Ғ.МҮСІРЕПОВТІҢ «ТУЛАҒАН ТОЛҚЫНДА» ПОВЕСІНДЕГІ КӨРКЕМДІК УАҚЫТ ЖӘНЕ КЕҢІСТІК

Ғ.МҮСІРЕПОВТІҢ «ТУЛАҒАН ТОЛҚЫНДА» ПОВЕСІНДЕГІ
КӨРКЕМДІК УАҚЫТ ЖӘНЕ КЕҢІСТІК

Құлыбекова Ж.С., Мұқанова С.С.
Петропавл қ.,
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті
19zhanka71@mail.ru

Қазіргі әдебиеттану ғылымында түбегейлі шешімін тапты деуге келмейтін, сол себепті тереңірек зерттеуді қажет ететін күрделі мәселелердің бірі — көркемдік уақыт пен кеңістік мәселесі. Сондықтан осы бағытта жүйелі түрде ғылыми зерттеулер жүргізілуі тиіс.
«Алыптар тобының» көрнекті өкілі, халық жазушысы, қоғам қайраткері, зерттеуші, сыншы ретінде бай мұра қалдырған қайталанбас тұлға Ғ. Мүсірепов қаламынан алғаш 1920-жылдардың орта тұсынан өтіп барып шыққан «Тулаған толқында», «Қос шалқар», «Алғашқы адымдар», «Шұғыла», «Күсен», «Жеңілген Есрафил», «Автобиографиялық әңгіме», «Сөз жоқ, соның іздері» сияқты бірқатар әңгімелерінен бастап, «Көк үйдегі көршілер», «Өмір ертегісі», «Үздіксіз өсу», «Туннел», «Жайлау жолында», «Тұтқын қыз» атты повестерін қарастыру барысында уақыт пен кеңістіктің туынды бойында көріну, құбылу тұрғысындағы көркемдік шешімі, әр қырлы қатпарлары айқындалады.
Әдебиет – ақиқат өмірдің сырлы суреті, халықтың көркем тарихы болып, шығарма арқауы шындыққа негізделуі тиіс болса [1,20 б.], сол шығармалардағы мезгіл мен уақыттың суреттелуі, оқырман тарапынан қабылдануы жайын түсіну мақсатында көркемдік уақыт деген ұғымның атқаратын қызметі де зор, аумағы да кең.
Бұған дейін негізінен философиялық ұғым саласында көрініп, сол тұрғыдан түсіндірілген уақыт пен кеңістік, сонау Ежелгі грек ойшылдары Платон, Аристотельден бастап, 17-19 ғ.ғ философтар еңбектерінде түрлі қырынан сөз болғаны мәлім. Осы тұрғыдағы философиялық пайымдау кеңістік, уақыт, қозғалыс және болмыстың бірлікте екенін көрсетеді.
Әрбір көркем шығарманың белгілі бір уақыты мен кеңістігі және бар. Ол кеңістік пен уақыттың әлемдік, ұлттық, халықтық және жекелік сипаттары тағы болмақ. Бұған поэтикалық, дүниетанымдық, психологиялық, эстетикалық, философиялық, шығармашылық, авторлық, т.б. уақыт пен кеңістікті қосуға болады. Және сюжеттік, фабулалық, эпизодтық, мифтік, дәуірлік, тарихи, ғарыштық, реалды, перцептуалды, концептуалды, тіпті мистикалық, фантастикалық уақыт пен кеңістік сияқты жалпы категория бар да, оның өзі іштей қалың компоненттерге бөлшектеліп кететіні – бұл мәселенің зерттеу аясының тым ауқымды екенінің дәлелі.
Сондықтан жүйелі деген орыс әдебиеттану ғылымының өзі бір анықтамамен тоқталып қалмайды. Әркім әртарап талдауларға барып жатады. Міне, осы жағынан келгенде, қазақ прозасындағы көркемдік уақыт пен кеңістік мәселесі біздің ұлттық дүниетаным кеңістігімізге, қалыптасқан көшпелі танымтүсінігімізге, ғасырдан келе жатқан өзіміздің мезгіл мен мекенге қатысты өлшемдеріміз, тіптен философиямызға сәйкес қатып қалған анықтаманың қалыбына сия бермейтінін ескеруіміз керек [2,10-11 бб.].
Қазақ әдебиеттануында З.Ахметов, Ш.Ыбыраев, Е.Тұрсынов,
Т.Есембеков, Б.Майтанов, Т.Жұртбай, А.Б.Темірболат, С.М.Алтыбаева, Қ.М.Хамзина, О.А.Көзбеков, А. Сейдімбек, Е.Ханкей сияқты бірқатар ғалымдар өз зерттеулерінде осы мәселені арнайы қарастырып, ғылыми ойпікірлер мен тұжырымдар жасайды. Сол орайда аталмыш мәселе төңірегінде біршама салиқалы қорытындылар жасауға, қазақ әдебиетіндегі туындыларға сол арнада талдау жұмыстарын жүргізіп, ғылыми көзқарастар қалыптастыруға мүмкіндік туып отыр.
Сырбаз суреткер Ғ. Мүсіреповтің әдеби шығармашылығын зерделесек, кеңестік кезең саясаты мен сол тұстағы идеологиялық талаптар ықпалының ел ішіне, қазақ тұрмысына,танымына қаншалықты дәрежеде өзгерістер әкелген суреттеріне қанығамыз.Ұлттық әдебиетіміздегі осындай шығармалар қатары дәуір ерекшеліктерінен кеңінен хабардар етіп, кезеңге сай қоғамдық жағдайлар мен саяси оқиғалар, тарихи өзгерістер мен әлеуметтік мәселелерді көркемдік талаптарға орай суреттейді. Жазушы өз туындысы арқылы өз заманының және оған дейінгі уақыттағы басты және маңызды деген оқиғалар тізбегін қағаз бетіне түсіріп, көпшіліктің сол кезең туралы түсінігін қалыптастырып қана қоймай, көркемдік уақыт пен кеңістік мәселесінің өз туындыларында орын алу ретінің үздік үлгісін де бере алған.
Сонда әдебиеттегі уақыт пен кеңістік ұғымдарының бірлігін көрсету негізінде Ғ.Мүсірепов сияқты шебер қаламгер осындай күрделі категорияны өз шығармаларында сөз болатын белгілі бір тарихи кезең, географиялық мекенді ала отырып, бір адамның тағдырынан бастап тұтас елдің жағдайына дейінгі кезеңді көркем суреттеп берген. Сол орайда адамдардың күнкөріс әрекеттері, әр қилы тағдырлары, психологиялық және рухани күйзелістері, белгілі бір өзгешеліктерді қабылдау-қабылдамауы, халықтың өсіп-өнуі, т.б. өзгерістер хронологиясына қанығамыз.
Мүсіреповтің өзіне тән ерекшеліктерін алғашқы туындыларынан-ақ байқауға болады. Шығармашылығының алғашқы кезеңінде өмірдің әр қырын суреттеуге талпынған жас жазушы әңгіме, повестерін жаңа заманның келелі проблемасына арнаған. 1927 жылы жазылып, 1928 жылы жеке кітап болып басылып шыққан «Тулаған толқында» атты ұзақ әңгімесінде 1916 жылғы дүрбелең кезеңдегі ауыл тірлігі, әйел тағдыры, кейінгі азамат соғысының көрінісі бейнеленсе, «Қос шалқар», «Көк үйдегі көршілер», «Алғашқы адымдарда» бүкіл қазақ даласының кейіп-кескінін өзгерткен, ел еңбекшілерінің түйсік-сезімін жаңартқан белгілі тарихи оқиға – коллективтендіру кезі суреттеледі, ал «Өмір ертегісінде» басынан қилы-қилы қиыншылықты кешірген қазақ кедейінің тағдыры бейнеленген.
«Тулаған толқында» — менің ең бірінші жазған әңгімем еді (1927 ж.). Бұдан қырық жылдай бұрын жазылған нәрсені қопара өңдеуді лайықсыз көрдім. Тек бір оқушыдан ұялар жерлерін кестім: босаңдығы да, балаңдығы да жеткілікті екен. Аяғы бұрын жеңістен кейінгі Біржан мен Шәйзаның бақытқа жеткенімен бітетін. Соның өзін тым олақ жасаған екемін, бұл жолы оған жеткізбей, бостандық күресіне аттануларымен аяқтауды дұрыс көрдім [3,57 б.], — деп жазушының өзі алғашқы шығармасының осал тұстарын атап көрсеткен.
Шаруасы шағын отбасында дүниеге келген Ғабит еңбекке ерте араласып, 1914-15 жылдардың жазында Исаевка атты орыс селосына сиыр бағуға да жалданады, 1916 жылдың жазында нағашысы Оңғарбайдың приемға леккен ұлдарының орнына сол үйдің қолғабыс жұмысында да жүреді.Бұл оның сол кездегі ел ішінде болып жатқан өзгерістерден толық хабары болған деген сөз ғой. Негізінен кеңес өкіметінің жайын Ғабит С.Мұқановтың аузынан естіген. «Одан кейін Ғабитті көруім – 1922 жылдың күзі. Көріспеген азғантай уақытта, Ғабиттің басынан бірталай оқиғалар өтіп қапты, жиырма бірінші жылдың февраль айында, сол маңайдағы құлақтар мен байлар Совет өкіметіне қарсы көтеріліс жасағанда Ғабит сол араның қызыл партизаны – Дмитрий Ковалевтің отрядында болып, бандыларды жойысыпты. Одан кейін «Таузар» деп аталатын болыстың соғыс бөлімін басқарған, кейін менің ұсынысымды қабылдап, 1923 жылдың жазына дейін Жекекөл милиция штабында начальниктің орынбасары болып қызмет атқарды» [4,17 б.], — деп С.Мұқанов өз естеліктерінде жазған. Осы тектес өмір кезеңдерінде Ғ.Мүсірепов халықтың тұрмыс-тіршілігімен етене танысып, сол өмірлік жағдайларды орынды түрде өз туындыларына арқау ете білген.
Повесте реалды кеңістік айқын көрсетілген: «Қара суға иек сүйей, теңіздің қалың қарауына арқасын тірей отырған – Итемген ауылы аталады. Ауылдың төр жағындағы биік маялары бар үй, осы Итемгендікі» [3,11 б.], — деп автор қазақ ауылында өтетін оқиға екенін білдіріп, ойын ары қарай Итемгеннің үй-ішіндегі жандарға, әкесі Көтібарға мінездеме берумен жалғастырып, «Әкесі Көтібар аттыға жол, жаяуға сөз бермепті. Бертін келе атаның дәулеті сұйықталып, Итемгенде ата даңқымен ғана жүрген қаумыт бар. Бірнеше жылдан бері ауылнай болғысы келгенімен, қайтқан бақ қайрылыңқырамай жүр. Бірақ, Итемгеннің өз ойынша, одан өзгенің көбі-ақ «Уақытша өкімет» сияқты әшейін бір аруақ қонбаған кездейсоқ, мұндай «аруақты» ата өзгелерде жоқ. Ауыл Итемген ауылы атанғанмен, ішінде бұратанасы көп: бір кездегі Көтекеңнің қоңсылары, аз аталы шеттен келгендер. Ауылдың босаға жақтарын алып жатқан, жапырайған жер үйлер солардың үйлері. Оларда үйілген қамыс пен қоян жонданған тезектен басқа мүлік те жоқ. Көбінің кәсібі барқынында отырған жалпақ теңіздің балығын аулау. Күндік еңбек – күндік тамақтан қалмайды. Сұрғылт өмірдің құшағынан бұрыла алмайды. Бұлар осы ауылдың көпшілігі. Бірақ ауыл Итемгендікі» [3,11 б.], — деп генеологиялық уақыт межесін «әке, ата,бұратана, қоңсы, аз аталы, кірме Біржан» деген сөздері арқылы нығарлай көрсетеді. Яғни, бұл орайда «Жалпы, көшпелі қазақтың тарихи-әлеуметтік өмірінде ру-тайпалық құрылымның маңызы айрықша болғандықтан, яғни кез келген қазақ ата-анасының ғана перзенті емес, сонымен бірге белгілі бір ру-тайпаның да мүшесі болғандықтан,олардың генеологиялық таным-түсінігі мейлінше жан-жақты әрі терең болған. Сондықтан да, уақыт ағымын пайымдауда генеологиялық деректерге жиі-жиі жүгініп отыруды дәстүр еткен [5,7 б.], — деген А.Сейдімбектің пікірін негізге алуға болады.
Автор өткен уақыт жағдайын оқырманға бірден таныстырып, сол елдегі тұрмыс-тіршілікті де алдыңа жайып салады, тағдыр тауқыметін көріп жатқан халықтың ащы өмірінің көріністері көз алдымызға тізбектеліп келе қалады: «Ну ормансыз, қалың жамылған қайқаң белеңсіз, қамсақты теңіздің бойында ызғырық ойнап тұрады. Шұбалаңдап, жыбырлап жүрген әйелдер, бүгжеңдеген аш иттер, бәрі де ертең қардың астында қалатындай көрінеді.Бәрінің де тағдырлары ұйтқыта соққан боран, құтырған желдің қолында секілденеді» [3,12 б.]. Жазушы бірден сол ауылдың ішіне жетелеп, ұйтқыта соққан боран мен желге тап болғандай әсерде қаламыз, бұның бәрі мекенге бағытталған. Ал нақты мезгілді «ауылнай болғысы келген», «Уақытша өкімет», «болыстыққа таласқан», «патшадан құтылып, бұрын ала алмай жүрген автономияны өз қолымызға алып», «Алты алаштың басын қосып, Алаштың ордасын қайта тігіп», «Сібірді Колчак билегелі», «солдат алады десейші», «большевик келсе» сияқты сөз тіркестеріне қарап 1916 жыл деп шамалауға әбден болады.
Шығармада кездесетін уақыттың өзге түрлерінің бірі ретінде ситуациялық уақытты алуға болады: «Ілиястың әйелі босанып, шілдехана жасады. Шәйзаны қалай көремін деп жүрген Біржан, ойынға сап ете түсті. Балашаға, қыз-қырқын, қатын-сатын болмаса кедейдің шілдеханасына кім келсін! Ойынның көркі Шәйза мен Біржан ғана болды. Шуылдаған бала-шағаның ортасында Шәйзамен кеңесіп Біржан отыр. Ілияс екі езуі құлағында, балалармен «алақан соқпақ» ойнап, қатындарға ұпай салып, өзімен өзі мәз. Шәйза мен Біржан ұзақ әңгімеде [3,35 б.]. Ситуациялық уақыт межесі әдетте, ел есінде қалған белгілі бір оқиғамен немесе шаруашылық ыңғайымен, өмір салтпен сабақтасып жатады. Мәселен, «Абылайды хан көтергенде», «Ақтабан шұбырынды кезінде», т.б дегенде елдің, белгілі бір әлеуметтік ортаның жадында қалған оқиға уақытқа меже. Ал, «бие байларда», қозы күземде», ел орынға отыра», «құс қайта», «баланы қырқынан шығарғанда», «баланың қарын шашын алғанда», «баланы бесікке саларда», «балаға тоқымқағар жасағанда», т.б осы сияқты толып жатқан ситуациялық уақыт межесі тікелей өмірде болған немесе болатын оқиғалармен, шаруашылық ыңғаймен, салтдәстүрмен орайласып жатады [5,7 б.].
Уақытты бұлай межелеу қазақ халқының ежелден бері келе жатқан дәстүрінде бар. Көшпелі жұрттың барлық тыныс-тіршілігі табиғатпен тікелей байланыста болған. Сондықтан күнделікті өмірінде, жыл маусымдарының шеңберлі өзгерісінде, шаруашылығында, рухани танымында, салт-дәстүр жағдайында – бір сөзбен айтқанда, халық өмірінің барлық кезеңдерінде өзіндік орны зор болған. Осыған орай көшіп-қону, бақташылық, егіншілік маусымдары реттеліп отырған. «Демек, көшпелі қазақтың барша тіршілік-болмысының табиғатпен тамырлас болуын олардың артықшылығы немесе кемшілікбалаңдығы деп емес, тарихи даму барысындағы өмір сүрудің кепілі ретінде қарастыру керек. Олар табиғатты бағындыру арқылы емес, табиғатпен тіл табысу арқылы бақытты өмір сүруге болатынын тәлім-тәжірибе деңгейінде ғана біліп қоймаған, мұның өзі олардың моральдық-этикалық қалыптарына айналған. Сондықтан да, көшпелілер үшін қоршаған орта, тау-тас, өзен-көл, дала-орман, табиғат құбылыстары, тіптен аспан денелеріне дейін баршасы
«тұлғаланған», «кейіптенген» немесе «жанданған» қалпында қабылданады» [5,6 б.].
Сондай-ақ, повесте көркемдік уақытты білдіретін тұрақты сөз тіркестері де кездеседі: «Күз келді. Көзі қызарған ауыр қыстың ызғары түсе бастады. Ауыр қыстың ортасы ауды. Жуан жіңішкеріп, жіңішке үзілуге айналды. Бұл аш-арықтың екі бүктетіліп кетер шағы.Одан Қалиша қайдан аман қалсын. Ит ашыққан, бит тойынған шаққа ол байғұс елден бұрын кездесті» [3,33 б.]., немесе: «Он күн өтті. Ел құлағы елу. Бір қазақтың құлағы елу» [3,46 б.]. Бұндай мысалдарды экологиялық уақыт түрінің қатарына жатқызуға болады, шығармада олар көптеп кездеседі: «Марттың аяғына таман», «түнеугүні», «ертең түнде», «кешкі ойын», «күн бата», «бүгінгі күн», «айналасы бір сағатта», «таң қараңғысы», «таң бозалаңдаған сайын», «он күн», «бір-ақ ай», «таң атты», «сенбі күні», «бір жұма», «күн көтерілгенше», «түс ауа», «күн сайын», «таң ала сәуледе», «жеті қараңғы түнде» — бұл сөздер мен сөз тіркестері негізінен нақты маусымдық немесе айлық, бір тәуліктік кезеңдерде айналасындағы уақыт межесін айыру мақсатында қолданылып тұр.
«Экологиялық уақыт бойынша жыл мезгілдерін «көктем», «жаз», «күз», «қыс» деп саралау халықтың таным-тәжірибесінде айрықша мән-мағынаға ие. Әр маусымның өз ішінде өтетін табиғат құбылыстары, сол табиғат құбылыстарымен тікелей байланысты әрекет-шаралар уақытқа меже болып отырады. Бұл ретте, қоршаған орта, табиғат, аспан денелерінің құбылыстары, сол құбылыстармен орайлас келетін әрекет-шаралар да уақытқа меже бола береді» [5,7 б.].
Кеңістікті суреттеуде де автор кейіпкерлер басындағы жағдаймен байланыста алады: «Әлі жел. Әлі гуілдеп ұлып тұр. Жер-көкті шайқап тұрғандай. Жер-көк жылжып, тұтас бір жаққа көшіп бара жатқандай. Оң жақ, сол жақ деген қалып, қай жағы екенін адам айыра алмастай, әлем тапырық. Асты-үстіне келіп, қопарылып қалған дүние секілденеді. Сеңмен бірге өздері қалай ағып бара жатқандары да білінбеді. Сабалаған қарлы жаңбыр бетке ұрады. Сең, толқын, қайық тұтас көшіп барады. Жолы бір, жөні бір, тілектері басқа, біріне-бірі жау жолдастар осылар екен.Ашынған жандар от елестеген көздерінің ақтық қайратымен, кейде секіріп сеңге, кейде қайыққа мініп жанталасты. Бет түзеу былай қалып, арыстандай арсылдаған ажалмен алысты, әл азайды, үміт азайды…» [3,39-40 бб.]. Бұл жерде автор кеңістіктің шеңбері тарылып, ендігі ретте теңіз үстіне ауысып, қауіп пен қорқыныштың күшейе түскенін аңғартады.Толқын, сең, жел, ағыс – динамикалық түрде өзара ауыса отырып, Шәйза мен Біржанның тағдырының қыл үстінде екенін көрсетеді. «Көзге түртсе көргісіз қараңғы», «ұлыған ызғырық жел», «түнерген аспан», «тамтығы қалмаған дүние», «үмітсіз өмір елестеді» үлкен шеберлікпен төгілте жазылған табиғаттың осы дүлей ышқынысы – жойылуға жақын қалған ескі заманның ақырғы ыңқыл-күңгірі тәріздес. Еріксіздікке, құлдық-күңдікке көнбеуге батыл түрде бел буған, жас тілектері жарасқан қаһармандар қанша қалжыраса да, қайратты, қасарысқан күймен дес бермей, түн түнегінен сытылып шығады [6,88 б.].
Кеңістіктің көзге көрінбейтін, қолға ұстауға келмейтін, мөлшерлеуге болмайтын, былайша айтқанда, абстрактылы түрлері де бар – ол бостандық, азаттық жолы сияқты адамға қанат бітіретін, дем беретін түсініктер: «Отпен кіріп, күлмен шығып жүрген Шәйза енді өзін үлкен бір жаңалық сүрлеуін салғандай сезінді. Ол сүрлеу әуелі су бетіне қайықпен салынып, білінбей қала беріп еді, енді міне, елге жеткен соң, әрбір қыз-келіншектің жүрегіне түсіп жатқандай екен. Әлі күдігінен арылып бола қоймаған соң, тоңған, қалжыраған қыз бір сәтте жайнап сала берді. Барлық қыз-келіншектерге бостандық жолын көрсете алардай күш сезінді» [3,43 б.].
Ғ.Мүсірепов шығармада өзі әңгімелеп отырған елдің тұрмыс күйін: кедей үйдің жұтаң, жүдеу кейпі мен ауқаттылардың кекірік атқан тоңшылық салтанатын шендестіре суреттейді. Айқын әрі нанымды. Жеке кейіпкерлердің іші-сыртын ақтарып ашып тастауға ұмтылысы да сәтсіз болған жоқ. Ғабит адамның мінез-құлқын, арғы астар-қатпарларын ашудың да қыр-сырына біршама дайындықпен келгенін де, қаншама мүмкіндігі бар екендігін де көрсетті. Уақыт пен кеңістікті өзара бірлікте ала отырып, кейіпкерлер басындағы небір қилы оқиғаларды, ушыққан жағдайларды шебер суреттей алды. Туындыны талдау барысында нақты тарихи дәуір мен шығарма авторының бір-бірінен мезгілдік жағынан да, мекендік жағынан да сәйкес келуін, яғни автор көп ретте өз дәуірі мен өз ортасын объект етіп алған деген байламға келуге болады.
Автор негізінен барлық шығармаларында кеңістік ретінде қазақ даласын, қазақ ауылын, уақыт ретінде сол кеңістік аумағында көрінетін оқиға-өзгерістер кезеңдерін алып суреттейді. Бұл орайда кеңістік пен уақыттың бірлігі, автордың өмір шындығын көркем игерудегі өзіндік тәсілдерін көреміз.

Әдебиеттер:

1. Қабдолов З.Сөз өнері. – Алматы: Қазақ университеті,1992. – 352 б.
2. Ханкей Е. М.О.Әуезов прозасындағы көркемдік уақыт пен кеңістік (1920-30 жылдар).Фил.ғыл.канд.дәрежесін алу үшін дайынд.дисс. – Алматы, 2010. – 124 б.
3. Мүсірепов Ғ. Бес томдық шығармалар жинағы. 1-том. – Алматы: Жазушы, 1980. – 538 б.
4. Ғабит Мүсірепов туралы естеліктер /құрастырған С.Оразалы. – Алматы: Алаш жолы, 2012. – 592 б.
5. Сейдімбек А. Уақыт пен кеңістік // Ана тілі. – 1996, қаңтар – 4.
6. Әзиев Ә. Қазақ повесі. – Алматы: Мектеп, 1989. – 224 б.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *