Абай мұраларының педагогикалық құндылығы

 Абай мұраларының педагогикалық құндылығы

Абай Құнанбаев – қазақ халқының ұлы классик ақыны, ағартушы демократы, ұлтымыздың рухани мақтанышы. Абайдың мұрасы, теңдессіз дана ойлары мен шығармалары бүкіләлемдік қазынаға қосылған алтын қор екені талассыз.
Осы уақыт аралығында Абайтану ғылымы тарихы бай, кемел, іргетасы мықты салаға айналды. Қазақ әдебиеті тарихында Абайдың әдеби мұрасын жоғары бағалап, алғаш пікір білдірген қалам қайраткерлері – Алаш зиялылары. Абайдың өмірі мен ақындық өнері жөнінде бірінші болып ғылыми ой айтқан адам – Әлихан Бөкейханов. Ә. Бөкейхановтың 1905 жылы «Абай (Ибрагим) Құнанбаев» атты азанамасын, А. Байтұрсынұлының «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласын, Міржақып Дулатұлының 1914 жылы 23 шілдеде «Қазақ» газетінде жарияланған «Абай» атты мақаласын, Ж. Аймауытұлы мен М. Әуезовтің («Екеу» деп қол қойған) «Абай» журналының 1918 жылы №2 санында жарық көрген «Абайдың өнері Һәм қызметі» атты мақаласын атау қажет. Абай мұрасы халыққа таныла бастады.
Абайтанудың дербес ғылым саласына көтерілуіне академик М. Әуезовтің сіңірген еңбегі өлшеусіз. Абай жайлы ұзақ жылдарға созылған ғылыми зерттеулерін тұтас қорытындылай отырып жазған ғылыми монографиясы мен атақты «Абай жолы» роман-эпопеясын жазуға 30 жылдан астам уақытын арнады.
М.Әуезовтің жетекшілігімен Қ.Мұхамедханұлы Абайдың ақын шәкірттерінің мұраларын зерттеу ісін қолға алса, Ә.Жиреншин өз еңбектерінде жалпы Абайдың әдеби ортасы жайында сөз қозғады. Қ.Жұбанов Абайдың алдындағы әдебиет және ақынның қазақ әдебиетіндегі жаңашылдық деңгейін ашып берсе, Қ.Жұмалиев қазақ поэзиясы мен Абай шығармаларының тілін салыстыра зерттеді. 1960 жылдары А.Нұрқатов, М.Бөжеевтер тарапынан Абайдың дәстүрі, Қ.Жұмалиев пен Ш.Сәтбаева Абай балалары – Ақылбай мен Мағауия мұраларын, Б.Кенжебаев Ә.Тәңірбергенұлы мұрасын зерттесе, сексенінші жылдары М.Мырзахметұлы Әуезов зерттеуіндегі Абайдың әдеби ортасы тақырыбының сипатына ашуға ден қойды. Абайдың әдеби ортасы тақырыбы Абайға қатысты, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы әдеби үрдіске қатысты жазылған еңбектердің бірсыпырасында тікелей, кейде жанама түрде сөз болып отырғандығы белгілі. Атап айтатын болсақ, А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, М.Сильченко, Қ.Жұбанов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайлов, Б.Кенжебаев, Қ.Өміралиев, З.Ахметов, М.Мырзахметұлы, Ғ.Есім, Ж.Ысмағұлов, Ш.Сәтбаева, Ә.Жиреншин, А.Нұрқатов, М.Бөжеев, Қ.Мұхамедханұлы, Т.Жұртбай, М.Мағауин, Б.Әбдіғазиұлы, Б.Байғалиев, Б.Сапаралы тағы басқа ғалымдар мен зерттеушілер Абайдың әдеби ортасының зерттелуіне өзіндік үлестерін қосты.
Абай ортасы туралы ой түйіндерін ақын жайында айтылған алғашқы пікірлердің астарынан іздеген жөн. Абай айналасы туралы ой-пікір ұшқындарын Ә.Бөкейханов [5], М.Дулатұлы [6], А.Байтұрсынұлы [7],
С.Ғаббасовтың [8] тағы басқа әдебиет пен мәдениет қайраткерлерінің мақалаларында көрініс тауып, бұл тақырып төңкерістен кейін кеңірек сөз бола бастады. 1918 жылы «Абайдың өмірі һәм қызметі» деген мақалада (мақала авторлары Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов) Абай дәстүрі, оның тікелей мұрагерлері турасында сөз болса, «Екеудің» «Абайдан соңғы ақындар» деген екінші мақаласы – шын мәнінде Абайдың дәстүрі, Абай мектебі тақырыбына арналған тырнақалды ғылыми дүние болуымен құнды [9]. Сыншы ғалым Д. Ысқақұлының сөзімен айтсақ: ««Абайда» жарияланған материалдардың ішінде «Абайдан соңғы ақындар» атты мақала ұстанған бағытының дұрыстығымен, көтерген мәселенің маңыздылығымен, айтқан пікірлерінің өміршеңдігімен ерекшеленеді» [10, 57-б.]. Ақын өлеңдерінің ішкі идеялық мәнін ден қоя зерттеп, оның заманымен қабыстыра талдау жүргізген татар зерттеушісі А.Сағди Абайдың өскен ортасы, оның ақынға әсері туралы 1923 жылы «Ақжолда» төмендегідей құнды ой айтады: «Абайдың һәм барлық қазақ халқының отырған орны, қонып жүрген шеті көрінбес кең шөлдер, меңіреу үнсіз далалар болғандығы белгілі. Абай, міне, сол заманда, сол елдің ішінде сондай тіршілік орындары, сондай табиғат орындары ортасында туған, сонда өскен, бар өмірін сонда жасап, сонда өлген бір кісі. Кісіге сол ел, сол тұрмыс қандай әсер, қандай ғибрат бере алса, Абай да сол бізге өзі арқылы өлеңдерімен соны береді. Сол тұрмыстан алған жүрек толқындарын шығарады» [11, 6-б.],- деген пікірінде ақынға өз ортасының, айналасының әсер-ықпалын баса көрсету бар.
М.Әуезовтің 1933 жылы жазған Абайдың тұңғыш өмірбаянында ақынның әдеби ортасы алғаш рет кең көлемде сөз болса, Қ.Жұбановтың «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» атты мақаласында автор Абайды оқшау күйде алмай, Шағатай әдебиетімен, қазақтың төл ауыз әдебиетімен байланыстыра қарастырылды [12].
Қырқыншы жылдардың басында Абай мектебі тақырыбын зерттеуді Әуезовтің кеңесімен Қ.Мұхамедханұлы қолға алды. Әуезов жетекшілік жасаған тақырыптың іргетасы қаланып, алғашқы қадамдар жасалды. Қ.Мұхамедханұлының Абайдың ақындық мектебі жайлы ізденістері жинақталып, жүйеленіп 1951 жылы кандидаттық диссертация ретінде қорғалды. Бірақ бұл тақырып тек абайтануда ғана емес, жалпы қазақ әдебиетінде үлкен дау туғызып, Абай тақырыбына айтарлықтай «зор кесірін» әкелді. Қанша қиын-қыстауды басынан өткергенімен ғалым «Абай шәкірттерінен» бас тартпады. «Абай мектебі» деген атау кеңестік әдебиеттің қалыбына сыймағандықтан, 1959 жылы алғашқы тақырыбын ауыстырып «Абай төңірегіндегі ақындар» (Поэты Абаевской поры) деген атпен диссертациясын қайта қорғауға мәжбүр болды. Тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Қ.Мұхамедханұлының Абай шәкірттері жайындағы «Абайдың ақын шәкірттері» [13] деген төрт кітаптан тұратын, сондай-ақ, «Абай мұрагерлері» [14] атты ғылыми еңбектері жарыққа шықты. Негізінен, осы тақырыпты қазақ әдебиетінің тарихында мәселе етіп көтерген М.Әуезов болып, әсіресе, Абайдың өзгеден алған нәрі жайын тек ғылымда емес «Абай жолы» эпопеясында да мейілінше қамтуға тырысты. Өткен ғасырдың 40-80 жылдар аралығында Абай ортасы, айналасына қатысты мәселелер негізінен ақынның дәстүрін жалғастырушы шәкірттері жайына болып, бұл тақырып төңірегінде Ә.Жиреншин [15], Б.Кенжебаев [16], Қ.Жұмалиев [17], А.Нұрқатов [18], М.Бөжеев [19], Ш.Сәтбаева [20] сынды ғалымдар пікір білдіріп, ғылыми еңбектерінде сөз етті.
Абайдың ақындық өсу жолдарын оның шығармашылық өмірбаянымен, дүниетанымымен, тарихи-әлеуметтік, саяси-мәдени жағдаяттармен қатар алып қарастыруды негізге алған ғұлама ғалым М.Әуезовтен бастап [21,22], кейінгі зерттеушілер М.С.Сильченко [23], А.Нұрқатов [24], З.Ахметов [25], З.Қабдолов [26], М.Мырзахметұлы [27], Ә.Дербісалин [28], М.Базарбаев [29], т.б. абайтануды үлкен белеске шығарды.
1934 жылы жазылған М.Әуезовтің «Абайдың ақындығының айналасы» («Поэтическое окружение Абая») атты іргелі мақаласында Абайдың ақын ретіндегі қалыптасу жолдары мен нәр алған көздері, рухани қайнарлары тұрғысында ғылыми дәлдікпен поэзия теориясына бой ұра, әдебиеттануға байланысты зерттеудің түрлі әдіс, тәсілдерін пайдалана отырып, өз заманы үшін де, қазір де маңызын жоймаған сенсациялы ойларын жариялайды. М.Әуезовтің аталмыш мақаласы жарияланғанымен, сол кезеңдегі саясиидеологиялық ұстанымдарға байланысты түрлі сындарға ұшырап, мақаланың орыс тіліндегі толықтырылған нұсқасы көп жылдар бойына жарияланбай қалады. Қазақ тіліндегі нұсқасы 1995 жылы шыққан «Абай Құнанбаев» атты монографиясында қысқартылған түрінде беріліп жүр. Орыс тіліндегі толық нұсқа 1997 жылы шыққан «Абайтану дәрістерінің дерек көздері»
(құрастырушылар: т.ғ.д. Л.М.Әуезова, ф.ғ.д., профессор М.Мырзахметұлы) деген еңбекте берілген.
Абайдың нәр алған қайнар көздері, ақындық мектебі тұрғысында академик М.Әуезов салып беріп кеткен даңғыл жол концепция болып орнықты. Ақынның үш қайнар бұлағы туралы кейінгі абайтанушылар өнімді зерттеулер жасады. Үш қайнар бұлақтың алғашқысы өзінің төл халқының аса бай әдебиеті мен мәдениеті болды. Фольклорлық туындылардан бастап, авторлы индивидуалды поэзия, не жыршы ақындар шығармашылығы, қазақ әдебиетінің тарихындағы ақын-жыраулармен қатар, өз тұсындағы ақындардың, сал-серілердің, жыршылардың шығармашылығын Абай толық меңгерді.
Абайдың нәр алған екінші қайнар бұлағы – Шығыс әдебиеті мен мәдениеті екендігі ақиқат. Ақынның жас шәкірт күнінен оқып өскен түркі-мұсылман елдерінің ақындарының, оқымысты ғұламаларының, философ, тарихшы, дінтанушыларының еңбектері болды.
Үшінші қайнар бұлақты – орыс әдебиеті мен мәдениеті, орыс тілі арқылы меңгерген Еуропа әдебиеті мен мәдениеті құрайды.
Абайдың сусындаған бұлақтары, ақындық кітапханасы деген ұғымдарда, ақынның шығармашылық лабораториясына, ақындық энергетикасына, болмысына әсер еткен, қалыптастырған, дамытқан кеңістік — өте ауқымды. Шын мәнінде, сол кезеңдегі қалыппен, Абай дәуіріндегі ақпараттық коммуникация тұрғысынан алатын болсақ, жаһандық деп толық айтуға негіз боларлық, әлемдік мәдениетті бойына сіңірген.
Академик М.Әуезов «Абайдың ақындығының айналасы» атты мақаласында осы жаһандық мәдениеттің қай бұтағы ақынның санасына тереңірек әсер етті, қайсысына Абай көбірек мойын бұрды, не оның дүниетанымының ұйытқысы, локомотиві болып қай мәдениет орын алды деген сұрақтар төңірегінде талдаулар жасайды: «Абай Батыстың өнер, мәдениет көрмесіне қазақ сахарасынан, Шығыстан шығып, сапар шегіп келіп, әдейі не барын, нендей сырлы екендігін танып қайтайын деген кісі сияқты. Бірақ шын өнер, шын мәдениетті көру мұң, көрген соң дәмін татып, нәрін алған соң жым-жылас, түк жұқтырмай кету мүмкін емес. Басында кердең басып, тайталас түспек боп келген беті біраздан соң өзгере береді. Рас, Еуропамен таныса келе: «Шығысым батыс, батысым шығыс боп кетті» деген сөз Абайдың ішкі дүниесінің барлығы бірдей қопарыла өзгеріп кетті дегенді білдірмейді. Еуропаның ғылым, өнер, мәдениеті, мұңы барған сайын қызықтыра тартып, соңына шындап телмірткенін білдіреді. Бірақ Абай іші бұрынғыша дін қазығына арқасын нық тіреп алып келген іш екені жоғарыда айтылған. Сол қалпы негізінде өзгермейді. Бірақ барған сайын икемделіп, сыпталып, сырт буындығынан арыла береді» [21.248б]. Ғұлама ғалым Абай шығармашылығындағы маңызды құбылыстар тұрғысында өте дұрыс позицияны айқындай білген. Дүниетанымдық тұрғыдан Абай орыс және батыс мәдениетіне сыртын береді. Оның дүниетанымының ажырамас темірқазығы – ислам діні, ислам философиясы болды. Абайдың Шығысқа қатысы, ақындық кітапханасы, шығыс классиктерімен үндестігі, исламиятпен байланысы, мораль философиясы, Әл-Фараби, Ж.Баласағұн, Ғ.Дауани, Қ.А.Ясауи пікірлерімен сабақтастығы, «Кабуснама», «Тотынама», «Мың бір түн», «Бабырнама», «Бұқара тарихы», т.б. еңбектерді Абайдың қабылдауы, шығыстық өлең теориясы мен үлгісінің Абай поэзиясына әсері, сопылық поэзияның ықпалы, т.б. іргелі мәселелерді зерттеулеріне арқау еткен ғалымдар М.Мырзахметұлы, А.Машанов, А.Көбесов, И.Жеменей, Д.Кенжетай, М.Әліпхан, С.Оразалиев, Қ.Әлқожаев, т.б. еңбектерінде жан-жақты талқыланады.
Кеңестік дәуірде Абай шығармашылығын, әсіресе оның лирикасын зерттеген ғалымдар ақынға шығыс әдебиеті мен мәдениетінің, ислам діні мен философиясының концептуалды, фундаменталды ықпалын көзден таса қалдырып, батыстың ықпалына екпін түсіре айтулары орын алды. Сол кезеңде үстем болып тұрған саяси-идеологиялық көзқарастың салқын ықпалына бойұрушылықты ескермегенде, М.С.Сильченконың, А.Нұрқатовтың, З.Ахметовтың, Ә.Дербісалиннің еңбектерінде лирика теориясына байланысты құнды талдаулар мен сараптаулар бар. Қалай дегенмен де Абайды шын мәнінде классиктік деңгейге көтеріп, әлемдік аренадағы ақындар галереясынан ойып орын алатын биікке шығарған, әлемнің озық ақындарымен иық теңестіретін қалыпқа жетуі – осы үш бұлақтың тоғысуынан, қорытпасынан туындаған жетістік. Абай лирикасы – синтетикалық дүние. Онда қазақтық мұң, исламдық, сопылық дүниетаным, батыстық лиризм мен психологизм, сыншыл реализм,
т.б. біте қайнасады. Абай лирикасының эволюциясы ұзақ үдерісті басынан өткізіп отырған, үнемі даму, баю үстіндегі лирика болды. Жаһандық интермәтін Абай шығармашылығына, оның лирикалық лабораториясына, идеялықэстетикалық, жанрлық-композициялық, стильдік-тілдік ұстанымдарына айтарлықтай әсер етті. 1880-жылдардың аяғы мен 1890-шы жылдардағы, тіпті өмірінің соңына дейінгі кезеңдердегі шығармашылық үрдісінің толығуы, кемелденуі, жаңа белеске, жаңа мазмұнға, жаңа түрге, жаңа сатыға көтерілуі де жаһандық интермәтіннің жанрлық коммуникация кеңістігі арқылы іске асты. М.Әуезов Абай лирикасына жаһандық интермәтіннің ықпалы тұрғысында былай дейді: «Рационалшы, жаңашыл Абай пішіні айқындалып, ашыла береді. Өз ішін бермеймін деп жүрсе де, ақын көп жанасу арқылы бірқатар жаңғырып, түлей бастады. Ой білімінде ақындық өнеріне тереңдеп өсе бастаған сайын Еуропадан үлгі таңдап, нәр алады.
Абай Шығыс жағасына араласу арқылы, жоғарыда тексерілген махаббат жайындағы, көңіл-күйі жайындағы жырларды шығарса, Батыс жағасының өз кемесіне соққан ағымдарын қорытқанда да сол жаңағыдай бірнеше тақырып үстінде еңбек етеді. Осы жайға көз жіберіп байқасақ, Абайда еуропалық төркіні бар екі алуан өлеңді көреміз. Бірі – ғашықтық жайының өлеңі (махаббат лирикасы), екіншісі – көңіл-күйінің өлеңі (настроение лирикасы) [21.249-250].
Ғалым М.С.Сильченко Абайдың «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» атты өлеңінде шығыстың классиктері Джами, Науаи поэзияларының ізі барлығын дәлелдеп жасады. Ол ақындардың поэзияға қойған талабы, поэзияның мақсатмұраты, өрнегіне байланысты критерийлері Абай талғамымен, талабымен, өлшемімен байланысатындығын айғақтайды. Яғни Абай поэзия туралы тек орыс ақындарының шығармаларын ғана емес, шығыс классиктерінің де туындыларын оқып, екі арнаны қорытып, тың дүние берген.
М.Әуезов айтатын Абайдың орыс әдебиетінен алған екі жаңалығы – махаббат және көңіл-күй лирикасы болса, лириканың осы түрлері ақын шығармашылығындағы ең өнімді түрлер болды. «Өзгеге, көңілім, тоярсың», «Менсінбеуші ем наданды», «Не іздейсің, көңілім не іздейсің», «Жүрегім, ойбай, соқпа енді!», «Қайғы шығар ілімнен», «Күлімсіреп аспан тұр», «Жүрегім менің қырық жамау», «Жүрегім, нені сезесің», «Жапырағы қуарған ескі үмітпен», «Көлеңке басын ұзартып», «Есіңде бар ма жас күнің», «Ауру жүрек ақырын соғады жай», «Жүректе қайрат болмаса», «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?», «Қуатты оттай бұрқырап», «Жалын мен оттан жаралып», «Домбыраға қол соқпа», т.б. өлеңдерін ақынның көңіл-күй дискурсінде жазылған лирикасына жатқызуға болады. Орыс классиктерінің ішіндегі Абайдың барынша үйір ақыны М.Ю.Лермонтов болса, жоғарыдағы өлеңдерде Лермонтовтық сарын сайрап жатыр. Әрине, бұл деген сөз Абайдың ақын ретінде даралығы жоқ, тек шығармашылығының бәрі әсерден, ықпалдан тұрады деген ой тумауы керек. Саяси-тарихи факторлар арқылы Абай танысқан орыс поэзиясы ақынның лирикалық әлеміне дәстүршілдік шеңберінде ықпал етті. Олардың лирикасын тұшына білген ақын ретінде Абай ешқандай қайталанбас, жаңа сападағы, жаңа мазмұн, жаңа түрдегі, қазақ контексіндегі симбиоз дүниені өмірге алып келді. Орыстан үйренгеннен қазақ поэзиясы, Абай поэзиясы ұтылған жоқ. Абай арқылы қазақ поэзиясы шырқау шыңына қол жеткізді. Шығыстың, Батыстың әдеби ықпалынсыз Абай поэзиясы мұндай биікке көтеріле алар ма еді? Барды бар деп бағалауға үйренетін болсақ, Абай саяси факторлардан өнерді, поэзияны жоғары қойып, жан-тәнімен шын өнерге бой ұсынды. Ол өнер Шында болса да, Абай одан сусындар еді. Ғалым М.С.Сильченконың мына ойлары Абай поэзиясының өзегін дұрыс айқындай біледі: «Учась искусству изображения внутренней жизни персонажа у русских классиков или художестенно-конкретному показу внешней обстановки, увлекаясь тонкой романтикой восточных классиков, философской направленностью их творений, Абай шел самостоятельным путем национального поэта-демократа.
Абай отбирал из созданного предшественниками лишь то, чего требовали исторические условия казахской культуры и сама жизнь казахского народа» [23. 291-292].
«Абай Құнанбаев алғашқылардың бірі болып, ұлттық шеңберден де шығып, әлемдік, адамзаттық деңгейге көтерілген алып тұлға» — дейді ғалым Н.Кенжеғараев.
Ақынға тікелей ықпал еткен, үлгі көрсеткен замандас аға буын ақындар, бишешендер мен сол Абайдан үлгі алған ішінде ақыны бар, әншісі мен күйшісі бар өнерлі жастардан тұратын әдеби қауымды негізге ала отырып, М.Әуезов Абайдың айналасын, ақындық ортасын ақынның өзі алған нәрі және өзгеге берген нәрі деп екі салаға жіктейді [30, 19-б.].
Өзі алған нәрі дегенде, сөз иелерінің ішінде ақындардың орны айрықша. Атап айтқанда, Абай жасынан Бұхар жырау, Шортанбай жырларына қанып өссе, өзі жүзбе-жүз кездескен Дулат, Сабырбай, Жанақ, Шөже, Балта, Байкөкше, Қуандық қыз, Бодау жырау, Мұрынбай жырау, Біржан сал сынды әдебиет өкілдерінің қай-қайсысынан да оның ақындық өсу жолын бөліп қарауға болмайды. Осы орайда академик С.Қирабаевтың пікірі орынды айтылған: «Абайдың ақындық жолы, ортасы күрделі болғаны белгілі, оның ақындығы да сол ортада, өз дәуірінің шындығына орай қалыптасты. Сондықтан, ақынның өзі туып өскен ортаның әдебиеттік үлгілерінен, қазақтың шешендік өнерінен (атақты би болғанын еске алыңыз!), аты белгілі (өзі атайтын Бұқар, Дулат, Шортанбай) ақындар өнегесінен тыс тууы мүмкін емес. Қайта Абай осылардың бәрін жақсы білді, жанына азық етті. Ұлттық рухани байлығын бойына сіңіре отырып, кейін шығыс, батыс үлгілерін еркін меңгеру арқылы бүкіл халықтық, жалпы адамзаттық ой-пікір деңгейіне көтерілді. Халықтық әдебиет сарындарын үлкен европалық үлгідегі ақындық жинақтаушылыққа (обобщение) ұластырды. Мұның өзі қазақ әдебиетінің Абай арқылы адамзат мәдениетінің көркемдік биігіне шығуын дәлелдейді» [31].
Профессор М.Мырзахметұлы 1994 жылғы «Абайтану тарихы» атты еңбегінде абайтануға қатысты деректердің төрт мыңға таяп қалғандығы туралы мәлімет береді [32].
Қазақтың ұлы ақыны, ойшылы Абай атамыздың мұрасы халқымыздың ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, бүгінгі күнге дейін өз маңызын жоймайтын зерттеудің көзі болып табылып, үнемі ғалым-педагогтардың да назарында жүр. Олардың ішінен Т.Тәжібаев, Қ.Жарықбаев, С.Қалиев, К.Шәймерденова, Б.Ұзақбаева, С.Ғаббасов, К.Құнантаева, Л.Халитова, А.Елемесовалардың еңбектерін ерекше атауға болады. Осы аталған ғалымдардың арасынан Абайдың педагогикалық, психологиялық көзқарасын тұңғыш рет ғылыми тұрғыдан жан-жақты ашып берген зерттеушілердің бірі — профессор Т. Тәжібаев. Ол Абайдың ақыл-ой, адамгершілік, еңбек тәрбиесі жайлы тұжырымдарына талдау жасай отырып, ұлы ақынның ағартушылық тұрғыдағы ой-пікірлері туралы бірқатар зерттеулер жасап, диссертациялар қорғады.
Сондай-ақ, ақынның еңбектерін педагогика, философия, психология, әдебиет, тарих тұрғысынан зерттегендер: С.Қирабаев, Х.Сүйіншәлиев, Г.Есімов, З.Ахметов, Қ.Жарықбаев, С.Қалиев, Ш.Әлжанұлы, А.Көбесов, А.Дайрабаева, Т.Төретаева т.б. Бұл ғалымдар Абай шығармалары тәлімтәрбиелік ой-пікірлерге бай екенін көрсете отырып, ақынның мұрасында дидактика мәселелері де орын алғаны туралы айтып отыр.
Абайдың дүниетанымы зерттеушілер назарын аударып қана қоймай, әрбір оқырманның рухани қазынасына айналды.
Зерттеуші Ж.Қ. Байділлаева: «Абайдың педагогикалық көзқарасы мәселелерін арнайы тақырып етіп қозғамаса да, М. О. Әуезов, Қ. Б. Жарықбаев, X. Сүйіншәлиев еңбектерінде ақынның ағартушылық тұжырымдары жайлы біршама құнды пікірлер ұшырасады. Абай педагогика саласынан арнайы ғылыми- теориялық шығармалар жазып, тікелей педагогикалық қызметпен шұғылданбаса да, оның өлеңдері мен қарасөздерінен жастарды тәрбиелеу мен оқытудың кейбір дидактикалық мәселелері жөнінде үлгі-өнеге тұтарлық салиқалы ойлар мен тұжырымдарды көп кездестіруге болады»,- деп көрсетеді
[33].
Абайды бірден түсініп кету оңай емес. Ол туралы абайтанушы-ғалым Ғарифолла Есім: «Абай шығармаларын бір рет қана оқып қоймақ түгілі, тіптен оның шығармаларын жаттап алу да аз, мәселе, оны түсінуде. Абай адам санасы кемелденіп, толысқан сайын түсінікті бола бастайды. Әр ұрпақ Абайдан өз түсінігін табады…» — деп пайымдайды [34].
Абай ілімі адам баласының ең жоғарғы мақсатын көрсетеді, ол мақсатқа жету жолын ашады және ол мақсатқа қалай жету керек екенін, яғни болмыс туралы білім береді. Ойшыл ілімі бүкіл болмыс негіздерін түгел қамтиды, сондықтан ол толық білім болып табылады.
Абай өзінің өлең-жырларында ел ішіндегі ұрлық, зорлықты, алтыбақан алауыздықты, күштілікті, жатып ішер жалқаулықты өлтіре сынап, жастарды адал еңбекке, отырықшылыққа, егіншілікке, өнер-білімге шақырады. Шығыс пен Батыс классиктерінің ағартушылық ой-пікірлерінен мол нәр алған ұлы ақын бала тәрбиесі мәселелеріне де кеңінен тоқталып, өзінің өлеңдері мен қара сөздерінде педагогикалық көзқарасын білдіреді. Адам мінезіндегі орынсыз мақтан, ойсыздық, салғырттық, күншілдік, көрсеқызарлық сияқты жаман әдеттердің ақыл мен ойды тоздыратынын айта келіп, естігенді есте сақтау, көргеннен үлгі-өнеге алу, жаман әдет-дағдыдан бойын аулақ ұстау, нәпсіні ақылға жеңдіру, ұстамды болу сияқты адамгершілік қасиеттерді насихаттайды. «Егер есті кісінің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмысында бір, ең болмаса айында бір, өмірді қалай өткізгенің жайында өзіңнен өзің есеп ал»,- дейді.
Яғни, адамның өзін-өзі тәрбиелеу мәселесінің маңызы мен мәніне ерекше тоқталады. Абай сана-сезімді тәрбиелеудегі қоғамдық ортаның ролін материалистік тұрғыдан түсіндіре білді. Адамның жақсы-жаман болуы, ақылды-ақылсыз болуы генетикалық негізге байланысты, ақ сүйек тұқымынан шыққандар ақылды, батыр, алғыр болады деген буржуазиялық нәсілдік, идеалистік көзқарасқа қарама-қарсы. Абай адам мінезінің қалыптасуы тәрбиеге, ортаға байланысты екенін дәлелдеді. Өзінің отыз жетінші қара сөзінде: «Мен, егер заң қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім», — деді.
Абайдың поэтикалық шығармалары мен қара сөздері пәлсапалық, этикалық, эстетикалық, психологиялық және педагогикалық ой-пікірлерге толы. Абай түсінігінше, табиғат біздің санамыздан тыс және бізге тәуелсіз өмір сүреді. Біздің түйсігіміз бен қабылдауымыз, түсінігіміз айналадағы ақиқат шындық өмірдің сәулесі ғана.
Абай түсінігінше, табиғат біздің санамыздан тыс және бізге тәуелсіз өмір сүреді. Адам баласы «көзімен көріп, құлақпен естіп, қолмен ұстап, тілмен татып, мұрнымен иіскеп тыстағы дүниеден хабар алады»,-дейді Абай. Адам баласы анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Бірі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп туады. Бұлар – тәннің құмарлығы. Екіншісі – білсем екен деу — жан құмарлығы (жетінші сөз) деп ой түйіндей келе, «адам бойына жан құмарлығы арқылы жиналатын нәрсенің аты ақыл, ғылым… ол таланттылық пен ерінбей еңбек еткен адамның қолына түседі» деген қорытынды жасайды. Абайдың дүниенің дамуы жөніндегі көзқарасында диалектикалық сарын басым. Ол табиғат құбылыстарын өзара бір-бірімен байланыста, үнемі өзгерісте, дамуда болады, адамды қоршаған ортаның – табиғаттың ішкі сырын білімғылым арқылы білуге болады деп қарастырады.
Ұлы ағартушы өзінің көптеген шығармаларында қазақ халқының ауыр тұрмысын және надандығын мінеп-шенеді. Қара басының қамын ғана ойлайтын, яғни тән қажеттігін өтеуді ғана ескеріп, рухани қажеттілікті ойламайтын, біреуді алдап, біреуді арбап күн көрушілерге, өзінен күшті әкімдер алдында жағымпаздықпен көзге түсіп қалуға тырысушыларға Абай мейлінше қарсы болды. Ондағы мақсат халыққа адал қызмет ету деп ұқты:

Пайда ойлама, ар ойла Талап қыл артық білуге.
Артық білім кітапта
Ерінбей оқып көруге, — деп жастарды білім-ғылымды меңгеруге шақырды.
Сол кездегі кейбір оқыған жастардың білімді шен алу, шекпен кию үшін пайдаланып, парақорлықпен алдап-арбаудың құралы етуге тырысқанына ызаланған Абай: Ойында жоқ олардың
Салтыков пен Толстой Я тілмаш, я адвокат.
Болсам деген бәрінде ой,- деп сөкті.
Жастарға халық қамын ойлаған ақын-жазушылар мен ғалымдарды үлгіөнеге етіп, «білімдіден шыққан сөз талаптыға кез болса екен», — дейді.
Тіршіліктің тұтқасы еңбек пен білімде деп ұққан Абай: Түбінде баянды еңбек егін салған, Жасынан оқу оқып, білім алған. Би болған, болыс болған мақсат емес, Өнердің бұдан өзге бәрі жалған.

Ел болу үшін қала салып, отырықшылықта болу керек, мектеп салып, оқу оқып, білім алу қажет, тіршіліктің тұтқасы еңбек пен білімде ғана тұр деп жар салды. Өнер-білімсіз қоғамның пайдалы азаматы болудың мүмкін емес екендігін, терең түсінген ол: «Барыңды салсаң да балаңа орыстың ғылымын үйрет… өнер де, ғылымда орыста тұр. Орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті оны білгенге дүние арзанға түседі»- деп, озық мәдениетті орыс халқын өнеге етті.
«Ақыл – ардың сақтаушысы» деп қарап, адамгершілік мәселелерін жоғары бағалап, ар тазалығы үшін күресуді дәріптеген ұлы ағартушы –

Ынсап, ұят, ар-намыс, сабыр талап,
Бұларды керек қылмас ешкім қалап…
Терең ой, терең ғылым іздемейді
Өтірік пен өсекті жүндей сабап, — деп кейбір жастардың іс-әрекетін қатты сынға алады.
Абай қазақ қоғамындағы жас ұрпақтарды тәрбиелеуге байланысты ойларын бірнеше өлеңдерінде («Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат», «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» т.б.) айқын білдіреді. Ол халықтың артта қалушылығын, надандығын мінеп, әдебиет пен ағарту халыққа қызмет етуі, жалқаулыққа, ымырашылдыққа қарсы күрес жүргізуі қажет екендігін көрсетеді, прогресшіл орыс мәдениетіне жақындай түсуді уағыздайды. Мұндай күрделі міндеттерді шешудің жолдарын іздестіре келе, Абай өзінің «Қырқыншы сөзінде» жалпыға бірдей білім беру талабын ұсынып, қыздар да оқып, білім алу керек деп есептейді.
Ұлы ағартушы өз айналасын қоршаған әділетсіздік қазақ халқын аздырып бара жатқанын, жас ұрпақты тәрбиелеуге теріс ықпалын тигізетіндігін байқап, халықты, әсіресе, жастарды, адамгершілікке тәрбиелеуге ерекше көңіл аударды. Ал жастар бойына дарытуға тиісті жоғары адамгершілік қасиеттер ретінде туған елге деген сүйіспеншілік пен ерлік, табандылық пен адалдық, парасаттылық пен сыпайылық, адамдарға қайырымдылықпен қарау, еңбек сүйгіштік, жарқын өмірге ұмтылушылық т.б. атап айтты. 1886 жылғы бір өлеңінде ақын:
Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман, Шошимын кейінгі жас балалардан.
Терін сатпай, телміріп көзін сатып,
Теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман,- деп өз кезіндегі жастардың осындай жағымсыз мінездері н қатаң сынға алды.
Абай уақытын еңбексіз бос өткізетіндерді, еріншектерді, өсекшілдерді, адамгершілік қасиетке ұмтылмайтындарды мейлінше жек көрді. Ондайлар туралы:
Осындай сыйдаң жігіт елде мол-ақ, Бәрі де шаруаға келеді олақ.
Сырын түзер біреу жоқ, сыртын түзеп,
Бар өнері – қу борбай – сымпыс шолақ — деп, күйзеле жазады ұлы ақын.
Гуманист – ақын Абайдың ХІХ ғ.орта шенінде халқымыздың бойындағы жағымсыз қасиеттерді қатты сынға ала отырып, айтқан ойларының, көтерген өзекті мәселелерінің бүгін де маңызды, күн тәртібінен түспей отырғандығын атап өткіміз келеді. Абайдың айтқан ойлары бүгінгі Мақатаев сияқты ақындарымыздың ойларымен үндесіп жатыр.
Табиғатты айтсын мейлі, махабатты айтсын, адамның ары мен арманын айтсын, жантүршігер міні мен арамза мінез-қылығын айтсын, қазақтың ақиық ақыны Мұқағали ағынан жарылып айтады, әрбір өлең жолынан ақынның жүрек лүпілін естіп, жан айнасын көреміз, адам бойында әлі де арылып болмаған сұмдық пен сараңдықтан жериміз, жамандықтан түршіге түңілеміз.
Сондықтан да ол:
Мансапқорлардың қасынан, Шықпайтындарға ашынам ! Жалданып өскен жасынан, Жағымпаздарға ашынам !
Өзіңе ғана бас ұрам,
Сенесің бе, Отан осыған !? Алаяқтарға ашынам !
Ашынамдағы тасынам,
Құнымды несін жасырам, — деп адам бойындағы жағымсыз мінез құлықты ашына сынға алды.
Мұқағали айтқандай, осы жағымсыз қылықтар да бүгін де арамызда бой көрсетіп қалады. Сол кезде Абайдың көтерген мәселелері бүгін де маңызды, өзектілігін ерекше айта кеткен жөн. Абай тарихқа ең алдымен кемеңгер ойшыл ақын, ағартушы ретінде енді. Абай өлеңдері мен қара сөздерінің тәрбиеліктәлімдік мәні зор, идеялық деңгейі жоғары болып келеді.
«Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін, Жоқты-барды, ертегіні термек үшін», — деп ақынның өзі айтқандай оның өлеңдерінің әлеуметтік, этикалық мәні мейлінше терең. Ең алдымен ол өз халқына өлеңдері, қара сөздері арқылы ұдайы ой салды, оның көкірегін оятып, оны надандықтан, жаман қылықтардан сақтандырды, мәдениетті болуға, прогреске шақырды.
Абай өзінің өлеңдерінің бәрінде:
«Қалың елім қазағым, қайран жұртым, Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың,
Жақсы мен жаманды айырмадың
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың» – деген сөздері дәлел бола алады.
Бұл өлеңде Абай ашынып, халықтың жанына тие айтады. Сондай-ақ, Абай бос даурығуға, бекер сал шашуға, өтірік, өсек айтуға, жалқаулыққа қарсы шықты. «Бес нәрседен қашық бол, Бес нәрсеге асық бол, адам болам десеңіз», — дей келіп, Абай «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ, Бес дұшпаның білсеңіз, Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой, Бес асыл іс, көнсеңіз», — деген өсиет айтты. Абай өнер-білім алуға шақырды, өмірде өз орныңды тап, пайдалы әрекет жаса, дейді. «Сен де – бір кірпіш дүниеге, тетігін тап та, бар қалан!» деген сөздер соның айғағы. Қазақ елінде ойын-сауыққа көп әуестеніп, бір үйден бір үйге, бір ауылдан бір ауылға селтеңдеп, қыдырып жүретін келеңсіз әдет селтеңдеп, қыдырып жүретін келеңсіз әдет барын ашына ескертіп, одан аулақ болуды арман етті. «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын», — деп жағымсыз қасиеттерден жастарды жирендіреді.
Ол А.С.Пушкин мен М.Ю.Лермонтовты ұстаз тұтты, олардың өлеңдерін, И.А.Крыловтың мысалдарын қазақ тіліне аударды. Мәселен, «Татьянаның хатын», «Онегиннің хатын» аударып қана қойған жоқ, оған ән де шығарды. 1840 жылы М.Ю.Лермонтов Гетенің «Жолаушының түнгі әні» деген өлеңін «Горные вершины спят во тьме ночной» деген атпен аударған болатын. Гетенің бұл өлеңі көптеген ақындарға, композиторларға әсер етті. Ол Абайдың да жүрегіне ұялады. «Қараңғы түнде тау қалғып, ұйқыға кетер маужырап» деп аударды. Сонымен қатар, Абай шығыс мәдениетінен де нәр алды. Фирдоуси,
Науаи, Низами, Хафиз, Сағди шығармаларына еліктеді.
1995 жылы бүкіл еліміз Абайдың 150 жылдық мерекесін ЮНЕСКО шешімі бойынша әлем болып тойлады. Ұлтымыздың рухани мақтанышы, ұлы гуманист, ақын-ағартушы Абайдың ғылыми-педагогикалық мұрасының зерттелу жайы туралы және Қазақстанда төңкеріске дейінгі педагогикалық ойпікірдің даму тарихында алатын орны туралы айтқанымызда ұлы ғұлама ойшылдың педагогикалық мұрасын алғашқы зерттеушілер, педагогика тарихы саласындағы көрнекті қазақстандық ғалымдар, педагогика ғылымдарының докторлары, профессорлар Т.Т.Тәжібаев, Қ.Б.Бержанов, Ә.У.Сембаев, Қ.Б.Жарықбаев, С.Қ.Қалиев және т.б. ғалымдардың еңбектерін ерекше атап өткен жөн.
Ұлы гуманист-ақынның педагогикалық, тағылымдық мұраларының мәні мен маңызы бүгінгі таңда да өміршең, өзекті екендігін дәлелдейді. ХХ ғасырдың басында бір кезде Шоқан, Ыбырай, Абай көтерген ағартушылық қозғалыстың туын Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатовтар жалғастырды.
Абай – адамзат ақыл-ойы, ақындығының ірі тұлғасы. Оның тағылымы білімнің де, тәрбиенің де қайнар бұлағы екені түсінікті. Ұлы дананың қай шығармасын алмайық, оның алтын қазығы – Адам. Ол нағыз Адам, Толық Адам қандай болу керек деген сұраққа жауап іздейді, әрі оған жауап береді. Мысалы, «Атымды Адам қойған соң қайтып надан болайын», «Адамды сүй, алланың хикметін сез, не қызық бар өмірде одан басқа» — дейді. Тағы да «Әуелі бір суық мұз – ақыл зерек» өлеңінде:
«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боларсың елден бөлек»- деп, ой тастайды.
Ары қарай ақын: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп, толық адамның қасиеттерін санамалап береді. «Толық адам» ұғымын талдай келіп, оның мәні үш сипатты (ғылым, рақым, әділет) болуға талаптану деп көрсеткен. Абай көтерген «Толық адам» қағидаты – ұлттық педагогикада «Сегіз қырлы, бір сырлы» ұрпақ тәрбиесінің қағидатымен үндестігін байқамау мүмкін емес.
Ұлы гуманист адамды сүю туралы айта отырып, «Адамзаттың бәрін сүй» деп ақыл айта отырып, «Адамзатты сүю – хақтың жолы, ғаділеттің жолы» деген анықтама береді. Қазіргі білім берудегі басты ұстаным болып отырған гуманистік педагогиканың негізі «Адамды сүюден басқа қызық жоқ» деген пікірімен ұштасады. Ақын адамды әкенің емес, адамның баласы болуға үгіттейді. «Әкенің баласы – адамның дұшпаны, адамның баласы – бауырың» — деп, ғибрат тастайды. Абай адамдықтың басты қасиеті – адамгершілік екенін баса жырлайды. Адамшылықтың алды – «махаббат, ғаділет, сезім» дейді. Адамшылықтың тәрбие арқылы келетініне көз жеткізеді. Жас ұрпақты тәрбиелеу ісі ең алдымен адамды сүюге баулудан басталуы керек. Абай мұрасы, тағылымының өміршеңдігін бүгінгі тәрбие үрдісінің алдында тұрған мақсаттар мен міндеттер арқылы дәлелдеуге болады. Жеке тұлғаға бағдарлап оқыту мәселесін жүзеге асыруда Абай шығармалары маңызды орын алады.
Абай адамның адамдық қасиеті еңбекте, ғылым-білім үйренуде, адамгершілік мінез-құлықта деп түсіндірді. Елін еңбекке шақырып, өнерге үндеді, ескіше көзқарасқа, қазақ ортасының жағдайлары тудырған мінезқұлықтағы ұнамсыз көріністерге қарсы күресті.
Абай өзі мұрат тұтқан толық адамдыққа жеткізетін ең басты қасиетке әділеттілікті жатқызады. Ақынның тікелей басшылығымен жазылған «Қарамола Ережесінің» заңдық, әділеттілік бағасымен қоса, жас жеткіншекке азаматтық-құқықтық тәрбие беру ісінде тәлімі зор шығарма болып табылады. Абай мұрасындағы рухани-тағылымдық тәрбие идеяларын жас жеткіншектердің өз бойларына біршама сіңіргеніне қарамастан, оның әдебишығармашылығына қажеттілікті арттыруда мұның өзі, біріншіден, Абай шығармаларын тұтас алғанда толыққанды оқыту мен пайымдауды қоғамдық тұрғыдан қажет етсе, екіншіден, бүгінгі күнгі Абайдың тәрбие мен оқыту саласындағы көзқарастары мен пікірлерінің жас ұрпақты оқыту мәселесінде әлі де жеткіліксіз екендігі сезіледі.
Абай шығармалары үш жүйемен өрбиді: бірі – өз жанынан шығарған төл өлеңдері; екіншісі – ғақлия немесе қара сөз деп аталатын прозасы; үшіншісі – өзге тілдерден, әсіресе, орысшадан аударған өлеңдері.
Абай ақындық жолға бет бұрғандағы алғашқы шығармаларын орыс мәдениеті мен білімнің маңызын насихаттауға арнады. Оның 1885 жылғы жазған «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңі бұл тақырыптағы тұңғыш шығармасы болуымен қатар, ақынның сөз өнері жолындағы жаңа ізденісі де болып табылады.
1887 жылы жазған «Қан сонарда бүркітші шығады аңға», Лермонтовтан аударған «Бородино» өлеңдері шын мәніндегі поэзиялық туындылар. 1986 жылы жазған «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Сабырсыз, арсыз, еріншек», «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» өлеңдері – сол дәуірдің шындығын дәл беретін туындылар.
Абай қазақ тіліне «Евгений Онегинді» аударып, өзі әнін шығарған.
«Татьянаның хаты» халық аузында үлкен сүйіспеншілікке бөленді.
Абай шығармаларының тағы бір қатарына тоқталар болсақ:
1885 жылы жазған «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңі бұл тақырыптағы тұңғыш шығармасы болумен қатар, ақынның сөз өнері жолындағы жаңа ізденісін де танытады. Абай мұнда, ең алдымен, жаңа үлгідегі ақынға керек ғылым жайын сөз етеді. Ғылым-білімді кезінде зерттей алмағанына өкініш білдіреді. Өз қателігін балаларын оқытумен түзеуге бет алғанын айтады.
1886 жылы Абай «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр» деген өлеңдерін жазды. Мұның алғашқысы ұстаз ақынның кейінгі ұрпаққа айтар өсиеті түрінде жазылған. Абай «ғылым» деген сөзді қайталап айта отырып, адам бойындағы қазынаның үлкені және әрбір жігерлі жастың талпынатын арманы – ғалым болуы керектігін түсіндіреді.
«Қалың елім, қазағым» деген өлеңінде өзі билеуші тап ортасынан шықса да,тарихи дамудың беталысы мен қоғамдық шындықты түсінген ол еңбекші шаруаға шындап бет бұрғанын байқатады. Оларды «елім», «жұртым», «халқым» деп, дос тұта сөйлейді. Бас-басына би болған өңкей қиқым,
Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын?- деп, ол ел ішіндегі адамгершілік жағынан да, мінез-құлық жағынан да татымсыз топты бөліп көрсетеді.
«Татулық пен тұрақтылық» өлеңінде халқының келешегін ойлап егілген, сол үшін ұнамсыздықты аямай сынау арқылы түзетуді ойлаған Абайдың жас ұрпаққа айтар ақылы да, уағызы да аз болмаған. Соның бірі – достық мәселесі. «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» өлеңінде ол тіршілікте өзі көрген, халық тәжірибесі танытқан шындықты айта отырып, жастарды шын адамгершілік жолына, қиянатсыз, адал достыққа үгіттейді. Оларды жалған татулық, бояма мінезден сақтандырады.
Ақынның білім-ғылымға қатысты ақыл-ой тәрбиесі «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Интернатта оқып жүр», «Ғылым таппай мақтанба», «Бірінші қара сөзі» т.б., адамгершілік тәрбиесі «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», «Қартайдық, қайрат қайтты, ұлғайды арман», «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат», «Өлең-сөздің патшасы, сөз сарасы», «Адамның кейбір кездері», 7, 13, 17, 19 қара сөздері т.б., эстетикалық тәрбие «Жүрегім нені сезесің», «Не іздейсің көңілім, не іздейсің», «Жүрегім ойбай соқпа енді», «Көзімнің қарасы», «Сегіз аяқ», т.б., еңбек, экология тәрбиелері «Сабырсыз, арсыз, еріншек», «Шегіртке мен құмырсқа», «Желсіз түнде жарық ай», «Күз», «Жаз», «Жазғытұры», «Қыс», 2, 6 қара сөздері т.б., отбасы тәрбиесі «Тұтқындағы батыр», «Туғызатын ата-ана жоқ», «Адамның кейбір кездері», «Кешегі Оспан ағасы», «Кешегі өткен ер Әбіш», «Қара қатынға», «Ата-анаға көз қуаныш» т.б. шығармаларында басты тәлім түрінде жырланған.
Өмірін Абайды зерттеуге арнаған М. Әуезов: «Абай сөзінің негізін адамгершілікке тірейді. Барлық өсиет ойтолғау еңбектерінің қорытындысы тағы да адамгершілік тәрбие екенін танытады. Адамды қор қылатын ең залалды жаманшылықтарды санап өтеді. Олар үш нәрсе: «надандық, еріншектік, залымдық» — дейді.
Қорыта келгенде, Абай шығармашылығы уақыт озған сайын дәуір талабына сай әр қырынан өсіп-өркендеп отыратын асыл мұра болып ұрпақтар санасында орын алары сөзсіз. Адамды сүйіп, адамды құрметтеуге үндеген кемеңгер ақын поэзиясының түпкі негізі – адам, толық адам. Абай армандаған толық адам өнерлі, білімді, еңбекқор, адал, әділ, жылы жүректі, ыстық қайратты, ғылым жолына түскен іздемпаз болуы керек. Ал махаббат пен сүю, адамды сүю, Алланы сүю, әділетті сүю – Абай шығармаларының биік мұраты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *