БАЯНҒАЛИ ӘЛІМЖАНОВ — АЙТЫС ӨНЕРІН ДАМЫТУШЫ


БАЯНҒАЛИ ӘЛІМЖАНОВ — АЙТЫС ӨНЕРІН ДАМЫТУШЫ

Тлеубердина Г.Т., Аниева Н.Ғ.
Көкшетау қ., Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті guldentleuberdina@inbox.ru

Айтыс өнерінің ішіндегі ең күрделі де көркемі – ақындар айтысы. Ақындықтың, шешендіктің ғажайып үлгісі мен қиыннан қиыстырар тапқырлықтың ең биік шыңы – суырыпсалма (импровизаторлык) айтыс. Айтыскер ақындар үлкен айтысқа түсіп, дүйім жұртқа танымал болғанға дейін ақындық мектептің бел-белесінен өткені белгілі. Алғашында ауыл арасындағы жиын-тойлардағы қыз бен жігіт, құрбы-құрдас, замандастар арасындағы әзілқалжың, сөз қағысулардан басталса, соңы кішігірім қайымдасуларға ұласып отырған. Бұл – айтыскерлік өнерге бейімдейтін өзіндік үйрену кезеңі болған десек те артық емес.
Әрине, «әу» дегеннің барлығы шетінен ақын болып кетпеген. Көптің көреген көзі мен талғампаз ойы кімнің бойында буырқанған айтыс ақынына тән қасиеттің жатқанын қапысыз ажыратып, алғаш жалт етіп көрінгенінен-ақ ықыласы түсе қолдау жасап, қастерлеген. Халық тарапынан көрсетілген бұл үлкен құрметтің ар жағында жас ақынға деген зор міндет те тұрған. Осы міндетті жан дүниесімен сезіне келе, шабыт күйін шарықтатқан шын таланттар ғана кейіннен от ауызды, орақ тілді дүлділдердің қатарынан табылды.
Өткен ғасырда айтыс өнерінің қайта түлеп, жанданған тұсы соғыс жылдарымен сәйкес келеді. Ақындар айтысының тұншығып, саябыр табуына сонау 1916-40 жылдар аралығында қазақ қоғамында болған әр қилы өзгерістер мен аласапырандардың, ашаршылық пен асыра сілтеушіліктің, содырлы саясатты социализм науқанының зардабы өз әсерін тигізбей қоймады. «Бас қайғының» заманына душар болған қазақ жұрты өзінің бай рухани құндылықтарының тұнығынан сусындап, тереңіне еркін бойлай алмағанды. Тек, елге келген соғыстың салдарынан туындаған қажеттілік жоғары жақты айтыс өнеріне қайта бет бұруларына «мәжбүр» етті. Тұңғыш рет үкімет тарапынан қолдау тапқан асыл мұрамыз «тар құрсауда» болса да, сол кезеңнің тілек-талабын қанағаттандырарлықтай өзіндік нәтижесін берген еді. Дәстүрлі айтыс жаңа мазмұнда дәуір үніне үйлесіп, пәрменді үгіттік қызмет атқарды. Оның рөлі патриоттық өлең-жырлардан кем түспеді.
«Ежелгі, көне жанр мән-мазмұнын жаңартып, тың сапаға ие болды. Бұрын ру мен рудың ақындары айтысса, енді колхоз бен колхоздың, аудан мен ауданның, облыс пен облыстың ақындары жарысатын жаңа дәстүр туды. Айтыс – сын мен өзара сынның тамаша да өткір өзгеше құралына айналды. Онда халыққа аса қажет күн тәртібінде тұрған түбірлі мәселелер көтерілетін болды. Жаңа айтыстарда ақынның жеке басын мадақтап не мұқатудан гөрі елдің өміріндегі қуанышты оқиғалары қамтылып, шаруашылық, мәдениет саласындағы табыстар мен жемістер мадақталып, кедергі мен кеселдер таңбаланатын салт туды. Мұның аты – айтыс жанрының жаңаруы еді» [1, 10] Қазақ даласының түпкір-түпкірінен суырылып шыкқан от ауыз, орақ тілді көптеген халық ақындары жаңа қалыптағы айтыс көрігін қыздыра түсті.
Айтысқа екінің бірі жүрегі даулап түсе қоймаған. Тек өзінің ақындық мүмкіндігіне сенгендер ғана болмаса. Айтыс қазақтың қанына сіңіп, өміріне айналып кеткен қасиетті де киелі өнер. Осы өнердің табиғаты жайында көптеген ғалымдар, әдебиет зерттеушілері түрлі түйіндеулер жасап, тұщымды тұжырымдар қалыптастырғаны анық. Әсіресе, М.Әуезов пікірі айтыстың табиғатын дәл танытатындай “Өнер жарысы, сөз барымтасы” [2,114], – деуі, айтыстың шығармашылық шеберлік сайысы, өлең бәсекесі екенін қапысыз ұғындырады. Ұзақ жылдар бойы, әсіресе кеңес заманында өзінің табиғи заңдылықтарынан әбден айрылып, біраз бәсең тартып, көмескілене бастаған айтыс тәуелсіздік алған уақыттан бері жаңғырып, жандана бастады. Киелі айтыс халқымен қайта қауышты.
Осы өнердің қарыштап дамып, қайта түлеуіне ақындық мүмкіндігімен зор үлес қосқандардың бірі − Баянғали Әлімжанов. Сонау сексенінші жылдардың орта тұсында өнер бәсекесіне бел шешіп кіріскен Баянғали Әлімжанов содан бері қырықтан астам ақынмен сөз қағыстырған. Қ.Әбілев, А.Әлтаев, Ә.Беркенова, Ш.Айдаров, Ә.Қалыбекова, А.Бұлғақов, Ә.Манапов, Е.Асқаров, С.Құсанбаев, А.Кәкенов, О.Досбосынов т.б айтыстың ақтангерлерімен айтыстары Баянғалидің шығармашылық шабытының, суырыпсалмалық қабілетқарымының куәгеріндей.
Сонау ғасырлар қойнауынан кәтепті қара нардай тоқтамай тартып келе жатқан ақындар айтысының әр дәуірдің өз объективті себептеріне сай жоғары өрлеу, төмендеу кезеңдері болған. Б.Әлімжановтың импровизаторлық шығармашылық дәуірі айтыс жанрының әдебиеттің күнгей жағынан көлеңкелі тұсына қарай ысырылған тұсына дөп келді. Көп ғасырлық тарихы бар айтыс жанры бүгінгі бізге аман-есен жетті. Айтыстың ұзынның қысқарып, жуанның жіңішкірген өлара талма тұсына келген шағында, оны жерге құлатпай көтеріп алған аз ғана айтыс ақындарының көш басында осы Б.Әлімжановтың болғанын айта кеткен жөн. Өзінен бұрынғы ұрпақ жасаған рухани мәдениетті оған жалғас келген екінші ұрпақтың иеленіп, мұрагер болып, оны жаңа дәуір талабына сай жетілдіру, әсіресе терең насихатау – екінші ұрпақтың келер ұрпақ алдындағы міндетін борышты атқаруға тырысты.
Б.Әлімжанов халық поэзиясына жақын, рухани мұраларды меңгере отырып, ақын ретінде қалыптасқаны ақиқат. Жүрегіне өнердегі үш бірдей, атап айтқанда айтыскерлікті, жазба ақындықты, жыршылықты сыйдыра білген Б. Әлімжановты елге танымал еткен әлемде номадтар галактикасымен бірге жасасып келе жатқан импровизаторлық өнерге бейімдігі, бүгінгі XXI ғасырдың айтысы, яғни айтыскерлік өнері еді.
Б.Әлімжановтың ақындық өнерінің, суырыпсалмалық қасиетінің нақты көрінісі, шығармашылық жолындағы аукымды арналарынын бірі – айтыстары мен сөз қағыстарынан аңғарылады.
Ақынның ақындық қуаты мен айтыскерлік кырын танытатын осынау мұрасы күні бүгінге зерттеу нысанасында болмады. Оның тарихиэтнографиялық деректерден мол хабардар көнекөз шежірешілік, әр түрлі жырдастандар мен айтыс-қағыстарды жатқа айтатын үлкен жыршылық қабілеті де кезінде дүйім жүртты тәнті еткені белгілі. Б.Әлімжанов барған жерінде бірнеше күн қатарынан дамылдамай жыр төккен кездері болғанын ауыл қарттары, көз көргендер айтады.
Б.Әлімжановтың ақындық өнерінің, суырыпсалмалық қасиетінің нақты көрінісі, шығармашылық жолындағы ауқымды арналарының бірі – айтыстарынан аңғарылады.
Б.Әлімжановтың ақындық шеберлігі мен тапқырлығы арқасында кейбіреулеріндей ойы бытыраңқы, берекесіз, нәрсіз шұбартпаға бармайды, өнерінің жинақылығы қомақты сыртқы түріне сай, ал ішінде ой мен пікір үйлестігіне дәл түсіп жатуын қалайды. Өз қарсыласын бірден шығармашылық ізденіске, нағыз сайысқа жетелей жөнеледі. Қарсыласының міншілдігін орайлы оймен шөгеріп тастайды. Б.Әлімжановтың импровизаторлық өнерінің еркін дем, кең тынысты сілтесін оның айтыстарының қайсысынан болсын аңғарып, сезінуге болады. Ақын дәлелдерді, үлкен ойларды, адам мінездемесін әрі шапшаң, әрі көркем өлеңмен айтып береді.
Айтыс – үлкен өнер, халықтың рухани азығы, сонымен бірге идеологиялық тәрбиенің өткір құралы. Әдетте шындық айтыста туады дейміз, жетістігіміз қандай, кем-кетігіміз не, солардың бәрі айтыс өнерінің назарынан тыс қалмайды. Алқа топта ақын аузымен айтылған ащы шындықтардың салмағы да оңай болмаса керек” [3,54], – дейді ғалым М.Дүйсенов. Б.Әлімжанов айтыстарында ел-жұрт, ағайын-туған, жекжат-жұрағат амандығы, ағайын арасының татулығы, ел-жер шоқтығы сыналай сөз болып жатса, енді бірде өмір, тұрмыс, тәлім-тәрбие, адамгершілік, мораль мәселелері қоса-қабат әңгіме аясына айналды. Осыдан келіп ақын айтыстарының да әлеуметтік мәні маңызды көрініс табады. Себебі бұл Б.Әлімжановтың ақындық, суырып салушылық дарынына, өнерпаздығына, өнертанымына, ішкі рухани қуаткүшіне, аңғарымпаздығына, байқағыштығына тікелей байланысты.
Ақын Баянғали Әлімжанов 1987 жылдан бері 216 рет айтысқан, республикалық, облыстық деңгейлерде өткен айтулы тойлардың бәрінде өнер көрсетіп, жиырма екі рет бас жүлдеге ие болған, талай дүркін жүлдегер атанған. Қанжығалы Бөгенбай батырдың 300, Шұбыртпалы ағыбайдың 190 және 200, ақын Сараның 115, Мағжан Жұмабаевтың 100 және 110, Ілияс Омаровтың 80, Көтібар Бәсенұлының 240, Есет Көтібарұлының 190, Тама Есет батырдың 325 жылдығына арналған айтыстардың, Сырым батырдың 250 жылдығына орай Ташкентте өткізілген Қазақстан-Өзбекстан, “Манас” жырының 1000 жылдығына орай Бішкекте өткізілген Қазақстан-Қырғызстан ақындар айтысының, Семей полигонының жабылуына арналған, “Невада-Семей” қозғалысы аясында өткен Халықаралық акция айтысының жеңімпазы.
Жалпы соңғы кездегі айтыстың күрт дамып, күрделенуі айтыс сахнасына көктемнің қызғалдақтай көрінген жас өркеннің, дарынды буынның мол шоғырының шығуына байланысты. Айтыс ақыны Б.Әлімжановтың шығармашылығы да ұлт тарихының бір белесі. Оған бүгінгі республика жұртшылығынын үлкен ілтипаты мен өнер адамдарының, әдебиетші қауімнің зор қошеметі куә. Ақсақал ақынның ізбасарлары, шәкірттері айтыс тізгінін қолына алып, Көкшетаудың намысын жоғары ұстап, Көкшенің айтыскерлік дәстүрін одан әрі жалғастыруда. Ән-жыры дарыған Көкшетаудың құнарлы топырағында туып, өзінің жүрек жарды өлең-жырларымен өнер бәйтерегі болып биік мәуелеп, іні-құрбылас шәкірттерімен тамырын тереңге бойлатқан ақын К.Шәкеев халқымыздың айтыскер ақындықтың ұлы көшін Баянғали, Құдайберлі, Арман сынды бүгінгі шырқау биікке көтерілген жырдың жүйрік құлагерлеріне тапсырды. Жырдың көшін үзбей, арқыраған ақсудай ағынды, арынды күйінде аманат етті.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Жармұхамедов М. Айтыс. -Алматы: Білім,1990.-51 б.
2. Әуезов М. Әдебиет тарихы. – Алматы: Ана тілі,1991.-240 б.
3. Дүйсенов М., Сейдеханов М., Негимов С. Халық ақындары творчествосының көркемдік сипаты.- Алматы: Ғылым, 1982.-192 б.
4. Жармұхаметұлы М. Айтыс өлеңдерінің арғы тегі мен дамуы.- Алматы: Мұраттас, 2001.-293 б.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *