
ТҰРСЫН ЖҰРТБАЙДЫҢ «ҚАЛАМПЫР» ПОВЕСІНІҢ
ТАҚЫРЫБЫ МЕН ИДЕЯСЫ
Боранбаева Ж.Қ., Даулетова З.А.
Астана қ., «Астана» университеті boranbaeva_zhamal@mail.ru
«Тақырып – өнер туындысының іргетасы» [1, 157б.] Ұтымды әрі дұрыс таңдалған тақырып темірді тартқан магнит сияқты. Т.Жұртбайдың «Қалампыр» повесі де «сырымды аш» деп тұрады. Шығарманы бастағасын, әрі қарай жалғастыруға күштейді. Автор ұшқыш боламын деген ізгі арманынан айырылып, қарапайым жұмысшылар қатарына қосылған Жарастың тағдырымен бүкіл қазақ халқының бастан кешкен қиын-қыстау кезеңдерін, бұқара халық тіршілігіне кертартпа саясаттың көрсеткен әсерін тамаша суреттеген. Суреттеп қана қоймай, оқырманды адам бойындағы ізгі қасиеттер: адамгершілік, еңбеккештік, отансүйгіштік, өзара құрмет пен түсіністік, жанашырлық, мейірімділік пен сүйіспеншілік сезімдерін бойына сіңіруге шақырады.
«Тақырып – тереңде, ағыс арасында, нағыз тұнық және тегеурінді иірімдер ішінде; оны сол арадан іздеп таба біл, дөңбекшіген толқын, сарқырама сел астынан тауып алып шыға біл» [1,158б.] деген З.Қабдолов. Автор да шығарманың тақырыбын қосылмаған қос ғашық Кемел мен Бәтиманың ыстық, мөлдір махаббатымен байланыстырған: « — Пах, пах,.. шіркін. «Мен үрияның шайымын» деп тұрғанын қарашы. Түу… Мұндай қалампыр иісі аңқыған шайдың дәмін татпағалы қашан. Баяғыда, пішен басындағы сусын да шөп аңқитын. О, заман-ай. Басқасын қайдам, қыздың қолынан ішкен қалампыр шайды ғұмыры ұмытпайсың» [3,260б.] Жазушы Кемел мен Бәтиманың риясыз, ыстық махаббатын сәндік гүл қалампырмен ұштастырған. Мүмкін, бұл сезім олардың өмірін соңғы демдері шыққанша сәндегендіктен болар. Әрі әр суреткердің шығармасын да, оқырманның жүрегін де баурайтын осы бір адам бойындағы ұлылық қой. Жазушы Кемел мен Бәтиманың тағдыры арқылы соғыс жылдары қарапайым халық басынан өткерген қиындықтарды ғажап сезім — махаббаттың көмегімен жеңіп шығуға, адамдар арасындағы алалықты, қателіктерді адалдықпен алмастыруға үйретеді. Сөйтіп, қандай жағдайда да адам өз бойындағы ізгіліктен арылмауы қажеттігін жеткізеді. Сонымен қатар, автор «шын ғашықтар қосылмайды» деген қағиданы оқырман санасына жеткізгендей. Себебі, Алланың өзі пендесіне толық бақытты ұсынбайды екен. Әйтпесе, масаттануға дайын пенде өз жаратушысын ұмытып кететін көрінеді. Дәл сол секілді, шын ғашықтар қосылса, балалы болса, олар үшін толық бақыт орнамай ма?! Бәтима мен Кемел де Алланың бергеніне көндікті. Ұзақ ғұмырындағы аз ғана бақытты жандарына медеу етті. Қосылмауларына себеп болған жайды да мойындады: «Мен кесірлікті соғыстан ғана көремін. Әйтпесе Бәтимаш мені жұбайым ретінде шығарып салған. Тойымызды жасап үлгермедік… Аттанарда сельсоветке әскер семьясы ретінде тіркеттім. Арымыз таза… Тек, құмарымыз басылмады. Кейде өзімді Бәтимамен мәңгі бірге сезініп өлер едім ғой деп қиялдайтыным да бар. Менің маңдайыма төрт жылдың есесіне сегіз жыл соғысуды жазды. Ол күткен адамға да, сағынған адамға да осал сынақ емес, солай.» [3, 262б.] Рас-ау. Бұл соғыс қанша ғашықтарды айырылыстырды, қаншама әйелді жесір, қаншама баланы жетім етті, қаншама ата-ананы қайғыға батырды, қанашама жандардың жанын да, тәнін де мүгедек қылды. Бұл «соғыс» атаулы халыққа не берді? Не берген? Не бере алады? Жазушы Тұрсын Жұртбай сондай соғыс құрбандарының бірнешеуінің тағдырымен таныстырған. Өкініштісі, Кемел мен Бәтима сынды адал, еңбеккеш, жаны да, ойы да таза, халқының қамын ойлайтын, еліне шын күйінетін ізгі жандардың қосылмауы. Ұлдары Серікқазының толыққанды отбасында, ата-ана махаббатына бірдей бөленіп, әкесін «әке» дей алмай өтуі. Бір кездері ата-анасының ыстық махаббатының ордасы болған Қалампыр сайда ғұмыр кешуі.
Бірақ, жазушының ойындағы «қалампыр» осы ма? Қосылмаған ғашықтар жыры ма? «Саған ашығын айтайын, Серікқазы да біледі. Мен сол Құрымбектің қызымын. Шын атым – Қалампыр, қыздар өзгерткен… Кемел ағаның әңгімесінен соң күдікті ой биледі. Хат жаздым… Әкемнің неге осында жібергенін, жауап алғанда ғана білдім. Бірақ Серікқазы екеуіміздің жүрегімізге еш нәрсе де көлеңке түсіре алмайды ғой. Біз, әкеміз үшін, тіпті бәрі-бәрі үшін бақытты өмір сүруге тиіспіз» [3, 310, 311 б.] деген, Құрымбектің қызы Қалампырдың сөздерін оқығанда барып, армандардың орындалмай қалуы мүмкін еместігіне көз жеткізесің. Әр адам бақытты болуға лайықты. Оған қашан, кіммен қол жеткізетіндігі маңызды емес. Қалампыр қыз әкесі Құрымбектің бір кездері жасаған қателігінің арқасында, Бәтимаға әкелген қайғысының орнын жуып-шаймақ. Серікқазы қаншама жылдық қиындықтардан кейін махаббаттың, әке-шешесінікі секілді ыстық махаббаттың күшін сезініп, бақытқа толы ғұмыр кешпек. Бүкіл бір ауылды қайғыға бөлеген Бәтиманың көз жасы енді тек, қуанышқа ғана арналады. Ел де, сұрапыл соғыс әкелген бақытсыздықты ұлы сезім – махаббаттың жеңетіндігіне, әділеттіліктің орнығатындығына, армандар орындалатындығына сенетін болады. «Махаббат – жаңбырдан соңғы күн нұрындай…» [2, 79 б.] деген В.Шекспир. Кемел мен Бәтиманың ұлы Серікқазы мен Құрымбектің қызы Қалампырдың махаббаты сияқты. «Қалампыр» повесіне басқаша тақырып қоюға болар ма еді? Жоқ! Себебі, қайғының орнын қуаныш, жеңілістің орнын жеңіс басқан бұл шығарма — махаббат күші туралы. Адамның армандап, еңбектеніп жүріп қиындықтарға тап болған кезінде, өмірден түңіліп тұрған шақта көңілге бір сәуле, серпіліс беретін құдіретті күш туралы повесть. Бірақ, жазушы Кемел мен Бәтиманың махаббатын, Жарастың басынан өткен қиындықтарын суреттей отырып бізге нендей ой тастап отыр? Шығармада көтерілген қаншама ойдың ішіндегі ең негізгісі қайсысы?
«Адамзат тарихында кездейсоқ себеппен құлақ естіп, көз көрмеген әлдебір төбенің аты аңызға айналып шыға келетін оқиға аз емес» [3, 289 б.] Сондай оқиғалардың бірі – Қалампыр сайында болды. Бір кездері Кемел мен Бәтиманы, сосын Бәтима мен Серікқазыны аялаған Қалампырсайдың айналасы енді бүкіл бір елді алақанына салды: «Арнайы шешім қабылдап, көліктерді жабдықтап, ет комбинатынан көшпелі қасап цехын ұйымдастырғанша біраз уақыт өтіп, әр ауылдан, әр ауданнан суыт хабар жетіп, мал шығынының саны күрт өсе берді. Енді, тосырқауға мүмкіндік те жоқ еді. Бойдақ қойды былай қойғанда, саулықтың өзіне қауіп төнді. Шөп барған сайын азайып, маялар кемірген сүйектей мүжіле берді. Көктемге жетудің өзі қиынға соқты. Ақпанның ортасында әбден зықыны шығара алаңдатқан хабар да жетті. Қалампырсайдан тоқсан шақырымдай қиыс жазыққа орналасқан бөлімше орталығынан қабылдау пункті ашылды. Күн сайын еңсесін басып, тынысы тарылған қойшылар, үміті үзілер сәтте, түңліктен әлсіз сәуле құйылғандай сәл жеңілдеп қалды» [3, 284, 285 б.] Бұл Кемелдің өлер алдындағы еліне жасаған ең соңғы жақсылығы болатын. Әрқашан өз міндетіне асқан жанашырлықпен қарайтын ол қысқы табиғаттың малмен күн кешетін еліне әкелер қасіреті тым жоғары болатынын білгендіктен, орталыққа хабарлап, аштыққа тап болған мал қырылып қалмай тұрғанда ет цехына тапсыруды қолға алды. «Ақын бол, болма – өз еркің, Ал азамат болу — міңдетің» [2, 10 б.] деген ғой, Н.А.Некрасов. Міне, Кемел сол азаматтығын жасап кетті. Бірақ, оны жүзеге асыратындар да дәл Кемел секілді бола білді ме? Қазақ малды қаза қылмайтын халық. Себебі, малға жұт келді дегені, халық басына күн туды дегені. Оны бар ғұмырында көшпенді өмір сүрген қазақтан артық ешкім білмес. «1964-1985 жылдары мал шаруашылығы құлдырады: 4,2 млн. – ірі қара; 55 млн. — қой-ешкі; 5,1 млн. – шошқа өлім– жітімге ұшырады. Ауыл шаруашылық кәсіпорындар солақай саясаттың кесірінен көптеген шығынға батып отырды.» [5] Бұл жағдай қаламгердің шығармасында сөз болған: « — Міне, мен өзім келдім. Шараларыңды қолдана беріңдер. Аянып қалғаным жоқ… Жалғыз ат қана қалды. Әне, бағанға байлап қойдым, — терезені нұсқады, — шөпсіз шыдасын ба, қораның ішінде бірінің жүнін бірі жұлып, арлы-берлі жосылғанда бастырылғаны аздай, қалың қарды көтере алмай қора ішіне құлады… Қаншасы тірі, қаншасы өлі… білмеймін… Көріңіздер. Бірақ мен енді ол қыстауға жоламаймын. Жынданып кететінім хақ. Қазір де құлағым тұнып, шуылдайды… Араластырмаңыздар… Жазаларыңызға дайынмын, бірақ көрмеймін қыстауды, ұқтыңыздар ма…» [3, 285,286 б.] Шарасыз шаруа сөзінен қазақтың жағдайы қандай екені айдай анық көрінеді. Балық басынан шіриді деген осы болған шығар.
Жазушы повесте көтерген тағы бір мәселе — жер жайы. Сонау 1954 жылғы “Елімізде астық өндіруді одан әрі арттыру, тың және тыңайған жерлерді игеру туралы“ заңды қабылдаған кездегі қазақ жерінің жайы [4]: «… сол дәуреннен қалампырдың иісі ғана қалыпты. Ол да азайып кетті. Әлгі дүрілдеген жылдары жыртып еді, қазір құм, шағырмақ… Тамырынан бір рет қисаң қайтып өспейді. Махаббат та солай, шырақтарым. Үзілген жіпті жалғасаң да түйіншек қалады.» [3, 261 б.] Сол түйіншек қалған жерлердің бірі – Ақмолада елордамыз Астана құрылды. Ағаш отырғызсаң шықпайды. Бірақ адамнан қулық аса ма?! Оның да шешімін тапқан. Арам шөпті алдап, жер бетіне құнарлы топырақ сеуіп кетеді. Түк болмағандай көктемде көк шөп көктейді. Бірақ, адамның жасағаны құдайдың бергеніндей болмайды ешқашан. Қазақстандағы тың жерлерді игеретін аудандар: Көкшетау, Ақмола, Солтүтік Қазастан, Қостанай, Торғай, Павлодар облыстары болған. Күзгі бидайдың отанына айналған жерлер. Бұл жерім деген жанды жабырқататын құбылыс.
Т.Жұртбайдың «Қалампыр» повесінің тақырыбы – адам бойындағы асыл қасиеттер мен шалалықтан жасалған қателіктердің оның өміріне тигізетін әсері болса, идеясы – қателіктің түбі күнәға ауысып, бүкіл бір халықты қайғыға батыратын қасірет. Тап осы қасірет әрқашан қазақ санасында жаңғырып тұрғанда, еліміздің салиқалы саясаты ұзағынан созылуын еліміздің әр азаматы тілейтіні анық.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. З.Қабдолов «Сөз өнері»: «Санат» баспасы, Алматы, 2003.
2. «Ақылдың кені» ұлағатты сөздер. «Ана тілі» баспасы, Алматы, 2012.
3. Т.Жұртбай «Жер — бесік»: «Жалын» баспасы, Алматы, 1985.
4. www. kk.wikipedia.org
5. www.testent.ru