БЕЙНЕЛІ СӨЗ ТІРКЕСТЕРІНІҢ КӨРКЕМ
ШЫҒАРМАЛАРДАҒЫ СТИЛЬДІК ҚЫЗМЕТІ
ЖƏНЕ ОЛАРДЫ АУДАРУДЫҢ КЕЙБІР АМАЛДАРЫ

БЕЙНЕЛІ СӨЗ ТІРКЕСТЕРІНІҢ КӨРКЕМ
ШЫҒАРМАЛАРДАҒЫ СТИЛЬДІК ҚЫЗМЕТІ
ЖƏНЕ ОЛАРДЫ АУДАРУДЫҢ КЕЙБІР АМАЛДАРЫ
Жоғарыда біз тұрақты тіркестердің түрлері жəне олардың зерттелуі жайында біраз деректерді бердік. Ептеп олардың сөйлеуімізде атқаратын қызметінің де біразын көрсеткендей болдық. Бұлардың зерттелуі мен классификациясына едəуір тоқталуымыздың себебі мынау: фразеологизмнің түрлерін, олардың өзара өзгешеліктерін жете ұқпай тұрақты тіркестерді аудару мəселесін сөз етудің мəні жоқ. Ендеше бұлардың көркем əдебиеттегі кейпін, сан алуан қызметін айқындау аударманың негізгі проблемаларының бірі.
Фразеологиялық единицалардың көркем əдебиетте қолданылу сапасын сол тұрақты сөз тіркестерінің əр түрінің өз қасиеттерінен бөліп қарауға болмайды. Ол қандай қасиеттер. Жалпы сөз өзара қатынас құралы есебінде негізінен екі түрлі қызмет атқарады; номинативті (сөздің атаулы қасиеті) жəне коммуникативті қызметте жұмсалады. Яғни сөздер, сөз тіркестері атаулы күйде жəне қатынас құралы есебінде жұмсалады. Атау түріндегі тіркестердің бəрі де номинативті – үлкен үй, жақсы жазады, өте қатерлі т.б. Бұлар заттың, қимылдың, құбылыстың атауы ретінде. Кейбір фразеологиялық тіркестер де осындай номинативті қызметке ие.
Коммуникативті қызмет атқаратын көбіне-көп сөйлемдер. Бұлар ойласу, бір нəрсе тұралы біреуге хабар беру түріндегі тиянақты, түбірлі ойдың түйіскен түрі. Сөздердің бұлай өзгеруінде екі грамматикалық тірек (бастауыш пен баяндауыш), екі логикалық тірек (субъект жəне предикат) бар. Дəл осы сияқты тұрақты сөз тіркестері де коммуникативтік қызмет атқарады. Бірақ фразеологиялық единицалардың ерекшелігі осы екі түрлі қасиетпен шектелмейді.
Көркем əдебиет үшін бұлардың ең қажетті белгілері мынадай бірнеше қосымша қызметіне байланысты. Фразеологиялық единицалар өзінің табиғатында сөйлеуімізді образды бейнелі-айшықты етуге бейім. Қысқа, нақты, тұжырымды сөйлеуге баулиды. Сөйлеуіміздің эмоционалды-экспрессивті бояуы күшті болады. Жəне айтылған пікір өмірдің көптеген құбылыстарынан қорытылып жинақталған сөз тəрізді даналық сипат алады. Осыған қоса сөзіміз терминологиялық дəлдікпен түсініледі. Сондай-ақ сөзімізді мағыналы, мəнді етуде фразеологизмдер көп жеңілдік жасайды.
Сөздің образды-бейнелі болуы дегенді қалай түсінеміз. Ауыспалы астарлы, метафоралы тіркестерді орнын тауып дəл қолдана білсе, сөйлеуіміз əдемі, əсерлі, образды болудың үстіне ұйқасты-ырғақты əуенге көшеді. Фразеологиялық единицалардың бəрі бірдей тілімізді дəл осындай əсерлі, бейнелі ете бермейді. Мұндай мəндегі тіркестер көбінесе метафоралы пішіндегі фразеологизмдер. Яғни құрамындағы бір, екі не барлық сөздері астарлы мағынада болып келетін тұрақты сөз тіркестері тілімізге бөлекше өң беріп, ажарландырып тұрады. Ал фразеологизмдердің ауыспалы, астарлы мағынасы болуы деген өмірдегі неше алуан заттар мен құбылыстарды жəне олардың өзара қатысы мен ерекшеліктерін соншама дəл, көпке түсінікті қарапайым формада, əрі əсем, көтеріңкі, əрі көркем тілмен жеткізу деп түсіну қажет. Мысалы, «өте асығыс» дегенді мұрнынан шаншылу, «шапшаң, лезде» дегенді қас пен көздің арасында немесе көзді ашып жұмғанша, «момын» дегенді қой аузынан шөп алмас т.б. айтар едік. Метафоралы фразеологизмдер заттарды өзгеше құлпыртып, əсем жасандыратыны сондай, тіпті əлгі заттың өзін көрмей-ақ қолмен ұстап, көзбен көріп тұрғандай боласыз. Міне, сондықтан да мұндай фразеологизмдерге жазушылардың қай-қайсысы болсын мейлінше əуес. Метафоралы фразеологизмдерді «сөз арқылы пластикалық бейне жасаудың аса көрнекті құралы» [67] деп М. Горькийдің өзі де бекер айтпаған.
Образды-мəнерлі тұрақты тіркестердің ішінде мақалмəтелдердің қызметі өзгеше. Акад. Ф.И. Буслаевтың мақал мен мəтелді кішігірім көркем шығарма [68] есебінде қарауы заңды. Шынында, халық мақалмəтелдері өмір шындығынан сығымдалып шыққан шағын шығарма іспетті.
Жазушылардың творчестволық ісінде метафоралы фразеологияның таптырмайтын тағы бір қасиеті – эмоционалды-экспрессивтік ажары. «Тілің кесілгір», «Тіліңе шиқан шыққыр» десек қатты ренішті, ашуды білдіреміз. «Мығым» деудің орнына мұрнын балта кеспейді десек əлдеқайда əсерлі. Немесе өрескел, епетейсіз қылықты – түйе үстінен сирақ үйіту деп берсе, сол əрекетті айна-қатесіз көз алдыңызға келтіресіз. Осы сияқты мысалдарды топтап келтіруге болады.
Жіктеп, саралап, салалап айтар болсақ, фразеологиялық единицалардың көркем əдебиеттегі ролі сан алуан. Оның қилы-қилы қызметін М.Горький шығармаларындағы фразеологизмдердің аударылу жайын талдау барысында айтылатын болғандықтан əзірге осымен тежелеміз.
Фразеологиялық орамдар жалпы барлық стильде қолданылады, бірақ əрқилы ыңғайда қызмет атқарады. Ғылым жəне ресми-іс стилінде, жалпы əдеби, стильаралық тұрақты тіркестер атау күйінде (номинативті қызметте) жұмсалса, көркем əдебиетте, публицистикада, сөйлеу тілімізде ең алдымен фразеологизмдердің экспрессивті-стилистикалық жағына аса зор мəн беріледі. Əсіресе күнделікті ауызекі сөйлеу тілінде, кітаби тілде мол кездесетін фразеологизмдердің мəнерлі мүмкіндіктері қатты ескеріледі. Жоғарыдағы мысалдарға қараңыз.
Көркем əдебиет пен публицистикада фразеологиялық орамдарды қолданудың бірнеше жолы бар. Жазушылар, публицистер фразеологизмдерді сол күйінде ғана алып қоймай, белгілі мақсатқа орай оларды өзгертіп, құлпыртып та жібереді. Фразеологизмдердің семантикасын, құрылысын жəне экспрессивті-стилистикалық қасиетін жақсартып, жаңғыртып отыратын да тұстары бар. Жаңадан мағыналық реңк алып, бірнеше көркемдік қасиетке ие болады. Сөздердің байланысу қабілеті молаяды. Өйткені кейбір ғалымдарымыздың айтуына қарағанда, жазушылардың фразеологиялық творчествосы бұрыннан бірігіп тұрақтанған сөздердің үйреншікті қалпын жасаңғыратуында [69] болса керек.
Осы жаңарту, жаңғыртуда авторлық өрістер бірдей болмайды. Əркімнің творчестволық мүмкіндігі, білімі, шеберлігі əрқилы болуына орай фразеологизмдерге енгізілетін жаңа бояулар, жарқын ажарлар да алуаналуан болып келмек.
Тұрақты сөз тіркестеріне жататын мақал-мəтелдер де, идиомдар да, қанатты сөздер де стилистикалық мақсатта қолданылады. Бұлар барлық жанрда көрінеді. Өте икемді, қысқа орамдар көркем шығармаға өзі тіленіп «жұтынып» тұрады десе де болар еді. Мақал-мəтелдердің образдылық қуатын Н.В. Гогольдің мына бір сөзі айқын танытса керек: «В пословицах наших … видна необыкновенная полнота народного ума, умевшего сделать все своим орудием: иронию, насмешку, наглядность, меткость, живописного изображения…»
Көркем əдебиетте мақал-мəтелдер кейіпкерлердің ішкі жан-дүниесін, психологиялық мінез-құлқын, сөйлеу мəнерін суреттеу үшін қолданылады. Бұларды түрлендіріп, аса шеберлікпен пайдалануда, орыстың ұлы жазушысы Александр Максимович Горькийдің тəжірибесі таптырмайтын үлгі. Мақал-мəтелдердің, идиомдардың жəне фразеологиялық единицалардың басқа түрлерінің көркем əдебиеттегі бейнелеу, суреттеу құрал ретіндегі қызметінің алуан-алуан сипатын, қасиетін М. Горький шығармаларынан айқын көруге болады. Халықтық нақыл сөздердің табиғатын мейлінше терең түсінген жазушы өзінің жазуды, ең алдымен, мақал-мəтелдерден үйренгенін ашық айтады. «Я очень много учился на пословицах – иначе: на мышлении афоризмами», – деп жазады М. Горький. Яғни – «Мен мақалдардан көп өнеге алдым, басқаша айтқанда: нақыл сөздермен ой толғап үйрендім» [70].
Халық тарихын жəне оның əлеуметтік-саяси ой пікірін білу үшін, ең алдымен ертегілерге, аңызəңгімелерге, мақал-мəтелдерге айрықша назар аудару қажеттігін айтады. «Шынында да, мақал-мəтелдер халық бұқарасының ой-өрісін өте айқын көрсетеді, сондықтан да жас жазушылардың осы материалмен танысуы аса пайдалы»[71]. М. Горькийдің мақал-мəтелдерге құмар болуының басты себебін мына айтқан пікірінен де анық ұқсақ керек: «Пословцы и песни всегда кратки, а ума и чувства вложено в них на целые книги».
Сөйтіп жазушы сөз бен ой-толғауды ежелден машық еткен. Ол «пословица век не сломится» деген тəрізді мақалдарды еске ала отырып, тілдің табиғатында даналық өсиет айтуға бейім болғанын дəлелдейді. Өзінің жазушылық өнеріне осы халықтық нақыл сөздерді тірек етеді. Міне, сондықтан фразеологизмдер жайында, оның аударылу процесі хақында пікір болғанда М. Горькийдің пікірлерінің мəні ерекше. Нақыл сөзді барынша көп қолданатындықтан да Л.Н. Толстой М. Горькийді кінəлаған болатын. Оның ойынша
М. Горький кейіпкерлері «ылғи бір көсемсіген шешендер» боп көрінетін. Бірақ жазушының мақсаты кейіпкерлерді қалайда данышпан етіп көрсету емес, олардың өмір туралы пікірін таныту үшін керемет дөп түсіп жататын мақал-мəтелдер пайдаланады. Жəне олар əлгіндей фразеологиялық единицалардың жеке өзін жаттап айта бермей, өзінше өңдеп, бұрып, өзгеше құбылтып сөйлеп кетеді. Көпшілігінің қарапайым сөздерінің де мақалға бергісіз болатындығының себебі осында. М. Горький əрбір сөздің, бір афоризмнің, мақал-мəтелдердің ішкі мазмұнына үңіліп, олардың ойлы, астарлы, айшықты ажарын аңдайды. Сөздердің, тұрақты тіркестердің халықтық этимологиясын көркем шығармада ойната білу шеберлігі орыс жазушыларының ішінде Лесковтан соң, осы М. Горькийде айрықша байқалатынын зерттеушілер дұрыс көрсетіп жүр.
Біз жазушылардың сөз қолдану қабілетін қарағанда жеке сөздердің, сөз тіркестерінің спецификалық ерекшеліктеріне қоса, жалпы халықтық тілдегі сөздердің семантикалық даму мүмкіндіктерін де анықтаймыз. Нағыз суреткер тілдің осындай айрықша қасиеттерін дəл танып, оларды шебер пайдаланады.
М. Горький шығармаларындағы фразеологизмдердің қолданылуынан мынадай жағдайлар аңғарылады. Мұнда сөздердің фразеологиялық тіркесінің кеңеюі жəне олардың əрқилы өзгеріске түсуін көреміз. Мəселен, бұрын тіркеспеген, бір-бірімен байланысқа түспеген сөздерді жазушы алуан түрлі құбылту нəтижесінде қилы-қилы қызықты комбинация құрады. Мұндай жаңашылдықтың бəрі де əрине тілдің заңдылықтарына мүлде қайшы келмей, қайта сөздердің тіркесу қабілетіне сай фразеологиялық топтар негізінде жасалады. Сонда көптеген сөздер мен жаңа жасалған тұрақты тіркестердің семантикасын анықтап, олардың көркемдік ажарын, мүмкіндігін толықтыра түседі.
Жазушының халықтан ала бөтен тілі жоқ, сонымен бірге оның шығармаларының тілі жалпы халықтық тілмен тепе-тең де бола алмайды. Фразеологизмдер жалпы халықтық тілдің шұрайлы бір элементі, тобы, яғни бұларды да сол халықтық тілмен тығыз байланыста қарау керек. Сонымен бірге олардың өзгешелігін де айыра білген дұрыс. Бұларды белгілі бір көркем туындыда қолданудың реті біркелкі емес. Ол біріншіден – автордың талғамына, екіншіден – шығарманың мазмұн-мақсатына, үшіншіден – жанрына байланысты. Жазушы сол шығармасында айтпақ ойын, оқырманға білдірмек мақсатын жалпы халықтық тіл мен əдеби тілдің бай материалын барынша мол пайдалана отырып баяндайды жəне ол ойды қалай болса, солай емес, мейлінше түсінікті, шебер жеткізуге тырысады. Ал жазушы тілін түсінікті, əсерлі, дəмді ететін бейнелеу құралдарының бірі – фразеологизмдер, мақал-мəтелдер, идиомдар. Бұларды қолдануда жазушылардың əрқайсысы əрқилы тəсілдерге барады. М. Горькийдің шығармаларында айрықша рөл атқаратын мұндай афоризмдердің сырсипатын жете білмейінше, аудармашы жұмысының нəтижесі шамалы.
М. Горький тілінің басты ерекшелігі жалпы халықтық тілмен тығыз байланыстылығында. Жазушы тілі халықтық дегенде біз осыны ескереміз. Өйткені ол жалпы халықтық фразеологияны молынан пайдаланған.
Заманның даму ерекшелігіне орай əлемдік əдебиет майданына келген М.Горький шығармаларының идеясы, мазмұны, тілі дəуірдің салмақты жүгін арқалағаны мəлім. Біз жазушы тілінің басты ерекшелігі дегенде жалпы халық тілімен жазушының өз творчествосының қабысуын айттық. Бұл да сол дəуірдің шындығына орай тіл дамуының негізінде туған талап болатын. Оның үстіне «чем богаче язык выражениями и оборотами, тем лучше для искусного писателя» [72] екенін, əсіресе, М. Горький жақсы білетін.
Жазушы фразеологизмдердің барлық түрін пайдаланған. Олардың бəрі де сол шығарманың бүкіл болмысына өң беріп, белгілі бір шындықты жеткізуге сеп болады. Қоғамның əрқилы топтарының сөйлеу формасы ретінде жəне жазушының соларға деген көзқарасын танытатын ыңғайда жұмсалады.
М. Горькийдің тағы бір ерекшелігі мақал-мəтелдерді қолданғанда, əйтеуір тіл көркем болсын деп қана емес, орыс əдеби тілінің бүгінгісі мен ертеңін ойлап, соны дамытуға, байытуға көмегін тигізсін деген мақсатпен саналы түрде іске жаратады. Жазушының творчествосын зерттеуші орыс ғалымдары оның шығармаларындағы фразеологизмдерді мынадай бірнеше топқа бөліп көрсеткен: кітаби үлгілер, қоғамдық-саяси жəне техникалық мамандыққа қатысты фразеологизмдер [73].
Қаламгердің халықтық фразеологизмдерге соншама құмар болуының сырын өз сөзімен де аңғартуға болады. «Вот как хорошо сочиняют. Все просто, слов мало, а чувства много. Настоящая мудрость немногословна…» [74].
Халықтың жан дүниесін дəл танытатын қысқа, нақты сөздер тобы жазушының творчествосына айрықша реңк береді. Шығармада суреттелетін белгілі бір бейненің дəл сол сəттегі кейпін, жан дүниесін фразеологизмдер арқылы өзгеше əсерлі беруге бейім. Мəселен, М. Горький өзінің «Фома Гордеев» романында мұжықтың əні туралы былай дейді: «И ему казалось, что поют не двое людей, все вокруг поет, рыдает и трепещет в муках скорби, все живое обнялось крепким объятием отчаяния». Бұдан Фома Гордеевтің өмірге деген өкінішті өксігін, іштей егілуін көреміз. Ал адам төзгісіз өмірдің ащы шындығын білдіретін уытты сөзді жазушы мұжықтың аузына салған:
«Э, эх ваше степенство, – вздохнул мужик, – горе заставит – бык соловъем запоет…». Мұнда фразеологиялық тіркестің стилистикалық өңі арқылы, яғни халықтық афоризмнің əсері арқылы кісі төзгісіз амалсыздықты көрсетуді мақсат еткен автордың контексі дамытылған.
М. Горький шығармаларында күнделікті тұрмысқа байланысты қарапайым сөйлеу тіліне жататын (народная разговорно-бытовая и просторечная группа) фразеологизмдер де мол. Осыларды мол кірістіре отырып, жазушы орыстың əдеби тілін байытты. Тілдің тарихи жағынан дамуын жете түсіне келіп, ол əдеби тіл мен халық тілі дегеннің айырмасын ажыратты. «Уместно будет напомнить, что язык создается народом. Деление языка на литературный и народный значит только то, что мы имеем, так сказать, сырой язык и обработанный мастерами»[75]. Горький қалыпқа түспеген халық тіліне əдеби ажар беріп, өңдеп, мəдениетті түрге енгізеді. Одан бұрын да жазушыға өнеге болған қалам иелері бар. Горький бұл мəселеде алдымен соларға сүйенген. Халық тілін пайдаланудың асқан үлгісін көрсеткен – Пушкин. Орыстың ұлы ақыны туралы оның: «Первым, кто прекрасно понял, это был Пушкин, он уже первый и показал, как следует пользоваться речевым материалом народа, как надо обрабатывать его» [76], – деген сөзі осыған дəлел.
М. Горький қарапайым фразеологизмдердің ішінен оның өміршең формаларын тауып алады, соның қолдануын əдеби нормамен жеткізуге күш салады. Мұның ерекше көзге түсетін себебі оған дейінгі дəуірде көркем шығармада халықтық фразеологизмдердің қолданылу аясы онша кең болмайтын. Оларды əдеби қалпына түсіру жағы өте баяу жүріп жататын. Оның себебін орыстың атақты оқымысты тілшісі Даль дəл көрсетеді. Ол мақалмəтел жинаймын деген адам халықтың арасына барсын, білімді оқымысты ортада нақыл сөздер жоқ, өйткені олар мақалдап сөйлеуді «мəдениетсіздік» [77] деп біледі дейді.
М. Горький қолданған фразеологизмдердің көбі кейін əдеби тілге айналып, белгілі бір нормаға ие болды. Мысалы: поехала кума, неведомо куда («Фома Гордеев»).
Орыс тілінің тамаша білгірі М. Горький о бастағы мағынасын сақтаған, яғни номинативтік мағынасын жоғалтпаған мақал-мəтелдерді пайдаланады. Əрине, бұлар көбіне ауыспалы мағынада болып келеді.
Жазушы творчествосында ауыз əдебиетінде мол кездесетін эпикалық əуендерге толы үлгілер де бар. Халық өлеңдері, жұмбақтар, тақпақтар белгілі мақсатқа орай шығарманың өңін кіргізетін мысалдар. «Начало искусства слова – в фольклоре», – деп М. Горький мейлінше дəл айтқан. Көркем туындының қандай бір түрін алсақ, не қай жазушының тілін тексерсек те алдымен берілетін баға – тілінің көркемдігі. Ал тіл көркемдігі қашан да халық творчествосындағы шексіз байлықтың мекені. Соны жайлаған жазушы ғана шеберлік шыңына шеру тартпақ. Сонда ғана халық тілінің қазынасы игеріледі. Сонда ғана тіл байлығы дегенді анық түсінуге болады. Ескі өлеңдер, ертегілер қай тілдің де бар қасиетін тамаша танытатын үлгілер. Мұны жете түсінген, түсініп қана қоймай белгілі бір кезеңде əдеби тілдің дамуына дерек ретінде жаратқан жазушы – М. Горький. Бұлар түгілі оның шығармаларында жаргондық («при плохих картах всегда с козыря ходи» – «Фома Гордеев») үлгілер де жетерлік.
Фразеологизмдердің грамматикалық, стилистикалық жəне функционалдық өзгешелігі бар.
Ендеше М. Горький пайдаланған фразеологиялық топтардың өзіндік ерекшеліктерін байқау қажет. Фразеологизмдер көркем əдебиетте қашан да белгілі бір сөйлем ішінде беріледі. Олай болса бұларды сөйлеммен байланысты тексерген дұрыс. Кейде бұлар өзара синоним болып та жұмсалады. Бірақ мұның сыры əдеттегі синонимдерден басқаша. Фразеологияның грамматикалық ерекшелігі дегенде осы қасиетін, яғни сөйлемде белгілі бір грамматикалық формада, белгілі бір сөз табын тілейтінін айтамыз. Сөйтіп ол грамматикамен, əсіресе морфологиямен байланысты екен. Ал лексикологиямен байланысты болатын себебі, онда лексикалық сөздердің болатындығынан. Фразеологизмдер белгілі бір сөйлем мүшелері ретінде көрінетіндіктен синтаксиспен де тығыз байланыста.
Сөйлемнің бастауышы болса тəуелсіз, баяндауыш не басқа тұрлаусыз мүшенің бірінде тұрса тəуелді қалыпта жұмсалады. Фразеологиялық тіркестердің грамматикалық заңдылықтары олардың стилистикалық қызметін де танытады. Яғни бұл синтаксистік стилистика элементі.
Бұдан біз фразеологизмдердің белгілі бір грамматикалық формаға түсіп, қажетті стилистикалық қызмет атқаратынын көреміз. Сөйлем – біздің қатынас құралымыз, тілдің ерекше единицасы. Егер сол сөйлемдегі кейбір сөздің, не жай тіркестің бірінің орнына фразеологиялық тіркесті қолдансақ, сөзіміз басқаша стилистикалық өң-ажарға ие болатынын байқаймыз. Əлгі сөйлеміміз бұрынғыдан гөрі экспрессивті-эмоционалды кейіпке түседі, басқаша айтқанда, əсерлі əсем болмақ. Бұлар сөйлемнің басқа мүшелерімен байланысқа түскенде, əрқилы мінез танытады. Егер бастауыш рөлінде тұрса, сол бастапқы дербес күйі сақталады, ал сөйлемнің басқа мүшелерінің бірінде тұрса əбден кірігіп кетеді. Сөйтіп олардың грамматикалық байланыстары əртүрлі болып келеді.
М. Горький шығармаларынан байқалатын бір жайт, ондағы фразеологизмдердің бəрі дерлік жоғарыда айтылған əрқилы қызметте жұмсалатыны. Яғни олар барлық грамматикалық, синтаксистік стилистикалық қызметте жұмсала береді. Тек бастауыш болып келетін фразеологизмдер өте сирек. Мысалы: «Вот и Валаамова ослица заговорила» («Фома Гордеев») деген сияқтылар.
Өмір шындығын, қоғамдық құбылысты, болмыстың неше алуан фактілерін көркем суреттеу үшін предикативті фразеологизмдерді жиі қолданған. Контекске синоним боп келетін фразеологиялық тіркестердің номинативті мағынасы баяндауыш қызметінде белгілі бір қозғалыс процесін, соның қалай өтіп жатқанын, қандай белгілері барын көрсетеді. Мысалы: «А ты прежде время не горуй,– сказала она» («Фома Гордеев»). Осы фразаны «подожди» деген бір сөзбен алмастыруға да болар еді. Бірақ ондай жағдайда жазушы ойлаған көркемдік қасиет көмескі күйде қалады. Сөйлемнің көркемдігіне нұқсан келеді.
М. Горький фразеологизмдерді шығармашылықпен қолданады дедік. Мұның мəнісі қалай? Ол баяндалатын құбылыстың ыңғайына орай фразеологизмдерді əрқилы қызметке жегеді. Құрылысы, формасы өзгеруі де, өзгермеуі де мүмкін. Ол автордың творчестволық мақсатына байланысты. Мысалы: «загребатъ жар чужими руками» деген фразеологиялық тіркесті талдағанда, мынадай жағдайды анықтаймыз. Мұнда «чужими руками» деген еркін тіркес семантикалық жағынан əлсіз байланысқан «загребать жар» дегенге омоним мəндес. Ал ауыспалы мағынасы жағынан бұлар фразеологиялық тіркес. «Загребать жар руками» дегенде əлі фразеологиялық бола алмайды. Ол үшін «чужими» деген сын есімді қосып, «руками» зат есімімен байланыстырғанда ғана фразеологиялық мағынаға көшеді.
Осы фразеологиялық тіркес сөйлемде басқа мүшелермен байланыстырушы баяндауыш қызметінде жұмсалады. Мысалы: «А что ее Сонькой зовут это всем известно… И что она любит чужими руками жар загребатъ тоже все знают» («Фома Гордеев»).
Бірақ М. Горький бұл фразеологиялық тіркестің осы күйінде берер жалпы мағынасын қанағат етпейді. Оны белгілі бір құбылыстарды көрсету мақсатына жақындатып нақтылай түседі. Мұны ол «чужими» деген сын есімді басқа сөзбен алмастыру арқылы іске асырады. Дерексіз мағынадағы «чужой, чужими» сөзінің орнына «рабочих» деген нақтылықты танытатын сын есімді қолданады. Мысалы: «не удастся вам загрести руками, рабочих жар в свои пазухи… («Жизнь Клима Самгина»).
М. Горький сөйлемнің тұрлаусыз мүшесі қызметінде жұмсалатын фразеологизмдерді де едəуір қолданады. Бұлар атрибут мəніндегі фразеологизмдер. Сөйлегенде көбінесе анықтауыш рөлінде жұмсалады. Мұндай қызметте жұмсалатын көбінесе идиомдар, қарапайым фразеологиялық тіркестер, синтаксистік құрылысы əбден қалыптасқан фразеологиялық штамптар т.б. Бұлардың стилистикалық қызметі тілдің көркем құралдары қызметімен тығыз байланыста болмақ. Мына мысалға көңіл бөліңіз: «Который человек сам за себя отвечать не может, значит – боится он себя, значит грош ему цена» («Фома Гордеев»). Осындағы курсивпен берілген фразеологиялық тіркес «человек» деген сөзге предикативті анықтауыш ретінде жанасып тұр.
Жазушы шығармаларында өз алдына жеке сөйлем ретінде қолданылатын фразеологизмдер де бар. Олар жай сөйлем болып та, күрделі сөйлемдерде не басыңқы, не бағыныңқы болып та келе береді. Сауаты бар Маякиннің қызына үйлен дегенде Фома былай дейді: «Но это – пустое дело. Всякая ржавчина очищается, ежели руки приложитъ…». Бұл – қоғамдық құбылыстарды, халық тұрмысын бұлжытпай танытатын фразеологизм.
Өз алдына жеке сөйлем немесе күрделі сөйлемнің бір бөлегі болып көбінесе мақалдар, мəтелдер, афоризмдер, цитаттар жəне қарапайым сөйлеу тілі формасындағы фразеологизмдер қолданылады. Жеке сөйлем болу үшін оның бастауышы мен баяндауышы болуы қажет екені белгілі. Бұлардың кəдімгі сөйлемдерден айырмасы оның грамматикалық құрылысында емес, фразеологиялық тұтастығында, яғни компоненттер жиылып беретін ауыспалы, астарлы мағынасында. Ал сол фразеологиялық мəн, мағыналық əр дегендеріңіз стилистикалық қызметті айқындайды. Олай болса грамматика жағынан қарағанда фразеологиялық тіркестер мен сөйлемдер арасынан алшақтық іздеудің қажеті жоқ.
М. Горький шығармаларындағы фразеологизмдердің көпшілігі құрылысы жағынан бастауыш, баяндауыш жəне сын есімнен болған анықтауышты болып келеді. Кейде «есть», «является» деген сияқты етістіктер түсіп қалып отырады. Мысалы, «бывший друг – злейший враг», «Матъ – враг смерти» («Фома Гордеев»). Белгілі бір тұлғаның мінездемесін беріп тұрған бұл мысалдар жазушының əрқилы стилистикалық өң беруіне септігін тигізген. Алғашқының баяндауышы мінездемелік сипатқа ие. Қазіргі қалпында əшкерелеудің түрін стилистикалық өңмен беріп тұр. Мұндай қолданыстар өнімді келеді. М. Горький кейбір фразеологизмдерді стилистикалық мақсатта неше түрлі өң беріп, дамытып, түрлендіріп қолданып отырады. Сөйтіп фразеологиялық тіркестердің жаңа түрлерін жасайды. «Счастье – возможно полное удовлетворение потребностей» тəрізділер осыған дəлел.
Жазушы қолданған фразеологизмдердің біразы құрылысы жағынан бір құрамды сөйлемдер сияқты. Бұлардың негізгі ұйтқысы əртүрлі формадағы етістіктер.
«Золото огнем пробуют» дегенде ең басты объект зат есім. Ол бірінші орында тұр. Көптеген фразеологизмдер құрмалас сөйлемге бара-бар. Біріне-бірі басыңқыбағыныңқы болып келетін екі сөйлемнен тұрады. Мысалы: «Волка не осудит господь, если волк овцу пожрет,.. но если крыса мерзкая повинна в овце – крысу осудит он».
Бұл келтірілген мысалдардан ұлы жазушының халықтық фразеологизмдерді мейлінше сұрыптап мол қолданғанын көреміз. Олардың əрқилы мақсатта, əртүрлі формада ғана жаратылып, жазушы тіліне стилистикалық ажар бергенін байқадық. Бұдан М.Горький өз шығармаларында тек дайын фразеологизмдерді, мақалмəтел, идиомдарды ғана пайдаланумен шектелген екен деп қорытынды жасауға болмайды. Осыларды творчестволықпен еркін пайдалана отырып, өз тарапынан да мүлде жаңа фразеологиялық тұрақты тіркестер жасап отырған.

Өмірзақ Айтпайұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *