Т.НҰРТАЗИН АУДАРМАЛАРЫНДАҒЫ ДИАЛОГТЫҢ РОЛІ

Т.НҰРТАЗИН АУДАРМАЛАРЫНДАҒЫ ДИАЛОГТЫҢ РОЛІ

Рахметова Б.А.
Арқалық қаласы,
Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты

Орыстың дәулескер қаламгері суреттейтін «Тарас Бульба» повесіндегі оқиға желісі тек қана еркіндік пен азаттықта өмір сүруді қалайтын, діндері үшін жанын қиюға даяр козактардың өмірі, іс-әрекеті негізінде өрбиді. Бір кездері атаман болып қол басқарған, қиян-кескі ұрыстардың талайын басынан өткерген, қазіргі қарт полковник Тарас бейнесін жазушы ұлттық батыр деңгейіне көтеріп, толыққанды бейне жасаған. Мінез қырларын жан-жақты көрсеткен. Олардың біразы диалогтар (диалог сөздер) арқылы берілген.
«Да он славно бьется!» говорил Бульба, остановившись. «Ей-богу, хорошо!» продолжал он, немного оправляясь: «Так, хоть бы даже и не пробовать. Добрый будет козак! Ну, здорово, сынку! почеломкаемся!» И отец с сыном стали целоваться. «Добре, сынку! Вот так колоти всякого, как меня тузил. Никому не спускай!» [1,220].
Ұзақ уақыт оқуда болып келген ұлдарымен қарт Бульба амандаспай тұрып, жұдырықтасып алады. Оларды осылай сынайды. Үлкен ұлы Андрейдің төбелесіне риза болған Тарастың көңілі орнына түсіп, жас балаша қуанады.
Қарттың қуанған сәтін көрсететін бұл үзінді де сәтті аударылған.
«- Жұдырыққа жақсы екен өзі! — деді Бульба тоқтай қалып.
— Оллаһи, жақсы! — деді ол, тағы да киімін жөндеп: — Тіпті сынап көрудің де керегі жоқ екен. Алғыр козак болады! Жарайсың, ұлым! Кел, сүйіселік! — Сөйтіп, әкесі мен баласы сүйісе бастады.
— Жарайсың, ұлым! Кімді болса да мені төмпештегеніңдей төмпештеп бақ. Ешкімге ақыңды жіберме!» [2,6].
Ары қарай: — «Не слушай, сынку, матери: она баба, она ничего не знает.
Какая вам нежба? Ваша нежба — чистое поле да добрый конь: вот наша нежба! А видите вот эту саблю? Вот ваша матерь! Это все дрянь, чем набивают головы ваши: и академия, и все те книжки, буквари, и философия, все это ка зна що, я плевать на все это! …» [1,220].
Бірбеткей адуын батырдың ұлына айтқан бұл сөздерін аудармашы былай тәржімалайды: «- Шешеңнің сөзін тыңдама, ұлым: қатын ғой ол, ешнәрсені де білмейді. Сендерге неғылған еркелік? Сендерді – жазық дала мен жақсы ат еркелетсін: сендерді еркелететін, міне, сол! Мына қылышты көрдіңдер ме? Аналарың, міне, осы! Әлгі бастарыңды қатырып жүргендеріңнің бәрі түкке тұрмайды; академияң да, әлгі бір кітаптарың да, әліппелерің де, философияң да түгел бір былшыл, соларыңның бәріне мен пысқырмаймын да!» [2,7].
Ұлдарын қауіпті сапарға жібергісі келмей жыламсыраған кемпірін Бульба сөйлетпей, тиып тастайды.
Орысшасы: «Полно, полно выть, старуха! Козак не на то, чтобы возиться с бабами. Ты бы спрятала их обоих себе под юбки, да и сидела бы на них, как на куриных яйцах» [1,220].
«- Жетер, жетер осы ұлығаның, кемпір! Козак қатынмен әуре болып жүру үшін жаралған жоқ. Сенің еркіңе салса, екі баланы етегіңнің астына тығып, жұмыртқа басқан тауықтай отырар едің» [2,7].
Аудармаларда келтірілген қарт козактың сөздері халық аузында айтылып, көркем шығармаларда кездесіп жүрген «қатын жолда, бала белде» дейтін қазақ батырларының мінезін еске түсіргендей. Негізі көптеген кесек туындыларды дүниеге келтірген Гогольден аудармашының «Тарас Бульбаны» таңдап алуында мән бар. Повестегі азаттықты, еркіндікті аңсау, тәуелсіздік жолындағы күрес мәселесі, осы жолда «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқының өткенін еске салады. Тәуелсіздік жолында басын өлімге тіккен Тарас тағдыры, заманы басқа демесеңіз Тұрар тағдырымен («Тұрардың анты») ұқсас.
Көркем шығарманың құндылығы қашанда көркем бейнемен тығыз байланысты. Қандай көркем шығарма болмасын, ондағы өмір шындығы адам бейнесімен ашылады. Ал, бейне жасаудың, кейіпкер мінезін көрсетудің бір сыры диалог арқылы іске асады. Аударма теориясына байланысты көптеген құнды пікірлер айтқан М.Әуезовтің «Аударма жөніндегі ой-пікірлердің екінші бір ақауы – тәуір аудармалардың, тіпті жалпы аударманың тек бірбеткей көлеңке жақтарын, сұрқай пішіндерін ғана байқайтындығымыздан туады. Аударманың жетістік жақтарын көрмеу немесе оны бағаламау бүкіл аударма теориясының игі және нәтижелі қасиеттеріне нұқсан келтіреді» [3,299] деген пікірін ескере отырып, Т.Нұртазин аудармаларындағы сәтті тәржімаланған көркем диалогтардан да бірер мысал келтірелік:
Түпнұсқада:
«-… Позвольте ваше имя – отчество?
— Раиса Карповна
— Так, Раиса Карповна, что же вы тятеньку имеете?
— Нет, ни тятеньки, ни маменьки нету, померли.
— Что же, стало быть, вы у родственников изволите жить? — Н-нет … Я не здешняя — Приезжие?
— Епифанская … Из Епифани…
-Да –да – да … И что же теперича вы здесь при месте?
…Девица промолчала.
-Или в услужении?
-Н-нет … Я … Да вы заругаетесь!
-Ах! Что это вы? Как же я смею? Неужели ж этакое свинство позволю?
-Я … Господина капитана Бурцева знаете?
-… Это которые полком тут стоят?
-Они.
-Ну – с?
-Ну, я при них …
-То есть как же это: по хозяйству? …
-Нет … Я, собственно …Как они проезжали, и видят – я сирота … «Поедем», говорят … Ну я, конечно …
-Да – да – да … Что ж? дело доброе. -Вот вы надсмехаетесь!…
-Чем же с? … Даже ни-ни.
«Э-э-э! — подумал Порфирыч, — вот она птица-то!» и замолчал.
… — Помилуйте, из-за чего же горькие? Будьте так добры…обозначьте!
-Они уезжают: капитан – то…
-Н-ну-с. Что же? И господь с ними…
-Хотели меня замуж выдать, да кто меня возьмет?
-Как кто? Конечне, ежели будет от них помощь… -они дают деньгами … -Много ли?
-Полторы тысячи …
У Порфирыча захватило дух.
-Ка –как? … Пол-лтар-ры … Вы изволите говорить — полторы?
-Да … Перед венцом деньги.
-Раиса Карповна, — проговорил Порфирыч … — Верно ли это?
-Это верно.
-Я приду – с … К господину капитану . .. Приду – с!
-Голубчик! Вы надсмехаетесь?
-Провались я на сем месте… Завтра же приду!
-Ах, миленький .. Обманываете вы … Я какая … Вы не захотите.
-Да я скорей издохну … Деньги перед венцом?
-Да, да … уж и как же бы хорошо … не обманете?
-Ах! … Раиса Карповна! … Да что же я после этого? …
-Голубчик!… [4,172]

Аударма:
«-… Атыңызды, әкеңіздің атын білуге рұқсат етерсіз?
— Раиса Карповна.
— Хош, Раиса Карповна, қалай әкеңіз бар ма?
— Жоқ, әкем де, шешем де жоқ, өліп қалған.
— Енді қалай, туыстарыңыздың қолында тұрасыз ба?
— Ж-жоқ … мен бұл жердікі емеспін.
— Бір жақтан келіп пе едіңіз?
— Епифандықпын, Епифаниядан келгем…
— Со-ол-лай деңіз … Енді не, мұнда … қызметтесіз бе? Қыз үндемеді.
— Біреудің үйінде жүрсіз бе?
— Ж-жоқ … Мен … Айтсам – сіз балағаттайсыз? …
— Япырау! Ол не дегеніңіз? Ұрысуға менің аузым бара ма? Не қылмайсың деп өйтіп шошқалық істеймін?
— Мен … Капитан Бурцев мырзаны білесіз бе?
— Әлгі, осында полкімен тұрған ба? — Сол — Хош!
— Сол, мен соның қолындамын
— Сонда қалай: шаруасын істеймісіз? …
— Ж-жоқ … мен, шынында … ол біздің жердің үстімен өтіп бара жатты, сөйтіп менің жетім екенімді көрді… «Бізбен жүр», — деді… Сонымен мен, әрине … — Со -ол -ай де… Несі бар? Әбден дұрыс .
— Міне, сіз күлкі ете бастадыңыз!
— Қашан күлкі еттім? … Тіпті ойлағаным да жоқ.
«Ә-ә-ә! – деп ойлады Порфирыч. – Сен сабазым осындай құс екенсің ғой!» — ол қайтып тіл қатпады.
… — Кешіріңіз сонша неге күйінесіз? Тәңірі жарылқасын…Айтыңызшы!
— Кеткелі жатыр: әлгі капитан кетеді …
-Мейлі қайтер дейсіз ? Кетсе кете берсін …
— Күйеуге бергісі келіп еді, бірақ мені кім ала қойсын? — Алмайтын несі бар? Тек капитан жәрдем көрсетсе … — Ол ақшалай бермек. — Көп бере ме ?
— мың жарым…
Профирыч тұтығып, демін ала алмай қалды.
-Не – не де-ей-сі-із … Мың жарым …Сіз мың жарым дедіңіз бе?
-Я … Ақшаны некелесуге кірерде бермек.
— Раиса Карповна, — деді Порфирыч. – Шын айтасыз ба?
— шын айтам…
— мен барам … капитан мырзаға … барам!
— Көгершінім, сіз сықақ қыласыз ба?
— Тіпті осы арады жер жұтсын … күні ертең барам!
— Ой, қадірлім … Алдайсыз ғой … Мен қай бір оңып тұрған жанмын…Маған үйлене қоймассыз …
-Сізді алмасам өліп кетейін … Ақшасы некеге енерде ғой?
— Я, я … Қандай жақсы болар еді … Алдап кетпейсіз ғой?…
— Ой! … Раиса Карповна! … Мені сонша кім дейсіз?… [5,225]
— Көгершінім! …
Г.Успенскийдің «Растеряев көшесінің мінез-құлқы» әңгімесінен алынған Т.Нұртазин аудармасындағы бұл ұзақтау диалог кейбір олқылықтарына қарамай сәтті шыққан. Үзіндідегі кейбір сөйлемдердің орны ауысса да, кейде олардың құрылысы өзгерсе де, «и как они проезжали» деген сөйлем «ол біздің жердің үстімен өтіп бара жатты» деп аударылса да көркемдік шындыққа нұқсан келмеген, түпнұсқадағы мағына өз қалпын сақтаған. Әйтеуір ақшасы бар әйел болса болды, үйленгісі келіп жүрген Порфирычке капитанның ашынасы Раиса жолығады. Раисаны алатын адамға капитан ақша қосып бермекші. Раиса күйеуге тисе болды, қандай адам екені есеп емес. Тілегі бір жерден шыққан екеудің танысуынан, табысуына дейінгі кезең диалогта түгелдей көрініс тапқан. Аудармадағы кейіпкер сөздері олардың ішкі ойқұлқынан хабар беріп мінез қырларын аша түскен. «Диалогты аударғандағы бір қиындық — диалогте сол сөзді сөйлеп тұрған кісінің мінезі тұрады, қуаныш, реніші, күйініш-сүйініші жатады. Диалогты аударғанда белгілі бір кейіпкер сол сөзді қандай халде айтты, оның көңіл күйі не күйде еді, — міне осы жайттарды есте мықтап ұстаған жөн» [6,334], — дейді З.Қабдолов. Аудармашы осы талаптың өресінен шыға білген.
Құлқынын ақша тексен Порфирычтың капитанмен кездесіп, сөз байласқаннан кейін де көңілі орнына түспейді. Бақта қыдырып жүріп те қалыңдығына ақша мәселесін тағы да пысықтап қояды.
Түпнұсқада: «- … не забывал присовокупить:
— Так уж сделайте милость, чтобы это было верно,- перед венцом — то! [4,175]».
Аударма:
— Әйтеуір ескере көріңіз, некелесер алдында дегені айнымай орындалатын болсын! — деп ұмытпай құлақ қағыс та қылып қойды» [5,228].
Аударма жасағанда тәржімашы түпнұсқадағы кейіпкерлердің ішкі жан дүниесін бүкіл болмысымен сезінуі тиіс. Ол үшін «Түпнұсқа авторы сияқты, аудармашы да сөз өнеріне жетік, ізденімпаз, өзіне қатаң талап қоя алатын қаламгер болуға тиіс» [7,163]. Сонда ғана аударма оқырман талабына жауап бере алары анық.

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Гоголь Н.В. Повести-Москва-Ленинград: ГосИздХудЛит, 1951.-544 с.
2. Гоголь Н.В. Тарас Бульба — Алматы: Жалын, 1982. — 136 бет.
3. Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. 14-том — Алматы: Жазушы, 1983.-376 бет.
4. Успенский Г.И. Собрание сочинений в 9-и т; т.3, — Москва: ГосИздХудЛит, 1955. — 544 с.
5. Успенский Г.И. Әңгімелер мен очерктер — Алматы: МемКөркӘд, 1954.
— 228 бет.
6. Қабдолов З. Жебе — Алматы: Жазушы, 1977. — 380 бет.
7. Қаратаев М. Эпостан эпопеяға -Алматы: Жазушы, 1969.-444 бет

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *