АХМЕТ ЯСАУИ ХИКМЕТТЕРІНДЕГІ СЫН ЕСІМГЕ ЖАЛҒАНАТЫН
ЖҰРНАҚ АРҚЫЛЫ ЖАСАЛАТЫН ТУЫНДЫ ЕТІСТІКТЕР
Мулькибаева Э.Ж., Тулендиева Ф.Т.
Түркістан қ., Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті elmiramulkibaeva@mail.ru, faridat2010@mail.ru
Түркі тілдері дамуындағы Х-ХҮ ғасырларды қамтыған «Орта түркі дәуірі» қараханидтер кезеңіне (Х-ХІІғғ.) және моңғолдық кезеңге (ХІІ-ХҮғғ.) бөлінеді. Қараханидтер әулеті билеген ХІ ғасырда түркі халықтарына ортақ болып есептелетін көптеген туындылар дүниеге келді. Осы ғасыр түркі тілдес халықтардың шығармашылығында алтын дәуір деп аталды. Осы кезеңде Махмұт Қашқаридың оғыз және қыпшақ тілдерінің ерекшелігін көрсетуге арналған “Диуану луғат ит-түрк” шығармасы, Жүсіп Баласағұнидың “Қутадғу билик” дастаны, Қожа Ахмет Яссауидің сопылық бағыттағы поэтикалық «Диуани хикмет» (Даналық кітабы) шығармасы мен оның шәкірті Ахмет Йүгінекидің «Һибат-ул хақайиқ» (Ақиқат сыйы) дастаны секілді түркі жұртының мәңгілік мұралары дүниеге келді. Осы асыл жауһарлардың ішіндегі есімі мен шығармасы әлемге жайылған Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани хикмет» шығармасының орны ерекше.[1]
Әр дәуір шығармаларының тілдік тарихы оның ерекшеліктері мен өзгерісінен, даму, қалыптасу жолдарынан, заңдылықтарынан, қоғам дамуы тарихының ықпалының болғандығынан хабар береді. Көне түркі жазба ескерткіштері тілі мен Қожа Ахмет Яссауи тілін салыстыра қарастырғанда, сонымен қатар бүгінгі тіліміздегі өзгерістерді ескергенде бұған толық көз жеткізуге болады. Яссауи хикметтеріндегі етістік жасаушы жұрнақтарды тек морфологиялық тұрғыдан ғана емес, сөзжасамдық жұрнақ тұрғысынан қарастыру етістіктердің табиғатынан мол хабар беретінін байқауға болады.Қазір тіліміздегі қосымшалардың ерте кезде толық лексикалық мәнге ие жеке тілдік бірліктер болғандығы туралы ғалымдар айтып, жазып, тілдік деректермен дәйектеліп жүр.Әртүрлі сөз таптарына атап айтқанда зат есімге, сын есімге, сан есімге, еліктеуіштерге, етістіктің өзіне жұрнақ жалғау арқылы жаңа мағына тудыру жолдарын зерттеу арқылы қосымшалардың тарихын тереңдетуге болатындығына көзіміз жетіп отыр.
Көне түркі жазба ескерткіштерін зерттеуші ғалым Ғ.Айдаров туынды етістіктердің жасалуы негізгі түбір етістіктерге қосымшалар жалғану арқылы жасалатынын айта келіп, өзге ғалымдар секілді есім негізді және етістік негізді болып екіге бөлінетіндігін айтады. Есім сөздерге –а, -е, -ла, -ле, -лан, -лен, лат, -лет, -д, -ад, -ед, -ай, -ей, -қ, -к, -ық, -ік, -шур, -шүр сияқты жұрнақтар жалғану арқылы жасалатындығын көрсетеді.[2]. Етістіктен етістік тудыратын жұрнақтар толық берілмеген. Тек етістік категорияларының жұрнақтары жекежеке бөлініп берілген.
М.Қашқари туынды етістіктер жасауға негіз болатын бірден-бір етістік – бұйрық етістік деп таныған. М.Қашқари қосымшалар жалғанған етістіктердің сыртқы тұлғалық өзгерісіне, мағынасына, сонымен бірге қызметіне, мәтін ішіндегі сөйлемдік қызметтеріне назар аударады. Түркі тіліндегі етістіктердің ерекшеліктері туралы толық мәлімет беріледі. Мысалы, етістіктерді екі әріпті: ал, іл – бұйрық етістіктері. Үш әріпті; төрт әріпті; бес әріпті бұйрық етістіктерді, мысалы, берклә нәңні – нәрсені бекіт. Берклә етістігін айтылуды төрт әріпті сияқты дейді. Себебі берік түбіріндегі і қысаң дауыстысы түсіп қалып, сондықтан төрт әріпті сияқты дейді. [3].
Яссауи хикметтерінде беркіту етістігі екі жерде кездеседі.
Худайа рахм етіб йолұңа салғыл, Гунаһім беркітіб дәрдімні көргіл (10б, 1-2). Рахман тәңрім әйләбән кіргіз йолгә, Рахматындын муждә беркін ‘асы құлгә (44а, 1-2). [4,1].
Беркітіб етістігі туралы пікірімізді жоғарыда айтып өттік. Беркіту етістігі өзге ғылыми әдебеиттерде, түркітанушылар бек сын есімінен туындатады. Біздің ойымызша, беркіту етістігі берік сөзінен туындап тұр. Берік сөзіне -і дауысты дыбыстан жасалатын қосымша жалғанғанда түбір құрамындағы і қысаң дауысты дыбыс ығысып, түсіп қалады.
Сын есімге -ы, -і етістік тудырушы жұрнақтар жалғанған етістіктер.
Рийазатта һарыб ачыб азыб қалсам, Дустлар, хожам мәні бәндәм дегәймукин (13б, 4-5). Йолда өлүб көңліні сауытмаса биһрақ (29б, 11). (күн суыды). Тән жиһанын күйдүрүр ол ихтирақы, Ічі күйәр һәм қақылур һәм күл болур (33б, 6-7). Күйдүргучі йақдұрғучы һич тұрарың йоқ, От дек тұташыб бақыласан кәун-у мәкәндә (28а, 10-11). [4,2].
Ескерткіштер тіліндегі сөз жасайтын жұрнақтарды зерттеген Ә.Керімов Сәйф Сараидің “Гүлістан” және “Хұсрау мен Шырын” шығармаларындағы етістік жасаушы -ы, -и, -у, -ү жұрнақтарының бар екенін узы, (ұйықта), бәрки (бекі), қуры (құрғау) деген мысалдар арқылы дәлелдейді. [5]. Осындай дәлелдер орта ғасыр ескеркіштерінің бірі Қожа Ахмет Яссауидің хикметтерінен де кездеседі. Арыб, сауытмаса, қақылур, беркін, бақыласан деген етістіктер осының айғағы. Жоғарыда көрсетілген ескерткіштерде де -ы жұрнағы арқылы жасалған туынды етістіктердің саны аз екенін байқауға болады. Бүкіл туындының өн бойында бес туынды етістік кездесті. Сын есім мен етістікке жалғанып, туынды түбір етістіктер жасалған. Мысалы, арып азып, беркін етістіктері сын есім сөзден жасалған, ал, бақыласан, қақылур туынды етістіктері етістік сөзден, ал суытмасаң етістігі зат есімнен жұрнақ жалғану арқылы жасалып тұр. Махмуд Қашқари сөздігінде берік, беркіну сөздерінің мағынасы мықты, жабық, бекем деген мағыналарды береді екен, Махмуд Қашқари: “Бұл сөздің негізі бәк” деп көрсетіп, р-ның артық екенін айтқан болатын [3, 53 б.]. Осы беркін сөзі біздің тілімізде бекін, мықты болу деген мағынаны білдіреді – Рахматындын муждә беркін ‘асы құлгә (44а, 2). Қазақ тілінде беркіну сөзі қолданылмайды. Бірақ жергілікті тіл ерекшеліктерінде беркіну сөзін Махамбет шығармаларынан кездестіреміз. Беркініп садақ асынбай, ерлердің ісі бітер ме?! деген жолдардағы беркіну сөзі ХҮІІІ ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасыр басында қолданылғандығы белгілі. Жергілікті тіл ерекшеліктері де белгілі деңгейде тілдік өзгерістерді шешуге көмектеседі.
Р.Сыздық бәркітіб деген етістіктің хикметтер тілінде кездесетіндігін айтып, -іт жұрнағы арқылы жасалған етістік деп таниды [6, 142 б.].
Сонымен қатар қазіргі түркі тілдерінің материалдарын салыстырғанда -а және -ы аффикстері бірін-бірі алмастырып қолдану фактілері кездеседі: қазақша сүйре, түркіменше сүрү, боса, позы т.б. Тіпті қазақ тілінің өзінде жана (қасынан өту) және жаны (мысалы, оқ жанай өтті, оқ жанып өтті) секілді грамматикалық варианттар да кездеседі. Мұндай дерек Яссауи хикметтерінде де кездеседі. Мысалы:
Мәнің төрт дәфтарым ‘аләмға сығмас, Оқұб біткән кіші ‘аләмға қарымас (10а, 8-9).
Біздің ойымызша, қарымас және қарамас деген сөздерге а және ы дыбыс алмасуы бар.
Б.А.Серебренников пен Н.З.Гаджиеваның да еңбектерінде -ы, -и жұрнағы арқылы жасалған әзірбайжан тіліндегі бәрки – мықты болу сөздерін мысалға келтіруге болады. [7, 236 б.].
Сын есімге -іл жұрнағы жалғанған туынды етістіктер:
Он йашымда ол йол таптым тірілмәдім (44б, 12).
Яссауи хикметтерінде тірі-л-мәдім, и-іл, өргүләйін секілді -іл қосымшасы жалғанған етістіктер кездеседі. -іл, -л қосымшалары таза динамикалық қозғалысты білдіретін сөз тудырушы аффикстер қатарына жатады. Мысалы, тірілу етістігі, йілу, өркүләйін етістіктері көз алдымызға қимылды елестетеді. Қимылдың, динамикалық қозғалыстың елестеуін аңда, байқа, түсіну, білу қиялдау секілді етістіктермен салыстырып көруге болады. Бұл тілдік бірліктер де іс-әрекеттің мәнін білдіретін етістіктер болғанмен, олардың семантикалық ерекшеліктері өзгеше.
-ла,-ле жұрнағының сын есімнен етістік тудыруы:
Рухұм болғай аңа дәйим мәдәдкәр, Йүрәгін қан етіб йоқласа һәр бар. (10а, 6-7). Пирсіз хизмәт сәңә үшбу тамашалар керәк, Сән әгәр диуана сән тағдын өзүң ташла сән-а (98а, 8-9). Хошламайдүр ‘алимлар бізні айтған түркині, Ма’насыға барсалар йергә қойар бөркіні (32а, 4). Рахат ташлаб жан михнәтін хошләгәнләр, Мәулім оны ‘азизлаб көкдә орын берді-йа (39б, 8). Оғлыны көб йоқлады, Көзі йашға толды-йа (105б, 8). Дустлар мәні йоқлағай.
Барлығы сын есімдерге -ла, -лә жұрнағы жалғану арқылы 7 етістік туындаған. Қожа Ахмет Яссауи шығармаларына жиілік талдау жасау барысында 4 сын есімге -ла, -лә жұрнағы жалғану арқылы етістік туындағаны анықталды. Біріншіден, жұрнақтар түбір сын есімдерге жалғанған. Екіншіден, түбір сын есім болғандықтан сапалық сын есімдерге жалпы түбір сын есім болғандықтан сапалық сын есімдерге жалғанған. Негізінен, аффикстің бұл тұлғасы -ла, -ле күйінде сапалық сын есімдерге жалғанатындығын, қалған морф тұлғалары қатыстық сын есімдерге жалғанатындығын қазақ тіліндегі туынды түбір етістіктерді зерттеген ғалым А.Хасенова айтқан болатын. Ғалымның ойы өз түпнұсқасында былай беріледі: “-ла, -ле аффиксі сын есім тобына жататын сөздердің бәріне бірдей қосыла бермейді және бұл аффикс арқылы сын есімдерден жасалған туынды түбір етістіктердің бәрінің мағынасы бірдей болмайды. Сапалық сын есімдерге бұл аффикс негізінде -ла, -ле күйінде, ал кейбіреулеріне, қатыстық сындарға …-дан, -ден түрінде қосылады” [8, 53 б.]. Сын есім тұлғасына жалғануда ғана емес, барлық сөздерге жалғануына байланысты -ла, -ле … жұрнақтары жалғануы жағынан, сөз тудыру қабілетінің жоғарылығына байланысты өнімді жұрнақтар қатарынан орын алады. Сын есімдерге аталған етістік тудырушы жұрнақтар жалғанғанда дыбыс үндестігі сақтала қоймаған. Негізінен, үндестік заңы біздің қазақ тілінде жақсы сақталғанмен, түркі тілдерінің өзге топтарында үндестік қатаң түрде сақтала қоймайды. Сондай үндестік заңы сақталмайтын тілдер қатарына Яссауи хикметтерінің тілі де жатады. Яссауи шығармаларының тілі туралы ғалымдар пікірі әрқилы болғанымен, бүгінгі күнде де толық зерттелді дей алмағанымызбен, қай тілде жазылды деген мәселе толыққанды басы ашық мәселе болып отыр. Әр түркі жұртының өкілдері өздерінің тілдік элементтеріне жақындатып, өз туындысы деп тану да кездесіп жатады. Дегенмен, Қожа Ахмет Яссауидің қазақ жерінде туып, шығармаларын осы жерде туындатып, осы жерде сүйегінің жатқаны да баршаға аян. Осы кезең туындыларының тілі туралы пікірлер де сан қилы. Тілші-ғалымдардың Х-ХІІ ғасыр жазба ескерткіштерін қараханид әдеби тілінің дәстүріндегі j тобындағы оғыз-қыпшақ тілінде (кей деректер бойынша шағатай тілі) жазылған туындылар деп қарайтын пікірлері де бар.
Қорытындылай келе, -ла, -лә жұрнағы жалғанған етістіктердің Яссауи хикметтерінде беретін мағыналары функциялық жағынан өрісті екендігін дәйектейтін етістіктер олардың жалғанатын зат атауларының семантикалық топтарымен тығыз байланысты. Хикметтердегі -ла, -лә жұрнақтары жалғанған етістіктердің мағыналары мен Ж.Тектіғұлдың жұрнақтың беретін мағыналарын сипаттағанын қоса ескергенде мынадай қорытынды жасауға (есім сөздер (зат есім, сын есім, есімдік) бойынша) болады:
— ла, -лә жұрнақтары салыстыру мәнін береді: таула (78а, 3);
— ла, -лә жұрнақтары қимылды бір зат арқылы (мұның ішіне дене мүшелері арқылы жасалған етістіктер де кіреді) жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Бағла (59б, 1), көзлә (60а, 10), чаңла (13б, 12), башла (102а, 4), тілде (39б, 2), йүзлә(14б, 11) т.б.
— ла, -лә жұрнақтары дерексіз заттарға жалғану арқылы да жасалады. Аңла (12б, 3), естә (16а, 4), тыңла (11б, 3), дағла (19б, 7);
— ла, -лә жұрнақтары жалғану арқылы жасалған ұқсату заңдылығы негізінде жасалған туынды етістіктер: ізлә (44а, 8), істе (102а, 12), ұхла (107б, 6), башла (102а, 4) т.б.
Зат есімдер мен сын есімдерден туынды етістік жасаушы жұрнақтар қайталанып та келе береді. Мысалы, -а, -ә жұрнақтары, -ла, -лә жұрнақтары қайталанып келгенмен, олардың жалғанған түбірлері екі түрлі сөздер тобына жатады. Дегенмен, олардың беретін мағыналарында айырмашылықтар байқалмайды. -ы, -і, -іл, -ай, -ар жұрнақтары арқылы жасалған сөздердің де беретін мағыналарында сол затқа, заттың сынына айналу мағыналары бар екенін көруге болады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Көпрүлүзаде М.Ф. Қожа Ахмет Ясауи. Танымы мен тағлымы. – Шымкент: Арыс, 1999. – 122 б.
2. Айдаров Ғ. Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі. – Алматы, Мектеп. 1986, 180 б.
3. Қашқари М. Түрік сөздігі: (Диуани лұғат ат-түрк): 3 томдық шығ. жинағы, 1-том, 376 б.
4. Иасауи Қожа Ахмет. Диуани хикмет (Ақыл кітабы). Алматы. Мұраттас, 1993. 261 б.
5. Керімов Ә. Түркі әдебиеті ескерткіштері тіліндегі сөз жасайтын жұрнақтар (ХІҮ ғасыр). Алматы. Ы.Алтынсарин атындағы Қазақтың білім академиясының Республикалық баспа кабиенті, 1999. 110 б.
6. Сыздықова Р. Ясауи хикметтерінің тілі. Алматы. Сөздік-Словарь, 2004, 552 б.
7. Серебренников Б.А., Гаджиева Н.З. Сравнительно-историческая грамматика тюркских языков. Москва. Наука, 1986 302 с.
8. Хасенова А. Қазақ тіліндегі туынды түбір етістіктер. Алматы. Қазақ ССР Ғылым академиясының баспасы, 1959 б. 175 б.
9. Байымбетова Ж. Қ.А.Йассаидың “Диуани хикметіндегі” салт-сабақты етістіктер// І дүниежүзілік түркологиялық конгресс материалдары. Ташкент. 2002.
10. Абдірахманов Р.Х. Қ.А. Ясауидің “Диуани хикмет” ескерткіші тіліндегі септік жалғауларының сипаты: филол.ғыл.канд. дисс. Алматы. 2000, 126 б.