ТІЛДІК (ТҰРАҚТЫ) ЖƏНЕ ПОЭТИКАЛЫҚ (ЕРКІН) ПЕРИФРАЗДАР
Сөйтіп перифраз дегеніміз – кем дегенде екі сөзден тұратын бір заттың, процестің, құбылыстың суреттемелі атауы болып табылатындықтан, көп жағдайда келтірінді мағынаны білдіретін ерекше сөз тіркесі екені белгілі болды. Осы тұжырымды ойды берік сақтай отырып, перифраздық сөз тіркесінің лингвистикалық табиғатына үңіліп, оның басқа троптармен байланысын, қарымқатынасын ескере келе жəне бізден бұрынғы зерттеулерге (А.Григорьевна, Н.Н.Синельникова) де сүйеніп, перифраздарды тілдік (тұрақты) жəне поэтикалық (еркін) перифраздар деп екіге бөліп қарастыруды дұрыс деп таптық.
Күнделікті сөйлеу мен жазу тəжірибесінде көптеген жаңа сөз тіркестері, соның ішінде перифраздар да пайда болып жатады. Олардың кейбіреулері жиі қолданылудың салдарынан тұрақтанып фразоелогизмдік мағынаға ие болады да, келе-келе тілдік (узуалдық) перифраздарға айналады. Ал сөйлеу (речь) процесінде пайда болған перифраздардың көпшілігі дерлік еркін (окказионалдық) перифраздар ретінде қалып қояды.
Енді біраз мысалдарға талдау жасап көрелік.
Қалтырады отарба,
Болды безек дөңгелек (І. Ж.).
Ақ бикешті майға салып жесе, жақсы болар еді (Диал.),
Ақ таяғын артына қыстырып, сиыр өргізетін Байбол отағасы да көрінбейді (Ж. А.).
Ел аузында, ескі көз қарттар арасында атақты сері Ақан жайлы айтылып жүрген таңдай қақтырып, көзге жас шақыратын талай əңгімелер бар («Қаз. əдеб.»).
Нағашы атасы, ауылдың кəрі көз, кəнігі диқан – Өтеке сияқты ақсақалдар күріш еккен кезде, Орынкүл əлі жұмысқа араласа қоймаған (9-шы шежіре).
Орманда түн ішінде жол білмесең Мерт болмай өту қиын аман-есен (С.С.).
О да құдай пендесі,
Түспей кетер деймісің
Тəңірінің құрған тезіне (Абай).
Тап ортамнан Қарағанды кең қайнаған, Таусылмас қара алтыным жер бойлаған.
Өрбіген қалың байлығы Қарағанды,
Болады деп бұрын мұндай кім ойлаған? (Қаз. сов. əнд.).
Əкей болса марқұм болып кетті (Ж. А.).
Бірінен-бірі бөлек пе, Иемнің əділ бендесі (Абай).
Осы мысалдардағы асты сызылған тіркестер тілдік (тұрақты) перифраздар болып табылады. Бұл перифраздар тілде жиі қолданылудың арқасында тұрақтанып, узуалдық сипатқа ие болған.
Егер құрылысына көз жүгіртетін болсақ, онда мынаны аңғарамыз: «ақ бикеш», «кəрі көз», «қара алтын», «ескі көз» сөз тіркестері «сын есім + зат есім» моделі (бұл модель ең көп тараған түрі) бойынша жасаланып, мағынасы келтірінді мəнді білдіріп тұр. Ал «отағасы», «отарба», «құдай пендесі», «иемнің пендесі» деген перифраздар «зат есім + зат есім» моделімен жасалынып, алғашқы келтірінді мəні солғындап, номинациялық қызмет атқаруға ауысқан. Ал «мерт болмай», «марқұм болып кетті» тіркестері «етістік + көмекші ет. бол + афф.» моделімен жасалынып, белгілі бір процесті суреттейтін етістікті перифраздар болып табылады. Бұл тіркестердің бəрі тұрақты, семантикасы келтірінді мағынада.
Табиғаттың бал бөбегі,
Ойнап көктің бұлтын ашып,
Боз ат мінген таң келеді
Ала тозаң бұрқыратып (С. Мəуленов).
. . .Арғымақтай жалбыр жалын сілкініп, Көл бетінен көшеді жай жылысып (Сонда).
Пай, пай, пай неткен өлең гүрілдеген Безілдеген сырлы шектер дірілдеген (Сонда).
Наданның көңілін басып тұр, Қараңғылық пердесі (Абай).
Жамылып жасыл барқыт асыл құндыз
Түрленген тоты құстай тау көркем (І. Ж.).
Көктемнің желі жұлқынып,
Жыртылып қыстың көйлегі
Бұлттарын айдап бұрқырап,
Күркіреп аспан сөйледі (С. Мəуленов).
Əуенің тиірмені түнде жүріп,
Тастады ақ ұлпаға жерді көміп (І. Ж.).
Жиырма тоғызы міне апрельдің Көк торғын жамылғаны қара жердің . . .
Киініп ағаштар да жасыл тонын
Жоғалған жер жүзінен қысқы көрік (І. Ж.).
Сарыарқасы солқылдап,
Балхаш, Арал толқындап, Жер желіні иіп тұр (Сонда).
Михнатты, былғанышты жерге түсіп, Кіршіксіз аппақ таза болдың перде (С.С.).
Сұлудай толып бұралған,
Жібекке жасыл оранған (Сонда).
Дер едің еріген бал бар мінезі, Жылы жел ескен – тəтті сөзі (Сонда).
Жоғарыда келтірілген сөз тіркестері – ақынның өзіндік қолтаңбалары. Əр ақын, əр шешен өзінің өмірге көзқарасына, оның жан-дүниесіне, тіл байлығына қарай, əр затқа, құбылысқа суреттемелі, көркем ат береді. Осыған орай күнделікті сөйлеу практикасында еркін перифраздар тілде көптеп пайда болып жатады. Еркін (поэтикалық) перифраздар көркем шығармаға көтеріңкі əсер, бейнелі сипат беріп тұрады.
С. Мəуленовтың күнді «бал бөбек», толқынды «жалбыр жал», домбырына «сырлы шек» деуі əрі көркем, əрі бейнелі. Бұлардың құрылысы тұрақты тілдік перифраздармен бірдей, бір-бірінен ешбір айырмасы жоқ.
«Бал бөбек», «жалбыр жал», «сырлы шек», «ақ ұлпа», «көк торғын» перифразды – «сын есім + зат есім» моделі бойынша жасалған. «Күркіреп аспан сөйлейді», «жасыл жібекке оранған», «жасыл тонын киініп», «бал мінезі еріген», «жазғы жел ескен» перифраздары – «сын есім + зат есім етістік» моделі бойынша жасалған етістікті перифраздар. Бұлардың бəрі де келтірінді
мағынада жұмсалып, шығарма тілін бейнелей, көркемдей түскен.
Тұрақты (тілдік) перифраздармен мен еркін (поэтикалық) перифраздардың құрылысы бірдей болады деген біздің жоғарыдағы пікірімізді осы мысалдар толығымен дəлелдейді. Бұлардың семантикасында да айырмашылық жоқ. Екеуі де бір затқа, яғни құбылысқа суреттемелі бейнелі ат қояды. Яғни қарапайым ұғым айшықты, өрнекті мəнге ие болады. Демек, бұл екеуінің айырмашылығы олардың қолдану мүмкіндігі мен аясында ғана, яғни олардың узуалдық жəне окказионалдық сипатында ғана.