БҰЙРЫҚТЫ СӨЙЛЕУ АКТІСІНІҢ АҒЫЛШЫН ЖӘНЕ ҚАЗАҚ
ТІЛДЕРІНДЕГІ БЕРІЛУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Ашкеева Мадина Муратовна
Көкшетау қ., Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті ashkeeva_madina@mail.ru
Бұйрық актісінің суггестивті және реквестивті актілерден басты айырмашылығы — мұнда тыңдаушының әрекетті орындау не орындамауда таңдау еркіндігі жоқ. Сөйлеуші, өз кезегінде, бұйрықты формада сөйлейтіндей белгілі бір деңгейдегі билікке, статустық басымдылыққа ие.
Қазақ және ағылшын тілдеріндегі бұйрық актісіне қатысты айырмашылықтардың бірі — императивтің қолданылу дәрежесі. Ағылшын тілінде императивтің қолданылуы бойынша қатаң талаптар қойылатындығы жайлы көптеген ғалымдар атап өтеді. Мұндай шектеулердің сипатын тек салыстыра отырып қана анықтауға болады.
Кейбір ғалымдар ағылшын тілінде императивті сөйлеу тек команда, нұсқау және бұйрық беруде ғана қолданылады дейді [1:307;30]. Бірақ зерттеу нәтижелеріміз ағылшын тілінде тіпті мұндай өктемдікпен сөйлеу құқығы бар прескриптивті сөйлемдердің өзінде императив аса көп қолданылмайтынын айғақ етеді.
Ағылшын коммуниканттары бұйрық актісін жасауда тыңдаушыға неғұрлым азырақ қысым түсіруге тырысады. Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, ағылшын тілінде бұйрық актісінде жұмсалған сөйлемдердің 51% императивті формада болса, жартыcына жуығы, яғни 49% жанама түрде жеткізілген. Оны ішінде 86% экплицитті түрде келсе, 14% имплицитті түрде айтылған. Хабарлы сөйлемдердің үлес саны 79% құраса, 14% сұраулы сөйлемдердің үлесіне, 7% тілекті сөйлемдердің үлесіне тиесілі. Бұл ағылшын тілінде сөйлеуші билеу, өктем сөйлеу құқығына ие бола тұрса да, өз бұйрығын жанамалап жеткізуді жөн көретіндігін дәлелдейді.
Жақын қарым-қатынастағы үлкеннің кішіге бұйыруы көбінесе императивті формада жүзеге асады (75%). Жанама бұйыру сирегірек (25%). Алыс әлеуметтік қарым-қатынастағы үлкеннің кішіге бұйыруында, керісінше, жанама түрде бұйыру жиірек (65%). Императивті формадағы бұйрықтардың саны 35% құрайды.
Кішінің үлкенге бұйрықты сөйлеуі, жалпы, жақын және алыс қарымқатынаста да сирек орын алды. Зерттеу материалымызда мұндай бұйрықтардың саны жақын қарым-қатынаста 9%, алыс қарым-қатынаста 7% құрайды. Бұдан шығатын қорытынды, кішінің үлкенге бұйрық беруі ағылшын тілінде жиі орын ала бермейді.
Өзара жақын және тең қарым-қатынаста бұйрық актісін жасау анағұрлым жиірек кездеседі және көбінесе императивті формада жүзеге асырылады (65%). Жанама бұйыру сирекгірек, тек 35% ғана құрайды. Алыс қарым-қатынаста императивті және жанама формадағы бұйрықтардың үлес саны бір-бірімен шамалас (55%/45%).
Сонымен, ағылшындар тіпті бұйрық актілерінде, тек жақын қарымқатынастарда ғана болмаса, бұйыра сөйлегенді ұнатпайды.
Өз бұйрықтарын көбінесе конвенционалды жанама формада жеткізеді. Мысалға, келесідей сұраулы өтініштер түрінде:
Тұтынушы қызметшіге: Will you please have dinner for two brought up here and two bottles of dry white capri in ice.”
Медбике емделушіге: Can you move just a little to this side? That’s fine. I’ll clean you up for breakfast.”
Сержант қатардағы солдатқа: “Couldn’t you find tomato sauce, Barto?” (Е.Хеменгуей)
Берілген мысалдар сырттай өтініш ретінде көрінгенімен шын мәнінде нағыз бұйрықтар, яғни сұраулы сөйлем кейпінде жанамалап жеткізілген.
Сонымен қатар, бұйрық тек сұраулы өтініш түрінде ғана емес, рұқсат сұрау кейпінде де жеткізілуі мүмкін:
Емделуші медбикеге “I don’t want breakfast. Can I have the shutters opened please?” (Е.Хеменгуей)
Өзара субординативті қарым-қатынастарда ағылшын тілінде бұйрықты сыпай формада жеткізу үшін, ашық райдағы, 1-ші жақтың көпше түріндегі хабарлы сөйлемдер кеңінен қолданылады:
Сержант солдатқа: “We’ll change the oil, grease them, fill them up, then take them around in front and load up the junk they’ve left.”
Сержант солдатқа “We are starting,” I said. I drank another cup of the red wine. (Е.Хеменгуей)
Сонымен қатар, қатаңдықты азайту үшін, ырықсыз форма да пайдаланылады:
Дәрігер емделушіге: Your stomach must be emptied. (Е.Хеменгуей) Бұйрық әрекетіне 1-ші жақ қатыстырылады:
Полиция қызметкері жолаушыға: Then I have to ask you to come with me.”
(Е.Хеменгуей)
Бұйрық рұқсат беру түрінде келіп, жұмсартылады:
Сержант солдатқа: My papers are in the other pocket. You may give them to the nurse.” (Е.Хеменгуей)
Контекстік-ситуативтік, яғни имплицитті түрде бұйыру сирек кездеседі:
Then the butler, behind his shoulder: “Philadelphia wants you on the ‘phone,
sir.”
“Madame expects you in the salon!” he cried, needlessly indicating the direction. (Ф.Фицджеральд)
Қазақ тілінде бұйрық көп жағдайда турасынан, императивті түрде жеткізіледі. Зерттелген прескриптивтердің 85% қазақ тілінде императивті формада айтылған. Жанамалап сөйлеу тек 25% ғана құрайды.
Қазақ тілінде бұйрық актісін жасауда императив ең негізгі форма және ағылшын тіліндегі императивке қарағанда күрделі құрылымды, одан ерекшелеу. Жалпы, қазақ тілі негізінен синтетикалық тіл болғандықтан, мұндағы етістік сан түрлі синтаксистік қарым-қатынастарды бере алады.
Қазақ тілінде императивке белгілі бір қосымшаларды жалғау арқылы өз бұйрығыңды сыпайы формада, жұмсақ формада жеткізуге болады. Сыпайы формада бұйрық жасағанда:
— тыңдаушы екінші жақтың сыпайы формасынада (Сіз) аталып, етістікке – ңыз/-ңіз қосымшалары жалғанады;
— етістікке –шы/-ші жұмсартқыштары жалғанады.
— бұйрықты тұжырымды етіп жасағанда етістікке келесілер жалғанады: — -са/-се + ң + -шы/-ші (жалғануы да, жалғанбауы да мүмкін) — -са/-се + -й + -шы/-ші.
Бұдан шығатыны, ағылшын тілінде хабарлы, сұраулы сөйлемдер арқылы берілетін сыпайылық реңкін, қазақ тілінде бір императив арқылы беруге болады, яғни екеуі бірдей әсер қалдыруы мүмкін.
Дегенмен, қазақ тілі мен ағылшын тілінде олайша сыпайы сөйлеу кеңістігі бірдей емес.
Ағылшын тілінде үлкеннің кішіге бұйыруында императивті форманың жұмсалуы дистанцияға байланысты: алыс дистанцияда жанама түрде бұйыру басым келеді. Қазақ тілінде үлкеннің кішіге бұйрық беруінде, мейлі ол екеуі алыс/жақын қарым-қатынаста болсын, етістік анайы формасында жұмсалады, сыпайы форма біздің зерттеуімізде мүлде кездеспейді.
Кішінің үлкенге бұйыру жағдайлары алдыңғымен салыстырғанда сирек кездеседі. Жақын қарым-қатынаста айтылған барлық бұйрықтың 60% сыпайы формада, 40% анайы формада жеткізілген. Алыс қарым-қатынаста 73% сыпай формада, 23% анайы формада жасалған.
Өзара жақын тең қарым-қатынаста императивтердің барлығы анайы формада жұмсалған. Алыс қарым-қатынаста анайы және сыпайы формада бұйыру бір деңгейде.
Сонымен, ағылшын тіліндегі бұйрық актісінің тағы бір ерекшелігі, ассиметриялық та, симметриялық та қарым-қатынастарда бұйрық актісін жасау бірдей сыпайы формада жүзеге асырылады. Қазақ тілінде болса, үлкен кішіге анайы формада, кіші үлкенге сыпай формада, өзара тең қарым-қатынаста қарым-қатынастың алыс-жақындығына қарай анайы, сыпайы формада бұйрық береді.
Қазақ тіліндегі жанама бұйрықты сөйлемдер көбінесе сұраулық шылауларының қолданылуымен сұраулы формада айтылып, етістіктері болымсыз болып келеді және мұндайда олар ағылшын тіліндегідей сыпайы емес, мінеп-сынап тұрғандай жағымсыз естіледі:
— Неғып тұрсын? — деді ол кетуге ыңғайланған маған қарап. — Енді бұларды анау тасқа соғып, жармайсың ба?
— Сенің бір асықпай-саспай созбаққа салып отыратының-ай, әйтеуір!.. Айтарынды бір-ақ айтып қоймайсың ба? — деп әйелі қысталай бастады. (Ә.Нұршайықов)
Қазақ тілінде, ағылшын тілімен салыстырғанда, контекстік-ситуативтік, яғни имплицитті бұйрықтар көбірек кездеседі:
— Мен бәрін де естідім, бәрін де білемін, — дедім қыздар ол сұмдық жайларды естеріне алып, тағы да қиналмасын деп- Зайкүл айтты. Тұмажанды да көрдім (Ә.Нұршайықов)
Сұрау есімдіктері арқылы жасалған бұйрықтар дөрекі және тиым салғандай естіледі:
1) — Сен қайда жүрсің дизертир?
— Шаруаң қанша?
2) — Кімді іздеп жүрсің ? – деген суық үн саңқ ете қалды. Жалт қарады Жантас қу. Жүрегім су етіп, сасып қалдым.
— Не қыласың? – деген сөз аузымнан абайсыз шығып кетті (Б.Соқпақпаев)
Жоғарыдан түйетініміз, ағылшын тілінде жанама бұйрық беру сыпайы болып естілсе және императивті формада бұйрық беру дөрекі естілгендіктен тек жақын қарым-қатынастарда ғана қолданылса, қазақ тілінде императивті форма арнайы сыпайы формалардың жалғануының арқасында алыс-жақын қарымқатынаста, барлық ортада қолданыла береді, ал жанама түрде жеткізілген бұйрықтар, керісінше, дөрекі естілетіндіктен, тек жақын қарым-қатынастарда ғана кездеседі.
Біздің пайымдауымызша, ағылшын тілінде бұйрық актілерінде қолданылатын жанама сөйлеу көп жағдайда қазақ тіліндегі –ңыз/ңіз сыпайлық қосымшалары сияқты жай ғана сыпайылық формасының рөлін атқаруы мүмкін. Біздегі сыпайылық формалары — екінші жақтың сыпай формасы мен етістікке жалғанатын –ңыз/ңіз қосымшалары. Яғни біздің пкірімізше, ағылшын тіліндегі тіпті бұйыруға құқығы болса да мұндай шамадан тыс жанамалап сөйлеудің себебін жалғыз ұлттық коммуникативтік стиль дегеннен көрмей, мұның себебін, сонымен қоса, тілдің грамматикалық мүмкіншілігінен іздеген жөн болар. Ағылшын тілінде екінші жақтың сыпай формасы жоқ, оның үстіне грамматикалық құрылымы жағынан аналитикалық тіл. Құрылысы аналитикалық тілдерде синтаксистік қатынастар сөздердің формалары арқылы емес, сөздердің орын тәртібі, көмекші сөздер және интонация арқылы беріледі. Қазақ тілі өз кезегінде синтетикалық тіл. Мұндай тілдерде синтаксистік қатынастар атауыш сөздердің өз ішінде өзгеріп түрленуі арқылы беріледі (аффиксация, ішкі флексия) [6:493] . Яғни, ағылшын тілінде бұйрық актісінде жанамалап сөйлеудің көп кездесуінің, қазақ тілінде оның сирек орын алып, императивті форманың көп қолданылуының себептерінің бірі осы тілдердің грамматикалық ерекшеліктерінде де жатса керек. Яғни қазақ тілі синтетикалық тіл болғандықтан, барлық жүк етістікке артылады, етістік өз ішінде сыпайы форманы да, анайы форманы да бере алады. Ағылшын тілі аналитикалық тіл болғандықтан және де сыпайы/анайы формалардың ажыратылмауынан, етістік сыпайы не жұмсақ түрде дыбысталауы үшін сыртқы көмекші бірліктердің қатыстырылуын, түрленіп айтылуды қажет етеді. Сондықтан да болар, ағылшын тілінің директивтерін анализдеген зерттеуші Эрвин Трипп сұраулы өтініш түрінде айтылған бұйрықтарды түрленген императивтер деп атап [7:2526], директивтердің бір түрі ретінде жеке топтастастырған.
Әдебиеттер:
1. Wierzbicka A. Cross-cultural Pragmatics: The Semantics of Human Interaction. — Berlin: Mouton de Gruyter, 1991.
2. Lyons J. Introduction to theoretical linguistics. — Cambridge: Cambridge University Press, 1968.
3. Hemingway E. A Farewell to arms. // ЛитМир – Электронная Библиотека -(http://www.litmir.net/)
4. Fitzgerald F. The Great Gatsby // eBooks@Adelaide The University of Adelaide Library University of Adelaide – ( http://ebooks.adelaide.edu.au/) 5. Нұршайықов Ә. Махаббат, қызық мол жылдар // Әдеби әлем. –
(kazakhadebieti.kz).
6. Соқпақпаев Б. Менің атым Қожа // Әдеби әлем. – (kazakhadebieti.kz).
7. Аханов К. Тіл білімінің негіздері.- Алматы: Санат, 2003. 496 б.
8. Susan Ervin-Tripp. “Is Sybil There? The Structure of Some American English Directives”. Language in Society. 1976 №5 P 25–26.