ЭВФЕМИЗМДЕР МЕН ДИСФЕМИЗМДЕРДІҢ КЕЙІПКЕР ТІЛІНДЕ
ҚОЛДАНЫЛУЫ

ЭВФЕМИЗМДЕР МЕН ДИСФЕМИЗМДЕРДІҢ КЕЙІПКЕР ТІЛІНДЕ
ҚОЛДАНЫЛУЫ

Синбаева Г.К., Тасқұл А.
Петропавл қ., М.Қозыбаев атындағы СҚМУ gsinbaeva@mail.ru

Қазақ тіл білімінде эвфемистік, дисфемистік құбылыстарға жеке-жеке түсінік беріліп, оларды зерттеуге арналған біршама еңбектер бар. Осы ретте Ә.Ахметов, Ә.Хасенов, Ә.Болғанбаев, Ғ.Қалиев, Б.Сағындықұлы т.б. ғалымдарымыздың пікір-тұжырымдары мен еңбектерін атауға болады. Ал эвфемизмдер мен дисфемизмдердің көркем шығарма тілінде қолданылу мәселесі кейбір еңбектерде аталып қарастырылғанымен, олардың фунционалдық стильдер ішінде көрінуі – бүгінгі күнге дейін айқындалмаған құбылыс. Бұл құбылыс кешегі – бүгінгі емес, ғасырлар бойы қалыптасқан (әсіресе фразеологизмдер тұрғысынан келгендері) тілдік заңдылық.
Осы тұрғыдан келгенде өткен ғасырдың әр кезеңіндегі көркем әдебиет стильдері материалдары негізінде қазақ тіліндегі эвфемизм мен дисфемизмдерді жеке алып, олардың көркем шығармаларда қолданылу ерекшелігін зерттеу қажеттілігі туындап отыр. Қазақ тіліндегі эвфемизмдер мәселесі – әлі де толық айқындалмаған құбылыс.. Түркі тілдерінде, соның ішінде қазақ тілінде эвфемия құбылысын ғалым Ә. Ахметов алғаш ғылыми зерттеудің нысанына алып, табу мен эвфемизмді этнографиялық лексикаға жатқызады: «Кез келген этнографиялық лексиканың сыртында белгілі бір этнографиялық ұғымдардың тұратыны сияқты табу мен эвфемизмнің сыртында да олармен ұштасып, астарласып жататын этнографиялық ұғымдар, атап айтқанда, дәстүрлі наным-сенімдер, мифтер, әдет-ғұрыптар, салт-дәстүрлер, қоғамда қалыптасқан тіл мәдениетімен байланысты этикалық нормалар тұрады» [1, 176 б.]. Ғалым бұл сөздердің қыр-сырын ашуда этнография мен лингвистика ғылымдарының біртұтас нысаны ретінде зерттелінуінің тиімділігін айтып, эвфемизмдердің этнолингвистикалық бағытта айқындалуына жол ашады. Олардың пайда болуын этнолингвистикалық жүйе және этномәдени негіздер арқылы айқындап түсіндіреді, дәстүрлі моральдық-этикалық қатынастарға байланысты қалыптасқан табу мен эвфемизмдерді топтастырып көрсетеді, яғни өлімге, анатомия мен физиологиялық процестерге, саяси эвфемизмдерге, сондай-ақ эвфемизмдердің жасалу жолдары: эвфемистік метафора, эвфемистік метонимия, эвфемистік синекдоха, эвфемистік символ, эвфемистік ирония түрлері мен өзіндік ерекшеліктерін айқындайды. Қазіргі таңда тіл, тіл мәдениеті, ғылымға деген талап, жауапкершілік, ықылас, мүдделілік шынында да күн сайын артуда. Осы тілдік, қазақ ділдігінің бір мәселесі эвфемизмдік қолданыстарда жатқанын өмірдің өзі дәлелдеп отыр. «Эвфемизм табу сияқты үрейленуден туған сенімге негізделмейді, сыпайыгершілік пен әдептілікке негізделеді. Демек, қазіргі кездегі қолданылып жүрген эвфемизмдер бүгінгі таңдағы өскелең халқымыздың қалыптасқан этикалық және эстетикалық нормаларының күнделікті нақ көріністері деп есептеледі. Сондықтан табу мен эвфемизмдерді бір-бірімен шатастыруға болмайды. Екеуі екі түрлі мақсаттан шыққан» [2, 125-126 бб.] деп, эвфемизмді құбылыс ретінде қарастырып, оның өзіндік еркшеліктерін көрсетеді Функционалдық стильдерді тереңдете зерттеу жалпы әдеби тілмен байланыс ерекшелігін анықтауды қажет етеді. Орыс тіл білімінің көрнекті өкілі В. Виноградов функционалды стиль түрлерінің тілдегі үш түрлі қызметін атап көрсетеді: бірінші – қарым-қатынас қызметі (ауызекі сөйлеу стилі), екіншісі – хабар беру қызметі (ресми және ғылыми), үшінші – ықпал ету қызметі (публицистикалық және көркем әдебиет стильдері [3, 84 б.].
Сондай-ақ М.Жұмағұлова: «Әдеттегі эвфемизмдер жеке адамдар арасындағы коммуникативтік қолайсыздықты (коммуникативтік дискомфорт) болдырмауды көздейді де, жеке бастық қатынасқа тән сипатқа ие болады. Ал газет бағаналарындағы эвфемистік формалардың әлеуметтік сипаты басым болады [4, 19 б.] деп есептейді. Газети публицистика тіліндегі эвфемизмдердің әлеуметтік сипатымен ерекшеленетінін: «…сөздің эвфемистік мағынасын да тілдің «өз ішінде» ғана емес, тілдік ұжымның этикалық-моральдық, дүниетанымдық ерекшелігімен, экономикалық, қоғамдық-саяси өмірімен байланыстыра қарау құбылыстың мәнін айқындай түседі» [4, 19 б ] деп, эвфемистік мағынаның мәнін айқындайтын басқа себептеріне де тоқталады. . Мысалы: Басына пұшпақ бөрік киіп, қолына таяқ ұстаған шоқша сақалдысы — жетпісті мол аралап кеткен адам /133/. Шоқша сақалдының құлағы ауыр ести ме, қалай үшеуі гүлзарды басына көтеріп, әлденеге келісе алмай дауласып отыр /133/. О дүниеге аттану кезегі кімге келіп тұр? дегенді жай бір күнделікті шаруадай-ақ сөз етіп отыр /133/.
Яғни, эвфемистік мағынаның басты қызметі – дөрекі, тұрпайы, айтуға қолайсыз сөздерді алмастырып, тыңдаушысына коммуникативтік қолайсыздық тудырмау
Белгілі тіл білімінің маманы Б. Сағындықұлы: «Дисфемизм тәсілімен сөз қолдану – мағынасы жағынан эвфемизмге қарама-қарсы тілдік құбылыс, соңғысы сөздің ұғым-түсінігін сыпайылап әдемілесе, алдыңғысы керісінше жағымды мағынаны дөрекілейді, қатайтады. Күнделікті өмірде, әдеби қолданыста жағымды, сыпайы әдепті сөздерді дөрекі, анайы сөздермен ауыстырып қолдану тәсілі тіл білімінде дисфемизм деп аталады. Дисфемизмдер көркем шығармада көбіне ауызекі сөйлеу тілінің үлгісі ретінде кейіпкерлер тілінде беріледі. Сол арқылы әр жазушы өз қаһармандарының мінез-құлқын, білім дәрежесін, іс-әрекетін бейнелейді, шынайы образын жасайды» [5, 100 б.], – деп сипаттайды. Сондықтан эвфемизмдер мен дисфемизмдерді қарама-қарсы құбылыс ретінде қарастырғанда ғана олардың негізгі мәні мен қызметі айқындалады. Сондай-ақ бұл тіл мәдениетін, сөйлеу мәдениетін көтеруге септігін тигізері, тілді тиімді жұмсай білуге үйрететіні даусыз. Мысалы: Сенің мұндай қоян жүрек, қорқақ, екі жүзді екеніңді бұрын білген болсам… (Қайсенов Қ. Партизан соқпақтары. ) Біреуі аңқау, ақ көңіл, екіншісі момақан, момын келген де, енді үшінші біреуінің тұрлаусыз, екі жақтылау мінезі барды (Қайсенов Қ. Партизан соқпақтары. )деп қолданудағы адамның мінезқұлқын ашу мақсатында контрастық құбылыстарға дисфемизмдер мен эвфемизмдердің қызметі айрықша екендігі көрініп тұр. Контекстік мағынада «қоян жүрек» пен «екі жүзді», «ақ көңіл», «момақан» мен «тұрлаусыз», «екі жақтыларды», яғни дисфемизмдер мен эвфемизмдерді қаламгер жалпы адам болмысын ашуда өте ұтымды қолданған. Дисфемизмдер мен эвфемизмдердің бұл сияқты қатар келуі стильдік алуан түрлі қызмет атқарып, ойды жеткізуде өзіндік бояуымен оқшау танылатын сөздер тобы болып табылады. Немесе: Мен орасан тентек едім де, ол жуас еді (Қайсенов Қ. Партизан соқпақтары. ) Ұлтшылдар ғой жұрт қан жылап отырғанда, бұлардың рахаттанып жүргендерін қарашы, – деп Барис оларға кектене қарады (Қайсенов Қ. Партизан соқпақтары. ) деген тұстары қаламгердің дисфемизм мен эвфемизмдер секілді контрастық құбылыс қолданымдарына енгізіп, жекелеген сөйлемдер құрамында өзара салыстыра шендестіріп, айқын қарсы қойылған мән сипаттарын ұштай түсуде бұл тілдік құбылыстар ерекше стильдік қызметте жұмсалғаны көрініп тұр.
Осы сөйлемдерде қаламгер суреттеліп отырған жайтты көз алдымызға нақты елестете алады. Осылайша жазушы болған оқиғаны көзбен көріп, қолмен ұстағандай асқан шеберлікпен береді. Осындай шеберлікке М. Серғалиев былай деп баға береді: “Көркем әдебиеттің басқа жанрларындай, прозада сөз қолдануға, шалқи сөйлеуге де, аз сөзбен көп мағына беру мақсатымен дәмді сөйлеуге де еркіндік мол екендігін ескерсек, мұндағы қолданыс кей ақындардың өлең ұйқасы үшін сөз тұлғаларын еріксіз тықпалауында емес автордың сарыла ойланып, санаға салуының, жаңалыққа құштарлығының жемісі деп білеміз” [6, 40 б.]. Сондай – ақ «дисфемизмдер көркем шығармаларда кейіпкерлердің тілінде қолданылып, әр түрлі жағымсыз эмоциялық мән тудырады. Олар белгілі бір стильдік мақсатпен сөздерді дөрекі, тұрпайы етіп қолдану тәсілдерін құрайтын қарапайым сөйлеу тілінің құрамына енеді. Кейіпкер тілінде қолданылған қарапайым сөздер кейіпкердің бір сәттік бейнесін жасауға, көркем бейнесін беруге қызмет етеді. Кейіпкер аузынан шыққан қарапайым сөздер оның шыққан ортасын, алған тәлім-тәрбиесін, мінезқұлқын, көңіл-күйін, ішкі сезімін көрсете алады», [7, 17 б.]. Көбінесе дисфемизмдер тілдік агрессия құралы ретінде көрініс табады. Төмендегі мына сөйлемдерге де назар аударсақ.
– Сен, немене, керең болғансың ба өзің! (Жүнісов С.). Әуелі божыны ағыт, көтермені түсір, дүлей. (Жүнісов С.). – Әне бір сілімтік кімдікі. (Жүнісов С.).
–Сұлыны сен бердің бе, есуас! – деп үй алдындағы биік қарды шұңқырлап ойып, соған төккен сұлыны күрт–күрт жеп тұрған кебеже қарын, мегежін биеге қарап, зірк етті. (Жүнісов С.).
–Онан да ән тыңдамайсың ба, ақымақ! ( Жұмаділов Қ.).
–Мақұлық-ау, өлтіресің бе қаршадай баланы? (Жұмаділов Қ.).
Негізінен құлағы нашар еститінді – «керең» дейді немесе «дүлей», «мақұлық-», «ақымақ» дегендер әдеби нормадағы тура мағыналы тұрпайы мәнді сөздер. Мұндай тұрпайы сөздер өте көп. Сөздіктерде әдеби норма деген белгі қойылған. Сондықтан тұрпайы сөздердің бәрі дисфемизм немесе қарапайым емес. Бұлардың синонимдері болмаса екінші бір әдеби баламасы жоқ сөздер. Мұның дәлелі сол. Ал сілімтік, есуас т.б. дисфемизмдер. – Ау, әкім мырза, сен не көкіп отырсың – деді ол бірден тұлан-тұта, саңқ етіп. – Көкігенің не, ей-й? Мен көзбен көргенді айтамын! – деді сасып қалған әкім. (Әзиев Ә.). Немесе: – Әй, мынауың не дейді?! Қадиша, әй, Қадиша! Қайда құрыдың омалып! Не дейді мына күшігің! (Ә.Тарази..) дегендердегі «көку», «омалып», «күшік» дөрекі мәндегі дисфемизмдер болса, кісіге қарата айтылған «әй» немесе «өй» деген одағайлар да сауаты төмен кейіпкерлердің мінез-құлықтарын көрсететін тұлғалар болып табылады.
Яғни, қаламгер дисфемизмдерді кеңінен пайдалана отырып оқырман қабылдауына оңай, бәрін көзбен көріп, құлақпен естуге болатындай етіп негіздеген. Баяндалып отырған оқиғалар дисфемизмдердің әсерінен ақиқат дүниенің қайталамасы тәрізді көрінеді.
Тілдік оралымда (контекстерде) кез кеген сөз ауыс мағынада дисфемизм ретінде қолданылуы мүмкін. Себебі контекст пейротивтік мағына туғыза алады. Қайсыбір қолданыста контекстерде дисфемизмдер жағымды кері мағынада туғызулары ықтимал. Ол жек көрушілік емес. Айталық, ақсақал немерелерінің атқа отыруға жарағанына риза болып: «Мына біздің боқмұрын да атқа отыруға жарапты ғой» – деп айта береді. Жаман ініңізден енді ақылкеңесіңізді аямассыз(Жұмаділов Қ. Б.). Ол күшікті де көрмегелі көп болды, — деді Рахима немересін еске алып(Жұмаділов Қ. ) Күллі ауылдың боқмұрын тентектері де өзіне өлердей үйір болатын. (Жұмаділов Қ. ). Маған осы боқмұрының болады! «Боранды бекет»
Ана тілімізде таза поэтикалық метафоралармен қатар дисфемистік мағынада жұмсалатын метафоралар да кездеседі. Айырмашылығы мәнмазмұны, коммунативтік қызметі жағымсыз сипатта қолданылатындығында ғана. Осы ретте академик Р. Сыздықтың мына бір пікірі орынды: “Нағыз жазушы кейіпкерлерін өздері беріп тұрған образға сай сөйлетеді. Кейіпкер сөзі оның бейнесін жасауға тікелей қызмет ететін көркемдік тәсілдің бірі болып саналады” [8, 11 б.]. Ал енді қайсыбір стильдік мақсаттарда жазушы метафора, метонимия, т.б. секілді сөздердің ауыс мағыналары нәтижесінде жасалынған дисфемизмдерді құбылыс немесе бір нәрсені суреттеуде көркемдегіш құрал ретінде жиі пайдаланылады. Мысалы: Бұнысын кәпір ісі деп «Қасапшы Нұрасулла» атанған Бұхар әмірі, биылғы жылы көп әскермен кеп Мәделіханды бауыздап, ал сұлу Ханпадшайымның күнтимесіне қорғасын құйып өлтірген–ді. Граф соны айтып тұр. (Есенберлин І.). Әрине «күнтимес» деген дене мүшені атаудың өзі айтуға ыңғайсыз, мүмкіндігі болса қолданыла қоймайтын нәрсені екінші бір затқа ұқсату, балау арқылы жазушы болған шындықты метафора арқылы еріксіз жеткізу амалын тапқан сияқты. Ал мына мысалдардағы: Манадан бері өзеннің арғы жағына топырлай жиылып, лагерь боп жайғасып жатқан қалың әскерге қызықтап қарап тұрған қала халқы: «Осынша көп обыр ауыздан құтылғанымыз өтірік пе, шын ба!» – деп, іштерінен тәуба айтып тұрған шығар. (Кекілбайұлы Ә..) Осы арада бой жылыту үшін қойынға тығылып алған бір шөлмекті бөліп іштік. (Жүнісов С.). Бүтіннің орнына бөлшекті қолданып, оған «обыр» деген анықтауыш тіркеспен «обыр ауыз»(тойымсыздар) мағынасындағы синекдохалық дисфемизм халықтың күдігі мен қауылын, қуанышы мен реніштерін араластыра суреттеуде сәтті шыққан эмоциялы мәнді тұлға болса, «шөлмек»(арақ) мағынасындағы сыпайылап жеткізуде қолданылып отырған іргелес ұғымдағы метонимиялық эвфемизм..Осынша эмоция, экспрессивтік әрине сөздің ауыс мағынасынан, контекстік мағына қолданысынан туындап отыр.
Кейіпкерді жазушы әдетте өз заманының немесе өмір сүрген кезеңінің тілімен сөйлетеді, сондай-ақ кейіпкер өзінің мінезіне, алған тәрбиесіне, өскен ортасына, жасына, әлеуметтік орнына сай сөйлеуі қажет.
Қортындылай келе, көркем шығармалардағы эвфемистік қолданыстардың әр түрлі қыр– сырларын ашуға тырысу біріншіден, халқымыздың тіл байлығын көрсетсе, екіншіден, тіл мәдениетінің бір кілті ретінде оқырман қауымның жалпы мәдени өрісін артуына септігін тигізетініне сенімдіміз. Дисфемизмдер кейіпкер бейнесін ашуда әр түрлі көзқарасқа, қарым-қатынас пен көңіл-күйге байланысты жұмсалып, лексикалық мағынасы арқылы жағымсыз сезім тудыратын сөздер қызметін атқарады.

Әдебиеттер:

1. Ахметов Ә. Қазақ тіліндегі табу мен эвфемизмдер. – Алматы, 1973. – 164 б. (филология ғылымдарының кандидаттық дәрежесін алу үшін жазылған диссертация).
2. Болғанбайұлы Ә., Қалиұлы Ғ. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. – Алматы, Санат, 1997. – 256 б.
3. Виноградов В. Языковая ситуация // Лингвистический энциклопедический словарь. – М., 1990. – С. 78-84.
4. Жұмағұлова М.Ш. Газети публицистика тіліндегі эвфемизмдер. (филология ғылымдарының кандидаттық дәрежесін алу үшін жазылған диссертация). – Алматы, 2000. – 111 б.
5. Сағындықұлы Б. Қазіргі қазақ тілі. – Алматы: Қазақ университеті, 2008. – 101 б.
6. Серғалиев М. Синтаксистік синонимдер. – Алматы: Мектеп, 1981. – 1
7. Әбікенова Г.Т. М.Мағауин шығармаларындағы автор бейнесі мен кейіпкер бейнесінің берілу жолдары. – Астана, 2004. – 17 б.
8. Сыздық Р. Сөз құдіреті. – Алматы: Санат, 1997. – 110 б.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *