Ғ.МҮСІРЕПОВ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ТАБИҒАТ
ҚҰБЫЛЫСТАРЫН СИПАТТАЙТЫН МЕТАФОРАЛАР

Ғ.МҮСІРЕПОВ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ТАБИҒАТ
ҚҰБЫЛЫСТАРЫН СИПАТТАЙТЫН МЕТАФОРАЛАР

Есматова М.Т., Құлмақанова М.Қ.
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ, Петропавл қаласы mariash_7@mail.ru

Ғабит Мүсірепов – классик жазушы. Ғ.Мүсірепов – қазақ әдебиетінің үлкенді-кішілі бірнеше жанрларын өркендетуге кезінде белсене араласқан көркем сөздің зергері. Мәселен, оның қаламынан шыққан көркем әңгіменің қайқайсысы да идеялық мазмұны терең, жазылу шеберлігі көзтартарлық әсем де мінсіз шығарма ретінде есте сақталып отырады.
«… Қазақтың сөз өнерінде Ғабит қаламынан түскен із, Мүсірепов саусағынан төгілген өрнек — өз алдына бір өлке, өзгеше бір әлем – әсемдік әлемі. Бұл – біздің рухани-эстетикалық тұрмыс-тіршілігімізде бұрын болмаған және кейін қайталанбайтын хат-қазына», — деп академик З.Қабдолов айтқандай, заңғар жазушының көркемдік әлемі сан-салалы [1: 392].
Метафора – халық тұрмысының, кәсібінің, ой-өрісінің тарихи көрсеткіші. Жазушының кейбір әңгімелерінің метафораларына қарап, қай заманның туындысы екенін және сол заманның ерекшелігін анық байқауға болады. Жалпы метафораға мынадай түсініктеме беріледі: «Метафора (гр. metaphora — ауысу) – зат пен құбылыстың ұқсас белгілеріне қарай (түрі, түсі, қызметі, т.б.
қасиеттеріндегі) сөздің ауыс мағынада қолданылуы» [2: 213].
Табиғаттың дүлей күшін бағындырып, тілге көндірген адамдар жайлы
Ғ.Мүсірепов «Жеңілген Есрафил» атты әңгімесінде тамаша сипаттайды. Мұнда ысқырған боран, үскірік аязда темір жол салған жұмысшылардың еңбегі суреттеледі. Темір жол салушылар табиғаттың қатал суығына қарамай, үй бойы үйілген қарға бөгелместен, жоспарлы жұмысын атқара береді. Осы аталған шығармада да табиғатты суреттеген бейнелер, метафоралар кездеседі. Мысал келтіретін болсам:
«Арқасына салған асыр батқандай, жер қайқаңдап, анда-санда бір ыңқ етіп қалады. Тәңірісіне тасбиық айтып бар дүние, бұталарға қонған мұзды тасбиығындай ақырын сырт-сырт қағады… Қарағайлар қақ айырылып, қайың жасын төгеді. Көкте бұлттар қозғалмастан ақ қар болып етек жайып, құлай кетіп жол үстіне жалп етіп; жаңа ғана аршылған жол бойына тағы да ақ тау шөккен нардай көлденеңдеп жатқаны…
-Алармын! – деп, алқымына Есрафилдің қол салғанда біздің ел, зікір тоқтап, дүние тынып, үрейленіп бұлтқа бұққан күн де шыға келеді. Бірақ, әлі Есрафилдің астына түсер ойы жоқ! Қайсар тентек күнге қарап, құр сақылдап күледі. Мойындауға, тегі, долы қан ішер, кежегесі кейін тартып, отты көзден мұздай суық көк ұшқындар шашқанда, тиген жерін қарып түсіп, күш алғандай қайтадан!» [3: 25].
Адамның іс-әрекеттеріне ие табиғат құбылыстарын бейнелейтін метафоралар да молынан қолданылады: жер қайқаңдап, қайынның жасын төгуі, ақ қар боп етек жаюы, күннің бұғуы, тентек күн, қарып түсуі, отты көз т.б.
Метафора – жалпы әмбебаптық сипаты бар құбылыс, сонымен қатар, ол ұлттық дүниетанымға, сол тілді қолданушы халықтың тұрмыс-тіршілігіне, табиғатына, қоршаған ортасына тән, бір сөзбен айтқанда, мәдениеттің тілдегі көрінісі. Метафораның дамуынан, оның жеке авторлық қолданыс аясынан ұлттың дамуын, тілдің даму көрінісі аңғарылады. Себебі, тілдегі ұлттық сурет, әлемдік сурет, адам интеллектуалы үнемі шексіз, қарқынды дамуда болады. Қазақ тіліндегі метафоралар – мән мен түрдің бірлігі ретінде халқымыздың рухани жан дүниесінің айнасы.
«Қос шалқардағы» туған өлке табиғатының ғажайып суреттері естен кетпестей тиянақты жасалғаны белгілі. Ғ.Мүсіреповтің «Қос шалқар» әңгімесінде пейзажды суреттейтін метафораларды көптеп кездестіруге болады:
«Міне, біз екі шалқардың арасында тұрмыз. Қоңыр құйқалы, құнарлы шиыр. Адырсыз, жотасыз жазық алап. Керілген кең тақта. Қуаң тартқан қау.
Батыс жағын қапталдай өскен қалың жал, көкжиекті көміп, кең жазылған кереге тәрізденіп иіліп келіп екі көлге тіреле тоқтаған. «Қосшалқар» қос босағаға орнатқан күміс бағана тәрізді екі көл. Кешкі тымыққа тынып, жадырап жатқан су ақырын ғана жағасына соғып дірілдейді. Ышқынбайды, тітіркенбейді…
Ақырын соққан самал шалқар көлдің ақша бетін аймалап сүйгендей болады. Сүйген жерінде ирек із қалады. Шалқар шімірігіп ышқынғандай болады.
Көшпелі көк бұлт көлеңкесін көлге түсіріп, айнаға қарап сыланады» [3: 25]. Жазушының мақсаты бұл ұғымдарды тек атап қою емес, оларды сан қырынан суреттеу болғандықтан, бұл атаулардың эстетикалық өрісі де әрі тың, әрі кең болып келген. Алдымен шиыр сөзінің мағынасын ашып алсам. Шиыр І.1. Айқыш-ұйқыш шытырман, шұбырынды із. 2. Ауысп. Шым-шытырық, шытырман шатақ іс. ІІ. Мал түспеген, жайылмаған кең жазира, тың жайлау. [4: 917].
Жазушының суреттеуінен топырағы шұрайлы, мал жайылмаған кең жазира, тың жайлауды көреміз. Алап 1. Аймақ, атырап, өлке. [4: 38].Жазық — кедір-бұдырсыз, жайдақ, теп-тегіс жер, Ал «жазық алап» дегеніміз, теп-тегіс аймақ, өлке. Тақта 1. Арасын межелеп бөлшектеген егістік жер. Кең 1. Шексіз, шетсіз, ұлан-байтақ. Зергердің суреттеуінше, көз алдымызға шексіз-шетсіз егістік жер елестейді.
Бұл келтірілген мысалдарда «құнарлы шиыр», «жазық алап», «кең тақта», «қалың жал», «самал шалқар көлдің ақша бетін аймалап сүйгендей» деп, сөз зергері табиғатты адам кейпіне енгізіп, жан бітіріп, әсерлі суреттейді. Ал «көк бұлтты» қыздар сияқты, айнаға қаратып, сылатады, қандай көркем десеңізші! Сондай-ақ, Ғ.Мүсірепов шығармаларында түстерге байланысты метафоралық концептілер кездеседі. Мысалдар келтірсек, «Қос шалқар» туындысында қара өгіз, ақ орақтар, көк майса, абажадай көк арбалар; «Жеңілген Есрафил» әңгімесінде ақ ауыз, ақ тау шөккен нардай, суық көк ұшқындар, қара долы дүлей түндер, сақылдаған сары аяз, ақ буралар, қара түн; «Адамның анасында» қара бұлт, қара сұр көлеңке, бозғылт бет сары күн, сұр көлеңке; «Ананың арашасы» әңгімесінде ауылды «сары ала жапырақ» деп, бейнелейді. «Ер ана» әңгімесінде «көк зеңгір қалың орман», «ақ қайыңдар», «ақ теректер», «күміс жапырақтар», «қара жамылғандай», «қара түннің астындағы», «қызғылт көздерінен қызыл ұшқын шашып»… «Ақлима» әігімесінде «қызыл гүлдей үлбіреген қызыл еріндері», «биік ақ маңдайы», «аппақ мойнында көгілдір тартып», «қайратты қара көздері», «көк ала тұманның иісі», «қара түннің», «қызылды-жасылды ағып жүрген оқтар», «оқ боранын», «көк буалдыр тартып», «қоңыр дауыс», «көп көк қанат балапанның» және т.б. Бұл тіркестерде тура заттың сыны аталып тұрған жоқ, ассоциативті тұрғыдан заттардың бойына түрлі қасиет, қызмет сыйғыза білген метафоралық амалы. Осы тіркестер арқылы табиғатты сипаттауда, оның келбетін танытуда ерекше қолданылады және табиғаттың керемет қырларын қара түн, қалың қара көрпе, шұп-шұбар жұлдызы сияқты метафоралар арқылы өзінше бояу қосып, жансызға жан бітіріп суреттеген. Мысалы: «Жайлау жолында» повесінен үзінді келтірсек, «Ауыл үстін басқан қара түн ауылды да, қабырлаған қимылдың бәрін де жұтып жіберген сияқты. Шұп-шұбар боп жұлдызы жымыңдасып тұратын аспанмен көк майсасы құлпырып, желкілдеп тұратын жер қара түннің салмағынан ыңырситын тәрізді. Жерді орап алған қалың қара көрпенің астында ауыр ұйқыда пысылдап жатқан елдің демі білініп тұрғандай тып-тыныш.
«Таң ата» әңгімесінде берілген «Таң бозарып келе жатқан ала сәуле кезі екен. Шығыстағы қызыл шымылдықты өз көзінен сыратын. Таңертеңгі қызара бөртіп көтерілген күн еш уақытта Күсенннен бұрын оянған емес. … құдыққа жөнелгенде жалқау күннің қанталап ісінген беті әрең көрінетін» метафоралар жазушының табиғат пен адамзаттың бірлігін танытуда, жан дүниесіндегі сезім толқыныстарын шебер көрсеткен. Ең алдымен, таңның бозарып атуын «ала сәуле», одан әрі күнді «қызыл шымылдық», «қызара бөртіп көтерілуін» адамның бет-жүзіне, іс әрекеттеріне ұқсаттырып әсерлі етіп бейнелеген.
Көркем әдебиет стилінде кейбір метафораның мағынасы тұтас бір контекст ішінде ғана айқындалады. Бұл ретте ондай метафораның контексте әлденеше рет қайталанып қолданылатын да кезі болады. Мысалы, Ғ. Мүсірепов бір ғана қоңыр сөзінің өзін бір контекст ішінде мына төмендегіше неше түрлі құбылтып қолданған. Қоңыр көлеңке үйдің қоңыр сәулесі Шайзаны да қоңырландырып, сұрғылтқа таңдық түс береді. Үй де қоңыр, көлеңке де қоңыр. Қоңыр үйдегі тұрмыс та қоңыр. Қоңыр үйдегі жандар да қоңыр. Қоңыр ойлы Шайзаның әні де қоңыр. Қоңырлатып, ыңырсып өлең айтып отырады. Өлең емес, қоңыр күймен ішіндегі зарын төгіп отырады.
Осы үзіндіде қоңыр сын есімі он үш рет қайталанады. Екі-ақ жерде етістік түрінде (қоңырландырып, қоңырлатып) қолданылады. Ал қалған жердің бәрінде есім қалпында жұмсалған. Осы метафоралар контекст арқылы бірінің стильдік сырын бірі аша түскен. Шебер суреткердің қоңыр сын есімін әр сөйлем сайын осылай жарыстыра қолдануы кездейсоқ емес. Контекске кірген әрбір сөйлемді жеке-жеке алып талдасақ, қоңыр сөзінің шын мәніндегі стильдік қызметі толық ажыратылмай қалады. Автордың қоңыр сөзін бұлай әр түрлі құбылтып қолдануынан кейіпкердің бір сәтке көңіл-күйін, ішкі жан дүниесін, айналасындағы өмір құбылысымен, сыртқы ортамен органикалық байланыста нанымды суреттегенін байқауға болады. Демек, жазушының қоңыр сөзін соншама көп қайталап қолдануындағы мақсаты біреу-ақ. Ол — өзінің суреттеп отырған кейіпкерінің тұрмыс жағдайындағы тапшылықты, осыған байланысты оның басындағы көңілсіздікті, көңілінде бұдан басқа да әлдеқандай алаң бар екенін көрсету.
«Қос шалқар», «Жеңілген Есрафил», «Шұғыла» сияқты алғашқы әңгімелерінің өзі-ақ сөз өнеріндегі хас жүйріктің қалам шеберлігінің сымбатты көріністерінің айқын дәлелі. «Қос шалқардағы» туған өлке табиғатының ғажайып суреттері естен кетпестей болып тиянақты жасалған. Онымен қатар, сол табиғат аясындағы адамдардың әлеуметтік тіршілігі де реалистік бояулармен дұрыс бейнеленген.
Метафоралардың туындауына адам ойындағы өзара салыстырулар мен ұқсатулар, санадағы суреттеулер негіз болады. Осы жағынан алғанда, метафора ойлаудың концептуалды формасы болып келеді.
Сонымен, көркем туындыларындағы табиғат бейнелеріндегі метафоралар — өз алдына жеке концептілік құрылым жасайды. Оны жасауға қатынасатын бірліктер — табиғат құбылыстары, адамға тән қасиеттердің жан-жануарларға, жансыз заттарға ауысуын білдіретін метафоралар. Ғ.Мүсіреповтің стильдік ерекшелігін, өзіндік сипатын анықтайтын жоғарыда келтірілген метафоралар – адамды тебірентер эмоциялық әсері күшті метафоралар.
Ғ.Мүсіреповтің қолданысындағы метафоралар – заман, қоғам, адам өміріндегі құндылықтарды, болмысты сипаттайтын авторлық метафоралар.
Табиғатты сипаттаудағы метафоралары — шығармаларының жанды бөлшегі.
Әдебиеттер:

1. Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы: Жазушы, 2003. – 452 бет.
2. Қалиев Ғ. Тіл білімі терминдерінің сөздігі. –Алматы: Сөздік — Словарь, 2005. — 350 бет.
3. Мүсірепов Ғ. Көп томдық шығармалар жинағы. 1-том. Әңгімелер. Құраст.: Нарымбетов Ә. — Алматы: Жазушы, 2002. – 288 бет.
4. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі/ Жалпы редакциясын басқарған Жанұзақов Т. – Алматы: Дайк-Пресс, 2008. – 968 бет.
5. Мүсірепов Ғ. Көп томдық шығармалар жинағы. 2-том. Повестер. Құраст. Нарымбетов Ә. – Алматы: Жазушы, 2002. — 264 бет.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *