ҚАЗІРГІ ТАҢДАҒЫ ЧАТ-КОММУНИКАЦИЯНЫҢ ТІЛДІК НЕГІЗДЕРІ
МЕН ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

ҚАЗІРГІ ТАҢДАҒЫ ЧАТ-КОММУНИКАЦИЯНЫҢ ТІЛДІК НЕГІЗДЕРІ
МЕН ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Уркинбаева Г.У.
Ақтөбе қ., Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті gulnur.urkinbaeva@mail.ru

Тіл – адам қатынасының, ойлаудың, мәдениеттің аса маңызды құралы болып табылады. Қарым-қатынасқа түскен сайын бұл құралдың икемділігі артып, шыңдала береді. Бірақ тілдің мұндай қасиеті оның қызмет етуіне, жетілуі мен дамуына айрықша көңіл бөліп, шынайы қамқорлыққа алып отырудың барысында жандана түседі.
Әдеби тілдің ауызша және жазбаша түрін қатар дамытып, оның қоғам өміріндегі қызметінің өрістей түсуіне мүмкіндік жасау, түрлі ауытқулардан арылтып отыру, небір күрделі ойдың әрқилы нәзік айырымдарын тіл арқылы дәл, анық жеткізе білуге көпшілікті тәрбиелеу тіл мәдениеті деген ұғымды білдіреді [1: 10-12 б].
Тіл мәдениеті мен сөз мәдениеті деген терминдердің мәнін ажырата алмай, кейде екі категориялық білімдер жүйесін бір ұғымда жұмсайтын кездеріміз көп. Бұл терминдер өзара мағыналас болғанмен, бір-бірінен айырмашылығы да бар. Тіл мәдениетінің ұғымы кең. Ол көбіне қарым-қатынас құралы болып саналатын, тілді жетілдіре беру, ұштай түсумен қатар, сөз шеберлігі, сөйлеудегі әдептілік тәрізділерді де қамтиды. Ал сөз мәдениеті қарым-қатынас құралын қалай игеріп, өмірде қалай пайдаланып жүрміз, оның әртүрлі амал-тәсілдерін дұрыс, дәл, тиімді қолданып, мазмұнды, әсерлі етіп жұмсай алдық па деген мәселерді қамтиды. Сонымен сөз мәдениеті алдымен әдеби тілдің грамматикалық, лексикалық, стилистикалық, орфоэпиялық нормаларын меңгеру, сонымен бірге бейнелеуіш, көріктеуіш амал-тәсілдерді қарым-қатынас жасаудың мақсаты мен мазмұнына сай етіп қолдана білу дегенді білдіреді.
Дұрыс сөйлеп, дұрыс жаза білуге дағдыланған, әдеби тіл нормасына төселген адамның сөйлеген сөзі де, жазғаны да еш мінсіз, жатық шығып жатады. Тіл амалдарын дұрыс қолданып, әдеби тіл нормасын сақтап, одан жөнсіз ауытқымауды сөз жаттықтығы деп түсінуге болады. Тіл амал-тәсілдерін дұрыс жұмсауға, сөз жаттықтығына ғана қанағат етіп қою жеткіліксіз. Сөйлеушінің сөзі әдеби тілдің нормасына сай, дұрыс жұмсалуы, және «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетіндей», ой мен сезімді дәл жеткізе алатындай әсерлі болуы да қажет [1: 46 б].
Тіл мәдениеті дегеніміз – сөздерді дұрыс қолдану, сөйлеу үстінде оларды бір-бірімен қиюластырып, үндестіріп, дұрыс айту, емле мен тыныс белгілері ережелерін сақтап, сауатты жазу, тілдің ғасырлар бойы сұрыпталып келген, сөз зергерлері оюлап берген көркемдігі мен әсем өрнегін орнымен қолдану. Ғылым сөзімен айтсақ, лексикалық, грамматикалық, орфографиялық, орфоэпиялық, стилистикалық нормаларды ұстану, ол заңдылықтарды бұзбай, жетілдіре, орнықтыра түсу [2: 58 б].
Тіл мәдениеті – сөйлеудегі, жазудағы тіл жұмсаудың өнегелі үлгілері, сауаттылық, ізеттілік, айқын ойлылық. Әдеби тілдің нормаларының өзгеріске ұшырауы – нормадан ауытқу деп аталады. Профессор Мәулен Балақаев өзінің «Қазақ тілінің мәдениеті» еңбегінде нормадан аукытқудың екі түрін көрсетеді: 1. Жөнімен ауытқу; 2. Жөнсіз ауытқу.
Әдеби норманы белгілі мақсатпен, стильдік өңі болғандықтан өзгертіп қолдану – жөнімен ауытқу болады. Әдеби норманы жөн-жосықсыз бұзып, естіген-білгенін қалай болса солай талғамай қолдану жөнсіз ауытқу болады [3:
102 б].
Тіл мәдениеті тілдік норманың 3 түрін қамтиды:
1. Тілдік норма (лексикалық, сөзжасамдық, грамматикалық, дыбысталу нормасы);
2. Этикалық норма – сөз нормалары (сөйлеу этикасының ережелері);
3. Коммуникативті норма (сөйлеу қарым-қатынасының тиімділік қағидалары).
ХХІ ғасырға дейін тіл білімінде қарым-қатынастың екі түрі ғана: ауызша коммуникация және және жазбаша коммуникация зерттеліп келген болатын. Компьютерлік технологияның дамуына байланысты бүгінгі күні коммуникацияның жаңа түрі – чат-коммуникация пайда болды. Чат (chat – сөйлесу) – интернетті пайдаланушылардың бір-бірімен нақты уақыт режимінде («online» – ағылшын тілінен аударғанда «желі бойында», «байланыста» деген мағынаны білдіреді) сөйлесуіне мүмкіндік беретін коммуникацияның жаңа түрі, яғни желіде нақтылы уақытта, интерактивті сұхбаттасу деп те айтуға болады. Мұнда әңгімелесушілер бір-бірімен өз компьютерлеріндегі пернетақтадан сөздерді тереді, сөздер бірнеше секундтардан кейін сұхбаттасушыларға монитордан көрінеді, осындай тәсілмен сөйлесу түрі чат деп аталады.
Чаттың пайда болуы. Ақпараттық технологияның дамуымен бірге коммуникацияның да жаңа түрлері пайда болды. Компьютер пайда болғанға дейін адамдардың бір-бірімен байланысы телефон арқылы жүзеге асты. Телеграф, почта сияқты байланыс құралдарының ешқайсысы да нақты уақыт режимінде байланыс жасауға мүмкіндік бермеді. Сондықтан да телефонның пайда болуы адамзат тарихындағы ғажайып оқиғалардың бірі болатын, яғни жер шарының кез келген жерінде отырып, адамдар бір-бірімен байланыс жасай алатын болды.
ХХ ғасырдың ІІ жартысында компьютерлік технология дами бастады. Компьютердің пайда болып, дамуымен бірге коммуникацияның да жаңа түрі дүниеге келді, яғни чат-коммуникация. 1988 жылы Internet Relay Chat (IRC) деген чат протоколы жасалды. Сол арқылы адамдар бір мезетте тікелей хабарласа алатын мүмкіндікке ие болды.
Чат коммуникация жүйесін синхронды және асинхронды деп бөлуге болады:
1. Синхронды коммуникация, біреудің – біреуге, біреудің – көпшілікке қағидатына негізделеді. БІРЕУДІҢ – БІРЕУГЕ моделі: екі таныс коммуникант арасында, ал БІРЕУДІҢ – КӨПШІЛІККЕ моделі: бір коммуниканттың бірнеше коммуникант арасында жүреді.
Синхронды коммуникацияның негізгі шарттылықтары: диалогқа негізделеді, дайындықсыз (спонтанды) сөйлеу түрі басым, эмоционалды, коммуникацияға түсетін екі коммуниканттың арақашықтығының жақындығы сақталады (Vertrautheit), сөйлесу тақырыбы еркін болады т.б.
Әңгіме үлгісі: процессуалды, дайындықсыз және ақпараттың қанықтығы, жоспарсыз қимыл-әрекет (смайликтер) т.б.
2. Асинхронды коммуникация, БІРЕУДІҢ – БІРЕУГЕ қағидатына негізделеді (электронды пошта).
Коммуникацияның негізгі шарттылықтары: монологқа негізделеді, коммуниканттар таныс емес болады, уақыт пен кеңістік арақашықтығы болады, сөйлесу белгілі бір тақырып жөнінде өрбиді, сөйлесу көпшілікке арналады және обективті болады.
Интернет желісінде адамдар бір-бірімен чат арқылы байланысқа түседі. Чат (chat — сөйлесу) – интернеттегі пайдаланушылардыңбір-бірімен нақты уақыт режимінде («online» – ағылшын тілінен аударғанда «желі бойында», «байланыста» деген мағынаны білдіреді) сөйлесуіне мүмкіндік береді. Желіде нақтылы уақытта, яғни интерактивті сұхбаттасу. Әңгімелесушілер бір-бірімен өз компьютерлеріндегі пернетақтадан сөздерді теріп жібереді және ол сөздер бірнеше секундтардан кейін сұхбаттасушыларға монитордан көрінеді, осындай тәсілмен сөйлесу түрін – чат-коммуникация дейміз. Мұндай ерекшелікке байланысты чаттағы қарым-қатынас жүйесін тікелей және жанама түрге бөлуге болады. Тікелей деп отырғанымыз, интернеттегі веб-камера арқылы сөйлесу. Мұнда веб-камера болғандықтан сөйлесу әдеттегідей болады. Ал жанама қарым-қатынаста адресант жіберген хабарламасын адресат қалай қабылдағанын немесе оның эмоциясы сол мезгілде қандай жағдайда болғанын көре алмайды. Адресаттың эмоциясы тек жіберген жауап арқылы ашылады. Интернеткоммуникант өзінің эмоциясын білдіру үшін бірнеше әлеуметтік ұстанымдарды ескермейді деп айтуға болады. Көбіне адресант адресатқа қысқаша жауап беруге тырысады. Нақты уақыт режімінде сөйлесіп отырған екі коммуниканттың сөйлесу тембірі, оның күші, дикциясы, мимикасы тәрізді паралингвистикалық әрекеттері көрінбейді. Мұнда екі коммуникант бірбірін мәтін арқылы таниды. Паралингвистикалық амалдардың орнын толтыру үшін чатта смайликтер қолданылады. Яғни дыбыс, қозғалыс сияқты әрекеттер бейвербалды таңбалармен беріліп, белгілі бір мағынаны үстеп отырады. Белгілі бір коммуниканттың эмоциясын екінші комммуникант тілдік емес, бейвербалды құралдар арқылы, яғни пунктуациялық белгілердің қосындысы арқылы белгіленетін мағынасы бар смайликтер арқылы тани алады. Чат-коммуникацияға ауызша сөйлесудің де жазбаша сөйлесудің де белгілері тән. Бірақ ауызша сөйлесудің әсерінен және компьютерлік технологияның ерекшеліктеріне байланысты жазбаша сөйлесудің көптеген белгілері жойылады. Сонымен, чаттағы сөйлесуге мына белгілер тән:
 Қарым-қатынас нақты уақыт режимінде, яғни онлайн режимде жүзеге асады.
 Адресат пен адресанттың орны үнемі ауысып отырады.
 Сөздер қысқартылып айтылады.
Чаттағы қарым-қатынасқа көбіне ауызша сөйлесудің белгілері тән болғанына байланысты, чат-коммуникациядағы қарым-қатынас тілін ауызша сөйлеудің жазбаша формасы деп айтуға болады. Сондықтан коммуниканттардың көбі бас әріптерді жазбай, тыныс белгілерін қоймай, сөздерді қысқартып жазады және кетіп жатқан қателерге мән бермейді.
Әдеби тілдің нормасы дегеніміз – қоғамның белгілі бір кезеңдегі әдеби тілді жазба және ауызша түрде қолдану тәжірибесінде қалыптасқан, көпшілік қауым дұрыс деп таныған, жалпыға ортақ сөз қолдану, сөйлем құрау, сөз жасау, сөзді дұрыс дыбыстау, сауатты жазу заңдылықтары, яғни тілдік амалдарды дұрыс жұмсаудың көрінісі [4: 128 б].
Бірақ ауызекі сөйлеу тілінен тілінен ауысып, әдеби тілге еніп, нормаға айналып жатқан сөздер ретінде еге (ие), бостекі (бостан-бос), нәжүйе (жүйесіз), ұқшасатын (ұқсайтын), құсап (ұқсап), ауыш (ауыс), еме-жемге келгенде (жемежемге келгенде) деген сөздердің қолданысы автордың тілінде бір емес, бірнеше рет және ешбір стильдік мақсат көзделмей, жақша ішіндегі әдеби варианттардың орнына тектен-тек қолдана беру – лексикалық та, стилистикалық та нормадан уәжсіз, жөнсіз, себепсіз ауытқу болады. Уәжсіз ауытқуларды да екі тұстан қарастыру керек: бірі – жалпы әдеби тіл нормасына қайшы келетін қолданыстар, екіншісі – әдеби тіл нормасын бұзатын қолданыстар. Лексикалық қолданыстарда жалпы әдеби тіл нормасына сай келмейтән ауытқулар мынадай сәттерде байқалады: сөзді дұрыс орнында жұмсамау. Бұл көбінесе сөздің дербес лексикалық мағынасын дұрыс түсінбеушіліктен туады. Жұмысты қорытындылай келе, жоғарыда аталған жағдайлардың алдын алу мақсатында өзімнің жобамды ұсынғым келіп отыр.
Бұл жобаға қойылатын негізгі талаптар төмендегідей:
 Қазақстанда арнайы чат жүйесі программа ретінде құрылуы керек;
 Қазақстандық қолданушылар шетелдік чаттарды қолдана алмайтындай мемлекет тарапынан бақылауға алынуы керек;
 Бұл чат программасында қазақ тілінің заңдылықтары қатаң бақылауға алынуы керек және қате жазылған немесе мағынасы дұрыс емес хабарламалар жіберілмейтіндей болуы керек;
 Бұл жобаға қазақстандық тіл мамандары мен программистері бірігіп жұмыс істеуі керек;
 Бағдарлама мемлекет тарапынан қолдау табуы керек.

Әдебиеттер тізімі:

1. Уәлиев Н. Сөз мәдениеті, Алматы: 1984.
2. Сыздықова Р. Сөздер сөйлейді,Алматы: «Санат», 1994.
3. Балақаев М. Қазақ тілінің мәдениеті, Алматы: «Қазақстан», 1971.
4. Трофимова Г.Н. К вопросу о специфике функционирования русского языка в Интернете – http://www.dialog-21.ru.
5. Сыздық Р. Тілдік норма және оның қалыптасуы, Астана: 2001.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *