ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ – ҰЛТ ҚУАТЫ (МӘШҺҮР ЖҮСІП ӘДЕБИ МҰРАЛАРЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР НЕГІЗІНДЕ)

Б.Ғ. Ғалымжанов докторант, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана қ, Қазақстан Республикасы, e-mail: baiterek10@mail.ru

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ – ҰЛТ ҚУАТЫ (МӘШҺҮР ЖҮСІП ӘДЕБИ МҰРАЛАРЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР НЕГІЗІНДЕ)

Бұл мақалада шежіреші, тарихшы, ақын, этнограф Мәшһүр-Жүсіптің еңбектеріндегі ұлттық құндылықтар қарастырылады. Ұлттық құндылықтардың адамзат өміріндегі маңызы мен мәні оның алатын орны талданады. Қазақ халқының ұлттық құндылықтар деп нені есептейтіні бағамдалады. Мақалада көтерілген мәселеде бақытты болудың жолы адами құндылықта екені айтылады. Ұлттық құндылық – елдің асыл арқауы екенін көрсетеді.
Түйін сөздер: ұлттық құндылықтар, адамгершілік, тәрбие, өмір, рухани

КІРІСПЕ

Бақытқа апаратын мінез-құлық қандай? – деген сұрақ кез-келген пендені мазалайтыны анық. Кім бақытты болғысы келмейді? Өмірде бақыт жолын таба алмай адасқандар қаншама, олар неге адасты? Олар бақытты қайдан іздеді?
…Өмір деген – әркім өз жолын ғұмыр бойы іздеп өтетін қиындығы мен қызығы қатар жүретін, күрделі тарам-тарам соқпақтардан тұратын үлкен мектеп… Осынау үлкен мектепте АДАМ деген үлкен атқа лайықты болу үшін білім мен тәрбие керек. Ал тәрбие бастауы қайда?
Кішіпейілділік, мейірімділік, адалдық пен сабырлылық сынды бар жақсы адами, көркем қасиеттер мен іштарлық, арсыздық пен менмендікке ұқсаған жаман құлықтардың мекені – жүрек. Ұялу, жақсы көру, аялау, мүмкіннің бәрін дос тұту – жүректің ісі. Осы жүрек өзіндегі жаман құлықтарды ығыстыра қуып, тек жақсы қасиеттерге толыққанда ғана аяулы болмақ. Зұлымдық пен қатыгездік билеген жүректі аяулы деп айту ақылға сыймас. Ол үшін жүрекке не қажет? Иман қажет. Иманның тамыр жайып, нәр алатын мекені – жүрек. Оның таза, жұмсақ болуы иманның кемелденуі мен қуаттануының кепілі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ақиқатында, адам денесінде бір кесек ет бар. Ол жақсы болса, барлық дене жақсы болады, ол бұзылса, бүкіл дене бұзылады. Шын мәнінде, ол – жүрек»,– деген. Тәніміз ішіп-жеу, киіну, ауырғанда емдетуге ұқсас күтімдерді талап етсе, жанымыз да рухани азыққа соншалық зәру. Адам ішкі дүниесін жан азығымен жаңғыртып отырмаса, ол адам жүрегінің қараюына әкеп соғады. Адамның жүрегі қарайса, иманы әлсірейді. Құнарсыз жерде өсімдік көктемегендей, қарайған жүректе иман атты бәйтеректің бой көтеріп, жайқалуы неғайбыл. Ақылы нәпсінің жетегінде кетеді. Адам бойын азғындық пен қатыгездік билеп, көркем құндылықтарынан айрылады. Шындықты – шын, жалғанды – жалған деп танудан қалады. «Өлген жүрек бір қара тас, қанша жаңбыр жауса да шөп шықпайтын»,– деп иманы әлсіз қарайған жүректі біз тасқа теңейміз. Адам баласы бұл күйден арылу үшін, дертті жүрекке дуалы ем қажет болады, ол рухани ем. Тән емес, жан ауруынан айықтыратын ем. Бұл ем жүрегімізге білім, ғылым арқылы берілмек. Табиғат жаңбыр суымен жерге қалай жан бітірсе, қарайған жүректі білім мен ғылым солай тірілтеді [1, 34].
Адамгершілік тақырыбы — мәңгілік. Ол ешқашан ескірмек емес. Жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіру – ата-ана мен ұстаздардың ғана емес бүкіл адамзат баласының басты міндеті. Адамгершілік әр адамға тән асыл қасиеттер. Адамгершіліктің қайнар бұлағы — халықта, отбасында, ұлттық өнерде, әдет-ғұрыпта. Әр адам адамгершілікті күнделікті тұрмыс-тіршілігінен, өзін қоршаған ортасынан бойына сіңіреді.
Адам екi әлемде: табиғат пен қоғам әлемiнде өмiр сүредi. Дегенмен оның табиғаты, мәнi және өмiрiнiң мазмұны онымен шектелмейдi. Оған рухани жетiлу сатылары қажет. Лев Толстой әлеуметтiк мәселелердi шешу үшiн мылтықтың керегi жоқ, адамның адамгершiлiк тәрбиесiн күшейтiп, өзiн-өзi рухани жетiлдiру жағына көңiл бөлу керектiгiн айтқан. Рухани кемелдену мәселесi қашанда адамның өзiне-өзi үңiлуiнен, өзiмен-өзi күресуiнен басталады, өйткенi барлық жақсылық пен жамандық, тазалық пен арамдық, әулиелiк пен күнәһарлық адамның өзiнiң iшiнде. Мәселе – тек өмiрлiк ұстанымда, дұрыс таңдау жасай бiлуiнде. «Руханилықтың ең негiзгi өлшемдерiнiң бiрi – адамның жақсылыққа қарай талпынысы, – дейдi С. Нұрмұратов. Ал кез-келген мақсатқа қарай ұмтылыс жақсылыққа қарай барар жол емес. өйткенi, «мақсат – оған жетуге тиiстi құралды ақтайды» деген қағида адами өлшем тұрғысынан терiс түсiнiк болып табылады. Қоғамдағы әдiлдiктi ешқашанда күштеу, зорлау арқылы жүзеге асыруға болмайды. Бұл рухани әлемнiң заңдылығына қайшы келетiн iсәрекеттер. Тек адамға бiткен iшкi нұрдың күшiмен, шыдамдылық пен мойынсұнушылық арқылы барлық қайшылықты жеңiп шыққанда ғана руханилықтың есiгi ашылады» [2, 37].
Міржақып Дулатовтың дүниетанымдық көзқарасы – бұл адамды қоршаған әлемнің тіршілігін, яғни адамдық болмыс әлемі мен табиғат әлемін сөзсіз тануы. Ол арнайы философиялық еңбек жазбаса да, шығармаларында қоғам мәселесін көтеріп, қазақ халқына адам, оның өмірінің мәні мәселелерін түсіндіруге тырысты. Қазақ халқына мал бағудан басқа да құндылықтардың бар екендігін көрсетіп, білімге шақырды. Халықтың жақсы өмірге жетуіне қажет нәрсе – еркіндік пен тәуелсіздікке ұмтылу деді. 1913 жылы «Айқап» журналында Шәкәрім Құдайбердіұлының бес сауалы жарық көреді. «Адамға тіршіліктің ең керегі не үшін?» деген сауалына жауап ретінде Міржақып өзінің «Адамға тіршілік не үшін керек?» деген мақаласын жазады. Бұл сөзге жауап берудің оңай еместігін ескерте отырып, ол әр замандағы данышпандардың ойлары туралы да тоқталып кетеді. Құдайға құлшылық ету керек деген діни түсінікке немесе жақыныңа жақсылық қылу керек деген пікірлерге көңілі толмайды. Адам өмірге келген соң хайуаннан айырмасы болу керек дейді. «Адамға ойларға ақыл берілді, бір-бірімен сөйлесуге тіл берілді, олай болған соң адамзатқа тіршілік бекерге, босқа ғұмырды зая қылып өткізуге болмайды» [3, 236].

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Шежіреші, тарихшы, ақын, этнограф Мәшһүр-Жүсіп өзінің әдеби мұраларында адамның адам болып қалуы оның өнегесі мен тәрбиесінде екенін үздіксіз айтып өтті. Ақынның «Батпа Байбейсенқызы жұмбағы» деген қара сөзбен берілген шығармасында:
Ертеңмен тұрдым, үш бала көрдім: Екеуі — жалаңаш, біреуінің киімі жоқ. Киімі жоқтың етегі тола ақша түйілген: төгілер деген ойында, қиялында жоқ. Және сонда үш көл көрдім. Екеуі — құры, біреуінің суы жоқ. Суы жоқ көлден үш балық алдым: екеуі өлі, біреуінің жаны жоқ. Және сонда үш үй көрдім: екеуі — жалаңаш, біреуінің шиі жоқ. Және сонда үш қазан көрдім: екеуі — жарық, біреуінің түбі жоқ. Және сонда үш пышақ тауып алдым: екеуі — сынық, біреуінің сабы жоқ.
Суы жоқ көлден жаны жоқ балықты алып, шиі жоқ үйдің ішінде отырып, түбі жоқ қазанға асып жедім, сабы жоқ пышақпен кесіп жедім. Қарыным қабақтай, бұтым таяқтай болды. Сөйтіп отырып, отырған үйімнің жапсарынан шығып кеттім. Есігі ойда да жоқ.
МӘШҺҮР- ЖҮСІПТІҢ ШЕШУІ
«Ертеңмен тұрып, үш бала көрдім», — дегені: бірі — тұл әміл, бірі- қырыс дүние, бірі дүниеқор адам. Бұған дәлел болуға «Хадис Шәриф» бар: «Айшип ибн адам унушаббу фиа хызылтан хырыс отулаламіл».
Адам осы екеуімен үш ағайынды есепті. Ана екеуі — асылы жалаңаш нәрсе. Дүниеге келген адам жалаңаш келіп, жалаңаш кеткендіктен, киімі жоқ есепті. Киімі болса, киіп кетпес пе еді?!
«Дүниеде қанша нәрсе менікі!» — деп, бауырлап жүргені — жалаңаш кісінің «Етегім тола ақша бар!» — деп, жүргені сықылды, — оны төгіледі деген ойында болмағаны. Жалған дүниеде жүргенде: «Бұл дүние менен қалады!»- деген қай пенденің ойында бар?!
«Үш көл көрдім» — дегені: бірі — дүниеге келмей тұрғандағы ананың қарнынан шыққанда, суы терең көлден кемесі сынып, бір тақтаймен жан сақтап шыққан — жердің құрғанына шыққан есепті емес пе? Бірі — өлген соңғы адамның күні не болары белгісіз, түбі жоқ тереңге түсіп кеткен сықылды емес пе?! Ол екеуінің заһыры, көрініп тұрған суы жоқ. Бірі — дүние. «Суы жоқ көл»- деп, дүниені айтқаны. Дүние бір сағым есепті нәрсе емес пе?! Суы жоқ көлден алған үш балығы: бірі — тірілік, бірі — денсаулық, бірі — байлық. Өлім даяр тұрғандықтан, тіріліктің өзі өлі балық сықылды. Ауырып, сырқамақ даяр тұрғандықтан, денсаулықтың өзі өлі балық сықылды. Ішіп-жеген қорек, дүниелік — жаны жоқ балық сықылды.
«Үш үй көрдім»- дегені: бірі – заман мазы — адамның басынан өткен заманы. Бірі – заман мастақпыл — адамның алдында, қарсы келешек заманы. Бұл екеуі тұттай жалаңаш. Енді біреуі — «заманхал», қазір адамның үстінде тұрған заман.
«Оның да шиі жоқ», — дегені: шиі болса, желге төтеп берер еді.
Адамның басынан дәуренін өшіретұғын жел – өлімі. Қазір тұрған заманның елімнен алып қалуға шамасы болмаған соң, желге шиі жоқ үй есебінде болғандығын айтқаны.
«Үш қазан тауып алдым» — дегені: адам қолына түскен дүниені туысқан бауырына сақтатуға көзі қимайды. Оны жарық қазан сықылды көреді. Баласына сақтатуға көзі қимайды. Баланы да жарық қазан сықылды көреді. Жарық қазанға сеніп, кісі тамақ қылып, іше ала ма? Бауырына, баласына сенбегенде, сеніп, дүние сақтатқан кісісі қатыны болады. Ол — түбі жоқ қазан. Ана екеуі өзі ішіп-жесе де, дұшпаныңа бермейді ғой. Мұның түбі жоқ қазан есептісі: душар болса, көңілін дауалатқанға байының дүниесінің бетіне қарамай, беріп тауысатын қулар да әрқашан болатұғын уақиға. Олай болғанда, түбі жоқ ыдыс сықылды болды.
«Үш пышақ» — адамда болған үш қуат. Бірі – қуат ғазбие – ашу қуаты. Бірі — қуат шаһуание — әр нәрсеге көңілі шабу қуаты. Бірі — қуат ғаклия: ғақыл-ес қуаты. Қуат ғазбие мен қуат шаһуание — ғақылсыз сынық пышақ сықылды, дәнемеге жарамайды. Ғақылдың өзі де ғылымсыз сабы жоқ пышақ сықылды.
«Түбі жоқ қазанға асып жедім» — дегені: «Қанша қолыма түскен дүниені қатынмен бас қосып, ортақ ішіп-жедім»- дегені. «Қарным кабақтай болды» — дегені: дүние — қамит, мағрор болып, нәпсімнің семіруі қатден тажауыз болды. «Үш қанат үйіме сыймай, дүрілдеп отырған күнім көп болды» — дегені.
«Бұтым таяқтай болды», — дегені: «Нәпсі — дүние мысалы сықылды еді де, оны көтеріп, ұшырып жүрген жан аяқ есебінде еді. Жан тарфым, ақырет пайдасы жағым арықтап, өзі өлуге тақалды», — дегені.
«Шиі жоқ үйдің жапсарынан шығып кеттім, есігі ойда да жоқ», — дегені: өлім жолын айтқаны. Өлген адам отырған үйінің жабығынан еріксіз шығып кеткен есепті. Есіктен шықпағаны белгілі. Оң жақта жатыр ғой. Жатқанмен, жаны жоқ болғаны- жапсардан шығып кеткен сықылды болғаны — сол. «Осы үйдің есігінен шығайыншы!»- деп, өлім жабдығын ойлаушы мыңнан біреу-ақ болып табылады. Құдай жолына басын құрбандық қылып, өлімді ойлап, жақсылық жолға шығып, сол жолда жүріп өлгендер. Әнеки, үйдің есігінен шыққан — солар. Үйде жатып өлгендер — есік ойында жоқ, жапсардан шығып кеткен есепті [4, 381-384].
Бұл шығарманың өн бойы тұнып тұрған философия. Тал бесіктен жер бесікке дейінгі өмір. Ал өмір мәні тәрбие мен ұлттық құндылықтарда. Бүгінгі таңда осыны ұқпай жүргеніміз ақиқат. Түс те оның шешімі де өмір… Бүгінгі адам осы құндылықтардан ажырап қалмауға еңбек ету, бізге міндет.
Мәшһүр Жүсіп атамыздың «Сүлеймен мен Ібіліс» деген өлеңінде: …-Жын-пері адамзатқа қылдың еркін, Билеттің арзан қылып дүние-мүлкін.
Ұшқан құс, жүгірген аң, жел мен судың, Жараттың бір жүзікте қылып кілтін!.. [5, 3-7].
Өлең философиялық. Ібіліс деген не, оны неге жаратты, оның не жөнді қызметі бар,- деп күнделікті тіршілікте немқұрайлы ойлайтын болсақ, мына өлеңде ібілістің қызметін оқып отырып, таң қаласың… Расында, ібіліс болмаса, өмір тоқтап қалады екен ғой… Ібіліс бізбен үнемі жағаласып өмір сүреді екен, ал адам сол ібілістің жетегіне ермей, үнемі өзін жетілдіріп, дамып, алдау мен арбауға бой алдырмай, жолынан адаспай алға жүріп отырып, мақсат-міндеттеріне жетуі шарт. Ол үлкен еңбек. «Шайтансыз, асылы, дүние дүние болмас»… деген жолдарды оқып отырып, бұл табиғи заңдылық екенін іштей терең ұғасың! Ал осы ібілістен аман қалуың ол тек сенің рухани байлығыңа байланысты. Өлең оқырманын рухани құндылыққа еріксіз тәрбиелейді.
Жан-дүниеміздің сұлулығын паш ету үшін дүрбінің қажеті жоқ, айналадағы адамдар оны өзі-ақ танып алады [6, 39].
«Елдің күші – патшада, сәбидің күші — жылауында» — демекші, біздің күшіміз, қорғанышымыз, сеніміміз — адамгершілігімізде. Ол үшін бойымыздағы асыл қасиеттерімізді үнемі түгендеп, жандандырып отырсақ — ұлы жеңіс болары ақиқат.
Қалай болған күнде де осынау жаһандану заманында өзге халықтың уысында кетпей өзімізге тән адами құндылықтарымызды сақтап қалу үшін ұлттық қанымызбен, тілімізбен, дінімізбен, ділімізбен, ата-дәстүрімізбен, мәдениетімізбен, әдебиетімізбен, тарихымызбен, халықтық педагогикамызбен келген рухани құндылықтарымызды бойымызға терең сіңіріп отыруымыз қажет-ақ. Ол үшін отбасында жүйелі түрде осы бағытта түрлі жұмыстар жүргізіліп, оның жалғасы ретінде мектепте, колледжде, университеттерде адами құндылықтар туралы лекциялар, дөңгелек үстелдер, конференциялар, семинарларды үнемі ұйымдастырып отыру артық етпейді.
Ақынның «Нәпсі аждаһа» деген өлеңінде: Дүние, ойлай берсем, жалған дейді, Әркімді әлекке тек салған дейді.
Дүниені өле-өлгенше қуып-қуып,
Ауызы аңқиып (құр босқа) қалған дейді. …Біз-түлкі, ажал бүркіт қоймайтұғын, Нәпсіміз – бір аждаһа тоймайтұғын. Күнәмыз – мықтап тиген ол – бір киім,
Нәрсеге одан басқа болмайтұғын! [7, 21-22]
Бұл өлеңде автор өмірде біреу-бай, біреу-жарлы, біреу-кәріп, дүние жолы теп-тегіс емес екенін айта отырып, шүкіршілікпен өмір сүруге шақырады. Дүниеден өтпейтіндей байлық қуудың соңы жақсылықпен бітпейтінін негіздей отырып, нәпсіге ерік бермеуге, оның салатын ылаңы өте көп екенін дәріптейді. Нәпсіге ергеннің адасатынын, дүние-жалған екенін ескертеді. Нәпсі – аждаһа,- дейді.
«Бес қымбат» деген өлеңінде:
«Ең әуел керек нәрсе иман»- деген,
«Ақырет істеріне (ишларына) инан!»- деген! «Құдай кешірер!» — дегенмен, іс бітпейді, «Иман шартын білмесе, есен (ибаны)»-деген.
«Екінші керек нәрсе ғақыл» — деген.
«Ғақылсыз таупық жағы (шағы) тақыр!-деген. «Аз іске ашуланып, дінін бұзар, Иманын кәпірлікке сатар!»- деген. «Үшінші қымбат нәрсе сабыр!»- деген, «Сабырлысы мұратын табар!»- деген.
«Әр істе сабырсыздың тәубе — зорлық, Сабырсыздық басқа пәле салар!»- деген. «Төртінші, қымбат нәрсе шүкір»- деген, «Нығметке шүкірсіздік — күпір!»- деген. Жатқан жерден: Құдай кешір!»- деген — қорлық, «Себеп іздеп тура жолмен жүгір!»- деген. «Бесінші, қымбат нәрсе – әдеп»- деген, Әдепсізде иман тұру ғажап!»- деген.
«Кәрілік – әдептіде тұрмағандай,
Әдеп деген махаббатқа себеп!» — деген… [8, 92]
Ақын өлеңіндегі иман, ғақыл, сабыр, шүкір, әдеп — деп отырғандарының бәрі — адамзат баласын көрікті ететін асыл қасиеттер екені мәлім. Осы ұлттық қасиеттер арқылы ғана біз ұлттық кодымызды сақтап қалатынымызды ақын өлеңінде тәптіштеп айтып отыр. Бір-иман, екі-ғақыл, үш-сабыр, төрт-шүкір, бес-әдеп деп бес қымбат деп әрқайсының маңызын тереңнен беруі тұнып тұрған ұлттық құндылық. Осы өлеңдегі ұлттық құндылықтарды айшықтай отырып, ұрпақты жақсылыққа, игілікке, әдептілікке, мәдениеттілікке, парасаттылыққа тәрбиелеу бізге міндет.

ҚОРЫТЫНДЫ

Келер ұрпақ алдында зор жауапкершілік жүгін арқалап келеміз. Еліміздің болашағы көркейіп, өркениетті елдер қатарына қосылуы бүгінгі ұрпақ бейнесінен көрінеді. Осыдан барып жас ұрпақтың бойындағы іскерлік қабілетін ашу және оларды шығармашылыққа баулу туындайды.
Кейбір адамдарға не болып жатса да – бәрібір. Олар өздігінен ой қорытып, шешім іздеп жатпайды, кім жоғарыда отырса, солардың сөзі – сөз. Түсі, түрі осылайша өзгеріп тұратын адамдарды, өкінішке орай, қазіргі таңда көптеп кездестіруге болады. Мұндай адамдар қоғам үшін өте қауіпті. Тәрбие мәселесінде кетіп жатқан олқылықтарға зер салатын болсақ, ол олқылықтар ересектер тарапынан жіберіліп жатқанын аңғару қиынға соқпайды. Қоғамның, уақыттың ығына жығылып, адами рухани құндылығымыздың төмендігінен тек қарабастың қамын ойлайтын дәрежеге жеттік. Тек қарабастың қамы үшін өмір сүруге етіміз үйренді. Соның нәтижесінде ұрпақ та бізден алыс емес. Нағыз байлық – дүниенің ағыл-тегіл көптігі емес. Нағыз байлық – жан сарайыңның байлығы екенін терең түсіне алмай жүргеніміз өкінішті.
Абайдың жетінші қара сөзіндегі жан сұранысын дамыту қажет, ішсем, жесем деген тән құмарлығы жануарда да бар, жанды тәннен жоғары қоя білу керек деген ойын Міржақып жалғастырып отыр. Ол бұрынғы замандағы қариялардың «жақсылықты басыңа қыл, басыңнан асса досыңа қыл» деген мағыналы, терең ойлы сөзін Шәкәрім қажының сөзіне жауап ретінде беруімізге болады дей отырып, жақсылықтың өзін әртүрлі ұғуға болады, өзіңе істеген жақсылық біреуге зиян болса, онда ол жақсылық емес жамандық болады, сондықтан жақсылықты біреуге зияны тимейтіндей етіп жасау керек екендігін ескертеді. Жақсылықты досыңа қыл дегенде «дос» ұғымын кең мағынада алады. Тек туған-туысқаның ғана емес, дұшпан еместің бәрі дос дейді, яғни барлық халық, жалпы қоғамды алып отыр. Тек өз пайдаңды ойламай, қоғамға пайдаңды тигіз деген ой айтады. Міржақып Шәкәрімнің «қандай адам жақсы кісі болмақ керек?» деген сауалына да жауап береді. «Сондай адам жақсы кімдекім жетім, жесір, кәріп, қacaң, қысылған-қымтырылғандарға жақсылық қылып, оларды қуантып қойса» [3, 237] – дей келіп, игі жақсыларымыздың ойлағаны ел билеу дейді, олар елге пайда келтіретін болса, билеріміз әділ, болыстар жұрт қамын жейтін болса деп Абайдың «Мәз болады болысың» өлеңін мысалға келтіреді. Адам тіршілік иесі ретінде өзін-өзі түсінуге талпынып отырады, бірақ оның түбіне дейін бойлай алмай жатады. Бірақ ерте ме, кеш пе өмірмәндік мәселені шешу жолына түсуі керек. Адамның ең басты құндылығы олардың тіршілігі, өмірі. Сондықтан «не үшін өмір сүрдім» деген сұрақ адам санасында пайда болады. Әр адам өз өмірін саралау керек, өз өміріндегі құнды нәрселерді құнсыз нәрселерден айыра білу маңызды.
ХХ ғасыр басында С.Торайғыров сынды даланың ұлы перзенті: «Ғылым екі жікке бөлінеді: бірі – дене азығы, бірі – ар азығы. Дене азығы дегеніміз – осы күнгі адам баласының жеңіл күн көруіне себеп болып жүрген саймандар білімі; … ар азығы дегеніміз – әділдік. Осы соңғы – әділдік табылмай, басқа дене азығы өнерлерінің көбеюімен жалпы адам баласының күн көрісі ауырламаса, жеңілдемейді, бақытсыздығы көбеймесе, азаймайды», деген екен. Ал Ш.Құдайбердиев «Білім беру саласында «ар білімі» деген білім оқытылуы тиіс деп ойлаймын», – дейді.
Бұл ойлардың бәрі де тегіннен тегін айтыла салған жоқ, ұлт болашағының қамы. Адам бақытты болуы үшін жүрек тыныштығы керек. Ал жүрек тыныштығы тәлім-тәрбиең дұрыс болып, рухани жан дүниең бай болғанда ғана тыныш болатыны ақиқат. Шежіреші, тарихшы, ақын, этнограф Мәшһүр-Жүсіптің еңбектері адамзат баласының ғасырлар бойы жан азығына айналары сөзсіз.
«Бір жылдығын ойлаған ел бидай егеді, он жылдығын ойлаған ел ағаш егеді, мәңгілігін ойлаған ел ұрпағының жүрегіне ізгіліктің дәнін егеді», – деген халық өсиетін ұлы дала жастары тереңінен ұғып өскей. Ұрпақ ауысады, заман өзгереді. Бірақ елдік құндылықтар мемлекеттің асыл арқауы өзгермейді.

ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ
1 Ғалымжанов Б. Білім мазмұнында ұлттық адами құндылықтарды жетілдіру — Ұлағат журналы. 2011. — №3. – 34-37 б.
2 Нұрмұратов С.Е. Рухани құндылықтар әлемі: әлеуметтікфилософиялық талдау. – А., ҚР БҒМ Философия және саясаттану институты, 2000. – 180 б.
3 Дулатұлы М. Шығармалары. 2 томдық. – А., Ғылым, 1997, ІІ-том. – 343 б.
4 Мәшһүр Жүсіп. Шығармалар жинағы 1-том – Павлодар, 2013. –381-384 б.
5 Мәшһүр Жүсіп. Шығармалар жинағы 2-том – Павлодар, 2013. – 3-7 б.
6 Сайынқызы Г. Тамшы сөздер мен қамшы сөздер. – А., 2005. – 220 б.
7 Мәшһүр Жүсіп. Шығармалар жинағы 2-том – Павлодар, 2013. – 21-22 б. 8 Мәшһүр Жүсіп. Шығармалар жинағы 2-том – Павлодар, 2013. – 92 б.

Б.Г. Галымжанов
Национальное достойнство – ценность нации (по литературным материалам Машхур Жусипа)
Евразийский национальный университет им. Л.Н.Гумилева, г. Нур-Султан, Казахстан
В научной статье рассматриваются национальные ценности в трудах известного всему тюркскому миру человека, летописца, историка, поэта, этнографа Машхур Жусипа. Анализируется место и значение национальных ценностей в жизни человечества. Поднимается вопрос, что такое национальные ценности казахского народа и всего человечества. Национальная ценность – это драгоценный показатель и опора страны в целом.

B.G.Galymzhanov
National value-national power (on the basis of national values in Mashkhur Zhusip literature heritage)
L.N.Gumilyov Eurasian National University,
Nur-Sultan, Kazakhsatаn
In this article national values in literary work of Mashkhur-Zhusip who is chronicier, historian, poet and ethnographer is considered. The importance and meaning of the national values in the human life is analysed. What Kazakh people consider as national value is presupposed. Ways of being happy is laid on the human values is discussed in the problem of the article. National value is a precious helpmeet of a nation depicted.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *