ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕРДІ АУДАРУ МƏСЕЛЕЛЕРІ

ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕРДІ АУДАРУ МƏСЕЛЕЛЕРІ
Фразеологизмдер, жалпы тілдердегі тұрақты тіркес атаулының бəрі аударма практикасы үшін де, теориясы үшін де ең қиын, күрделі проблеманың бірі. Аударма тəжірибесінде фразеологизмдерді екінші тілге берудің неше түрлі қиындықтары кездесіп, теориялық тұжырым жасауға итермелейді. Өйткені əр тілдегі фразеологизмдердің мағыналық жəне стилистикалық қызметі алуан-алуан болады. Оның құрамына кірген сөздердің байланысы да əр тілде əрқилы. Міне, осыларды аудару кезінде əр тілдің өзіне ғана тəн сөздердің тіркесу ерекшелігі көрінеді.
Қазақ тіліндегі сөздердің тіркесу қабілетін, фразеологизмдердің мазмұнын, мағынасын, сырын талдап жазған еңбектердің біразын жоғарыда атап өткенбіз. Ал фразеологизмдерді бір тілден екінші тілге аудару мəселесі аса қажет əрі барынша қиын проблема екенін сол еңбектерден жəне көркем əдебиетте қолданылып жүрген фразалық тіркестер табиғатынанақ тануға болады. Ғылымда фразеология мəселесі сөз бола бастаған уақыттан-ақ оны екінші тілге аудару жайы қарастырылып келеді.
Аударма – ел мен елдің арасына дəнекер болатын аса зор мағыналы құрал. Аудармамен шұғылданған бірдебір зерттеуші фразеология мəселесін аттап өте алған емес. Тіркестердің аудармасын тікелей тексермегенмен, аудармашы-зерттеуші өзінің саласына қатысты тұстарда фразеология аудармасына байланысты пікірін айтып отырған. Бұл тұста ескеретін бір жайт, сол айтылған пікірлердің бəрі біркелкі емес екенін жəне ондай пікір қозғаушылар əрқилы ғылым өкілдері екенін есепке алған жөн.
Жалпы аударма проблемасы жөнінде айтылып жүрген тұжырымдарды екі топқа бөлуге болар еді. Бірі – əдебиетшілер тарапынан айтылған, екіншісі – тілші ғалымдар ұстанған пайымдаулар. О баста бұл екі ағым өкілдері қызу қарқында қарсы дау айтысқанмен, қазір қайсысы болса да сабаға түсіп, аударма теориясының өзіне ғана тəн, өзіндік сырларына тереңірек үңіліп, көп жағдайда келісімге келе бастағандай. Мұның өзі белгілі дəрежеде аударманың ғылым ретінде қалыптасып, əрқилы проблемаларын алға тартқанын танытады. Сонда да болса, біз аударма мəселелерін əдебиетшілер мен тілшілер бір пəтуаға келіп, қауымдаса тексеріп жатыр деп айта алмаймыз. Ғылым болған соң оның даулы, даусыз мəселелері толып жатады.
Фразеологизмдерді аудару мəселесі аударма теориясының бір саласы болғандықтан, бұл жайында тілші, əдебиетші ғалымдар əрқилы пікір өрбіткен. Біздің жұмысымызға тікелей қатысты болғандықтан, енді фразеологизмдерді аудару ісіне қатысты пікірлерді талдап көрелік.
Бұл мəселені орыс ғалымдары да, қазақ ғалымдары да сөз етіп жүр. Басқа ұлт республикаларында да аударма ғылым объектісіне айнала бастады [45].
Тұрақты тіркестердің екінші бір тілдегі табиғатын тексергенде, біздің алдымен жүгінетініміз орыс ғалымы, тіл білімпазы А.В. Федоровтың еңбектері [46]. А.Б. Федоровтың аударма теориясын жасаудағы рөлі айрықша. Оның соңғы шыққан «Основы общей теории перевода» кітабында біраз жаңалықтар енгізілген. Фразеологизмдердің аудармасына байланысты да көптеген ғалымдардың кейінгі шыққан еңбектерін мұқият қарап, қорытынды пікір айтуға тырысқандық байқалады. Бұл мəселеге кейінірек арнайы тоқтайтын болғандықтан, қазір қазақ оқымыстыларының арасында өрбіген ой-пікірлердің де тамырын басып байқайық.
Фразеологизмдердің аудармасы жөнінде əдебиетші ғалымдарымыз да, тіл білімпаздары да, жазушыжурналистеріміз де бірде арнайы тоқтап, енді бірде белгілі бір проблемаларға байланысты жол-жөнекей сөз арасында болса да əңгіме етіп жүр. Қай-қайсысы да белгілі бір көркем шығарманың аудармасын қараған кезде, мақал, мəтелдер мен идиомалық тіркестердің аудармадағы көрінісін байқамай өте алмайды. Аударма теориясы үшін, оның ішінде фразеологизмдерді екінші тілде беру мəселесіне келгенде, əр кезде əр түрлі елдің əрқилы көркем туындыларының аудармасы жайында айтылған мұндай пікірлерді жинақтап, електен өткізудің мəні зор.
Қазақ ССР Ғылым академиясының академиктері І.К. Кеңесбаев, М.Қ. Қаратаевтардың, Қазақ ССР Ғылым академиясының корреспондент-мүшелері М.Б. Балақаев, Ғ.Ғ. Мұсабаевтардың зерттеулерінде [47] осы мəселе тұрғысында біраз пайымдаулар жасалған. Қазақстанда аударма теориясын жасауға мейлінше зор еңбек сіңірген аудармашы ғалымдарымыз болды.
Олар – филология ғылымдарының кандидаттары С.О. Талжанов пен Ə.Сатыбалдиевтер [48] еді. Аударма ғылымының теориясын жасауда бұлардан да басқа ғалымдардың үлесі мол. Мəселен, марксизм-ленинизм классиктері шығармаларының аудармаларын мұқият зерттеп, келелі ой-пікірлерін дамытып, үлгі-өнеге көрсеткен білгір мамандардың еңбектерінсіз бұл салада зерттеуіміз олқы соғар еді. М.Жанғалин, Қ.Сағындықов, Қ.Шəріпов, І.Жарылғапов [49] т.б. ғалымдардың ғылыми ой-пікірлері қазақ аударма ғылымының қалып-тасып, дамуына едəуір ықпалын тигізді. И.Ландау, С.Қоспанов,
Ə.Бектемісов, З.Тұрарбековтердің диссертациялық еңбектерінде де фразеологизмдерді аудару жайында аракідік айтылған пікірлер кездесіп қалады. Мұның үстіне кейінгі жылдары жеке жазушылардың тілі жəне стилі, олардың көркем шығармаларда қолданған бейнелеуіш құралдарына арналған диссертациялық жұмыстар жəне зерттеулер көбеюде. Жазушы бейнелеуіш құрал есебінде қолданған фразеологизмдерді, мақал-мəтелдерді тексерген арнайы еңбектер де бар. Мұндай жұмыстарда аударма мəселесі арнайы сөз болмағанмен, көңіл тоқтатуды тілейтін, біздің тақырыбымызға аз да болса қатысы бар ғылыми тұжырымдар кездеседі.
Тілші ғалымдардан бұл салада ой-толғағандардың бірі – І. Кеңесбаевтың мына бір тұжырымын алдымен еске алған жөн: «Аудару техникасы, аударма тілі өз алдына айрықша сөз болуға, айрықша тексерілуге тиіс деп ойлаймыз».
Академик ғалым «Қазақ тілінің идиомдары туралы» деген зерттеуінде аудару техникасына да байланысты өз топшылауларын айтқан. Ол идиома, мақал, фразалардың өзара айырмашылықтарын талдайды да, оларды басқа тілдерге аударудың жолдарын қарастырады. Бұларды аударуға бола ма, болмай ма деген сұрақтарға жауапты ғалым мақал, фраза, идиомдардың өз қасиеттерінен түзеді. Əрбір жеке тілдің өзіне ғана тəн жəне анағұрлым көнеленген идиомдар сияқты категорияларды «калька» ретімен алмасқа лаж жоқ дейді. Мақал, фраза, идиомдардың лексикалық өзгешеліктерін егжей-тегжейлі талдайды да, олардың сөзбе-сөз аударуға келмейтіндігін түйеді. Бірақ акад. Кеңесбаев бұларды бір тілден екінші тілге мүлде беруге болмайды деп үзілдікесілді пікір айтпайды. Оларды аударудың əртүрлі жолдарын «ізденіп, мағына жағынан сəйкес келетін тізбектерді тауып, аударма тілін жұртқа түсінікті етуді қарастыруымыз керек»,– деп түсінеді.
М.Балақаев, Б.Жанпейісов, М.Томанов, Б.Манасбаевтар 1966 ж. басылып шыққан «Қазақ тілінің стилистикасында» фразеологияның аудармасына арнайы тоқтаған. Мұнда авторлар мəселенің қиындығын айтып қарап отырмай, фразеологизмдерді орыс тілінен қазақ тіліне аударудың əртүрлі жолдарын қарастырады. Үш түрлі тəсіл болуы ықтимал екенін дəлелдейді. Ол қандай тəсілдер:
Біріншіден, «фразеологизмдерді аударуда оның жалпы мағынасы беріледі». Мысалы:
«Вариться в собственном соку» – өзімен-өзі болу.
«Козел отпущения» – кінəлі ету. «Подложить свинью» – қастық істеу. «Яблоко раздора» – егестің басы. «Бросать слова на ветер» – пəтуасыз сөз айту т.б.
Екіншіден, «фразеологизмдерді аударуда олардың өзара мəндес келетіндігі ескерілетінін» айтады. Мысалы: «беречь как зеницу ока» – көздің қарашығындай сақтау; «в пух и в прах» – күлін көкке ұшыру; «зубы точить» – тісін қайрау; «волосы встали дыбом» – төбе шашы тік тұру; «за тридевять земель» – жердің жеті түбі; «до седьмого неба» – төбесі көкке жету; «выйти в люди» – адам санатына қосылу; «утопающий за соломинку хватается» – суға кеткен тал қармайды т.б. Тіл-тілдегі фразеологизмдердің өзара сəйкес, мəндес келуі, шынында да аударманың жатық, түсінікті болуына септігін тигізеді. Мұның аударма жұмысын едəуір жеңілдететіні сөзсіз.
Үшіншіден, «көптеген тұрақты сөз тіркестері бір тілден екінші бір тілге сөзбе-сөз аударылады». Бұл тұста авторлар тұрақты сөз тіркестерінің басқа түрінен идиомдарды бөліп алады. Мақал-мəтел, қанатты сөздердің сөзбе-сөз аударуға тезірек көнетінін мысалдармен көрсетеді. Мысалы: «ни рыба, ни мясо» – балық та емес, ет те емес; «как две капли воды» – екі тамшы судай; «лучше поздно, чем никогда»– ештен кеш жақсы; «береги честь смолоду» – арыңды жастан сақта; «черепаший шаг» – тасбақа аяң т.б.
Мұндағы аудармалар əр тілдің фразеологиялық қорын байытатын көз. Осымен бірге сөзбе-сөз аударманың өрескел қатеге апарып соқтыратын сəтсіз мысалдарын да əртүрлі саяси көркем əдебиеттен алып көрсетеді.
Аудармашылар үшін тағы бір аса қажетті пікір мынау ма деп ойлаймыз. Аталған кітаптың авторлары фразеологизмдерді аударудың əлгіндей бірнеше тəсілдерін талдай отырып, аудару процесінде кетіп жататын қателердің сырына үңіледі. Мұндай жағдайда, əсіресе əр халықтың тілді қолдану дəстүрін мұқият еекере отыруы, əрбір тұрақты тіркестің шығу, жасалу төркінін зерттеп білу қажет екенін басты шарттың бірі есебінде ұсынады. Яғни, авторларша айтқанда, «фразеологизмдерді аударуда олардың мағынасын, қалыптасу жолын жақсы білу» қажет. Сөйтіп фразеологизмдерді аударудағы ең өнімді тəсіл сөзбе-сөз аударудың тиімді, тиімсіз жағы бар екен. Қазақ тілшілерінің фразеологизмдерді аудару жөніндегі пікірлері осыған саяды [50].
Фразеологизмдердің аудармасы жайындағы пікірлерге үңілгенде, көбінесе марксизм-ленинизм классиктері шығармаларындағы тұрақты тіркестерді қазақ тіліне беру жолдарын қарастырушылардың еңбегін талдамай кетуге болмайды. 1958 жылы Алматы қаласы аударма проблемаларын қарастырған үлкен жиын ордасына айналды. Онда орыс тілінен Орта Азия, Қазақстан жəне əзірбайжан халықтарының тіліне əдебиеттерді аударудың көп жылғы тəжірибесі сарапқа салынып, əрқилы əдістер ұсынылған болатын.
Қазақстаннан төрт баяндама əзірленді. Соның ішінде біздің жұмысымызға тікелей қатысы бары екеу. Оның бірі – «Орыс тілінен қазақ тіліне аударудың негізгі принциптері» деген тақырып бойынша жасалған М. Жанғалиннің баяндамасы [51]. Мұнда аударма принциптері марксизм-ленинизм классиктері дамытқан қағидалар негізінде қарастырылған. Маркс, Энгельс, Ленин еңбектеріндегі аударма жайындағы пікірлер талданған. Бұлардың, əсіресе В.И. Лениннің аударудағы тəжірибесіне сүйене отырып, автор текстің мазмұны мен формасын, оның дəл, адекватты аудармасын беру жолдарын көрсетеді. Шындығында, аударманың қандай проблемасын талқылағанда болмасын, біз ең алдымен марксизм-ленинизм классиктерінің тəжірибелеріне сүйеніп, олар қолданған принциптерге жүгінуге тиіспіз. Сол себептен М. Жанғалиннің бұл ғылыми пайымдаулары аударма теориясының белгілі бір кезеңін танытатын құбылыс. Ол, əсіресе Владимир Ильичтің аударушы ретіндегі қызметіне толығырақ тоқтаған.
Қай кезде болсын марксизм-ленинизм классиктерінің еңбектерінде кездесетін бейнелі сөздерді, тұрақты тіркестерді, мақал-мəтелдерді беру аударма практикасында ең қиын мəселенің бірі. Мұндай мəселеге барғанда, тіпті көркем шығармалардағы фразеологизмдерді аударғанда да, алдымен Ленин қолданған тəсілдерді үйреніп, тəжірибесін талдау қажет. Классиктер бейнелеуіш сөздерді шығармаларының эмоциялыэкспрессивті өңін ажарландыру үшін қолданады. Сондықтан бұларды творчестволық талғаммен беруге тырыспаса, сəтті аударма жөнінде əңгіме қозғаудың мəні жоқ. Осы тұрғыдан қарағанда М. Жанғалин жорамалдарының рөлі едəуір.
Бейнелеуіш құрал дегенде М. Жанғалиннің толығырақ тоқтағандары – мақал мен мəтелдер. В.И. Ленин шығармаларында неміс, француз, ағылшын, итальян, грек сияқты көптеген халықтардың мақалдары кездеседі. Оларды Ленин бірде аудармасымен қатарластырып берсе, бірде жақша ішінде түсіндіріп отырады. Қалай болғанда да əлгі мақал-мəтел оқушыға түсініксіз күйде қалмайды. Толық, дəл, адекватты аудармасы беріледі. Егер, мақал дəл аударуға келмесе, Ленин еркіндіктен де қашпайды. Морфологиялық ауытқуға барғанмен, мағыналық дəлдікті толық сақтайды. Мұндай жағдайда Ленин өзінің еркіндеу кеткенін ескертіп отырады. Жақша ішінде əлгі мақалдың түпнұсқа тіліндегі кейпін береді. Оқушы аударманың дұрыс-бұрыстығын көруге мүмкіндік алады.
В.И. Ленин өз шығармаларында не қазақ, не өзбек, не əзірбайжан мақал-мəтелін қолданған емес, сондықтан оларды қалай да аудару қажет екені түсінікті. Мұндай жағдайда Лениннің өз айтқандары көмекке келетінін дəл таниды М. Жанғалин. Егер аударуға еш мүмкін болмаса, соның ана тіліндегі баламасын іздеу керек. Онда да ол мақалдың бүкіл контексте қалай оқылатынын, түсінілетінін қадағалау қажет екені молдаван ғалымдарының тəжірибесі мысалға алынып, аударудың жақсы үлгілері мегзеледі.
Ленин тəжірибелерін талдай отырып, оның аудару тəсілдерін М. Жанғалин бейнелі құралдарды аударудың негізгі принциптері есебінде ұсынады. Сөйтіп, мақалмəтелдерді аударудың мынадай бірнеше жолдары көрсетіледі.
М. Жанғалиннің дəлелдеуінше, біріншіден, мақалмəтелдерді марксизм-ленинизм классиктері еңбектерінің идеялық мазмұнын мейлінше ашық, айқын ашу үшін қолданылған құралдар деп түсінеді. Сол себепті бұлардың аудармасы да өте дəл, анық, түсінікті, көркем болуға тиіс; екіншіден, қазақ тілінде баламасы жоқ мақал-мəтелдің бəрі аударылуы тиіс. «Балық жоқта, бақа да балық. Қасқырды сұрлығы үшін емес, ұрлығы үшін ұрады дегендер тəрізді. Осы келтірілген мысалдар, шынында, қазір төл дүниелермен бірдей қорымызға еніп, өзге жұрттан келгені ұмыт боп барады; үшіншіден, егер кейбір мақал-мəтелдердің қазақ тілінде толық баламасы табылып тұрса одан қашудың қажеті жоқ. Қап түбінде біз жатпас осыған дəлел; төртіншіден, Ленин еркін аударған шет тіл мақал-мəтелдері де логикалық мəні жағынан болсын жəне мүмкіндігінше, тілдік, грамматикалық касиеттеріне дейін дəл аударып жеткізуге тырысу керек. Мысалы, Ленин аударған не так норовим, чтобы в рот, как чтобы в карман деген неміс мақалы қазақшада Ауызға салғаннан гөрі, қалтаға салғымыз келеді болар еді. Мінеки, М.Жанғалиннің пікірі осы тектес. Мұнда фразеологизмнің бір түрі ғана – мақал-мəтел сөз болады. Ол тұрақты тіркестердің бар түрін талдап жатпайды. Идиомдар да, фразалар да т.
б. түрлері түгелімен мақал-мəтел тасасында қалған. Ал марксизм-ленинизм классиктері шығармаларында тек мақал-мəтелді ғана емес, бейнелі сөз тіркестерінің əлденеше түрін – идиомдарды да, фразалық түйдектерді де, фразалық тұтастықтарды да мейлінше мол қолданып, өздерінің негізгі мақсатын шешен де шебер жеткізуге тырысқаны мəлім. Сондықтан М. Жанғалиннің пікірлері тек мақал-мəтел төңірегіне қатысты. Оның өзінде де негізгі пікірлерін дамытып, жүйелеп өрбіте алмаған. Əрине неге өйтпедің деп ешкім де кінə таға алмайды, Өйткені бұл тұстағы М. Жанғалиннің негізгі мақсаты мақал-мəтел, фразеологизмдердің аудармасын арнайы тексеру емес, жалпы аударма мəселесінің кейбір негізгі принциптерін қарастыру. Осы көлемде қарасаң, жоғарыда ескерткеніміздей, М.Жанғалиннің ғылыми тұжырымдары ой толғататын салмақты əрі салиқалы.
Марксизм-ленинизм классиктері шығармаларында кездесетін идиома, қанатты сөз, мақал-мəтелдерді қазақ тіліне аударудың мəселелерін арнайы тексерген зерттеушінің бірі – Қ.Сағындықов [52]. Ол өзінің ғылыми тұжырымдарын негізінен В.И. Ленин шығармаларының қазақ тіліне аударылуына байланысты дамытқан.
Жалпы, түрлі тұрақты тіркестерді, оның ішінде мақал-мəтелдерді қазақ тіліне аудару мəселесін зерттеп, алдымен əңгіме еткен Қ.Сағындықов десек қателеспес едік. Қазақ тіл білімінде, тіпті бүкіл филология ішінде мақал-мəтел аудармасын арнайы зерттеген бірде-бір еңбекті (тек Мұзафар Əлімбаев болмаса) [53], бірдебір кісіні күні бүгінге дейін білмейміз. Сондықтан Қ. Сағындықовтың тұжырымдарына кеңірек тоқтауды қажет деп санаймыз.
Əдетте, орыс жəне басқа халықтардың ғалымдары мақал-мəтелді аударудың қиындығын поэтикалық аудармамен салыстырып танытпақ болатын. Шынында, қиындық жағына келгенде бұлардың өзара ұқсастығы бар. Ал түбегейлі тексере келгенімізде бұлардың жекежеке өздеріне ғана сыйымды сыры байқалады. Əрқайсысының табиғатына лайықты күрделі проблемалары көрінеді. Міне, осыған байланысты, яғни мақал, мəтелдердің табиғаты, қасиеті жəне оларды пайдаланудың реті жайында Маркс, Энгельс жəне Лениннің айтқандары аударма мəселесімен шұғылданушылар үшін айрықша рөл атқарады. Олар мақал-мəтелдерді, тіпті күллі бейнелі сөздерді қоғамдық өмір құбылысының сəулесі ретінде, яғни жаңа мен ескінің күресінің сəулесі ретінде қарастырады. Олай болса, мақал-мəтелдерді қоғамдық өмірдің нақты тарихи жағдайларына орай жəне сол кезеңдегі əдеби тіл дамуының тұрғысынан тексерген жөн. Сағындықов мақал-мəтелдерді əдебиеттерде қолданғанда оларды бір тілден екінші тілге аударғанда ұстанатын негізгі принцип жəне міндеттер осыған орай туады деп түсінеді. Сөйтіп бұл мəселеге диалектикалық жолмен келеді.
Аударуды əңгіме етпей тұра тұрғанның өзін де, оларды ретін тауып, мағынасын, мəнін дəл ұғып қолданудың өзі шеберлік. Қолданудың тамаша үлгілерін, біз марксизмленинизм классиктерінің еңбектерінен байқаймыз. Олар мақал-мəтелдерді көркемдік құрал ретінде (пікірлерінің бейнелі, дəл ұғымды əсерлі болуы) қолданумен қатар, кейде қоғамдық өмірдің нақты құбылыстарының мəнін айқын танытатын тарихи дерек ретінде пайдаланған. Сағындықов Маркстің «Навоз и у бога крадет» жəне «Вези навоз, не ленись, хоть богу не молись» деген орыс мақалдарын талдағанда шаруа адамның агрономиялық мəдениетті дін тұманынан артық санағанын айтады.
В.И. Лениннің мына сөзі де зерттеушінің ілгері пікір қозғауына демеу болған. «Бывают такие крылатые слова, который удивительной меткостью выражают сущность довольно сложных явлений» [54].
Сағындықов бұдан кейін орыстың көркемсөз шеберлерінің пікірлерін саралап шығады, түйінді қорытынды жасайды. Бейнелі сөздер тобының табиғатын түбегейлі тексеріп жəне олардың ана тілімізде толыққанды аудармасын беру жолдарын қарастыру қажет деп түйеді. Осы мəселенің біразын В.И. Ленин шығармаларының қазақ тіліне аударылу сапасын тексеру арқылы айқындаған.
Ол алдымен В.И. Ленин шығармаларындағы бейнелі сөздерді мынадай үш топқа бөледі: а) көркем бейнелер, афоризмдер, нақыл сөздер (изречения) жəне қанатты сөздер; ə) идиомдар жəне фразеологиялық тіркестер; б) мақал мен мəтелдер.
Көріп отырсыздар, Сағындықов тұрақты тіркестердің табиғатын, түрін тереңірек білетінін байқатады. Ол кейбір ғалымдар тəрізді тұрақты тіркестердің бəрін мақал-мəтел айналасына үйірмей ажыратып алады. Мақал-мəтел, идиом, фразеологиялық тіркестер, афоризмдер, қанатты сөздердің табиғатын, өздеріне тəн ерекшеліктерін тереңірек тексермегенмен, олардың бөлек-бөлек тілдік құралдар екенін бұларды зерттегенде сондай айрықша белгілеріне көңіл бөлу қажет екенін ескертеді. Біз мұны зерттеушінің табысының, саналы пайымдауларының бірі деп білеміз.
В.И. Ленин шығармаларында орыс жазушылары А.С. Пушкин, Н.В. Гоголь, И.С. Тургенев, М.Е. Салтыков-Щедрин, И.А. Крылов, А.С. Грибоедов, А.П. Чехов, А.М. Горький жасаған көркем бейнелер, афоризмдер, нақыл сөздер, қанатты сөздер молынан кездеседі. В.И. Ленин бұларды тіліне тиек ете отырып, революция мен жұмысшы табының жауларын аямай соғып отырған. Мəселен, Щедрин жасаған жексұрын бейненің бірі – Иудушканың сатқын Троцкийді əшкерелеуге, «данасынған шабақтардың» (премудрие пескари) халықшылдар, эсерлер, меньшевиктерді масқаралауға септігін тигізгенін білеміз. Ленин шығармаларынан Гогольдің талай «держимордалары» мен «маниловшыл» қиялкештерін табамыз. Оның көрегендігінен А.П.Чеховтың «Құндақты адамдарын» да танимыз. И.А.Крылов мысалдары мен Грибоедовтың «Ақылдың азабы» комедиясынан алынған «Ал төрешілер кімдер?» («А судьи кто?»), «Кещенің төрелігін тыңдар болсаң» («Услышишь суд глупца»), «Көрмес, пілді де көрмес» («Не приметить слона»), «Мысықтан күшті аң жоқ» («Сильнее кошки зверя нет»), «Көкек қоразды мақтайды» («Кукушка хвалит петуха») т.б. тəрізді нақыл сөздер В.И.Лениннің қолдануында мүлде жанданып, қазір мақал, мəтел сияқты ел арасына кеңінен таралып кетті.
Ленин еңбектерінде донкихоттық, геростраттық əуре-сарсаң, Кирр жеңісі, Прокруст аясы, Ахилесс өкшесі, Хеопс пирамидасы т.б. тарихи адамдар мен мифтік геройлар есіміне байланысты туған тіркестер де шебер рөл ойнайды. Сағындықов осы аталған афоризмдер, нақыл сөздер, көркем бейнелер мен қанатты сөздерді логикалық мəнін, формасын сақтап, дəл аудару керек деп кесіп айтады. Кезінде бұлардың мағыналық мəнін беруге тырысушылық та болды. Соның нəтижесінде қазақ оқырмандарының талай «тұмсықбұзарлармен» («держиморда»), талай «қиялшылдармен» («маниловщина»), талай «қожанасырлық» («донкихотство»)» істеушілермен таныс болғаны мəлім. Аударма ісіндегі осындай олақтықтардың себебін айқындай отырып, Сағындықов түрлі афоризмдердің, қанатты сөздердің, əдеби бейнелердің, нақыл сөздердің қазақ тіліне берілу тарихын шолады. Сөйтіп мұндай категорияларды аударуды тарихи жəне мифтік есімдерді сақтаудың ерекше мəні бар екенін тəжірибе жүзінде дəлелдейді. Аударманы бұлай қарастыру ғылыми дəлдікке апарады, əрі ана тіліміздің сөздік қорын жаңа фразеологиялық тіркестермен байытады деп түсіндіреді.
В.И. Ленин еңбектерінде идиомдар да көп кездеседі. Сағындықов идиомдарды бөліп алып, бөлек категория есебінде қарастырған. Ең алдымен, терминнің өзі жайында бірер сөз. Зерттеуші идиомдарды лингвистикалық терминологияда қалыптасқан ұғым тұрғысынан ұққан. Оларды не идиом деп, немесе тілші ғалымдар қолданып жүрген термин бойынша фразеологиялық түйдектер (тұтастықтар – фразеологические сращения) ретінде қарастырады. Фразеологиялық түйдектердің өзіне ғана тəн өзгешеліктерін дəл танып, екінші тілге аударғанда осы қасиеттерге ерекше көңіл бөлудің қажет екенін айтады. Идиомдарды аудару мəселесіне келгенде, Сағындықов өзінен бұрын пікір айтқан ғалымдардан, өз тұстастарынан əрі кете алмаған. Ол да идиомдардың əлгі негізгі қасиеттерін аударуға тосқауыл болатын кедергілер ретінде таниды. Сондықтан «точный перевод их на казахский язык с сохранением значений лексических составных частей невозможен», – деп үзілді-кесілді тұжырым жасайды. Өйткені бұларды бір кездегідей сөзбе-сөз аударатын болсақ, держатъ нос по ветру дегеніңіз «мұрнын желге тосу» боп, насолить дегеніңіз «тұз себу» (он мне насолил – «ол маған тұз септі») боп шыға келер еді. Зерттеушінің пікірінше, бұл шынында да, бір жағынан, түпнұсқаны бұзу болса, екінші жағынан, ана тілінің грамматикалық нормаларын, ежелден қалыптасқан ережелерін тəлкек ету деген сөз. Бірақ ол идиомдарды мүлде беруге болмайды деп түңілмейді. Мұндай ауыспалы мағынадағы тіркестерді, яғни идиомдарды қазақ тіліне аударуға əбден болады деп есептейді. Оның ойынша, қай халықтың болсын, белгілі бір зат не құбылыс жайындағы түсінігі бірдей, тек тілі басқа. Ендеше мұндай жағдайда белгілі бір ұғымды беруге септік жасап тұрған жеке сөздерді аударуға тырыспай, сол компоненттер жеткізіп тұрған ойды жеткізу қажет. Сағындықов жоғарыдағыдай идиомдардың қазақ тілінде сəйкес келетін баламаларын іздейді. Мəселен, ол брать быка за рога дегенді тоқетерін айту немесе «түйінді жерін табу деп, вывести на чистую воду дегенді бет пердесін ашу немесе əшкерелеу деп, вариться в собственном соку дегенді өзімен өзі болу деп, дело в шляпе дегенді іс бітті не іс оңға басты деп, ставить палку в колесо дегенді тосқауыл жасау немесе кесекөлденең келу деп алғанды дұрыс деп есептейді. Ал жоғарыда келтірілген держать нос по ветру – аңысын аңду болуға тиіс.
Ленин шығармаларындағы идиомдардың берілу сапасын саралай отырып, аудармашылардың əрқилы тəсілдерге барғанын аңғартады, жіберілген қателер мен жөн-жосықтарды жіктейді. Ретті-ретсізін көрсетіп, идиомдарды қазақ тіліне берудің барынша ғылыми дəл жолдарын көрсетуге тырысады. Сонда Сағындықов пайымдауларынан, негізінен мынадай екі түрлі жағдайды байқаймыз. Идиомдардың, біріншіден, қазақ тіліндегі баламасын табуға болады екен. Жоғарыдағы мысалдардан көргеніміздей, бұлардың бəрі де түпнұсқадағы идиомдардың мағынасын дəл беріп түр. Екіншіден, орыс тіліндегі тұрақты фразеологиялық тіркестердің (автордың қолдануы бойынша – А.Ө.) біразын қазақ тіліне аударғанда барлық жағынан дəлме-дəл, эквивалентті болып келеді. Бұларды кейде я аударма деп, я төл тіркес деп ашып айту қиынға соғады. Сағындықов берген мысалды түгел келтіреміз: Беречь как зеницу ока – «көздің қарашығындай сақтау»; в мут-ной воде рыбу ловить – «лай судан балық аулау»; в прятки играть – «жасырынбақ ойнау»; волк в овечьей шкуре – «қой терісін жамылған қасқыр»; волосы встают дымом – «төбе шашы тік тұрады»; как небо от земли – «аспан мен жердей» немесе көк пен жердей; черепаший шаг – «тасбақа аяң» т.б.
Кейбір лингвист-ғалымдар идиомдарды бір тілден екінші тілге аударуға мүлде болмайды деп кесіп айтады. Осы мəселені Сағындықов «вот где зарыта собака» деген идиомның төңірегінде туған тартысқа байланысты біраз өрбіте түскен. Бұл идиома қазақ тілінде екі түрлі вариантта берілген. Бірі, мағыналық аударма – «Істің мəні, міне осында»; екіншісі сөзбесөз аударма – «Иттің көмілген жері осы». К. Шəріпов т.б. кейбір зерттеушілер мұның алғашқысын қолдайды. Олардың сүйенетіні идиомдарды басқа тілге аударуға мүлде болмайды дейтін тілшілер қағидасы. Ал дəл аударманы жақтайтындар мынадай деректерге сүйенеді: «Неміс тілінен бұл идиоманың лексикалық құрамы түгел аударылып алынған, сондықтан оны дəл осылай қазақ тіліне аударуға болады» дейді. Осындай екіұдай талас пікірді қатар алып келгенмен, Сағындықов бұл жайында өзінің нақты пікірін шешіп айтпайды. Көпшіліктің үлесіне қалдырады. Осының өзі-ақ аудармадағы идиома проблемасының қаншалықты қиындығы барын аңғартса керек. Ал біз бұл мəселе тұрғысындағы ойларымызды əзір айтуға асықпаймыз. Өйткені алда əлі талай ғалымдар пікірі тоқайласатын болғандықтан, солардың тұжырымдарын түгел сарапқа салып, талдаған соң ғана, біраз мəселе айқындалмақ. Сондықтан əзірге бұл мəселені сол ғалымдар талқысына сала тұрамыз.
Сағындықовтың ендігі бір толығырақ тоқталған мəселесі – мақал-мəтел проблемасы. Бұларды аударуда қатаң талап қойылады. Бір қарағанда мақал-мəтел аударуға көнбіс. Сол көнбістік бұлжытпай орындалуға тиіс көптеген талап-тілектерді алға тартқан. Бірқатар талаптар мыналар – мағыналық дəлдік, образдылық, ауыспалы мағыналы, əсерлі əрі ұйқасты болу т.б. Тəжірибесіздіктен кеткен олқылықтардың екі түрі мынадай: орыс мақал-мəтелдері ретті-ретсіз жерінде де қазақ мақалдарымен алмастырылған немесе сөзбе-сөз аударма тəсілі қолданылған. Мұның қай-қайсысы болса да жоғарыдағы талаптар талғамына жарамайтыны белгілі. Дегенмен көптеген жылдар жемісі Ленин қолданған мақал-мəтелдерді аударудың нəтижелі жолдарын жинақтаған. Қазақ аудармашыларына тамаша үлгі болған Лениннің өз аудармалары, яғни шет тіл мақал-мəтелдерін орыс тіліне аударудағы ол қолданған принциптер. Сол принциптерді егжей-тегжейімен қарастыра отырып, Қ. Сағындықов екі түрлі жайды ерекше атайды. Оның бірі мақал-мəтелдерді құрамындағы барлық сөздерімен түгел, дəл аудару. Мысалы, Хорошо смеется тот, кто смеется последним; Кто желает знать врага, тот должен побывать во вражеской стране; Обещания, что корка от пирога: их на то и пекут, чтобы ломатъ потом дегендер француз, неміс, ағылшын мақалдарынан аударылған. Мұнда түпнұсқаның бар компоненттері сақталып отыр.
Екіншіден, В.И. Ленин мағыналық аудармаға да барған. Мақалдың мағыналық дəлдігін беруге мүмкін болса, онда түпнұсқаның формасы мен образдылығын сақтап жатпай-ақ, соған сай келетін орыс мақалын алып отырған. Мысалы, «Свой своему поневоле брат» деген осыны аңғартады.
Өздерінің аудару принциптерін осы бағытта ұйымдастырған Орталық Комитет жанындағы Марксизмленинизм институты қазақ филиалының мақал-
мəтелдерді қазақ тілінде беруде қолданған тəсілдерін Сағындықов мынадай үш топқа бөліп қарайды. Орыс тіліндегі қалпынша береміз.
1. Точный перевод пословицы с сохранением вещественно-образного значения слов и соблюдением ее характера и афористичности. Былайша айтқанда, бұл тəсіл бойынша аударылған мақал-мəтел мазмұны жағынан да, түрі жағынан да түпнұсқаға дөп келетін, сонымен бірге ана тілінің өзіне тəн қағидаларына сыйымды, лайықты болуы тиіс. Осындай тəсілмен аударылып, тілімізде орныға бастаған, тіпті төл мақалмəтелдерден айырғысыз көптеген мысалдар келтіріледі. Мысалы: қасқырдан қорыққан тоғай араламас; достық өз жөнімен, қызмет өз жөнімен; от болмаса түтін болмас; қасқыр да тоқ, қой да аман; еңбек етпеген ішіп, жемейді; тəтті өтіріктен, ащы шындық жақсы; аз болса да, жақсы болсын; қойға шапқан батырың, батырды көрсе қой болар; бетің қисық болса, айнаға өкпелеме; аңшы алдынан аң жортар (на ловца и зверь бежит); жылтырағанның бəрі алтын емес; ұнтақталса – ұн болар; балықшы балықшыны алыстан көреді; аштың жайын тоқ білмес; соң күлген жақсы күлер; жақсы даудан, жаман бітім артық (худой мир лучше доброй ссоры); əркім ауырған жерін сөз қылар т. б.
Шынында, бұл аударылған мақал-мəтелдердің ешбір бөтендігі жоқ. Жұрттың бəріне түсінікті байырғы нақылдар сияқты. Ана тіліміздің заңдылығы да мүлтіксіз сақталған. Ал түпнұсқамен салыстырып қарасаңыз, оның да бар қасиеті түгелімен қамтылған. Тіліміздің бейнелеуіш құралдар құрамын байытқан мұндай мақалмəтелдер жүздеп саналады.
2. Передача русских пословиц и поговорок с известным видоизменением отдельных составных частей словесной формулы подлинника. Мұны біздіңше былай түсіну қажет. Тіл-тілдегі мақалмəтелдердің бəрі бірдей аудару кезінде əлгіндей тəсілге көне бермейтіні белгілі. Сондықтан аудармашыларға əрқилы тəсілдерге баруға тура келеді. Кейде кейбір сөздерді амалсыз өзгертіп, түпнұсқадан сəл де болса алшақ кететін жайды көресіз. Яғни түпнұсқадағы мақал-мəтел жасап тұрған компоненттердің бəрін бірдей грамматикалық формаларымен қазақ тіліне беру мүмкін емес. Осындай объективті себептерді байқағандықтан да Сағындықов екінші тəсілді мақұлдайды.
Егер бұл тəсілді қандай жағдайда қолдану керек дегенді зерттеушінің өз сөзімен айтар болсақ, былай болып шығар еді. Түпнұсқаның морфологиялық қасиетін түгел бере алмайтын жағдайда жəне дəл аударғанда əсерлі, ауыспалы, астарлы мағынасы сақталмайтын жағдайда осы тəсілге баруды жөн деп есептейді. Мұның салдарынан қазақтың төл мақал-мəтелінен өзгешелеу, бірақ табиғаты жəне айтылуы, естілуі тұрғысынан соларға жақын аудармаға ие боламыз. Берілген мына мысалдарға назар аударыңыз: ауыр жүкке жегілме, жегілсең – егілме («взялся за гуж – не говори, что не дюж») немесе жүк көтерсең – ауыр деме; өткелін білмей су кешпе («не спросясь броду, не суйся в воду»); біреу орман паналайды, біреу отын арқалайды («кто в лес, кто по дрова»); талабы зордың тағдыры – дозақ («охота смертная, да участь горькая») немесе талабы зор, ақыры сор; шындық əрқашан да жеңеді («правда всегда берет вверх»); ауру бастың сақинасын сау басқа телу («с больной головы на здоровую»); əлдеқайдан жаңғырық, білмей қалды аңырып («слышал звон, да не знает, где он»); қорқынышты түс болса да, рақымшы құдай бар («страшен сон, да милостив бог»); орманға кірген сайын, отынға молығасың («чем дальше в лес, тем больше дрово) т.б. мысалдарға қарап отырсаңыз аздаған өзгерістің өзі байқалмайды. Əдетте оқушы өзіне түсініксіз нəрсені іздестіреді емес пе? Мына мақалдар оқушы көңіліне күдік те туғызбайды. Тек түпнұсқа мен аударманы қадағалап қараған адам ғана аздап таңданар еді. Онда да аудармадағы ауытқушылыққа емес, аудармашының шеберлігіне. Мақал-мəтел компоненттерінің кейбірі қазақ тіліне түпнұсқадағыдай түрде жеткізілмегенмен, олардың берер мағынасы жəне сол мағына арқылы алынатын əсер ешбір кемімеген. Қайта қазақ тілінің ерекшеліктеріне тəн заңдылықтарға сай құлпырып тұр. Түпнұсқа мен аударманы салыстыра отырып, зерттеушінің тұжырымдарына қосыласыз. Яғни қазақ тілінің заңдылықтарына сай осындай «орынды өзгертулердің» нəтижесінде түпнұсқа мазмұны толық танылумен қабат, оның оқырмандарға түсініктілігі қамтамасыз етіледі.
Осы тұста мына бір жайды ескерте кеткіміз келеді. Сағындықов мақал-мəтелдердің аудармасын соншама зеректікпен талдайды. Екі тілдің де сырын, табиғи заңдылықтары мен мүмкіндіктерін өте жақсы меңгере білген зерттеуші зерделі ойлар толғайды. Міне, сондықтан да қазақ филология ғылымында тұрақты тіркестер түрінің аудармасын тұңғыш талдап, түбегейлі тексеру жүргізген автордың еңбегі ерекше. Оның зерттеу тəсілінің өзі кісі қызығарлық. Мəселен мына бір мысалды талдауын барлайық. Үлкен істің үлкенді-кішілі жетістігі, үлкенді-кішілі кемшілігі де жетерлік болады ғой. Сағындықов Ленин еңбектерін аударуда жіберілген кемшіліктердің сырына үңіледі. Оларға уақытына сай объективті баға береді. Жоғарыдағыдай нəтижелі тəсілдер табылғанға дейінгі сүрлеу жолдардың соқпақты, тастақтысын таратып, солардың табиғатын танытарлық дəйекті пікір қозғайды. «Взялся за гуж – не говори, что не дюж» деген мақалды жүк көтерген екенсің, шамасызбын деме деп аударуға болар еді. Мұндай жағдайда түпнұсқа компоненттері түгел беріледі. Бірақ мақал өзінің негізгі қасиеттерінен: əсерлі, ұйқасты, ырғақты түрінен жұрдай. «Жүк көтерген екенсің, шамасызбын деме» деген мақал емес, кəдімгі бұйрықты сөйлем. Ал Ауыр жүкке жегілме, жегілсең – егілме дегенде мақалдың ұйқастық əуеніне дейін сақталады. Орысшасында: «за гуж» – «не дюж» деп келсе, қазақшасында «жегілме» – «егілме» болып ұйқасады.
Осы мақал бір кезде «Қолыңмен істегеніңді, мойныңмен көтер» деп те аударылған («то, что сделал руками, подними плечами», буквально: «подними шеей»). Бұл нұсқа орыс мақалының мəнін бере алмайды. Өйткені мақал «егер сен бір нəрсеге ұрынсаң, жауап беруден қашпа, тиісті жазаңды алуың керек» деген мағынаны білдіретін қазақтың өз мақалы. Ал түпнұсқадағы мақал мүлде басқа мағынаны меңзейді. Сағындықовтың дəлелдемелерін өз сөзімізбен баяндап отырмыз. Осы сияқты көптеген мысалдарды алып, кеткен кемістіктің себебін дəл табады. Аударманың əртүрлі варианттарын қарастырып, дұрыс-бұрыстығын ғылыми дəйектілікпен көрсетуге тырысады. Кейбір талдауларына дау да айтқымыз келеді. Мəселен, «на воре шапка горит» дегеннің «ұрының бөркі жанды» жəне «сезікті секірер» дейтін екі нұсқасын алады да біріншісін мүлде жоққа шығарады. Мұнда ешқандай ауыспалы мағына жоқ деуіне əбден қосыламыз. «Сезікті секірер» дейтін қазақ мəтелі түпнұсқаның мағынасын дəл береді деп соны мақұлдайды. Əрине басқа ешбір амал қалмаса осылай берген дұрыс болар еді. Біздің одан да басқа мүмкіндігіміз бар емес пе. Мысалы, «Ұрының бөркі қызыл» десек ауыспалы мағына да сезіліп, шапка гориттің ажарын аңғартып тұрған жоқ па?
3. Использование в переводе равнозначных казахских пословиц и поговорок. Жалпы бұл тəсіл де қай халықта болсын қолданылып жүр. Тіпті кейде осы əдіспен берілген мақал-мəтелдерді бірінші тəсіл арқылы аударылған мақал-мəтелдерден ажыратып алу қиынға соғады. Сағындықов бұл үшінші тəсілді түпнұсқаның əсерлілігі, əсем ұйқасы, ауыспалы мағынасы мен сөйлеу тіліне тəн өте түсініктілігі сақталмаған жағдайда қолдануды жөн дейді. Осы айтылғанның бəрі қазақ тіліндегі мақалдармен жеткізіліп тұрса, оларды аударудың қажеті қанша. Аудару деген осы емес пе. Аударғанда қойылатын талаптың да түрі əлгі айтылып отырған нəрселер болғандықтан, мұны ерекше категория етудің қажеті бола қояр ма екен. Зерттеушінің бұл тұста қоятын талабының бірі алмастырылған мақалдың ұлттық иісінің болмауы. Яғни ол мақал-мəтел қазақ халқының ғана тарихы мен тұрмыс күйіне тəн пайда болған нақыл болып жүрмесін дейді. Əбден дұрыс. Бірақ мəселенің бір жағын қозғаған соң, екінші жағын неге ұмытамыз. Дəл осындай мақал-мəтелдер орыс халқында да толып жатыр. Орыс халқының өз табиғатын, ерекшелігін танытатын талай мақал-мəтелдер бар, оларды қайтеміз. Аударамыз ба, жоқ əлде түсініктеме беріп тынамыз ба? Мəселенің қиын тұстарына келгенде тереңдемей тайсала беретін жері де жеткілікті. Мұнда келтірілген мысалдардың бəрі де дау туғызбайды. Солай екені солай. Түпнұсқаны дəл беретін төл мақал-мəтелдеріміз толып жатыр. Осының сыры неде? Автор бұған да бойламайды. Оның мəнісін біз бұл еңбектің баяндама есебінде əзірленген шағын зерттеу болғандығынан деп білеміз. Сағындықов бұл мəселемен анда-санда ғана емес, тиянақты шұғылданып жүргендіктен шешуін, себебін тілейтін осындай кейбір мəселелердің сырына үңілуі керек еді деп те ойлаймыз.
Ал үшінші тəсіл бойынша берілуге тиісті мақалмəтелдер екі топқа бөлінген. Бірі – мағынасы мен түрі бара-бар келетін: друзья познаются в беде – достың достығы басыңа іс түскенде танылар; дурной пример заразителен – жаман əдет жұққыш келеді; утопающий хватается за соломинку – суға кеткен тал қармайды; что посеешь, то и пожнешь – не ексең, соны орасың поспешишь – людей насмешишь – асыққан қалар ұятқа деген сияқты мақал-мəтелдер. Екіншісі – түрі тура келмегенмен, мағынасы дөп шығып жататын мақалмəтелдер. Мысалы: кошку бьют, невестке наветки дают – қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда; куда ни кинь – все клин – жапалақты таспен ұрсаң да, тасты жапалақпен ұрсаң да жапалақ өледі; провалиться в тартарары – жер жұту т.б.
Сағындықовтың пайымдаулары, ғылыми дəлелдері осы тəрізді. Аудармашылар жəне аударма теориясымен шұғылданушылар мұнда айтылған пікірлермен жете таныс болуы тиіс. Өйткені аударманың қиын проблемаларының бірі – тұрақты тіркестердің тілден-тілге берілудегі табиғатын зерттеп, тұңғыш ой толғағандар көп емес. Бұл тəрізді күрделі мəселенің шешімі қалай табылатыны осы еңбекте аз да болса баян етіледі.
Біз осы тараудың басында мақал-мəтелдер аудармасын тексерген біраз зерттеушіні атап өткен едік. Солардың бірі белгілі ғалым Ғылым академиясының академигі М.Қ. Қаратаев болатын. Жалпы Қазақстан бойынша аударма мəселелері жөнінде келелі ой толғап, кесек пікір айтқан кісі көп емес. Осы деңгейден қарасақ, М.Қаратаевтың көркем аударма проблемаларына байланысты жазған сын-зерттеу мақалалары алдымен көзге түседі. Республикамызда көркем аударманың маңызын, мəнін, оның ерекшеліктерін жете түсініп, сауатты, салиқалы пікір айтушының бірі де М. Қаратаев. Аударманың əртүрлі мəселелеріне арналып жазылған еңбектерді түгел талдап жатпай-ақ, біз бұл жолы ғалымның тұрақты тіркестер төңірегінде айтқан ойларын қарастырамыз.
Проф. Қаратаев «Тынық Донның» қазақшаға аударылуы жəне көркем аударманың кейбір мəселелері» [55] деген мақаласында тіл проблемасының, соның ішінде «орыс тілінде де бар, бейтарап идиома» деп аталатындардың қалай шешілгенін сөз етеді. Автор тұрақты тіркестер түрін талдап жатпайды. Термин қолдану жағынан ауытқитын жерлері де бар. Жалпы идиом атаулының екі түрін бөліп алып, солардың аударылғыштық қасиетін тексереді. Бейтарап идиомдар жəне «ұлттың өз бояуы, ерекшелігі бар идиомдар». Зерттеушінің пікірі бойынша, бұлардың алғашқыларын «дəлме-дəл, тіпті сөзбе-сөз дерліктей етіп аударуға мүмкіндік бар», мысалы: «И волки сыты, и овцы целы – қасқыр да тоқ, қой да аман. Чем богаты, тем и рады – барымен базар деген сияқтылар. Ал ұлттық ерекшелігі бар идиомдарды дəл бұлай аударуға болмайды. Сөзбесөз аударғанда түпнұсқа мағынасын беру мүмкін емес. Өз пікірлерін өзге ел ғалымдарының пікірлерімен тиянақтайды. Мəселен, əзірбайжан ғалымы Д.Азимовтың да осыны қолдайтынын айтады. Мұндай идиомдарды аударуға болмайтындықтан, олардың тек қана баламасын іздестіру қажет деп біледі. Ондай баламалардың түрлері мынадай: мать ее курица – ой енесі байтал, чума его знает– қырғын тигірді кім білсін, туда и дорога – барсын барар жеріне, земля пухом – топырағы торқа болсын, царство ему небесное – жаны жəннəтте болғыр, аж чорт их хмылем візьме – қағар олардың сайтанын, туды же его в перемет – қара басқыр антұрған, наведут ухлат – сазайларын тарттырар, а какой мерой меряете, тою и воздается – кісіге не істесең, алдыңа сол келер т.б.
Аударма кезінде ауыз əдебиетінің сөз орамдары да творчестволықпен пайдалануға болатыны əңгімеленеді.
Мəселен, алабұға, ақ қайран, қармағыма қап қайран – ловись, ловись рыбка, большая и малая – дегеннің мағынасын шынында да тамаша береді. Мынау аталған балықтарды түпнұсқадан іздеп əлек болғандарды сынайды.
Ал орыс тіліндегі идиомдарға сай балама қазақ тілінен табылмайтын жағдайда «Тынық Донды» аударушылар жаңа идиомдар мен мақалдар құрастыруға тырысқан. М. Қаратаев идиомдар проблемасын арнайы зерттемеген. Оны тек аударма проблемаларының бірі ретінде жол-жөнекей сөз етеді. Бұл түсінікті де. Аудармада жазушының көркем бейнелеуіш құралдары қозғалмай тұрмайды. Сол себептен идиома аударма талдамасының логикалық жалғасы ретінде азғана тексерілсе де, ойға азық тастайды. Жоғарыда Сағындықов халықтар мақалмəтелдерінің кейбірі неге біріне-бірі сай келеді деген мəселеге тереңдемейді деген болатынбыз. Осы мəселенің сырына аз да болса М.Қаратаев үңіліп, толғамды пайымдаулардың басын бастаған тəрізді. Ол: «Барлық халықтардың, соның ішінде орыс халқы мен қазақ халқының да ауыз əдебиетінде пікірлер образдарына, суреттеудің поэтикалық құралдарына, халықтардың сан ғасырлар бойғы тəжірибесін, даналығын бейнелейтін мақалдар мен мəтелдерде бəріне ортақ, ұқсас, туыс жəйттер көп»,– дейді. Бұдан біздің байқайтынымыз М.Қаратаев идиомдарды мүлде аударылмайтын категорияға жатқызбайды. Оларды бір тілден екінші тілге аударуға əбден болатынын «Тынық Донның» қазақша аудармасын тексеру арқылы дəлелдейді. Жəне аударманың əрқилы тəсілдерін көрсетеді. Халықтардың тарихына тереңірек үңілсек, көптеген көрші елдің тіршілігі, болмысы, кəсібі ұқсас болғанын байқаймыз. Ұқсас тірлік, ортақ кəсіп əр тілде түрлі асыл ұғымдарды, нақыл сөздерді дүниеге келтірген. Бұдан халықтар ойпікірінің тең, деңгейлес екенін, қай-қайсысының болса да тілге шешен, ойға жүйрік екенін білеміз. Олай болса, қай халық жасаған ұғым болмасын, оларды біріненбіріне аударуға əбден болады деген ой туындайды.
Көрші туысқан халықтарға қарағанда, бізде аударма мəселесінің зерттелу жайы онша мақтарлық емес. Ал оның жекелеген проблемаларына келгенде жағдай мүлде төмен болатын. Мəселен, осы біз объект етіп отырған көркем əдебиеттегі тұрақты тіркестердің екінші тілде берілу жайы арнайы тексерілмеген сала. Көрші отырған туыс халықтарда аударма проблемаларын сала-салаға бөліп, жан-жақты терең талдауға кіріскенін жоғарыда жасалған сілтемелерден байқайсыздар. Əрине біз бұл салада арнайы еңбек жазып, өзінің күллі өмірін аударма теориясын жасауға бағыштаған ғалымдардың ісін жоққа шығара алмаймыз. Алайда бірді-екілі еңбекпен ғылым жасалмайтыны да белгілі. Жоспарлы түрде жұмыла кірісіп, аударманың бар тармағын тарамдап талдағанда ғана, ғылыми ой-пікірлер дамып, ғылыми айтыс туғанда ғана ғылым болмақ.
Кейінгі жылдары біздің республикамызда да аударманың жеке салаларына арналған еңбектер, біренсаран болса да бой көрсете бастады. Солардың ішінен біздің тақырыбымызға тікелей қатыстысы жазушы Мұзафар Əлімбаевтың 1967 жылы басылып шыққан «Өрнекті сөз – ортақ қазына» деп аталатын кітабы. Бұл кітап ақынның көптен ізденіп, жинақтап жүрген еңбегінің нəтижесі. Кітап мақал-мəтелдердің көркем құрал ретіндегі рөлі жəне оларды аударудың жолдарын қарастырады. Автор көптен практикалық жұмыстармен де шұғылданып жүр. Ол көптеген халықтың мақалмəтелдерін аударып, баспадан шығарған. Сөйтіп өзге ұлттың талай айшықты сөзін халқымыздың ортақ қазынасына айналдырған. Еңбекті түгел талдап жатудың бізге қажеті жоқ. Сондықтан «Аударма ағайын-
дастырады» деген біздің ізденісімізге септігі тие ме деген бесінші тарауға ғана кеңірек тоқталғанды жөн көрдік. Алдымен автордың аударма жөніндегі түсінігіне зер салайық. Өйткені негізгі пікірлерге жол ашу үшін бұл өте қажет. Автор аударманың негізгі міндеті түпнұсқаның эмоциялық жəне эстетикалық ерекшеліктерін екінші тілде түгел мүсіндеу деп ұғады. Өз сөзімен айтсақ: «Өзге тіл табиғатында қызара бөртіп, қызу қанын сыртқа тепкен өмір тіршілігін өшіріп алмай, тынысын тарылтпай, тамыр соғысын бəсеңдетпей, өз ана тілінің табиғатына аялап əкелу – көркем аударма дегеніміз міне осы!»
Яғни оның өзге жұрттан келгендігін оқушы аңдамасын… Біз автордың «түпнұсқаның ыстығын суытып алмай, суығын қыздырып жібермей, өз температурасын сақтап аудару – басты талаптың бірі» дегеніне əбден қосыламыз. Бірақ оны оқушыға байқатқысы келмей, мүлде қазақыландырып жіберу ниетін жақтайтын тұстарын дұрыс дей алмаймыз. Өйткені аударма екені сезілмесе, оның несі аударма. Ол ана тіліміздің топырағында туған төл туынды болады да шығады. Аударманың күллі қасиетінің өзі оның аударма екені білініп тұруында, яғни оқып отырған нəрсеңізге сүйсінер болсаңыз оның аударма екеніне, тамаша аударма екеніне сүйсінуіңіз хақ. Аударманың қасиеті сонда байқалмақ.
Автор мақал-мəтелдердің аудармасы жайында өте қызғылықты пайымдаулар түзген. Мұнда ең алдымен ажыратып алатын нəрсе, Əлімбаев белгілі бір көркем шығармаларда қолданылған нақыл сөздерді емес, əр халықта жеке-дара күйінде əжетке жарап жүрген мақал-мəтелдерді аудару мəселесін əңгімелейді. Мұның шынында өзгешелігі бар. Көркем шығармалардағы нақыл сөздерді аудару үшін, сонда баяндалатын оқиғаларды ескеру қажет. Ал əлі қолданысқа түспей, жеке күйде тұрған мақал-мəтелдің сыры басқашарақ. Мұндағы сан түрлі астарлы ойды мақал-мəтелдің өз бойынан табуға, танып ашуға тура келеді. Əлімбаевтың аудармашы жəне зерттеуші ретіндегі басқалардан өзгешелігі осынысында. Бұл процесс кезіндегі еңбектің ауыр-жеңілдігін ол былай түсіндіреді: «жеңілдігі – қол байлайтын контекске жалтақтағаным жоқ, ауырлығы – əр мақалдың дербес универсалдығын сақтау керек болды» [56].
Нақыл сөздерді аударуда ескеретін басты нəрсе – ондағы ұлттық сипат жайы, əр халықтың өз мəнері болса керек. М.Əлімбаев та бұл мəселені ескермей кете алмаған. Міне, осы ерекшеліктерді сақтауды ол жөн деп есептейді. Суармалы егісті, бау-бақшалы елдерде туған жəне таулы-тасты, теңіз аймақтарында, орман-тоғайлы өлкелерде өрбіген көптеген мақал-мəтелдерді аударғанда ұлттық өрнектерді əсте ұмытпау дұрыс. Сонда тіліміз бен əдебиетіміз жаңа мақалдармен байып қана қоймай, оның көркемдік өрнектері сұлулана түспек деп ақиқат тұжырым жасалады.
Автордың байқауынша, мақал-мəтелдерде ұлттық оқшау бояулардан гөрі, барша халықтарға ортақ интернационалдық сипаттағы нақылдар басым көрінеді. Шынында да солай. Бұл да жоғарыда ескерткеніміздей халықтар тұрмысының, болмысының өте ұқсас екенін, соған орай олардың ақыл, ойлау, сезім дүниелерінің де бара-бар келетінін танытатын фактор.
Бұл жерде автормен аздап түсінісіп алатын да мəселе бар. Ол мақал-мəтелдердегі ұлттық өрнектерді əңгімелейді дедік. Жалпы аударма мəселесінде, қала берді мақал-мəтелдерді аудару кезіндегі ең қиын да күрделі процестің бірі осы ұлттық ерекшеліктерді қалай беруге байланысты болса керек. Мұның қиын мəселе екенін автордың қашқақтауынан да аңғарамыз. Ол сол ұлттың өрнек дегендерді аударудың жолдарын мүлде сөз етпейді. Оны сипай өтіп, «мұндай асыл сөздерді аударғанда сыртқы бояу – ұлттық нышан іздеп, түртініп, қарайламай, ойдың тереңдігіне, өрнекті сөз бедеріне баса көңіл бөл», – дейді. Біріншіден, ұлттық нышан дегенді «сыртқы бояу» деп қарау қате тұжырымға апаратын сияқты. Ұлттық өрнек деген халықтың қанына, сүйегіне сіңген асыл қасиеттерден туатын, болмыспен, тірлік дүниесімен біте қайнасқан біртұтас нəрсе. Мақал-мəтелдердегі өзге халықтар мəдениетіне өң беріп, түрлендіруге септігін тигізер ұлттық нышандарды интернационалдық сипаттағы нақыл сөздерге карсы қоюдың қажеті шамалы. Екіншіден, əрине кез-келген мақал-мəтелден ұлттық нышан іздеп «түртінудің» орны жоқ, ал бар нəрсені көрмеу тағы бекер. Үшіншіден, «ойдың тереңдігіне, өрнекті сөз бедеріне баса көңіл бөлу» əбден керек нəрсе. Ондай қасиет ұлттық сипаттағы мақал-мəтелдерде де өте басым болатынын ескерген жөн.
Автор сəтті-сəтсіз аударылған көптеген мақалмəтелдерді қарастырып, біраз түйінді ойларға барған. Сол түйіндердің қайсыбірін тереңірек талдауға тура келеді. Бізде көп ретте негізгі мəселеге тікелей кіріспей орағытып жүріп алатын əдет бар. Сондай əдеттен кейде Əлімбаев та құтыла алмаған. Мəселен, аударған адамның əдебиетші емес екенін алдын ала айтып, оқушыны сендіруге тырысудың қаншалықты жөні бар. Сондықтан, ең алдымен, ол шығарманы кім аударса сол аударсын соны ғылыми байыптылықпен тексеріп, негізгі қағидаларға сай дəлелді пікір таратқан абзал. Аударма мəселесіндегі парасатты, мəдениетті сын дегенімізге сонда ғана жақындай түсеміз.
«Аударма – мамандық емес, өнер» деген тұжырымда автордың не айтқалы отырғанын əбден түсінеміз. Сонда да болса бұл «қағидаға» кеңірек түсінік берген дұрыс. Бұл мəселе төңірегінде көптеген білімпаздар əрқилы пікір айтқан. Оның көпшілігі қызу айтысқа да ұласқан. Олардың бəрін тізіп жатпай-ақ (əрине сол пікірлерді еске ала отырып), өз ойымызды білдірейік. Аударманың өнер екеніне дау жоқ. Сонымен бірге оның өнерге толы айрықша мамандық екенін де мойындау қажет. Оны сол өнерге дағдыланған, соны меңгерген білгір, маман адамдар ғана игере алмақ. Оған маманданбай аударма өнеріне ешкімнің тісі батпаса керек. Осыған қарағанда өнер мен мамандық деген ұғымдарды жарыстырмай-ақ, оларды бірімен-бірін байланыстыра зерттеп, аударманың негізгі қасиеттері ретінде əңгімеленгені жөн тəрізді.
Зерттеуші осындай бірнеше түйінді ойларын өрбіте келіп: «Əр халықтың айшықты сөздерінің кілтін тапса, қазақшаға аударылмайтыны кемде-кем», – деп қорытынды жасаған. Сол кілт қалай табылмақ десек «гəп аудармашының білігі мен шеберлігінде» екен.
Ал мақал-мəтелдерді қалай аудару керек, оларды аударудың жолдары қайсы дегенге келсек, автордың ұстаған принциптерін былайша баяндауға болады. Ең əуелі ол мақал-мəтелдерді поэтикалық тұрғыдан алып қарастырған. Осыған сай оларды аударудың үш түрлі жолын саралап көрсетеді. Яғни мақал-мəтел негізгі ұйқастармен, ішкі ұйқастармен, ішкі үндестіктермен аударылуы тиіс. Осының үшеуінде де автор өз тəжірибесін жəне негізінен көркемдік кестені қалай сақтағанын баяндайды. Аударма мəселесімен автордың арнайы шұғылдануы ғылыми-зерттеу ісіне едəуір пайдасын тигізген. Шынында да, мақал-мəтелдердің аудармасын қарастырушы адамға автор көрсетіп отырған өзгеше белгілерге мəн бермей өтуге болмайды. Бұлар мақал-мəтелдің негізгі қасиеттері. Ендеше аударғанда сол негізгі қасиеттердің табиғатына үңілу əбден қажет.
Зерттеуші бұл тұста мақал-мəтел жасайтын əсерлі ықпалды да талдауға тырысады. Мəселен, аударма творчестволық өнер болғандықтан, аудармашының тебіреніссіз, сезімсіз, толғанусыз еш нəрсе бітіре алмайтынын айтқанда еріксіз бас шұлғисыз. Шынында, түйсіксіз еш тірлік бітпек емес. Ал мақал-мəтелді аударғанда аудармашы өзгеше толғаныста болуы шарт. Ондай толғануды мақал-мəтелдің өзі-ақ тудырады. Сол себепті автордың: «Ақын өзінің төл туындысын жазарда қалай толғанса, аудармашы да халық даналығын – мақалмəтелді, нақыл сөздерді өзге тілден ана тіліне аударарда солай шиыршық атып, шын тебіренуі парыз»,–дегеніне қосылуға болады. Өз тəжірибесінен туған мысалдармен əлгі пікірлерін дəлелдеп отырады. Көптеген мақалмəтелдердің аудармасы өте ұтымды шыққан. Бұған себеп автордың ақындық алғырлығына байланысты ма дейміз. Ол ең алдымен қазақ мақал-мəтелдерінің қазақ поэзиясының ең ақырында мейлінше бай ауыз əдебиет үлгілерінен алуан түрлі жол тауып, талғаммен пайдаланып отырған. «Күйе киімді жесе, күйік миыңды жейді («моль одежду ест, печаль человека»), «солдат бізбен қырынады, түтінге де жылынады» («солдаты шилом бреются, солдаты дымом греются») деген мысалдар, əсіресе орыстың «Курица – не птица, лодырь – не человек, болтун – не работник» деген мақалын аударудың техникасын баяндау өте нанымды. Дəл солай ұғынып, дəл солай аудару қажет сияқты: «Тауық – құс емес, жалқау – кісі емес, бос сөз – іс емес».
Міне, осылай ұйқастарын аударғанда зерттеуші қазақ өлеңінің өзіне тəн өлшеміне, табиғатына мейлінше көңіл бөлген. Өзге халықтың көптеген мақал-мəтелдерін осылай өлеңдік ұйқаспен əдемі аударуға болатынын автор тікелей өз тəжірибесімен дəлелдеген.
М. Əлімбаевтың екінші бір көңіл қойған мəселесі мақал-мəтелдердегі ішкі ұйқастың мəні. Бұл да нақыл сөздердегі қажетті белгілерден саналады. Мақалмəтелдің мəнін, əсерлілігін айқындауда айрықша рөл атқаратын да осы. Ішкі ұйқас поэтикалық аудармаға ғана емес, көркем шығарманың барлық түріне тəн əрі аса қажетті элемент.
Мұндай мақал-мəтелдер формасына қарай екі түрлі ыңғайда болады. Соңғы сөздері ұйқаспен келген мақалдарда жəне ұйқаспай жай сөйлем ретінде келген мақалдарда да ішкі ұйқас берік сақталады. Аудармашылардың мақал-мəтелдерді осындай формасын сақтап беруге мүмкіндігі мол. Осы типтес аудармалардың біразын қарап отырсақ, М.Əлімбаев аудармашылар назар аударатын біраз мəселені шешкен. Мəселен, бірнеше мысалды қарастырайық: «долг – это проклятие» («қарыз дегенше, қарғыс де»), «ум не от возраста, а от головы» («ақыл жас талғамайды, бас талғайды») дегендер немесе əзірбайжан мақалын былай алуы: «сұрай-сұрай халықтан тау асарсың, сұрамасаң жарықта адасарсың», «күйеусіз сайқал – жүгенсіз байтал» т.б. қонымды. Бұларда мақалдың əрі аударма екенін, əрі өзіміздің төл дүниеміздей шыққанын байқаймыз.
«Аударылған дүниенің аударма екені мүлде білінбеуі керек» деген тұжырымына автор осындай мысалдармен өзі қарсы жауап береді.
Зерттеушінің бөліп айтқан үшінші мəселесіне біраз анықтамалар берген абзал сияқты. Мұнда ұйқас, ішкі ұйқас дегендерге үндестік деген сөзді термин ретінде жегіп, белгілі бір бөлек ұғым есебінде қарсы қояды да, жеке-дара қарастырады. Жалпы бұлардың бəрі де бірінебірі байланыспайтын жеке ұғымдар тобына жатпаса керек. Өйткені сол саздылық, үндестік дегендеріңіз əлгі айтқан ішкі ұйқас, ұйқастардың табиғатынан шығатын нəрсе. Тіпті мысал үшін басқа кітапты ақтарсақ, автордың дəл осы пікірін дəлелдеу ретінде берілген мына бір мысалды қарайықшы: Құлақтыға сөз айтсаң, Құлағының астында. Құлақсызға сөз айтсаң, Құла қырдың астында.
Бұл қазақ фольклорынан алынған мысал. Мұнда ұйқас немесе ішкі ұйқас жоқ деп кім айта алады. Шалыс ұйқас дегеніңіз осы емес пе?
Басқа тілдердегі мақал-мəтелдердің көпшілігінен ассонанс пен аллитерация тəсілін қолдану арқылы беруге болатынын дəлелдеген автор мысалдарының сəттілері де көп. Осы тəсілмен аудару процесінің талдамасы талай аударушыға талшық боларлық, ой саларлық нəрселер. Мəселен, Мұзафар Əлімбаев «у хорошей головы – сто рук» деген малаял мақалын ассонанс тəртібімен үйлестіріп, «ақылды бастың алпыс қолы бар» деп береді. Бұл жерде түпнұсқаға «адалсынған» кейбір аудармашысымақтар «жүз» бен «жақсыны» іздеп əуре болар еді. Мəселе қолдың санында емес, соның мəнінде екеніне мəн бермес еді. «Умелому – везде место» деген əзірбайжан мақалының кейбір сөздерін алмастырған. Өйткені зерттеушінің дəлелдеуінше, «везде место» дегенді қазақшалау үшін шынында да «қай жерде де орын көп» деп шұбатып алар едік. Сондықтан бұл жерде де ассонанс көмекке келген. «Өнерлінің – өрісі кең» деп біршама дұрыс шешім тапқан. Ал біздіңше, ақыры бұлай алған соң «өнерліге өріс көп» десе тіпті дұрыс деп есептесек, онда «императордың» – «хан» болып қазақшалануын құптай алмаймыз. Біріншіден, «хан қателессе – халықтың соры» дейтін қазақтың өз мақалы бар. Сондықтан мұны аударма деп берудің реті жоқ. Екіншіден, император мен хан сөзінің мағыналық шеңбері тең емес. Бұл екі сөздің екеуінде екі халықтың тарихи шындығына байланысты сіңген айырым мағыналары кімге болса да айқын көрінеді. Оны елемеу, оны ескермеу – аудармашының біліміне дақ түсіретін қылық. Əңгімеге арқау боп отырған мақал белгілі бір тарихи оқиғаға негізделген көркем шығармада қолданылған болса, онда мұны аудару күрделі проблемалардың бірі ретінде көлденең тартылар еді. Ендеше М.Əлімбаевтың аудармашы ғалымдарды толғандыратын күрделі мəселелерді талдауға келгенде, жалтара жол тауып, жанамалап кететінін байқаймыз. Осы тəрізді «Ұшқары əзіл ұрыншақ» дегенді біз автордың өзі айтқандай «зергердің қашауы мен қырнауынан» өткен мақал деп тани алмаймыз. Қайта мұны өзімізде бұрыннан бар – «Əзіл түбі – зіл» деген баламамен берсе қайтер еді.
«Көңіл соқыр болса, көзге не амал» дегенді автор «нет ума – не помогут и глаза» деген мақалдың баламасы ретінде берген. Мұны аударғанда да ол дұрыс бағытты байқайды да, барар жерін бағдарлай алмай қалған. Егер «көкірегің көр болса, құр көзіңнен пайда жоқ» десе де, біршамаға келер ме еді деп ойлаймыз.
Біздің топшылауымызша, автор келтірген мына бір қағиданың қажеті жоқ еді. Сөзбе-сөз келтірейік: «Аударылатын шығарманың рухына жақындай түсуі үшін, түпнұсқадан алыстай түсу керек» дейтін қағиданың дұрыстығына мақал-мəтелдерді аударғанда да көзіміз жетті». Оның бұлай дейтін себебі – «өзге тіл тұтқынында» қалмай, «туған тіл теңізі айдынында еркін жүзу». Ал сол туған тіл теңізін шарлататын не жəне не үшін шарлайсыз? Өзге тіл құдіретін білдірерлік элементтерді өз тіліңнен табу үшін шарлайсыз. Сонда негізгі мақсат тұтқында болу емес, бұлай тілді безеудің қисыны жоқ, мақалдың мəнін-мағынасын, ондағы сиқырлы бейнелеу тəсілдерін ана тіліне барынша дəл, барынша адал жеткізу мақсат. Мұнда кісі аттары кездесетін мақалмəтелдерді аудару мəселесі де сөз болады. Автор кісі аттарын түпнұсқадағы күйінше алмай қазақыландырып, яғни ана тілде бар есімдермен ауыстырып алған жөн деп кесіп айтқан. Əркім өз пікірін өрбітуге хақы бар. Бірақ зерттеуші болған соң өзге пікірлердің де төркінін баққан жөн. Кісі аттарын аудару-аудармау жөнінде С.Талжанов, Ə.Сатыбалдиев сияқты ғалымдардың дəйекті пікірлері бар. Олар кісі аттарын өзгертпеу керек дегенді айтады. Аударма тарихы беттерін ақтарыңқырап қарасақ, бір кездерде ондай есімдердің неше түрлі Аллаберді, Қарынбай, Қайырғали боп берілгенін білеміз. Собакеевичтердің – Итбаевтар болып, Ноздревтардың – Тұмсықовтар боп берілгенін қазір күле қарап оқимыз. Бұлар əрбір кезеңнің өз белгілері. Енді оған қайта оралу аударма мəдениетін кері кетіру боп саналмақ. Платон мен Лұқпан хакімді қалайша айыра алмаймыз. Сол Платонды бұрынғыша Аплатон дейтін болсақ, ұшықиырына жетпейтін былыққа еніп кетер едік.
Əйтсе де, бұл жерде де сол есімдердің табиғатын ажырату қажет. Яғни туыс тілдер мен туыс емес тілдер кісі аттарының аударылғыштығы екі түрлі. Туыс емес тілдердегі кісі аттарын аударуға болмайды, оларды сол күйінде алу қажет. Əйтпесе ұлттық ерекшелік дегеніміздің ең басты белгілерін жойып аламыз. Ал тұрмысы, тірлігі бір, тілі туыс түркі сияқты халықтардың туындыларын бірінен-біріне аударғанда кейбір фонетикалық өзгешеліктерді ескермеуге де болатын тəрізді. Біз кісі аттарына байланысты айтып отырмыз. Оның себебі көптеген кісі аттары белгілі бір мағынаға ие. Əр тілдегі ондай кісі аттары сол тілдің фонетикалық тонын киеді. Сол есімдерді сол күйінде алатын болсақ, еріксіз езу тартқызатын күйге ұшыраймыз. Оқушы бəріне түсініп отырса да, тілі тұтқырланып, шығарманың оқылуы қиындамақ. Сондықтан ондай есімдердің əлгіндей дыбыстық жабдықталуын аударылатын тілдің табиғатына сай берген абзал ма дейміз. Мысалы, қырғыздарда Құлкиши деген есім бар. Мұндай есімдерді сол күйінде алсақ түпнұсқаға да, аудармаға да нұқсан келтірер едік. Түпнұсқаға дейтін себебіміз қазақ оқырманы Құлкишині өмірі бұлай оқымайды. Ол Құлкісі деп оқиды. Сондықтан мұндай мағыналық өңі екі тілге де бірдей кісі аттарын аударылатын тілдің заңдылықтарына орай берген жөн сияқты.
Зерттеушінің тағы бір көңіл қойған мəселесі – аударма кезінде сөз үнемдеудің түрлері. Қай тілден қандай тілге аударсаңыз да сөйлемнің көлемі кейде ұлғайып, кейде тарылып отыратынын байқаймыз. Тілдердің өзіндік заңдылықтарына тереңірек бойлай білмеген кейбіреулер, əлгіндей құбылысқа қарап, тілдерді бай не кедей деп бөлуге тырысады. Мəселенің байыбына бармай беделді байлам жасау зерттеушілік қасиет емес. Белгілі бір ұғымды берудегі тілдік құралдың я көп, я аздығына қарап əрбір тілдің, ең алдымен өзіне ғана тəн өзгешеліктерін, заңдылықтарын танимыз. Сол тілдегі сөздердің өзара байланысу, тіркесу қабілетін барлаймыз. Осыларды түбегейлі танып, білгеннен кейін ғана аудармаға баға беруге тырысамыз. Жоғарыдағы тасулық пен тарылу төңірегінде неше түрлі талас пікірлер болған, болып келеді жəне əлі бола бермек деп ойлаймыз. Өйткені тілдің табиғаты өте қызық құбылмалы, дамымалы болып келеді. Аударма процесі тұсындағы тілдің сан түрлі сарапқа салынуы, сан алуан құбылысқа түсуі зерттеушілерді қилы-қилы ойға жетектемек. Аудармадағы əлгіндей құбылыс М. Əлімбаев жолдасты да біраз ойларға жетектеген. Ол алдымен, «Бір тілден екінші тілге аударылғанда шығарма көлемі өсіп кететіні заңдылық деушілер де табылады» деп алады да, сол пікірге мүлде қарама-қарсы дау айтады. Түпнұсқаны қайта «шөп-шалам бостекі сөзден арылту» қажет дейді. Біз бұл пікірдің екеуін де ғылыми дəлелді пікір дей алмаймыз. Біріншіден, аударылған шығарма көлемінің өсіп кетуін заңдылыққа айналдыру мүлде қате. Шығарманың мазмұны мен табиғатына орай оның көлемі қилы-қилы болуы мүмкін. Сол мазмұнды берер тіл құралдарының əртүрлі қызметі де мұндай үзілдікесілді байлам жасауды қаламайды. Бұл пікір Мұзафар Əлімбаевтың ашып отырған жаңалығы емес. Егер Батыс Европа əдебиетінің тарихына үңілсек, бір кездерде өзге халық туындысын аударылатын тілде сөйлейтін елдің талап-талғамына бейімдеп, өңдеп аудару етек алған кезі де болған. Шекспир кейіпкерлері французға айналып жататын. Мынау пікір соның бір көрінісі. Екіншіден, М. Əлімбаевтың түпнұсқаны өңдемек болуы көптен қалыптасып келе жатқан аударма теориясының қағидаларына қайшы.
Аудармашының міндеті түпнұсқаны өңдеу емес, ондағы бар нəрсені мейлі қандай кемшілігі, тіл мүкісі болса, тіпті соларды да түгел жеткізуге тырысу емес пе. Осы күнгі адекватты аударма деп жүргеніміздің бізге қояр талабы осы. Бұл жерде аударма шығармашылық өнер болғандықтан, əлгіндей қысымға көнбейді деушілер де табылар. Əрине шығармашылық өнер екені даусыз. Осыған қарап аудармашының түпнұсқадан тыс кетіп, өзінше көсілуіне болады деу қате. Аудармашының шығармашылық еркіндігі түпнұсқаның аясында ғана болмақ. Оның еш нəрсені қосып, еш нəрсені алып тастауға хақысы жоқ. Түпнұсқада неше қилы тіл тебіреністерімен баяндалған мазмұнды, аударылған тілдің бай құралдарымен оқырманға шебер жеткізу тұсында ғана аудармашы шығармашылық өнерін сарқа пайдалануы тиіс. Аударманың қиындығының өзі осынысында. Яғни өз жанынан еш нəрсе қоспай, еш нəрсе қысқартпай, бар нəрсені бабымен беру оңай іс емес. Қазіргі кезде аудармашы ұстанатын темірқазық осы. Ал енді түпнұсқадағы кейбір сөйлемдердің сөз тіркестерінің жəне жекелеген сөздердің атқарып тұрған қызметіне орай, екінші тілде бірде артып, бірде кеміп кететіні рас. Бұған қарап жоғарыдағыдай екі түрлі теріс пікірді мақұлдайтын болсақ, аударма ғылымында арылмайтын былыққа батамыз да кетеміз.
Бұл əңгіме болып отырған кейбір мəселелер біздің көзқарасымызға оғаштау көрінгенмен, қалың оқырман үшін кітаптың бағасы айрықша. Мақалада қозғалған даулы нəрселер əсте еңбектің құнын түсіру мақсатында емес, ғылыми пікірталас ретінде ғана ұсынылып отыр. Ендеше автордың мақал-мəтел аудармасын зерттеу арқылы қазақ филология ғылымына сүбелі үлес қосқанын ашып айтқан жөн.
Фразеологизмдердің аудармасын арнайы зерттеген еңбектер өзге тілдерге қарағанда, орыс тілінде аздап болса да барырақ [57]. Диссертациялық еңбектер де, жеке монографиялық еңбектер де [58] бар. Бірақ бұлар тек фразеологизмдердің аудармасын ғана тексеріп қоймайды. Белгілі бір тілдің фразеологиялық байлығын жинақтап, олардың классификациясы, табиғаты, жұмсалу қызметі жайында ғылыми дəйектемелер жасалады. Бұлардың ішінен баса назар аударуды тілейтін пікірлердің бірі Москва ғалымы доцент А. Я. Рожанский пікірі.
А.Я. Рожанский 1948 жылы «Иностранные языки в школе» журналының 3-санында жарияланған «Идиомдар жəне олардың аудармасы» деген мақаласында көптеген ғалымдардың тұжырымдарына мүлде қарсы пікір айтқан. Жəне оның пікірлері бос даурықпа сөз емес, ғылыми деректерге негізделген салмақты пайымдаулар. Ол не дейді? Ең алдымен Рожанский идиомдардың аудармасы жайында топшылау жасаған өзіне дейінгі ғалымдардың пікірлерін ғылыми тұрғыдан алып қарастырады да, дəлелдерінің негізсіз екенін көрсетеді. Ол қандай пікірлер еді? Идиомдарды бір тілден екінші тілге аудару мүмкін емес, өйткені олардың құрамындағы сөздер өзінің бастапқы мағынасынан айырылып, дерексізденіп кеткен дейтін пікір. Мұндай пікір күні бүгін де кейбір оқымыстылардың ғылыми тезистеріне тірек болып келеді. Автор осы тəрізді пікірлердің түп төркіні шет тілі мұғалімдерінен тарағанын біледі. Рожанский идиомдарды аударуға əбден болатынын, олардың ішкі сыртқы табиғатын, яғни семантикалық құрылысын, экспрессивті ажарын айқындау арқылы дəлелдеген. Зерттеуші орыс тіліне идиомдарды аударудың нақты жолдарын ұсынады. Бірінші жолы – эквивалентті аударма. Екінші жолы – сөзбе-сөз (калька) аудару тəсілі. Үшіншсі идиомдардың мағыналық мəнін ғана беру жолы.
Аударма ғылымы теоретиктерінің бірі А.В. Федоров өзінің «Основы общей теории перевода» деген кітабында бүкіл аударма проблемасының бар мəселесін лингвистикалық тұрғыдан талдаумен қатар, оның жалпы лексикологиялық мəселелеріне де біраз тоқтайды: Бұл тараудың «Фразеологиялық құбылыс» («Фразеологические явления») деген бөлімінде идиомдарды, метафоралық тұрақты тіркестерді аударудың жолы қарастырылады. Автордың пайымдауларына қарағанда, идиоманы аудару керек, бірақ оның жолы көп емес. Жəне қай тілде болмасын идиомдар да көп емес. Олай болса бұларды аударғанда мағынасын сақтау қажет дейді. Идиомдардың негізгі қасиетінің бірі ретінде айтылатын «аударылмайтындықты» («непереводимость») негізгі нысанадан тайдыратын пиғыл деп жоққа шығарады. Идиомалардағы сөздердің жоғалған бастапқы лексикалық мағынасы тек тіл білмейтіндерді ғана тосылтады деп түсінеді ғалым. Қателіктің көбі идиомдардың компонентінен бастапқы мағыналарды іздеп əуреленуден туып жатады. Əріпқойлық дегеніміз осыдан шығады дейді. Яғни бұл ғалым да идиомдарды аударуға болады деп түйеді. Осы заманғы француз əдебиетінің орыс тіліне аударылуынан мысал келтіре отырып, идиомдардың көпшілігінің метафоралы тұрақты тіркестермен берілу себебін осыдан деп түсінеді. Сонымен А.В. Федоров идиоматиканы аударманың жалпы тілдік мəселелердің ішіндегі аса күрделісі деп қарайды.
Ал тұрақты метафоралық тіркестер дегенге автор тиянақты ойды білдіретін жеке бір сөйлем тəрізді нақыл сөздерді – мақал-мəтелдерді жатқызады. Бұларды бір тілден екінші тілге аудару мəселесін өзіндік ерекшелігі бар жеке сөздер – реалийлердің аударылуымен салыстырады. Кеңестік аударманың кейінгі онжылдық тəжірибесін талдай отырып, мақал-мəтелдер құрамындағы сөздердің заттық бейнелі мағынасын беруге болатын мысалдарды дəлел ретінде ұсынады. Мұндай жағдайда мақал-мəтелдегі əрбір сөздің лексикалық мағынасы жеткізіліп, оның үстіне ауыспалы мағынасы мен синтаксистік құрылысына дейін беруге болады екен.
А.В. Федоровтың ұсынатын екінші тəсілі – мақалмəтелдер құрамындағы кейбір сөздер бөлігінің заттық мағынасын өзгертіңкіреп беру.
Үшінші тəсіл – аударылатын тілде бұрыннан бар мақал-мəтелдерді, жалпы фразеологиялық тіркестерді балама ретінде пайдалану, мұндай тəсілмен ешқандай ұлттық өзгешелік, реалий жоқ мақал-мəтелдерді ғана беруге болады.
Осыған ұқсас пікірді, біз 1969 жылы Москвада басылып шыққан Т.Р. Левицкая мен А.М. Фитерманның кітабынан [59] да табамыз. Бұл кітап аударманың теориялық жəне практикалық мəселелерін сөз етеді. Еңбектің теориялық бөлігі үш түрлі мəселені үш тарауға бөліп қарастырған. І тарауда аударманың жалпы проблемалары: дəлме-дəлдік, əріпқойлық жəне адекватты аударма деген терминдердің мағынасы баяндалады. Соларға ғылыми тұрғыдан анықтама беріледі. ІІ тарауда ағылшын жəне орыс тілі құрылысының ерекшелігіне байланысты байқалатын аударманың негізгі грамматикалық жəне лексика-грамматикалық проблемалары талданады. Ал ІІІ тарауда аударманың лексикалық жəне лексика-стилистикалық мəселелеріне анализ жасалады. Біздің көбірек көңіл бөлген бөліміміз осы үшінші тарау.
Мұнда авторлар фразеологиялық единицалардың барлық түрлерін, атап айтқанда, фразеологиялық тізбектерді (единства), оның ішінде, əсіресе, мақалмəтелдерді жəне фразеологиялық тіркестерді (құрамындағы кейбір сөздерді алмастыруға көнбіс) түгел қарастырады. Бұлардың бəрі де аударма үшін аса күрделі мəні бар мəселелер. Осы сөз болып отырған фразеологиялық единицалардың түрлерін аударудың жолы автордың көрсетуінше мына төмендегідей:
Фразеологиялық түйдектер (тұтастықтар) басқаша айтқанда, компоненттердің о бастағы негізгі лексикалық мағынасынан туындамайтын, жеке бір ғана сөзге тең мағынаны білдіретін идиомаларды дұрыс түсініп, олардың мағынасын беру қажет. Бұлардың көбінесе ұлттық өңі болатындықтан, басқа тілдерде дəлме-дəл баламасы кез келе бермейді. Идиомаларды сөзбе-сөз аударуға болмайды. Қателік осыдан туады. Идиоманы аудару жайында авторлардың пікірлері осы тектес.
Фразеологиялық тізбектер, оның ішінде, мақалмəтелдерді аударудың мынадай үш жолы көрсетілген: Бірінші жол – мағынасы да, түрі де, яғни бейнесі саймасай келетін мақал-мəтелдер. Екінші жол бойынша тек мағынасы сақталып, соның негізінде жататын бейнесі, түрі жеткізілмей қалады. Үшінші жол бойынша мақалмəтелдердің екінші тілде баламасы болмаған күнде сипаттамалы аударма жасалады немесе аудармашы өз тарапынан мəтел жасау арқылы жеткізеді. Авторлар ұлттық қасиеті айқын көрініп тұрған мақал-мəтелдерді түпнұсқадағы мақал-мəтелдерге мағынасы жағынан қаншама дəл келсе де пайдаланудан бас тартады. Бұл түсінікті нəрсе.
Мұнда фразеологиялық тізбектердің ішінен зерттеушілер салыстырмалы қалыпта түзілген бейнелі фразеологиялық тізбектерді бөлек алып қарастырады да, оны да аударудың үш түрлі жолын ұсынады. Бірінші топқа жататындар – екі тілде де толық бейнелі сəйкестік болған жағдайда, екінші топқа – дəл сол мағынаны басқаша бейнелеуіш құралмен беру, ал үшінші топқа – орыс тілінде жоқ теңеулермен беру жатады.
Ал фразеологиялық тіркестерді (сочетания) аудару онша қиынға соқпайды, авторлардың дəлелдеуінше шынында да солай. Бұлардың құрамындағы кейбір сөздерді алмастыруға болатын еркіндікті байқаймыз. Авторлар бұл топқа – қанатты сөздерді, сілтемелерді де жатқызады. Мұнда байқалатын бір нəрсе авторлар ғылыми терминологияға жетік. Алып отырған объектіні сол терминдерге салып, соның аясында нақты əңгімелейді. Өзге ғалымдардай жалпы мəселемен шектелмейді. Сондықтан да пікірлері ғылыми дəйекті, дəлелді.
Фразеологиялық единицаларды аудару проблемасы қаншалықты күрделі мəселе екені жоғарыда келтірілген пікірлерден айқын аңғарылса керек. Егер бұларды аудару жайында XІX-XX ғасырлардағы орыс жазушылары мен кейбір ғалымдардың ойларын жалғастыра түссек, мыналарды анықтауға болады. Белгілі дəуірлердің, кезеңдердің талап-талғамына орай бұларды аударудың жолдарын əрқилы түсінгенмен, фразеологизм проблемасын көркем аударманың қажетті саласы екенін мойындайды. Ол пікірлердің біразы мына типтес: «Каждый язык имеет свои обороты, свои условленные риторические фигуры, свои усвоенные выражения, которые не могут быть переведены на другой язык соответствующимя словами» [60]; «…каждый язык имеет овои одному ему принадлежащие средства, особенности и свойства, до такой степени, что для того, чтобы передатъ верно иной образ или фразу, в переводе иногда их должно совершенно изменить» [61]. Бұл айтылған сөздерден де фразеологизмдерді бір тілден екінші тілге аудару қаншалықты қиын екені көрінеді. Əрине, ол тұста фразеологизмдерді аударудың қиындыған жазушы, оқымыстылардың бəрі де білгенмен, оларды аударудың жолдары арнайы қарастырылмаған еді.
Ал бертінірек келген сайын бұл мəселе төңірегіндегі ойлардың даму өрісін байқаймыз. Енді ғалымдар фразеологизмдерді аударудың мүмкін еместігін айтып қарап отырмай, зерттеумен шұғылдана бастайды. «…Аудармашылар үшін ең қиыны – мағыналары құрамындағы компоненттерден шықпайтын идиомалық тіркестерді дұрыс беру» [62]. Келесі бір автордың зерттеуінен мынадай пікірді оқимыз: «Қиындықтың бір парасы тілдің идиомалық табиғатында»[63]. Осы автор басқа бір мақаласында бұл пікірін дамыта түседі. Онда ол «аударылмастықтың» сырын «идиомалылықтан» көріп қарап тұрмай, оны екінші тілге берудің амалын іздестіреді. Нақты ұсыныс жасайды. «Автордың стилін дұрыс жеткізу үшін лексика-фразеологиялық құралдарды іріктеп алған жөн» [64].
Белгілі бір шығарма авторының өзіне тəн стилін жəне сол шығармада пайдаланған стильдік тəсілдердің адекват аудармасын беру үшін лексика-фразеологиялық құралдарды іріктеудің мəні айрықша, Рецкер осыны айқын түсініп отыр.
Бұларды дұрыс аударудың жазушының жеке өзіне ғана тəн стилін жəне ұлттық өзгешелігін беруге айрықша қатысы барын В.Д. Андреев те айтады: «Лексика мен фразеологияны аудару мəселесі – автордың өзіне тəн стилін жəне оның ұлттық ерекшелігін беру жолдарының қаншалықты күрделі екенін дəлелдей түседі»[65].
Белгілі тіл білімпазы Л.С. Бархударов та фразеологияны, идиоматиканы аударма теориясының проблемалық мəселелері ретінде бағалайды. Ол өзінің аударма теориясының жалпы лингвистикалық мəселелерін талдаған зерттеуінде мынадай пікір айтады: «В лексикологии данные теории перевода могут дать ценный материал при исследовании таких проблем, как общая и частная семасиология… проблемы фразеологии, идиоматики, синонимики и пр.» [66].
Демек, бұл салада жүргізілген зерттеулердің қайсысына зер салсақ та, автор стилін беруде фразеология мен идиоматиканың рөлі ерекше екенін көреміз.
Фразеологизмдерді аудару проблемасын көршілес отырған туыс республикалар ғұламалары да зерттеуде. Жоғарыда ескерткеніміздей, бұл жөнінде əзірбайжан, өзбек, түрікмен, қарақалпақ, қырғыз ғалымдары еңбектерімен танысуға болады. Бұл еңбектерге сілтеме жасалған.
Сонымен, фразеологизмдерді бір тілден екінші тілге аудару мəселесін ғалымдардың əрқилы түсінетіні байқалып отыр. Жалпы бұлардың аударылу қажеттігі жөніне келгенде пікірлері бір жерден шығып жатқанмен, оның түрлерін ажыратып, қайсысын қалай аудару керек деген мəселеде бірінен-бірі алшақтау пікір ұстанатын ғалымдарды көрдік. «Аударылғыштық» немесе «аударылмайтындық» мəселесіне келгенде зерттеушілер фразеологизмдерді екіге бөліп қарайды. Бірінші – идиомалар, яғни лингвистикалық терминологияда фразеологиялық түйдектер (тұтастықтар) деп аталып жүргендер. Екінші – фразеологиялық единицаның басқа барлық түрі, яғни мақал-мəтелдер мен фразеологиялық тіркестер т.б. Фразеологиялық единицалардың бұл екі тобының аудармасын қарастыратын пікірлерді жекежеке талдап көрелік.
Бірінші сала – идиомалар жөнінде қарама-қайшы екі пікір бар. Ғалымдардың бірсыпырасы бұларды аудару мүмкін емес деп есептейді. Өйткені бұлардың көбі ұлттық ерекшелікке тəн қасиетке ие, аударар болсақ колориті жоғалады дейді. Аударуға кедергі болатын ең басты нəрсе идиома құрамындағы сөздер мағынасының дерексізденіп, жоғалып кетуі. Ал зерттеушілердің енді бір тобы идиомаларды аудару өте қажет жəне оларды аударуға əбден болады деп есептейді. Əрине аудару тəсілдеріне келгенде бұл ғалымдардың бір-бірінен басқашалау пікір ұстанатындары да бар. Дегенмен негізгі мəселені дұрыс шешуге тырысады. Бұлар аудару қажет дегенде құрғақ сөзбен тынбай, аударма тəжірибесінен нақты мысалдар келтіріп дəлелдейді. Сонда олардың ұстанып отырған басты дəлелі идиомалардың берер негізгі мағынасы. Яғни идиомаларды жасап отырған компоненттердің жеке сөзге синоним болып келетін мағынасы. Соны беруге əбден болады дейді. Ал қайсыбір ғалымдар сол мағынаны идиома құрамындағы барлық сөздерді аудару арқылы да жеткізуге болатынын айтады. Ендеше кейде идиомалардың мазмұнын да, формасын да, тіпті грамматикалық құрылысын да беруге болатын сəттер кездеседі екен.
Бұл жөнінде біз соңғы топтағы ғалымдар пікірін қолдаймыз. Өйткені жылдар бойы жинақталып келе жатқан аударма тəжірибесін сарапқа салып қарасақ, белгілі бір халықтың тілінде өрнектелген қандай ойды болса да екінші тілге аударуға болады деп есептейміз. Маркстік ілімнің тұрғысынан қарағанда да бұл диалектикалық заңдылыққа саятын логикалық шешім.
Шындығында, идиомаларды сөзбе-сөз аударуға болмайды, өйткені оның құрамындағы сөздердің бəрі де бастапқы мағынасынан айырылған, сол себепті аударсаңыз мағынасыз бірдеңе болып шығады дейтіндерге зер салыңызшы. Бəрі дұрыс. Сонда қалай, біздің мақсатымыз идиомалардың құрамындағы əрбір жеке сөздің жоғалған мағынасын іздеу ме, жоқ əлде құрамындағы сөздердің біріне-бірі кірігіп, бір-ақ нəрсені меңзеп тұрғанын беру ме? Екінші тілге аударылмай, сол түпнұсқа тілдегі қалпының өзін қадағалап көрелікші. Біз олардың құрамындағы сөздердің бастапқы мағынасын іздеп əуре болмаймыз. Бізге керегі сол идиома сөздерінің бəрі бірігіп берер бейнелі, астарлы мағынасы.
Жалпы мынаны дұрыс түсінген жөн: идиомалар түріне, құрылысына қарағанда тіркес те, берер мағынасына қарағанда олар жеке сөзге тең, синоним типтес. Аудармашы осыны естен шығармауы тиіс. Ендеше ең алдымен бұлардың екінші тілдегі эквивалентін іздеу – өнімді тəсіл болмақ. Сонымен бірге калька жолымен келіп, қазір қалыптасып кеткен талай мысалды жоғарыда келтірдік. Тағы бір ескеретін нəрсе идиомдар компоненттерінің бастапқы мағынасы мүлде жоғалған деп кесіп айту ретсіз сияқты. Идиомалар өзінің құрамындағы сөздердің о бастағы лексикалық мағынасынан жасалмағанда қайдан шықпақ. Мағынасыз нəрседен мағыналы нəрсе қалай тумақ. Идиома дегеніңіздің қазіргі мағынасы оның құрамындағы сөздердің о бастағы мағынасынан туындап жатады. Ол сөздер заманнан заман өтіп, ғасырларды аттаған соң біртіндеп астарлы, бейнелі күйге түсе бастайды. Халық даналығы, ойлау қабілеті тіліміздегі сан алуан сөздерге бейнелі пішін беріп, белгілі бір ұғымды көркем көрсету үшін мағыналық топтар құрады. Жалғыз сөздің білдірер мағынасын бірнеше сөзбен астарлап, көркем етіп көрсету, тілімізді көрікті, көсем əрі шешен қалыпқа түсіреді. Сондықтан бұлардың аудармасын зерттегенде ең алдымен, оның құрамындағы сөздердің табиғатына зер салып, содан соң оның астарлы мағынасын беруге тырысу қажет. Бұларды екінші тілге аударуға əбден болады жəне аудару аса қажет. Əйтпесе белгілі бір халықтың рухани қазынасынан құр алақан қаламыз. Бұларды аудару арқылы өз халқының тілдік қазынасын ақтарып, қабілетін танытуға да мүмкіндік туады. Көптеген аудармашылардың аудару тəжірибесі мен зерттеуші ғалымдардың пайымдаулары осындай ой түюге итермелейді.
Ал фразеологиялық единицаның түріне жататын мақал-мəтелдер жөнінде жəне компоненттер негізгі лексикалық мағыналарын жоғалтпаған фразеологиялық тіркестер туралы мəселе идиомдардан басқашарақ. Бұлардың аудармасын əңгімелеуде көптеген ғалымдар пікірі бір жерден шығып жатады. Орыс, украин, өзбек, қырғыз, əзірбайжан, қарақалпақ, татар, башқұрт, осетин тілдеріндегі зерттеулерді саралап шыққанда, мақалмəтелдерді екінші тілге аударудың мынадай үш түрлі тəсілі қалыптаса бастағаны байқалады.
Мұнда алдымен ескеретін нəрсе мынау. Осы мақалмəтелді пайдаланып отырған халықтың өзіне ғана тəн ерекшеліктері болады. Күнделікті тұрмыстың əрқилы іс-əрекеттері, əдет-ғұрып, салт-санасы айрықша сөз орамдарымен өрнектелген ұлттық мақал-мəтелдер бар. Бұларды аударудың табиғаты идиомдарды берудің жолдарымен «ұқсас». Ол қандай жолдар екені жоғарыда көрсетілген. Бəрін жинақтап, нақты объектіге орай байланыстыра айтар болсақ, орыс тіліндегі мақал-мəтелдерді қазақ тіліне аударудың мынадай жолдары көріне бастағанын байқаймыз. Бұл жолдарды аудармашылардың біз айтқан күйде сақтауы да, сақтамауы да мүмкін. Нақты мəселеге келгенде түпнұсқа мүмкіндіктеріне орай олай да, бұлай да ауытқулар бола береді. Алайда ол ауытқулардың бəрі де біз көрсеткелі отырған тəсілдер шеңберінде болатын құбылыс. Сонымен, мақал-мəтелдерді қазақ тілінде берудің тəсілдерін мынадай үш толқа бөліп қарауға болатын сияқты.
Бірінші тəсіл. Бұл тəсіл бойынша мақал-мəтелдер құрамындағы сөздердің заттық жəне бейнелі мағынасына қоса олардың құрылыс пішінін, астарлы мəнін де толық сақтап аудару мүмкін екенін көреміз. Егер мұны кеңейтіңкіреп айтсақ, былай болып шығар еді. Мақалдың мазмұны мен формасын түгел сақтауға əбден болады. Аударма мақалдарды жəне өзіміз тəжірибе ретінде аударып байқаған мысалдарды қадағалап карағанымызда бірсыпыра жайлар анықталады. Бұл тəсілмен көптеген мақал-мəтелдер аударылған екен. Зерттеп байқағанда əлі жүздеген мақал-мəтелдерді осы тəсілге салып аударуға болатыны белгілі болды. Бұдан екі тіл заңдылықтарының ешбіріне зиян келмейтіні де дəлелденді. Қайсыбіреулері алғашқы да тосындау көрінгенмен, бара-бара қазақ тілінің қалыпты күйіне түсті. Мына мысалдар осы айтылған пікірімізді дəлелдей алады деп ойлаймыз: жақсы даудан, жаман бітім артық (худой мир лучше доброй ссоры); балықшы балықшыны алыстан көреді (рыбак рыбака видит издалека); аңшы алдынан аң жортар (на ловца и зверъ бежит); тəтті өтіріктен, ащы шындық жақсы (лучше горъкая правда, чем сладкая ложъ); қасқыр да тоқ, қой да аман (и волки сыты, и овцы целы); қасқырдан қорыққан тоғай араламас (волков боятъся – в лес не ходитъ) т.б.
Екінші тəсіл. Мұнда мақал-мəтелдің мағынасы сай келгенмен, бейнелеу тəсілі сай келмейді. Яғни мақалда айтылатын ой, мазмұн бір бейнелі сөздермен беріледі. Былайша айтқанда, бұл жағдайда мақал-мəтелдердің мазмұны сақталады да, формасына өзгеріс енгізіледі. Өйткені олардың құрамындағы кейбір компоненттердің заттық мағынасын аздап өзгертуге тура келеді. Сол себепті бұлар – аударма тілде бұрын бар, ежелден қалыптасқан мақал-мəтелдерден басқашалау болып шығуы ықтимал. Бірақ ұқсастығы болады. Мысалы, «əлдеқайдан жаңғырық, білмей қалды аңырып» (слышал звон, да не знает, где он); «қорқынышты түс болса да, рақымшыл құдай бар» (страшен сон, да милостив бог); «орманға кірген сайын, отынға молығасың» (чем далъше в лес, тем больше дров); «шындық əрқашанда жеңеді» (правда всегда берет верх); «өткелін білмей, су кешпе» (не спросясь броду, не суйся в воду); «ауыр жүкке жегілме, жегілсең – егілме» (взялся за гуж – не говори, что не дюж) т.б. толып жатқан осы тектес аудармалардан мысал тізуге болады. Қарап отырсаңыз бұл тəсілмен берілген мақал-мəтелдер де тіліміздің байлығын молайтып, икемділігін арттыратынын көреміз. Мұндағы өзгерістердің көбі аса көзге түсе қоймайды. Түпнұсқа компоненттерінің қайсібірі аударылмаған. Бірақ олардың айтпақ, білдірмек ойы басқа бейнелі сөзбен жеткізілген. Кейбір сөздер ғана қалыпты қолданыстан шығып, жаңа үйірге қосылғандықтан, кейде ретсіздеу көрінуі де мүмкін. Алайда бұл үрке қараудың əсері.
Тілдің негізгі функциясы қатынас құралы екенін ұмытпасақ, ондай-ондай жаңа қолданыс, жаңа өріссіз əдеби тіліміздің аясы кеңи алмайтыны мəлім. Ендеше тіл мəдениеті, оның баюы, дамуы дегендеріңізге осы екінші тəсіл əсері ерекше. Басқаша формадағы жаңа мақалмəтелдердің тосындау көрінуі осындай себептерден. Жаңа нəрсенің қалыпты ұғымға түсуі, сыюы қашан да қиын. Олай болса аудармашының шеберлігі деген мəселені де осы тұстан басымырақ іздестірген жөн. Өйткені, орыс тілінде ерекше сөздер тобымен бейнеленген мағынаны, екінші тілдегі басқаша бейнелі ұғым арқылы беру жеңіл нəрсе емес. Бұл жерде аудармашыға қос тілдің бүге-шігесін біліп қана қою аз, сол тілдердегі сөз байлығының ішкі мүмкіндіктерін, дамымалы-үдемелі қасиетін əр сөздің əлі аршылмаған бұқпантайлы мінезін мейлінше сезімталдықпен мүлтіксіз ұғатындай қабілет керек. Мұндай қабілетті талант немесе дарын деп те айтуға болар еді. Себебі əрбір істің, əрбір маманның өзіне лайықты, өзіне жарасымды таланты болмақ. Сөйтіп мақал-мəтелдерді аударудың бұл екінші тəсілі аударма ісінде мақызды құбылыстың бірі деп айтуға болады.
Үшінші тəсіл. Орыс мақал-мəтелдерінің көбінің қазақ тіліндегі баламасын табуға болады. Яғни тіршілік дүние, болмыс, табиғат жайындағы ортақ түсінікке орай жəне күнделікті тұрмыстық, əдет-ғұрып, салт-сананың ұқсастығына сай бірінен-бірін ажыратып алғысыз егіздің сыңарындай мақал-мəтелдерді қай халықтан да көптеп кездестіруге болатыны айқын. Осындай балама мақалдар бар болса, түпнұсқаны аударып жатудың қажеті жоқ. Бұл тəсілге салынатын мақал-мəтелдердің мағынасы мен құрылысында «мен мұндалап» тұрған ұлттық ерекшелік болмауға тиіс.
Бүкіл халықтық, яғни азаматтық ұғымды сыйымды, барлық елге ортақ мақал-мəтелдерде ғана осындай сəйкестіктер бар. Үшінші тəсілдің тағы бір ұтымды жағы сол, мұңда түпнұсқаның фразеологиялық ажары сақталады. Ал аударылуға душар болған фразеологизмнің қайсыбірінде, қанша дегенмен осы жағынан ақаулар байқалып қалатыны сөзсіз. Яғни көптеген мақал-мəтелдерді дəл аударғанда ауызекі сөйлеу тіліне тəн тірілігінен жəне афористік бояуынан, астарлы мағынасынан айырылып қалатынын байқап жүрміз. Тағы да қайталап айтамыз эквивалент болып келген мақал-мəтелдерде осы көрсетілген қасиеттің бəрі дерлік жеткізіледі.
Жалпы көрші туыс халықтардың тəжірибесінде де бұл ең сенімді тəсіл ретінде бой көрсетеді. Бұл сəйкестіктің мынадай екі түрі байқалады. Бірі: достың достығы басыңа іс түскенде танылар – друзъя познаются в беде; не ексең – соны орарсың – что посеешь, то и пожнешь; жаман əдет жұққыш келеді – дурной пример заразителен; суға кеткен тал қармайды – утопающий хватается за соломинку; асыққан қалар ұятқа – поспешишь людей насмешишъ т.б. мысалдарға қарасаңыз, бұл мақалдар мағынасы жағынан да, түрі жағынан да біріне-бірі сайма-сай келіп тұр. Ал мына мысалдардан жартылай сəйкестерді байқаймыз: қызым, саған айтам, келінім сен тыңда – кошку бъют, невестке наветки дают; жапалақты таспен ұрсаң да, тасты жапалақпен ұрсаң да жапалақ өледі – куда ни кинъ – все клин т.б. Бұларда мақалдардың мағынасы дəл сақталады.
Бұл сөз болып отырған үш тəсілдің үшеуінің де ұлттық өзгешелігі айқын көрініп тұрған мақал-мəтелдерге қатысы жоқ. Осы үш тəсілге жатпайтын фразеологизмдер бөлек қарауды тілейді. Олар белгілі бір ұлттың тек өзіне ғана тəн ерекшеліктері бар, басқа тілге аударғанда бар қасиетін жоғалтуға бейім мақал-мəтелдер. Ең қиын əрі күрделі мəселелердің бірі осы. Мұндай мақал-мəтелдерді аудару қажет пе, жоқ қажет емес пе дегенге кімнің қалай қарайтыны жоғарыда біраз талданды. Ұлттық өзгешелік дегеніңіздің өзі де бірыңғай бола бермейді. Оның əрқилы түрі бар. Бұлардың қатарына халықаралық, мифтік діни мағынада қалыптасқан фразеологизмдерді жатқызуға болады.
Біз мұндай мақал-мəтелдерді аудару қажет деп есептейміз. Бұл ойымызды біз төмендегідей жəйттермен дəлелдеуге тырысамыз. Біріншіден, аударма мəселесімен көптен айналысып, талай теориялық еңбек беріп келе жатқан айтулы ғалымдардың нақты тəжірибеден шығарған тұжырымдарына сүйенуге болады. Мəселен,

Чуковский ұлттық ерекшелігі айқын көрініп тұрған фразеологизмдерді қалайда аудару қажет деп есептейді. Себебі оқырманға керегі сол өзгешелік, соның табиғаты, болмысы, онсыз түпнұсқаның негізгі қасиетінен құралақан қалдырамыз дейді. Əбден қосылуға болады. Ұлттық өзгешелікті берген талай мысал бар. Біздің зерттеп отырған саламызда да, бұлардың əр қилы жолдары кездесетінін көрсетуге тырысамыз. Көркем шығармаларда қолданылған фразеологиялық единицалардың бəрі бірдей біз көрсеткен тəсілмен бұлжымай аударылған деп айтудан аулақпыз. Аударылған шығармалардан жиналған мысалдарды осы тəсілдерге салып көрейік. Əрине, кезінде аудармашылардың ешқайсысы да дəл осы тəсілдер бойынша аударайын деп отырмағаны белгілі. Олар ең алдымен қал-қадарынша оқырманға түсінікті болу жағын көздеген. Бұл бірінші шарт. Ал түсінікті ету үшін тілді білген жөн, білген емес-ау оның барлық элементтерін жұтып жіберіп түпнұсқа аясында қалағанынша шарықтай алуы қажет.

Өмірзақ Айтпайұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *