ТӨЛЕН ӘБДІКҰЛЫНЫҢ «ҚЫЗ БӘТІШ ПЕН ЕРСЕЙІТ»
ШЫҒАРМАСЫНЫҢ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ

ТӨЛЕН ӘБДІКҰЛЫНЫҢ «ҚЫЗ БӘТІШ ПЕН ЕРСЕЙІТ»
ШЫҒАРМАСЫНЫҢ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ

Боранбаева Ж.Қ., Мырзақұлова М.М.
Астана қ., «Астана» университеті boranbaeva_zhamal@mail.ru

Толғауы тоқсан қызыл тіл,
Сөйлеймін десең өзің біл,[1,68] — деп ұлы ойшыл Абай айтқандай, сөйлер тілге мәйек болар Төлен Әбдікұлының «Қыз Бәтіш пен Ерсейіт» шығармасы XXI ғасыр дейтін заманымыздың өмір көрінісін айқын көрсететін шығармалардың бірі.
«Адам өміріндегі ең үлкен қуаныш – бала сүю»[2,75] деген екен Бауыржан Момышұлы. Иә, әрбір пенденің осы өмірдегі бары да, нәрі де баласы. Артын жалғастырар ұрпағы. Ал сол балаңның қуанышын көре алмау үлкен азап болары анық. Жазушы Төлен Әбдік шығармасында сол бір азапты сәт айқын көрсетілген.
Абай:
Адамзат – бүгін адам,ертең топырақ.
Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ. Ертең өзің қайдасың білемісің, Өлмек үшін туғансың,ойла шырақ,[3,95] деп жырлағандай, расымен де әрбір пенде өлемін деп өлмейді, өмірдің заңы солай болғасын, маңдайға жазғанын көріп, о дүниеге аттанары хақ. Дегенмен «ет бауырың – балаңнан» [4,205] айырылу оңай емес-ау. Төлен Әбдік шығармасында:
«Шынында да Алланың жақсыны әкетеді дегені рас шығар. Осы бала институтқа түскеннен елді шулатты. «Қожабектің баласы Болат оқуға алғыр екен, мұғалімдердің өздері қаймығатын көрінеді», — деуші еді. Айтса айтқандай, институтты айрықша дипломмен бітіріп келді. Бір жыл өтісімен аудандық басшы қызметіне көтерілді. Жуырда облысқа әкететін көрінеді деген сыбыс тараған. Әйтеуір барып жүздескендердің бәрі «тек болғалы тұрған бала екен, тірі болсын»деп, тіл – ауыздарын тасқа сілтеп, тфалап қайтатын. Елжұртқа жастайынан аты шыққан Болат енді үйленгелі жатқанда аяқ астынан қайтыс болып кетті. Артта тұяқ қалмады. Бір әулеттің тұқымын өзімен біржола тоқтатты да кете барды. [5,204]
Осы бір сәтте Абайдың тағы бір өлеңі, баласы Әкімбайды жоқтауы еріксіз ойға оралады:
Орамды тілді ауыздым,
Ақылға жүйрік маңыздым,
Көп жасамай тез кетіп,
Көзімнің жасын ағыздың.[3,60]
Кейде «Құдайға да жақсы адам керек» деп жатамыз. Бірақ тым болмаған да артынан қалған тұяғы болса Қожабек қарт мұншалықты қиналмас еді-ау деп те ойлайсың. Расымен де, әке жүрегі баласының өліміне шыдай алмай, өзін іштей жегідей жей бастайды. Көз жасын төгіп көл қылады. Баласының неліктен жас кеткеніне түсінбей, өзін сан түрлі сұрақтармен қинайды. Мүмкін жастайынан ел аузында жүрген балаға біреудің көзі тиді ме екен? Әлде жазатайым жасалған әрекет пе екен? Немесе біреуге қиянат жасап, Құдайдың қаһарына ұшырады ме екен? Ол сұрақ тек әкені емес, оқырман қауымында ойландырары анық. Ендеше сан сұрақтың жауабын шығармадан іздейік:
— Тым бекерге нали бермеңіз, аға, — деді Жарасбай, — Түнімен ұйықтамай шықтыңыз. Сабыр етсеңізші.
— Қарғам-ау, жұбатқаның дұрыс қой. Дүниеден өтпейтін пенде бар ма? Бірақ, Болатжанның артында алданыш қылар бала қалса, мен бүйтіп қажымас ем ғой. Кенет әлдене есіне түскендей Жарасбай басын көтеріп алды да:
— Аға, — деді, — мен сізге қызық айтайын, Болаттан бала бар.
Қожекең селк ете қалды. [5,209]
Сұраққа жауап іздейміз деп, тағы сұрақ астында қалғандаймыз. Қандай бала? Қайдан пайда болған бала? Демек,жақсы деп мақтап асты үстіне түскен баламыз «жас кезде жігітшілік кімде болмайды деп», заманы тартқан желмен бірге есе барғаны ғой. «Заманына қарай заңы, тоғайына қарай аңы»[4,218] демекші, ХХІ ғасыр жаңа заман, заман талабына сай өмір сүру керек деп жігіттеріміздің шектен шығып бара жатқаны несі? Қазағым «жетімін жылатпаған» деуші еді, ал әкесі бола тұра баланы тірі жетім қылу нағыз арсыздың ісі болса керек. «Жетім ақысы – Тәңір ақысы» [4,222] деп дана халқымыз ұсы тұсқа дөп басып айтқандай. Дегенмен «Өлген артынан жаман сөз ермесін» демекші, біздің мақсатымыз Болатты қаралау емес. Тек қазіргі жастарға үлгі болсын дейміз.
— Сонда қалай, Болат осында үйленген бе екен?
— Айналайын-ау, ол жағында менің шаруам жоқ. Маған кімнен туса, одан тусын. Болаттың белінен қалған бала керек. Мен қазір жетпістің екеуінде тұрмын, шырағым. Ертең кемпір екеуміз өлгенде шаңырағым …бос қала ма деп қорқамын ғой…
— Қожекең әлдеқалай босап, орамалын алып, көзін сүртті…[5,216]
Ата-анадан өсіп ұрпақ тараған,
Жақсы, жаман болса, бала солардан, [2,76]- деп Жүсіп Баласағұн айтқандай, барлық кінәні ата-анаға жауып қою жарамас. Әрбір пенде өз қателігіне өзі жауап беруге тиісті. Ал ата- ана бала қателігіне көз жұма қарайды. Қартайған шағында қарттың бар арманы немересін құшағына басу. Мейлі ол кімнен туса да оны бауырына басып, мейірімін төгіп тәрбиелеу.
Немере аңсаған қарт, басқаларға қызыға да, қызғана да қарайды. Өмірдің бақыты немере сүйіп оны қызықтау деп біледі. «Баладан немере тәтті» демекші, немересінің еркелеген үнін естуді арман етеді. Қожекең карт қаладағы немересін іздеумен болады, бірақ немересімен жүздесуді аңсап жүрген қарт «өлімнің орнын толтырамын деп жүріп,екінші өлімді естірмін деп ойламаған еді». Басар тауы қалмаған соң амалсыз елге оралмақшы болады. Кенеттен «Үмітсіз адам — зәкірсіз кеме іспеттес» [2,52] деп Эрнст Тельман айтқандай, бұлар бағын сынамаққа тағы бір жерге келеді:
Гүлсім екі ортадағы орындыққа сылқ етіп отыра кетті. Мұның кім екенін түсінген Қожекең басын көтеріп,оның бетіне тура қарады. Тура қарады да қыздың сұлулығына қайран қалды. «Апырым-ай,ажары келіскен бала екен,осынша қор болғанын қарашы.»
— О,о,-деді Гүлсім кісі сыйлаудан қалған мастарға тән дөрекі үнмен. Привет старик. Очень рада вас видеть…
— Гүлсім, — деді Асылбек ренішті үнмен. Үлкен кісімен бұлай сөйлесуге болмайдығой.
— Үлкен кісіге мені емес, баласын жөндеп алғаны пайдалырақ болар еді…
Қожекең басын көтеріп,оның осыншалық сұлу жүзін көргенде тағы таң қалды. «Жасаған, адам баласын мінсіз ғып тудыра береді екен-ау… Неге бірақ осынша қаражүрек болды екен?» [5,225]
Неше қыздың абыройын айран еткен баласының жазасын әкесі тартып жатқандай.Сұлу қызды қаражүрек болуға итермелеген де өзінің ет бауыры баласы емес пе еді!
— Тыңдамаймын ештеңені,- деді Гүлсім біреуді тырнайтын адамдай ашына айғайлап. – Сендердің көкейлеріңді тесіп бара жатқан өз қамдарың. Шаңырақ керек, бала керек сендерге…Болат менің өмірімді улады. Бірақ сендер оның сол қылмысын серілік деп атап,мақтаныш қыласыңдар! Не деген қатігезсіздер?
[5,227]
Шынымен де қазіргі қоғамызды қатыгездік билеп кеткендей. Қара көз қыздарымыздың өмірін қор қылып, өз беттеріне үйленіп үй болып кеткен жігіттеріміз көп. Бірақ, біреуге жасалған қиянат жазасыз қалмайтынын ұмытпаған жөн. «Тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді» деп дана халқымыз айтқандай, кейде қателік нәзік жандылар қатарынан кетері анық. Бірақ бұл жерде мәселе кімнен кеткен қателік емес, сол қателіктен пайда болған бейкүнә нәрестенің азап шегуі. Қазіргі жастарымыздың жауапкершілік сезімінің болмауы.
«Мұның не қылғаның, жарығым-ау. Бәрі қолыңнан келгенде қиянат қылмау қолыңнан келмегені ме,жарығым-ау. Құдайдан көрген зәбір тірлік заңы шығар,адамнан көрген зәбір қымбат,жарығым-ау. Соны неге түсінбедің. – Қожекең сақалына сорғалаған жасын сезбей, құлыптасты сипай берді. – Қалайша түсінбедің! Хайуанның да обалы жібермейді деуші еді, адам обалы қайтып жіберсін… Жаманшылық істесең де, жақсылық істесең де – бәрі осы дүниеде қалады. Біреулер соның не азабын, не рахатын көреді» [5,228]
Қазіргі қоғамызды жамандыққа итермелейтін пасық әрекеттердің бірі зина болып табылады.Зина ақылды және балиғат жасында болған еркек пен әйелдің некесіз қатынаста болулары дегенді білдіреді. Хадис шәрифтерде берілгендей:
«Аллаһтың алдында зинадан үлкен күнә жоқ» Зинаның дүниеде үш зияны бар:
1. Әдемілікті жояды және жүздегі нұрды кетіреді
2. Кедейлікке жол ашады
3. Өмірдің қысқаруына себеп болады. [6]
Автор Төлен Әбдік шығармасын парақтай отырып көптеген сауалдарға жауап тауып, өмірлік сабақ алғандаймыз.
«Бүкіл азаматтың келешегі – жас жеткіншектердің қандай идеал негізінде тәрбиеленіп, қалай өсуіне, кемелденуіне байланысты» [2,217] деген Ғабит Мүсірепов сөзі ешқашан саналарыңыздан өшпесе екен дейміз.
Василий Александрович Сухомлинский сөзімен айтар болсақ «Егер әрбір жас жігіт,әрбір қыз біздің елімізде игілікті,асқақ ойлар құшағында өмір сүретін болса, егер ой әркімнің ар-намысының сақшысы болса, онда біздің қоғамымыз арман еткен адамгершілік, рухани сұлулық әлеміне айналар еді. [2,230]

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Абай «Қалың елім, қазағым», Алматы «Атамұра», 2002.
2. «Асыл мұра», көшпенділер баспасы, Алматы, 2013.
3. Абай «Өлең – сөздің патшасы» Халықаралық Абай клубы, 2006.
4. «Қазақ афоризмдері», «Алматыкітап» баспасы 2009.
5. Т.Әбдік « Оң қол» Алматы, «Атамұра», 2002.
6. www.dinislam.kz сайты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *