ШЕТЕЛДЕГІ ҚАЗАҚ ХАБАРЛАРЫ

ШЕТЕЛДЕГІ ҚАЗАҚ ХАБАРЛАРЫ

Сәуірбаева Ә.Ж., Тәңірберген А.М.
Петропавл қ., М.Қозыбаев атындағы СҚМУ
Tanirbergen.akbope@mail.ru

Радионы адамзат өркениетіндегі аса ірі ғылыми жетістік қана емес, қоғамның даму тегершігін жеделдеткен құбылыс ретінде орынды бағалағанымыз жөн сияқты. Сымсыз ақпарат жеткізуді меңгергелі бір ғасырдан асатын уақыт өтті, ал ғылыми-техникалық прогресс қарыштап дамып кетті. Соған тікелей жол ашқан “ақжолтайлардың” бірі де бірегейі — радио және оған қатысты технологиялар. Соның бастауында тұрған ғылыми жаңалық — радио болса, ол күні бүгінге дейін жетілдірілу үстінде.
Қазіргі таңда радионың ауқымы кең. Тіпті шетелдерде де қазақ тілінде беріліп тұратын радиохабарлар бар. Еркіндіктің таңы атып, еңселі ел атанған соң Қазақ радиосы елі үшін аянбай еңбек ететін, қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тілі, діні, өнері, әдебиеті мен мәдениеті жайында көл-көсір әңгіме айта алатын нағыз ұлтжанды ақпарат құралына айналды. Шетелдерде де қазақ тілінде берілетін хабарлар Қазақстан жаңалықтарын, қазақ салт-дәстүрі жайлы деректер, қазақтың ұлттық ән-әуендерін беріп тұрады. Кезінде шетел асып кеткен қандас қазақ бауырларымыздың елге оралып жатқандарымен бірге әлі күнге шетелде өмір сүріп жатқандары бар. Шетел радиоларынан берілетін танымдық хабарлар өзге елде жүрген сол бауырларымызға жылдам құлақтандырушы құралы ретінде құнды.
Қазақ тілінде әуе толқынына хабар тарататын шетелдік радиостанциялар мен бағдарламалар (ҚХР, Ресей Федерациясы, Иран Ислам Республикасы, Моңғолия, Түркия, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы және басқалар) [1, 351 б].
1934 жылдың қыркүйегінде монғол халқы алғашқы радиохабарын тыңдады. Бұл жыл Монғол радиосының дүниеге келген уақыты болып тарихта қалды. Елуінші жылдардың ортасынан бастап монғол радиостанциялары орыс, қытай және қазақ тілдерінде хабарлар бере бастады. Қазақ тілінде берілген алғашқы хабардың уақыты он бес минут болды. Бұл кезде арнаулы штат болмағандықтан хабарларды астанада оқитын қазақ студенттері дайындады. Бұл кезеңнің негізгі міндеті оқу-ағарту, денсаулық сақтау ісін, ғылымды, әдебиет пен өнерді дамыта отырып, социализмді орнықтыру болатын. Осы мақсаттарды насихаттап, бұқараға жеткізуде радио үлкен роль атқарды. Он бес минуттық хабарда газеттен алынған дайын ақпараттар оқылды. Ел астанасыУлан-Батордан қазақ тілінде хабар берілуі үлкен тарихи оқиға болды. Заман ағымына ілескен Монғолиядағы қазақ журналистерінің еңбегі нәтижесінде радиохабарлар редакциясы 1965 жылы Улан-Батордан Баян-өлгийге көшірілді. Осы жылы аймақта Чехословакияның көмегімен салынған радиостанция пайдалануға берілді. Қазақша хабарлар аймақтың жан-жағына тарады. Оны Баян-өлгийден басқа Ховда, Увс аймақтары да тыңдай алды. Бұл редакция алғашқы кезде жергілікті тұрғындарға отыз минут, Қытай қазақтарына осынша көлемде хабар таратты. 1956 жылдан бастап монғол радиостанциялары орыс, қытай және қазақ тілдерінде хабар бере бастады. Бұл Монғолия ақпарт құралдары дамуының екінші кезеңі еді. Осы кезде Монғолияда Журналистер одағы құрылады. Салалық, жергілікті, арнаулы баспасөз шығару жолға қойылды. Қазақ тілінде берілетін алғашқы хабардың уақыты 15 минут болды. Бұл кезде редакцияда қазақ тілінде хабар әзірлейтін қызметкердің арнаулы штаты болған емес, сондықтан оларды астанада оқитын қазақ студенттері дайындап, эфирге шығып жүрді. Мысалы, сол кезде 15 минуттық хабарды дәрігерлік институтның студенті Қайролл оқитын. Ал келесі жылы штат ашылып, Мәлік Ғизатұлы жұмысқа алынды. Бәзілхан, Қабылахат деген азаматтар, Алматының абай атындағы педагогикаылық институтын бітірген Күлдан Қашқынбайқызы, Залике сынды қызметкерлер радионың алғашқы қарлығаштары болды. 1956 жылдан бастап монғол радиостанциялары орыс, қытай және қазақ тілдерінде хабар бере бастады. Бұл Монғолия ақпарт құралдары дамуының екінші кезеңі еді. Осы кезде Монғолияда Журналистер одағы құрылады [2, 320 б].
Америка Құрама Штаттарының халықаралық қызметтерінің ішінде сыртқа хабар тарататын «Америка даусынан» басқа «Азат Европа», «Азаттық», «Азат Азия» радиолары бар. Осылардың ішінде «Азаттық» радиосы 1953 жылдан бері қазақ тілінде хабар таратып келеді.
Ол кезде Орта Азия мен Қазақстан тыңдаушыларына арналған ұлттық редакция болған жоқ. Орта Азия мен Қазақстан тыңдаушыларына арналған бағдарлама «Түркістан» деп аталған бір ғана редакцияда әзірленді.Оның басты екі себебі болды. Біріншісі кадрларға байланысты болса, екінші жағынан қырғыз, түрікмен, тәжіктерден мамандар онша көп шыға қойған жоқ. Мюнхен қаласының маңайындағылар, әсіресе, Қарыс Қанатбай басқарған «Түркелі» Комитетіндегілер «Азаттық» радиосын қаржыландырушылармен сөйлескен кезде, осы себептерді алға тарта отырып, бүкіл Орта Азия мен Қазақстан тындаушыларына арналған хабарлардың тек бір редакциядан дайындалуын ұсынды. Өйткені, Орта Азияның әр елі үшін жеке редакциялар құрылатын болса, онда қырғыздар мен түрікмендер, тәжіктер тыс қалатын болды. Сондықтан Орта Азия мен Қазақстаннан шыққан эмигранттардың зиялылары ұлт-азаттық әрекеттерінде «Түркістан» бірлігі атынан сөйлеп дағдыланғандықтан бұл мәселені тұтас қарастырып, жеке бөлінбеді. Эмигранттардың бұл уәжге тоқтағанын, әрине, дұрыс деп бағалау керек. Бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс тәжірибесі аз ортаазиялықтар жеке ұлттық мүддені емес, жалпы ортақ мәселені көздеген еді. Түркі тектес халықтардың «Түркістан» атауының астына бірігуін отаршылдыққа қарсылық, ұлттар бостандығы мен теңдігі үшін күресі деп бағаласақ, сол мақсат жолында эмигранттар да ынтымақтаса отырып, бірлесе қимылдауды ниет еткендігін байқауға болады. Бірақ жұмысқа қызметкерлер қабылдана бастағанда радио басқармасы әр редакцияға бес қызметкерден артық бере алмайтындығын мәлімдеген кезде «Түркістан» редакциясы өзінің жұмысын бес кісімен бастауға мәжбүр болған. Сөйтіп, 5 ұлттың өкілі, нақтылай айтсақ, бір қазақ, бір өзбек, бір түрікмен, бір қырғыз, бір қарақалпақ қосылып, хабар даярлауға кіріскен. Алайда бес ұлттың тіліндегі бес минуттық хабарлар өз нәтижесін бермеді. Осылайша біраз уақыт өтті. Ал орыс тіліндегі түпнұсқа хабардың көлемі уақыт өте келе 38 сағатқа жетті. «Түркістан» редакциясының әр тілде дайындаған 5 минуттық хабарлары тыңдаушы көңілінен шыға бермеді. Сондықтан редакция басшысы Велли Зуннун жағдайды радио басшыларына түсіндірді. Алғашқыда бір халықпыз деп «Түркістан» редакциясына топтасқан 5 ұлт өкілінің енді беске бөлінуіне тура келді. Сөйтіп, 70-жылдары «Түркістан» редакциясы жаңа қызметкерлермен толыға түсті. Сондықтан олар «Түркістан-1», «Түркістан-2», «Түркістан-3» деп аталды. Соңғы редакция «Қазақ бөлімшесі» аталып кетті. Радио құрылғаннан бері қызмет етіп келе жатқан қаламгер-эмигранттардың қатары енді Шығыс Түркістанда, Түркияда дүниеге келген, Батыс елдерінде білім алған жастардың жаңа толқынымен толықты. Ата жұртының тарихын, әдебиетін, салт-дәстүрін жетік білетін олар біз айтпайтын ұлттық мәселелерге көңіл аударды [3, 432 б].
Ағылшын журналистикада «таза ақпарат» деп «болған оқиғаны дер кезінде нақты баяндалайтын барлық хабарлар» айтылады, ал түсіндірмелі хабарлар мен жаңалықтарға қосымша шолу олардан бөлек. Осы әдісті «Азаттық» радиосы да пайдаланады. Ішкі, сыртқы мәселелерді шолып. Талқылау кезінде журналистер шетелдік басылымдарға сүйенеді. Мұның өзі, олардың 2-3 тілді жетік меңгеруінің арқасында мүмкін болады. Сондықтан кеңейтілген ақпараттардан қандай да бір мәселе жөнінде егжей-тегжейді мағлұмат алуға негіз бар [4].
Мысалы, «Түркияның мәдениеті мен өнері» деген бағдарласында Қазақстанның 1990 жылғы жағдайы баяндалды. Онда шетелдік қазақ журналисі Әбдул Қайым Кесінжі республикамыздың саясат, экономика, әлеуметтік және мәдениет саласындағы маңызды өзгерістері жайлы әңгімелеген.
1991 жылы 25 қыркүйегінде Қазақ радиосының «Ұшқын» жастар бағдарламасынан тұңғыш рет Мұстафа Шоқайдың 1936 жылы Берлин қаласында Түркістан жастарының алдында сөйлеген сөзі берілді. Мұны әуе толқынына дайындап, Қазақстан тыңдаушыларына ұсынған «Азаттықтың» республикамыздағы тілшісі – Қиял Сабдалы [5].
Осы азаттықтың жақында берілген бір хабарында шетелдегі осы қандастарымыз: «Өткенге де, бізге де болашаққа да керегі-шындық! Қателесудің, қылмыстың шындығы емес, нағыз тағдырдың шындығы», деген еді. Тәуелсіз Қазақстанның еркін баспасөзі де сырттағы жанашырларымызбен тізе қосып, ақиқаттың ақ жолынан бір елі де ауытқымай еңбек ете берсе қандай ғанибет.
Қазақ радиосы — мемлекетіміздің саяси-қоғамдық қалыптасу, даму кезеңдерімен бірге 90 жылға жуық өмір сүріп, халыққа қызмет етіп келе жатқан Қазақстандағы радио жүйесін қалыптастырған отандық жетекші радио, үлкен қарашаңырақ. Қазіргі уақытта Қазақ радиосы мен «Шалқар» арнасы бірігіп, айына 1260 сағат өнім беріп отыр. Өзіндік өнімдеріміз қоғамдық, саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени тақырыптардың барлығын қамтиды, ал форматтық, жанрлық жағынан да коммерциялық радиолармен салыстыруға келмейтін жетістіктеріміз жеткілікті. Олай болмаса, біздің форматымыз бүгінге дейін қалыптасқан классикалық жүйесінен айырылып қалар еді.
Біздегі ең басты кемшілік қағазда тұрған дүниені жүзеге асырмаймыз. Өйткені оның орындалу көзін меңгеретін кадрларды жөндемейінше, бәрі құжат жүзінде қала беруі мүмкін. Турасын айтқанда, радионың дамуына жаны ашитын өз ісіне берілген кәсіби жас мамандармен жұмыс жасауды жолға қоятын уақыт жетті деп күніге айтылып та жүр ғой. Шындығында да, Қазақстандағы ақпараттық жағдай қазақтілді аудиторияны кеңейтуге өте зәру. Ресейде шетелдік радиоларды бақылайтын арнайы құрылым құрып, орыстілді аудиторияны одан әрі кеңейтуді мақсат етуде. Біз шетелдік ақпараттық экспансияға төтеп беру үшін қазақтілді БАҚ-ты көбейтуге, кеңейтуге жол ашудың орнына, қысқартудан жалығатын түріміз жоқ. Қазақстанда бір емес, бірнеше қазақтілді радиолар болса да артықтық етпейді. Мен барынша қазақ тілінде ақпарат тарататын, тұрақты түрде бағдарламалар жүргізетін шетелдік радиоарналарды атап өттім. Негізінен қазақы салт-дәстүрді насихаттап жатқан да солар. Шетелдік қазақша бағдарламалармен бірге, Қазақстандық бағдарламаларды да тыңдап салыстырдым. Өзіміздің радиолардың кей бір олқылықтарына көз жұма қарайтынымыз да өтірік емес. Ал қазақша жүргізілген шетел бағдарламаларында айтарлықтай қателерді осы уақытқа дейін байқамадым. «Қазаққа қазақтың ғана жаны ашиды» деген президентіміздің бір ауыз сөзі ойға оралады осындайда. Шетелдегі қандастарымыз қазақшаның майын тамызып, салт-дәстүрімізді ең құрығанда радио арқылы паш етіп жатқанда қалай риза болмайсыз?


Әдебиеттер:

1. Омашев Н.Қазақ журналистикасы. 3 т. – Алматы, 2008. – 351 б.
2. Омашев Н.Ұзынқұлақтан қазақ радиосына дейін. – Алматы, Санат, 2007. – 320 б.
3. Қазақстан журналистерінің тәжірбиесінен. – Алматы, 2008. – 432 б.
4. Сағымбеков Р. Алматыдан сөйлеп тұрмыз… – Алматы, Қазақстан, 1979.
5. Ярошенко В.Н. “Черный эфир”. – М., 1986. – 263 c.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *