ПЕРИФРАЗДЫҢ СЕМАНТИКАЛЫҚ ТИПТЕРІ

ПЕРИФРАЗДЫҢ СЕМАНТИКАЛЫҚ ТИПТЕРІ
Перифраз дегеніміз – затты, процесті, құбылысты өз атымен атамай, басқаша атау дедік. Əрі соның негізінде сол заттың, процестің, құбылыстың ең негізгі бір қасиетін келтіріңді мағынада қолдана отырып, образды түрде сипаттау, анықтау. Сөйтіп, біз бұдан былай перифраз дегенімізді процестің, құбылыстың, заттың бір қасиетін келтіріңді мағынада көркемдеп, əсерлеп жеткізу деп білеміз.
Сол мағыналарының ауысып, келтірінді мағынада жұмсалынуы тек перифраз арқылы емес, əр түрлі тəсілдер арқылы да іске асады. Ол бірде метафора мен метономия тəсілі арқылы болса, бірде синекдоха тəсілдері арқылы жасалып жатады. Ал кей жағдайда перифраз эвфемизм мен табу тəсілдері арқылы да түрленетінін байқаймыз. Бұл жайында Л.Н.Синельникова «В перифразе могут быть использованы такие тропы, как метафора: (Ах, увял головы моей куст» Есенин; метонимия «Все флаги в гости будут к нам» (Пушкин); синекдоха («Когда для смертного умолкнет шумный день» (Пушкин). Разновидности перифраз – эвфемизм и табу» деген пікір айтады [217]. Енді осы тəсілдердің əрқайсысына тоқталып өтейік.
МЕТАФОРАЛЫҚ ПЕРИФРАЗДАР
Метафоралау – тіл-тілдің бəрінде жиі кездесетін сөзқолданыстың үнемді түрі. Əрбір нақты тілдің сөздік құрамындағы ауыс мағыналы сөздердің өздеріне тəн ерекшеліктері болады. Олар сол ұлттық тілде кейбір өзіндік сөз жасам қасиеттерін сақтайды. Мұндайда құрылымы əртүрлі тілдердің табиғатына ұқыпты қараған жөн. Өйткені бұлардың көбінде бір ұғым өзінің тура (номинативті) мағынасымен қатар метафоралық болмысын да сақтайды. Тіл-тілдің мұндай сөз түрлендіргіш қасиеті сəйкес келе бермейтіні бар. Ал ондай сəйкестілігі көбінесе семантикалық калька арқылы айқындалады. Сонда метафора дегеніміздің өзі не? Зерттеушілер мұны былай түсіндіреді. «Өзара ортақ түртүсте, сырт формасына қарай байырғы тіл қорындағы сөз мағынасының ауыстырылып қолданылуын метафора дейміз» [121]. Сөздің метафоралық қызметі, оның қолданыс түрлері сөйлеу тілімен ауыз əдебиеті үлгілерінен де, сондай-ақ жазба көркем əдебиет стилінен де айқын аңғарылады.
Метафора жөніндегі зерттеулер орыс жəне басқа тілдерде əсіресе поэзияға, көркем шығармаларға байланысты өте көп. Соңғы жылдары жеке жазушыларға тəн сөздердің метафоралық мағынада қолданылу жолдары да ғылым объектісі болып жүр. Мұнда – метафора тек жазушылар шығармаларындағы əдебиеттік тəсіл, стиль тұрғысында ғана зерттелмей, көркем шығармада қолданылатын метафоралардың тілдіклингвистикалық аспектіде қаралуы аз да болса ескерілген. Мысалы, тілші ғалым Б.Хасановтың «Қазақ тілінде сөздердің метафоралық қолданылуы» атты кандидаттық диссертацисы арнайы осы тұрғыда жазылған. Бұл еңбекте негізінен қазақ поэзиясы тіліндегі сөздердің метафоралық мағынада қолдану жолдары, оның түрлері сөз болады. Метафоралы сөздердің қолданыстағы табиғатын біршама ашып берген бұл зерттеудің негізгі бағытын құптауға татырлық. Осы еңбектегі «Метафоралық тіркес» деген тарауды біз метафоралық перифраз дер едік. Метафораға байланысты кейбір пікірлер Б.Манасбаевтың «Сəбит Мұқановтың поэзия тілі» (1961), Р.Барлыбаевтың «Сөз мағыналарының тарылуы мен кеңеюі» (1963), М.Жақыпбековтың «Жамбыл шығармаларындағы сөздердің жəне фразеологиялық тіркестердің стильдік ыңғайында қолданылуы» (1955) сияқты диссертациялық еңбектерінде де орын алған.
Жалпы қазақ тіліндегі сөздердің ауыспалы келтірінді мағынада қолданылуы оның негізгі түрлері, яғни троптар (метафора, метаномия, синекдоха т.б.) жөнінде қазақ лингвист ғалымдарының: Ғ.Мұсабаевтың, І.Кеңесбаевтың. К.Ахановтың, Ə.Қайдаровтың, Ə.Болғанбаевтың, т.б. еңбектерінде де жəне жоғарғы оқу орындарына арналған «Қазақ тілі» оқулықтарында да қысқаша мəліметтер берілген.
Бірақ бұл еңбектердің бір де бірінде метафора мен перифраздардың өзара жақын, ұқсас белгілері туралы сөз болмайды. Салыстыра қарағанда метафора мен перифраздың сол сияқты түрлі троптардың бір-біріне ұқсас белгілері айқын аңғарылады. Жəне бұл троптардың бəрі де қолданыста көркемдегіш қызметін атқарады. Яғни метафора мен перифразды бейнелегіш тəсілдердің бір түрі деп түсінген жөн. Кейбір метафораны тар мағынада алған ғалымдарымыз өз еңбектерінде оны троптың басқа түрлерімен шатастырып ала береді. Бұл ретте, Ж. Вандриестің «Язык» деген еңбегіне зер салған мақұл. Метафораны тар мағынада қарастырған ғалымымыз проф. Қ. Жұмалиев троптың əр түрінің өзара қоян-қолтық жақындығын, кей реттерде оларды ажыратуға болмайтындығын атап көрсетіп отырған.
Біздің ойымызша, метафора мен перифразды бір деп қарауға болмайды. Метафораның ең басты ерекшелігі – бейнелігі, ойды бейнелеп жеткізетіндігі. Бірақ бейнелілік қасиет метафора біткеннің бəрінде бірдей бола бермейді. Мысалы, қазіргі əдеби тіліміздегі қызыл бұрыш атауының ығымен жасалған қызыл отау да – метафоралық тіркес. Мұнда қызыл қарын, терең сыр, қиял мекені сөз орамдарындағыдай бейнелілік, поэтикалық астар жоқ. Ал перифраздарда бейнелілік қасиет үнемі болады. Онда образдылық, көркемдік мүлде жоғалмайды. Бұл перифраздың ең үлкен ерекшелігі. Осыған орай, басқаша айтқанда, троптың басқа түрлері сияқты, перифраз да метафора тудыратын өнімді тəсілдердің бірі. Анықтап айтсақ, ең алдымен перифраз болады да содан барып семантикалық мағынасына қарай басқа троптарға бөлініп кетеді. Бұған төмендегідей мысалдар дəлел:
Ыдысысың параның
Қотара құйса толмайтын (XVIII – XIX ғ.).
Айталық əңгіменің жібін үзбей,
Əйтпесе тыңдаушымыз кетер жеріп (І. Ж.).
Адамның бурасына адам батып, Батылдық күресуге етер де емес (Сонда).
Көсемі көш алдында басшы болып, Бақыттың жайлауына қонған тұсы (Сонда).
Қызықтың айдынына құлаш ұрып, Армансыз қаздай қалқып қудай жүзген
(Сонда).
Тарихтың таңы атпастан ерте жасап,
Талайды қазақ түгіл көшірген тас (Сонда).
Даналықтың нұрлы шамы сөнді ғой (Сонда).
Тіршіліктің перделерін ашады (С.С.).
Ғайша жайын сырттан сөз қылушы қызыл ауыздар бар еді (М. Ə.).
Ақбота болса, жылқышылардың қызыл кеңірдек болып ұғындыра алмаған ойын бір сөзбен-ақ түсіндірер еді (М. Д.).
Жан сарайының тереңінде жатқан, кім көрінгенге айтыла бермейтін небір құпия сырларын ақтара салғысы келді (С. О.).
Талаптың мініп тұлпарын, Тас қияға өрледің (Абай).
Мына «ыдысысың параның», «əңгіменің жібі», «адамның бурасы», «бақыттың жайлауы», «қызықтың айдыны», «тарихтың таңы», «даналықтың шамы», «тіршіліктің пердесі», «жан сарайы», «талаптың мініп тұлпарын» тəрізді асты сызылған сөз тіркестері нағыз перифраздар деп ойлаймыз. Адам баласының тойымсыздығын, парақорлығын – «ыдысысың параның» үлкен, толымсыз ыдысқа теңеп, рахат, тыныш өмірді жайлауға – «бақыттың жайлауы» деп перифраздап айту да кез келген ақынның қаламына сай нəрсе емес. Жаңа өмірге келу немесе тіршілік есігін ашуды да «тіршілік пердесін ашу» деп перифраздау да сөз бедерінің тамаша түрі.
Адамның ішкі дүниесінің өзі де бір жатқан сарай емес пе, осыны «жан сарайы» деудің өзі қандай əсерлі. Міне, бұл да сөзді перифразданудың жарасымды үлгісі. Я, болмаса, кісінің талабының зор екендігін тұлпарға теңеп, «талаптың мініп тұлпарын» деп перифраздап отыр. Осы келтірілген тіркестердің бəрінің де лингвистикалық табиғатына бойлай отырып, олардың лексика-семантикалық мəніне үңіле түсіп, біз мұны метафоралық перифраздар деп атадық.
Бітпейді ішімде
Ғашықтық жарасы (Абай).
Сұм өмір сенен кəəусер ішем деп ем
Тұрмыс тонын өзімше пішем деп едім (С. М.).
Алтайдың Қайсар ойын отыр сезіп, Ол-дағы ой сарайын тартты (Сонда).
Бұлттарын айдап бұрқыратып,
Күркіреп аспан сөйледі (С. Мəуленов).
Əйелдің мен бір шолпанын көрдім (Ж. А.).
Ала кестелі жібекке оранып, жасарған қара жер қызыл күннің көктем күліп тұрған алтын нұрына балқып, рахаттанған денесін төсеп, жас босанған, қалжасы жаққан келіншекке жадырап көсіліп жатқан тəрізді (С.С.).
Мына «тұрмыс тонын пішу» тұрақты сөз тіркесі, негізінде «өз ойынша өмір сүру» деген сөз ғой. Шындығында, өмір сүру үшін алға қойылған мақсат, жоспар өзінше бір тон пішкенмен бірдей. Осыны автор бейнелеп «тон пішу» деп отыр. Немесе «күркіреп аспан сөйлейді» аспандағы найзағайдың күркіреуі ол да өзінше аспанның сөйлеуі іспетті. Бұл да жақсы табылған образды теңеу немесе перифраз. Басқа мысалдарды да осы ретпен беруге болады.
Мұндай метафоралық перифраздар сөйлеу тілінде көркем шығармаларда, мақал-мəтелдерде, жұмбақтарда, басқа да фольклорлық шығармаларда кеңінен қолданылады. Демек, көп жағдайда перифраз бен метафора бір-бірімен байланыста болып, бір-бірімен астасып жатады. Кейде бұлардың бірінен бірін айыру қиынға түсуі мүмкін. Бір ескеретін жай мынау: мұндай құбылыс екі не онан да көп мүшелі метафораларға тəн болады.
МЕТОНИМИЯЛЫҚ ПЕРИФРАЗДАР
Əдетте метафора мен метонимия өзара ұқсас келеді. Бірақ бұл екеуі бір құбылыс емес. Сөздің метонимиялық мағынасы жазба əдебиеттен гөрі көбінесе сөйлеу тілінен жиірек кездеседі. Мысалы: «Жақында үйімді көшіріп алдым» дегенде, үй дегенді дəлірек айтқанда, үй ішін көшіріп алу болып шығады. Осы мысалға қарап, кейбір заттар, не құбылыстар кеңістіктегі өзара байланыстылығында, мекендік қарым-қатынасына ір-гелес-шектестігіне қарай бірінің орнына екіншісі, яғни бірі екіншісінің атауымен аталып кетеді. Метонимияда метафорадағы тəрізді – заттардың өзара ұқсастығы емес, ол заттардың орын ерекшелігі, өзара қатынастығы, байланысы ескерілуі тиіс. Метафоралық мағына мен метонимиялық перифраздардың ең басты айырмашылығы осында.
Лингвистикалық əдебиеттерде, əсіресе қазақ тіл білімінде, метонимияға арналған толық зерттеулер жоқтың қасы. Тек Л. Нұржекееваның «Метонимияның лингвистикалық табиғаты» атты диссертациясы жəне жоғарыда айтылып кеткен профессорлар Ғ. Мұсабаев, Ə.Қайдаров, Р.Сыздықова, Ə. Хасенов, З. Ахметов, Т. Қоңыров, Р. Барлыбаев, Б. Хасанов, Қ. Мұхамеджанов, жəне басқалардың метонимия жөнінде айтқан бірліжарым пікірлерін ғана атап өтуге болады. Метонимия грек тілінің («переименование») «атын өзгерту, қайта ат қою» деген сөзі бойынша жасалған термин. Сонымен, бір заттың немесе құбылыстың атауының екінші затқа не құбылысқа олардың заттардың не құбылыстың өзара іргелестігі, шектестігі негізінде атау болып ауысуы жəне осыған орай сөздің ауыспалы мағынада жұмсалуы метонимия деп аталады.
Ал сөзді басқа сөзбен келтірінді мағынада атау, əрине перифраз. Демек, метонимия мен перифраздың да, айтып кеткеніміздей, тегі бір болып шықты. Сөз тіркесінің келтірінді мағынасы перифраз болады да, содан барып метонимияға бөлінеді. Бұл жайында Б.В. Томашевскийдің «Стилистика» деп аталатын кітабында «Когда развивают метонимию, получается то, что носит название перифраз (от греческого слова peгiphrazo – пересказ)» – деген [225]. Негізінде метонимия да, перифраз да тілде барлық уақытта бірге жүрген, бірақ та олар белгілі бір уақытқа, əдеби мектепке тəн болады. Əсіресе олар жай сөздерді поэтикалық сөз емес деп санаған уақытқа сай еді. Сондықтан да тілге поэтикалық əсер, нəр беру үшін, көптеген ақын-жазушыларымыз əртүрлі басқаша айту, бейнелі түрде сипаттау құралдарына жүгінген. Метофора мен метонимия сөз мағынасын басқаша айтудың ең басты түрлері.
«Перифраза строится на принципе развернутой метонимии» [193]. Енді мына мысалдарға қарап көрелік:
Токионың нақ сонда
Төбе шашы тік тұрды (К. А.).
Еңсесі кеткен еңкейіп
Ескілік енді өлер ме (Сонда).
Біреуі болмасам да көп мықтының,
Өткірлеп өлең соқтым өжет тілмен,
Құя алман үгітілген балшық өлең,
Көңілімде көл жасаман тамшыменен
Жығылды жауыздықтың таж бен тағы (К. А.).
Кимешектер кітап оқып, Малма тұмақ мылтық алды.
Жалба шекпен жауға аттанды, Жер түрленіп, ел шаттанды (І. Ж.).
Бір кездегі ауқатты үйлердің қора-мүлкі қиқайыпсиқайып қалыпты (Ж. Аймауытов).
Елдегі байлардың, жуан атаның нашарға істеген қиянатын, зорлығын газетке жазып, күштілермен ұстасып жүретін (Сонда).
Нашар кісілер бір үйде жатқан тəуір болар еді деп əлділеріне аударуға саясат қылып көріп еді, əлділер үйлерімізде жас əйел бар деген дəлелдерді келтіріп, жеңіп кетті (Сонда).
Қатын, тұр, аяқ жуғыз, қымыз құй мына кісіге, – дей бастады (Сонда).
Мына сөз тіркестеріндегі «Токионың төбе шашы тік тұрды» деген тіркесте, шындап келсе, Токионың төбе шашы тік тұрып тұрған жоқ, əрі Токио дегеніміз де бір қала емес, сол қаланың тұрғындары, автор Токио тұрғындарының қатты үрейі ұшқанын осы тіркеспен перифраздап, көркемдеп оқырман қауымға əсірелеп жеткізіп отыр. Ал мына тіркестерге қараңызшы, бай, жағдайы бар кісіні бірде «ауқатты үй», бірде «жуан ата» немесе «əлді» деген образды синонимдермен алмастырып берген. Шындығында, байдың ауқатты болатындығы да, сондықтан жуан, əлді болатындығы да рас. Ал кедей керісінше «малма тұмақ» деп оның сыртқы пішініне, өңі кеткен киіміне қарап айтып отыр. Бұл мысалдарда айтылар ойды тікелей өз аттарымен атамай, оны келтірінді мағынада көркемдеп, əсерлеп, метонимикалық перифразбен беріп отыр. Бұл екеуінің айырмасы мен ұқсас белгілерін осыдан-ақ аңғаруға болады.
СИНЕКДОХАЛЫҚ ПЕРИФРАЗДАР
Сөздердің келтірінді мағынада қолданылатын ерекше түрлерінің бірі – синекдоха. Бүтіннің орнына бөлшекті, жалпының орнына жалқыны (дараны), үлкеннің орнына кішіні қолданудың негізінде сөз мағынасының ауысуы синекдоха деп аталады [197].
Егер бүтіннің орнына бөлшек, жалпының орнына жалқы қолданылатын болса, онда сөз мағынасы кеңиді. Синекдоха қолданылу ауқымына (сферасына) қарай метафорадан гөрі сөздердің метонимиялық қолданылуына жақын. Сондықтан кейбір əдебиеттерде синекдоханы метонимияның ерекше түрі деп те атап жүр. Негізінде метонимия мен синекдоханы өзара ерекшеліктеріне қарай ажыратқан дұрыс [234].
Синекдохаға тəн негізгі белгі – ауыспалы мағынада қолданылған сөздердің сандық қатынас негізінде, бүтіннің орнына бөлшек, бөлшектің орнына бүтін, жалпының орнына жалқы я керісінше бір сөздің екінші сөз мағынасында, келтірінді мағынасында қолданылуы. Синекдохаға жататын сөздер сөздік құрамда жиі кездесетін жалпы халыққа түсінікті қарапайым сөздерден жасала береді. Мысалы: «Бұл дудар басты өзім де жаңа көріп тұрмын» дегенде «дудар бас» шын мəнінде адам туралы айтылып тұр. Жеке бір атауды осылай синекдохалық мағынада жұмсауда коммуникативтік функциядан гөрі, эстетикалық бояу, стильдік мақсат басым тұрады. Метафора мен метонимия тəрізді синекдоха да көркем əдебиеттегі бейнелеу, көріктеу тəсілінің бірі. Олай болса, синекдоха да алдыңғылар сияқты перифразға жақын мəселенің бірі.
Құнанбай өз басы шешеден жалғыз, бəйбішенің жалғызы. Қара шаңырақ иесі (М. Ə.)
Кейін осы өсек еріккен қызыл ауыздың бірін кернеп кеткен уақытта … (Сонда).
Қартқожаға да бір төрт сирақ табылды (Ж. А.).
Алғашқы мысалдарда «қара шаңырақ» үй деген ұғымды білдіріп тұр. Мұндағы қара сын есімі үй сөзінің анықтауышы ретінде, үлкен деген мағынаны білдіріп, келтірінді мағынада тұр. Немесе «төрт сирақ» орындық дегенді жалқының орнына жалпыны алып, оның төрт аяғы барына қарай келтірінді мағынада көркемдеп «төрт сирақ» деп алып отыр. Синекдоханың перифразға жақын тұратыны сондықтан.
ЭВФЕМИСТІК ПЕРИФРАЗДАР
Эвфемизм термині лингвистикада семасиология мəселелеріне байланысты қолданылады. Эвфемизм грек тілінде – eupho – «сыпайы сөйлеймін» деген сөзінен жасалған термин.
Эвфемизм қай тілдің болсын сөздік құрамында кездеседі. Олар тілдік əдептілікті, мəдениетті сөйлеуді білдіреді. Эвфемизмге дөрекі, жағымсыз сөздерді сыпайылап сөйлеу тəсілі де жатады. Мұндайда сөздер ерекше эмоционалдық мəнге ие болады. Қазіргі қазақ тілі сөздік құрамында эвфемизмге жататын сөздер тобы көп. Бұл жөнінде Ə.Ахметовтың [118] еңбегінен басқа арнайы еңбек болмаған, кейбір лингвистердің еңбектерінде жанамалай ғана сөз болып жүрді.
Эвфемизмнің лексика-семантикалық қолдану мүмкіншілігі жан-жақты. Эвфемизм басқа троптармен – метафора мен метонимиямен де тығыз байланысты. Эвфемизм де басқа троптар сияқты сөзге мəнерлілік, көркемділік сипат береді. Бұл əсіресе сөздерге эмоционалдық мəн беру үшін де қолданылатын сөз саптау əдісіне жатады.
Жалпы түркі тілінде эвфемизм, негізінен, əдет-ғұрыпқа, мəдениетке байланысты сыпайылықты білдіру үшін қолданылатын тарихи құбылыс. Түркі тілінде эвфемизм əйелдер тілінде түрлі əдет-ғұрыпқа (ұялу, үлкенді сыйлау т.б.) жəне діни наным-сенімге байланысты əйелдердің сөйлеу мəдениетіне қойылған түрлі талаптарға сай жиі қолданылған. Бұл жағынан алып қарағанда, эвфемизмдік сөздер табу құбылысына жақын, бірақ олардың өзара айырмашылығы бар. Эвфемизм табу сияқты үрейленуден туған соқыр сенімге негізделмейді, сыпайыгершілік пен əдептілікке негізделеді. Қазіргі кездердегі қолданылып жүрген эвфемизмдер өскелең халқымыздың бүгінгі таңдағы қалыптасқан этикалық жəне эстетикалық нормаларының күнделікті көріністері деп есептеледі, – дейді проф. Ə.Болғанбаев [136]. Сондықтан табу мен эвфемизмді бір-бірімен шатастыруға болмайды. Екеуі екі мақсаттан шыққан.
Эвфемизм тек ауызекі тілде, сөйлеу тілінде ғана қолданылмайды. Эвфемизм, əсіресе, дипломаттар, ізетті кісілер сөздерінде көп ұшырасады. Олар «айтып отырғаныңыз өтірік» деуді ерсі көріп, «сөзіңіз онша шындыққа жанаспайды» т.б. етіп сөйлеуге тырысады.
Жоғарыда айтқанымыздай, эвфемизм метафора, метонимия, табумен тығыз байланыста болса, оның перифразға қатысы болмауы мүмкін емес. Ең алғаш перифраз пайда болады да, сосын барып троптың əр түрлері пайда болатыны жөнінде айтылды. Əдетте, перифраз деп заттың өз атын тура атамай, оны басқа сөздер арқылы сипаттай түсіндіруді айтамыз ғой. Мəселен, Ленинград деудің орнына – революция бесігі (колыбель революции), не Нева үстіндегі қала (Город на Неве), Англия деудің орнына – тұманды Альбион (туманный Альбион) деу де перифразға айқын мысал. Алайда бұл сияқты перифраздың бəрі эвфемизм бола бермейді. Эвфемистік перифраздың қолданылуы, мақсаты мен атқаратын қызметі мүлде басқа. Ол мағынасы суық немесе айтуға, жазуға өрескел саналатын, тіпті кейде қағаз беті де көтере алмайтын дөрекі сөздерді майдалап, тігісін барынша жатыстырып, келтірінді мағынада айту. «Частным случаем перифраза является эвфемизм – описательное выражение «низких» или «запретных» понятий «нечистый» вместо «черт» [231].
. . . Өзі залым закүншік Танып алды талайды.
Көрмей тұрып құсамын
Темір көзді сарайды (Абай).
Көзге де, ауызға да қызығы жоқ,
Қызығы – үзілгені бос жүргенше (Абай).
Елің – ала,
Отты жала,
Тайса аяғың, кім көнбек? (Абай).
Халық ағасы Төребай – Ақырын істің оңғарсын,
Сыныпты бұтақ теректен (Базар жырау).
Орамды тілді ауыздым,
Ақылға жүйрік маңыздым, Көп жасамай тез кетіп,
Көзімнің жасын ағыздың (Абай).
Жиырма жеті жасында Абдірахман көз жұмды.
Сəулең болса басыңда
Кімді көрдің бұл сынды (Абай).
Соның да тілін алмадың
Сабадың, сөктің, қарғадың
Көріне қашан кіргенше (Шəкəрім).
Мына мысалдарға көңіл бөлелікші. «Сыныпты бұтақ теректен» деп Төребайға баласының өлгенін тікелей бірден айта салмай, оны жаман хабардың жағымдысы жоқ, əйтсе де, аз да болса жұмсартып, құлаққа естіртуге жағымдылау етіп, перифразбен жеткізіп отыр. Қарап отырсаңыз, адам өсіп тұрған терек те, ал бұтақтары оның балалары емес пе?!. Немесе адамның өмірден аттануын «көзін мəңгілік жұмды» я «қызығы үзілді» деп айтылған.
Бұл сөз тіркестерінің бəрі əрі перифраз, əрі эвфемизм. Олардың қай-қайсысы болсын эвфемистік мағына тудырып тұр. Олардың тасасында тұрған суықтау, ыңғайсыздау ұғымдардың бəрін саралап жатудың қежеті шамалы деп ойлаймыз.
Тағы бір айта кететін жағдай эвфемизмдер тура (номинативті) мағынада қолданылатын мəнерлі, сыпайылықты білдіретін синоним сөздермен беріледі. Бұл жайында келесі бөлімде сөз етеміз.
СИНОНИМДІК ПЕРИФРАЗДАР
Тіл байлығының бір көрінісі – оның синонимдерінде. Тіл-тілде синонимдер дара сөз де, тиянақты тіркес те болып келеді.
«Өскелең бай тілдің басты белгілерінің бірі – синонимді сөздер. Тіл-тілдің өсіп, көркеюі үшін, бай əдеби тілі боп жетілуі үшін синонимика категориясының айрықша маңызы бар» (Нұртазин Т.). Сөздік құрамда тура мағынада қолданылатын сөздердің көптеген синонимдері болады. Олар синонимдік сөздіктерде беріледі. «Белгілі бір ұғымды білдіретін мəндес сөздердің топтарын синонимдік қатар дейміз» (Нұртазин Т.). Синонимдердің ішінде негізгі номинативті мағынада қолданылатын түрлері мен сол мағынаны білдіру үшін синонимдік қатар құрып тұрған екінші бір абстрактілі ауыс мағынадағы сөздерді де кездестіреміз. Əрине, олар əр уақытта кең қолданылады. Оның себебі тілде семантика жағынан бірдей жəне эмоционалды болуы мен əсері жағынан абсолютті тепе-тең екі сөздің болатындығы айқындалмаған. Ал енді ондай синонимдер бар болса, олар міндетті түрде не семантикалық, не стилистикалық дифференцияға ұшырайды. Сонымен, синоним сөздер əр басқа ұғымды емес, бір ұғымды əртүрлі жақтан белгілейтін атаулар.
Сөздердің мағыналық жақтан дамуы, қосымша мəн, мағыналарға ие болуы синонимдік қатардың толығып, баюына əсер етеді. Осыдан барып көп мағыналы сөздер (полисемия) мен синонимдердің қарым-қатынасы өзара байланысы келіп туады.
Синоним сөздер мағыналық жақтан даму нəтижесінде жасалынады. Дəлірек айтсақ, ауыспалы мағынаның өзінің перифраздануы көбінесе оның полисемиядан əбден бөлініп, саралануына – басқа бір лексикалық даралыққа, синонимге айналуына əкеліп соғады. Суреткердің əдемілікке, көркемділікке ұмтылу нəтижесі сөздерді, сөз тіркестерін бейнелеп, образдап, басқа бір атаумен, яғни перифразбен жеткізу тəсілін туғызады. Ал сөз қайталамаушылықты талап етуі осы образды синонимдердің шығуына келіп соқтырады. Бұл жайында Н.Н. Иванова «Перифраз синонимдік тəсіл» [165] десе, ал Т.Қоңыров кандидаттық диссертациясында перифразды образды синонимдер [183] деген. Қазақ тілі табиғатына осы соңғы пікір дөп келетін сияқты. Бір ұғымды білдіретін мəндес сөздер, əрине синонимдер, ал ол жай сөзбен емес, көркем, образды сөз тіркестерімен берілсе, əлбетте ол образды синоним болады. Н.Н. Иванова мен Т.Қоңыровтың сөзін растай келе
Ə.Болғанбаев та «синонимді қолданудың бір тəсілі – перифраз» [136] дейді. Мұның мəнісі – жеке сөздің орнына оның түсінігін сипаттап беру. «Алматы дегеннің орнына Қазақстанның астанасы, Күлəш деудің орнына қазақтың бұлбұлы деп қолдануға болады» деген пікір айтқан.
Қазақ ақын, жазушыларының ішінде М.Əуезов, С.Мұқанов, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, С.Мəуленов образды синонимдердің сан алуан үлгілерін жасап қолданған.
Соның бір нұсқалары мыналар:
« … Осылайша айналасы айықпаған сұр тұман, суық заман ішінде ұлы жан дүниеден көшті. Мағаштың қырқын беріп болған күннің ертеңінде Абай қаза тапты. Ұлы кеуденің ыстық демі тоқталды. Шөл даланы жарып аққан дариядай, игілік өмір үзілді. Сонау бір шақпақ тасты тақыр, жалтыр биік басына жалғыз шыққан зəулім өскен алып шынар құлады. Өмірден Абай кетті» (М.Əуезов).
Ұлы жазушы келтірген үзіндіде Абай орнына «ұлы жан, ұлы кеуде, игілік өмір, алып шынар» тəрізді метафоралық перифраз тəсілімен кемеңгер ақынға тəн ерекше қасиеттерге ден қойғызып, көңіл аудартқан. Ал өлді деген жағымсыз қатты сөздің орнына «дүниеден көшті, қаза тапты, демі тоқталды, үзілді, құлады, кетті» деген жұмсақ эвфемистік перифразбен алмастырып отырған.
Дұшпанға мені мерт қылма, Өзегімді дерт қылма (С. М.).
Хош, жаным деп қанат қақты
Үзілді тез шыбын жан (С. С.).
Өлшеулі демі біткенде,
Ажалдың оғы жеткенде,
Бадана көзді берік сауыт
Тең болар оның панасы –
Жаланқат киген шекпенге (Базар жырау).
Дəуде болса, Əлімбайдың кемпірі тырапай асқан болар (Ж. А.).
Орманды түн ішінде жол білмесең, Мерт болмай өту қиын, аман-есен (С. С.).
Қомағай қара топырақ бүлкіл қағып, Асығып екі жастың қанын ішті (М. Ж.).
Темір айғыр
Алмас тіспен
Жердің тізіп жартысын (С. С.).
Темір бура жеккені Аузы жерді қапса,
Аузы жерді тапса,
Тасты тұздай кемірсе
Тасты мұздай жемірсе,
Ырғалса,
Сықыр, сықыр, сықыр … (І. Ж.).
Қалтырады отарба
Болды безек дөңгелек (І. Ж.).
Қара айғыр, қара алып, жүйткиді, – Жануар күшіне сенеді (С. С.).
Төңкерілген көк кесе,
Теңіздің тұнық көзінде … (С. Мəуленов).
Көк күмбездің астында көк масаты, Сəулемен алтындаған сары белім (С. Т.).
Мың түрлі ала жібек, көркем десте, Мың түрлі сұлу өрнек ойған кесте (С. С.).
Жер жүзі көгеріп, жасыл ала жібекке оранып құлпырады (С.С).
Көкшеге жаз көк жібек жапқандайын,
Көкшеге қыс ақ күміс таққандайын, Көкшеге – қыз күзде киіп қырау ішік, Көк айна – көлі қыста қатқандайын (І. Ж.).
Ақ қанат аспандағы сонда жауып,
Бал бұлақ, жаудан, тастан орғылаған (І. Ж.).
Қайғысыз мəңгі сəби періштелер,
Мəңгілік жайын тастап жерді құштың (С.С.).
Ұшқындап сəні кеткен ағаштарға
Ақ күміс шашақ болып көрік бердің (С. С.).
Жердің аппақ төсегі
Жаңа жауған жатыр қар (С. Мəуленов).
Əуенің тиірмені түнде жүріп,
Тастады ақ ұлпаға жерді кеміп (І. Ж.)
Ақ мамығым, ақ үлдірім,
Неге мұнша сүйірдің (С. С.)
Сəулем сылаң, Аппақ қылаң.
Ақ көбікке шомылған (С. С.).
Беу, дүние-ай, аққулар оралғанда,
Айдын көлдің иесі жол алғанда (М. Мақатаев).
«Аққулар …»:
Аққу мойын, сүмбе қанат,
Алаңсыз таранудан күнге қарап, Айдынның еркелері, білмей тұрмын, Етермін тағдырыңды кімге аманат?!.
Жоғарыда келтірілген синонимдер табиғатына зер салалық. Бір шөптің өзін бірде «ала жібек» десе, бірде «көк жібек» деп бейнелей береді. «Ақ, көк» лексемалары шөптің түр-түсіне қарай айтылып, жібек сөзін анықтап тұр. Сол сияқты қарды да біресе «ақ ұлпа, ақ күміс, ақ қант немесе сəби періштелер, жердің аппақ төсегі» деп құбылта керемет синонимдермен алмастырып отырған. Шынында, қардың ақ екені рас, ол аспаннан жерге түскенде жерде жайылып жатқан төсек сияқты екені де рас. Олай болса, бұл сөз тіркестерінің өте табылған образдылығы, көркемділігі, адам жан дүниесіне əсер ететін перифраздар екенінде дау жоқ. Осы сияқты аққудың өзінде бірнеше құбылтып, оның кербез кейпін, нəзік түрін мейлінше көркемдеп, образды синонимдермен көрсете білген. Біздің ана тіліміздің сөз тіркестеріне, оның ішінде синонимге өте бай екенін, əрі соншалықты оралымды, икемді екендігін осы фактілердің өзі-ақ толық айғақ бола алады.
ПЕРИФРАЗ ЖИІ ҚОЛДАНЫЛАТЫН ƏДЕБИЕТТІК ЖАНРЛАР
а) МАҚАЛ-МƏТЕЛДЕР ҚҰРАМЫНДАҒЫ ПЕРИФРАЗДАР
Мақал-мəтелдер – халық даналығын, көрегендігінің айнасы, тіл байлығының алтын қазынасы. Олардың көбі өмір шындығының қорытындысы іспетті.
«Сөздің көркі – мақал» деп тегін айтылмаған. Мақалмəтелді айтылатын ойларға орайластырып, орынды қолдансақ, сөзіміз мірдің оғындай өткір, көңілге қонымды əрі көркем, əрі бейнелі болады. Мақал- мəтелдер аз сөзбен терең мағынаны беретіндіктен, өте ұтымды болады, сөйлеген адамның шешендігін, ой ұшқырлығын, тапқырлығын білдіреді. Мақал мен мəтелдер халық санасында талай жылдар мен ғасырлар бойында қалыптасып, тұрақталып қалған, сөйлегенде дайын тілдік құбылыс ретінде қолданылады. Бұл жағынан келгенде, яғни құрамындағы сөздердің тұрақты болуы, дайын дəйек ретінде қолданылуы жəне ойға əсерлі де əсем, көрікті де көркем мəн үстеуі жағынан мақал-мəтелдер тұрақты тіркестерге жақын.
Сөйлем құрылысы, ішкі мазмұны жағынан мақал мен мəтелдердің өз ішінде ерекшелігі байқалып тұрады.
Мақалдарда ой түйіні, өсиет, тағылым тəрбиелік мəнде ауыс, астарлы мəнде тұжырымдалып айтылады.
Мысалы: Ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені.
Еменнің иілгені – сынғаны.
Өз басыңды дауға берсең де, жолдасыңды жауға берме.
Ал мəтелдерде негізгі айтылатын ой-пікір жанамалап, сілтеме-ишара түрінде беріледі.
Мысалы: Күш атасын танымас.
Айласыз батыр алдырар.
Нар тəуекел – ер ісі.
Мақал-мəтелдердің, көпшілігі ауыспалы, келтірінді мағынада беріледі.
Мысалы: Əркімнің өз шығар биігі бар.
Кісінің шырайына қарама, райына қара.
Оқ жетпес жерге қылышыңды суырма.
Мақал-мəтелдердің құрылысы тұрақты. Олар өзара ұқсас, тектес болғанмен, əрқайсысының бір-бірінен айырмасы, өзіндік ерекшелігі бар. Жоғарыда айтқанымыздай, мақал толық аяқталмаған ойды білдіреді, дербес тұжырымды ұғым береді. Ал мəтелде сөйлем аяқталмай тұрады, ондағы сөздер басқа сөйлемдермен қосылғанда ғана айтылмыш ойды анықтайды, толықтырады.
Үлкен Совет энциклопедиясы мақалды былай сипаттайды: «Пословица – меткое изречение, которая обобщает и типизирует различное явление жизни». «… Пословицы и поговорки образцово формирует весь жизненный, социально-исторический опыт трудового народа».
«Поговорка образное выражение, оборот речи, метко определяющий явление жизни, в отличие от пословицы, лишена обобщающего поучительного смысла».
Бұған қарағанда мақалға тəн қасиет өмірдегі түрлі құбылысты жинақтау жəне типтендіру, əрі дөп айтылған сөз болуы, ойды түгел беру, əрі қорытынды жасауы, мақалды, ойды толық жеткізбей тұспалдап қана айтуы. Егер ол бейнелі сөз болса əрі дəл айтпай тұспалдап, келтірінді мағынада айтса, ол да перифразға жақын болмай ма? Негізінен көркем əдебиетке, соның ішінде поэтикалық туындыларға тəн көркемдегіш құралдардың баршасы дерлік мақал-мəтелдерге тəн болып келеді. Мақал-мəтелдер сол себепті де сезімді селт еткізіп, ақылойға сəуле шашады. Сап алтындай таза, қоспасыз асыл сөздер. Ықшамдылығымен өткірлігі, көркемдік жəне идеялық тұтастығы арқасында тез жатталады, адамның жадында ұмытылмай сақталады. Бұл барша халықтардың шынайы мақал-мəтелдерінің тозбас қасиеті.
Ердің құнын екі сөзбен бітірер.
Жүрген аяққа жөргем ілінеді.
Жын соққаннан мың соққан жаман.
Ерді кебенек ішінде таны.
Қисайған ауызды қырық дəрімен сыласа да түзелмейді.
Бір басты асырайтын екі қол.
Жүйрік ат аяғынан ақсайды, Жақсы жігіт ағайыннан ақсайды.
Ақылды бастың алпыс қолы бар.
Отыз тістен шыққан сөз отыз елге тарайды.
Бестің басы болғанша, алтының аяғы бол.
Елдің баласы бола алмаған, ағасы да бола алмайды.
Ердің атын аты шығарар, Ғалымның атын хаты шығарар.
«Жақсы жігіт ағайыннан ақсайды» дегенде адамның аяғынан ақсауы емес, оның мағынасы тым тереңде жатыр. «Ер жігіт елдікке ебі жоқ жекжатынан қорлық көреді» деген ойды қаншама бейнелі етіп бере білген.
«Жүрген аяққа жөргем ілінер» – мұнда олжа, малдүние, пұл деген ұғымдар орнына жөргем – қойдың өрілген шегі ғана алынған ғой. Ал, «жын соққаннан мың соққан жаман» – бұнда да қалың халық, көпшілік деудің орнына жалпыны жалқы «мың» делініп ауыстырылып алынған.
«Ерді кебенек ішінде таны» – «кебенек» – бұл тірі адамның киімі. Ал кебін болса – өліктің киімі. Яғни ер адмның жақсы қасиеттерін оның тірі кезінде дəріпте дегені емес пе? «Кебенек» – ауыртпалық сын сағаты. Мұндағы перифраз, яғни басқа сөзбен белгілі бір заттың не құбылысты келтірінді мағынада бейнелеу халық арасында шебер пайдаланады.
Біздің ана тіліміздің көркемділігін күшейту үшін перифразға, яғни троптарға сүйену керек болады.
Мақал-мəтелдер – көркемдегіш құралдар, яғни троптардың арақатынасын ерте заманның өзінде-ақ айтып кеткен болатын. Аристотель: «И пословицы метафоры от вида к виду» – деген. Ал, проф. І.Кеңесбаев: «… мақал, мəтелдердің, тізбектердің қай-қайсысы болса да метафоралық мағынада қолданылып, өмірде кездесетін конкретті жағдаяттың тілден орын тепкенін көрсетеді» [170], – деп түсіндіреді. Орынды айтылған пікір. Егер метафоралық мағынада қолданылған мақалмəтелдер болса, олардың перифразға негізделуі əбден мүмкін. Өйткені, метафора перифраздан өніп, туып отыр. Оны мына мақал-мəтелдерден көруге болады». Тіл тас жарады,
Тас жармаса, бас жарады (М. М.).
Тіл жүйрік емес, Шын жүйрік (Сонда).
Тілдің майын тамызып,
Сөздің балын ағызып Қас шешендер сөйледі (Сонда).
Көрмегенге көсеу таң (Сонда).
Шешеннің сөзі мерген,
Шебердің көзі мерген (Сонда).
Көз жетпеген жерге сөз жетеді (Сонда).
Бірінші мысалдарға перифраздардың тура мағынасын алсақ, тілдің бас жаруы мүмкін емес, сондай-ақ пілдің көтермегенін тіл көтеру де мүмкін емес. Бұлардың бəрі де келтірінді мағынада бейнелі ойды білдіріп, перифразданып тұр.
Бұл мақал-мəтелдердің бəрі дерлік құрылысы жағынан əрі ықшам, əрі көркем, мағынасы жағынан терең ой, кең мазмұнды қамтитын, асқан шеберлікпен жасалған сөз өрнегі. Мақал – келелі ой, кең мазмұнды бір-ақ ауыз сөзбен айтып, қорытынды жасаудың тамаша үлгісі, халық тапқырлығымен айтқанда, «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні».
Кейбір мақал-мəтелдер өзінің тура мағынасында ұғынылса, қайсыбірі астарлы, келтірінді мағынада ұғынылады.
«Олақтан салақ жаман», «Ердің атын еңбек шығарар» деген мақал-мəтелдерден біз астарлы мағына іздеп əуре болып жатпаймыз. Бұлар тікелей өзінің тура мағынасын ұстап тұр.
Ал, «Болат пышақ қын түбінде жатпайды», «Қалауын тапса, қар жанар» дегендердің арқалап тұрған мағыналық жүгі басқашалау. Мұнда айтылатын ой астарланып, келтірінді мағынаға ие болып тұр. Біріншісі «асыл зат еш уақытта белгісіз боп қала алмайды. Ол ақыры бір жерден шығады» дегенді меңзесе, екіншісі «ретін тапса, қолдан келмейтін іс болмайды» дегенді образдап, бейнелеп жеткізіп тұр. Əрине, образдау тəсілі перифразға соқпай кетпейді. Сондықтан да бұл мақал- мəтелдерді перифраз негізінде құралған мақал-мəтелдер дейміз. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» болған осы бір мақал-мəтелдер «аз сөзде көп мағына» болсын деген талапқа сай жасалған, айрықша мəнерлі сөз өрнегі. Халықтың мақал-мəтелдер жасаудағы өнері мен шеберлігін «ағаштан түйін түйген» шеберлікпен тең десе болады. Сондықтан да «Тұз астың дəмін келтірсе, мақал сөздің сəнін келтіреді» дейді. Сол рас. Тіл тəжірибесі соны дəлелдейді.
ҚАНАТТЫ СӨЗДЕР, АФОРИЗМДЕР ҚҰРАМЫНДАҒЫ ПЕРИФРАЗДАР
«Крылатые слова – устойчивые выражения, вошедшие в язык из определенного литературного или исторического источника и получившие широкое распространение блогодаря присущий им выразительности».
Афоризм, қанатты сөздер негізінен ұлы адамдардың кейінгі ұрпаққа қалдырған өнеге, өсиеттері. Олар да тілде жиі қолданыс тауып тұрақталған, мақал-мəтелдер сияқты түйдегімен тұтас бір-ақ айтылады.
Ақын, жазушылардың мақал-мəтелдерге үндес жасалған əрі көркем, əрі терең мағыналы сөз өрнегі қанатты сөздерге айналып, халық арасында кең тарап кетеді. Олардың қанатты сөздерге айналуы үшін терең мағыналы болумен бірге, мақал-мəтелдер сияқты құрылысы жағынан ықшам, əрі көркем, айтуға жеңіл болуы шарт. Ақын-жазушылардың шығармаларынан осы талапқа сай жасалған терең мағыналы, нысанаға дəл тиерліктей əрі өткір, əрі көркем қанатты сөздердің сан алуан түрлерін кездестіруге болады. Əрине бұлар да мақал-мəтелдер сияқты перифразға, яғни образдап бейнелеуге негізделе жасалған қанатты сөздер. Қанатты сөздер жайында Н.Төреқұловтың «Қанатты сөздер» деген кітабында мақал-мəтелдер көбінесе о бастағы шыққан төркіні, дерегі мен авторы ұмытылып, жалпы халықтық мұраға айналып кетеді!» деп айтқанын еске аламыз, ал қанатты сөздердің қай кезде қандай оқиғаға байланысты жағдайдан шыққанын оңай аңғартуға болады дейді. Сонымен, ойымызды жинақтай келе, мақалға тəн ойлы өсиет, шешендік сөздерге тəн тапқырлық, фразалық тіркеске тəн нақтылық, жинақылық, мəтелге, перифразға тəн астарлы, бейнелі, көркем қасиеттердің бəрі авторы бар, шығу төркіні белгілі нақыл, қанатты сөздердің бойынан да табылады демекпіз.
Еңбек етсең ерінбей,
Тояды қарның тіленбей (Абай).
Əкесінің баласы – адамның дұшпаны, Адамның баласы – бауырың (Абай).
Шырқ айналар шіркін тауық, Жемің болса қолыңда, Қайдағысы сені тауып,
Топырлайды жолыңда … (С. С.).
Құлақтыға сөз айтсаң, Құлағының астында.
Құлақсызға сөз айтсаң,
Құла қырдың астында (Қазақ əдебиеті хрес.).
Ақиқаттың арбасы алысқа кетеді (Сонда).
Елдің баласы бола алмаған, ағасы да бола алмайды. Аталы сөзге арсыз таласады (К. М.).
Білімдіден аяман сөздің майын (Абай).
ЖҰМБАҚТАР ҚҰРАМЫНДАҒЫ ПЕРИФРАЗДАР
Жұмбақтар – ауыз əдебиеті шағын жанрларының бір түрі. Жұмбақта табиғаттың, жанды-жансыз заттардың аттары жасырынып, даралық белгілер, ерекше қасиеттері сипатталады, мінезделеді. Жұмбақ атынан да белгілі, бір нəрсенің белгілі түр түсті қасиеттерін екінші нəрсеге балап, теңеу арқылы астарлап, ауыстырып, мəнерлеп айту. Бұл үшін, əрине, автор көркемдік құралдардың бір түрі – перифраз тəсілін қолданады. Сырт қарағанда перифраз да жұмбақты керек етеді, образды ойлы, аз сөзді тұжырымды болып келеді. Іштей үңілсек, жұмбақ – перифраздық сөз колдану.
А.Лосев пен О.Фрейденбергтің жұмбақтың негізінде тұспал бар, жұмбақ дегеніміз формалды астарлы сөз деген ойлары көкейге қонады.
Ақ сандығым ашылды,
Ішінен жібек шашылды (Күннің көзі).
Қос əйнек, шыны да емес, темір де емес, Бұзылса оны адам түзер емес,
Кезінде өзі ашылып-жабылады
Мағынасы қымбат нəрсе, арзан емес (Адамның көзі).
Уыстасам уысыма толмайды (көзді жұму),
Қоя берсем, жер жүзіне симайды (көзді ашу),
Кішкентай ғана түйме тас,
Атан түйе тарта алмас (Кене) (Қ. Ж.).
Бір түкті кілем,
Бір түксіз кілем (Аспан, жер) (Сонда).
Япырым-ау, бір мақұлық осындай-ау,
Қасында екі сойыл емес жаяу, Шабатын өткір оның қылышы бар, Қолына түскен жанды болмайды аяу. Жымқырып қиып алып шықса кəне,
Аспанның ол бір түрлі нажағайы-ау (Бүркіт).
Ақ сəлделі қожалар, Зікір салып сұңқылдар,
Өз тамағы тойған соң
Бейне жынды бұрқылдар (Самауыр).
Алпыс тісті айдаһар,
Еш қонса қадам баспайды, Қозғамасаң жатады, Ештеңеден саспайды.
Ағаштан тамақ жейді екен, Жұтпай шайнап тастайды (Ара).
Тарауды қорыта келгенде, перифраздың тілде қолданылу белсенділігінің артып отыруы осы жоғарыдағы санап, талдап өткен қасиеттеріне тікелей қатысты.
Өйткені қисынын тапса, троптардың бұл түрінің мүмкіндіктері шексіз.
Жоғарыдағы мысалдардан көріп отырғанымыздай, заттың тура атын атамай, перифразды қолданудың қаншалықты қажеті барлығын көрдік. Осыны есепке ала отырып, бұлардың мағынасы басқаша берілуі де мүмкін екенін еске саламыз. Көркем образдылықты үнемі бір қалыпта тұрады деуге еш болмайды, тілдің күнделікті қолданысында, көркем əдебиетте, жеке авторлардың қолданылуында да ауыспалы мағыналы сөздердің қызметін түсінуде контекстің атқаратын рөлі ерекше. Ауыспалы мағынаның жасалуы жəне оның əрі қарай өміршеңдігі контекспен тығыз байланыстығы соншалық, Т. Колшанский айтқандай «троптар – контекстің төл туындысы».
ЕСТІРТУ, ЖҰБАТУ, КӨҢІЛ АЙТУ, ЖОҚТАУ ҚҰРАМЫНДАҒЫ ПЕРИФРАЗДАР
Қазақ поэзиясының шағын түрлері: мұң-шер өлеңдері («естірту», «жұбату», «көңіл айту», «жоқтау») құрамында да перифраздар көптеп кездесіп жатады.
ЕСТІРТУ.
Өлімді қаза болған кісінің туыстарына жанамалап, орағытып, тұспалдап барып айту. Тікелей, ашық айта салмай, тұспалдап, басқа сөзбен айту, əрине, перифразға жақын. Мына мысалдар соның дəлелі болмақ.

Ақсұңқар ұшты ұядан.
Жол жетпейтін қиядан,
Қанаты бүтін сұңқар жоқ, Тұяғы бүтін тұлпар жоқ.
Тозбасты ұста соқпайды,
Өлместі тəңір жаратпайды Топырағы торқа болсын, Қалғанға өмір берсін!
Қазақтың ханы Абылай! Ақиықты аспанға
Ұшпастай ғып торлады Құлағанға ұқсайды.
Қазақтың қамал қорғаны, Қайғырмаңыз, ханзадам, Айтпасыма болмады, Батырың өтті Бөгембай.
Тау құлады шынарынан, Айырылып шықты көздің шырағыңнан. Айырылдың Жиреншедей ділмарыңнан
Көрсең көзіңнің раушаны, Көңіліңнің күш-қуаты, Жүрегіңнің ол дидары.
Көзіңнің ол жанары,
Айырылдың əспеттеген перзентіңнен.
Иманын айтып өлерде, Иекке жаны келгенде
Сəлем айтты үш қайта, Кеттім деп сізді көре алмай. Батырды қолдан өткіздім, Сəлемін міне жеткіздім.
Ей, Абылай, Абылай, Сөзімді тыңда тағыда-ай!
Өзіңнен біраз жасы үлкен,
Демпеш таудай басы үлкен. Жасында болған сырласың, Үлкен де болса құрдасың,
Сексеннен аса бергенде,
Қайырылмас қаза келгенде Батырың өлді – Бөгенбай.
ЖОҚТАУ.
Жоқтау өлген кісіні жоқтап сөйлеу. Жоқтау көбінесе белгілі адамдарға айталады. Қаза болған кісінің əйелі, я қызы, я келіні зарлы үнмен өлген адамның тірідегі істерін, қазіргі бастарына түскен қайғы-қасірет, күйіктерін шағып, жылағанда айтатын жыр түріндегі сөз. Жоқтауды көбінесе ақындар шығарып береді, сондықтан олар көркем сөздерге жүгінуі əбден мүмкін. Соның бірі – перифраз.
Арғымақ үйірін сағынса, Артқы аяғын қағынар.
Алғанын бейбақ сағынса, Қаннан ендік (далап) жағынар.
Асыл да гауһар болатым,
Ұшайын десем қанатым, Əкем қосқан қосақтан Айырды шебер құдайым.
Мөлтілдеген қара көз,
Жаспен оны ояйын Алшаңдап жүрген жас төрем, Орныңа кімді қояйын.
Жануар жаз жайладым, күз жайладым,
Сыртына қызды ауылдың көп байладым.
Құлагер мерт болды деп естігенде,
Жұлдым да сақалымды ойбайладым (Ақан сері).
Жасқа жас, ойға кəрі едің, Атаңның атын жоймаған.
Замана, неткен тар едің, Сол қалқамды қоймаған (Абай).
Жиырма жеті жасында Əбдірахман көз жұмды. Сəулең болса басыңда, Кімді көрдің бұл сынды (Абай).
Құйрықты жұлдыз секілді Туды да, көп тұрмады.
Көрген, білген өкінді,
Мін тағар жан болмады (Абай)
Қайғы болды, күйгендей, Ол қуатым еді рас.
Көзге қамшы еді рас.
Шыр айналды артқы жас (Абай).
Іздеп табар жаманнан Бала берген бенде едім.
Бенде өлмейді арманнан, Мінеки, мен де өлмедім (Абай).
Айналайын, құдай-ау, Қапалық салдың жасымнан. Шешенің зарын тарттырдың, Бес жасымда басымнан.
Сөйлемей бенде шыдамас
Қайғы отына ашынған. Жарымды көрмей неше жыл, Қапалықты асырған. Жарымды алып қор қылдың, Жас өмірде тасынған. Айырып, от қып өртедің, Əбіш сынды асылдан.
Қызылды гүлді жасылдан. Тым болмаса қызмет қып, Өткізбедім қасымнан.
Жиырма екі жасымда Мен айырылдым жарымнан. Жарық сəуле көрмедім Шыққалы ана қарнынан. Күйік күшті түскен соң, Кетеді екен сабырдан.
Қызықты күнім қалмады Жылаған айтып зарымнан.
Көре алмай зар боп айырылдым Құдай қосқан жарымнан.
Өзгеше болып жаралған, Таныған жан қалпынан
Тілеуді кесіп құдайым, Зарлатып қойды артынан. Құдай салды жүрекке Жалғанда бітпес жараны.
Қалқамды алып, құдайым, Қоймады күйік бойыма ес.
Əбіш сынды жарымнан, Айырылған соң барымнан, Жалғанда болмас жұбаныш!
Көз жұмғанша дүниеден Иманын айтып кеткені-ай!
«Бейсенбі ме бүгін?» деп Жұмаға қарсы өткені-ай!
Жер күңіреніп, жұрт шулап, Ағайын түгел жеткені-ай!
Жамиғат тоңбай күн жылап.
Тəңірім рахым еткен-ай!
Ием қабыл алды-ақ деп, Көңіліме қуат біткені-ай! Қуаттанып бақсам да, Күнəлі нəпсім түтпеді-ай.
Ата тегі мұндағы
Орта жүздің ұлығы,
Ана тегі ондағы Өзен судың тұнығы.
Екі асылдан қосылған
Сом алтынның сынығы,
Өлгенше естен қалмайды Өзгеше біткен қылығы.
Қызыл балақ қыранның Балапаны дерт алды.
Жеміс ағаш, бəйтерек Балдырғанын өрт алды.
Артына белгі тастамай,
Жал-құйрығын келте алды, Ағайынды тойғызбай,
Аз күн қоймай, ерте алды.
Көп жасамай, көк орған, Жарасы үлкен жас өлім. Күн шалған жерді тез орған, Күншіл дүние қас өлім.
Артына белгі қалдырмай, Бауыры қатты тас өлім.
Жыламайын десем де, Шыдарлық па осы өлім?
Болмайды көштің көркі түйесі жоқ,
Сөз жаман таппай айтқан жүйесі жоқ
Баламды бірте-бірте ала берді,
Қала ма домбыранның иесі жоқ (Қ.Ə.).
Жолынан Мəдібұлақ ел көшеді, Ұрысса екі ағайын сен деседі.
Баласы ер жігіттің өле берсе, Шырағы жанып тұрған демде өшеді.
КӨҢІЛ АЙТУ.
Естірту, жоқтау сияқты көңіл айту да сөз өнерінің бір түрі. Көңіл айту да шеберлікті керек етеді, ақынжазушылар бұл жағдайда көркемдік құралдарға, соның ішінде перифраздарға да жүгінеді.
О, Жəке, жүз жасаған ақынымсың,
Қайғырып Алғадайға жатырмысың,
Сəулесін жүрегіңнің сөндірмеші,
Асқан еді Алатаудан ақыл-күшің,
Не күшті дүниеде, адам күшті,
Көрдіңіз бір ғасырда талай істі,
Миуалы Ұлы Отанның дарағы едің, Жел соғып бір жемісің жерге түсті (Қ. Ə.).
ЖҰБАТУ.
Бермеген құлға, қайтесің, Жұлып аларлық ерікті. Ақжол тұра келген соң, Шыдатпайды берікті.
Ғаріптікке көз жетті, Алғаннан соң серікті.
Өмірін берген құдайым Ажалын да беріпті (Абай).
Мұқұм қазақ баласы Тегіс ақыл сұрапты. Тобықтыны ел қылып, Басын жиып құрапты.
Меккеде уақып үй салып, Пəтер қып, жаққан шырақты.
Бір құдайдың жолына Малды аямай бұлапты. Ажал уақты жеткен соң, Соның да гүлі қурапты.
Қажыны алған бұл өлім,
Сабыр қылсаң керекті (Абай).
Жылағанда тоқтатып.
Ынсап қылсақ жарайды
Қоймасаң, қайғы ауыр боп, Тұла бойыңа тарайды.
Қызыл гүлің суалып,
Ақ көңілің анық қарайды.
Һəммə жанды аулымен Патша құдай сынайды.
Бір сен емес жылатқан Сыңарын алып талайды.
Бəрімізді аясаң Тоқтау қылсаң ұнайды. Ұмытқаның жарамас Жаратушы құдайды.
Уақыты жетсе, құлайды.
Дəл уақыты жеткенде, Талайдың гүлі қурайды.
Міне білемін, қайтейін, Мұндай асыл тумайды.
Жылама, Мағаш, жылама, Алладан өлім тілеме! Қолдан ұшқан ақ сұңқар Қайтіп келіп қонбайды. Бір шешеден туғанда, Бəрінен кетті тəуірім.
Көтермеске амал жоқ, Көрдім дүние ауырын.
Тоқтамады, тұрмады, Кетті ортадан асылым (Абай).
ТОЛҒАУЛАР ҚҰРАМЫНДАҒЫ ПЕРИФРАЗДАР
Ақындық толғау – қазақтың халық əдебиетінде ежелден келе жатқан, жанрлық жағынан лирикаға жақын, белгілі өлең түрлерінің бірі. Толғауда қоғам өмірінің маңызды уақиғалары, елеулі табиғат құбылыстары қамтылады немесе əлеумет өмірінде көрнекті қызмет атқаратын тарихи адамдардың өмірі, ісі сөз болады. Əрине, бұндайда ақын тілі көркемдік тəсілдерге бай болу керек. Соның бірі – перифраз. Ақын-жыраулардың толғауларын қарап отырсаңыз, алуан тақырыпты екенін көресіз. Олар өмірдің жалғандығын, жастық шақты, батырлық пен жауыздықты жəне сұлулықты толғай білген. Соның біразына шолу жасап көрелік.
Қоғалы көлдер, қом сулар
Кімдерге қоныс болмаған,
Саздауға біткен құба тал ағаш Кімдерге сайғақ болмаған.
Басына жібек байлаған Арулар кімдерден қалмаған. Таңдап мінген тұлпарлар Иесін қайда жаяу салмаған. Құландар ішпес бұршақ қақ Кімдерге шербет болмаған. Садағына сары шіркей ұялап,
Жау іздеген ерлердің Қайда басы қалмаған.
Мінелік те, түселік
Киелік те, ішелік
Ойналық та, күлелік
Қарап тұрсаң, жігіттер
Мына жалған дүние
Кімдерден кейін қалмаған!
Бұл үзінділерді де Махамбет өмірдің жалғандығын толғаудың көмегімен перифразды көптеп қолдана отырып, əдемі жеткізген. Осы сияқты Ақтамберді жыраудың жастық туралы толғауында да перифраздар жоқ емес.
Күлдір де күлдір кісінетіп,
Күреңді мінер ме екеміз,
Күдеріден бау тағып, Ақ кіреуке киер ме екеміз!
Жағасы алтын, жеңі жез, Шығыршығы торғай көз Сауыт киер ме екеміз! Ор қояндай жүгініп,
Аш күзендей бүгілтіп,
Жолбарыстай шұбарды
Таңдап мінер ме екеміз!
Сол тұлпарға мінген соң,
Қоңыраулы найза қолға алып,
Қоңыр салқын төске алып,
Қол төңкерер ме екеміз,
Жалаулы найза жанға алып, Жау қашырар ма екеміз! Тобыршықты ендіген
Толтыра тартар ма екеміз, Тобылғы түбі құралай, Бытыратып атар ма екеміз!
Жарлауға біткен жапырақ
Жамылсақ тоңар ма екеміз, Жазыққа біткен бүлдірген Сұғынсақ тояр ма екеміз!
Тобылғы сапты қамшы алып,
Тұмар мойын ат мініп, Қоныс та қарар ма екеміз! Ел жазылып жайлауда
Жақсылар кеңес құрғанда
Мұртымыз өрге шаншылып, Бұрын да сөйлер ме екеміз!
Жастықпен қатар, кəрілік те толғаудан тыс қалмаған. Бұл жайында Шал ақынның толғауы – жақсы үлгі.
Ұлғайып қартаяды жастан адам,
Жас қартайса қалады астан адам, Жеткенін кəріліктің ескермейді, Көңілі өсіп, мейманасы тасқан адам.
Кəрілік қартайғанда бастан келер,
Ағарып, басындағы шаштан келер, Жасында қандай көркем болсаң-дағы, Қыржиған қабақ, маңдай, қастан келер.
Кəрілік қартайғанда көзден келер,
Белгісі алжығанның сөзден келер, Сыртылдап буындарың ебі кетіп, Белгісі аяқ жақта тезден келер.
Қартайғанда мүкістеу болар құлақ,
Жас ағып, екі көзден тұрар жылап,
Нəрсені басқа көрген көре алмассың,
О не деп көргендерден білер сұрап,
Бір жаман кəрілікте түссе тісің, Ауыздан опырайып кетер пішін. Жасында оймақ ауыз сұлулардың Өзгертіп бұл кəрілік алар түсін.
Болсаң да ханнан сұлу жаста бұрын.
Салатын көрген адам көздің қырын. Қайран жас, қара шаш пен қалам қастың Өзгертіп бұл кəрілік алар сұрын.
Белгісі кəріліктің кеудең толар,
Жөтел мен түрлі қақырақ пайда болар, Жасыңда қандай толық болсаң-дағы Белгісі кəріліктің мүшең солар.
Белгісі кəріліктің кетер күшің, Болмайды бастағыдай ешбір ісің.
Кəрілік дауасыз дерт ем қонбайтын, Жылаймыз қартайдық деп соның үшін.
Қартайсаң, аяқ, тізең ауырады,
Жатудан жамбастарың ауырады,
Қадірің күннен-күнге кеми берер, Жолатпай қосағың да дау ұрады.
Ауырар қартайғанда бұт пен белің,
Екі иық, кеуде, арқа барлық жерің, Жатарсың салқын тисе төсегіңде Қайталап ұстады деп ескі терім.
Атам болған жиырма бес,
Қызықты күндер қыздырған Асау толқын бұздырған.
Қызды ауылды көргенде Бұлаңдатқан жиырма бес.
Төскейден қашқан түлкідей
Сылаңдатқан жиырма бес,
Күлдір-күлдір кісінетіп,
Күреңді мінген жиырма бес, Күрек тісін қасқайтып,
Сұлуды құшқан жиырма бес Іздесең де табылмас!
Кəрілік шіркін не қылмас:
Апта бойында бас алмай,
Келін бала келгенде,
Аузыңды аша алмай,
Уақыттың ісі қиын-ды,
Уақытымыз жеткен соң,
Айтып-айтпай немене,
Мезгіліміз өткен соң, Жайнап тұрған қызыл шоқ Су құйылып өшкен соң.
Жайнап жүрген заманым Басымнан бүйтіп көшкен соң.
Уақытымыз жоқ, не айтайын,
Уақытым менің өткен соң, Мезгіліміз жеткен соң, Қатты тамақ шайнарға Мен пақырда тіс бар ма?
Арыстандай ақырған – Бөденедей күш бар ма?
Мына үзінділерге қарап отырсаңыз, толғау – сөз өнерінің тамаша үлгілерінің бірі екенін көреміз. Толғау – негізінен мұңды өлең, көңілдің неше түрлі күйін шертетін өлеңдер. Мəселен, ғашықтық, сағыныш, қайғы, күйініш, кейістік, кіжініс, өкпе, наз сияқты көңілкүйлерін білдіреді. Бұл толғаудың көңіл күйлердің бəрі бірдей өмірде бола бермейді. Соларды өмірде болғандай етіп, əдемілеп айтып, əрлі сөзбен суреттеуге үлкен өнер, ақындық керек. Толғау көңілдегі көркем сырлардың айнасы десе де болады. Əдемі толғаулардан алатын əсердің жөні бөлек. Толғауларда лек-легімен қисынын тауып, қиюласып жататын бейнелі тіркестердің қайқайсысы да, жай сөздердің бəрінен де əсерлі. Мұндай əрлілік пен нəрліліктің неше алуан түрі перифразға ғана тəн емес, фразеологизмдерге де тəн екенін жоғарыдағы

бөлімнен де аңғардық. Ендеше, қазақ тіл білімінің бұл екі категориясының тіл қолданыстағы болмыс-бітімі барынша бай мысалдар бере алатынын байқадық. Жəне бұлар бірімен-бірі байланысты, тіпті кей тұста бірінен-бірі туындап жататынын көрдік. Сонымен бірге бұлар-дың əралуан қолданыс алаңында тіл байытарлық қабілет-қарымының қилы-қилы болып келетіні де ой қозғайды. Қысқасы, фразеологизмдер мен перифраздардың неше түрлі қолданыстағы түрленуін тексере келе мынадай қорытынды жасаудың қисыны бар ма деп шештік.
Мұны анықтауда бізді алдымен қызықтырған мəселе фразеологизмдердің өзге тілдің осы тектес сөз байлығын жеткізудегі қызметі болды. Ол үшін тілдің осындай байлығын молынан пайдаланатын жазушы шығармаларына назар аударуға тура келді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *