6-9 ғасырдағы көне түркі әдебиетінің ескерткіштері

1.2. «Күлтегін», «Тоныкөк», «Білге қаған» жырлары туралы мәлімет, олардың көркемдік ерекшеліктері.

Сабақтың мақсаты:
І. Ежелгі дәуір әдебиеті туралы түсінік бере отырып, cол ғасырдың мол мұрасын, ескерткіштерін тану, «Күлтегін», «Тоныкөк», «Білге қаған» жырлары туралы мәлімет бере отырып, көне түркі әдеби ескерткіштерін терең атлдай білу.
ІІ. Студенттердің білімді өз ізденістерімен игеруіне түрткі жасай отырып, шығармашылық ізденістеріне жол ашу, көне түркі ескерткіштерін талдауға дағдыландыра отырып, көркем сөйлеуге, әдеби тілдерінің дамуына ықпал ету.
ІІІ. Студенттерге құнды әдеби ескерткіштерді халқымыздың мол мұрасы деп білуге, түркі тескес халықтармен ортақ тарихымыз барын айтып, олармен үнемі жылы қарым-қатынаста болуға тәрбиелеу.

Жаңа сабақ бойынша дәріс.
Географиялық, тілдік және графикалық ерекшеліктеріне қарай көне түркі ескерткіштері 3 топқа бөлінеді.
1. Енисей есерткіштері
2. Талас ескерткіштері
3. Орхон ескерткіштері
Енисей ескерткіштеріне Енисей өзені, Тува республикасы, Алтай, Хакас облысымен, Краснояр өлкесі территориясынан табылған ескерткіштер жатады. Енисей ескерткіштері көлемі жағынан 10-15 жолдар, кішілері 1-2-3 жолдардан тұрады. Енисей ескерткіштері Ү-ҮІІ ғасырды қамтиды.
Талас жазу ескерткіштеріне Талас өзені бойынан табылған 12 ескерткіш жатады. Талас өзені бойындағы Айыртам-Ой деген жерден (қазіргі Жамбыл облысы) 1896 ж. Әулие Ата уезінің бастығы Каллаур ғылымға үлкен жаңалық боп енген жазуы бар тас тапқан. Зерттеушілердің пікірінше Талас ескерткіштері ҮІІІ ғ. қамтиды.
Орхон ескерткіштеріне ҮІ ғ. аяғы мен ҮІІІ ғ. басындағы Орхон, Селенгі, Тола өзендері мен Минусинск ойпатынан табылған Құтлығ қаған (Онгин), Білге қаған, Күлтегін, Тоныкөк, Мойын Чор, Күллі Чор, Суджы ескерткіштері жатады.
«Онгин» ескерткіші 1891 ж. Монғолиядағы Онгин өзені бойынан Ядринцев тапқан. Бұл ең көне ескерткіштердің бірі. Мұнда екінші түркі қағанатын қайтадан қалпына келтірген Елтеріс қаған мен оның әйелі Елбіге туралы әңгімеленеді. Құтлығ Күлтегін мен Білгенің әкесі.
«Білге қаған» (683-734) ескерткіші 1889 ж. Монғолиядағы Орхон өзені бойындағы Эрдени Цэу монастырының жанынан Ядринцев тапқан. Білге қаған Қапаған қаған қайтыс болған соң таққа отырған Құтлығ қағанның үлкен ұлы. Ескерткіштегі жазуды жазған қағанның туысы Иоллығ Тегін делінеді.
«Тоныкөк» ескерткішін 1897ж. Селенгі өзені бойынан Д.Клеменц тапқан. Тоныкөк- үш қағанның , 692 жылы қайтыс болған Құтлығтың, 716 жылы қайтыс болған Қапағанның және 734 жылы қайтыс болған Білгенің әскери кеңесшісі болған. Ол табғаш елінде оқып, тәлім-тәрбие, әскери білім алған. Зерттеушілердің пікірінше Тоныкөк 716 жылдан кейін қайтыс болды деп жорамалданады. Ескерткіштегі жазуды жазған Тоныкөк. Әйтсе де жыр жазылу стилі, композициялық құрылымы, идеялық мазмұны жағынан «Күлтегінге» ұқсас. «Күлтегін» жырында негізгі нәрсе – Күлтегіннің ерлігі болса, «Тоныкөк» жырында автор сол шайқаста жеңіске Тоныкөктің ақыл-айласы арқасында ғана жеткендігін көрсетеді. Жырдың басты қаһарманы түркіелінің дана қарты Тоныкөк. Сондықтан жырда уағыз — өсиет, нақыл сөздер көп.
«Тоныкөк» 313 өлең жолынан тұрады. Жырдың жалпы оқиға желісінен зерттеушілер 14 циклын бөліп қарастырады.
1. Түркі халықтарының табғаштарға бағынышты болу тарихы
2. Аман қалған түріктердің бас қосып, бірігуі
3. Біріккен халықты басқаратын қаған сайлаудың қиындығы, қаған сайлаудағы Тоныкөктің ролі
4. Елтерісті қаған жариялауы
5. Оғыздардан тыңшы келіп, түркі елін шаппақ болғандығы
6. Түркі халқының жауларымен күрестің қиындығы және осы қиындықты жеңудегі тоныкөктір ролі
7. Оғыздармен болған соғыс туралы
8. Сегізінші циклдан бастап 14 циклға дейін түркілердің түрлі тайпалармен жүргізген соғыстары баяндалады. Ал 14 циклы бүкіл жырдың қорытындысы болып келеді. Мұнда түркілердің өз елі, жері үшін соғысқандары айтылып, соның барлығында да жеңіске жеткендері, ол Тоныкөктің ақыл-кеңесінің нәтижесі екендігі баяндалады.
«Күлі Чор» ескерткішін 1912 ж. Монғолияның Ихе-Хушоту деген жерінен Котвич деген ғалым тапқан. Ескерткіш тардұш тайпасының көсемі Күлтегін мен Білге қағанның замандасы Күлі Чорға арналған. Күлі Чордың қашан, қай жерде қайтыс болғаны белгісіз, әйтсе де ескерткіште «Ұлы Күлі Чор сексен жасап қайтыс болды» делінеді.
«Мойын Чор» ескерткішін 1909 ж. Селенгі өзені бойынан Рамстедт тапқан. Ескерткіш ұйғыр мемлекетінің қағаны Мойын-Чорға арналған. Ол 745 ж. түркі қағаны Озмыш тегінді өлтіріп, түркі қағанатын құлатады. Селенгі өзені бойынан тұңғыш ұйғыр қағанатын орнатып, қалалар мен сарайлар салғызады. Оның қабырғаларына өз жорықтары туралы жазу жазып қалдырады.
ІІІ. Күлтегін жырлары
Қазақ әдебиеті тарихы қазақ халқының ерте замандардан бастап бүгінге дейін жасаған көркем әдебиет туындыларын толық қамтыды. Ежелгі дәуірдегі әдебиетіміз туралы айтқаңда, ең алдымен, екі мәселені айқын түсінуіміз керек. Біріншісі – біздің ежелгі дәуір әдебиетіміздің туындылары тек қазақ халқының ғана еншісі емес, олардың басқа түркі тектес халықтардың да әдебиетіне ортақ екендігі. Екіншісі – қазақ тілінде емес, ежелгі түркі тілінде жазылғандығы. Енді осы жайттарға түсінік бере кетейік.
Қазақ халқының құрылуына негіз болған ру-тайпалар ол замандарда қазіргі Қазақстанды, Орта Азияны, Оңтүстік–шығыс Сібірді, Орталық Азияны, Еділ бойын, Каспий жағалауларын мекен еткен. Олар өзбек, қырғыз, әзірбайжан, түрікмен, ұйғыр, қарақалпақ, хакас, башқұрт, татар халықтарының төл құрамына енген ру-тайпалармен аралас өмір кешкен. Сөйтіп, экономикалық, әлеуметтік, мәдени өмірі бір-бірімен өзара тығыз байланысты болған түркі тілдес халықтардың әдебиеті де ортақ болды. Кумандар, Дешті Қыпшақтар, тағы басқадай атанған жартылай көшпелі, жартылай отырықшы түркі тілдес халықтардың ерлігі, тұрмыс-тіршілігі, арман-қиялы поэзия тілімен жырланып, ерлік эпостар, ертегілер, аңыздарда баян етілген. Құлпытас, күмбез түріндегі ескерткіштерге өздерінің елеулі-елеулі тарихи адамдары туралы жоқтау, мадақтауларын жыр түрінде ойып жазып қалдырып отырған. Бұл түркі ұлыстарының жазу мәдениеті ертеден пайда болғанын көрсетеді. Ол жазулар дами келе Күлтегін, Тоңұқық*, Қорқыт ата, Жүсіп Баласағұни, Махмұд Қашқари, Ахмет Йасауи, Бақырғани, Хорезми, т.б. орта ғасырлық ғұламалар шығармаларының сақталуына негіз болды.
Ру-тайпалық дәуірде өмірге келген шығармалардың тілі қазаққа түсініксіз болса, олар қазақ әдебиетінің мұрасы бола ала ма деген сұрақ туындайды. Кейбір ғалымдардың теріс пікірде екенін де ескеру керек. Алайда, ғылыми тұрғыдан қарағанда, олардың теріс жауаптары негізсіз. Өйткені, «қай халықтың болсын ерте замандардағы алғашқы әдебиеті, жазба әдебиет нұсқалары, сол халықтың бүгінгі тілінде болуы шарт емес. Кейбір халықтардың ондай әдебиетінің басқа тілде, сол халыққа осы күнде түсініксіз тілде болуы, бірақ сол халық жерінде, сол халық өкілдері тарапынан жасалған, сол халықтың бір кездегі өмірін көрсететін әдебиет нұсқалары болуы ықтимал», – деп көрсетеді ғалым Б.Кенжебаев. Сондықтан да қазақ әдебиетінің ежелгі дәуіріне қатысты әдеби ескерткіштер көне түркі, шағатай (шағатай, тілі – араб және парсы сөздері араласқан түркі ру-тайпаларының кітаби тілі, ол сол кездегі барлық түркі тектес халықтарға түсінікті тіл болған), ұйғыр, араб, парсы тілдерінде жазылғанмен, біз оларды төл әдебиетіміздің тарихының басы деп танимыз.
Міне, ежелгі дәуір әдебиетінің белгілі мұралары, үлгілері осындай. Олар өзінен кейінгі әдебиеттің дамуына, шыңдалуына негіз, түп төркін болған.
«Күлтегін» (684-731) ескерткіші «Білге қаған» ескерткішімен қатар бір жерде табылған. Күлтегін 731 жылы 27 ақпанда 47 жасында қайтыс болған. «Күлтегін» жыры өз алдына дербес 8 циклдан тұрады. Әрбір цикл мазмұны жағынан дербес хикая болып келеді.
1. Қағанның өз халқына қарата айтқан үндеуі
2. Түрік қағанаты жерінің кеңдігін суреттейді
3. Түріктердің әскери жорықтарын хикая етеді
4. Көршілес табғач халқының қастандық әрекеттері туралы әңгіме
5. Табғаштармен қатынасу түріктерге ажал қатерін төндіретіні жайындағы хикая
6. Түркі халқының көреген емес екенін өкінішпен жырлауға арналған
7. Түркі халқының даңқын көкке көтерген қаған екендігі жөнінде айтылған жыр
8. Ескерткіш-жырды жазуға себеп болған жәйттерді баяндауға арналған
Күлтегін жырлары. Орта Азияның түркі тайпалары руна жазбаларды қолданған, ал араб алфавитіне кейінірек, ислам дінінің енуіне байланысты көшкен. Біздің ендігі әңгімеміз ежелгі мәдениет ескерткіштерінің бір кереметі, бүкіл әлемге әйгілі болған ақын тас, жыршы тас – Орхон ескерткіштері (VIII ғ.) жайында болмақ.
Бұл ескерткіштер Орхон, Енисей өзендерінің (Сібірдегі) бойынан (мұндай жазбалар Қазақстан жерінен де көптеп табылған, солардың ең көлемдісі Талас ескерткіші) табылған. Оларды алғаш тапқандар: швед офицері Иоганн және орыс ғалымы Н.М.Ядринцев (XVIII–XIX ғғ.). Көздің жасымен, жүректің қанымен құлпытастарға қашалып тұрып жазылып, қаймағы бұзылмай бізге жеткен осы бір ғажайып руналық тасқа ойылып жазылған жазуларды ғылымда руналық жазулар деп атайды. Ол жазуларда VII ғасырдың іргелі мемлекеті – Түркі қағанатының құрамындағы толып жатқан рулардың өзара есепсіз жауласуы, жорықтары мен соғыстары суреттеледі. Бұл ескерткіштердің басты кейіпкерлері – хандар, бектер, тектілер туралы баяндауынан сол кездегі тұрмыс жайлы түсінік те аламыз. Ескерткіштердің авторлары сол жазуларда есімдері аталатын Йоллығ-тегін мен Тоныкөк деген болжам бар. Оларды елдің тарихын, тағдырын толғап айтушы ежелгі ақын-жыраулар өкілдері деуге болады.
Орхон жырларында «Алпамыс», «Қобыланды» жырларындағы сияқты ел өмірін суреттеуде, ерлікті жырлауда, хан-бектерді мадақтауда өлеңмен бірге арасында қара сөздер де араласып отырады. Сондықтан, оны эпикалық мұрамыздың көне үлгілерінің бірі деуге болады. Онда шешендік сөз нұсқалары да мол. Оларда өз елін, өз жерін шет басқыншылардан, сыртқы жаулардан қорғау идеясы көрінеді. Ерлік, батырлық дәріптеледі. Күлтегіннің он алты жастан қырық жеті жасына дейінгі өміріндегі ерлік істері, ел басқаруы баяндалады.
Бастыны еңкейтті,
Тізеліні бүктірді,
Бек ұлдары құл болды,
Пәк қыздары күң болды, –
деп суреттеледі Күлтегін ерлігі. Күлтегіннің ерлігінің арқасында түркі халқының: «Кедейі бай болды», «азы көп болды», – деген сияқты жолдардан жырдың түпкі мұраты ел бірлігі мен оның бақытты өмірін аңсау екенін аңғару қиын емес.

Дәріс негізінде орындалатын тапсырма:

 Берілген дәріспен танысып, дәптерге түсіру.

 Төмендегі сұрақтарға жазбаша жауап беру:
1. Академик-жазушы М.Әуезов Орхон жәдігерліктерінің мазмұн мен сипаты туралы қандай пікір білдірді?
2. И.В.Стебелева жазба жәдігерліктеріне қандай пікір білдірді?
3. Орхон — Енисей ескерткіштерінде кездесетін аллитерация құбылысын тауып, дәлелдеу.
4. «Күлтегін», «Тоныкөк» жырларында теңеу, метафора, аллегория, гипербола, эпитет, қанатты сөздер, мақал – мәтелдер кездессе мысал келтір.

 Орхон-Енисей ескерткіштері бойынша кесте толтыру.
Жыр атауы Жырдың зерттелуі Жырдың көркемдік құрылысы
Күлтегін
Тоныкөк

Үй тапсырмасы:
 Сұрақтарға жазбаша жауап беру(төменде берілген сілтеме арқылы орындау):
1. Ескерткіштердің көркемдік ерекшелігі.

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1. Келімбетов Н. Ежелгі дәуір әдебиеті. Бірінші кітап – А., 2014.
2. Келімбетов Н. Ежелгі дәуір поэзиясы және қазақ әдебиетіндегі дәстүржалғастығы. – А., 2015.
3. Келімбетов Н. Көркемдік дәстүр жалғастығы. – Астана, 2014.
4. Қыраубаева А. Ежелгі дәуір әдебиеті. – Алматы, 1995.
5. Codex Cumanicus Cod.Marc.Lat.DLXIX In faksimile heruasgegeben mit einer einletung Von K.Grönbech — Kopenhagen, 1936, -82 v.

ЭЛЕКТРОНДЫ ОҚУЛЫҚҚА СІЛТЕМЕ
http://doc.nlrk.kz/result/ebook_130/#ps

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *