Ғ.Ж. Абылқасов1, О.А. Жумагулова2
1докторант, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, Көкшетау қ, Қазақстан, e-mail: abylkasov70@mail.ru
2ф.ғ.к., доцент, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, Көкшетау қаласы, Қазақстан Республикасы, e-mail: J_Omirgul_A@mail.ru
ҚАЗАҚ ЖӘНЕ ТАТАР ӘДЕБИЕТІНІҢ БАЙЛАНЫСЫ ЖӘНЕ ЕКІ ХАЛЫҚТЫҢ
ТАРИХИ ТАМЫРЛАСТЫҒЫ
Мақаланың басты мақсаты қазақ және татар халықтарының өзара туыстық байланысын ашып көрсету болып табылады. Ресейдегі барлық халықтар ішінде саны жағынан екінші орынға ие татарлардың шығу тегі мен олардың таралу ареалы, тілдік ерекшелігі т.б. зерттеу – осы халықтың әдебиетін кеңірек танып білудің басты кілті. Сондықтан да біз мақалада татар халқының шығу тегі мен этникалық топтары туралы қарастыра отырып, олардың Қазақстанға қатысына назар аудардық.
Тірек сөздер: татар, тарихи дәуірлер, Алтын орда, сібір татарлары, Қазақстанның солтүстік өңірі, қоныстану, қарым-қатынастар.
КІРІСПЕ
Әлемде мыңдаған ұлттар мен тайпалар өмір сүреді. Екі жүзден астам мемлекетке бөлінген ұлттардың әрбірінің өз өмір сүретін аймағы бар. Кез келген үлкені-кішілі ұлттардың өзіндік өмір сүру аймағына тән тұрмысы-тіршілігі, тарихи жағдайы бар. Татарлар – адамзат баласы арасында өзіндік орны бар, көне мәдениетке ие халық. Әлем халықтары туралы анықтамалықтарда татарлар туралы жалпы мәліметтер берілген [1, 155].
Татарлар – тарихы тым тереңге тамыр тартқан Еуразия халықтарының бірі. Негізгі мекендеу ареалы – Ресей Федерациясының орталық бөлігі, Еділ бойы мен Орал өзені аумағы. Сондай-ақ Сібір мен Қазақстан, Қытайдың ШУАР-ы мен Ресейдің Қиыр Шығысында, әлемнің көптеген елдерінде татарлар өмір сүреді. Татар халқының жалпы саны 6,8 миллион адамды құрайды. Татарлардың басым бөлігі қазіргі кезеңде байырғы мекені Еділ мен Жайық бойында өмір сүруде. Яғни татар халқының сексен пайыздан астамы Татарстан мен Башқұртстан аумағында тұрады. Татарлар – Ресей Федерациясындағы орыстардан кейінгі ең мол санды ұлт. Татарлар этноаумақтық құрылымына байланысты еділ-оралдық, астрахандық және сібірлік, поляк-литовтық деп бөлінеді [2, 24]. Татарлар діни наным-сенімі бойынша мұсылман татарлар мен крясен татарлар болып жіктеледі. Татар тілі – жалғанбалы түркі тілдері ішіндегі алтай тобының қыпшақ топшасына жатады. Татар тіліне ең жақын түркі тілдері – қазақ, ноғай, қарақалпақ, қарайым тілдері.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Зерттеу барысында баяндау, анализдеу-синтездеу, тарихи-типологиялық т.б. әдістер қолданылды. Баяндау тәсілі арқылы татар халқының этногенезі мен өзге де ерекшеліктері туралы қарастырылды. Жүйелілік-құрылымдық әдістің көмегімен татар және қазақ халықтарының өзара тарихи байланыстары жүйленіп, құрылымдалды. Татар халқының әдеби туындыларындағы тарихи дәуірлердің сорабын анықтау барысында әлемдік әдебиеттану ғылымының дәстүрлі және заманауи талдау, зерттеу әдістері тиісінше қолданылған болып табылады.
Татар халқының шығу тегі және татар халық жырларындағы татарлардың тарихына қатысты деректерді зерттеу барысында біз мыналарды анықтадық:
— қазақ пен татар халықтары әдебиетінің өзара тарихи байланысы тым ерте дәуірлерден бері жалғасып келе жатқандығын;
— татар халқының түркі тілдес ұлттар арасындағы өзіндік орны бар, көне халықтардың бірі екендігін;
— татар халқының өз ішінен бірнеше этникалық топтарға бөлінетіндігін және татар ұлтының қалыптасуына Қазан татарларымен қатар, Сібір өлкесін мекендейтін татарлардың зор үлесі барлығын;
— қазақ даласына татарлардың келе бастауы туралы деректерді қарастыру барысында олардың алғаш негізін қалаған ауылдар туралы мәліметті;
— қазақ даласынмен оқиғалық байланысты болып келетін татар эпостарындағы тарихи шындық негіздерін.
Қазақ және татар халықтары арасындағы өзара ұқсас әдебиеттердің ғасырлар бойғы байланысын анықтап зерттеу үшін біз татар халқының арғы тарихын, Патшалық Ресей тұсындағы, сондай-ақ Кеңес Одағы тұсындағы хал-ахуалы туралы дереккөздерді талқылау жұмысы жасалады. Татарлардың қазақ даласымен ежелгі байланыстарына қоса, заманауи өзара қарым-қатынастарды ашып көрсету, ғылыми айналымға енгізу жұмыстарының әдістемелері талқыланады. Татар мен қазақ халықтары әдебиетінің өзара байланыстары турасында зерттеу жасау үшін ең алдымен татарлардың Қазақстанға, оның ішінде солтүстік өлкелерге қашан, қандай себептермен келді дегенді анықтау үшін екі халықтың әдебиетіндегі рухани байланысын жан жақты анықтауда екі халықтың түп-тегіне, арғы замандардағы өзара қарым-қатынасына тоқталу керек болады. Осы тұрғыда қазақстандық татарларға қатысты, Қазақстанда жарық көрген кітаптар мен газет-журналдарды іздестіру, олардағы жергілікті өлкеге қатысты құнды деректер мен әдебиетке қатысты ақпараттарды жинастыру жұмысы жүзеге асырылды [3].
Ғалымдар татардың әдеби тілі мишарлық морофологиялық құрылым бойынша қазан диалектісі негізінде қалыптасқан деп біледі[4].
Қазақ пен татар халықтарының тарихи байланысы тым ерте замандарға кететіндігі анық. Оны екі халықтың ділі мен тілі, дініндегі ұқсастықтар-ақ анық дәлелдейді. Татар мен қазақтың арғы тарихи тамырластығын айтпағанда, Алтын Орда дәуірінен бергі сегіз ғасырлық кезеңде екі халықтың бір империя құрамында өмір сүрген уақытының өзі біршама кезеңді құрайды[5].
Қазақстандағы татарлар – аталған мемлекеттегі жүздеген диаспоралар арасындағы ең саны мол ұлттар қатарынан орын алады. 2019 жылғы есеп бойынша Қазақстанда 206 мыңнан астам татар өмір сүріп, саны жағынан алтыншы орынды иеленіп отыр. Өзбекстандағы татар диаспорасынан кейінгі екінші шетелдік татар диаспорасы – қазақстандық татарлар[5]. Қазақстанның барлық ірі қалалары мен облыс орталықтарында татар ұлттық мәдени орталықтары жұмыс жасаумен қатар, жексенбілік мектептер ұйымдастырылып тұрады. Қазақстан халқы ассамблеясы қатарында татар ұлттық мәдени орталықтары белсенді жұмыс атқарады. «Сабантой» сияқты ірі мерекелермен қатар, әдеби шығармашылыққа қатысты ісшаралар да өткізіліп тұратынынан хабардармыз.
Татарлар – қалалар мен ауылдық жерлерде бірдей қоныс тепкен. Солтүстік облыстар аумағында татарлар мол шоғырланған. Қазақстандағы алғашқы татар қоныстары солтүстік өңірлерде 18-ғасырда пайда бола бастады. Нақтылай айтқанда 1786 жылы Қазан губерниясынан шыққан 176 отбасы түмендік татар Мавлют Валгузиннің бастауымен жолға шығып, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысына келіп, осында Мавлютово ауылының негізін қалайды [6]. Бұл – қазақ даласындағы ең алғашқы татар елді мекені болатын. Мавлютово ауылы өзінің төрт ғасырлық тарихы барысында қаншама құлдырау мен өрлеуді бастан кеше отырып, қазіргі күні тәуелсіз Қазақстанның Мамлют ауданы орталығы, Мамлют қаласы ретінде өмір сүріп жатыр. Татар ұлтының өкілдері Мамлют ауданының, Мамлют қаласының аумағында күні бүгінге дейін тұрып жатыр. 2019 жылғы санақ есебі бойынша Мамлют ауданы халқының 6,76 процентін татарлар құрап отыр. Бұл – 1206 адам деген сөз[7].
Сондай-ақ қазіргі Петропавл немесе Қызылжар қаласы да татарлар алғаш қоныс тепкен елді мекеннің бірі. Солтүстік өңірдің бас қаласы болған Қызылжарға да татарлар ХҮІІІ ғасырда көптеп келе бастаған. Өз сауда орталықтарын салу үшін татар көпестері, зауыт иелері буржуазия өкілдері Қазаннан, Троицкіден, Орынбордан ағылып келіп, өздеріне қолайлы кәсіппен айналыса бастаған. Олармен бірге діни қайраткерлер мен прогресшіл білім иелері де келіп осында орныға бастаған. Осылайша Ресей патшалығының әр өңірінен түрлі тағдыр жолымен келген татарлар қазіргі Қазақстанның аумағында мәдени-экономикалық ықпалы бар, зор рухани әлеуетке ие диаспора болып қалыптаса бастады. Сібір саудаөнеркәсіптік жылнамасының мәліметі бойынша 1900 жылы Қызылжарда 20 мыңдай адам болса, оның 6 мыңын татарлар иеленген[8]. Қалада 6 шіркеу, түзу-түзу минареттері бар 7 мешітке қоса сол мешіттердің жанында жеті татар мектебі (медресе) болған. Татарлардың біліміндегі 117 зауыттар мен фабрикалар жұмыс істеп тұрумен қатар, татар театры мен татар мектебі де халыққа қызмет еткен екен. Татар ауқаттылары көпестер, ағартушылар, ретінде танылып, қайырымдылықпе шұғылданған.
Татар халқының қазақ халқымен өзара туыстық байланыстары терең. Мұны дәлелдеу барысында біз татар этносының тарихи тамырына болжау жасауымыз керек. Бұл тұрғыда ең әуелі мынаны есте ұстауымыз керек. Сонау Монғолия даласының шығысынан шыққан монғол-татар атты халық пен ежелден Еділ-Жайық өңірін мекендеген еділ бұлғарлары – екібасқа халық екенін білгеніміз жөн. Және сондай-ақ осы екі басқа халықтардың атаулары бір-біріне қатысты айтылып жүруінің өзі жаңсақтық деп білеміз. Мұны ғылыми негізді шындық ретінде қабылдағанымызбен, Еділ бойындағы бұлғарлар мен Шыңғыс ханның жойқын жорығы тұсында батысқа қоныс аударып келген монғол-татарлар арасында рухани, мәдени, тарихи байланыстар болмады деп және айта алмайтынымыз анық. Осыған байланысты бүгінгі қалыптасқан татар этносының Еуразияның әр өңіріндегі антропологиялық, тілдік, этнографиялық, әдеби-фольклорлық ерекшелігіне мән беріп, зертте, зерделеу қажет болады. Мұның маңызын әдеттегі Қазан татары мен Сібір татарының немесе Астрахань татары мен Қырым татарының арасындағы ділдік, тілдік, тіпті діндік тұрғыдан алғандағы өзіндік даралық ерекшеліктерімен түсіндіруге болады. Қазақ халқында «туыс туыс емес, қоныс туыс» дейтін мәтел бар. Осы айтылымның мәні татар халқы өкілдерінің әр өңірлерде өмір сүруіне байланысты, сол өңірлерде тұратын халықтармен белгілі бір деңгейде тілдік, ділдік ұқсастықтары болатындығымен ашылады. Мысалы, астрахандық татарлар еділдік бауырластарымен салыстырғанда азербайжандарға біршама ұқсас болып келеді. Сол сияқты еділдік татарларға қарағанда сібірлік татарлардың осы өңірді мекендеуге қатысты өзіндік ерекшеліктері бар [9].
Татар халқының субэтностық топтарының бірі Сібір татарлары – Тобыл мен Ертіс аралығында мекендеп келе жатқан байырғы этнос. Сібір татарлары этносының құрылуына арғы ғұн дәуірінен бастап, одан бергі керей, найман, қыпшақ, қимақ, арғын т.б. тайпалардың үлесі бар. Батыс Сібірдің құнарлы топырағы мен жер үсті байлығы батыс пен шығыстың сан алуан халықтарына өзіне тартты. Осының нәтижесінде татар мен қазақ тарихындағы ортақ әйгілі тұлғалар Ибақ, Тоқтамыс, Едіге, Әбілқайырлар тұсында тәуелсіз мемлекеттің сұлбасы да көрініс тапты. Сібір халықтары, соның ішінде татарлар тарихында Көшім ханның орны ерекше. Көшім ханның айналадағы дұшпандармен өліспей беріспес күресі туралы жырлар татар, қазақ, орыс фольклорында ғасырлар бойы орын алып келе жатыр.
Есіл бойындағы татарлар әр кезеңдерде Патшалық Ресей әкімшілігінің ықпалымен немесе патша билігінің қудалауы себепті Еділ бойынан қоныс аударды деп толықтай қорытынды жасауға да болмайды. Татарлардың қазақ жеріне қоныстану тарихы бұдан да әрі болуы мүмкін. Татар мен қазақ халықтарына ортақ фольклорлық шығарма болып табылатын «Едіге» жыры – Алтынорда дәуіріндегі көптеген оқиғалардан хабар беретін ерекше туынды. Аталған дастанда:
Борын үткән заманда
Болгар белән Сарайда,
Җаек белән Иделдә,
Алтын Урда, Ак Урда – Данлы Кыпчак җирендә,
Татардан туган Нугай илендә
Туктамыш дигән хан булды; Ил булганга – ил булды,
Яу булганга – яу булды, Биләгәне кол булды, Әйдәгәне мал булды.
Сарай дигән каласы,
Сиксән күчә арасы,
Сары мәрмәр Алтын Таш
Сигез йортка дан булды,
Аларда дан булмады[ 10], —
деп айтылатынын қаперге алсақ, бір замандарда татар мен қазақ халықтарына ортақ тарихтың сұлбасы айқындала түседі. Қазақ, ноғай, татар халықтары бір тудың астында болып, Алтынорда, Ақорда хандықтары Ұлы Далада салтанат құрып тұрған дәуірлерге қатысты жырлардың ақпараттық маңызы зор.
Татар мен қазақ зиялыларының өзара рухани байланыстары – біздің зерттеуіміздің бір бағыты және осы тұрғыда айтарымыз – аталған тақырып саласында аты-жөндері аталатын Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлиханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев қатарлы қазақ зиялыларының барлығы дерлік Қазақстанның солтүстік өңірінен шыққан азаматтар екенін жершілдік сарында емес, солтүстік өңір азаматтарының өзге өңірлерге қарағанда татар халқымен ертерек аралас-құралас боғландығымен түсіндіруге болады. Атап айтқанда қазақ топырағында жәдидизмнің кең қанат жаюына бірден бір ықпал еткен И.Гаспиринскийдің ілімін жалғастырушы «Ғалия» медресесінде сабақ берген татардың көрнекті ағартушы зиялысы Ғалымжан Ибрагимовтың айналасында қазақтың болашақ әйгілі тұлғалары Б.Майлин, Ж.тілепбергенов, А.Мұстафин, М.Жұмабаев және т.б. болғаны белгілі.
Көкшетау өңірінен туып шыққан қазақтың тұңғыш кәсіби ғалымы Шоқан Уәлихановтың пікірлес досы шығыстанушы ғалым, педагог әрі тарихшы, ағартушы Құсайын Фаизханов (1828-1866 ж.ж.) болды. Шоқан Уәлиханов пен Құсайын Фаизханов болашақта бірігіп атқарар ортақ жоспарлары көп болғанға ұқсайды. Алайда бауырлас екі елдің бұл екі талантты ұлының да ғұмыры қысқа болыпты. Қ.Фаизхановтың Ыбырай Алтынсарин ісқызметіне қызығушылық танытқаны туралы да мәліметтер бар. Сондай-ақ Шоқан Уәлихановтың достық қарым-қатынаста болған адамдарының бірі – Шахимардан Ибрагимов
(1840-1892) екені белгілі. Екеуі Обмының кадет корпусында бірге оқыған. Ш.Ибрагимов 1854 жылдан бастап Қызылжар қалалық басқармасында аудармашы болып қызмет жасайды. Досының қазасын Ш.Ибрагимов ауыр қабылдайды. 52 жасында өмірден өткен Шахимардан Ибрагимов өмірінің көп бөлігі қазақ даласымен байланысты.
ХХ ғасырдың басында, нақтылай айтқанда 1919 жылы Ғалымжан Искахи атты татар зиялысы Ф.Тухтар және Ғ.Төреғұловтармен бірге «Маяк» атты газеттің отыз бірдей санын шығарады. Ғалымжан Ибрагимов пен Ахмет Байтұрсыновтың Омбыда шығарған «Қазақ» атты газеті де ұлтымыз тарихындағы орны бар басылым болды. Татардың көрнекті жазушысы Ғалымжан Ибрагимовтың «Қазақ қызы» атты романына эпиграф етіп Мағжан Жұмабаевтың өлеңін алуы да бекер емес болатын.
Қазақ пен татар халықтарының әдеби-мәдени бауырластығының нағыз көрінісі – 1913 жылы Қызылжарда шыққан «Ишим даласы» газеті болды. Құсайын Мұнасыповтың 1917 жылдары шығып тұрған «Юл» («Жол») апталық басылымы да осы бағыттағы еңбек болатын. 1908 жылдан бастап Қызылжарда Тюменев Тойматов атты көпестердің, Дәулеткелдиев, Ақчурин қатарлы дәулетті адамдардың қаржылық қолдауымен көпшілік кітапхана ашылуы өлке мәдениеті үшін зор құбылыс болғаны анық еді. Бұл кітапханаға Қазан мен Орынборда, Уфа мен Троицкіде шығатын газеттер мен журналдар жекізіліп, С.Маманов пен Г.Бабажановтың Қызылжар, Ақмола қалаларындағы кітап саудасы дүкендері халыққа қалтысыз қызмет еткен. Қазақ даласындағы кітапқұмарлар мен шығармашылық иелерін байланыстыруда Қазан мен Уфадағы Кәрімовтер мен Құсайыновтардың баспа үйлері белсенді қызмет еткенін білеміз. Қазақстанның барша өңірінен жеткізілген қолжазбаларды кітап етіп бастырып, оларды кемемен, отарбамен, атарбамен тиісті мекенжайларына таратып беріп отырған.
Қазақ топырағында театр өнері туып қалыптасуына бауырлас татар халқы өкілдерінің де ықпалы аз болмағанын айтып өткен орынды болмақ. Қызылжарда ХХ ғасырдың басында Ибрагим Кумельский мен Вали Абсаламовтердің күш-жігерімен драма театры ашылады. Онда М.Фаизидің «Ғалиябану», Ф.Бурнаштың «Таһир-Зухра», К.Тинчуриннің «Хан қызы» т.б. драмалық туындылары қойылып, татар, қазақ көрермендері театр өнерімен сусындайды. Қазақтың тұңғыш драматургтерінің бірі Қошке Кемеңгерұлы 1919-1920 жылдары Қызылжар қаласында қызмет етіп, шығармашылықпен шұғылданған. «Алтын сақина», «Қасқырлар мен қойлар», «Бостандық жемісі» атты қос пьеса Қызылжар қаласында дүниеге келді. Бұл екеуі де Қызылжардағы қалалық бақтың сахнасында қойылды. Демек, татар сахна өнерінің ықпалы болған жоқ деуге болмайды.
ҚОРЫТЫНДЫ
Қазақ пен татар әдебиетінің өзара ықпалдастығы туралы кіріспе түрде айтып өткенде осылай. Қазақстанның солтүстік өңіріне татар халқының қоныстануы, қазақ мәдениеті мен әдебиетіне ықпалы туралы бірлі-жарым жергілікті зерттеушілердің еңбектері мен жинақ кітаптарда аталып жүргені болмаса, толымды зерттеу еңбектер жоқ екендігін ескерген жөн.
ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ
1 Население мира. – Москва: Политиздат, 2017, 507 стр.
2 Татары (отв. ред. Р.К.Уразманова, С.В.Чешко). – Москва: Наука, 2001, 583 стр.
3 Р.Г Мамлютова-Бикмухаметова Татары на севере Казахстана. – Петропавловск: Северный Казахстан, 2015 – 432 с.
4 «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясы. ІҮ том. Бас редакторы Ә.Нысанбаев. – Алматы.
Қазақ энциклопедиясы, 1998, – 1523 б.
5 Қосан С. Татар-қазақ әдебиеттерінің байланысы туралы. edu.e-history.kz
6 Р. Әбсаттаров Қазақстандағы татарлар. //«Ақиқат» журналы. 13 желтоқсан, 2016, 17 б.
7 Қазақстандағы халық саны 2009 жылдың қорытындысы бойынша. Bnews.kz. Астана, 12 қараша.
8 М.А.Морозов Петропавловск в дореволюционных литературных источниках. – Ленинград. Нева, 1991 г.
9 Б. Ысқақов Қазақ-татар әдеби байланысы. – Алматы: Ғылым, 1976. – 175 б.
10 З.Хәбипова 2014 ел татар жәмәғатьчелеге өчен үзенчәлекле юбәләй елы – мәшһүр «Идегей» дастаны… – Казан: Милләт, 20014 ж.
Г.Ж. Абылкасов1, О.А.Жумагулова2
Литературные связи казахского и татарского народов и их историческое родство 1,2Кокшетауский государственный университет им. Ш. Уалиханова, г.Кокшетау, Казахстан Основной целью статьи является раскрытие родственных духовных связей между казахским и татарским народами. Исследование происхождения татарского народа, занимающего второе место по численности среди всех народов России, ареала их распространения, особенностей языка и т.д. является главным ключом к более широкому познанию литературы этого народа. Поэтому в статье, рассматривая происхождение и этнические группы татарского народа, мы обратили внимание на их связь с казахским народом.
G. Abylkasov1, О. Zhumagulova2
Literary relations of the kazakh and tatar peoples and their historical kind
1.2Kokshetau state University named. Sh. Ualikhanov, Kokshetau, Kazakhstan.
The main purpose of the article is to reveal the relationship between the Kazakh and Tatar peoples. The origin of Tatars, which are second in number in all the peoples of Russia, their distribution, language features, etc research is the key to gaining a better understanding of the literature of this nation. That is why in the article we looked at the origin and ethnicity of the Tatar people and emphasized their involvement in Kazakhstan.