ҚАЗАҚ ЖАЛҚЫ ЕСІМДЕРІНІҢ
КОГНИТИВТІК ТҰРҒЫДАН ЗЕРТТЕЛУІ

ҚАЗАҚ ЖАЛҚЫ ЕСІМДЕРІНІҢ
КОГНИТИВТІК ТҰРҒЫДАН ЗЕРТТЕЛУІ

Уәлиева Әйгерім Балташқызы
Көкшетау қ., Ш.Уәлиханов атындағы КМУ

Қазіргі антропоцентристік парадигма аясында тілге адамның танымдық әрекетінің нәтижесі ретінде қараудың қажеттілігі туындап жатыр. Осы тұрғыдан танымдық лингвистиканың негізгі ұғымы – концепт қарастырылады. Концепт – танымдық тіл білімінің басты термині.
Қазіргі қазақ тіл білімінде жаңа бағыттардың бірі болып табылатын когнитивтік тіл білімі (когнитивтік лингвистика, танымдық тіл білімі, танымдық лингвистика) саласы бойынша теориялық мәселелердің арнайы ғылыми тұрғыда зерттеле бастағанына ұзақ уақыт болған жоқ. Теориялық мәселелерді сөз еткенде когнитивтік тіл білімінің негізгі ұғымдарының бірі болып табылатын әлемнің тілдік бейнесін тілдік бірліктер арқылы қарастыру жұмыстары туралы ізденістер Қ.Жұбанов, Б.Нұрдәулетова, Б.Тілеубердиев, Ж.Манкеева, Ш.Қарсыбекова, А.Ислам сынды ғалымдар зерттеулерінде мол баяндалған. Жалпы және орыс тіл білімінде когнитивтік тіл білімінің зерттелуі туралы мәселелер В.Маслова, С.Кубрякова, А.Вежбицкая, Р.Фрумкина, Э.Мурзаев, Г.Колшанский сияқты ғалымдардың еңбектерінде арнайы қарастырылған. Әлемдік және отандық тіл білімінің қазіргі таңдағы дамуы лингвистикалық зерттеудің антропоцентристік бағытталуымен сипатталады, тілді ішкі жүйелік талдаудан антропоцентристік талдауға көшу ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басындағы тіл білімінің есте қаларлықтай ерекшеліктерінің бірі болып табылады, өйткені тілдік құбылыстарды зерттеуде лингвистика тек қана тілдік, атап айтқанда адамдардың бір-бірімен қарымқатынас жасауы, пікір алысып өзара түсінісуі, дыбыстық, сөз құрамы және грамматикалық тәсіл жүйесімен шектелмейді. Жалпы тіл білімінде антропоцентристік парадигма басымдылыққа ие болуының негізгі себебі – тіл біліміндегі антропоцентристік ұстаным алдымен тілді тұтынушы ұлтты бірінші кезекке қояды.
Бүгінгі таңдағы ғылыми түсінік ғылымды да, әдебиет пен өнерді де, елжұрттың білім өрісі мен сауатын да, ойдың оралымдығы мен тілдік құнарын да «адам және тіл» аясына сыйғызады. Сондықтан да «адам жіне тіл» когнитивтік лингвистиканың өзекті мәселесіне айналып отыр.
«Қоршаған шындық өмірді саналы түрде тану мен адам тәжірибесін категориялау тілмен байланысты болып келеді, өйткені адамның когнитивтік қызметі барысында алынған мазмұндық ақпарат тіл мен тілдік формаларда көрініс тауып, сөйлеу арқылы білдіріледі. Диалектикалық формадағы когнитивтік үдерістер тілмен тығыз байланысты, оның себебі тіл адамдардың қоғамдық тәжірибесі мен дүние туралы білімдерін бекітіп отырады. Ал біздің сана құрылымы туралы білгендеріміз тек қана тілге байланысты, тіл осы құрылымдар туралы хабарлауға және оларды кез келген табиғи тілде суреттеуге мүмкіндік береді [1,21].
Когнитивтік тіл білімінде адамзаттық когницияға маңызды көңіл бөлінеді. Адамдардың ментальді репрезентациясы (ішкі ойлауы) зерттеу нысаны етіп алынады. Демек, адамның танымдық әлемі оның тілінен, оны тәжірибедегі қолданысынан айқын көрінеді. Тіл арқылы әлемді танимыз, игереміз. Тіл дүниенің бейнесін көрсетіп, түсіндіріп береді.
Осы тұрғыдан қазақ халқының ұлттық әлемін айқындау үшін, көрсету үшін қазақ халқының ұлттық әлем бейнесіндегі жалқы есімдер тілінің меңгерілу деңгейін қарастыру мақсатында танымдық әдіс арқылы зерттеу – қазіргі тіл білімініндегі жаңа бағыттарына жаңадан міндеттер қояды. Әлем (ғалам) бейнесі дегеніміз – адамның дүниетанымындағы субъектілік және объектілік бастауларының синтетикалық бірлігі, рухани жеке әрі мәдени тарихи субстанцияның синтезі [2,49].
Қазақ жалқы есімдері тарих айнасы ретінде халықтың көптеген мәдени құндылықтарының бірі болып табылады. Осындай ұлттық құндылықтарымызды тану үшін ұлтымыздың танымдық болмысын қазақ ономастикасының материалдары негізінде зерттеп-зерделеу маңызды мәселе болмақ. Бұл туралы мәселе Б.М.Тілеубердиев сияқты ғалымның еңбегінде сөз болады. Әлемді тіл арқылы танудағы жалқы есімдердің орны мен маңызы, ономастикалық тілдік бірліктердің ментальді-когнитивтік сипаттарын айқындау қазақ тіл білімінің қазіргі таңдағы өзекті мәселелерінің бірі екенін Б.М.Тілеубердиев айта келіп, «Жалқы есімдердің бойындағы рухани және материалдық мәдениетті ұлттың танымдық тәжірибесімен сабақтастыра отырып, ментальді-когнитивтік түрде таңбаланғанын қарастырудың» маңыздылығын көрсетеді [3,3].
Ономастикалық универсалийлердің бірі болып табылатын қазақ жалқы есімдерін зерттеу үшін когнитивтік әдіс қолданылады. Бұл әдіс қазақ онимдерінің табиғаты мен ерекшеліктерін зерделейді, қарастырады. Жалқы есімдерді зерттеудегі когнитивтік лингвистика тілдің шеңбер аумағынан шығып, жеке когнитивизмнің адам санасындағы ментальдік үдерістерді қарастырады.
Қазақ жалқы есімдерін зерттеуге арналған когнитивтік әдісті қолданғанда жалқы есімдерде берілген білімдерді концептілеу мен категориялау үдерістері ескерілу керек. Танымдық тіл білімі жалқы есімдерді зерттеуде жаңа бағыттарға жол ашады және де жоғарыда айтылған антропоцентрикалық парадигманы жоққа шығармайды. Е.С.Кубрякованың пікірінше: «Лингвист объективтік шындық туралы түсінік соңында жеке, лингвистикалық формалардың қандай жүйеде тұрғандығын ғана болжауды емес, сонымен қатар тілдік бірлік, іштей байланысты табиғи тұтастық, тілдік берілімдер, категориялар дүниені қабылдаумен қалай байланысқандығын және олардың танымды қалай бейнелейтіндігін білуі тиіс» [4,37].
Қазіргі қазақ тіл білімінің өзінің дамуында жаңа бағытты басынан өткеріп отыр. Тілді психолингвистикалық, когнитивтік тұрғыдан қарастыру арқылы тілші ғалымдар тілдік бірліктердің антропоцентристік сипатын ашуға мүмкіндік алды. Бұл орайда ономаст ғалым Б.Тілеубердиев: «Когнитивтік лингвистика жалқы есімдерді зерттеуде жаңа бағыттарға жол ашады, бұл дегеніміз бұған дейінгі этнолингвистикалық, дәстүрлі, жүйелі-құрылымдық, лингвомәдениеттанымдық, әлеуметтік-лингвистикалық парадигмаларды жоққа шығармайды, қайта керісінше онмастикалық процестерді жаңа тұрғыдан көрсету мен ұғынуға ұмтылыс жасайды» [5,20].
Қазақ тіл білімінде жалқы есімдердің когнитивтік тұрғыдан зерттелуі мына ғалымдардың еңбектерінде көрініс тапқан: Т.Жанұзақ, Б.И.Нұрдәулетова, Б.М.Тілеубердиев, Ж.Мусин, О.А.Султаньяев, Е.А.Керімбаев, Маслова,
А.В.Суперанская, З.П.Никулин, Т.А.Фесенко т.б.
Соңғы он жыл ішінде отандық және шетел тіл білімінде лингвомәдени қоғамның тілдік танымы жан-жақты зерттелуде. Көптеген ономастикалық әдебиеттерде жалқы есімдерді танымдық тұрғыдан түрлі классификацияларға жіктеу кең түрде берілген. Е.А.Керімбаев зерттеуінде қазақ жалқы есімдерінің атқаратын қызметіне байланысты дрононим (көшпенді немесе керуен жол атаулары: Қарқаралы жолы, Қаракесектер жолы) термині ұсынылған. Оның тұжырымдамасында ономастикалық жүйедегі бұл жалқы есімдер қазақ халқының көшпенді шаруашылық өміріне байланысты туындаған делінеді. Орыс тілінде аналогы жоқ бай, би, шешен, батырлардың аттары (уранонимдер) Е.А.Керімбаев еңбегінде жан-жақты қарастырылған. Ураноним – эквиваленті жоқ лексикаға жатады да, қазақтың ұлттық мәдениетінің құрылымын айқындайды.
Топонимиялық кеңістікті когнитивтік аспектіде зерделеу ментальділік топонимиялық кеңістіктің ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік береді.
Ментальдік-когнитивтік кеңістікте периферия мен негізгі ядро белгіленеді. Ядро ортасында мәдени феномендер, яғни макротопонимдер, ал перифериеде барша тіл иеленушілердің барлығына белгісіз микротопонимдер бар.
Жалқы есімдерді когнитивтік зерттеу кодтау мен географиялық нысаналарды атау үдерісіндегі тілдің қолданылуын түсінуге мүмкіндік береді. Жалқы есімдер – мәдени кодтарға жатады. Себебі, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып қалады, дайын күйінде қабылданады. Когнитивтік терминдердің қысқаша сөздігінің авторларының пікірлері бойынша когнитивтік лингвистика тілді ақпараттың кодталуы мен трансформациялануында рөл атқаратын когнитивтік механизм ретінде қарастырылады. Когнитивтік зерттеу лингвомәдениеттанымдық аспектімен шектеседі, себебі лингвомәдени аспектінің басты мақсаты – тілдік бірліктердің ұлтты-мәдени құрылымын анықтау. Мәдени код (тілдік белгі) арқылы адамның санасынан өткен ақпарат кодталады.
Жалқы есімдер қазіргі тіл білімінің жаңа бағыттарының бірі болып табылатын когнитивтік тіл білімінде антропологиялық бағытта қарастырылатынын жоғарыда айтып өттік. В. фон Гумбольдтің тұжырымдамасынан когнинивті-антропологиялық бағыт (лингвоантропология) жөнінде былай делінеді: «Тіл тек қарым-қатынас көрінісінің өнімі ғана емес, сондай-ақ сол адамның тілдік санасын, ұжымның тілдік санасын қалыптастыратын сөйленіс әрекеті болып саналады» /Вильгельм фон Гумбольд. Избранные труды по языкознанию/. Яғни, жалқы есімдердің бойында ақпарат, ой жүйесі жатыр. Олар сол әлемді танытуда белсенді рөл атқаруда. Жалқы есімдердің мағынасында дүниеге деген әртүрлі көзқарас молынан сақталған.
А.Н.Баранов, В.С.Кубрякова, Р.И.Розина, З.Д.Попова, т.б. таным құралдары мен тәсілдері ретінде дүниенің тілдік бейнесін, адамның тілдік бейнесін алады. Бұндай бейнелер түрлі концептілік категориялар арқылы беріледі. Бұл жерде таным құралдары ретінде жалқы есімдер басты назарға алынады.
Жалқы есімдерді танымдық тұрғыдан зерттеу үшін мынадай мәселелерді қарастыру қажет: қазақ халқының жалқы есімдерді қабылдауы; жалқы есімдердің қызметі; жалқы есімдердің құрамын айшықтау; жалқы есімдердің құрамындағы негізгі бірліктерді анықтау; жалқы есімдер мен қазақ халқының ұлттық ойлауы. Осындай нәтижелерге жету үшін мына міндеттерді орындау қажет: қазақ халқының ұлттық әлем бейнесін айқындау; қазақ халқының әлемді танудағы тілдің рөлі.
Қазақ ономастикасының жеке тілдік аспектілерін зерттеуде жалқы есімдердің тілдік мағыналары, олардың лексика-семантикалық топтары, белгілі бір зат пен құбылыстарға ат қою ұстанымдары, жалқы есімдердің сыры, этимологиясы, т.б. жалпы қазақ халқына тән жалқы есімдер жүйелі де дәстүрлі тұрғыда зерделенеді.
Сонымен, қазақ жалқы есімдерін зерттейтін қазақ ономастикасының қалыптасуы, дамуы оның теориялық ұстанымдарының, түрлі бағыттағы зерттеу аспектілерінің даму ерекшеліктерімен сипатталады. Қазақ жалқы есімдерін этнолингвистикалық бағытта зерттеуде қазақ тілші-ғалымдары
А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, Ж.Досқараев, С.А.Аманжолов, А.Ысқақов, Ғ.Мұсабаев, Б.М.Тілеубердиев, т.б. жеке топонимдер мен антропонимдерге этимологиялық этюдтер жазған; антропологиялық бағытта зерттеуде В.фон Гумбольдт қарастырған; когнитивтік бағытта Г.Б.Мадиева жалқы есімдерді таным контексінде қарастырған. Қазақ жалқы есімдерін зерттеу ұстанымдарын тілші ғалымдардың еңбектеріне сүйене отырып, былайша топтастыруға болады:
— Этимологиялық ұстаным (Г.Б.Мадиева, С.Қ.Иманбердиева сөздердегі фонетикалық өзгерістерді анықтау, қазақ тілінің диалектілік ерекшеліктерін зерттеу, атаулардың шығу тегін, этимон және сөз мағынасын анықтау мақсатында зерттеу жұмыстарын жүргізген);
— Когнитивтік ұстаным (Т.Жанұзақ, Б.И.Нұрдәулетова, Б.М.Тілеубердиев,
Ж.Мусин, О.А.Султаньяев, Е.А.Керімбаев, Маслова, А.В.Суперанская,
З.П.Никулин, Т.А.Фесенко, А.Н.Баранов, В.С.Кубрякова, Р.И.Розина,
З.Д.Попова т.б.);
Қазақ жалқы есімдерін зерттеу аспектілерін тілші ғалымдардың еңбектеріне сүйене отырып, былайша топтастыруға болады:
— лексикаграфиялық аспект (топонимиялық және этимологиялық
сөздіктердің шығуы);
— лексикологиялық аспект (есім атауларының мағынасын ашу, т.б.);
— ономасиологиялық аспект (әлеуметтік аспект, этнолингвистикалық аспект, қолданбалы аспект, лингвомәдениеттанымдық аспект, когнотивтік аспект).
Ономастикалық зерттеулердің әдістемелік және теориялық мәселелерін арнайы түрде қарастырған ғалымдар ұжымдық монографияда («Теория и методика ономастических исследований». М., Наука, 1986, 221-230 б.) жалқы есімдерді зерттеудегі төмендегідей аспектілерді көрсеткен: географиялық аспект, тарихи аспект, лингводеректану аспекті, лингвомәдениеттану аспекті, лексикографиялық аспект, лексикологиялық аспект, ономасиологиялық аспект, психологиялық аспект, семасиологиялық аспект, семиотикалық аспект, этнолингвистикалық аспект.
Зерттеу тақырыбымызға қатысы бар ономасиологиялық аспектілер қатарына жататын когнотивтік аспект мынаны қарастырады: жалқы есімнің белгілі бір ономастикалық тұлғамен байланысын, жалқы есім арқылы әлемдік болмысты тану, «әлемнің тілдік бейнесінің фрагменттер жүйесін» құрайтын ономастикалық жүйені анықтау.
Қазақ халқының ұлттық әлем бейнесін танытатын осы – жалқы есімдер болып есептеледі. Қазақ тілінің көрінісі болатын да жалқы есімдер: мифонимдер, антропонимдер, топонимдер, зоонимдер т.б. соның ішінде антропонимдер, топонимдер тілдік семиотикалық таңбалар ретінде қазақ халқының танымында, тілдік санасында өз әлемін құрып, сол әлемнің тілдік көрінісін көрсете алады. Онимдер ментальді ұғымдарды көрсетеді. Ал ментальды ұғымдар есімдер арқылы танылады, ұғынылады.
Қазақ халқының ұлттық әлем бейнесіндегі жалқы есімдердің (әсіресе антропонимдердің) танымдық тұрғыдан қарастырылудың маңызы зор. Осы когнитивтік тұрғыдан зерттеу үдерісінде әлем бейнесіндегі жалқы есімдер бірінші кезекке қойылады. Себебі, жалқы есімдер арқылы адамзаттың, дүниетанымның, халықтың әлемдегі тарихи-әлеуметтік орны айқындалады.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Нұрдәулетова Б.И. Когнитивтік лингвистика. – Алматы: Оқулық. 2011. – 312 б.
2. Қалиев Ғ. Тіл білімі терминдерінің сөздігі. – Алматы: Фирма «Орнак» ЖШС, 2012. – 388 б.
3. Тілеубердиев Б.М. Қазақ ономастикасының лингвоконцептологиялық негіздері: Фил. ғыл. докт. дисс. – Алматы. 2006. – 245 б.
4. Кубрякова Е.С. Начальные этапы становления когнитивизма: Лингвистика-психология-когнитивная наука Вопросы языкознания Мәскеу, 1994, №4 C. 34-37.
5. Қарсыбекова Ш.Қазақ тіліндегі мақал-мәтелдерді топтастырудың этнолингвистикалық принциптері: филол.ғыл.канд.автореф.: 10.02.02. – Алматы, 2004. – 21 б.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *