ә) екінші бір қыры, әрі күрделі қыры – шағатай әдебиетіндегі мистицизм мәселесі туралы. Мұндай лирика негізінен жалындаған махаббаттан тұрады, бірақ ынтықтықтықтың нысаны беймәлім, жыныссыз ғашықтық. Ғалым «иран-шағатай лирикасынына тән «мені» – «нәпсі» деп жобалайды. Сондықтан ұлы ақын ғашықтықты қаншама өзегін өртей суреттесе де, ғашығының аяғын жалап, басын бүкпейді. Шығыстық мистицизміндегі көнбістілікке, құлдық идеяға бармайды. Ең әрі барғанда «саған құрбан мал мен бас» дейді, бірақ «мендігін» сақтай, намысына дақ түсірмей өледі. Қорытындылай келе Қ.Жұбановтың түйгені – біріндегі «меннен» қашу, біріндегі менді ардақтау Абай мен шағатайдың басын қоспайды» дей отырып, дегенмен сопышылдық Абай поэзиясына шалығын тигізгендігін мойындайды [5,18].
Абайға қатысты мақалаларында алдындағы қарастырылған мәселердей кең қамтылмағанмен үш алаш азаматының да айналып өте алмағаны ұлы ақынның жеке басының ізденістері болсын, шығармаларындағы ой тереңдігі болсын, өзі өмір сүрген қоғам дамуына, әлеуметтік ортаға көңілі толмаушылық, жалғыздық, түңілушілік сияқты ойшылдық толғаныстары.
Тағы да Әлихан Бөкейханның мақаласынан бастайық. Автор бұл мәселеге (ойшылдыққа, ізденіске) Абайды жақындатқан «дүниеге көзімді ашуға үлкен себепкер» орыс достары болғанын баса айтады. Абайдың афоризмге айналған атақты «күншығысым күнбатыс,.. болды» деген сөзінің бірінші жартысының тап осы кезге қатысты ғой деп ойлауға негіз бар. Ақын дүниетаным көқжиегін кеңейту мақсатында Спенсердің «Тәжірибелерін», Льюистің «Позитивті философиясын», Дрепердің «Европалық ақыл ойының дамуын», Н.Г.Чернышевскийдің «Современнигіндегі» қоғамдағы үдерістерді терең талдауға негізделген саяси-әлеуметтік мақалаларын оқиды. Сонымен қатар орыс әдебиетінен Лемонтовтың шығармаларын сүйіп оқып, оның «Ой», «Дұға» және т.б. өлеңдерін ден қоя аударады. Орыс ақынының бірінші аталған туындысындағы «Ой қозғарлық артқыға түк қалдырмас…» жолындағы Ресей қоғамындағы кертартпалыққа қарсы қыжылы Абайдың өз заманының, өз ортасының керенаулығына деген өкпе-назына ұласады.
А.Байтұрсынұлы мақаласында Абайдың терең ойшылдығы туралы оның өлеңдеріне байланысты айтылады. Алдымен Ахаң алғаш Абай өлеңдері жазылған дәптер қолына түсіп, ақын өлеңін түсініңкіремей абдырап қалғанын жазады. Кейбір өлеңдерінің мағынасын біреу баяндап ұқтырғанда ғана түсінетінін жасырмайды.
Сондықтан Абай сөздері адамның түсінуіне ауыр екені көпшілік мойындайды. Осы арада мақала авторы оның себептерінің бетін ашуға талаптанады. Біріншіден, Ахаң пікірінше, ол ауырлық Абайдың айта алмағанынан болған кемшілік емес. Ақын «не жазса да түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін қармай жазады». Яғни, түсіне алмаушылық сыры, ақын жазғандарының мағынасының тереңдігінде. Бұл екішіден. Үшінші себеп, терең мағыналы өлеңді, немесе қара сөзді «оқушыларының түсінерлік дәрежеге жете алмағандығынан болатын кемшіліктен» деген қорытындыға келеді. Бұл айтылған дұрыс тұжырымға бас изеуден басқа шара жоқ.
Осы жағдайды түсінген абайтанушылар ақынның туғанына 150 жыл толуы қарсаңында Абай өлеңдері мен қарасөздерін халыққа жақындату мақсатымен бұрынғы «Қазақстан коммунисі», кейіннен «Ақиқат» журналында және т.б. баспа беттерінде ақын туындыларын терең талдауға кірісті. Бұл жұмысқа әсіресе белсене кіріскен Ғарифолла Есім мен Тұрсын Жұртбаев болды. Сол кезде «Ақиқат» журналынан бұл екі зерттеушінің кейде кезектесіп, кейде қатар Абай өлеңдерін жұртшылыққа ұғынықты етіп талдаған терең талдауларын асыға күтетін. Кейіннен сол талдауларын Ғ.Есім «Хакім Абай» кітабына енгізіп бастырды. Т.Жұртбай сол мақалалары негізінде «Күйерсің, жүрек,.. Сүйерсің!» деген жинағын шығарды. Белгілі мөлшерде герменевтикалық тәсіл деп аталатын терең талдауға Мұзафар Әлімбаевтың да қатысқаны белгілі.
Ұлы ақынды қазақ әдебиетінің классигіне жатқызуды дәлелдеуге тырысқан Қ.Жұбанов, әрине, классиктік мағынаның құрамына Абайдың ойшылдығын енгізетіні ақиқат. Өмірінің соңғы оншақты жылында Ақтөбе университетінде қызметте болып, әкесінің атындағы зертхананы басқарған Есет Құдайбергенұлы Жұбановтың айтуынша бұл аяқталмаған мақаланың соңғы екі тарауының бірі Абайдың ойшылдығы мен дүнитанымына арналуға тиіс болған. Олай деуімізге негіз де жоқ емес, себебі оның осы көлемді мақаласында оның ойшылдығы тек бір-ақ жерде ғана айтылады. Бұл мәселе туралы үлкен әңгімені арнайы тарауға қалдырған сияқты.
Бірақ соның өзінде үлкен ғалым сыналап болса да бұл күрделі мәселе жөнінде сөз қозғамай кете алмаған. Оның қысқа да болса ауыз толтырып айтқаны: «Абай – ойшыл ақын». Бұл тұжырым алдындағы Ахаңның пікіріне жақын, бірақ Қ.Жұбанов ақын өлеңінің түсінуге қиындығына акцент салмайды. Әңгіме негізінен өлеңдегі пікір тереңдігі мен ондағы сезімнің ойшылдығы, өлеңнің мазмұны мен түрінің қабысуы туралы.
ҚОРЫТЫНДЫ
Зерттеудің мақсаты Алаш көсемдерінің тек қана саяси-әлеуметтік мәселелерді шешудегі, қазақ халқын Ресейдің империялық-отаршылдық қыспағынан босатып, өзінің саяси-экономикалық тәуелсіздігін сақтай алатындай автономиялық құрылымға қол жеткізу жолындағы күресінің ғана қайраткерлері емес, сонымен қатар болашақ тәуелсіз Алаш автономиясының рухани өмірі туралы да толғаныстарын білдірген.
Сол тар заманның өзінде Алаш қайраткерлері болашақ тәуелсіз елдің рухани өмірін Абаймен байланыстырған. Ескіліктен, надандықтан, алауыздықтан арылудың, білімге, өркениетке, Батыс пен Шығыстың мәдениеті озық елдерімен теңесуге бастар жол Абай ілімі деп білген. Сондықтан біз Абайға бет бұрған, ұлы ақын өмірі мен рухани мұрасын зерделеген Ә.Бөкейхан, А.Байтурсынұлы, Ж.Аймауытов және М.Дулатов мақалаларын сол кездегі абайтану ілімінің негізін қалағандардың бірі, өзі де Алаш көсемдерімен бірге қудаланып, 30-шы жылдардағы нәубет құрбаны болған профессор Қ.Жұбановтың «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» еңбегімен сабақтастығы қарастырылды.
Зерттеуде алаш жетекшілері ішінде ұлы Абайды жалпы таныстыру, қазақ мәденирухани өміріндегі орнын айқындау мақсатында шыққан тегі, өмірі мен шығармашылығы туралы алдымен сөз қозғаған Ә.Бөкейхан ізімен басқалары да мақалаларында ақынның өскен ортасы, өмірі мен туындылары туралы азды-көпті мәліметтер береді. Ал Қ.Жұбанов болса Абайдың өмір жолы мен қызметі туралы өзінен бұрын жазылған алаштықтар мақалаларындағы айтылғандарды қайталап жатпай «Абай – өз ортасының Данте сияқты адамы» деп, оның өзгеше орнын, айрықша ерекшелігіне тоқталады.
Алаш басшыларының Абай әдеби мұрасынан ортақ талқылау мәселесі етіп алғандары — негізіне оның дүниетанымына қатысты ақынның нәр алған қайнарлары туралы болды. Біз салыстыра талдауға алып отырған алаш қайраткерлерінің төртеуі де Абай сусындаған алғашқы бұлағы — ақын поэзиясындағы төл әдебиеттің орны туралы ортақ ой білдіреді. Қ.Жұбанов ауыз әдебиетіне қатысты Абайдың айтқандарын жинақтап түйіп қорытындылағандай алты баптан тұратын тұжырымдармен аяқтайды.
Абайдың Батысы мен Шығысы мәселелерінде де пікір сабақтастығы айқын байқалады. Батыс мәселесі барлық зерттеушілерде Жұбановтан басқасында (себебі айтылады) толық көтерілген. Көбісі ақынның аудармашылық шеберлігіне, әсіресе Пушкин мен Лермонтов, Гетеден аудармаларының өзінің төл өлеңінен (түпнұсқадан) артықтығына ерекше назар аударады. Сонымен қатар кейбір зиялылардың (Аймауытов) қазіргі орысшылдар мен, батысшылдарға сабақ ретінде Батысқа да талғаммен қараудың керектігін, «Еуропаның өнеге қылуға жарамайтын жерлері бар» деп, ескертуінің үлкен тәрбиелік мәні бар.
Алаштықтардың ұлы ақын қайнарларының Шығысының сол кездегі Абайдың шығысы, исламға қатысты мәселелерінің толық игерілмегендігінен Батысындай емес үстірттеу қаралғаны байқалады, бірақ бұл тақырыпта да зерттеушілер ой-пікірлерінің сабақтастығы айқын.
Алаш азаматтарының өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы еңбектерінде Абайдың ойшылдығы туралы пікірлері де сөз болады. Талдаулар мен ой-түйіндеулерімізді жеткізу барысында олардың көпшілікке белгілі туындыларындағы үндестік әңгімеміздің өзегі болды. Қарастырылған осы бес мәселенің өзі абайтануда белгілі орны бар, туындыларын әр жылдары, әр жағдайда жазған ұлт жанашырларының ұлы Абайға деген ой-тұжырымдарының жақындығын толық көрсетіп отыр деп қорытындылай аламыз.

ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ
1 Абай. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. Бірінші том. – Алматы: “Жазушы”, 1995. – 336 бет.
2 Абай. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. Екінші том. – Алматы:
“Жазушы”, 1995 – 382 бет.
3 Бөкейханов Ә. Абай (Ибраһим Құнанбаев). (1905). “Жұлдыз”. – № 9. – 1991. – 110114 бб.
4 Байтұрсынов А. Қазақтың бас ақыны. (1913). // Шығармалары. – Алматы: “Жазушы”, 1989. – 298- 304 бб.
5 Аймауытов Ж. Абайдың өнері һәм қызметі. Абайдан соңғы ақындар, Журнал туралы. // Алты томдық шығармалар жинағы. 6-том. – Алматы: «Ел-шежіре», – 2013, 125129, 129-135, 135-141 бб.
6 Дулатов М. Абай (1904). Ибраһим ибн Құнанбаев (1908). // Бір томдық таңдамалы шығармалары. – Алматы: «Ана тілі», 2010, 171-172 бб.
7 Жұбанов Қ. Абай – қазақ әдебиетінің классигі. // Абай тағылымы. – Алматы:
«Жазушы», 1986. – 14-32 бб.

Б.Т. Бораш
Созвучие мыслей вождей алаша и К.Жубанова в абаеведении
Актюбинский региональный государственный университет имени К.Жубанова, г. Актобе, Казахстан

Статья о значительном вкладе в становлении абаеведения А.Букейхана, А.Байтурсынова, М.Дулатова, Ж.Аймаутова и К.Жубанова, подспудно понимавших, что наследие Абая является той спасительной духовной силой, которая поможет казахскому народу вырваться от нищеты, отсталости и приблизится к культурным странам мира. Прошлогоднее столетие национаально-освободительного движения Алаша, которое очень тепло отметили в стране, и, которое совпадает с призывом Елбасы к духовному обновлению нашего общества, требует еще раз обратиться к наследию вождей Алаша. Для лучщего понимания как они близки к духу Абая в статье взята программная статья К.Жубанова, одного из глубоких толкователей его мировоззренческих взглядов, об их три истоках. Как показывает сравнительный анализ их трудов по абаеведению, по всем трем направлениям: и по отношению к западной культуре, и по близости к Восточным истокам, особенно по отношению родной культуре взгляды их очень близки.

B.T. Borash
Conscious thoughts of leaders of Alash and K.Zhubanov in Abay
K.Zhubanov Aktobe Regional State University, Aktobe

The article on the significant contribution to the development of Abay studies by A. Bukeykhan, A. Baytursynov, M. Dulatov, Zh. Aymautov and K. Zhubanov, implicitly understood that Abai’s heritage is that saving spiritual force that will help the Kazakh people to escape poverty, backwardness and come closer to the cultural countries of the world. The last century of the national liberation movement of Alash, which was very warmly celebrated in the country, and which coincides with Elbasy’s call for spiritual renewal of our society, requires once again to turn to the legacy of the leaders of Alash. For a better understanding of how close they are to the spirit of Abay, the article takes a programmatic article by K. Zhubanov, one of the deep interpreters of his world outlook, about their three sources. As the comparative analysis of their works on Abay studies shows, in all three directions: both in relation to the western culture, and in proximity to the Eastern sources, especially in relation to their native culture, their views are very close.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *