САЯСИ ДИСКУРСТАҒЫ ТІЛДІК ТОЛЕРАНТТЫЛЫҚ

САЯСИ ДИСКУРСТАҒЫ ТІЛДІК ТОЛЕРАНТТЫЛЫҚ

Жұманова Г.Ж., Шаймерденова Н.Ж.
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті

Әлемдік геосаясат жалпы адамзаттық ауқымда, немесе бірнеше мемлекет аясында, тіпті бір мемлекеттің ішкі өмір сүру ахуалына қатысты, яғни саяси дискурс тұрғысында қазіргі кезеңде «толеранттылық» ұғымы ХХІ ғасырда жиі қолданыла бастады. Қазақстан Республикасында мемлекетті құрушы ұлт қазақтармен қатар, өзге де жүздеген диаспора өкілдері тұратындығын, кейінгі кезеңде айналада болып жатқан түрлі шиеленісті жағдайлардың алдын алу тұрғысында да «толеранттылық» ұғымының мәні біздің жас тәуелсіз мемлекетіміз үшін маңызы аса зор болып отыр. Осы тұрғыда ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев былай деп атап көрсеткен болатын: «Біз өзіміздің жиырма жылдық тәуелсіздігімізде бірлігімізге сызат түсірмей, ымыра-бірлікте өмір сүрдік. Алдағы уақытта да осы бетімізден қайтпайтын боламыз. Біз көпұлтты халықпыз және осыны мақтан етеміз. Осы уақыт аралығында 130 ұлт өкілдері діни қақтығыстар, ұлттық және өзге де шиеленіскен себептер кезінде бейбіт ғұмыр кешуде. Біздің қазақтың толеранттығы, түсіністікпен шыдамдылығы – бірліктің бастауы»[1]. Демек, Қазақстан Республикасының ішкі бірлігі – ел дамуының басты факторларының бірі. Саяси сауаттылық таныта отырып, еліміздегі тілдік ахуалды талас пен тартыстың көзіне айналдырмаудың қажеттілігін барынша сезінгендейміз.
Ендеше дискурс дегеніміздің өзі әлеуметтік және мәдени институттар қалыптастыратын, ағымдық сөйлеу болып табылатындығын, оның қызметінің уақытпен байланысты екендігін ескере отырып, «толеранттылық» ұғымның тілдік ахуалға қатысты қырларын алып қарастырмас бұрын, қазіргі таңда саяси мәтіндік қолданыс жиілігі арта түскен бұл терминінің анықтамасын қарастыралық.
«Толеранттылық (лат. tolerantia – төзімділік, көнбістік) – басқа ойға, көзқарасқа, наным-сенімге, іс-әрекетке, әдет-ғұрыпқа, сезім-күйге, идеяларға төзімділік, жұмсақтық көрсете білу қасиеті. Толеранттылық – адам құқығы мен бостандығы, плюрализммен қатар негізі демократиялық принциптердің бірі болып есептеледі. Толеранттылық – қоғамның жалпы және саяси мәдениетінің деңгейінің көрсеткіші» [2]. Бұдан өзге де көптеген анықтамалардың барлығының басын біріктіргенде «толеранттылық» ұғымы ауқымында мынадай ортақ сипаттарды көреміз:
Біріншіден, толеранттылық эгоизм мен этноцентризмге қарама-қарсы үдеріс болып табылады.
Екіншіден, толеранттылық – өзінен өзгелерге деген ұстамдылық пен төзімділікке негізделеді.
Үшіншіден, толеранттылық ізгілікке жетелейтін жолдың бастауы болып есептеледі.
Төртіншіден, толеранттылық пен оны сезіну өлшемі дәстүрлі мәдениеттің құрамдас бөлігі болып табылады. Бұл әсіресе, Ұлы дала мәдениетін сақтаушы қазақ халқы тұрғысында айқын танылатындығын дәлелдеу қиын емес.
Біз аталған ұғымның лингвистикалық аспектілерін қарастыра отырып, толеранттылықтың қазақ халқының қанында бар, дәстүрлі ұғым екендігіне көз жеткізетін боламыз. Бұл тұрғыда бізге қазақ халқының бай сөздік қоры, тілдік қолданысы көмекке келеді.
Тілімізде толеранттылықтың алуан сипаттары – ұлтымыздың сабырлылығын, мәрттігін танытады. Мысалы: «Таспен атқанды, аспен ат», «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш», «Жақсы адамның ашуы – шәйі орамал кепкенше, жаман адамның ашуы – қараңғы көрге кіргенше», «Сол қолыңа оң қолың арашашы болсын» т.б. мақал-мәтелдерде қазақ қоғамының төзімділік, ұстамдылық, кешірімділік қасиеттеріне деген көзқарасы жатыр. Толеранттылық дегеннің өзі өз-өзіне ие болу, сезімге тым беріліп кетпей салқынқанды болу, өзін мазақ-күлкіге айналдырушы, тіпті қорлауға дейін барушылық жағдай орын алған кездерде дұрыс жол таба білу сияқты кең ауқымды қамтитындықтан, мұны индивид шеңберінде де, мемлекет кеңістігінде де алып қарастыруға болады. Мысалы, қазақстандық қоғам тек қазақтардан ғана тұрмайтындығын, әлемдік өркениетке тек өзіндік дара сипаттарды дамыта отырып оқшауланумен ғана жетпейтінімізді ескергеніміз жөн болмақ. «Өзге елдерді қор көре отырып өз елін артық санау мүмкін емес. Сол себепті мен үш тұғырлы тіл туралы айтамын. Қазақстан мемлекеттік тілді игеруі керек. Орыс тілі – көрші еліміздің ана тілі және БҰҰ-ның алты тілінің бірі. Осы тіл арқылы әлемдік мәдениет пен әдебиетке жеткенімізді мойындауымыз керек. Бұл тілді де ұмытуымызға болмайды. Әр тіл – адамзаттың байлығы»[2], — деген болатын Елбасы Н.Ә.Назарбаев. Бұл дегеніміз – жас мемлекетіміздің іргесі берік болуы, ана тіліміздің қоғам өміріндегі қатысымдылығын әлі де болса лайықты деңгейге көтеру үшін толеранттылықты сақтауымыз қажет болады деген сөз. Толеранттылықтың осы мағынадағы сипатына қатысты мынадай айтылымдары келтіруге болады: «Асықпаған арбамен жүріп қоянға жетеді», «Сабыр түбі – сары алтын», «Сабырлы жетер мұратқа, Сабырсыз қалар ұятқа».
Саяси этномәдениет құндылықтары жүйесіндегі толеранттылықтың бір сипаты «қайырымдылық, бауырмалдық» болып табылады. ХХ ғасырдағы түрлі зұлматтар салдарынан жер аударылған сан жүздеген ұлттың баласына пана болған қазақ халқына бұл ұғымдар етене десек жарасады. «Жақсылыққа жақсылық – ердің ісі», «адамзаттың бәрін сүй «бауырым деп» (Абай) деген қазақ өз ұрпағына «қайырымды бол», «үлкеннің ақылын тыңда, кішіге қамқор бол» деп үйреткендігі – нағыз толеранттылықтың көрінісі болатын.
Қазақ халқының саяси толеранттылығына шетсіз-шексіз Ұлы даладағы мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан өмір сүру тәртібімен қатар, хак дініміз исламның да әсері бар. Қасиетті «Құран кәрімде» сабырдың маңызы көп аяттармен білдірілген: «Сабыр еткендерге сияпаттар есепсіз беріледі.» (Зүмәр 10), «Ей иман келтіргендер, Алладан сабыр және намазбен жәрдем тілеңдер. Аллатағала әлбетте сабыр еткендермен бірге.» (Бақара 153) «Ей Расулым, кәпірлердің берген азаптарына улулазм пайғамбарлары сияқты сабыр ет!» (Ахкаф 35)[3]. Сабыр, төзім туралы хадис шәрифтерде де жиі кездеседі:«Иманы ең үстем адам – сабырлы, жомарт және төзімді болғандар.» (Дәйләми), «Жаман көршісінен келген қиыншылықтарға өлгенге дейін сабыр еткен адамды Алла тағала жақсы көреді.» (Хаким) [3].
Сонымен қатар қазақ халқының саяси ахуал дискурсындағы толеранттылық ұғымында сабырлылық, төзімділікпен қатар, мақаламыздың басында айтып өтілген эгоизмге, сыртқы, ішкі күштердің іріткісі мен зорлығына деген қарсылық қалып күйі де көрініс тапқандығын атап көрсеткен дұрыс. «Еңкейгенге еңкей, әкеңнен қалған құл емес, шалқайғанға шалқай – пайғамбардың ұлы емес», — деп өзгелер қалай сый-құрмет білдірсе, сен де сол деңгейде оған қарым-қатынас жаса десе, «Бұға берсең – сұға береді», «Ауыл үйдің иті қасқыр көргенде бірігер», «бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» деп ішкі бірлікті нықтауды меңзейді. Толеранттылық – бұл жергілікті халықтың басқа ұлт өкілдеріне және басқа діндегі адамдарға түсіністікпен қарап, оларды қудаламауының белгісі дейтін болсақ, жалпы толеранттылықтың өзі өркениетті қоғамға тән құбылыс. Мұндай қасиет тұтас ұлттың басына бір күнде орнай салмайтыны белгілі. Бұл – халықтың сана-сезімінің, дәстүрінің, рухани байлығының кемелденгенінің айқын көрінісі десек болады. Осы тұрғыдан алып қарасақ, Қазақстандағы қоғамдық қарым-қатынастардың белгілі бір дәрежеге көтерілгенін байқаймыз. Мемлекетті құрушы ұлт пен құраушы этностар арасындағы ара қатынас қазақтың мына мақалдары арқылы көрініс табады: «Кімнің жерін жерлесең – соның сөзін сөйлейсің».
Жерін жерлеп, суын ішіп отырып, өзгеше қылық шығаратындарға қазақ халқы «Шаңыраққа қара!», — деп жайымен ескертеді. Өйткені – шаңырақ отбасының, мемлекеттің символы, намысының қазығы. Жалпы писхологиялық аспектімен алып қарастырғанда «толеранттылықтың да» шегі бар. Мұны қазақ «шыдамның да шегі бар» деп шегелеп атап көрсетеді. Шыдамдылық, төзімділік таусылған сәтте мемлекет ішінде бей-берекеттік жағдай орын алып жататыны белгілі. Мұндайға көбінесе әкеліп тірейтін этноцентризм, шовинизм, сеператизм сияқты жағымсыз қоғамдық ахуалдарға қазақ «ерден ердің, елден елдің артықтығы жоқ», «асқанға тосқан», «ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымас», «көптен бөлінген – көмусіз қалар» десе, өз елінің өмір сүру ғұрпын, стандарттарын өзгеге күштеп таңғысы келушілік жайлы «әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа», «құс көлінде, дуадақ шөлінде» деп әрбір адамның, ұлттың өзіне жарасымды қалыппен өмір сүруін жақтайды. Ал өзін ұмытып, өзгеге еліктеу де төзімділіктің белгісі емес. Ондайды «қарға қаз болам деп аяғын үсітіпті», «итке темір не керек», «көтермес шоқпарды беліңе байлама» дейді. Қазақ халқының философиялық ойлау жүйесі, танымы мен талғамы оның бай да образды тілінде жатыр.
Қазіргі Қазақстан қоғамына полиэтникалық және мәдени плюрализм тән және осы тұрғыда мәдениетаралық, ұлтаралық сипаттағы алмасулар жүріліп жатқандығын көреміз және бұлардың бәрі тілдік толеранттылық ауқымында қамтылған деп қорытындылауға болады.Қазақстан әлемдік қауымдастықтың құрамдас бөлігі ретінде әлемдік лингвистикалық жаһанданудан құтылуы да мүмкін емес. «Әлемде жарыққа шығатын 10 млн кітаптың 85%-ы ағылшын тілінде шығады. Ғылым, даму, ақпаратты технология – барлығы да ағылшын тілінде етек жаюда. Қазақстанда 3500 шет елдік компания жұмыс істейді. Олармен біз ағылшынша сөйлесеміз, осы тіл арқылы өндіріс күшімізді көтереміз»[1.
Алдағы уақытта толеранттылық біздің халқымыздың күнделікті өмірінің дағдысына, дәстүрінде берік орын алумен қатар, толерантты қоғам арқылы ұлттық болмысымызды жойып алмауға баса мән берген де дұрыс деп білеміз. Қайта керісінше толерантты қоғамды пайдаланып тілдік, ұлттық басымдылыққа жетудің жолдарын қарастыру арқылы ғана біз болашақта «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыра алатын боламыз.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2013 жылы 29 қарашада «Болашақ» халықаралық стипендиясының мерейтойлық форумында сөйлеген сөзі. srategy2050.kz.
2. Мәдениеттану: жоғарғы оқу орнындары мен колледж студенттеріне арналған оқулық. Алматы: «Раритет», 2005.– 416 бет.
3. Сабыр туралы сүрелер мен хадистер. «Ислам діні» порталы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *