АБАЙДАҒЫ СӨЗ БЕЙНЕЛІЛІГІ ЖӘНЕ АКАДЕМИК ЗАКИР АХМЕТОВ


АБАЙДАҒЫ СӨЗ БЕЙНЕЛІЛІГІ ЖӘНЕ АКАДЕМИК ЗАКИР АХМЕТОВ
Doç.Dr. Koshenova TOTI
АННОТАЦИЯ

Қазақ поэзиясының классигі Абай мұрасы жайында қазақ әдебиеттану ғылымында жүздеген зерттеулер жасалған. Абайдың ақындық даналығы мен даралығын танытуда 1949 жылдан өмірінің соңғы сағатына дейін еңбектенген академик Зәки Ахметовтің бұл саладағы үлесі салмақты. З.Ахметовтің әдебиет теориясындағы ең басты тақырыбы абайтану екені айқын.. Ұлы Абайдың ақындық әлеміне көз жіберіп, сол арқылы қазақ өлеңінің өсу-өркендеу эволюциясын пайымдау, бүгінгі қазақ поэзиясының көркемдік биігін саралап беру арқылы, абайтану саласының қазыналы қорын байыта түсті. Қандай теориялық тұжырым болмасын, оның негізі Абай өлеңдерімен дәлелденіп жатуы ғалымның биік талғамының көрінісі. Оның «Лермонтов және Абай» (1954), «Қазақ өлеңінің құрылысы» (1964), «Қазақ поэзиясының тілі туралы» (1970), «Абайдың ақындық әлемі» (1995), «Поэзия шыңы даналық» (2000) т.б. монографиялары мен 300-ден астам ғылыми мақалаларын арнағаны әдебиетші-ғалымдарға белгілі. Зерттеуші Абайдың ақындық әлемін мағыналық ауқымы өте кең ұғым ретінде қарастырады. Өйткені Абай поэзиясы — өз заманындағы қоғамдық өмірдің ең көкейкесті, ең күрделі және маңызды мәселелерін қозғаған, толғаған поэзия екендігі даусыз. Оның өлеңдерінде қазақ өмірінің көркемдеп бейнеленген телегей теңіз шындығы бар. Алайда ақынның осы шындықты айтуда әсіре қызылдыққа бармаған, керекті-керексіз жерінде сөздерді боямалап, әшекейлемегендіктен оның шығармалары адамды баурап алар тартымдылыққа ие. Абай шығармалары қазақ әдебиеті мен мәдениеті тарихында өзінше бөлек, өрісі аса биік, мүлде жаңа ой-пікір, көркем сезім әлемін ашқандығы да сондықтан деп ойлаймын. Жасандылық атаулы Абай поэзиясына жат нәрсе екендігі сан мәрте қайталанып айтылуда.
Абайтану саласында ақынның өлең құрылысы, оның тіл шеберлігі хақында академик Зәки Ахметовтің зерттеулерінің орны өзгеше. З.Ахметов бүкіл ғылымдағы мағыналы ғұмырын Абай мұрасын зерттеуге арнаған ғалым. Бұл мақалада ғалымның ұлы ақынның поэзиясындағы тілдік қолданыстар, көркемдік айшықтар, қазақи сөз тіркестерінің қолданудағы шеберлігі жайында айтылады Абай өлеңдердің мағыналық, суреттілік қуатына аса мән бергендігі хақында сөз болады.
Кілт сөздер: Абайтану, поэзия, зерттеу, тіл шеберлігі

ABAY’DA KELİME GÖRÜNÜMÜ VE EĞİTİMCİ ZAKİR AHMETOV ÖZ
Kazak nazım sanatının klassik şairi Abay’ın edebi mirası hakkında Kazak edebiyattanımı biliminde yüzlerce araştırmalar yapılmıştır. Abay’ın şairlik bilgeliği ile bireyselliğini tanıtmaya 1949 yılından başlayıp ta hayatının son dakikalarına kadar çalışan alim Zeki Ahmetov’un bu sahada kattığı emekleri çok büyüktür. Z.Ahmetov’un edebiyat teorisindeki en önemli konusu Abay tanımı olduğu bellidir. Büyük Abay’ın şairlik dünyasına bakarak, onun şiirleriyle Kazak halkının gelişme evrimini tahmin etme, günümüz Kazak nazmının edebi yüksekliğini açıklaması sayesinde Abayîn hazineli mirasları daha da artmıştır. Her hangi torik bilgi, Abay’ın şiirlerini esas alınarak ispatlanması onun ilminini yüksekliğindendir. Onun “Lermontov ve Abay” (1954), “Kazak nazmının dili hakkında” (1970), “Abay’ın şairlik dünyazı” (1995), “Nazım zirvesi bilgelik” (2000) v.s. monografileri ile 300’den fazla ilmi makalesi olduğu alimlere bellidir. Alim Abay’ın şiarlik dünyasını anlam bakımından en geniş bir kavram olarak incelemiştir. Çünkü, Abay nazmı – zamanının sosyal hayatınını en aktüel meselelerini anlatmaktadır. Onun şiirlerinde Kazak hayatının edebiy sanatla süslenmiş bir gerçeği mevcuttur. Şair bu gerçeği anlatma sırasında aşırı derecede güzelliklere geçmemiştir, yerli yersiz kelimeleri süslemediği için onun şiirleri insanın yüreğine kadar ulaşabilmektedir. Abay’ın eserleri Kazak edebiyatıyla medeniyeti tarihinde özel, yüksek bir yerde olduğunun sebebi de budur diye düşünüyorum. Sahtekarlık Abay’ın şiirlerine aykırı bir düşüncedir.
Abay tanımı alanında şairin şiirlerinin yapısı, onun dil ustalığı hakkında alim Zeki Ahmetov’un çalışmalarının yeri ayrıdır. Z. Ahmetov tüm ilimdeki anlamlı bir hayatını Abay’ın edebi mirasını incelemeye harcamıştır. Bu makalede, alimin büyük şairin nazmındaki dil kullanımına ait özellikleri, Kazaklara has özellikler, deyimlerı kullanma mahareti hakkında yazılmıştır. Abay’ın şiirlerinde anlam ve tasvir etmeye çok önem verdiği hakkında anlatılmaktadır.
Anahtar Kelimeler: Abay Bilimi, şiir, araştırma, dil ustalığı

Кіріспе
Сөз өнері әр халықтың рухани өсуінің, өмірі мен тағдырының көркем шежіресі, жан сыры ретінде танылуымен бірге оның ұлттық мақтанышы, асыл қазынасы болып табылады. Поэзия — адам баласының мәдениетін дамытудағы ең қуатты, құдіретті құралдардың бірі. Қай халықтың поэзиясын алсақ та, бұған айқын дәлел табуға болады. Ал, қазақ әдебиетінің классигі Абай поэзиясы терең мазмұнымен, асқан көркемдік қасиетімен бүкіл әлем әдебиетінің озық үлгілері қатарынан орын алады. Сонау 1913 жылдың өзінде-ақ Ахмет Байтұрсынов Абай туралы «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласында: «Оқып қарасам, басқа ақындардың сөзіндей емес, олардан басқалығы сонша, әуелгі кезде жатырқап, көпке дейін тосаңсып отырасың. Сөзі аз, мағынасы көп, терең…» (Baitursinow, 1991: 115) — дей келіп, Абай поэзиясын аса жоғары бағалап, ұлы ақынның қазақ әдебиеті тарихында алатын орны ерекше екенін анықтап берді. Сол кезде-ақ қазақ әдебиетінің бас ақыны, классигі саналған ұлы Абайдың өнерпаздық жолын зерттеу бүкіл ұлттық әдебиеттің даму, есею кезеңдерін зерттеумен тығыз байланысты екендігін айқындады. Өйткені, Абайдың шығармашылық мұрасы — қазақ әдебиеті тарихының кіндік тұтқасы. Бүкіл дүние жүзілік деңгейде танылып отырған, шын профессионалды әдебиетке айналған қазақ әдебиеті тарихының өзекті арнасы — абайтану саласының жетістіктері айтарлықтай болса да, Абай мұрасын тереңдеп зерттеу ісі үздіксіз жүргізіле бермекші.

Негізгі бөлім
Поэзияда, көркем әдебиетте, тіл ұстарту деген жеке сөздерді қолданудағы жаңалық қана емес, ол ең алдымен, белгілі бір ой-пікірді, сезімді айтып жеткізудегі шеберлік, көркемдік. Абайдың осындай асқан көркемдік шеберлік тұстары туралы сөз қозғаған академик З.Ахметовтың Абайдың лирикалық шығармашылығында сезім дүниесінің орасан зор байлығын, сезімнің нәзіктігі мен өткірлігін танытатын тіл кестесіндегі, айталық, тек «жүрек», «көңіл» секілді ұғымдарды қайта құлпырта пайдаланғаны туралы ғылыми тұжырымдарының өзі Абайдың тіл шеберлігін одан әрі тани түсуге оқырманға септігі тиері сөзсіз. Зерттеуші ақынның бір «жүрек» сөзінің негізінде ақындық ой-сезімді жеткізуде 23 түрлі тіркес жасағандығын және олардың контексте сезімнің сан құбылып өзгеруін көрсететін сипаттамалар ретінде қалай қолданысқа түскенін көркемдік-эстетикалық тұрғыдан әдемі талдайды.
З.Ахметов Абайдың көңіл-күй лирикасына «жүрек» сөзінің оқушыны баурап алатын керемет күшін, жан тебіреністі, көңіл толғанысын, сезім лүпілін танытудағы құдірет мәнән ақын өлеңдерінің әр контексінен мысалдар келтіре отырып, терең мағына береді. Сөйтіп, сөз тіркестерінің мағынасын құлпырта пайдалануда Абайдың ақындық ой-сезімі барынша жатық асқан шеберлікпен шебер қиюластыруын, ондағы ой тереңдігі мен бейнелілік сипатын көркемдік шеберлікпен қалай сәтті ұштасқанын нақты дәлелдермен ұсынған. Зерттеуші ақынның «жүрек» сөзін эпитеттік тұрғыда пайдаланумен қатар метафоралық сипатта Абайдың өзі тудырған «жүректің көзі», «жүректің оты» сияқты тіркестердің де ақын шығармашылығының тіл кестесіндегі барынша көркемдік шеберлік танытып тұрғанын да нақтылай түседі: «Мұнда ақын «жүрек», «көңіл» деген ұғымдарды кейіптеу бейне ретінде алып, ой-сезімін соларға қаратып айтқандай болады. Міне, бұл оның жан-дүниесін асқан лирикалық нәзіктілікпен, әсерлі етіп жеткізуіне мүмкіндік береді» (Ahmetow, 1973: 62) — деп талдау жасайды.
Абай шығармаларын поэтикалық тұрғыдан талдай отырып, автор сөздердің, сөз тіркестерінің мағынасын арттырып тұрған нәрсе өлеңдердегі ой тереңдігі екендігіне басты назар аударады. Оған ақынның «Өкінішті көп өмір өткен кетіп» деген өлеңіндегі «өкінішті өмір», «үлгісіз жұрт», «өкпе сызы», «кірлемеген көңіл», «жүрек жүгі» деген тіркестерге терең мағына беріп, осы өлеңдердегі негізгі ой-пікірлерге байланысты деп ой түйіндейді де, ойдың өткірлігі көркемдік шеберлікпен шебер ұштасқан деп таниды.
Абайдың әйгілі «Сегіз аяғын» қарастырған зерттеуші мұнда да бейнелі сөздердің қай-қайсысының да ұлы ақынға тән зор мағына мен көркемдік қасиеттерге толы екеніне көңіл аударады. Осындағы «Мақсұт – алыс, өмір – шақ» дегендегі «алыс», «шақ» деген сипаттаулардың қарапайым сөздер бола тұра терең мағынаға ие екендігін оның мәні өлеңнің идеясында екендігін «алыс мақсат» пен «шақ» аз өмірдің шендестіру арқылы қарама-қарсы келтіріп ойды әдемі ширатып шыңдата білген деп таниды. Осындағы адамның өмірінің ең қызықты шағы ретінде алынып отырған «базар» метафорасының «өткен соң базар» және «кеш деп қайтар жол емес, жол азығым мол емес» деген өлең жолдарындағы «базар», «жол», «жол азық» дегендердің күнделікті тұрмыстағы жай ұғымдар бола тұра, ақын шеберлігінің арқасында өзінің әдеттегі мағынасынан басқа, әлдеқайда терең, тың мазмұнға ие болып, ұтымды метафораға айналуын шеберлікпен туындаған ассоциация деп көрсетеді.
Абайдың «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» деген өлеңінің көркемдік қуаты жайлы З.Ахметов: «Өлеңнің айрықша құндылығын – ақын аға, алысқа көз жіберіп, келер заман адамдарына сыр ашқысы келеді. Осындай күйге түсіп, толғана отырып, ол өзінің өмір жолы, алдына қойған мақсаты жайлы түйінді ойларын атқарады. Өлеңдегі әр сөз бейне шынайы терең мағыналы, шығарманың зор әлеуметтік философиялық мәнін жеткізуге атсалысып тұр» (Ahmetow, 1973: 64) – дейді. Жоғарыда өзі айтқандай, әр сөздің шынайы терең мағынасына зер аударған академик «өткір тіл» мен «ұялшақ қыз» бейнесін шендестірудің күрескер ақынның тұлғасын шебер танытады, — дей келіп, тағы да адамның жүрегі мен мұзды қарсы қою ақынға ерекше жалындылықты, албырттылықты аңғартады» (Ahmetow, 1973: 65) — деп зерделейді.
Ал осы өлеңдегі «Асау жүрек аяғын шалыс басқан» деген Абайлық тіркестің «асау жүрек» тіркесі күйінде өзге өлеңдерде де қолданылатындығын, бірақ мұнда тереңірек мәнге ие екендігін, өлеңнің бүкіл идеялық мазмұнын ашып тұрғанына зер аударады. Сөйтіп: «Мәселен, дәл осы сөздер басқа бір қатардағы ақынның өлеңінде айтылып «мыңмен жалғыз алысқан», қоғам көшін ілгері бастайтын мүлде жаңа жол іздеп шарқ ұрған ойшыл, күрескер ақынның бейнесімен жарастық тауып тұрмаса, онда ол сөздердің беретін мағынасы әлдеқайда тар болар еді. Әлденедей жай бір асаулықты, шалыс жүрушілікті білдіріп, сондайлық зор қоғамдық, әлеуметтік мәнге ие болмас еді» (Ahmetow, 1973: 65) – дейді.
Ал «соқтықпалы, соқпақсыз жер» өте терең метафоралық бейне екендігін, сол «жер», «соқпақ» секілді үйреншікті қарапайым сөздермен ұтымды түрде аса маңызды әлеуметті ой-пікірді көркем түрде жеткізу тек Абайға тән шеберлік екеніне зерттеуші көзімізді жеткізе түседі. Осы өлеңдегі «мың мен жалғыздың» да терең мағыналы шендестіру антитеза екендігін «Ішім толған у мен өрт, сыртым дүлей», «мен бір жұмбақ адаммын», «қаны қара бір жанмын, жаны жара» деген сипаттамалардың ойшыл ақынның бейнесін толықтыруда үлкен мәнге ие болып тұрғанына көңіл аудартады.
Абайдың ұлылық ойының биік үлгісін танытатын «Қалың елім, қазағым…» өлеңіндегі тіл бейнелілігі туралы З.Ахметовтің зерттеу пікірлері өте қызғылықты. Зерттеуші өлеңнің алғашқы шумағына әдеби талдау жасай отырып, осындағы «қайран жұртым», «ұстарасыз аузыңа түсті мұртың», «бірі май, бірі қан боп екі ұртың» деген сөздердің көркем символдық образға ие екендігіне тоқталады. Осы өлеңдегі «аузымен орақ орған», «күндіз күлкің бұзылды, түнде ұйқың», «сыпырылды байлығың, баққан жылқың» деген секілді барынша қарапайым, айтылу қалпы үйреншікті сөз нақыштарының да аса маңызды ой-пікірді жеткізуге ерекше мағынаға ие екенін білгірлікпен дәлелдейді де: «Позициядағы тіпті ең қарапайым деген сөздердің өзі де ақын ой-сезімінің байлығын, айрықша қуаттылығын аңдатқандай болса, жайдағы айтылатын үйреншікті мағынасынан гөрі әлдеқайда терең мәнге ие бола алады» (Ahmetow, 1973: 67) – деп теориялық тұжырым жасайды. Сонымен қатар, Абай шығармаларында тек бейнелі сөздердің ғана емес, тура мағынасында айтылатын сөздердің де көркемдік сипатқа ие болып шығаратынын:
«Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім (Abai, 1995: 93) – немесе,
«Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ,
Бес дұшпаның білсеңіз» (Abai, 1995: 93)
— деген тіркестердегі тура мағынасындағы сөздерді дәлел ретінде келтіре отырып, зерттеуші өз пікірін былай қорытындылайды: «Жоғарыдағы мүлде қарапайым түрде, өз қалпында, көріктеп түрлендірмей-ақ қолданылған сөздер келісті, әсерлі болып тұрғаны осыны дәлелдейді. Тура мағынасында айтылған сөздерге көркемдік сипат беретін көркем ойдың қуаттылығы, әр сөздің ақындық ойды, сезімді жеткізуде орнын тауып, терең мағыналы етіп қолданылуы, әр сөздің өлең ырғағына сәйкес әуезді айтылуы. Сондықтан өлең тілі немесе беретін бейнелі сөздерді қалайда неғұрлым көп, мол пайдалануға ұмтылады және сонысы оның артықшылығы деп санау дұрыс болмайды».
Демек, зерттеуші сөздің тура мағынасында да туынды мағынасында қолданылуы ол әр шығарманың мазмұнына ондағы ой-сезім өзгешелігіне, шығарманың жанрлық, стильдік сипаттарына сай деген теориялық байлам жасайды.
Халықтың көркем ойлау жүйесіндегі оның өмір тәжірибесі негізінде қалыптасқан сезім, әсер байлығы, өзіндік сипат өзгешеліктер әдебиетте, поэзияда көркемдік ассоциация жасайтыны белгілі. З.Ахметов дәстүрлі образды Абайдың қалай құлпырта пайдаланғанын одан әдемі поэзиялық ассоциация тудырғанын мына тіркестерді келтіре отырып дәлелдейді.
«Өтірік пен өсекке, Бәйге атындай аңқылдар» — деген тіркестің бейнелілігі жайлы З.Ахметов: «Әдетте бәйге атымен қандайда бір жүйрікті, озаттылықты, артықшылықты салыстырады. Ал Абай бұзықтықты, өтірік, өсекке әуестікті айтады. Жақсы ұғымда айтылатын бейнені жексұрын мінезді сипаттауға қолданып, сол арқылы ойын әсерлі етіп жеткізеді» (Ahmetow, 1973: 68) — дейді.
Зерттеуші және Абайдың халықпен бірге қанына сіңген дәстүрлі түсінік образды ойлаудың биік шыңы «тұлпарды», «талаптың мініп тұлпарын» деп «талап» сөзімен қиюластырып, халықтың дүние танымына сай әдемі эстетикалық образ жасау шеберлігін де терең үңіле зерттейді. З.Ахметовтің Абайдың тіл шеберлігін талдауда баса назар аударған тұстарының бірі – «сөз», «тіл» деген ұғымдардың әртүрлі көркемдік сипатта құбылта қолдануы. Мұнда Абайдың өзіндік тың үлгісі ретінде «Ақыл сөзге ынтасыз, жұрт шабандап» дегендегі «ақыл сөз» тіркесінің жаңаша айтылған ұғым арқылы ақынның терең ой, терең ғылым — әдебиет сөзі дегенді қамтып, оны терең мағыналы әлеуметтік, философиялық мәнге айналдыра білгеніне ерекше тоқталып, білікті талдау жасайды. Сонымен қатар Лермонтовтың «Дұғасынан» тікелей аудару арқылы алынған («Слов живых») «тірі сөз», «нұрлы сөз», «жалын мен оттан жаралған сөз», «ақыл сөзбен» мағынасы жалғас келетін «білімдіден шыққан сөз» және тағы басқаларға Абайдың өзіндік қолтаңбасы айқын көрінетіндігін дәлелдей отырып зерттеуші: «Бұлардың бәрі Абайдың көзқарасын, қандай сөзді қастерлейтінін жақсы байқатады» (Ahmetow, 1973: 71) — деп тұжырымдайды.
З.Ахметовтың Абай шығармаларына жасаған терең де құнды зерттеулерінің бірі – «Желсіз түнде жарық айға» жасаған талдауы. Жоғарыда ескерткеніміздей өлеңнің көркемдік мәні дүниежүзілік поэзияның таңдаулы үлгілерімен тең деп бағалаған зерттеуші: «Осы өлеңдегі тіл кестесінің барлық ерекшеліктері, бояулары, эпитет, метафора басқа суреттеу, бейнелеу құралдары – бәрі бір нәрсеге, не құбылысқа болсын ақынша қарап эстетикалық тұрғыдан баға беру талабына бағындырылған» — дейді. Өлеңнің ішкі мазмұнына терең үңілген зерттеуші түгел әдеби-мазмұндық талдау жасап, поэзияға тән көркемдік суреттеу әдісіне кең тоқталады. Мұнда табиғаттың әсем көрінісі мен аулақта жолыққан қыз бен жігіттің типтік қасиет ерекшеліктері үлкен талғампаздықпен сұраптап алуды танытады дейді де, зерттеуші: «Өлеңнің керемет көркемдік қуаты табиғаттың таңқаларлық сұлулығы мен адам жан сезімінің сұлулығының ұштасуында», — деп таниды.
Өлеңді жете қарастырған автор мұнда басы артық жай айтыла салған бірде-бір эпитет анықтамалардың жоқтығына терең зерделеу арқылы көзімізді әбден жеткізеді.
Қорытынды
Жалпы, З.Ахметовтың қай зерттеуін алсақ та, осы сияқты терең білімдарлық пен нәзік сезімталдық бір-бірімен қамшы өріміндей үйлесіп жарасым тауып жатады. Ол туралы З.Ахметовтің замандас, қаламдас досы академик З.Қабдолов 1978 жылы З.Ахметов 50 жасқа толғанда жазған мақаласында: «…профессор З.Ахметовтің отыз жыл ішінде жазып жариялаған жүзден астам ғылыми-зерттеу, әдеби-сын еңбектері – монографиялары, оқулықтары, мақалалары – қазіргі қазақ әдебиеттануына қосылған келелі үлес, қымбат қазына. Біз Зәкидің үш кітабын әр кезде орыс тілінде оқыдық: «Лермонтов және Абай» (1954), «Қазақ өлеңінің құрылысы» (1964), «Қазақ поэзиясының тілі туралы» (1970). Көріп отырсыздар, үш монографияның үшеуі де өлең туралы, ал өлең мәселелерін зерттеу әдебиетші-ғалымнан тек білім ғана емес, ақынға тән болмыс пен бітім талап етеді. Көркем творчествоның психологиясын әрі терең, әрі нәзік түсінетін, суреткерге тән сыр мен сезім, талант пен шабыт құпияларын ақынша түсінетін, өмір мен өнердің бір-біріне эстетикалық қарым-қатынасын силлогизм арқылы ғана емес, образ арқылы ойлап-толғайтын айрықша қабілет қажет етеді. З.Ахметовте дәл осы бітім мен қабілет түгел болды да, жоғарыдағы үш кітап дәл осы талғам мен талапқа толық жауап беріп шықты» (Kabdolow, 2003: 47) — деп жеріне жеткізе айтқан екен. Осыдан ширек ғасыр бұрын айтылған осы пікір З.Ахметовтің ғалымдық-зерттеушілік ерекшелігін дәл ашып айқындап бере алған деуге толық болады.
«Абайдың тіл ұстарту өнегесін» сөз қылғанда автор ақынның метафораны кең мағынада дамытып, тұтқасын көркем сурет, ауыспалы мағынадағы бейне жасайтын өлеңдерін саралайды. Ақан сері, Махамбет, Сұлтанмахмұт өлеңдерін де қатар қатыстырып, Абайдың өлеңге қосқан тың өрнектеріне жеке-жеке талдау жасайды. Және де Абайдың ұйқас түрлеріне қатысты: «Ақын жыр өлшемін, түйдегін қолданғанда, 7-8 буынды тармақтарды кесек топтастырып, тұтастырып әкетсе және негізгі желілі ұйқасты неғұрлым көбірек қайталаса, өлең ырғағының екпіні ширығып, күшейе түсіп, сөз ағымын үдетіп, тасқындатып әкетуге мүмкіндік туатынын мұқият ескерген» — деп, өлең ұйқасындағы өзгеше жаңалықты дәл тауып айтқан. (Бұл Абайдың «Жаз» өлеңіне қатысты) Бұған І.Жансүгіровтің: «Абайдың жыры ырғақ, музыка құрылысы жағынан төгіліп кетеді» (Jansugirow, 1960: 98) — деген пікірін қосуға болады. Бір сөзбен айтқанда, З.Ахметов Абайдың жаңа өлшем, шумақ, ұйқас түрлерін қалыптастырудағы еңбегін айрықша дарынын ғылыми дәлелдермен кеңінен танытқан.

ADEBİETTER

ABAİ K., (1995), Jinaktar, Almati: Jalin
AHMETOW Z., (1973), Jinaktar, Almati: Mektep
BAITURSINOW A., (1991), «Ak jol», Almati: Jalin
KABDOLOW Z., (2003), Oner teoriyası, Almati: Ana tili JANSUGIROW I., (1960), Jinaktar, Almati: Jalin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *