ПЕРИФРАЗДЫҢ ТІЛДІК ТАБИҒАТЫ

ПЕРИФРАЗДЫҢ ТІЛДІК ТАБИҒАТЫ
Өрбітілген біраз пікір бар болғанымен, перифраздың тілдік табиғаты, оның лингвистикалық статусы əлі күнге шейін толық шешімін тапқан жоқ.
Перифраз дегеніміз – затқа, құбылылысқа, процеске суреттемелі түрде ат қою. Перифраз – лингвистикалық единица. Себебі біріншіден, ол міндетті түрде тұрақты сөз тіркесінен болады, екіншіден, оның семантикасы келтірінді (коннотативті) мағынада жұмсалады. Сөзді перифрастикалық мағынада қолданғанда, заттың тек жеке бір айрықша белгісі ғана алынады да, басқалары ескерілмейді. Үшіншіден, тілде бұрыннан қолданылып келе жатқан узуалды (тұрақтанған) перифраздар бар да, көркем шығармаға тəн жеке авторлық еркін (оказионалдық) перифраз бар. Алғашқысын жалпы тілдік, соңғысын стильдік құбылысқа жатқызамыз. Перифраздың өзіне тəн бір ерекшелігі – тура мағынадағы сөздердің тіркесі арқылы екінші бір жаңа ұғымды суреттеуі. Бұл жағынан ол басқа көркемдеу, бейнелеу тəсілдірімен – метафора, метонимия, синекдоха, табу т.б. мағына жағынан ұштасып жатады. Айталық, бір заттың екінше бір затпен өзара функциялық ұқсастығы да перифраздық сөзге мəн беруге негіз бола алады. Сондай-ақ, перифраз тура мағынадағы бір сөзбен я белгілі бір сөз тіркесімен берілетін ұғымды бірнеше сөздер арқылы сипаттап суреттейді. Мысалы, бидай, мақта, жол деген ұғымды ақындар былайша перифраздаған.
Қырманда алтын, қызыл маржан,
Жайнайды жаратылыс берген сыйдай (С.С.).
Ағылып паравоздар бірде тынбай,
Тасыған алтын астық, көмір мұнай . . .
Тау, тасты көктеп өткен жаңа жолдар Жерімнің бейне күре тамырындай (Ж. М.).
Қарағай, қайың, тал, терек, Тамылжыған ну алтын.
Ақ мамықтай мақтасын, Ақықтайын ақ алтын (Ə. К.).
«Қызыл алтын», «қызыл маржан», «алтын астық» дегендер бидайдың перифраздық атауы болса, «ақ алтын» тіркесі – мақтаның, ал «күретамыр» – жолдың перифраздық атауы. Бұл тіркестер үнемі, жиі қолданудың арқасында құлаққа үйреншікті узуалды перифраздық қолданысқа айналып кеткен. Олардың жалпы мағынасы контексте айқындала түседі.
Далаға жайып көк жібек, Өзен болып өзі мөлдіреп, Гүл болып өзі мөлдіреп,
Көктем сұлу келеді,
Құшағын жайып елжіреп
(С. Мəуленов).
Жауыны жауып, жасылы
Жарқылдайды – жаз кепті (І. Ж.).
Құйылып гүлдерге
Айдан саулап аппақ сүт (С. Мəуленов).
Көп болды еркін желмен асыр салып Көңілдің ұшпағалы көк дөнені (С. Мəуленов).
Бұл «көк жібек», «жасылы жарқылдайды», «аппақ сүт», «көңілдің көк денені» сөз тіркестері шөпке,
154
жапыраққа ай сəулесін, көңіл күйге суреттемелі ат қойып, метафоралық перифраздар жасаланып тұр.
Жан-жануар ұлы анасы –
Төсі сүтті қара жер,
Жас босанып буланады Төсін ашып ағып тер (С.С.).
Жердің аппақ төсегі –
Жаңа жауған жатыр қар (С. Мəуленов).
Əуенің диірмені түнде жүріп,
Тастады ақ ұлпаға жерді көміп (І. Ж.).
Жарқ етіп аспанында көк семсері,
Көктемнің басын шайып өтсе селі (С. Мəуленов).
Келеді алтын сағат көтеріліп,
Бастауға кең əлемінің жұмыс күнін (сонда),
Дағдылы қараңғы түн қырандары,
Көптерді түнделетіп алып жүрді (С.С.),
Ортамызда отыр Сəкен – Ақындардың аққуы (С. Мəуленов).
Бұл асты сызылған сөз тіркестері «ұлы ана» бейнелі түрде жерді сипаттап тұр, логикалық тұрғыда «ұлы ана» екені рас. Ал қардың – «ақ ұлпа», «жердің аппақ төсегі» екеніне, ойлап қарасақ, таласы жоқ, бұл да логикалық тұрғыда дұрыс сипаттама. Осы тіркестердің бəрі де коннотативтік метафоралық перифраздар. Перифраз жасау үшін заттың, құбылыстың бір қасиетіне сүйену қажет. Бұл сөз тіркестері жеке автордың өз тіліне ғана тəн болғандықтан, окказионалды перифраздар болады. Ал ақ ұлпа, алтын сағат, түн қырандары коннотативті сөз тіркестері еркін перифраздан тұрақты перифразға айналып, узуалдық типте қолданылып жүр.
Қорыта келгенде перифраздың құрылымы – тұрақты сөз тіркесінен: екі мүшелі жəне көп мүшелі немесе сөйлем түрінде болады. Мағынасы келтірінді, ауыс коннотативті мағынада (метафоралық, метонимиялық, синекдохалық, табу) қолданылады. Үшіншіден, тіркестер эмоционалды-экспрессивті сипатта болады. Мазмұны бейнелі, əсерлі келеді.

Өмірзақ Айтпайұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *