ЖАҢА ҚАЗАҚ ӘЛІПБИІ ЖАЙЛЫ ОЙ-ТОЛҒАМ ЖӘНЕ ЕСКЕРЕТІН ЖАЙТТАР

ЖАҢА ҚАЗАҚ ӘЛІПБИІ ЖАЙЛЫ ОЙ-ТОЛҒАМ ЖӘНЕ ЕСКЕРЕТІН ЖАЙТТАР

Молгаждаров Қасиет Какенұлы
Көкшетау қаласы, «Көкше» академиясы

Елімізде жаңа қазақ әліпбиіне көшу мәселесі 1990 жылдан басталғанымен, жаппай қоғамдық тұрғыда белең алуы, ол – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ұлу жылғы Тәуелсіздік күнімізге орай (14.12.12) «Қазақстан
– 2050 Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауынан кейін десек орынды шығар. Шыны керек, әлемдік дағдарыс пен бақ таластық саясаттың өршіп тұрған кезінде және жас тәуелсіз мемлекетіміздің алдында талай қыруар істері тұрғанда «жаңа қазақ жазуына қолымыз жетпей қала ма, саяси тұрғыдан қолдау таппаймыз-ау» деп жүрген қайраткерлеріміздің Елбасы міндеттеген тапсырмасынан кейін, қуаныштары қоныштарына сыймай, білек сыбана кірісіп, келешек Қазақ елі үшін өте маңызды іс екендігін сан мәрте баспа беттеріне жазып та, арнайы телеарналардан айтып та, түсіндіріп те келеді. Әрине, қандай үлкен істерде болмасын сын көзбен, сақтықпен, түсінбестікпен қарайтын оң-теріс пікірлердің қалыптасуы заңдылық. Зерттеп қарасам, ақпарат тарату көздерінде (теледидар, газет-жорнал, ғылыми жинақтар т.б.) жаңа әліпбиімізге қатысты әртүрлі көзқарастағы негіздер мен даулы мәселелер біршама орын алған. Мәселен, жаңа әліпби мәселелеріне қатысты мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындары студенттерінің пікір-сайыстарында, ғылыми конференция материалдарында, газет-журнал беттері мен телеарна бағдарламаларында қазақ тілі мен әдебиетінен беретін ұстаздар, зейнеткерлер, сенаторлар, мәдениет пен қоғам қайраткерлері, журналистер мен әдебиетшілер, лингвист және информатик-программист мамандар, шетелдегі қандастарымыз бен елімізде тұрып жатқан басқа ұлт өкілдері тағы басқа көпшілік қауым өз ұсыныстары мен көзқарастарын, қуаныштары мен өкпе-наздарын, парасатты ойлары мен ескертпелерін ортаға салып, талқыдан өткізіп, том-томдап білдіруде. Тіпті «Хабар» телеарнасынан өтіп жатқан «Жігіт сұлтаны» сайысында да жаңа әліпбиге қатысты нұсқалық жобасын ұсынған үміткер де болды (27.04.2013ж. сағат 24:45-те). Бірақ, жаңа қазақ әліпбиін жасаушылар, мұрындық болып, нүктесін қоятындар тілші-фонолог ғалымдар мен әлемдік дәрежедегі техниканың тіліне бейімдей алатын информатик-программист мамандардың болғаны жөн. Елбасы өз сөзінде мұны тілші мамандарға тапсырғанын білеміз. Мұны айтып отырған себебім, баспа беттеріндегі жаңа қазақ әліпбиіне қатысты айтылған теріс пікірлердің көбі «тіл мен таңбаны немесе дыбыс пен әріпті» шатастыруы салдарынан болып отыр. Сөздің айтылуы мен жазылу мәселесін айыра алмайтындардың пікір білдіруге құқы болғанымен, жөн сілтеп, кесірі тиетін, әсіресе, ғаламтор арқылы бекімеген дүбәрә әліпби жобаларын ұсынбағандары дұрыс (АймагановЖ.Н. www.burabay.com). Біз ылғи да көпшілік қауымға қазақ тілін, ана тілімізді өзгерткелі жатқан жоқпыз ғой, тек шартты түрде жазуымызды, таңбамызды, әрпімізді, әліпбиімізді қазіргі жаһандану заманына сәйкес жаңартып, қисынсыз еміле-ережелерімізді түзеткелі жатырмыз деп айтумен келеміз. Егер әлемдік ғаламтор мен техника тілі «кириллица» болғанда, онда басқа әліпбиге көшу мәселесі сөз болмай, тек кейбір әріптерге байланысты жазу еміле-ережелерді қайтадан қарап, түзетулер енгізумен шектелуші ме едік. Өкінішке орай, олай емес. Бүгінде егеменді еліміздің болашағы үшін, дамуы үшін латын жазуы маңызды болып отыр. Сондықтан бұл істе баршамыз «Бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығаруымыз керек. Ал теріс пікірдегі адамдардың кейінірек ойлары мен көзқарастары бір жақты болатынына сенімдімін.
Жалпы латын жазуының таңбалары тарихи тұрғыдан сонау финикий, грек, көне түркі тағы басқа жазуларымен байланысты екенін тіл тарихын зерттеуші ғалымдар жақсы біледі. Біз оның тарихи тереңдігіне бармай, көпшілікке түсінікті қазақ жазу тарихындағы латын жазуына қатыстысын сипаттап өтелік. Ең алғаш латынға көшу мәселесін XIX ғасырда иран ғалымы Малкомхан ұсынғанмен, иран жерінде мұны іске асыру мүмкін емес еді. Оны әзербайжан жазушысы Мирза Ахундов қолдаған, кейін 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін қайта көтеріліп, В.Ленин «Латындастыру – күншығыстағы революция» деп айтқан соң, Ағамаоғлы, Н.Наримановтар бастаған іс, негізінен 1924 жылы Бакуде өткен коференциядан кейін Әзербайжан елі латынға көшумен тынған болатын. Қазақстан латынға 1929 жылы көшкенімен арагідік толықтырулар мен өзгерістер болып тұрды. Мәселен, 1930 жылы бас әріптері бекітілсе, 1938 жылы алғашқы 29 әріп 34-ке (в, и, ф, ю, я) жетті. Одан әрі 1940 жылы 10-қарашада Кеңес одағындағы халықтардың бәрі дерлік бірыңғай кирилицаға көшкен еді. Бұл жазуға да толықтырулар мен түзетулер енгізіліп, (Қазақстанда) 1957 жылы ғана 42 әріп болып нүктесі қойылды. Жалпы қай жазуды алып қарасақ та мейлі өткен кезеңдегі болсын, қазіргі көшіп жатқандары (Әзербайжан, Гагауыз, Өзбекстан, Түркіменстан) болсын, қабылданған әліпбиге толықтырулар мен өзгертулер енгізіліп тұрады. Мысалы, 1993 жылғы қабылданған жаңа өзбек әліпбиінің іске асырылуында толықтырулар мен өзгертулер қажет болғандықтан президентінің жарлығымен нүкте қою мерзімі 2005 тен 2010 жылға ұзартылғанын, Азербайжан 10 жылдан кейін 2001 жылы 1 тамызда толық көшкенін білеміз. Яғни, «көш жүре түзеледі» демекші қанша «жеті рет өлшеп, бір рет кескенімен» жаңа істің дамуы мен қалыптасуында уақытты және небір тосын жағдай-құбылыстарға байланысты өзгертулер мен толықтырулардың болатыны сөзсіз. Сонымен қатар әр ұлттың әліпбидегі әріптік саны да біркелкі емес. Мысалы, 1940 жылғы кириллицаға көшкен – өзбек тілінде 35 әріп, ұйғыр мен қарақалпақ тілдерінде 41 әріптен, қырғыз тілінде 36 әріп, түркімен тілінде 38 әріп, қазақ тілінде 42 әріп. Сол сияқты 1993 жылғы көшкен әзербайжанның жаңа әліпбиінде 32 әріп пен бір апостроф, өзбекте 26 әріп пен үш әріптік тіркесті графема болып әртүрлі қалыптасқан. Ал бізде газет-журнал беттерінде берілген жаңа латын әліпбиінің әріптік саны 26 мен 36 аралығында ұсынған жобалары бар. Солардың барлығын мұқият қарап, талдаулары мен түсініктемелерін оқып шықтым. Соның ішінде кейбір әріптерді таңбалаулары ойға қонымды болғанымен, жалпы қазақстандықтар үшін жарамсыз болып отыр. Ал, Ж.Аймагановтың ғаламторға жеке меншіктеп алған қазақ әліпбиін енгізуі өте қате. Ертеңгі күні нақты бекітілген жаңа әліпби қолданысқа енген кезде, ала-құлалық, шатастыру зияны бел алып, кедергі болатыны сөзсіз. Сондықтан үкімет тарапынан мұндай істерге қатаң түрде тыйым салынғаны жөн. Менің ұсынып отырған жобам да мінсіз немесе «менікі өте қойсын» деген мақсатта жазылған емес. Жалпы жаңа әліпбиді жасау үшін арнайы құрылған комиссияның назарына ілініп, керегіне жарап жатса болғаны. Егер «Бас-басына би болып», әркім өзінің әліпбиін интернет арқылы ұсынып жатса, масқараның көкесі сонда болмақ. Дәлен Кішкентайұлының арнайы зерттеп көрсеткеніндей «қазақ» сөзінің ағылшынлатын таңбасында 25 түрі жазылғаны сияқты дүбәра күйге түсетініміз анық (Ана тілі. №41).
Негізінен кирилицаның жартысынан астамы – латын әріптері. Латын әліпбиі б.з.д. YІІ ғасырда 21 этрусстік символдан пайда болып, б.з.д. І ғасырда Грецияны жаулап алғаннан кейін бұған 2 әріп қосылып, б.з. 100 жылы қазіргі күні қолданылып жүрген 23 әріп қабылданған (Л.Қ.Шотбақова «Көмекші тарихи пәндер». Қарағанды, 2003. 11б.). Жазу тарихының бер жағынан алып қарасақ көне грек жазуының нұсқасына негізделген кириллица – ежелгі славян әліпбиі. Яғни, тек орыс халқынікі ғана емес, украин мен беларустарға да тиесілі. Кириллица деп аталуы – славян жазуының негізін салған Константин Кирил есімімен байланысты болып, Ресейге X-XI-ші ғасырларда христян діні арқылы енгізілді. Ал түркі халықтарына енгізу мерзімі латыннан бұрын 1861 жылы көтерілген. Осы жылы миссионер Н.И.Ильминский кирилл әліпбиін ұсынып, қазақ тілі мен әдебиетін кириллицамен жазды. Кейін В.Радлов, Ы.Алтынсариндер де қолдап, еңбектерін жазғаны белгілі. Алайда, осы жазудың нүктесі тек 1940 жылы қойылғаны жайлы жоғарыда айтылып өтті. Сонымен 1929 жылы 29-қаңтарда арнайы қаулымен қабылданған латын әліпбиін былай қойғанда, орта ғасыр жазба мұрасы «Кодекс Куманикус» атты қыпшақ тілінің жиілік сөздігі де көне латын әрпімен жазылған. Сонда латын әліпбиі үшінші рет қазақ жазу тарихынан бой көрсетпекші. Елбасымыздың «Бір кездері тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз» деуі осыны меңзесе керек. Сонымен қазақ халқы бір басынан бірнеше жазу түрлерін өткерген. Мысалы, көне түркі руника жазуы мен көне ұйғыр жазуын былай қойғанда, ислам діні арқылы орныққан араб жазуы 1924 жылға дейін, А.Байтұрсыновтың араб емлесіндегі «Төте жазуы» 1929 жылға дейін, 1940 жылға дейін латын жазуы болса, 1940 жылдан бүгінгі күнге дейін кириллицамен жазып келеміз. Мұндай өте қысқа да мүмкін емес мерзімде сұрқия саясаттың әсерінен 16 жыл ішінде үш рет жазуымыздың өзгертілгені бізге сабақ болу керек. Осыған қатысты Елбасы бір сөзінде саяси күшпен, еріксіз қабылданған жазуға қарсы екендігін айта кеткен болатын. Ал енді осыны екінші бір қырынан байқап көрсек, ол – дүние жүзінде тап осындай күрделі жазу тарихы бар, 16 жыл ішінде 3 рет жазуы өзгертіліп, соны мойымай көтере де меңгере білген ұлы қазақ халқымен тең келер ешбір ел жоқ екенін мақтанышпен айтуымызға да болады. Егер түркі халықтарының жазуына арналған «Түркі полиграфиясы» жазылған күнде, соның ішінде ең күрделісі де, маңыздысы болып қазақ жазу тарихы орын алатындығына еш күмәнім жоқ.
Енді көпшілікті мазалап жүрген сауалдардың бірі – латын негізіндегі жаңа қазақ жазуы қандай болмақ? Қандай жақсылықтары бар, ұтатынымыз не және кемшіліктері қандай дегенге келер болсақ мынадай:
Біріншіден, кириллица жазуы – (Ә. Жүнісбек айтқандай) орыс-қазақ әліпбиі. 1957 жылдан бастап, бір дыбысты 2 әріп болып дауысты и, у мен дауыссыз й, у қалыптасқан болатын. Содан бері «қыйын, жыйын, тыйын, сыйпат, мый т.б.» деген сөздерді «қиын, жиын, тиын, сипат, ми» деп қате жазып келеміз. Бұдан басқа да кемшін тұстары жеткілікті. Бір қызығы кірме сөздерді қазақ тілінің табиғи заңдылығымен жазсақ өрескел бір қате болып көрінеді де, ал орыс пен ағылшын тілінде қазақ сөздерін жазғанда әзер танисың, қытай тілінде басқа сөз түгіл өз атыңды мүлде тани алмайсың. Бірақ, солай бола тұрса да ол тілдерде бәрі заңды сияқты да, ал қазақ тіліне келгенде қате болып көрінеді де тұрады. Біздің жазуымыз ағылшын тіліндегідей өте күрделі емес. Мысалы: ағылшын тілінде «look-лук, Carol-Кэрэл, home-хоум, purple-попил, white-уайт, girl-гел, four-фо, duck-дак, goat-гөут, thank-сәнк, eat-ит» тағы басқа осы сияқты толып жатқан күрделі оқу мен жазу ережелерінен аяқ алып жүре алмайсың. Бірақ, ағылшын тілі қаншалықты қиын болса да өмірдің қажеттілігінен болу керек, орыс тілді қазақтар болсын, қазақ тілді қазақтар болсын еш қиынсынбай үйреніп жатқаны баршамызға мәлім. Ал латын негізіндегі қазақ әліпбиі оның жанында үйренуге өте жеңіл, тіпті салыстыруға да келмейді. Сондықтан сыныққа сылтау іздемей-ақ жаңа латын әліпбиіне көшу керектігін құптауымыз керек. Жалпы кириллицамен орыс тіліндегі кез-келген сөздер сауатты және тіл заңдылығына сәйкес жазылса, қазақ сөздері не сауатты, не тіл заңдылығына сәйкес жазылмайды. Онымен қоса, ең сорақысы мектеп қабырғасынан бері өтірік жазылған теориялық ережелерді оқушыларға жаттатқызып, жаздыртып келеміз. Кейін есейгесін оқушы немесе студенттердің бірі неге олай? деп қойған сұрақтарына жауабын біле тұра, қипақтап, саяси астарын жасырып, «кезінде солай болып кеткен ғой» деп тағы жалған сөйлейміз. Мысалы: 1. «Қазақ тілінде екі дауысты дыбыс қатар келмейді» деген ереже бар. Қараңыз келеді: қиын, сиыр, қиямет, қою, жиын. 2. «Сөзді тасымалдағанда дауысты дыбыстан басталатын буын келесі жолға тасымалданбайды» дейміз. Бұл да қате – ереже. 3. Буынға бөлген кезде де осындай қателерге тап боламыз. 4. Кейбір әріптердің айтылуы дұрыс болса да жазғанда қате жазамыз. Мысалы: «айыу, ойыу, ійіу т.б.» деп жазылу керек, бірақ «аю, ою, ию» деп қате жазамыз. Негізінен тілімізде қате жазылып жүрген И, У және Я, Ю, Ё, Ц, Ч, Щ, Э, Һ таңбалары бар сөздер жаңа жазуда шешімін табатын болады. Мысалы: сипат – syjpat (сыйпат), қиын – qyjyn (қыйын), ки – kij (кій), и – ij (ій), қиямет – qyjamet (қыйамет), ұят – wjat (ұйат), ащы – aschy (ашшы), тану – tanyu (таныу), күю – kwhju (күйіу), тыю – tyjyu (тыйыу) деп курсив нұсқаларындай жазылуы керек. Егер латынға көшсек осы сияқты көптеген қателерден арылатын боламыз. Ал дыбысы жоқ жуан-жіңішкелік Ъ,Ь белгілері қазақ сөздері үшін қажет емес. Бірақ, орыс тілінде оқитындар үшін жуан-жіңішкелік белгісі бар сөздерді `апостроф белгісімен жазуды ұсынамыз (Қараңыз: 1-КЕСТЕ). Біз жаңа әліпбиді тек қана қазақтарға немесе орыстарға немесе немістерге деп жеке-жеке жасамауымыз керек. Кириллицаны қалай қолданып келеміз, сол сияқты латын негізіндегі қазақ әліпбиін де барлық қазақстандықтар қолданылатындай етіп жасауымыз керек.
Жалпы бүгінгі таңдағы жаңа әліпбиімізді таңдауымыз – ерікті елдің, тәуелсіз мемлекеттің өзіндік бір белгісі, даму жолындағы стратегиясы, әлемдік бағыт-бағдары және жаңа қазақ әліпбиіне көшу мәселесіндегі көшбасшымыз – тұғыш президентіміз Елбасы Н.Ә.Назарбаев. Қай елде болмасын егемендігін алып, жаңадан қалыптасып келе жатқан жас мемлекеттің сан-салалық, ұшантеңіз, күрделі мәселелері жеткілікті. Айтар болсақ: экономика, сыртқы қорғаныс, ішкі саясат, ауылшаруашылық, білім және ғылым, мәдениет, медицина, әлеуметтік, қоғамдық, техникалық, күнделікті іс-шаралар мен сыртқы-ішкі кездесулер, мемлекеттің жалпы дамуына басшылық жасау, жол сілтеу, жоспар құру тағы басқа осы сияқты толып жатқан үлкен істерге бір адамның назарында болып, басшылық етуі ақылға сыймайды дейміз. Міне, сондай үлкен маңызды да жауапты істің бірі – жаңа қазақ әліпбиіне көшу мәселесіне де Елбасы қолдау көрсетіп, көшу керектігін айтып қана қоймай, «2025 жылы Қазақстандағы қазақтар ғана емес, тұтас халықтың 95 пайызы мемлекеттік тілді игеретін болады. Осы кезде латынға жеңіл көше аламыз» деп болжамын да жасаған. Сонымен қатар бұл істі кешіктірмей, өз ойынан шығатындай мамандарға тапсырма берді. Яғни, әліпби көп ұлтты қазақстандықтарға арналған болу керек. Өйткені қоғамда «тек қазақ тілді қазақтар ғана» латынға көшеді деген пікірдің орынсыз екендігін және «қазақ екіге бөлінеді» деушілердің жан айқайын түсіне отырып, ондай мақсатта жаңа қазақ әліпбиі жасалмауы тиіс. Бұған ешқандай жол берілмеуі керек деп ойлаймын. Жасыратыны жоқ, мүмкін әлі ерте шығар, әлде қазақстандықтарға арналған әліпби дайын емес пе екен, неге екені белгісіз осы уақытқа дейін ешбір ақпарат көздерінен нақты әліпби нұсқасы берілмеген. Әйтеуір бір жерде 70, бір жерде 100-ден астам жаңа әліпбидің нұсқалары бар делініп, комиссия солардың ішінен 5-ін таңдап алып, қарап жатыр деген сияқты мәліметтер баспа беттерінде жазылып жүр. Арнайы сайланған комиссия жұмыс жасап жатқаны жасырын емес және кімнің немесе қандай жобаларды қарап жатқаны да ғалымдар арасында ғана сөз етіледі. Меніңше, көпшіліктің ұсынған жобаларын жан-жақты талқыға салып, дәлелді түрде дұрыс-бұрысын айтып, уақытында барша халыққа жария етіп отырса өте жақсы болатын еді. Былай алып қарағанда арнайы сайланған комиссия мүшелерінің құрамы да көңіл толарлықтай емес. Шындығында, басқа түркі елдері өз ұлттық әліпбиін қабылдарда Қазақстаннан қазақ ғалымдарын комиссия мүшесі етіп қабылдады ма екен? Қазақ ұлтының әліпбиін қабылдауда комиссия мүшесінде қырғыз, өзбек, әзербайжан елдерінен фонолог мамандар болмаса да бар. Менің ойымша, комиссияда тек қазақстанның тілші-фонологтары мен информатикпрограммистері болғаны дұрыс сияқты. Мен де комиссияның назарына жаңа қазақ әліпбиінің жобаларын ұсынып отырмын. Мұнда 1-кестедегі №1 жоба пернетақтаға әріптер қосуды, біраз уақытты, көп қаражатты қажет етсе, №2 нұсқадағы жоба пернетақтадағы 26 әріп негізінде жасалынып, еш қиындықсыз жазылатын, көп уақытты да, қаражатты да қажет етпейтін және ең бастысы барлық қазақстандықтарға арналып отыр. Сондықтан №2 нұсқадағы жобаны комиссия мүшелері назарларына алса болатын шығар. Ескерте кететін бір жайт, ол – таңба, әріп дегендер шартты ұғым, белгі. Сол себептен №1 жобадағы кейбір әріптердің екінші нұсқасын жақшаның ішінде бере кетуді жөн көрдім.
Келесі бір мәселе, ол – жаңа әліпбидің авторы болу-болмауына байланысты. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері – ту, елтаңба, әнұранның авторлары бар емес пе?! Сол сияқты жаңа қазақ әліпбиінің де авторы болған дұрыс. Осы мәселе бойынша түн ұйқысын төрт бөліп, қатекемшілік кетпесін деп қазақ елі үшін, әліппесі үшін еңбек етіп жүрген ғалымдарымыз бен қайраткерлеріміз бар. Аты жоқ нәрсенің соңы не болатынын жақсы білеміз. Өз басым «авторы болмау керек» дегенге қосылмаймын. Себебі, біріншіден жұрттың бәрі тілші-фонологтар емес, екіншіден авторы болмаған соң, жауапкершіліксіз қаралады, ешкімнен нақты талап ете алмаймыз. Тіпті ақыр соңы не болары белгісіз не басы, не аяғы жоқ сағыздай созылып қай жылға барып тірелетіні және бұл тапсырманың іске асу-аспауы да екі талай болуы мүмкін. Үшіншіден, түрік халқының тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ата Түрікті «1928 жылдың маусым айында латынға көшу туралы бұйрық шығарып, қараша айында көшіп біткен» және «Стамбулдағы Халық паркіне үлкен қара тақта қойдырып, халықты латын қарпімен жазуға үйреткен» деп дерек ретінде де, керек ретінде де мақтап айтып жатамыз. Бірақ, авторлық жағын айтпаймыз. Біз ең бірінші өз туған еліміздің патриоты болуымыз керек. Сол себептен Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті де жаңа қазақ жазуы жайлы ойын, жоспарын қандай дәрежедегі мәжілістерде болмасын айтып келеді және латынға қалай көшіру керектігі де жоспарланып, «…2025 жылы латынға көшуіміз керек» деп тапсырма мерзімін де айқындап берді. Комиссия ұсынған әліпбиді бірден «2 әріптің астын сызып, компьютердің түйметағанында жоқ» екенін байқап ескертсе, күнбе-күн назардан түсірмей оны бақылап отырса, онда неге біз авторлардың бірі ретінде президентімізді айтпасқа?! Менің нақты білетінім жаңа қазақ әліпбиінің көшбасшысы және авторларының бірі – Елбасы Н.Ә.Назарбаев. Бұл жерде еш қызғаныш та, таластартыс та, бөтен ой да болмау керек, тек қуануымыз керек. Қазақ жазу тарихында А.Байтұрсынов, С.Аманжоловтар әліпбидің жеке авторлары ретінде танылғаны белгілі. Ал авторлық топ ретінде арнайы сайланған комиссия мүшелері «салмақты іске салғырт қарамай», жүктелген тапсырманы зерделеп, барлық жобаларды сараптап, ескерту алмайтындай барлық қазақстандықтар үшін бір нұсқаны жасап, латынға көшу стратегиясының жоспарын құрып, Елбасына ұсыну керек. Қорыта айтқанда ұжым болсын, ұжымдық топ болсын немесе жеке бір адам болсын әліпбиді жасаушы және оны техникаға бейімдеуші авторлары болу керек. Қазіргі заман – техниканың тілі дамыған заман екенін білеміз. Әсіресе латын жазуына көшуге жастардың құлшынысы басым десем артық емес. Студенттер арасында өткізілген сұхбатта, жастар дайын екендігін сеніммен айтып отыр. Студенттерді былай қойғанда, мектеп оқушыларының пікірлері де латын әліпбиіне көшуді қолдайды. Яғни, келешек ұрпақ үшін латын әліпбиін меңгеру қиындыққа соқпайтыны анық. Бұл – қоғамдағы үлкен факторлардың бірі. Келесі фактордың бірі, ол – ғаламтор арқылы әлемдік ақпараттануда еш кедергісіз, еркін және жылдам түрде қазақ тілінің орын алуы. Ал ол – латын жазуы арқылы іске асатын дүние. Сондықтан да, бұл жерде тілші-фонолог мамандар жаңа әліпбиді жасауда информатикпрограммистердің пікірімен санаса отырып, бірлесіп жұмыс жасаулары қажет. Сонда ғана толыққанды және еш кемшілігі жоқ әліпби болатыны сөзсіз. Ең маңыздысы жаңа әліпби барлық қазақстандықтарға арналып жасалынуы тиіс.
Алғашында көне түркі руника жазуын, «төте жазуын» және осы қолданылып жүрген «кириллицианы» өңдеп, түзетулер енгізіп қолдансақ болады деген пікірлер болды. Бұл жазулардың бүгінде қоғам пікір-таласында тиімді емес екендігі анықталған соң, күн тәртібіндегі жарыссөзде жоқ. Ал латын жазуына көшу туралы әртүрлі көзқарастағы пікір айтылуда. Соның бірі, биылдан бастап латынға көшуге дайынбыз десе, бірі – ЭКСПО-2017-ге дейін көшу керек, енді бірі бізден бұрын көшкен елдердің тәжірибесін жинақтап, қате-кемшіліктерін біліп, асықпай көшкенді жөн көріп отыр. Ал кейбір ғалымдарымыз «жазу мәселесінен хабары жоқ адамдар да жазып жатыр» деп ренішін білдіреді. Біз теріс пікір берушілерге де ренжімеуіміз керек, олар – тілші ғалымдар емес. Керісінше, қоғамда түсінбейтін адамдардың барын білдік, енді соларға арнайы жазып түсіндіруіміз қажет. Оның өзі – біз үшін үлкен жұмыс, үлкен міндет және бұл іс – барша қазақстандықтарға арналған нақты жаңа әліпби бекігенше және бекіткеннен кейін де жалғасын табатын нәрсе. Шындығында, қазақ тілінің дыбыстық жүйесінің ерекшелігін, грамматикасын, жазу тарихын және компьютердің жұмыс істеу технологиясын білмейтін адамдардың мақалаларынан кемшіліктер кетіп жатады. Дегенмен, өз басым олардың әліпби ауыстыру мәселесіне немқұрайлы қарамайтындығы қуантарлық жағдай деп ойлаймын.
Сонымен латын жазуына көшу барысында атқарылатын шаралар жөнінде айтар болсақ мынадай:
Біріншіден, тәжірбиелі мамандар (тілші-фонолог, информатикпрограммист) бірлесе отырып, барлық ұсынған латын әліпби жобаларын зерделеп, жаңа әліпби нұсқасын жасап шығару керек те, эксперимент ретінде телеарналардан тікелей эфир және баспа беттері арқылы қабылданғалы тұрған қазақ халқының жаңа әліпбиін міндетті түрде қарапайым халыққа таныстыру, түсіндіру шараларын жүргізу қажет. Егер осыдан кейін халық арасында ешқандай дау тумаған жағдайда, Елбасы еш күмәнсіз бекітетіні анық.
Екіншіден, Елбасы бекіткеннен кейін, авторлары тарапынан жаңа әліпбиге сәйкес емле-ережелері жасалынып, оқулықтары шығуы керек.
Үшіншіден, жаңа әліпбиді оқытатын оқытушылар дайындалып, олар жергілікті жерлерде мектеп, бала-бақша, жоғары оқу орындары, кәсіп орындары, әкімшілік т.б жаппай мекемелерде «Жаңа әліпбиді оқыту» курсын жүргізулері қажет. Мұның басқа да қаржыландыру, ұйымдастыру сияқты жақтары құзырлы орындарға жүктелуі тиіс.
Төртіншіден, жаңа әліпби негізінде оқулықтары дайын болған соң, қай тілде болсын балабақша мен 1-сыныптан бастап оқытыла бастауы керек, олар бітіріп шыққанша 12 жыл өтеді.
Бесіншіден, көшедегі, жол бойындағы жазулар, әртүрлі мекемелер мен сауда орталықтары т.б маңдайшадағы жазулардың бәрі жаңа әліпби қабылдаған сәттен бастап, ауыстырылуы керек және мұны қадағалайтын тіл орталығы мен әкімшілік тарапынан жүзеге асырылуы керек.
Алтыншыдан, Республика бойынша жергілікті жерлердің барлығында ісқағаздары мен заңды құжаттар бекіткен жаңа қазақ әліпбиімен жүргізілуі тиіс.
Жетіншіден, Қазақстан телеарналары мен баспа беттерінде күнделікті латын әліпбиі жайлы оқыту үлгілері қайталанып, бірнеше рет берілуі қажет.
Сегізіншіден, мектепте басқа сыныптардың барлығына және жоғары оқу орындарының жоспарларына пән ретінде енгізіліп, оқытылуы тиіс.
Қорыта айтқанда, жоғарыда айтылған негіз ұсыныстарды ескере отырып, жаңа әліпбиге көшу үрдісін іске асыруға әбден болады. Онда толық деп айтпасам да, біршама іске жарамды ойларды негіз етіп алады деген ойдамын.
Сонымен қатар, ұсынылған ойлар мен әліпби нұсқалары келешек еліміздің жаңа жазуына септігін тигізетіндігіне еш күмәнім жоқ.
Келесі маңызды істердің бірі, ол – шетелде жүрген қандастарымызбен ғаламтор арқылы қарым-қатынасымыздың күшеюіне мүмкіншілік туады және туыстас түркі елдерімен де тығыз байланыста боламыз. Яғни «орыс әліпбиінен құтылғанмен, орыстан құтыла алмайсың» деген орынсыз пікірдің еш мәні жоқтығын уақыт өте келе мойындаймыз. Түрік елінде тұратын қазақтар түріктерден бөлек өз латын әліпбиін жасап, қолданып жүр. Ал түріктер 1928 жылғы әліпбиінде жазып келеді. Мысалы, Түрік латын әліпбиінің үлгісі: Barış Bey, işine her sabah 8ۥde gidiyor. O, bir okulda öğretmendir. Barış Bey, öğle yemeğini okulda yiyor. Evde hiçbir şey yapmıyor. Çünkü çok yorgundur. Yalnız gazete okuyor, radio dinliyor. Barış Bey, cumartesi ve pazar günleri okula gitmiyor. Çünkü okul kapalıdır. Cumartesi ve pazar günleri evde oturuyor, kitap okuyor, resim yapıyor (Türkçe öğreniyoruz 1. Ankara, 1990).
Түркия қазақтарының латын әліпби үлгісі: Reseydiñ Orta Aziyağa jönelui men bul jerdeği Türk Musulman halkın bağımdılığınıñ astına aluı XIX ğasırdıñ ekinşi jartısında edi. Bul orayda 1855 jılı Osmanlı jâne Batıs odaktarına karsı Kırım soğısında auır bir jeñiliske uşırauınıñ röli ülken edi (Evraziya etyudi. Ankara, 1995). Бірақ, бұл жазуды толығымен Қазақстан үшін қабылдай алмаймыз. Онда да өзіндік ерекшеліктері бар. Сол сияқты қытай, түрік, германия т.б елдердегі қазақтар латын жазуынан хабарсыз емес. Олардың да біздің латын жазуына көшкенімізді қалайтындығын баспа беттеріндегі мақалаларынан байқаймыз және германия, қытайда тұратын қандастарымыздың да ұсынған әліпбилері бар. Сондықтан олардың ұсынған әліпбилерін толықтай қабылдамаса да, кейбір ұсыныстарын ескерген жөн тәрізді. Мәселен, Қытай қазақтары 1983 жылы латыннан А.Байтұрсыновтың төте жазуына көшкен еді. Енді олар да жаңа латын жазуына көшуге ниет білдіруде. Қазақ елінің жаңа латын әліпбиі осындай болса екен деген жобаларын да ұсынады (Біздің үлгі 33 әріптен тұрады. Ана тілі газеті. 2007. 21. 06. №25). Жалпы латынға көшу – түркі тектес елдердің бір-бірімен ақпараттық қарым-қатынас жасауда сүбелі еңбек етері анық. Ендеше латынға көшу – сабақтастық пен үйлесімділік табатын келешектің кілті.
Қорыта айтқанда, барша ел жаһандануға бет бұрған кезде латын графикасына көшу, біріншіден еліміздің алға қарай дамуындағы басты қадамы, екіншіден егер латынға көшсек, кеңестік-тоталитарлық саясаттың кесірінен тілімізге жөнсіз енгізілген басы артық, жат жұрттық кірме дыбыстар мен әріптерден және қажетсіз де қате ережелерден ада боламыз. Үшіншіден, жер шарының жартысынан астамы латын әріпінде жазады, яғни ғаламтор арқылы ақпараттану көзі кеңейеді, электрондық ақпарат кеңістігіне кең қанат жаяды және елімізде ағылшын тілін оқып меңгеруде де біршама жеңілдік болады. Сонымен Елбасының халыққа жолдау жоспары бойынша 2025 жылы латын әріпінің негізіндегі жаңа қазақ әліпбиіне көшуіміз керек. Мүмкін, жаңа әліпбиге көшу – көрсетілген мерзімнен ертерек не одан кештеу бола ма, ол жағы бір аллаға аян. Алайда қайткен күнде де жаңа қазақ латын әліпбиіне көшетініміз анық және көшкен жағдайда қазақ тілі халықаралық сипат алатыны сөзсіз.


Сөз соңында тағы айтарым, менікі ойға ой қосу мақсатындағы жеке өз пікірім мен ұсынған жобаларым – келешек жазуымызға септігі тиіп, нақты шешім жасауда пайдаға асып жатса болғаны.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *