ПЕРИФРАЗДАРДЫҢ ҚҰРЫЛЫМДЫҚ ТИПТЕРІ

 

ПЕРИФРАЗДАРДЫҢ ҚҰРЫЛЫМДЫҚ ТИПТЕРІ
Перифраздардың құрылысын ашып көрсету үшін біз бұл жерде синтаксис саласына да барғыштаймыз. Алайда бұл біздің перифраз фразеология объектісі дегенімізден бас тарту емес.
Қазақ тіліндегі перифраздарды құрылымдық типтерге топтастырғанда, есім перифраздар жəне етістікті перифраздар деп екі топқа бөлдік. Есім перифраздар өз ішінен екі мүшелі, үш мүшелі жəне көп мүшелі болып үш топқа жіктеледі. Екі мүшелі есім перифраздарды «зат есім + зат есім», «сын есім + зат есім», «сан есім + зат есім» деп үш құрылымдық топқа жіктедік. Енді əр топқа жеке-жеке тоқталып, олардың құрылымдық жəне семантикалық ерекшеліктерін сипаттап көрелік.
ЕСІМ ПЕРИФРАЗДАР
Проф. Т. Сайранбаев өзінің «Сөз тіркесі мен сөйлем синтаксисі» деген кітабында сөз таптарының сөз тіркестеріне қатысы туралы айта келіп, сөз тіркесін үш тобын атады.
Олар:
1) əр сөз табының негізінде қалыптасқан сөз тіркестері;
2) бір сөз табының негізінде қалыптасқан сөз тіркестері;
3) бір сөздің қайталануы негізінде жасалған сөз тіркестері.
Ол сөз таптары – сөз тіркестерін құрастыруда басты тұлға деп түсінеді. Проф. Т.Сайранбаев осы еңбегінде зат есім мен есімдердің байланысу формаларын анықтайды. Олардың қабыса, меңгеріле байланысатынына, сонымен бірге сөз тіркестерінің əрқайсының өзіндік ерекшеліктеріне тоқталады. Осы сияқты қазақ тіл білімінде зат есім мен өсімдіктердің тіркесуін проф. М. Балақаев бұдан да бұрынырақ қарастырған. Ол зат есімді сөз тіркестерінің өзіндік тіркесу заңдылықтарын зерттеген. Осы еңбектерге сүйене отырып, біз де перифраздарды есім перифраздар жəне етістікті перифраздар деп екіге бөлдік. Екі мүшелі перифраздар екі сөзден тұрады. Бұл тіркестерді біз олардың мүшелерінің орын тəртібіне қарай жəне олардың лексикаграмматикалық мағыналарына қарай төмендегідей модельдер төңірегінде қарастырдық.
ЕКІ МҮШЕЛІ ЕСІМ ПЕРИФРАЗДАР
А. 1) «зат есім + зат есім» моделінің өзі грамматикалық тұрғыдан бірнеше құрылымдық типтерге бөлінеді:
«зат есім + зат есім»: бұл модельмен жасалған перифраздардың көбі біріккен сөздерден тұрады. Мысалы: отарба, төраға, отаға.
Түстім келіп метроға,
Домбырамды өнгеріп,
Жөнелді алып отарба,
Жұлдызы жанған дем беріп (Ж .Ж.).
Мұнда зат есімдер бір-бірімен еш бір жалғаусыз байланысқан. Осы үлгімен жасалған перифраз мүшелерінің арасындағы байланыс бекем əрі олар көбінесе тұрақты сипатқа ие болады. Сөйтіп тұрақты узуалдық перифраздарға айналады.
2) «зат есім + зат есім» (тəуелдік тұлғалы): отағасы, дəулет құсы, жыр бабасы, тарлан жорғасы, құдай құлы, түн еркесі.
Мысалы:
Мен емес ертегінің қариясы, Мен емес, үй ішінен үні шықпас, От басында отырған отағасы (А. Л.).
Жүректе жара, баста мұң, Түнерді тұнық аспаным. Қайран менің бас ием,
Сорлыңды кімге тастадың (М. Мақатаев).
Дəулет құсы қонды басыңа, Қыдыр келді қасыңа. Бақ үйінде түнедің
Алыста тоят тілегің (Б. ғ. ж.).
Қарағай шанақ, қаз мойын, Домбыра алған Шөжеден.
Шернияз, Бұқар, Сүйінбай Жыр бабасы демеген (Жамбыл.).
Қазақтың тарлан жорғасы
Өлеңнің көркем ордасы . . . (сонда).
Бар еді сол кісінің бір жақсы ұлы, Қаза жетіп өліпті сол бір жылы.
Жесір қалған келінін Қодар алып,
Қылмайтын істі қылған құдай құлы (Шəкəрім).
Балауса бел, құба жон, бал құрақтан, Шəйі самал желпиді балбыратқан.
Бала бұлақ беймаза түн еркесі,
Құла тайын құздардан қарғылатқан (М. Мақатаев).
Бұл тектес құрылымдық типтермен жасалған перифраздарға мысалды көптеп келтіруге болады.
Бұларға тəн грамматикалық ерекшелік сол: оның мүшелерінің бір-бірімен матаса байланысуы жəне оның бірінші мүшесінің міндетті түрде ілік септігінің жасырын (имплицитті) формасында, ал екінші мүшесі міндетті түрде тəуелдік жалғауының үшінші жағында ашық (эксплицитті) формасында тұруы. Бұл құрылымдық типтің мүшелері де бір-бірімен нық байланыста бола тұрып, соның нəтижесінде олар жартылай тұрақты сипатқа ие болып, кейде тұрақты (узуалды), кейде еркін (окказионалды) перифраздар жасайды.
3) «зат есім (ілік) + зат есім» (тəуелдік): көктің кемесі, қайыңдардың көйлегі, толқынның арғымағы, малдың патшасы, сөздің патшасы, суымның тұнығы, өлеңнің ордасы т.б. Бұл сөз тіркестері бір-бірімен матаса байланысады.
Сөгілді бұлттың көбесі, Көрінді көктің кемесі.
Алатау тұрды асқақатап,
Аспанды тіреп төбесі (М. Мəуленов).
Желмен ұшып қайыңдардың көйлегі
Күркіреген күн мен аспан сөйлейді (Сонда).
Жаздың демі,
Дерттің емі лебі тиген соң (С.С.).
Шұлғи тартқан сұлығын ту асаудай,
Арындайды толқынның арғымағы (С. Мəуленов).
Жылқы – малдың патшасы
Түйе – малдың қасқасы (Мақал).
Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы,
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы (Абай).
Қазақтың тарлан жорғасы Өлеңнің көркем ордасы.
Ойдың терең арнасы,
Жырдың асыл қазынасы (Н. А.).
Бұп-бұлтық өкшеңменен тебінесің,
Ұмтыласың, шалқалап
Баданадай көздері бақырайып,
Ей, өмірдің қонағы, не білесің? (М.Мақатаев).
Неге, неге ? Білмейсің. Мен білемін, Мен айтайын кезегім келді менің.
Ей, өмірдің даңғаза қуанышы,
Түсінерсің бір кезде, сендіремін (Сонда).
Махаббатын қыз Бану күйеледі,
Бағдат барып, қайыңға сүйенеді,
Керуен тартыпты батыс жаққа,
Кер тырналар – аспанның түйелері (Сонда).
Тауы – құмға, Айналған жаны – мұңға, Қорғаушыңды, аққуым, таныдың ба?
Неге сонша телміріп көп қарадың,
Мият тұтып, мұң шағып, жалыну ма?
Пана таппай жалғанның жарығында (Сонда).
Адамның бағзы арманы – Жұлдыздар қайда манағы?
Аспанның лағыл маржаны, Мұхитқа батып барады (Сонда).
Жоқ сөндірме, сөндірме, жыламан да, Қуаныштан мұң жуық тірі адамға.
Дариясы өмірдің шайқалмайды,
Дəрмені жоқ бір пенде жылағанға (Сонда).
Жетер енді, жел сөзді желпіді інің, Жолаушы аға, барсың ба, мен тірімен.
Атын былғап, аман- сау жүрсін бе сен, Қазақтың қасиетті кемпірінің? (Сонда).
Жұмабай деген бала тұла бойым тұңғышым еді – дейді ол сырласып отырып – отымның алды, суымның тұнығы еді (С.М.).
Бұл моделі бойынша жасалған перифраздар да баршылық. Олардың бірінші мүшесіне ілік септігінің жалғауы, екінші мүшесіне тəуелдік жалғауы ылғи да ашық (эксплицитті) түрде жалғанады. Бұл перифраз мүшелерінің арасындағы мағыналық байланыстың «кездейсоқ», «ойламаған жерден» болатынынан болса керек. Өйткені бұлар таза поэтикалық метафорға негізделген. Ақын, жазушының өмір танымына, талантына байланысты метафораның небір өзгеше түрлері пайда болып жатады. Мəселен, С. Мəуленов қайыңның «қайыңдардың көйлегі», С. Сейфуллин сайғақты «жаратылыстың баласы» десе, басқалар оны «қайынның желегі», «жаратылыстың перзенті» (варианттары көп) деуі əбден мүмкін ғой. Міне, осыдан болса керек, бұл тектес перифраздар көбінесе еркін (окказионалды) сипатта болады. Олардың тұрақты (узуалды) деңгейге көтерілуі өте сирек. Бірақ оңдайлар жоқ та емес. Мысалы, «Қайда барсаң Қорқыттың көрі», «атаңның басы», «қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан».
… Қаз қатар дəрігердің шипасы тұр.
Ішпепті.
Қаз қалпында менсінбейді (М. Мақатаев).
Вальпарайсо ілесіп бара жатыр,
Бостандықтың құрбаны – өліктермен (Сонда).

Ə. «сын есім + зат есім» моделімен жасалған перифраздарда грамматикалық тұрғыдан бірнеше құрылымдық түрге бөлінеді:
1) «сын есім + зат есім»: жасыл көрпе, ақ қант, ақ орда, қара арғымақ, ауыр кілем, ақ сиыр, т. б.
Бұл заманның сол заман, Күннен – күнге түрленген.
Ақ ордалар ойран боп
Ақ сүйектер сүрінген (І. Ж.).
Жылқыда өрен жүйрік қара арғымақ,
Мойыны жануардың бунақ-бунақ,
Айылын екі жерден мықтап тартып, Кетеді қамшы бассаң зулап-зулап (Қ. Ж.).
Сатайын десем ауыр кілем,
Сатпайын десем тəуір кілем (Сонда).
Ақ сиыр тұрып кетер,
Қара сиыр жатып қалар (Сонда. Қардың кетуі).
Кішкентай ақ безер,
Жер дүниені кезер (Сонда. «Күміс ақша»).
Жалын мен су барып-барып басылсын,
Мөлдір моншақ жағаға кеп шашылсын (М. Мақатаев).
Көзіңнің жасын көрмесем екен сенің мен, Қайғыңнан сенің қабырғам талай сөгілген.
Қара көзіңнен қара моншақтар төгілген,
Қалған тұқыммын – қара моншақтан себілген (Сонда).
Жазира, жасыл кілем, өрнектеген,
Туған жерге, дариға, жер жетпеген (М. Мақатаев).
Адам тіктеп көре алмас күннің көзін, Сүйіп, жылып тұрады жан лебізін.
Қызыл арай сары алтын шатырына
Күннің кешке кіргенін көрді көзім (Абай).
Піскен түйнек сенде бар,
Алтын кездік менде бар,
Əуестікке қолға алып,
Жаздырмаққа келгенмін (Ер Қосай).
Мына модель бойынша жасалған мысалдарға көз жүгіртетін болсақ, оның ішінде тұрақтаған перифраздар да, еркін (поэтикалық) перифраздар да кездеседі екен. Бұл қазақ тіліндегі ең көп тараған түрі. Бұл модельдің бір-бірімен қабыса байланысқан түрі.
2) «сын есім + зат есім» (тəуелдік): бұның мүшелері бір-бірімен матаса байланысады. Тіркестің екінші мүшесіне тəуелдік жалғауы жалғанып жасалынады.
Көк лағым көгенде тұрып семірген (Қарбыз).
Қара күшігім қабаған,
Артына киіз жамаған (Қақпан).
Сайлардан самал ескенде,
Алыстан Ай кеп, Шыңдарын,
Ақ сəлдесін шешкенде,
Керуен – бұлттар көшкенде … (М. Мақатаев).
Айқұш-ұйқыш зарядтар дір еткенде,
Тамыр бойлап, ток ойнап жүректерде,
Ақ моншасын аспан да шашып алып, Нұр жамырап жөнелсе түнектерде (Сонда).
Əлдилеп ақ төсінде, бермей тыным, Ақ айдын ақ мүсінін тербейтұғын.
Бұл көлге мылтық алған саятшы емес, Тірі жан аяқ басып келмейтұғын (М. Мақатаев).
3) «сын есім + зат есім (септ.)»: Бұлар тіркестің екінші мүшесіне септік жалғауының біреуінің жалғануы арқылы жасалады.
Жанында жайдың оты жарқылданған, Табанда тап берсе жау тартынбаған.
Халықпыз ақ алмасты айға жанып,
Күл қылып жауды талқандаған (А. Ж.)
Оңаша, жалғыз, отырмын жұмсақ мақпалда, Қоямын қарап, жеңешем кеткен шатқалға.
Оңбаған ойлар, оралып жатыр қайтадан,
Сонау бір өткен, сонау бір сұрқай шақтарға (М.Мақатаев).
Аппақ қыстың бояуы,
Аппақ қыстың бояуы, Ақ көрпеге орайды,
Ақ қар байтақ даланы (С. О.).

Талма түс. Маздап тұр шуақ күн.
Көркін-ай көк, жасыл құрақтың.
Саялар жандарын сиырлар,
Жағасынан паналап суаттың (М. Мақатаев).
Сүйінші бер дегендей бір толықсып, Сыбырлайтын «Жетім көл» Алатауға. Тына қалып бұлбұл жаға – талда, Қарайтұғын айдынға, ақ отауға (Сонда).
Б. «сын есім + зат есім». Бұл модельмен жасалған перифраздар онша көп болмағанмен, ептеп кездеседі. Қартқожаға да бір төрт сирақ табылды (Ж. А.).
Көрсе көзің алар тыныс, Екі сəулем ерке еді (С.С.).
Екі кербез қатар түзеп
Көлдің келді шетіне (С.С.)
Күміс суды жұмсақ сызып, Екі сұлу сыланды (Сонда).
Тоғыз белбеу, қос жібек, Екі мұрын, бір шүмек,
Өлсем де « Көк кептерге» бір соғайын, Қу тақтай екі шекті əпер бері!
Аузыма айырыларда сөз салмасаң,
Қонғаның өлең шіркін бекер ме еді? …
Екі антқа жаны ашысын кім елжіреп, Беттеріне түкірді бəрі де кеп,
Борсақтың басты адамы батыр Қиял
Болмады: «Таспен атпай, дарға асам!» – деп (Шəкəрім).
Бекзаданың бейнесі мүсінінде,
Бұл өлкеде болмаған кісі мүлде,
Қос жанары қараса от шашады, Тəкаппарлық тулап тұр пішінінде.
Бұл мысалдарға «төрт сирақ» əйтеуір мінуге жарайтын ат, ал «екі сұлу», «екі кербез» тату-тəтті өмір сүріп жатқан жұбай аққулар. Ал «тоғыз белбеу», «қос жібек», «екі шек» деген тіркестермен домбыра сөзінің бірнеше варианттарын бере білген. Бұл перифраздардың жасалуына себеп болып тұрған нəрсе – сан есімдер мен синекдохалық мағынадағы тіркестер.
Қорыта айтқанда, екі мүшелі перифраздарға құрылымдық жəне семантикалық тұрғыдан талдау жүргізгенде, олардың құрамындағы сөздердің мағыналық қарым-қатынасына көңіл аудару қажет. Екі мүшелі перифраздардың екінші сыңары ауыспалы мағынада, яғни коннотативтік ыңғайда жұмсалады. Айталық, «қайыңдардың көйлегі» тіркесіндегі «көйлек» сөзі «жапырақ» деген мағынаны білдіріп, ауыс мəнде қолданылып тұр.
Қазақ тіліндегі тұрақты сөз тіркестері өзінің құрамы жағынан қаншалықты сан алуан болып келсе, сыңарларының бір-бірімен байланысу тəсілі жағынна да соншалықты сан алуан болып келеді. Тіліміздегі еркін сөз тіркестері тəрізді тұрақты сөз тіркестері өздерін қоршап тұрған басқа сөздермен немесе сөз тіркестерімен үнемі байланысқа түсіп отырады. Əйтсе де, еркін сөз тіркестеріне қарағанда, тұрақты сөз тіркестерінің басқа сөздермен байланысып, тіркеске түсу мүмкіншілігі шектеулі. Себебі, біріншіден, тұрақты сөз тіркестері өздерінің құрылымы жағынан күрделі (кем дегенде екі мүшелі) болып келеді.
Екіншіден, жеке сөз тіркестерінің бір компоненті барлық жағдайда ауыс, бейнелі мағынада жұмсалуы – заңды құбылыс.
ҮШ МҮШЕЛІ ЕСІМ ПЕРИФРАЗДАР
Есім перифраздардың екінші бір тобы – үш мүшелі перифраздар. Бұлардың 4 түрі бар: «зат есім + зат есім + зат есім»; «сын есім + зат есім + сын есім»; «сын есім + сын есім + зат есім», «сын есім + зат есім + зат есім» болып үш топқа бөлінеді.
а) «зат есім + зат есім (ілік) + зат есім (тəуелдік)»
Бұлтттың жібек пердесін
Судырлатты жел түріп (С. Мəуленов).
Бақа-шаян, айуандар не түрлі,
Сол күнəні қалайтындай секілді.
Басқа шығып бал шарабы көктемнің! Балбыратып, мазамызды кетірді (М. Мақатаев).
ə) «зат есім (ілік) + сын есім + зат есім (тəуелдік)».
Бұл модельде жасалған перифраз көбінесе құбылыстары атауларының орнына жүріп, олардың суреттемелі атаулары қызметін атқарады.
Ұшан теңіз.
Жердің семіз
Тəні болып иген соң (С.С.).
Күздің желі ұшырған,
Жаздың жасыл желегін (С. Мəуленов).
Егер бірінші мүше ілік септігіндегі зат есім болса, онда бірінші мүшесі түспейді, егерде бірінші мүше есімдік болса, ол көбінесе түсіп қалып, оның орнына мысалы, «ақ, қара, қызыл» деген сияқты түр-түсін білдіретін сын есімдер қолданылады.
Мысалы:
(Менің) Қара сиырым қарап тұр,
(Менің) Қызыл сиырым жалап тұр (Жұмбақ).
(Менің) Ақ сандығым ашылды, Ішінен жібек шашылды (Жұмбақ).
Бұл тіркестерде ілік септігінде есімдік түсіп қалып, ол, зат есімге (сиыр, сандық) жалғанған тəуелдік жалғауынан белгілі болып тұр.
б) «сын есім + сын есім + зат есім»:
Ұшқындап сəні кеткен ағаштарға, Ақ күміс шашақ болып көрік бердің (С.С.).
Сусылдап жасыл ала жібек қанат,
Шырқайды жазғы өмірдің күйін күйлеп (Сонда).
«Жұмбақтас» – бейне арыстан шөгіп жатқан, Айбатты жалбыр жалын төгіп жатқан (С.С.).
Қош бол, көк, көкшіл түсті жібек торғын, Саянда жігіт болып өсіп-өндім (М. Мақатаев).
Бұл моделі бойынша жасалған перифраздардың мағынасы екі мүшелі перифраздармен бірдей. Тек мұнда ауыс мағынада қолданылып тұрған соңғы мүшені қабаттаса қолданылған сын есімдер мейлінше бейнелеп, айшықтай түседі.
в) «сын есім + зат есім + зат есім» моделі.
Көктің күні өрттей сөніп батқанда,
Қара барқыт шапанын түн жапқанда (С. Мəуленов).
Ажал жүрді қуып,
Ақ қанат періштелер (С. Мəуленов).
Ақ көйлекті,
Сұлу текті,
Жасыл шашақ желекті (С.С.).
Қазақ тіліндегі перифраздық тіркестердің бəрі бірдей матаса байланысуы шарт емес. Мына мысалдарды морфологиялық жағынан қарасақ, «сын есім + зат есім + зат есім» тіркесі де, ал синтаксистік жағынан алып қарасақ, бұлар қабыса байланысқан тіркестер.
КӨП МҮШЕЛІ ЕСІМ ПЕРИФРАЗДАР
Қазақ тілінде көп мүшелі есім перифраздар да баршылық. Құрылымы жағынан көп мүшелі тұрақты сөз тіркестері екі жəне үш мүшелі перифраздарға ұқсас болғандықтан, олардың құрылымдық сипатына түбегейлі тоқталып, тек кейбір өзіндік ерекшеліктерін атап өтелік.
Көп мүшелі перифраздарға біз төрт мүшелі жəне одан да көп сөз тіркестерінен тұратын перифраздарды жатқыздық. Көп мүшелі перифраздар құрылымы жағынан, əдетте, «сын есім + зат есім + сын есім + зат есім» немесе «сын есім + зат есім + зат есім + сын есім » тектес болып келеді.
Мəселен,
а) «сын есім + зат есім + сын есім + зат есім»:
Ағашта жапырақтар сылдырлайды, Төгілген алтын тенге сансыз жалқын (С.С.).
ə) «сын есім + зат есім + сын есім + зат есім (септік)»:
Жібектей күймен толғап аяладың,
Көк шыбық, құралай көз сұлу затты (Сонда).
б) «сын есім + зат есім + сын есім + зат есім (тəуелдік)»:
Төсінен шықты қай таудың
Ақ толқын ерке аруым (С. Мəуленов).
Өзінің жасыл желек жас аруын
Оқжетпес күзетеді бағып сырттан (Сонда).
Жетісу – сері жанды жер еркесі (Сонда).
Көріп отырғанымыздай, аталған сөз тіркестері негізгі немесе туынды сын есімдіктердің негізгі немесе туынды зат есімдердің тіркесуінен жасалған. Мұндай тіркестер мағыналары еркін сөз тіркестерінен құралғанымен, құрамы мен қолданылуы тұрғысынан тұрақты болып келеді. Мəселен, қара толқын, ақ желек, құралай бас деп ауыстырып айтуға болмайды. Өйткені толқын, желек, көз деген қазық сөздерге тек осы сын есімді сөздер ғана тəн, екеуі тіркесіп əдемі, көркемсөз тіркесі болып тұр.
Келтірілген мысалдарға қарап отырсақ, перифраздың грамматикалық ерекшеліктері фразеологизм сияқты (фразеологизм мен перифраздың антологиялық табиғаты бір (қазақ тілінің жалғамалы, агглюнативті) сипатымен астасып жатыр. Яғни грамматикалық өзгерістер перифразбен, фразеологизмнің синтетикалық тəсілмен де, анатикалық тəсілмен де (синтаксистік) жасалуынан келіп шығады. Мұның өзі «есім + есім», «есім + етістік» (əрі бұлардың күрделі түрі) тізбектердің қай-қайсысына да ортақ норма. Тіркестердің (анықтауыш + анықталушы) соңғы мүшесі өзінің негізгі мағынасын сақтап, тиянақты келетін болса, анықтауыш мүшесі ауыспалы мағынада қолданылады. Абъективті тіркестердің (сын есім, сан есім, сан есім мен сынға айналған зат есімді, немесе сын есім, сан есімнен кейін жасалған туынды өзге есімді тіркестер) анықтауыш мүшесі осы ізбен жасалады. Адвербиалды тіркестер де жоғарыдағыдай бір сыңары (алғашқысы) негізгі мағынада жұмсалып, кейінгі мүшесі туынды мағынада тұрады.
ЕТІСТІКТІ ПЕРИФРАЗДАР
Қазақ тілі сөз таптарын, сөз тіркестерін, оның ішінде етістіктерді зерттеп, еңбек жазған ғалымдар едəуір. Соның бірі – проф. А.Ысқақов. Ол қазақ тіліндегі сөздерді топтастыра келіп, құранды етістіктер тобына: «құбылыстары жағынан жай синтаксистік тіркестерге ұқсас та, құрылымдас та болып келгендерімен компонеттерінің арақатынастары жағынан лексикаланған, идиомаланған тіркестерге жақын күрделі (құранды) формаларды бөлуге болады. Ондай құранды тіркестерге «бас қос», «көз сал», «қол үз» деген əрі идиом, əрі фраза есебінде қызмет ететін формалар жатады», – деп көрсетеді (Қазіргі қазақ тілі, 1974, 27-бет).
Ал Р. Жайсақова қазақ тіліндегі фразеологизмдердің семантика-грамматикалық құрылымдарын қарастырған. Сөйтіп, етістікті фразеологизмдердің жасалу жолдарын бірнеше топқа бөліп көрсетеді. Осы еңбектерге сүйене келіп, біз де перифраздардың етістікті формаларын бірнеше топқа бөліп қарастырдық.
«Есім + етістік» тіркестері де «есім + есім» тіркестері іспеттес, яғни есім мүшесі негізгі мағынада тұрса, етістікті мүшесі негізгі мағынада тұрса, етістікті мүшесі туынды мағынада жұмсалады. Мысалы: көзі ілінеді, табаны тайды.
Сонымен, есім перифраз сияқты етістікті перифразды да екі мүшелі, үш мүшелі жəне көп мүшелі деп үш топқа бөлдік.
ЕКІ МҮШЕЛІ ЕТІСТІКТІ ПЕРИФРАЗДАР
Екі мүшелі етістікті перифраздардың да екі түрлі модельмен жасалатынын мысалға алынған материалдан аңғаруға болады:
а) «зат есім + етістік (көсемше)»
Біржан сал ажал айдап өзің келдің, Іздеуге ойланып едім өткен жолы (Айтыс).
Сүйегім бір ағармай келе жатыр,
Көрініп жеккөрінішті ауылдасқа
Ақ орда үйім болса жаз тігетін,
Саф алтын сары орақтан сары ағашқа (Сонда).
Ажалым жетіп осыдан, Өліп кетсем орным жоқ, Өзіңе мəлім бұл жағым,
Қамбар деген мен едім, Екі күн уəде деп едім,
Егер сенің қолыңда,
Ажалым жетсе, өлемін (Қамбар батыр).
Қазақтың қан жылап жатқаны мынау (Ж. А.).
Жүніс ыңғайлы, əйелге жұғымды Қартқожаны жеңге қылып, Шəмкеш деген қызбен сөйлестіріп жүрген кезі де (Сонда).
ə) «зат есім + етістік (жіктік жалғау)»:
Аңламастан сөйлесең, Ауырмай-ақ өлесің.
Азар берсең кісіге,
Өзің де азар көрерсің (Мың бір түн).
б) «зат есім (тəуелдік) + етістік (жіктік жалғау)»

Ит қалмақ көзің ағарды,
Ақиқатпен білмейсің
Ажалыңмен келгін (Қыз Жібек).
Немереңді танымай,
Көзің неден ағарды? (Алпамыс).
Жоғарыдағы мысалдардан байқап отырсақ, «зат есім + етістік», «сын есім + етістік» моделімен жасалған сөз тіркестері морфологиялық тұрғыдан, əдетте, бірінші мүшесі зат есімге немесе заттанған арқылы жасалады, ал екінші мүшесі етістіктің болымды не болымсыз түріне көсемше жұрнақтарының бірі немесе жіктік жалғауларының бірі жалғануы арқылы жасалады екен.
Үйірінен адасқан тентек едің, Тентегім-ай, үзілді ерте демің.
… Қарасаңыз мінеки, əлдилеуде,
Əлсін-əлі жаңартып көрпелерін (М. Мақатаев).
Қимылдаған тіл мен жақ, Жетеуім тірі жүргенде Қаптап еді кəрі аруақ.
Баладан кемдік көргенде
Жаңа туды шамшырақ (Ер Қосай).
Қаза келсе, малдыдан мал таймай ма?, Ажал жетсе, батырдан жан таймай ма?
Азар болса, күйеуің жастау шығар,
Жарлы байып, жас өсіп қартаймай ма? (Шəкəрім).
ҮШ МҮШЕЛІ ЕТІСТІКТІ ПЕРИФРАЗДАР
Үш мүшелі етістікті перифраздар да құрылымы жағынан сан алуан болады. Мəселен,
1. «зат есім + зат есім + етістік»;
2. « зат есім + етістік + көм. етістік»;
3. «зат есім + етістік + зат есім»;
4. «зат есім + сын есім + етістік»;
5. «сан есім + етістік + етістік».
1. «зат есім + зат есім + етістік» моделінің өзі грамматикалық тұрғыдан бірнеше құрылымдық типтерге бөлінеді:
а) «зат есім (септік) + зат есім + етістік (жіктік
жалғау)»
Бұл Керей деген ағаштан түйін түйеді деуі рас екен. Ағашқа шебер екен бұл Керейің (С. М.).
Ұлы Октябрь жеңістерін жыр еттік, Сонда маған пайда болды жүректік.
Жауған оқтың жарып өтіп дауылын,
Көзді ашып, көкірекке гүл ектік (М. Х.).
ə) «зат есім + зат есім (септік) + етістік (көсемше)»
Осы жерде ұры еместі ұры ғып, құтырып талай саққа, ағаш атқа мінгізіп жатқан кез ғой, – деді Жарасбай (М. Ə.)

б) «зат есім (тəуелдік) + зат есім + етістік (жіктік)»
Таудай толқын қайықты ысырғанда Гүлбанудың иманы ғасыл болды (С.М.).

в) «зат есім (ілік) + зат есім (тəуелдік) + етістік» Тел қозыдай шіркінмен намысты едің!
… Аңырамын иесіз жағалауда,
Айырылып достықтың кемесінен (М. Мақатаев).
О, Елім! Неткен намысты едің!
Өртенсін жауың, өртенсін.
… Келіп ең, жауым, маршпен
Өлімнің сазын шертерсің (М. Мақатаев).
Айналып түннің жалауы.
Жығылды түннің жалауы.
Алауын баспай ақ таңның,
Жұлдыздар сөніп барады (Сонда).
Жас алпысқа келгенде Қайратымды түйейін.
Алты ағамның соңынан Шаһит кебінін киейін (Ер Қосай).
г) «зат есім + етістік (есімше) + көмекші етістік»
Суырып қанмен даланы, Өлім екпек болады,
Дүниеде барлық баланы
Жетім етпек болады (Қ. А.).
ғ) «зат есім (тəуелдік) + етістік + көмекші етістік»
Олардың бетіне қараған соң, жүрегі орнығайын деді, сөйтсе де кемпірдің түсі суық, көзінің астымен еріксіз қарап қояды.
Тоқта, тоқта жүз қатын,
Қырқылған шығар қанатым. Мұқалған шығар болатым? (Ер Қосай).
д) «зат есім (септік) + етістік + көмекші етістік» Қара жерімдей қайыспай менің төзімдім, Көрмесем екен жылаған сенің көзіңді.
Көзіңде жасың, көңілінде сөзіңді,
Есітпей, көрмей, жамылсам екен бөзімді (М.Мақатев).
е) «зат есім (тəуелдік) + етістік + зат есім (септік)»
Ақылы жоқ басқа Адырайған көз бітеді.
Дуасы жоқ ауызға
Сылдырлаған сөз бітеді (Мақал)
ж) «зат есім + етістік (есімше) + зат есім»
Өр өмір түн пердесін жамылған, Алып ми, мүмкін, ауырлауда.
Ол да мүмкін, қасында столының
Адамзаттың сақшысы дамылдауда (М.Мақатаев).
Туғалы түз көрмеген сорлы … Кім біледі … ауырып сырқағандай күн бола ма? (Ж. А.).

Жеті атаңды өлтірген,
Жанына қаза келтірген
Тоқтаболат, Тасболат,
Ода келді жалғыз тақ (Ер Қосай).
з) «зат есім (септік) + етістік + етістік» Қадамның құтты болсын, қарағым! Қосағыңмен қоса ағар! (М. Ж.).
и) «сан есім (септік) + етістік + етістік» Ерттеп мініп елуді,
Жүзге тартып жөнелдің (С. Мəуленов).
к) «сан есім + зат есім + көмекші етістік»
… Осы сөзді айтқан соң,
Тоқболат патшаның
Бір 61 болды заманы,
Ұлықтың ауды табаны… (Ер Қосай).
л) «зат есім + етістік (көсемше) + көмекші етістік» Талайдың таудай күшін талқан қылып, Емі жоқ екпінді ажал бұзып өтті.
Жете алмай мақсұтына Еңлік – Кебек, Арманда екі ғашық өліп кетті (Шəкəрім).
КӨП МҮШЕЛІ ЕТІСТІКТІ ПЕРИФРАЗДАР
Етістікті перифраздардың келесі бір шағын тобы – көп мүшелі етістікті перифраз. Көп мүшелі есім перифраз сияқты бұған төрт немесе одан да көп мүшелерден тұратын перифраздарды жатқызып отырмыз.
Мəселен,
Əйел кемпірдің сөзін естігенде, аза бойы тік тұрып, қорқып кетті (Мың бір түн).
Есік пен терезеге кезек қарап, екі көзім төрт болып, анамды күтемін (Ə.Н.).
Сот Мүсіретəлиев қара суды теріс ағызып,
Күзембаеваның пайдасына 450 сом төлеуге тиіс деп үкім шығарды («Қазақ əдебиеті»).
Көп мүшелі етістікті перифраз сөйлемде көбінесе сабақтас құрмалас сөйлемнің бір мүшесі болып келеді.
Ол құрылымы жағынан алуан түрлі.
а) «сын есім + зат есім + сын есім + етістік»,
ə) «сын есім + зат есім + көмекші етістік»,
б) «сан есім + зат есім + сан есім + көмекші етістік».
Мəселен, жоғарыдағы үзінділердегі қара суды теріс ағызу, аза бойы тік тұру, екі көзі төрт болу тəріздес перифраздар – осының дəлелі.

Құрылымы жағынан сөйлемге тең сөз тіркестері (яғни сабақтас құрмалас сөйлемнің бір құрамдас бөлшегі) түрінде болып келген фразеологиялық орамды проф. Қ.Аханов коммуникативті жəне номинативті деп екіге бөлген. Коммуникативті фразеологизмдер құрылуы жағынан да, мазмұны жағынан да сөйлеммен бірдей келіп, хабарды білдіреді. Фразеологиялық сөз тіркестерінің бұл түріне мақал-мəтелдер, қанатты сөздер, афоризмге айналып кеткен тіркестерді жатқызуға болады. Мысалы: төбе шашы тік тұру; шегірткеден қорыққан егін екпес; Сырдың суы сирағынан келмейді. Ал номинативтік фразеологизмдер жасалу жолдары, құрылымы жағынан сөйлемге ұқсастығымен, мағына тұрғысынан алып қарағанда да толыққанды сөйлем емес. Яғни мұндай фразеологизмдер сөйлеммен тек формалды түрде сəйкес келеді. Мəселен, жүрегі тас төбесіне шықты; қызыл сөзден бал жақты; мұртын балта шаппайды, т.б. Мұндай фразеологиялық сөз тіркестерінің барлығы «құрылымы жағынан сөйлем тəрізді болғанымен, мағынасы жағынан коммунакативті единица (сөйлем) ретінде емес, тек жеке сөздердің эквиваленті-номинативті единица ретінде ұғынылады жəне қызмет атқарады» [116].

Өмірзақ Айтбайұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *