ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕР ЖƏНЕ ОЛАРДЫҢ ЗЕРТТЕЛУ ЖАЙЫ
Сөйлеуіміз сөйлемнен тұрады да, сөйлем əлденеше сөзден тұрады. Жеке сөздің сөйлемге айналуы сирек. Синтаксистік тұрғыдан алып қарасақ, сөз бен сөйлем аралығында тағы бір топ бар, ол – сөз тіркестері. Сөз тіркесі дегеніміз – екі не бірнеше сөздерден құралған грамматикалық бірлігі бекем топ. Сөз тіркестері еркін жəне тұрақты боп екіге бөлінеді. Еркін тіркестер жұмыс барысында, қажеттілікке орай қайта жасала беруі əбден мүмкін. Мұндағы сөздер қайтып ажырамастай қалыпта емес, керегі болса алмастырылып, орындары ауыстырыла береді. Мысалы, Ажар жұмысқа кешігіп келді дегендегі Ажар келді, жұмысқа келді, кешігіп келділер еркін тіркестер. Ал еркіндігі жоғалған, ажырамастай қалыпта кірігіп кеткен тіркестерді тұрақты тіркестер дейді. Бұларды біз фразеологизмдер деп те атаймыз. Сөз, сөз тіркесі, сөйлем дегендеріңіз сиитаксис тексеретін сала бола тұра əлгі тұрақты тіркес неге лексикологияның мəселесі ретінде қарастырылады. Себебі фразеологиялық тіркес туралы мəселе синтаксис тексеретін шеңберден шығып кетеді. Тіпті мұның лексикология, фонетика, грамматика сияқты өз алдына жеке сала болып зерттелуіне де қақысы бар.
Фразеологизмдердің тек өзіне ғана тəн өзгеше белгілері бар. Осы белгілер тілдің бұл категориясын өз алдына жеке сала ретінде қарастыруға итермелейді. Əрі тілдің басқа единицалардан айырмасын айқындайтын негізгі ерекшелік болып табылады. Бұл белгілердің түрі мына төмендегідей:
а) лексикалық мəні,
ə) компоненттік құрамы,
б) грамматикалық категориялардың түрі.
Бұл белгілердің тек фразеологизмдерге қатысты екенін дəлелдеу үшін сол фразеологизмдерді, тілдік единица сөзбен жəне сөз тіркесімен салыстыру қажет. Екеуінің де фразеологизмдермен ортақтасып кететін белгілері бар. Сөз тіркесі дегеніңіз фразеологизмдер жасалатын ұяның бірі.
Лексикалық мəні жəне грамматикалық жасауы жағынан сөз бен фразеологизмдердің ұқсасатын тұстары көп. Фразеологизм мен сөздің лексикалық мəнін ашқанда, олар біріне-бірі синоним болып келетінін байқау қиын емес. Мысалы: қас пен көздің арасы – лезде; жермен жексен қылу – бірдей, тегіс; төбе шашы тік тұру – үрейлену; жерден жеті қоян табу – қуану; ит жеккен – алыс; үріп ауызға салғандай – сұлу т.т.
Фразеологиялық тіркестердің жеке сөздер тектес стилистикалық өңі ажарлы келеді. Сөйлемдегі орнына, қолданылу жүйесіне қарай фразеологиялық тіркестер кейде еркін тіркесіп, кейде тұрақтанып қалатын тұстары бола береді. Мысалы, ат үсті деген фразаны алайық. «Бұрын көлік мініп көрмеген қызға ат үсті жайсыз көрінді». Мұнда фразалық мəн жоқ. Ал, «олар мəселені ат үсті қарады» десек, бұл фразеологиялық мəні бар тіркес.
Фразеологизмдер тіл-тілдің бəрінде бар құбылыс. Жəне бұларды тілдік бөлекше бір сыпаттағы, шырыны мен сөлі таусылмайтын дəмді элементтері деп айтуға болар еді. Тілдің байлығы, тілдің сұлулығы, тілдің өткірлігі дегеніңіздің айрықша көрінер жері осы фразеологизмдер маңы. Ойды əсемдеп айтуды үйренудің мектебі осылар. Сөзіңіз нақты, дəлелді болсын десеңіз, өңменнен өтіп, қолқаны қозғайтын дəрежеде болсын десеңіз, халықтың хас туындысы – айшықты сөздер тобының тамырын басыңыз. Сонда ғана сіз тілдің қасиеті деген не, байлығы деген не сияқты сауалдарға нақты жауап бере аласыз.
Қай елдің, қай жазушысының қай шығармасын алсаңыз да тілдің осы халықтық элементтерінің сан түрін табуға болады. Яғни қаламгерлердің қайқайсысы да сөйлеудің халықтық формасын пайдалануға бейім. Осының өзінен-ақ ғылымдағы фразеологизм проблемасының мейлінше қызықты, мейлінше қиын проблема екенін байқау қиын емес. Осыларды ғылыми проблема ретінде қарастыратын əр алуан еңбектердің сөлін сүзсек, мұның не қилы мəселелері айқындала түседі екен.
Фразеологизм мəселесі көптен сөз болып келеді. Оның бүкіл ішкі-тысқы қасиеттерін ашып, оларды қолданудың пайдасы мен заңдылықтарын аршып берген еңбектердің санының өзі мыңға тартады.
Лингвистиканың жеке тарауы ретінде қалыптасып келе жатқан фразеология жайында жазылған зерттеулер өте көп. Мəселен, 1964 жылы шыққан «Проблемы фразеологии» деп аталатын жинақта 500-ден астам зерттеу жұмыстары көрсетілген болатын. Содан бергі аралықта мұндай еңбектердің саны едəуір екі, үш есе молайғаны мəлім. Бұл орыс ғалымдарының зерттеулері ғана. Ал туысқан ұлт республикаларының ғылыми жұмыстарымен танысар болсаңыз, фразеология мəселесіне арналған сан түрлі зерттеу еңбектерін табасыз. Осының бəрі фразеология проблемасының өте қызықты əрі қиын проблема екенін байқатады.
Проф. Б.А.Ларин 1956 жылы фразеология лингвистикалық пəн (дисциплина) ретінде «жасырын даму» («скрытого развития») дəуірін бастан кешіруде деп жазған еді. Жоғарыдағы еңбектерді талдап таныссаңыз «жасырынбақтың» күні өтіп, енді ғылыми айтыс, талас дəуірі басталған тəрізді. Қазір фразеологияның мəнін, міндетін, аумағын түсінуде əртүрлі бағытты ұстанатын бірнеше ағым пайда болғанын байқау қиын емес. Қаншама еңбектер жазылғанмен, фразеологияның небір қызықты проблемалары біртіндеп ашылып, дəлелденіп келе жатқанмен, əлі де даулы мəселелері жетерлік.
Əдетте, біздің сөйлеуіміз шай ішу, ағаш үй, бір үзім нан, ұзақ жол, жақсы адам, үлкен қала т. б. тіркесуден тұрады емес пе. Бұлардың əрқайсысының құрамындағы сөздерді ауыстырып, басқа сөздермен байланыстырып айта беруге болады. Мұндағы айтылып отырған нəрсе күнделікті тұрмыста үнемі кездесетін үйреншікті құбылыстар. Көп қабатты үй, лимонды шай, жол жүру деп неше құбылтып айта бересіз. Бірақ тіліміз құрамындағы сөздер өзара тығыз байланысқа түсіп, жігін ажыратпай, тас түйін боп тұрған тіркестерге де бай. Бұл тіркестердің кұрамындағы сөздердің қай-қайсысын болсын орнын ауыстыруға, не басқа сөзбен алмастыруға бола бермейді. Ондай бола қалған күнде, басқа бір конструкцияға айналып, басқа бір мағынаға ие боп кетеді: əлгі тіркес мағынасы жойылады. Мұндай тіркестерді біз фразеологизмдер деп атап жүрміз. Фразеологизмдер қатарына кіретін тұрақты тіркестердің бəрі бірдей емес. Қайсыбірінің құрамындағы сөздер бастапқы лексикалық мағынасын сақтап тұрса, енді біразының компоненттері жиылып мүлде басқа бір ұғымды білдіріп жатады. Қандай түрі болсын мұндай тіркестердің бəрі де фразеология қатарында қарастырылуы тиіс. Бұдан былайғы жерде біз осы тақылетті тіркестерді фразеологизмдер деген терминге жинақтап сөз етпекпіз. Пікірдің нақты, жинақы болуына септігі тие ме дейміз.
Лингвистиканың өзге салалары сияқты, фразеология да жеке жəне жалпы сипатты болады.
Фразеологияға жататын барлық тіркестердің жалпы атауы ретінде фразеологиялық единица деген термин жиі қолданылады. Бұл терминді əуелде акад. В.В. Виноградов [21] атаған еді. Көптеген ғалымдар бұл терминнің жалпы атау ретінде сəтті табылғанын қолдағанмен, кейінгі кезде оның мазмұнын əлі айқындай түсу қажеттігін айтып жүр. В.В. Виноградовтың классификациясы бір кезде айрықша рөл атқарды. Сонымен қоса, оның көптеген мəселелері жете қарастырылмай, дамытылмай, көмескі күйде қалғаны мəлім. Жоғарыда ескерткеніміздей, кеңес тіл білімінде фразеологияны зерттеген жүздеген еңбектер пайда болды.
Фразеологияны өзіндік ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізгі объектісіне айналдырған көптеген айтулы ғалымдар бар. Олар өз зерттеулерінде В.В. Виноградовтың классификациясына дау айтады, дəлелді пікір қозғайды. Шынында, бұл пікірлердің жаны бар. Əлі піспеген күмəнді, күдікті жерлері тағы бар. Акад. В.В. Виноградовта фразеологиялық тізбектер (фразеологические едивства) кейде метафоралық тұрақты орамдар (метафорические устойчивые обороты) деп те аталады. Тағы бір жерде бұлар идиомдар болып, оның құрамына мақал-мəтелдер, тұрмыстық қосарлы аттар (составные бытовые названия), қанатты сөздер, үзінді цитаттар, кішіпейілдік формулалар (формула вежливости) т. б. еніп кеткен.
Сөз тіркесі түріндегі фразеологияның объектісін таныту үшін кейбір зерттеушілер «фразема» деген термин қолданып жүр. Бұл термин «лексема», «морфема», «семема» деген атаулармен сəйкес əрі ұйқас. Ал түрі жағынан сөйлемге бара-бар фразеологизмдерді «тұрақты фраза» («устойчивая фраза») деп атайды. Бұл терминді қолдануға пейіл білдіріп жүрген зерттеушілердің бірі В. Н. Телия.
Жалпы фразеологиялық тіркестерді зерттеуші ғалымдар тұрақты сөз тіркестерінің спецификалық мəнін əрқилы ұғынады. В.В. Виноградов, О.С. Ахманова, С.И. Абакумов, А.И. Смирницкий, Б.А. Ларин еңбектерін [22] қараңыз.
В.Н. Телия өзінің «Фразеология дегеніміз не» [23] деген зерттеуінде құрылысы жағынан сөз тіркесі не сөйлем болып келе беретін фразеология объектісінің барлық түрін жинақтап атау үшін «фразеологиялық орам» («фразеологический оборот не жай ғана «орам»), «фразеологизм» деген терминдерді қолданады. Бұлай атауда ол отандық ғылымның игі дəстүріне сүйенген.
Қазақ ғалымдарының арасында да тұрақты тіркестердің жалпы атауы ретінде осыған ұқсас ғылыми терминді ұстанатындары бар. Мысалы, авторлар коллективі– проф. М.Балақаев, Е.Жанпейісов, М.Томанов, Б.Манасбаев [24] сияқты ғалымдар мынадай пікір айтады: «Мағынасы жалпыға белгілі, грамматикалық байланысы жағынан бір бүтін единица болып, қолданылуы дəстүрге айналған тұрақты сөз тіркестерін тіл білімінде фразеологиялық орам немесе фразеологизмдер деп атайды». Авторлардың «фразеологиялық орам немесе фразеологизм» деп отырғандарына енетін тұрақты тіркестер – идиома, фраза, мақал-мəтелдер. Бұған қалыптасқан тиянақты фразеологиялық сөздердің бір саласы ретінде қос сөздерді де қосады.
Мұнда фразеологиялық единица жəне оның
В.В. Виноградов жіктеген үш түрі жоқ. Академик І.К. Кеңесбаев та қазақ тіліндегі фразеологимдерді əлгіндей жік-жікке бөліп жатпайды. Ол «лексикалық формасы, стилистикалық қызметі жағынан тілімізде айрықша орын алатын»[25] мұндай нақыл сөздерді екі топқа бөліп қарастырады. Ол лингвистика тілімен айтқанда идиомдар, фразалық топтар.
Осыған қарағанда көптеген түрік тілдерінде
В.В. Виноградов классификациясын сол күйінде қабылдаудың реті бола бермейтінін əңгіме етіп жүрген пікірлердің жаны бар тəрізді, осындай пікірлерді əзірбайжан, өзбек, татар т.б. ғалымдары да ұстанып жүр. Жəне дəлелдері көкейге қонымды – сол тілдің өз заңдылықтарына орай қорытылған пайымдаулар. Мысалы, 1961 жылы Самарқанда басылып шыққан «Фразеология мəселелері» («Вопросы фразеологии») деген жинақтағы А.А. Коклянованың мына пікіріне көңіл аудармауға болмайды. Мақала «О границах фразеологии тюркских языков» деп аталады.
«Түркі фразеологизмдерін зерттеушілердің негізгі міндеті – фразеологиялық материалдарды өзге тілдерде қалыптасқан жүйеге салып жіктеу емес, қайта бірқатар теориялық мəселелердің басын ашу болса керек», – дейді ол.
Фразеология терминінің өзі түптеп келгенде – орам, сөйлемше (оборот, выражение) деген ұғымды білдіреді. Бұл рһrаsіs – орам, сөйлемше (оборот, выражение); Іоgоs – ұғым, ілім (понятие, учение) деген грек сөзі. Фразеологияның көп мағыналылығы мазмұны күні бүгінге дейін сақталып келеді.
Орыстың атақты ғұламалары: М.В. Ломоносов, академиктер: Ф.Буслаев [26], И.И. Срезневский [27], Ф.Ф. Фортунатов [28], А.А. Шахматов [29], проф. А.А. Потебня [30] т.б. айтқан пікірлері фразеологияны зерттеу жұмыстарын ғылыми арнаға салып, дұрыс бағыт берді. Бұл ғалымдардың пайымдаулары фразеологияны зерттеудің белгілі-белгілі кезеңдерін, даму сатыларын танытады. Бірақ бұлардың ешқайсысы да фразеологияны лексикологияның жеке бір бөлімі ретінде бөліп қарастырған жоқ. Өз дəуірінің ғылыми ой-өрісінің деңгейімен қарағанда ұтымды, дəлелді пікір өрбіткенмен, түбегейлі зерттеу біздің ғасырымыздың 30–40-жылдарының үлесіне тиесілі болды.
Фразеологияны лексилогияның жеке бір тарауы ретінде бөліп шығарған Ш.Балли [31] болатын. Ол фразеологияның белгілі бір қалыптағы күйін (синхроническая фразеология) қарастырудың негізін жасады. Ш.Балли: «Языки постоянно изменяются, функционировать они могут только не изменяясь», – дей отырып, тілдің дəл қазіргі, осы күнгі жағдайына ерекше мəн береді. Міне сондықтан Ш. Балли концепциясының қазіргі кезеңде де едəуір маңызы бар. Дегенмен Ш. Балли де фразеологияның түрлерін, мазмұнын таратып, талдап айтып бере алмады.
30-40-жылдары кеңес тіл білімінде фразеологияға арналған жеке еңбектер шыға бастады. Проф. Е.С. Истрина [32] фразеологияны лексикологияның жеке тарауы етіп бөлген. И.Вульфиус «К вопросу о классификации идиомов» [33] деген мақаласында Ш. Баллидің теориялық көзқарастары тұрғысынан біраз пікір қозғаған.
Л.А. Булаховский фразеологияны тіліміздегі бейнелеуіш мəнерлі сөздер жайындағы ғылым деп есептейді. Фразеологияны «обычно разложимые – смысловом отношении словосочетания, но закрепившиеся в языке как материал ходовой цитации (пословицы, поговорки, удачные выражения писателей, ставшие «крылатыми» словами, и т. п.) и потому получившие известную цельность» [34], – деп түсінеді.
«Тұрақты тіркестердің» этимологиялық жүйелі классификациясын жасауға тырысқан проф. С.И. Абакумовтың [35] əрекеттері де көңіл аударарлық. Ол идиоматика мен фразеологияның жігін ажыратады.
Ол идиомалық орамдардың ерекше белгілері ретінде мыналарды көрсетеді: семантикалық бір тұтастығы, екінші тілге аударуға келмейтіні, синтаксистік жəне лексикалық тұлғаларға бөлінбейтіні, грамматикалық формаларының өзгермейтіні, сөздер орнының тұрақтылығы, сөз жасау мүмкіндігінің кемдігі. Фразеологияға жататын орамдардың беретін мағынасы оның компоненттерінің негізгі лексикалық мағынасынан алшақтамайтынын анықтайды.
Сонымен, Абакумовтың пікірі бойынша, фразеология дегеніміз ойды білдірудің дайын сөйлемшелері жөніндегі ғылым болып шығады.
Фразеология мен идиоматиканың анықтамасын беруде Е.Д. Поливанов: Фразеология (или идиоматика) является «особой дисциплиной (наряду с фонетикой, морфологией, синтаксисом и словарем, или лексикой), занимающей по отношению к лексике то же положение, которое синтаксис занимает по отношению к морфологии», так как эта дисциплина оперирует так же, как и лексикология, «выражением индивидуальных понятий (лексических значений)» в отличие от синтаксиса и морфологии, которые «имеют своим объектом изучение символики общих (абстрактных) идей» [36], – деп жазады. Поливановтың анықтамасы И.А. Бодуэн де Куртенэ қолданған сөздердің көп қызметтілігі (полифункциональность) жайындағы жалпы методология концепциясынан шығып жатқан ұғым. Мұны кейін Л.В. Щерба мен Б.Д. Поливановтың қабылдағаны мəлім. Фразеология мəселесімен арнайы шұғылданбаса да, Поливанов еңбектерінде, кейде, осындай аса қажет ғылыми пайымдауларын айтқан. Кейінгі зерттеушілер үшін бұл сияқты пікірлердің орны бөлек.
Фразеология синтаксистен, лексикологиядан, семасиологиядан бөлек жеке-дара дами алмайды.
Сөйлеуіміздегі сөздерден гөрі семантикалық біртұтас тізбектерді, яғни сөздерден гөрі күрделірек сөздер тобының (фраза, идиома, фразеологиялық тығыз топ, тұрақты бөлінбейтін тіркестер, фразеологиялық единицалар) жігін ажырату ниеті В.В. Виноградовтың жазуы бойынша К.Бругман, Г.Пауль, Ш.Балли, А.Сеше, О.Есперсен, И.А. Бодуэн де Куртенэ, А.А. Шахматовтардың еңбектерінде байқалған. Бұл бір жол. Яғни бұл семантикалық сипаттама. Мұндай семантикалық топтарды басқа бір жолмен қарастыруға болатынын талдаған ғалымдар да бар.
Фраза құрудың механизмін басқарып отырған тіл категорияларын зерттеу айрықша нəтиже береді. Сондай категориялардың бірі тіл жүйесінің дерегі ретіндегі сөз мағынасының құрылысы болса керек. Фраза құрудың əрқилы процесінің негізін жасайтын сөз мағынасының құрылысын зерттеу жолын ең алғаш В.В. Виноградов [37] көрсеткен болатын. Ол «Современный русский язык» (Вып. І. М., 1938, 122 б.) деген еңбегінде былай деп жазған: «Тесная связь идиоматики и фразеологии с лексикологией обусловлена не только структурной близостью понятий слова и идиомы, но и постоянным движением внутри языка от слов к идиомам и фразам – и обратно – от фраз и идиом к словам». Ал «Основные типы лексических значений слова», – деген «Вопросы языкознания» журналының 1953 жылы 5-санында жарияланған мақаласында В. В. Виноградов фразеология төңірегіндегі ойларын кеңейтіп, біраз жаңа ұғымдарды өрбітті.
В.В. Виноградов фразеологиялық топқа семантикалық талдау жасап, оның мағыналық жіктерін дəл ажыратып классификациялаған. Ең алдымен, ол бұл топтан фразеологиялық тіркестерді (фраз. сочетания) бөліп шығарды да, Ш.Баллидің «единства» деп жүргендерін екіге ажыратты; фразеологиялық түйдектер (тұтастықтар) жəне фразеологиялық тізбектер (единства) деп. Осының əрқайсысын жеке-жеке талдап көрейік.
1) Фразеологиялық тұтастықтардың (сращения) негізгі белгілерін тізіп айтсақ, мынадай түйін жасауға болады. Біріншіден, бұлар ішкі формасынан айырылған, дəлелдемесі жоқ жеке сөздер сияқты лексикасемантикалық единицалар. Екіншіден, тұтастықтар компонентінің бірде-бірі жеке өзіндік мағынаға ие бола алмайды. Яғни олар негізгі лексикалық мағыналарынан мүлде айырылған. Бір бүтіннің беретін мағынасы мен жеке компоненттердің əрқайсысының лексикалық мағынасы арасында ешқандай байланыс жоқ. Үшіншіден, мұның құрамындағы сыңарлардың сырттай қарағанда жеке-жеке тұруы тек тілдің өзіндік ежелден қалыптасқан дəстүріне, дағдысына байланысты нəрсе. Егер В.Виноградовтың өз сөзімен тұжырсақ, фразеологиялық тұтастықтар – «ерітіндіге айналған лексикалық бөлшектердің химиялық қосындысы». Бұл сияқты тұтастықтарды идиома деп те атайды. Идиомаландырылған сөз тіркестерінің грамматикалық мағынасы да өзгеріп кетеді. Оның себебі фразеологиялық тұтастықтардың семантикалық жағынан бөліп-жаруға келмейтіндігіне байланысты. Яғни семантикалық біртұтастық оны грамматикалық жақтан мүшелендірмейді.
Мұндай тұтастықтар кез келген тілде бар. Мысалы, қазақ тілінде: қой аузынан шөп алмас (момын), ала жібін аттамау (арамдық жасамау), мұртын балта шаппау (мығым, дəулетті), үріп ауызға салғандай (əдемі, сүйкімді), жүрек жұтқан (ештемеден қорықпау), ит өлген жерде (алыста) т. б.
Орыс тілінде: собаку съел, битъ баклуши, выносить сор из избы, пуганая ворона, держать камень за пазухой, сматыватъ удочки т. б.
Ұйғыр тілінде чишкэ тэгмэк (тіске тию), чойлида турмайдиған (ожауда тұрмайтын) т. б.
1966 жылы шыққан І.Кеңесбаев пен Т.Жанұзақовтың «Тіл білімі терминдерінің орысша-қазақша сөздігі» кітабында фразеологияның бұл терминдерінің бəріне қысқаша анықтама берілген. Мəселен, фразеологиялық түйдектерді (тұтастықтарды) былай түсіндірген: «Түйдекті тіркес ішіндегі сөздердің бір-бірімен лексикалық, грамматикалық берік байланыста болып, бөлініп-жарылмайтын фразалық мағынаның ол сөздердің лексикалық мағыналарымен ешбір жуыспайтын томаға тұйық тіркестер, мысалы; аузы-мұрны қисаймай
(ұялмай), аузын буған өгіздей (момын, жуас) т. б.
2) Фразеологиялық тізбектердің В.В. Виноградов негізгі төрт қасиетін көрсеткен. Фразеологиялық тізбек болу үшін бұл белгілердің бəрі түгел болуының қажеті жоқ. Осының бірі де жеткілікті. Енді сол белгілерді жеке-жеке қарайық.
а) Біртұтас фразалық тіркестің бейнелі, ауыспалы мағынада болуы шарт. Бұл мағына бірден ұғынылмай, кей жағдайда ғана сезілуі тиіс; ə) экспрессивтік тығыздық (насыщенность); б) фразалық тізбектің лексикалық элементтерінің ешқайсысын басқа бір синоним сөздермен ауыстыруға болмайды; в) егер ауыстырар болсақ, онда фразалық тізбекті түгелімен ауыстыру мүмкін екендігі. Бірақ айтылған белгілердің бəрі де ешбір дау туғыза алмайтын ақиқат емес. Сондықтан мұның өзінде де біраз солқылдақтық бар (В.Н. Телия).
Жоғарыда көрсетілген тіл білімі терминдерінің сөздігінде фразеологиялық тізбектердің «Тұтас тізбек (бірліктер) күйінде бүтін бір мағынаны білдіретін, бірлік жігі ажырамайтын, компоненттері басқа сөзбен алмаспай тұратын тұрақты сөз тіркестерінің бір түрі» деген. Мысал ретінде, қой аузынан шөп алмас; тайға таңба басқандай; түйе үстінен сирақ үйтіп, жерден жеті қоян тапқандай т. б. тіркестерді берген.
В.В. Виноградов бұл топқа: держатъ каменъ за пазухой, выноситъ сор из избы, язык(ом) чесатъ, вывести, на чистую воду т. б. тіркестерді жатқызады. К.Ахановта тізбектер қатарында (ол көбінесе бірліктер деп алған. – Ө. А.) мынадай мысалдар жүр: ауырдың үсті, жеңілдің астымен; көзді ашып-жұмғанша; ауыз жаласқан; аузына құм құйылу; аузынан түскендей; тайға таңба басқандай; соқырға таяқ ұстатқандай; екі езуі екі құлағына жету; қысқа жібі күрмеуге келмеу; жаны мұрнының ұшында; жанын қоярға жер таппау; ер-тоқымын бауырына алу; тамырына балта шабу т. б.
Сөйтіп фразеологиялық тізбектердің негізгі қасиеттері оның ең алдымен, бірден аңғарыла қоймайтын астарлы мағыналылығында болса, екіншіден, мұндай тіркестер өте əсерлі əрі мəнерлі болады; үшіншіден, бұлардың компоненттерінің ешқайсының орнын ауыстырып, не орнына басқа бір сөз қоюға келмейді; төртіншіден, фразеологиялық тізбекті мəндес бір сөзбен немесе синонимдес тіркеспен алмастыруға болады.
3) Фразеологиялық тіркестер фразеологиялық единицалардың ең молырағы. В.В. Виноградов мұны тізбек пен тұтастыққа қарама-қарсы қойып қарайды. Бұл тіркестер семантикалық жағынан жіктеуге келеді. Мұндағы тіркескен сөздердің мағыналық салмағы бірдей. Фразеологиялық тіркестердің құрамындағы сөздер өзінің негізгі лексикалық мағынасында тұрады. Жалпы мағына осы сыңарлар мағынасымен тікелей байланысты. Мысалы: сүттен ақ, судан таза; қуанышқа бөлену; шаттыққа бөлену; құрдай жорғалау; бас қатыру; жаны ашу; бетке айту; көзге айту; абыройы айрандай төгілді; ит тұмсығы өтпейтін тоғай; ашуы жауған қардай, шөккен нардай; кеудесін көтеру, т. б.
Келтірілген мысалдардағы сыңарлардың көбінің мағыналары – тек осы өзі қатысқан тіркес аясында ғана жұмсалады да, басқа тіркестерде дəл сондай мағына бере алмайды. Яғни қай тілде болсын кейбір сөздер белгілі бір сөздермен ғана тіркесетін тар өрісті болады. «Мұндай шектелу, – дейді акад. В.В. Виноградов, – белгілі бір тілге тəн сөз мағыналарының байланысу заңдылықтары арқылы болады».
Енді осы классификацияға қазақ ғалымдары қалай қарайды екен жəне жалпы фразеологиялық тіркестер жайындағы пайымдауларын талдап көрелік.
1962 жылы шыққан, І.Кеңесбаев пен Ғ.Мұсабаевтың «Қазіргі қазақ тілі» деп аталатын кітабында осындай тарау бар. Мұнда автор тіркес атаулының бəрін фразалық тіркес деп алады да, алдымен оны идиомдар жəне басқа фразалық топтар деп екіге бөледі. Идиомдарды ерекше категория ретінде өз алдына бөлек қарайды да, тіліміздегі басқа тұрақты сөз тіркестерінің бəрін (мақал, мəтел, қанатты сөз т.б.) фразаның қатарында əңгімелейді. Идиома мен фразаның негізгі айырмашылықтарын былай түсіндіреді: «идиом тобындағы сөздер өзінің жеке тұрғандағы негізгі мағынасынан айырылып қалады да, өзара жымдасып, бір ғана негізгі лексикалық ұғым береді. Басқаша айтқанда, идиом ішіндегі компоненттер өзінің лексикалық формасы мен мағынасын жоғалтады да, грамматикалық формасын сақтайды; бұлар
(компоненттер) – негізгі бір кесек күрделі лексикалық единицаның грамматикалық элементтері (мүшелері) болып есептеледі» [38]. Идиоманың негізгі белгілері: біріншіден, «тұтас бір ұғым жеке сөздерінің ұғымынан алшақ кетеді де, жеке сөздер (компоненттер) өзінің дербес ұғымынан не жартылай, не мүлдем айырылып қалады», екіншіден, «бұл тізбектердің көпшілігі екінші тілге сөзбе-сөз аударуға келмейді» (205..). Ал фраза «жеке элементтердің негізгі мағынасынан барып жасалған тізбек» (207-б.).
Идиом мен фразаның ортақ қасиеттері де бар – ол тиянақтылық. Сөйтіп, біз идиом мен фразаның айырмасы олардың құрамындағы сөздердің жеке күйіндегі (о бастағы) мағынасынан айырылу, айырылмауына байланысты ажыратылатынын байқап отырмыз. Авторлар мақал-мəтелдердің де негізгі қасиеттерін ашып, идиомдармен салыстыра зерттейді. Олардың ортақ белгілерінің бастысы орнықтылық, яғни бұл тіркестерді құрауға қатысып тұрған сөздердің арасына сөз қосып немесе олардың орнына басқа бір сөзді пайдалануға болмайтындығы деп көрсетілген. Бұлардың бəрін топтап келіп жасалған мына бір тұжырымға назар салыңыз:
«Мақал, фраза, идиомдарды басқа жүйеге (тілге) аударарда бұлардағы өзара негізгі айырмашылықтардың бірі айқын көзге түседі – идиом сөздердің дені сөзбе-сөз (мақал, фразадағы сөздердей) аударуға келмейді. Бұл – жоғарыда біз атап кеткен лексикалық өзгешеліктен туған қасиет» (206-б.).
Жалпы авторлар идиома мен фразаны егжей-тегжейлі талдағанмен, мақал-мəтелді тұрақты сөз тіркесінің қай түріне жатқызуға болатынын ашып айтпайды.
Идиомдардың тағы бір ерекше белгілерінің бірі – олардың көнелігі. Сөздер тізбегі идиом болу үшін көп замандар керек. Оның құрамындағы сөздер мүлде дерексізденіп, өзінің негізгі лексикалық мағынасынан алшақтауы осындай ой туғызады. Мақалдарды қолданғанда, оны өзгертпей сол қалпында алып, басқа сөздермен араға де («деп», «деген», «дегендей») етістігін дəнекер етеміз. Ал идиомдарды морфологиялық өзгерістерге салуға болады да, олардың синтаксистік тиянақтылығын ешбір өзгерте алмайсыз. Морфологиялық əрі синтаксистік беріктігі бірдей идиомдар да бар, бірақ олар көп емес. Идиомдар түгесінді бір ғана ойды білдіруіне орай, олар көбінесе бір сөздің орнына жүреді.
Идиом, фразалардың тағы бір ерекшелігі – біразының дыбыс үйлесімі. Бұл тізбектерде біркелкі не дауысты, не дауыссыз дыбыспен (аллитерация) келетін немесе не біркелкі жуан, не жіңішке сөздерден келетін идиомдар бар.
Идиом, фразалардың лексикалық мағыналарын бөлек əңгімелеу қажет.
1964 жылы шыққан «Қазақ тілі» практикалық курсында (авторлары: Н.Оралбаева, Г.Мадина, А.Əбілқаев, жалпы редакциясын басқарған проф. М.Балақаев) «Лексика» тарауының бір бөлімі «Тұрақты сөз тіркестері» деп аталған. Мұнда авторлар тұрақты сөз тіркестерін идиома, фраза, мақал-мəтелдер деп жеке-жеке бөліп талдайды. Қысқа болса да əрқайсысына анықтама беріп, нақты тұжырым айтуға тырысқан. Əрқайсысына берілген анықтамаларға жеке-жеке қарап шығайық.
а) Идиома деп іштей бөліп-жаруға келмейтін жəне оның тұтас мағынасы құрамындағы сөздердің əрқайсысының лексикалық мағынасына байланысты тумаған сөздер тобын тұрақты тіркес дейміз. Мысалы: бүйректен сирақ шығару (орынсыз, жөнсіз іс), мұртын балта кеспейді (ешбір кемшілік, мұқтаж көрмеу), аузына құм құйылды (жеңілу, үндемей қалу), жер-жебіріне жету (ұрсу, соғу). Бұдан əрі бірнеше жаттығулар берілген.
ə) Тұрақты тіркестердің енді бір түрін фраза деп атайды да, оған да нақты анықтама бермегенмен, мұның өзіндік айырмасын түсіндіреді. Авторлардың түсініктемесін берейік: «Тұрақты тіркестің бір түрі – фраза. Ол да идиома сияқты түйдекті тіркес қалпында айтылады. Алайда мұның идиомадан айырмашылығы құрамындағы сөздердің бəрі, не біреуі өзінің бастапқы лексикалық мағынасынан айырылып қалмайды». Мысал ретінде тайға таңба басқандай; тепсе, темір үзеді; еңбегі жанды; су жұқпайтын жорға; сегіз қырлы, бір сырлы; бұраң бел, алма мойын; асқар тау дегендерді келтіреді.
Шынында, бұл келтірілген мысалдар құрамындағы сөздер өзінің негізгі лексикалық мағынасынан онша алшақтамайды. Ал бұраң бел, алма мойын, асқар тау дегенде тіркестің екінші сыңарлары өздерінің негізгі мағыналарын бүтіндей сақтап тұр. Ендеше идиомалар сияқты, фразалық тіркестер де сөзімізді өткір, көрікті, образды ету үшін жұмсалады деген тұжырымды əбден қолдаймыз. б) «Мақал-мəтелдер халықтың ғасырлар бойғы іс-тəжірибесінен, өмір тануынан қорытылып, ереже түрінде тұжырымдалған аталық сөзі, ой түйіні». Біз авторлар анықтамасын бұлжытпай беріп отырмыз. Олар мақал-мəтелдің идиома, фразаларға ұқсас жағы мен өзгешелігін ажыратқан. Ұқсас жағы – мұның бəрінде «сыртқы құрылымы, сөздердің орын тəртібі тұрақты»болуында да, айырмасы, біріншіден, «мақалмəтелдің құрамындағы сөздер өздерінің лексикалық мағынасын толық сақтап, сөйлем мүшесіне талдауға келеді»; екіншіден, «егер идиома мен фраза сөйлем ішінде басқа сөздермен байланысу үшін тұлғалық өзгеріске ұшыраса, мақал-мəтелдер ешбір өзгеріске түспей, басқа сөзбен не сөйлеммен де етістігі арқылы байланысады». Мысалы:
И д и о м а немесе ф р а з а:
Бірнеше адам оларды қоршап алған: мəз, қолтықтарына дым бүркіп, дем береді (З.Ш.). Қолтығына дым бүрке берме. Қолтығына дым бүрке берсең, желіге береді.
Мақал-мəтел:
«Аяғын көріп, асын іш, анасын көріп қызын ал» деген бар ғой, бəйбіше, «егдеге ізет, жасқа жол» дегендей, Əділ екеуіміз жер ортасы жасқа келдік, ізет көрдік, енді жастарға жол ашу лазым емес пе (Ж. Т.).
Авторлар мақал мен мəтелдің өзара айырмасын да ажыратқан: «Мақалда өмір тəжірибесінен екшеліп алынған ақыл, өнеге, оқушыны жақсыға баулып, жаманнан аулақ болуға үйрететін кеңес берілсе, мəтел белгілі бір ойға, ұғымға ишара жасайды, онда астарлап, жұмбақтап айту мəні басым» болады. Мысалы, салыстырғанда :
М а қ а л
Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей. Көп қорқытады, терең батырады. Еңбек етсең, емерсің. Күлме досқа – келер басқа. Білек сүріндіре алмағанды, білім сүріндіреді.
М ə т е л
Сиыр судан жериді, су сиырдан жериді. Той дегенде қу бас та домалайды. Əшейінде ауыз жаппас, той дегенде өлең таппас. Соқыр тауыққа бəрі бидай.
Мұның қай-қайсысы болсын, айтайын деген ойды нақты, анық етіп жəне тыңдаушыға бірден аңғартуға немесе сөйлеген сөзімізден қысқа, тұжырымды қорытынды шығаруға үлкен жеңілдік жасайды. Бұларды талғамсыз қолдана беруге болмайды. Екінші жағынан мақал-мəтел əдебиеттің бір жанры есепті таптық сипатта боп келеді. Міне, сондықтан сақ болған жөн.
Фразеология жөнінде Қазақ ССР Ғылым академиясының корр.-мүшесі, филология ғылымының докторы К.Ахановтың пікірлері көңіл аударарлық. К.Аханов өзінің кітабында [39] фразеологияны біраз талдайды. Ол осы еңбегінде бұларды екі топқа бөліп, оның бірін – еркін тіркес, екіншісін – тұрақты фразеологиялық тіркес деп алады. Мұның алдыңғысын синтаксистің сыбағасына беріп, кейінгісін лексиканың құрамында қарастырады.
Фразеология деген терминге келсек, мұның екі түрлі мəні бар тəрізді: біріншіден, «белгілі бір тілдегі тұрақты фразеологиялық сөз тіркестерінің жиынтығы» дегенді білдірсе, екіншіден, сол тіркестер жиынтығын ғылыми түрде зерттеп талдайтын ілім мағынасында түсініледі. Автор тұрақты сөз тіркестерін жақшаның ішінде фразеологиялық единицалар деп алады. Бұл орыс жəне қазақ терминологиялық сөздіктерінде орныққан термин. Мұнда да алдымен тұрақты тіркес пен еркін тіркестердің айырмасы нақты талданады. Автор мынадай бастыбасты ерекшеліктерін көрсетеді:
Біріншіден, «тұрақты сөз тіркестерінің құрамындағы сөздердің орны, еркін тіркестің құрамындағы сөздердің орнына қарағанда əлдеқайда тұрақты, бекем болады».
Екіншіден, «тұрақты фразеологиялық сөз тіркестерінен туатын бір бүтін мағына оны құрастырушы сыңарлардың мағынасынан басым» (241-б.) болады.
Үшіншіден, «тұрақты фразеологиялық сөз тіркестері бір тілден екінші тілге аударуға икемсіз келеді, əсіресе оларды тікелей сөзбе-сөз аударуға болмайды» (242-б.). Алғашқыда келтірілген мысалдар: «сақалын сипап қалу; мұны мұртын сипап қалды десек, мүлде басқа мағынаға ауысады. Немесе «мұртын балта шаппайды» дегендегі «мұрттың» орнына сақалын десек, болмаса балта орнына пышақты пайдаланып көрсек, тіркесіміздің тілім-тілімі шығар еді. Бұдан шығатын қорытынды тұрақты сөз тіркестері жаңадан тіркесуді қажет етпейтін, əркімнің өз қалауынша өзгертуін қаламайтын, бұрыннан даяр «өзінен өзі тіркесіп» əзір тұрған материал. «Ас иесімен тəтті», «ас – адамның арқауы» осыдан автор тұрақты сөз тіркестерінің анықтамасын шығарған. «Тұрақты сөз тіркестері деп əбден қалыптасып, нық орныққан, өзгертуге келмейтін сөз тіркестерін айтамыз» (241-б.).
Екінші өзгешелікті танытатын мысалдар мыналар: қырғи қабақ болу – «кейісу, араздасу»; қаны қайнау – «ашулану, ызалану, ыза кернеу»; санын соғып қалу – «өкіну»; су жүрек – «қорқақ»; мұрнын көкке көтеру – «менменсу, паңсыну»; қас пен көздің арасында, көзді ашып жұмғанша, не қас қаққанша – «лезде, өте жылдам»; қой аузынан шөп алмас – «момын»; тайға таңба басқандай, не соқырға таяқ ұстатқандай – «ашық-айқын» т. б. Бұлардың бəріне тəн ортақ белгі – тұтастық пен мағына бірлігі.
Үшінші аудару мəселесіне келсек, автордың бұл жөніндегі пікірін бекіткен мысалдар мыналар: На седъмом небе («шексіз бақытты, өте бақытты» деген мағынада), медвежъя услуга («пайда келтірем деп, зиян келтіру, орынсыз жəрдем» деген мағынада) дегендерді сөзбе-сөз қазақшаға аударуға немесе керісінше, қазақ тіліндегі – қырғи қабақ болу; ит арқасы қиянда; үріп ауызға салғандай; оның сөзінің басы тау болып, аяғы сиырқұйымшақтап келіп қылдай болды; мұртын балта шаппайды; көлеңкеге қарап тон пішу; қой аузынан шөп алмас; ат үсті қарау тəрізді тұрақты сөз тіркестерін сөзбе-сөз орыс тіліне аударуға келмейді. Автор осылай деп отырса да, бұларды екінші тілде мүлде беруге болмайды деп шорт кесіп тұжырым жасамайды. Бір халықтың санасы мен ойлау жүйесінің басқа кез-келген халықтың ой-өрісінен ешбір кем еместігін біледі. Сондықтан ол: «бұларды мағынасына қарай, балама боларлық тұрақты сөз тіркестерімен, егер ондай тіркестер болмаса, мағынасын бере аларлық жеке сөздермен немесе еркін сөз тіркестерімен аударуға болады», – деп түйеді жоғарыдағы еңбекте.
Қай тілде болсын фразеологиялық единицалар бірыңғай емес. Оның аумағы əлі күнге сұрыпталып болған жоқ. Құрамы да сан түрлі. Күні бүгінге дейін фразеологияға қатысты терминдердің неше қилысы қатар қолданылып келеді. Осындай əр тараптық, əртүрлі атаулар нақты ғылыми пайымдаулар жасауда едəуір нұқсан келтіріп жүр. Ғылыми атаулары, терминдері төңкерістен соң ғана қалыпты даму жолына түскен қазақ тілінде фразеология маңында да бір пəтуаға келінбеген, əркім қалауынша атап, айдар тағып жүрген терминдер бар, бірізділік болмаған соң, ғылыми зерттеу жұмыстарының жібі босайтыны белгілі. Қазақ тілінде фразеологиялық единицалар (фразеологические единицы), фразеологиялық тіркестер (фразеологические сочетания), ажыратылмайтын сөз тіркестері (неразложимые словосочетания), тұрақты сөз тіркестері (устойчивые словосочетания), идиоматикалық сөйлемше (идиоматические выражения), лексикаландырылған тіркестер (лексикализованные сочетания); идиомдар, фразалар деген тəрізді əртүрлі терминдер қолданылады. Осының өзі фразеологияның мазмұны мен шеңберінің əлі толық анықталмағанын дəлелдейді. Фразеологиялық сөз тіркестері зерттеле бастағанда біз алдымен акад. В.В. Виноградовты [40] еске аламыз. Тіл білімінде фразеология мəселесі осы кісінің есімімен тікелей байланысты. Ол фразеологиялық сөз тіркестерін мынадай үш топқа бөледі:
Фразеологиялық тұтастықтар (фразеологические сращения), фразеологиялық бірлестіктер (фразеологические единства), фразеологиялық тізбектер (фразеологические сочетания).
Үш топтың əрқайсысын жеке-жеке талдап көрейік. Мұның талдау стилі əркімде əртүрлі болғанмен, негізгі ерекшеліктерін, мазмұнын көп ғалымдар дұрыс ұғатын сияқты.
Алдымен фразеологиялық тұтастықтар қалай түсіндіріледі, соны байқайық. К.Аханов: «Фразеологиялық тұтастықтар деп бөлініп, ажыратылмайтын, беретін мағынасы жағынан құрамындағы сыңарлардың мағынасымен мүлдем байланыспайтын, əбден бітісіп, тұтасып кеткен томаға-тұйық тіркестерді айтамыз», – дейді. Мысалы, ит өлген жерде (алыста), жүрек жұтқан (ештемеден қорықпайтын, сескенбейтін), үріп ауызға салғандай (əдемі, сүйкімді), мұртын балта шаппайды (мығым, дəулетті), қой аузынан шөп алмас (момын), аузы-мұрны қисаймастан (ұялмау, шіміркенбеу), ала жібін аттамау (ұрлық-қарлық жасамау) т. б. мұның қай-қайсысы болсын беріп тұрған мағынасы құрамындағы сөздердің мағынасымен байланыспаған. Мəселен, мұртын балта шаппайды дегеннің мағынасы мұрт, балта, шап сөздерінің лексикалық мағынасына байланысты емес. Бəрі жиылып, мүлде басқа бір ұғымды білдіріп тұр.
Фразеологиялық тұтастықтар кез келген тілде бола береді: өзбек, ұйғыр, қырғыз, қарақалпақ т. б.
Ұйғырларда: чойлида турмайдиған (сөзбе-сөз аударғанда «ойда тұрмайтын») – «ойға сыймайтын ақылсыз, ақымақ»; чишкэ тэгмэк (сөзбе-сөз – «тіске тимек») – «ашуландыру, ызасын келтіру»; тува тілінде: башка хан кудар (сөзбе-сөз аударғанда «басқа қан құю») – біреуді жермен-жексен ету, қиын жағдайға ұшырату.
Бұл тəрізді фразеологиялық тұтастықтарды кейде идиомалар деп те атайды. Идиомаландырылған
(идиоматизация) сөз тіркестерінің грамматикалық мағынасы да өзгеріп кетеді. Осындағы сөздер мағынасы жайшылықтағы сөздердің мағынасынан мүлдем өзгеше. Мысалы, жұмысқа ат үсті қарауға болмайды дегендегі тұрақты тіркес беретін мағына ат үсті деген еркін тіркес мағынасына мүлде сай келмейді. «Қас пен көздің арасында» – лезде деген үстеу сөздің синонимі, «қой аузынан шөп алмас» деген тұрақты тіркес – момын деген сын есімнің синонимі, «үріп ауызға салғандай», «тонның ішкі бауындай» деген сөз тіркестері де жеке сөздердің синонимі ретінде қолданылып, сын есім сөздің қызметін атқарады.
«Фразеологиялық тұтастықтардың семантикалық жақтан бөлініп, ажыратылмауы сөз тіркесінің грамматикалық жақтан мүшеленбеуінің басты себебі болып табылады. Фразеологиялық тұтастықтың семантикалық бірлігі оның грамматикалық табиғатын да өзгертеді. Мысалы, орыс тіліндегі спустя рукава (қазақша – қол қусырып) сөздердің көсемшелі орамынан (деепричастный оборот) үстеу сөзге айналған. Мұның орысша, қазақшасы грамматикалық жақтан мүшеленбей, бір ғана үстеу сөз ретіңде қолданылса, мойны жар бермеу, кежегесі кейін тарту деген тұрақты сөз тіркестерінің əрқайсысы еріну деген мағынада бір бүтін лексикалық единица – етістік ретінде қолданылады.
«Белгілі бір тұрақты фразеологиялық тіркестің фразеологиялық тұтастық деп танылуы үшін оның құрамындағы жеке сыңарлар лексикалық мағыналарынан, өздерінің дербестігінен айырылуы шарт». В.Виноградов мұны: «ертіндіге айналған лексикалық бөлшектердің химиялық қосындысы», – дейді.
Фразеологиялық бірліктерге К. Аханов мынадай анықтама береді: «Мағынасы жағынан ажыратылмай, тұтасынан бір бүтін мағынаны білдіретін, бірақ сөз тіркесінің бір бүтін мағынасы лексикалық сыңарлардың мағыналарының бірігіп тұтасуынан туатын тұрақты фразеологиялық сөз тіркестері, фразеологиялық бірлестіктер (фразеологические единства) деп аталады».
Бұлар лексикалық мағынасы толық сақталған сөздерден бірігіп, тіркестің бүтін мағынасы сөз тізбегінің мағынасымен астарлас, образды, бейнелі, астарлы болады. «Түймедейді түйедей ету» деген тұрақты тіркестен туатын мағына осыларды құрап тұрған сөздердің астарлы, образды мағынасымен тығыз байланысты.
Ауырдың үсті, жеңілдің астымен, көзді ашыпжұмғанша, ауыз жаласқан, аузына құм құйылу, аузынан түскендей, тайға таңба басқандай, соқырға таяқ ұстатқандай, екі езуі екі құлағына жету, қысқа жібі күрмеуге келмеу, жаны мұрнының ұшында, жанын қоярға жер таппау, ер-тоқымын бауырына алу, тамырына балта шабу т. б. жоғарыда айтылғанға дəлел.
К.Аханов бұлардың басты белгілерін былай көрсеткен:
а) əрдайым бірден аңғарыла бермейтін астарлы,
образды мағынасы болады;
ə) өте-мөте мəнерлі, əсерлі болу қасиетімен ерек-
шеленеді;
б) сыңарларының орнын өзгертуге немесе басқа
сөздермен алмастыруға болмайды;
в) тіркесті синонимдес келетін бүтіндей фразеологиялық сөз тіркесімен немесе мағына жағынан дəлмедəл келетін жеке сөзбен алмастыруға болады.
Ал енді фразеологиялық тізбектер – дегеніміз не? Мағынасы жағынан құрамындағы сөздердің мағынасымен байланысып жататын, тіркесу тұрғысынан орнығып тұйықталған сөз тіркестері фразеологиялық тізбектер деп аталады.
Тілде сөздердің өзара тіркесу қабілеті бірдей емес. Қайсыбірі кез келген сөзбен тіркесіп, белгілі бір ұғымды білдіруге бейім болса, енді бірі азғана сөздермен одақтасып, сонымен ғана тіркеседі. Тіркесу қабілеті əртүрлі. Сөздердің тұрақты тіркесте қолданылуға сеп болатын нəрсе, ол сөздердің лексикалық мағынасының образды, астарлы мағынаны қолдану қабілеті. Тұрақты сөз тіркестерін белгілі сөздер тобы ғана жасайды. Кез келген сөз тұрақты сөз тіркесін жасай алмайды. Кейбір белгілі бір тұрақты сөз тіркесінің құрамында ғана қолданылып, басқа тіркестерде мүлде кездеспейді. Мысалы, асқар тау, шалқар көл, жосадай қан, мидай дала, қыпша бел дегендегі асқар, шалқар, жосадай, мидай, қыпша сөздері тек осы тіркестерде ғана қолданылады.
Бүкіл тұтас тіркес мағынасын барласақ, оның беретін мағынасы тұрақты тіркес компоненттерінің тікелей мағынасынан туады. Фразеологиялық тізбектердің фразеологиялық тұтастықтар мен фразеологиялық бірліктерден негізгі айырмасының бірі осы. Мысал келтірейік: қуанышқа бөлену; шаттыққа бөлену; құрдай жорғалау; бас қатыру; жаны ашу; бетке айту; көзге айту; абыройы айрандай төгілді; ит тұмсығы өтпейтін тоғай; ашуы жауған қардай, шөккен нардай; сүттен ақ, судан таза; кеудесін көтеру т.б.
Фразеологиялық тізбектердің құрамындағы сөздердің өзі қатысқан тіркестегі мағынасында қолданылу шеңбері тар болады. Мысалы, қуанышқа бөлену, шаттыққа бөленудегі бөлену сөзі осы аталған тіркестерде ғана кездеседі. Бұлай болатын себебін В.В. Виноградов былай дəлелдейді: «Мұндай шектелу белгілі бір тілге тəн сөз мағыналарының байланысу заңдылықтары арқылы болады» [41].
Бұл аталған фразеологиялық тіркестердің барлық түрі қай тілде де бар болғанмен, мұндай классификация барлық тілге бірдей дəл келе бермейді. Мұны кейінгі жылдарда фразеология саласында біраз зерттеу жүргізген орыс ғалымдары да, басқа ұлт ғалымдары да айтып жүр. Əсіресе, орыс тіліне қарағанда, көптеген спецификалық өзгешеліктері бар қазақ тілі сияқты түрік тілдерінің көбінде əлгі атауларды бұлжытпай қабылдау ғылыми-зерттеу жұмыстарына біраз ауытқулар əкелер еді. Мұны əр тілдің өзі фразеологиялық тіркестерін түгел тізіп, сол тіл заңдылықтарына орай талдап шығу арқылы ғана ғылыми дəйекті жүйеге салуға болар еді. Тіпті осында фразеологиялық единицаның үш түріне келтірілген мысалдардың жəне оларға берілген түсініктемелердің өзін алып қарасаңыз да əлі орыс ғалымдарының арасында да, қазақ ғалымдарының арасында да пəтуалы пікір тұжырылмаған. Фразеологиялық тізбектер мен фразеологиялық тұтастықтардың жігі айқын емес. Бұл екеуіне дəлелдеме ретінде берілген мысалдарды талдап қарасаңыз, олардың көбінің бір-бірінен айырмасы жоқ. Тізбектер деп отырғанымыз да, тұтастықтар деп отырғанымыз да көбіне-көп бір-ақ нəрсе боп шығады. Қай тілде болсын, бұрыннан келе жатқан идиома дегендеріміз тағы бар. Идиомалардан əлгілердің жігін айырып берген еңбектер де шамалы. Мақал-мəтелдерді қай фразеологиялық единицаға жатқызамыз, жоқ əлде бұларды өз алдына бөлек қарастыру жөн бе?
Қай тілде болсын фразеологизм, фразеологиялық единица дегеніміз не жəне тілдегі мұндай тіркестердің көлемі қай шамада дегенге келгенде тұрақты пікір жоқ. Бұлардың құрамына кейбір орыс ғалымдары тіркес атаулының бəрін кіргізсе, енді біреулері тек тұрақты тіркестерді ғана жатқызады. Кейбір ғалымдар еңбегінде мақалдар да, мəтелдер де, қанатты сөздер де, ғақлия, нақыл сөздер де, афоризмдер де фразеологизмнің құрамына енсе, өзгелерінде қалып қойған. Тіпті кейбір ғұламалар жеке сөздерді де фразеологизм қатарында қарастыра береді.
Сонымен, фразеологиялық единицалардың, яғни тұрақты сөз тіркестерінің үш түрі болатынын анықтадық. Орыс, қазақ ғалымдарының пікірлерін алға ұстап, келісетін, келіспейтін тұстарымызды дəлелдеуге тырыстық. Негізінен ендігі жердегі пайымдауларымызда бұл аталған терминдерді осылай атап, пайдаланып отырамыз. Пікіріміздің шашырап кетпей, нақтылау, түсініктілеу болуы үшін осы үлгіні алуды жөн көрдік.
Ал енді мақал-мəтелдерді қайда жібереміз? Оларды фразеологиялық единицалар ретінде зерттеу керек пе, жоқ əлде өзіне бөлек, өзгеше тұрақты тіркестер тобына жатқызып қараймыз ба? Бұл жайында ғалымдар пікірі қалай?
Ең алдымен мақал-мəтелдердің, қанатты сөздердің фразеологиялық тұрақты тіркеске жататынын көптеген ғалымдардың дəлелдеп, пəтуаға келіскенін ескертеміз. Мəселе бұлардың фразеологиялық единицалардың əлі жоғарыда аталған үш тобының қайсысына жатқызу керек екенінде. Бұл өте күрделі мəселе. Кеңестік тіл білімінің тарихына үңілсек, көптеген əйгілі ғалымдардың бұл мəселеге талай қалам тартқанын көреміз. Фразеологизмдерді зерттеу ісінің көшбасшысы болған акад. В. В. Виноградов мақал-мəтелдерді фразеологиялық единицаның ешқайсысына жатқызған емес. Ал проф. А.И. Ефимов оларды фразеологиялық единицалардың айрықша бір түрі ретінде қарастырады. Осы тұрғыдан қарастырғанда мақал-мəтелдер компоненттерінің орнықтылығы алдымен ескерілсе керек.
Қазақ ғалымдарының көпшілігі мақал-мəтелдерді осы фразеологиялық единицалардың қатарында қарастыратынын көрдік. Акад. І.К. Кеңесбаев, проф. Ғ.Мұсабаев, проф. М.Балақаев, т.б. ғалымдардың жоға-
рыда аталған еңбектерін қараңыз. Біздің де бұл жайында ұстанатын пікіріміз осы ыңғайда.
Біз бұл тарауда фразеология мəселесінің зерттелуі жайында біраз пікір тараттық. Орыс, қазақ ғалымдарының жалпы фразеологияны қалай түсінетінін, оның түрлерін қалай талдайтынын, оған қандай тұрақты тіркестерді жатқызатынын баяндадық. Енді фразеологизмдердің тілімізде атқаратын қызметі жайында бірер сөз.
Өмірзақ Айтпайұлы