ЖҮСІП БАЛАСАҒҰННЫҢ «ҚҰТТЫ БІЛІК» ЕҢБЕГІНДЕГІ
ЖАСТАР ТӘРБИЕСІ: ҚЫЗДАР ТӘРБИЕСІ
Мухамеджанова Жадра Молдагалиевна
Көкшетау қ., Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті
Jakondy@mail.ru
Қазіргі қазақстандық қоғам дамуының басты стратегиялық бағыты – жастар тәрбиесі. Жастар тәрбиесі – ертеңгі ел тағдыры. Мемлекеттің, ұлттың, мәдениеттің, әдебиеттің, тілдің тағдыры мен болашағы жас ұрпақтың тәрбиесіне байланысты.
Егемен еліміздің болашақ ұрпақтарының сана – сезімін, ұлттық психикасын оның сонау ерте замандағы ата – бабалар cалт – дәстүрлерімен сабақтастыра тәрбиелеу қазіргі күннің өзекті мәселесі деп ойлаймын.
ХІІ- ХІІІ ғасырлар педагогикалық теорияның қарқынды дамыған тәрбие идеялары өрбіген кезеңі болды. Қазақ педагогикасында орта ғасырда өмір сүрген шығыс ойшылдарына келетін болсақ, олар әл- Фараби, Махмұд Қашғари – ХІ ғ., Жүсіп Баласағұн -ХІғ, Қожа Ахмет Яссауи- ХІІғ, Хайдар Дулати – ХYI ғ. және т.б.
«Құтты білік» дастаның жазып, ең басты құндылығы етіп – тәлім – тәрбие ісін алған Жүсіп Баласағұнның орны ерекше деп ойлаймын. Ол адами тәрбие мен халықтық идеяны жетілдіру сипаттарын «Құтты білік» еңбегі арқылы көрсете алған.
«Құтты білік» — адамшылық мектебі. Бұл мектепте адам баласының басындағы ақыл – сезімнен ажалға дейінгі жақсылы жаманды жағдайлар өлең өрнегіне түскен. Асқар Егеубаев ағамыз айтқанындай: «Құтты білік» — халықтың құты, ырысы болған ілім. Ұрпақтан – ұрпаққа, адамға құт – бақыт берген, береке – ырыс әкелетін білім. Ғасырлар бойы көзі ашық, көкірегі ояу, адам болсам деген ұрпаққа, жұрағатқа адамдық, азаматтық қасиеттерін, әдеп – салихалылық дәстүрін сіңірген кітап» [1,59].
Жүсіп Баласағұн тәрбие мақсатын бір жүйеге түсіруге әрекеттенген. Оның пайымдауынша жақсы сөз, жақсы іс, жақсы тілек – адамды кемелдендіру, өзін — өзі тәрбиелеу, тұлғаны жетілдіруге негізгі ұйытқы. Жағымды мінез арқылы жағымсыз сапаларды жою, ішкі сезім мен күшке қолдау көрсету деп түсіндіреді. Ойшыл ғұлама ғалым оны былай деп мәлімдейді:
— біріншісі — ақыл, оны ашу, өштесу күңгірттендіреді;
— екіншісі — достық, оны күншілдік бұзады;
— үшіншісі — ұлт, оны тойымсыздық, ашкөздік жояды; — төртіншісі — жақсы тәрбие, оған жаман орта әсер етеді; — бесіншісі — бақыт, оны қызғаншақтық бұзады.
Міне мұны автор жоғарыда келтірілген еңбегінде өз тұжырымының дәйектілігіне педагогикалық тұрғыдан мағлұмат береді. Адамның өзін — өзі тәрбиелеуі кей кезде арнайы ұйымдастырылған тәрбиеден де тиімді болып шығады деген пікірде болады.
«Құтты білік»дастанның ең басты құндылығы — тәлім – тәрбие ісі және баланы дұрыс тәрбиелеу ата – ананың қасиетті борышы екенін мынадай жолдардан көруге болады:
1215. Ата еңбегі сіңсе ұлына біртуар, Білінеді ол ұлдың мінез-құлқынан. Жаны жұмсақ — қатты ұстаған баланың, Жүзі жарқын ата менен ананың.
1220. «Ерке-шолжың болса кімнің ұл-қызы, Өзі егіліп, солар мұңнан нұр жүзі.
Бейбастақ қып өсірсе ұлдың қылығын,
Кінәлі — әке, жазығы жоқ ұлының.
1225. Ұл-қыз кесір, болса ессіз, парықсыз,
Жаман қылған бір атасы, қанықпыз… (Кір болса ұлдың көкірегі, қолдары,
Атасынан, тегі сондай болғаны.)
Қатты тұтып, үйретсе ата баланы, Ұл-қызым деп, бақ — барқадар табады.
(Тезге салып өсір ұлды, сүйгесін,
Кейін жауың күліп, досың күймесін!) Ата болсаң, ұлан лағып жүрмесін, Қолдан шығып, кейінгілер күлмесін.
Ұл-қызыңа өнер, білім танытқын,
Өнерімен жақсы құлқы қанықсын!
1495. Ұл-қыз жастай нені білсе марқайып, Соны ұмытпас өле-өлгенше қартайып.
(Сәбиінде көкірекке түйгені
Өлгенінше санасында жүреді!)
Үшбу хатын бітіп, орап, байлады,
Қолын созып, берді ұлына арнайы. [2,175]
Қазақ халқы бала тәрбиесіне өте көп көңіл бөлген. Баланың ана құрсағында пайда болуына, оның өмірге келуіне, оның алғашқы қадамына, алғаш атқа отыруына, алғаш жолға шығуына арналған жеке-жеке әдетғұрпымыз, жол-жоралығымыз бар. Халқымыз сонымен қатар бала тәрбиесіндегі ананың рөлін өте жоғары бағалаған. Аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін көрсетеді.
Ана-барлық өмірдің бастауы. Ол адамды өмірге әкеледі. Ол адамды адам етіп тәрбиелейді. Ол адамды өзінің тілінде, ана тілінде сөйлетеді. Сондықтан ертеңгі ана, бүгінгі қыздарымызды тәрбиелеу ананың және барша қауымның міндеті.
Қыз баланың тәрбиесі ата-анаға да үлкен сын еді. Еңбекке баулу арқылы отбасы алдындағы жауапкершілік сезімін дамытып, психологиялық жағынан даярлайбастаған. Қыздарымыздың асыл қасиеті, жан-дүниесі нәзік, адал махаббат иесі болғандығын, дәулетке, байлыққа, жиһазға қызықпағандығын жыр-дастандардан білеміз. Қазақ қыздары махаббат атты асыл сезімді айрықша қастерлеп, аялаған. Сүйген адамымен қол ұстасып бірге жүрсе, тіпті қатықсыз қара көже ішсе де бақыттымын деп, өмірге риза болған.
«Қыз» ең қасиетті сөз. Қасиетті болатыны бүкіл адамзат қыздан тарайды: қыз келін болады, келін анаға айналады, ал ана әже деген зор дәрежеге жетеді. Осы үшеуі арқылы ұрпақ өсіріп, ұлт қатарын көбейтеді. Ұлттың бойындағы бар жақсы қасиеттерді-тілін, дінін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, дәстүрін немересіне, немересінен шөбересіне жеткізуші, дамытушы, әрине, әйел-ана. Халқымыздың ырысты ынтымағын, береке-бірлігін, туыстың татулығын іске асыратын да, ұйымдастыратын да әйел-ана.
Қыз тәрбиесі туралы ақын былай деген:
Қызыңды үйде бексіз ұзақ ұстама,
Ауырмай-ақ өлерсің сен, құсадан — 4510 бәйіт.
«Өлімнен ұят күшті» — дейді халық даналары, оң босағада отырып бала тапса қыздың ұяты ата анаға түсетінін және оны болдырмауды айтады.
Қазақ халқының болмысында қыз балаға үлкен ілтипатпен қараған, қыз бала тәрбиесіне бүкіл ел болып араласқан. «Қызға қырық үйден тию» деген осыдан қалса керек. Қыз тәрбиесі туралы ақын былай деген:
Қызыңды үйде бексіз ұзақ ұстама,
Ауырмай-ақ өлерсің сен, құсадан. 4510 бәйіт.
Жүсіп Баласағұн өлең жолдарында көңілге қонымды, нақышты тұжырым жасай отырып былай сипаттайды.
Көз көрмесе, көңіліңде тілемес,
Көзің көрсе, көңіл ауу түк емес. 4515 бәйіт.
Қызда бір ет, сақта-бапта қалайда,
Сақтамасаң ет бұзылар, не пайда. 4520 бәйіт.[2, 422]
Ж. Баласағұнның еңбегі жастарымыздың психологиялық ой-пікірінің қалыптасуына, дүниетанымына, көзі ашық көкірегі ояу азамат болып өсуіне үлкен үлес қосады. Білім беру саласының алдында үлкен жүктелген міндет ол азаматтығымыздың, тәуелсіздігіміздің белгісі болып отырған ұлттық құндылықтарымызды қазіргі қоғамның талабына сай қайта жандандырып, мәні мен маңызын ұрпаққа ұғындыру жұмыстарының қажеттілігі өзекті мәселе. Жастардың атадан қалған құнды дүниемізді танып, қажетіне жаратуы керек.
Қорыта айтқанда, жастарға халқымыздың рухани байлығын, мәдениетің, салт-дәстүрлерін терең таныстырып, ойшылдарымыздың тәрбиелік ой-пікірін оқу тәрбие ісінің тірегіне айналдыру, ұлттық тәрбиенің бүгінгі заман талабына сай жаңарған үлгісін жасау – бүгінгі күннің кезекті мәселесі болуы керек.
Әдебиеттер:
1. Қазақстан мектебі. 1993 ж. № 11-№12.
2. Жүсіп Баласағұн. Құтты білік. Алматы «Жазушы» 1986 ж.