ҚАСЫМ ҚАЙСЕНОВТІҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ МЕН КӨСЕМСӨЗ
ТОЛҒАНЫСТАРЫ

ҚАСЫМ ҚАЙСЕНОВТІҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ МЕН КӨСЕМСӨЗ
ТОЛҒАНЫСТАРЫ

Қадыров Ж.Т., Омарова Г., Агибаева А.
Петропавл қ.,
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті zhkadyrov_777@mail.ru

Қасым Қайсеновтің қаһарман ретінде, жазушы ретінде қалыптасу жолын пайымдауға арналған еңбектері баршылық. Дегенмен, әрбір қаламгерге тән өзіндік ерекшеліктерді аңғарудың ең дұрыс жолы оның шығармаларының мәтіндеріне талдау жасау екенін ескере отырып, өзімізді қызықтырған сауалдардың жауабын жазушының еңбектерін сараптаудан бастадық.
Қандай да болмасын көрнекті қаламгердің қалыптасуы үшін екі алғышарттың болуы қажет екені баршаға мәлім, ол алғышарттардың біріншісі – қаламгердің өмірінің айрықша мазмұндылығы, ал, екіншісі – үлгі-өнеге алатын әдеби ортасының болуы. Осыған орай, біз де Қ.Қайсеновтің өмір жолына, ол араласқан әдеби ортаға назар аударғанды жөн көрдік.
Қандай тұлға, ойшыл, батыр болмасын – алдымен өз ортасының жемісі. Бұл пікіріміздің дұрыстығын Қ.Қайсеновтің өз естелігінде өзінің қазақ болып туғанын мақтаныш ететінін, қасиеті мол қазағына рахмет айтатынын, төрт жыл партизан болғанында осы ұлттың өкілі екенін бір сәт те ұмытпағанын, халқының тым намысшыл қасиеті өзіне де дарығанына тоқталып, осы ойын: Мен-дағы өр қазақтың Қасымымын, Демеймін қатардағы жасығымын.
Тағдырдың талайынан талмай өткен,
Алтайдың алшы түскен асығымын, – деген өлең тармақтарымен сабақтағаны айғақтайды. Өр Қасымның ұлттық рухты ерте сезініп, ел намысын әрқашан да өзіне жүк қылып арқалаған жан екені байқалады.
Оның бұл сөздерінің ақиқатын оның бүкіл саналы ғұмыры, әсіресе, партизандық күресте көрсеткен ерліктері, соғыстан кейінгі уақытта қазақ зиялы қауымының, қалам қайраткерлерлерінің ең айтулы өкілдерінің бірі ретінде танытқан қоғамдық белсенділігі аңғартады.
Отты жылдардағы Қ.Қайсеновтің әскери ұйымдастырушылық қызметіне жауынгерлік қабілетімен қатар шешен сөйлеу дағдысының да көмегі тигенін оның отрядқа жаңа қабылданушыларға арнап сабақ өту барысында соғыс әдісін, партизан өмірін, қару-жарақ қолдануды тыңдаушыларға әңгімелеу тәсілі арқылы ұқтырып отырғандығы аңғартады. Қ.Қайсенов шығармаларының бірінде оның жау тылындағы қауіп-қатерге қарамастан, араб әріптерімен жазылған күнделік дәптер ұстағаны баяндалған. Бұл күнделіктің өзінің шығармашылық қызметі үшін қаншалықты пайдалы болғанын Қ.Қайсенов: «Сол бір айқас күндерінен есте қалған оқиғаларды сарғайып, тозығы жеткен қойын дәптеріме сүйене отырып жаздым. Әзірше майдан шындығынан шығып кеткен емеспін. Қанды көйлек партизан достарымның аты-жөндері сол күйінде жазылды»,- деп еске алады [1: 4]. Көптеген қаламгерлердің алғашқы ізденістері де осындай әрекеттерден бастау алғаны белгілі.
Қ.Қайсеновтің елуінші жылдардан бастап қаламгерлікпен айналыса бастауына, ең алдымен, оның Украина жерінде Ж.Саинмен кездесіп, соның ықпалымен елге келуі, ақын ағасының оны жазушылар қауымымен таныстыруы, біразымен достастыруы себепші болды. Өзінің әдебиетке қалай келгенін әңгімелеу барысында Қ.Қайсеновтің: «Менің жазғандарым, Сәбит Мұқановтың «Менің мектептерім» кітабы бар ғой, соның әсері ме деп ойлаймын. Табиғатым, адамдық болмысым, тәрбиешілерім мені далаға, тағдырдың тәлкегіне тастамады»,- дегені белгілі. Оның елуінші жылдардан бастап, біраз жыл Жазушылар Одағында және баспа орындарында қызмет атқаруы да ізсіз қалмағаны анық.
Академик С.Қирабаев Қ.Қайсеновтің жазушылыққа өз тақырыбымен келгеніне, оның басты себебі әуелде әркімге айтып берген, солардың жазбалары арқылы тараған әңгімелерге ерлік иесінің көңілі толмауында жатқанына тоқталып, Қасекеңнің жазушылық таланты өз басынан кешкен партизанның ауыр да азапты жолын еске түсіру арқылы ұшталып, біртіндеп толысқанын атап өте келіп, М. Горький айтқан: «Өз басыңнан кешкен оқиғалардың қоюлығы мен маңызы сені мазалап, соны жазбай тұра алмайтын күйге жеткізгенде ғана жаз», — деген (6, 30-б.) қағиданың Қ.Қайсеновке де қатысы бар екенін: «Ұзақ жылдар жау тылында Қасым көрген өмір қиыншылықтары мен ерлікті тудырған жағдайлар болашақ жазушының өз шығармаларында кеңінен талданды, ол көрген өмірдің қуанышы мен қайғысы, психологиялық тебіреністері еске түсті. Сөйтіп ол жазушы болды, оқырман қауым басқалардан естіген әңгімелерін емес, Қасымның өз жазғандарын құмарта оқыды. Оның кітаптары үлкенге де, кішіге де бірдей қызықты еді. Олар көп тиражбен басылып, қазақ, орыс тілдерінде тарады. Қазақ әдебиетінде партизан өмірі осылай тақырып болып келді. Бұл тақырып басында тұрған Жұмағали өлеңдеріне Қасым мен Әди Шәріповтің әңгіме – повестері қосылып деректі жанрды толықтырды», – деп пайымдаған [2: 30].
Қасым Қайсенов туралы Ә.Нұршайықов: «Жеңіске жеткеннен бері 50 жыл бойына адал еңбегімен, ел ерлігін, адамдар достығын жазған кітаптарымен жас ұрпаққа, болашақ үрім-бұтаққа үзбестен баяндап келеді. Сөйтіп, ол қазақ партизан әдебиетінің көшбасшысы болды. Рас, бұл тақырыпқа Әди Шәріпов, Тоқтағали Жангелдин, Жұмағали Саин сияқты партизандар да қалам тартып, атсалысты. Бірақ Қасым Қайсенов тынбастан, басқа тақырыпқа аумастан, өмір бойы партизан жырын жырлап келеді. Қазақта партизан өмірін көп баяндаған – жалғыз Қасым Қайсенов. Оның кейіпкерлері – сан ұлттың адамдары. Қазақстандағы ең интернационалист жазушы да – Қасым Қайсенов» [2: 39], – деп жазды.
Белгілі әдебиет зерттеушісі Хасен Әдібаев Ұлы Отан соғысы тақырыбына жазылған шығармаларды 2 үлкен топқа бөліп қарастырады: «Бірінші топқа көбінесе соғыс кезінде немесе соғыс аяқталысымен іле-шала жазылған шығармалардың көпшілігі жатады. Біздің жауынгерлердің қаhармандығы мен рухани асқарлығы мадақталып, фашистердің айуандығы мен азғындығы әшкереленеді.
Екінші топқа жеңіс күнінен бірнеше жылдар кейін жазылған шығармалар жатады. Отан соғысы, әсіресе оның алғашқы кезеңі, қиын да ауыр кезеңі бұл шығармаларда ден қоя суреттеледі. Адам баласының барлық рухани күшінің қатігез сыны болған соғыс ауыртпалығын көрсету, ұрысқа қатысқан жауынгерлердің терең толғанысына барлау жасау, соғыс әкелген ауыр қайғы, аққан жас, төгілген қан, құрбан болған жандар – қысқасы, «окоп шындығын» бейнелеу – міне, бұл кітаптар обьектісі».
Шындығында да Қ.Қайсенов әдебиетке келген елуінші жылдардың ортасында соғыс тақырыбы қайта қаралып, көркем әдебиет соғыстың жеке адамдар тағдырына тигізген әсерін, жалпы адамзатқа әкелген зиянын ашуға ұмтылғанда, жазушылар соғыстың саяси мәніне емес, соғыстағы қиын уақыттағы адамдар бойындағы сапа дәрежесіне көңіл бөле бастаған еді. Қ.Қайсенов үшін соғыс алапаты өз көзімен көріп, басынан кешкен, етене таныс, үнемі ойында болған және жан-жүрегін тербеген құбылыс болатын. Сол себептен де жазушының шығармаларын оқыған сайын, шығармаларының оқиғасына бойлаған сайын өмірдің шынайы оқиғасы мен нанымды бейнесі бірте-бірте бар ынта-жігеріңді баурап алады.
Қ.Қайсеновтің қаламгерлік қабілетінің дамуына шешуші ықпал еткен тағы бір жағдай – болашақ қаламгердің балалық шағы халық ауыз әдебиеті үлгілерін айрықша қастерлеп сақтаған ортада өтуі. Қаламгер Қасым Қайсеновтің өзінің әжесін: «Апамның бір өзі кішігірім ансамбль іспетті еді. Қоңыр даусымен әсем әуенді ән салатын. Қисса, қара өлең, жұмбақ өлең, өтірік өлең, жарапазан дегендерді біздерге үйретумен әлектенетін», – деп еске алып [3: 178], өзіне еткен әсерін: «Жастай үйренген қисса, дастан, өлең, жырлар адам жадында ұмытылмай, ұзақ жылдар сақталады екен. Сол қайран апам үйреткен «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек» сияқты қиссалар көкейімде әлі сайрап жатыр», – деп айтуы [3: 180] және әкесі мен анасының, әжесінің жыршыәңгімешілігінен, қарындасы Шәмшияның әншілігінен алған тағлымдары туралы ой толғауы ауыз әдебиетінің дәстүрі оның бойына балалық шағында-ақ тереңдей сіңгенін аңғартады.
Жазушы Қ.Қайсенов шығармашылығындағы әңгімелерде өмірбаяндық деректер мол қамтыла отырып, оқиғаларды баяндаушы – кейіпкер мен оны қоршаған әлеуметтік-қоғамдық, тұрмыстық шындық тұтаса өріледі. Оның әңгімелері – қаламгердің өзіндік машық-мәнерін танытатын туындылар. Оның әңгімелері адам мінезінің құпия сырларына үңілу, өмірдің мән-мағынасына философиялық тұрғыдан қарауымен ерекшеленіп, оқшауланады. Жазушы әңгімелері жалаң идеяға құрылмаған, сюжет желісі бір арналы, тақырыбы мен идеясы айқын. Сан алуан өмір құбылысын суреттеуде де шеберліктің барлық мүмкіндіктерін ыждаһаттылықпен жұмсай біледі. Қысқа әңгіме шеңберіне көлкөсір мән-мазмұн сыйғызуға болатындығына Қ.Қайсеновтің кез-келген шағын туындысы арқылы көз жеткізуге болады. Жазушы өзі суреттеп отырған ең ұсақ оқиғаның өзіне әлеуметтік мән беруге ұмтылады.
Қ.Қайсенов халқымыздың салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын өз шығармаларында шебер суреттей білген. Мұны жазушының «Атамекен», «Қыраулы қыс», «Асубай ата», «Мәтіш шешей», «Қоянсирақ», «Ат жарыс», «Тәтті іздеп», «Көк ат көпірден құлады», «Үйді сағындым», «Жаяу жарыс», «Көш», «Жайлауда», «Қой күзет», «Қаңылтыр құпиясы» атты әңгімелерінен көреміз. Әңгімелердің барлығы да авторлық бірінші жақпен баяндалған.
Академик З.Ахметов қазақ және әлем халықтары әдебиеттеріндегі осындай стильде жазатын қалмагерлерге, олардың шығармаларына тоқтала келіп: «Әңгіме — оқиғаны баяндап айтуға негізделетін, қара сөзбен жазылған шағын көркем шығарма. Әңгіменің жанрлық ерекшеліктері алдымен оқиғаны баяндау тәсілі, композициялық, сюжеттік құрылысы, кейіпкер жүйесі арқылы айқындалады. Әңгімеде әдетте бас-аяғы жинақы, тиянақты бір оқиға айтылады… Сюжет желісі бір арналы, ширақ келіп, тақырыбы мен идеясы айқын болады… Әңгіме кейде, баяндаушының (авторлық «Мен») бейнесі айқын көрінеді. Оның өзі оқиғаға тікелей қатысты болуы мүмкін»,- деген теориялық тұжырым жасаған [4: 56-57].
Жазушының «Жас партизандар» повесі де соғыс жылдарындағы жауға қарсы шайқасқан халық күшінің қуатын танытуымен құнды. Повесть кейіпкерлері – өмірде болған адамдар. Жазушының өмірде болған оқиғаларды өзгеріссіз шынайы бейнелей отырып эпикалық көркем жинақтауды да жүзеге асыра білуі оның өзіндік қолтаңбасы, машық-мәнері қалыптасқан хас талант иесі екенін аңдатады.
Қ.Қайсенов туындыларында адамдардың мінез-құлықтары олардың ісқимылдары мен сөйлеген сөздері арқылы ашыла түседі. Қ.Қайсенов өз шығармаларында әскери жауынгерлік тақырыпқа қатысты көптеген сөздерді пайдаланған. Қаламгердің деректі туындыларында қолданылған әскерижауынгерлік терминдер партизандық соғыс жағдайындағы кезең шындығын танытады, сонымен бірге жауынгерлік тақырыптағы туындылардың жанрлық сипатын айқындау қызметін атқаруымен ерекшеленеді. Әскери тақырыптағы туындыларда ХХ ғасырдың 40-жылдарынан бастап молынан қолданыла басталған әскери-жауынгерлік мағынадағы неологизмдер де қаламгер еңбегінде жиі кездеседі.
Академик Қ.Жұмалиев: «Стиль — шын талант, ұлы ақын-жазушылардың қаламына тән сипат. Кез-келген ақын-жазушылардан стиль іздеу – бекершілік. Өйткені, барлық өлең құрастырушыларды ақын, сөз жасай білушілерді жазушы десек, қателескен болар едік. Дарын жоқта стиль жоқ. Бұл екеуі сабақтас. Оқырмандарының ойына азық, жанына сусын бермейтін шығармалар жазып та жазушы болуы мүмкін. Бірақ ондайлардың өзіне тән стилі болады деу – қате. Олардың бірінің шығармалары егіз қозыдай екіншілеріне ұқсас келеді», — деп жазған болатын [5: 23-24].
Қ.Қайсенов өмір шындығын көркем шындыққа ұластырып көркем әдебиеттің нағыз үлгісін көрсетті. Оның заман көрінісін шынайы түрде тартымды бейнелей білетін суреткерлігі, қаламгерлік қарымы, өзіндік жазушылық қолтаңбасы әр қырынан қарастырылды. Жазушының шығармашылығы, оның қалыптасу, кемелдену кезеңдерін, прозалық шығармаларының көркемдік, жанрлық сипаты, шеберлік арналары мен стилін бүгінгі күн тұрғысынан қарастыру басты мақсат етілді.
Қаламгер Қасым Қайсеновтің партизандық шайқастарға арналған повестері қазақ әдебиеті дамуына қосылған жаңашыл сипатымен ерекшеленеді. Бұл туындылардың әлем әдебиеті тарихындағы партизандық соғыс тақырыбындағы шығармалармен де мазмұн мен пішін бірлігі аңғарылады.
Жазушы шығармалары оқырмандар қауымы тарапынан да ықыласпен қабылданып, сыншылар, әріптес қаламгерлер тарапынан да жоғары бағасын алды. Бұндай табыстың сыры Қ.Қайсеновтің айрықша өмірбаян иесі екендігінде және балалық шағында да, майданда да, одан кейінгі уақытта да әдеби дарыны бар тұлғалармен тығыз қарым-қатынаста болғандығында жатқандығы біздің еңбегімізде жан-жақты ашып көрсетілді. Қ.Қайсенов – өзіндік стильдік қолтаңбасы қалыптасқан қаламгер. Бұндай ерекшеліктерді оның әңгімелері мен повестерін, көсемсөз үлгілерін және естеліктерін оқи отырып айқын аңғарамыз.
Қасым Қайсенов шығармаларынан автордың жазба әдебиет мұраларымен қатар фольклорлық дәстүр негізінде пайда болған туындылармен де жете суысындағаны байқалады. Тарихи тұлға деңгейіне көтерілген қайраткерлердің, қарапайым адамдардың образдарын жасауда автор жазба әдебиетінің де, ауыз әдебиетінің де уақыт тезіне төтеп берген тәсілдеріне арқа сүйегені аңғарылады. Қаламгердің өз шығармасына арқау болған өмір шындығын ешбір қоспасыз, өзгеріссіз беру дағдысы оның шығармашылығына тән басты ерекшелік болып табылады. Оның туындыларының осындай сипаты оларды көркем тарихнама үлгілері ретінде қабылдауға толық негіз береді.

Әдебиеттер:

1. Қайсенов Қ. // Таңдамалы шығармалар жинағы. – Алматы: «Жазушы», 1967. – 450 б.
2. Қабышұлы Ғ., Сегізбайұлы К. Қаһарман. – Алматы: Атамұра, 2007. –
290 б.
3. Қайсенов Қ. Естеліктер мен жазбалар. – Алматы: Атамұра, 2002. 304 б.
4. Әдебиеттану терминдерінің сөздігі. – Алматы: Ана тілі, 1996. – 240 б.
5. Жұмалиев Қ. Стиль – өнер ерекшелігі. – Алматы: Жазушы,1966. -229 б.


Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *