ҚОЖАБЕРГЕН ЖЫРАУ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ
«АТАМЕКЕН» КОНЦЕПТІСІ

ҚОЖАБЕРГЕН ЖЫРАУ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ
«АТАМЕКЕН» КОНЦЕПТІСІ

Таласпаева Ж.С., Тағұдретова Б.Б.
Петропавл қ.,
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті

Қазақтар үшін кеңістік ұғымы әрі горизонталды (оң, сол, шығыс,батыс, дүниенің төрт бұрышы), әрі вертикалды (жоғары, төмен, аспан, жер, жер асты) формада қабылданатыны оның түрлі мифтерде, ауыз әдебиеті үлгілерінде сақталған тілдік бейнелерінен көрінеді. «Кеңістік дегеніміз қазақтар үшін шексіз космос. Осы космоста олардың «өз микрокосмосы» бар, ол — «атамекен» деп аталатын олардың бүкіл болмысын өзге «ықпал етуші, үйлесімділігін бұзушы» күштерден сақтайтын, ата бабасынан мұраға қалып келе жатқан өздері үшін ерекше «жұмақ, жайлы жер»,-дейді ғалым Ж. Манкеева [1: 65 б.]. «Атамекен» концептісі қандай ұлттың да менталды дүниетанымында негізгі рөл атқаратыны белгілі. Себебі, адам баласы үшін тұрақтап, өсіп-өнген, ұрпақ жайған, мекен етіп, бауыр басқан жерінен артық жер болмайды. Соның ішінде қазақ халқы үшін «туған жер» қанша қадірлі, ыстық болса, «атамекен» ұғымы одан әлдеқайда қасиетті, жоғары екенін байқаймыз.
Қожаберген жырау поэтикасында «атамекен» концептісінің мәнмағынасын, қолданылу аясын, мақсатын анықтауда географиялық атаулар маңызды қызмет атқарады. Олар жер атаулары: Сарыарқа, Алтай, Сібір, Тарбағатай, Сыр елі, Парсы елі, Шымкент, Созақ, Үзкент, Сайрам, Маңғыстау, Ташкент, Теміртау, Самарқанд, Бұхара, Шымкент, Созақ, Түркістан; өзен-көл атаулары: Есіл, Еділ, Ертіс, Тобыл, Үшбұлақ,Том, Омбы, Аягөз, Алқакөл, Талас , Жайық , Әмудария, Шу, Ащыкөл, Телікөл, Жем, т.б. Төбе, тау атаулары: Орал , Шыңғыстау, Алатау, Қаратау, Ереймен, Баянтау.
«Атамекен» ұғымына қатысты жер атаулары «Елім-ай» жырында сонау Ақ Орданың құрылуынан бастау алып, Жәнібек пен Керейдің өз алдына ел болам деп, хандық еткен заманын, «қазақ» дейтін үш жүзге Жоңғар халқының шабуыл жасап, елді аңыратып, жерін шауып, қазағымыздың құтын қашырған «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп аталып кеткен сұм соғысқа куә ететін тарихи жер-су, тау аттары ретінде суреттеледі. «Елім-ай» — халықтың сонау 1721 жылғы тарихын көз алдымызға елестетін туынды болғандықтан, жырда көбінесе географиялық атаулар сол оқиға болып өткен жерге байланысты, бірде жауын жайрата жеңіп, бірде біреудің қолында кетіп бара жатқан ата қонысымыздың сол кездегі халін көрсетеді.
Шыңғыс пен Аягөзді қалмақ алып Бөгеңдей қолбасшыны қалжыратты. немесе
Ұзамай Іле бойын жоңғар алды,
…Аймағын Жетісудың түгел жаулап,
Дұшпанадар зар жылатты қаңлыларды [2: 34 б.].
Тыныш жатқан бейбіт елдің шаңырағын шайқалтқан қалмақтар қазақтың не бір шұрайлы мекендерін, өзен-көлдерін басып алып, ұрыс алаңына айналдырды. Мысалы:
…Ертіске Омбы өзені құяр жерді, Айнала тоғаймен қалмақ алған.
Шегіндік мылтық бізде аз болған соң,
Сибан көл, Тарышы көлі жауда қалды
Тоқтаттық Есіл көлде қалың жауды, Ор қазып, Есіл көлде жолын бөгеп, Соғысып қолма-қолды қалмақты ұттық.
Бес руы Керейдің.
Соғыста құрып жоңалды,
Есіл, Тобыл, Көкшеде,
Мал мен мүлкі тоналды [2: 153б.].
Дегенмен, екі ел арасындағы ұрыстың соңы қазақтардың азаттығымен аяқталғанын білеміз. Жыраудың соңғы «Жеңіс толғауында» қалмақтар болса, Қытай мен Парсы елінен асып, саудаға жалданып, не киер киімге, не ішер тамаққа жарымай керуен асып кеткендігін айтады.
Сонымен қоса, «атамекен» концептісі жырау тілінде өзінің ата-бабалары туып-өскен жер және өзі билік еткен заманда небір қызықты сәттерін өткізген орта ретінде көрініс тапқан. Мысалы:
Есілдің ну тоғайын мекен еткен,
Жер жыртып, алабына егін еккен,
Толыбай сыншыұлы деп ел атаған,
Қарабас сол араны мекен еткен Алтай тау Оғыз атам туған жері, Соғысып қытайларды қуған жері.
Алатау, Алтай мен сыр мекен болып,
Оғыздың қобыз тартқан көсемдері
Кешегі сауық етіп жүрген жерлер — Серілікпен жаста шарладым,
Қазан мен Кемер арасын,
Ордабасы боп жүріп,
Көп ел мен жерді таныдым
…Теріскей Сарыарқаны қыстайтұғын,
Егіз ел Крей-Уақ көсемі едім [3: 28 б.],-дейді.
«Атамекен» концептісі осы ұғымды танытудағы ядролық концепті болса, оны толықтырып, мазмұнын байытатын «толықтырушы» — «құтты қоныс» концептісі. Қазаққа әу бастан қорған болған, құтты тұрағына айналған, керегінде пана болған Сарыарқа, Қаратау, Еділ-Жайық, Сыр бойы қашан да қасиетті:
Қаратау, Сыр, Сарыарқа, Еділ-Жайық, Тұрақты Қазақ жұрты қонысы деп. Санаңдар түп қазыққа соны лайық, Әуелден мал кіндігі өрісі деп.
Жағасы жанға жайлы, жайлауы малға жайлы, өрісі кең ұлы қазақ даласы қашан да, неге де болса құтты болмақ. Ежелден қоныс етіп, егін салып, жылқы, қой, түйе, қара малдарына қоныс болған Түркістан, Сайрам, Тараз, Ташкент маңдары да Орта жүз халқы үшін аса қадірлі. Ташкент пен Түмен шаһарлары да қыс қыстап, жаз жайылымға еркін болған.
Жырау тілінде «құтты қоныс» концептісі табиғат сұлулығымен көркем үйлесім тауып, сезіміне қанат бітіреді. «Сылдырап суы сылаң қаққан», «Көкорай, көк құрақты көлдері», «Аң аулап, саят құрған белестері», «Баянды, құтты қоныс мекен», «Төрт түлік малға жайлы», «Жаз болса, бие менен інген байлап», «Көк шалғын», «Мал көбейіп, бас өсіп», «Бетегелі бел», «Үйрек ұшып, қаз-қонған, Айдын шалқар көл», «Жағасында түйе қаптаған, суы тұзды көлдер», «Қасиетті кең дала» бейнелі схемалары аркылы көрініс тапқан [3: 96 б.].
«Қоныс» ұғымының қазақтар үшін қаншалықты қасиетті ұғым екендігін «Жеңіс», «Ата тек», «Елім-ай» атты дастан, толғауларында «жасыл алқап дөң, бетелгелі белім, жап-жасыл жазық жер, шөбі шүйгін, Сарыарқа — жердің кіндігі, көкорай, көк құрақты көлдер» секілді мысалдармен дәлелдейді. Алайда, халқына қасиетті тұрақ болған тамаша қоныстан уақытша болса да, жер аударуға да мәжбүр болды. Киелі атамекенін тастап көшу — тек амалсыз, еріксіз түрде ғана болатын, кейінгі өкініш, қайғы-қасіретке, мұң мен сағынышқа себеп болатын жағдай [4, 59 б.]. «Елім-ай» жырында:
Бұл қырғын жаппай барша қазаққа ауды,
Наймандар тастап көшті Алтай тауды
Амалсыз тастап Сыр бойын,
Орал тауға бармақ боп,
Шоғырланды төбеге, Көшпек болған жиын-топ. Кетерінде қиналды ел, Қоныстарын қия алмай.
Бәрі де жұрттың жылады,
Көз жастарын тыя алмай [3: 139 б.], -деген жолдардан қазақ халқының қырғидай тиген қалмақтардан, бас сауғалау үшін Алтайын тастап кетуге тура келгендігін көреміз. Яғни, ата қоныстан көшу өзіңнен күші басым жау келіп, амалсыздан көш ауыстыру жағдайында болуы мүмкін. Құтты қонған, берекесі жарасқан қазақтың әр шаңырағы себепсіз шайқалмаған. Не болмаса, «қонысты тастау, айырылу, жер аудару » — қонысы жайсыз, берекесіз, құтсыз болған жағдайда орын алады. Қоныстың құтсыз болуы мал баққан көшпелілер психологиясында жұт, соғыс ұғымдарымен байланыстырылады. «Жұт жеті ағайынды» деп есептеген қазақ малдың, адамның арасында жұқпалы індеттің көбеюін, жерге шөп шықпай, мал мен адамдардың аштықтан қырылуын кей кездері қоныстың құтсыздығы деп санайды. Яғни, ата қоныстан кету — жаманшылық, жаман ырым болып саналады. Жырау:
Бұхарға барған ерлер қайта оралды,
Қырғызып қуаң шөлде біраз малды,
Індеттен жиі ауырып құнан, тайлақ,
Байырлап ол жақта жұрт тұра алмады [3: 162 б.]. Ташкентке жетіп жаулар лаң салады, Бәрін де жолдағы елдің қырып салды.
Тігілген ақ ордалар қайран қоныс
Қаңырап тіршіліксіз бос қалады,-деп суреттейді.
Екінші бір себеп, жер-суынан айырып, бақытын тайдырған сол сұм соғыстың салдары еді:
Алтайда салып ойранды, Ойраттар шапты Найманды. Дәу мылтықтан шар түсіп,
Бақыты елдің тайған-ды,- дейді.
Шынымен де, бұл апат қазақтың басына берекесіздік орнатты. Шабуылдан аштық пен жұтқа іліккен қазақтар от пен судың ортасында қалғандай болды. Күннің суық ызғары мен ауыр күндерінен, жан алар әзірейілдей болып келген жұттан халқымыз ен байлығынан айырылып, қоныс тепкен шұрайлы жерлерін тастап, зарланған жетім бала,бала-шағадан айырылған байғұс аналар көбейді.
Қорыта келгенде, жырау «атамекен» концептісін біріншіден, «туған жер, құтты қоныс, қазақтың жері» ұғымдарымен астарластырып береді, яғни «атамекен» концептісі — туып-өскен жер, молшылық пен байлықтың ордасы, қыс қыстап, жаз жайлауға қолайлы нағыз жер жәннаты іспеттес. Екіншіден, әр адамның туған жері, өскен ортасы, атамекені кімге де болса қымбат. Сол құндылығының мәні мен сәні кетсе, кімді де болса қайғы-қасіретке душар етпей қоймайды. Жаудың қаһарынан шошынған халық, «құтты қонысынан» көшіп, жұт пен соғыстың кесірінен амалсыз көшуге де тура келді. Сол себепті, Қожаберген секілді дауылпаз баба қаламынан халықтың күйі, жыры арқылы төгілді. Жырау концептуалдық дүниетанымдағы ұлттық идеяны — атамекенді, құтты қонысты, сол жердегі мамыражай қазақы тұрмысты көксеу идеясымен астастырды. Жырау сөзі — елдің айнасы болып, заман келбетін танытты.

Әдебиеттер:

1. Манкеева Ж.А. Мәдени лексиканың ұлттық сипаты. -Алматы: Ғылым, 1997. -272 6.
2. Қожаберген жырау: өлеңдер, толғаулар, дастандар. (Құр. С.Жұмабаев,
Қ.Биғожин). Алматы: ЖШС «Жас Улан и К» Баспа үйі, 2007. 272 б.
3. Қожаберген жырау. Таңдамалы шығармалары. -Петропавл қаласы: Облыстық баспахана, 2003. -288 бет.
4. Нұрдәулетова Б.И. Жыраулар поэтикасындағы дүниенің концептуалдық бейнесі Фил.ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация. -Алматы, 2008. 320 б.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *