ТИПОЛОГИЯЛЫҚ ҚҰРЫЛЫМЫ ТҰРҒЫСЫНАН ҚАЗАҚ МАҚАЛМӘТЕЛДЕРІНІҢ ЖІКТЕЛУІ

Қ.К. Кенжалин1, М.А. Ермекбаева2 1Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақ тіл білімі кафедрасының доценті, PhD докторы, e-mail: kenkk@mail.ru
2Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «6М011700-Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының магистранты, e-mail: maira_08@bk.ru

ТИПОЛОГИЯЛЫҚ ҚҰРЫЛЫМЫ ТҰРҒЫСЫНАН ҚАЗАҚ МАҚАЛМӘТЕЛДЕРІНІҢ ЖІКТЕЛУІ

Паремиология – лингвистиканың жаңа салаларының бірі болып табылады. Бұл мақалада осы саланың білгірі, ғалым Г.Л. Пермяковтың шығыс халықтары мақалмәтелдерін ғылыми тұрғыдан зерттеуі жайлы сөз болады. Нақтырақ айтсақ, Г. Пермяковтың «Основы структурной паремиологии» ғылыми еңбегінде тіл тарихын салыстырмалы-салғастырмалы әдіс арқылы зерттеуі, автордың шығыс халықтарының мақал-мәтелдерінің логикалық-тақырыптық, семантикалық топтары жіктемесінің заңдылықтары мен ерекшеліктері көрсетіліп, қазақ мақал-мәтелдері сол жіктемеге салынып, мысалдармен дәлеледенеді.
Баршаға мәлім, фольклор мен паремиологияны зерттеушілер мақал-мәтелдердің функционалдық ерекшеліктерін бұрыннан зерттеп келеді. Жоғарыда аталған еңбекте ғалым паремиялардың (мақал-мәтелдер, жұмбақтар, ырымдар) 7 прагматикалық функциялары мен оларды қолданудың 7 басты мақсаттарын біріктіріп, топтастырудың жаңа үлгісі – инварианттық тақырыптық жұптарды ұсынады. Сонымен қатар зерттеуші бір логикалық-тақырыптық топты төрт үлкен топқа бөледі. Біз бұл зерттеу жұмысымызда қазақ мақал-мәтелдеріне ғалымның топтық жіктемесіне сәйкес логикалықтақырыптық талдау жасадық. Инварианттық-тақырыптық жұп құрайтын 2 топ таңдалды: бірінші топ «Егер бір зат белгілі бір қасиетке ие болса, онда ол басқа да қасиетке ие болады», екінші топ «Егер бір зат болса, онда екінші зат та бар» және инварианттық құрылымдық үлгіге сәйкестілікте қарастырылды.
Алынған тақырыптың қолдану аймағы кең болғандықтан ІІІ, IV топтардың аталған жіктеме бойынша талдауын келесі мақалаларымызда беруді жөн көрдік.
Кілт сөздер: мақал-мәтел, паремиология, паремия, инвариант, инварианттық жұп, тақырыптық жұп.

КІРІСПЕ

Кез келген халықтың тарих қойнауынан сыр шертетін, атадан-балаға мирас болып келе жатқан өзінің тілі, төл әдебиеті болады. Ол – сан ғасырлар бойы сол халықпен бірге біте қайнасып келе жатқан асыл қазынасы. Сондай асыл мұраларымыздың бастауы қазақтың халық ауыз әдебиетінде жатыр. Онда халқымызың тарихы, тұрмыс-тіршілігі, дүниетанымы, өмір тәжірибесі, бар болмыс-бітім көрініс тапқан. Ата-бабамыздан ауызша жеткен халық ауыз әдебиеті әр түрлі жанрға, бірнеше түрге бөлінеді. Солардың бірі өзінің құрылымы жағынан да, мағына жағынан да ерекше түрі – мақал-мәтелдер. Мақал-мәтелдердің шығу тегін сөз ететін болсақ, А. Байтұрсынұлы «Мақал да тақпаққа жақын салт-санасына сәйкес айтылған пікірлер. Тақпақтан көрі мақал маңызды, шыны келеді. («Мал – жаным садағасы, жан – арым садағасы, Денсаулық – зор байлық). Мәтел дегеніміз кезіне келгенде кесегінен айтылатын белгілі-белгілі сөздер. Мәтел мақалға жақын болады. Бірақ мақал тәжірибеден шыққан ақиқат түрінде айтылады. Мәтел ақиқат жағын қарамай әдетті сөз есебінде айтылады» («Өзі тойса да, көзі тоймайды», «Көппен көрген ұлы той») деп бөледі.
Ал қазақ мақал-мәтелдерін алғаш боп жинақтаған фольклортанушы, жазушы Ө.Тұрманжанов «мақалдар мен мәтелдер ауыз әдебиетінің ең байырғы, ең көне түрі. Ол ғасырлар бойы халықтың ұқыптап сақтап келген еңбек тәжірибесінің жиыны, ой-пікірінің түйіні, аңсаған асыл арманының арнасы, өмір тіршілігінің айнасы, көнеден жаңаға келе жатқан, тозбайтын, тот баспайтын өмірлік өшпес мұрасы» [1, 3] десе, ғалым Ә. Қайдар «көркем сөз тәсілдерінің ішіндегі қуаттысы мен құнарлысы болып саналатын мақалмәтелдер тіл атаулының баршасына тән, өзіндік ерекшелігімен көзге түсетін универсалдық құбылыс» [2, 425] деп анықтама береді.
Қазақ мақал-мәтелдерін алғаш боп жинақтаушылардың бірі М. Әлімбаев «Мақал дегеніміз – өмір құбылыстарын жинақтайтын және типтендіретін бір яки екі бөлімнен құралып, алдыңғысында шарт немесе жалпы пайымдау, соңғысында қорытынды, түйінді пікір айтатын бітімі бекем, өте ықшам, бейнелі әрі ырғақты халық нақылы. Ал, мәтел дегеніміз халық арасында көп тараған, қорытындысы болмайтын, тұжырымы тиянақталмаған, қарама-қарсы шендестіруі жоқ, ықшам кестелі халық сөзі» дейді [3, 16].
Сол өшпес мұрасына айналған мақал-мәтелдер халықтың өмірімен, тұрмыстіршілігімен біте қайнасып, рухани, материалдық мәдениетіміздің өзгерістеріне сәйкес дамып отырады. Сол себептен де оларды «халық – өмірінің айнасы» деп атайды.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Тіл білімінде мақал-мәтелдерді гректің «paromia» – «қысқа айтылатын нақыл сөз» және соны зерттеу деген ұғымды білдіретін паремиология ғылымы зерттейді. «Паремиология – мақал-мәтелдер мен әр алуан қанатты – нақыл сөздерді жан-жақты зерттеуге байланысты пайда болған тіл білімінің дербес те жаңа салаларының бірі» [2, 425].
Паремиологиялық зерттеулерге қарағанда мақал-мәтелдерді халық арасынан жинап, бастыру ХІХ ғасырда басталған. Ең алғаш қазақ мақал-мәтелдерін 1897 ж. Ы. Алтынсарин Орынборда басып жариялады. Сонымен қатар В.В. Катаринскийдің «Сборник киргизских пословиц», Ә. Диваевтың құрастаруымен «Мың бір мақал», «Қазақ мақалдары» тағы басқа еңбектер жарық көрді.
Қазақ ғалымдары мақал-мәтелдердің Орхон-Енесей жазба ескерткіштерінен бастау алатынын айтса («Бастыны еңкейтіп, тізеліні бүктірген», «Өлімнен ұят күшті»), ғалым Ғ.Тұрабаева өзінің «Түркі халықтарының мақал-мәтелдеріндегі ортақтық» мақаласында Орхон жазбаларында мақал-мәтелдердің өте аз кездесетінін, ал Мақмұт Қашқаридың «Диуани-лұғат-ат-түрк» еңбегінде (Ташкент басылымында) 267 мақал-мәтелдердің бар екенін көрсетеді. Сол еңбегінде қазақ, қырғыз, татар, ұйғыр, түрікмен халықтарының мақалмәтелдерінің ұқсастықтары мен ерекшеліктеріне тоқталып, оларды мынадай 3 түрге бөліп көрсетеді:
1. Мағынасы мен құрылымы ұқсас мақал-мәтелдер («Көсеу ұзын болса, қол күймес»);
2. Шығу тегі бір, жалпы мағына-мәні сәйкес, бірақ толық және қысқаша түрде кездесетін мақал-мәтелдер («Қорыққанға қос көрінер»);
3. Мағыналары ғана сақталған («Ауру қалса да, әдет қалмайды» [4, 181-189].
Паремиолия ғылымы мақал-мәтелдердің мағынасы мен мазмұнын, шығу тарихын, пайда болу жолдарын, құрылымын, т.б. зерттейді. Ғалым Ә. Қайдар осылардың ішінде мақал-мәтелдерді мағыналық және тұлғалық ерекшеліктеріне байланысты зерттеулердің кең тарағанын, әсіресе орыс ғалымы Г.Л. Пермяковтың осы бағыттағы еңбегінің зор екенін атап өтеді. Алайда түркі тілдес халықтардың мақал-мәтелдерінің зерттелу жайы, соның ішінде қазақ мақал-мәтелдерінің жинағын шығару мен басқа тілден аудару жағына қарағанда таза лингвистикалық тұрғыдан зерттелуі жағы кенжелеп қалғанын алға тартады.
Г.Л. Пермяков мақал-мәтелдерді зерттеуді Азия, Африка елдерінің ертегілері мен аңыз әңгімелерін аудару тәжірибесінен, һәм 1968 жылы «Избранные пословицы и поговорки народов Востока» деген еңбегін шығарудан бастады. Ғалым осы еңбегінде фольклортанушылар зерттеп жүрген әр түрлі халықтардың мақал-мәтелдерінің негізі типтерінің ұқсастықтарын жан-жақты түсіндіреді. Ғалымның кейінгі зерттеу еңбектері оған мақал-мәтелдерді басқа тілдер мен фольклолық клишелер қатарында қарастырып, олардың ішкі және сыртқы құрылымдарына тереңірек тоқталуға болатынын көрсетті. Ғалым бұл салада «От поговорки до сказки» (1970), «К вопросу о структуре паремиологического фонда», «Основы структурной паремиологии» (1988), т.б. еңбектер жазып, паремиология ғылымының дамуына зор үлес қосты. [5, 7-8].
Алдымен ғалым мақал-мәтелдерді жүйелеудің бірнеше жіктемесін айта келе, олардың маңызды түрлерін бөліп көрсетеді:
1. Әліпбилік жүйелеу. Бұл жүйелеуде мақал-мәтелдер алғашқы сөздерінің бас әріптеріне қарай алфавиттік тәртіппен беріледі. Көптеген елдердің мақал-мәтелдері тарихи және қазіргі заманғы дереккөздерде осындай жүйелеу арқылы берілген. Алфавиттік жіктелудің артықшылығы оның қарапайымдығында. Алайда мұндай жіктемеде мақалмәтелдердің басқа әріптен басталатын варианттары әр жерге түсіп кетеді.
2. Тірек сөз бойынша жүйелеу. Мұнда мақал-мәтелдер сөйлемдегі нақыл сөздің тірек сөздері арқылы орналастырылады.
3. Монографиялық жүйелеу бойынша мақал-мәтелдер жиналу жері мен уақыты және жинаушысы бойынша топталады.
4. Генетикалық жүйелеуде мақал-мәтелдер шығу белгісі, соның ішінде қай тілде, қай халықта пайда болғаны бойынша орналастырылады.
5. Тақырыптық жүйелеу мақал-мәтелдерді тақырыптары мен мағынасына қарай бөліп көрсетеді [5, 11-12].
Мақал-мәтелдердің табиғаты барлық тілдерде ұқсас болып келуіне байланысты қазақ мақал-мәтелдері де аталған жүйелеу бойынша басқа халықтардағы сияқты көбіне әліпбилік және тақырыптық жүйелеу бойынша беріледі.
Фольклор зерттеушілері мен паремиологтар көптеген халықтың нақыл сөздерінің функционалдық айырмашылықтарына да ертеден назар аударған. Енді ғалымның жоғарыда аталған «Основы структурной паремиологии» еңбегіндегі паремиялардың (мақал-мәтелдер, жұмбақтар, ырымдар) прагматикалық функциясын немесе олардың қолданылуының 7 негізгі мақсатына тоқталып өтсек.
1. Модельдеу. Бұл қызметті атқаратын мақал-мәтелдер өмірлік (немесе логикалық) жағдаяттың ауызша (ойша) моделін береді.
2. Өнегелік. Жоғарыда көрсетілген паремиялардың кез келген түрі бір нәрсеге үйретіп, өзінше өнеге береді: біреуі әлеммен таныстырса, екіншісі мінез-құлық ережелеріне, үшіншісі ойлау қабілеттеріне, төртіншісі туған тілдің дыбыстарының артикуляциялық ережелерімен таныстырады. Бірақ олардың барлығы ортақ бір қасиетке ие, яғни қажетті нәрсеге үйрету құралы ретінде қызмет атқарады.
3. Болжамдық. Бұл қызметтегі мақал-мәтелдердің негізгі мағынасы болашақты болжау, келешекке бағыт беру.
4. Төртінші қызмет – құдіреттілік. Бұл қызметтің негізгі мәні сөз арқылы қажетті әрекетті шақыру немесе табиғатқа, адамдарға өзіңнің қалауыңмен әсер ету.
5. Негативті-коммуникативтік. Негізгі мәні бірдеңе айту арқылы, ештеңені хабарламау, немесе (ұнамсыз) жауаптан жалтару я қарсыластың (әңгімелесуші) дәлелін қабылдамау.
6. Алтыншы көңіл көтеруші қызмет. Аты айтып тұрғандай мұндай қызметтегі мақалмәтелдер тыңдаушылардың көңілін көтеру мақсатында қолданылады.
7. Жетінші қызмет – айшықты қызмет. Бұндай мақал-мәтелдер сөйлеуді айшықтап, көркемдеу мақсатында пайдаланылады. [5, 87-89].
Одан әрі ғалым мақал-мәтелдерді топтастырудың жаңа үлгісі – инварианттық тақырыптық жұптармен топтастыруды ұсынады. Бұл принцип бойынша мақал-мәтелдер «жақсы-жаман», «алыс-жақын», «жаңа-ескі», т.б. тақырыптар бойынша жіктеледі. Автор паремиологиялық қарсы қойып салыстыру негізіндегі инварианттық жұптардың тізімі өзі көрсеткен 76 жұптан да артық екенін, тізімді одан әрі де жалғастыра беруге болатынын айтады. Алайда көпшілік халықтардың мақал-мәтелдер қорының тоқсан жеті пайызын осы жұптар қамтиды екен.
Зерттеуші бір логикалық-тақырыптық топтарды кең түрдегі 4 үлкен топқа бөледі. Біз осы мақаламызда қазақ мақал-мәтелдерін ғалымның сол топтық жіктемесі бойынша логикалық-тақырыптық жағынан талдап көруді міндет тұттық. Дегенмен бұл бір мақаланың көлемімен өлшенетін зерттеу болмағандықтан, ғалымның инварианттық тақырыптық жұп құрайтын 2 топты ғана алдық. Яғни, І топ «егер бір нәрсе қандай да бір қасиетке ие болса, онда ол тағы да басқа қасиетке ие» деген, ал ІІ топ «егер бір нәрсе болса, екінші нәрсе де болады» деген инварианттық құрылымдық үлгіге сәйкес мақал-мәтелдерді құрайды. [5, 23]. І. Бір нәрсенің әр түрлі жақтарын көрсететін мағыналары қарама-қарсы қойылған инварианттық жұптар
1. МАЗМҰН – ПІШІН. Нәрсенің мазмұны мен формасын, олардың сыртқы және ішкі мәні, болмыс пен құбылыс туралы, заттардың мәні мен олардың сыртқы бейнесі (киімкешегі, киім киісі, қаптамасы). Мысалы: «Сырты бүтін, іші түтін», «Сырты қар, іші тар», «Сырты – жылан, іші – күл».
2. БҮТІН – БӨЛШЕК. Нәрсенің бүтін бейнесі және оның жеке бөліктері туралы, олардың бір бүтін жасаушы әр бөліктері, сонымен қатар бір заттың толық жиынтығы және осы жиынтықтың жеке алынған бір бөлшегі. Мысалы: «Аяқ – азамат, қол – мүлік, Бас – сандық, тіл – кілт», «Бас жарылса бөрік ішінде, Қол сынса, жең ішінде», «Өзі бардың көзі бар, Өзі жоқтың көзі жоқ», «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ».
3. БАСЫ – СОҢЫ. Нәрсенің басы мен аяғы, соның ішінде өмірдің басы мен соңы (өмір мен өлім), күннің басталуы мен жылдың (таң мен кеш), жылдың басы мен соңы (қыс немесе көктем, жаз, күз), бір істің басы мен аяғы және т.б. Мысалы: «Ақымақ бас екі аяқтың соры», «Өгіздің аяғы болғанша, Бұзаудың басы бол», «Жаздың бір күні, қыстың мың күні», «Қыс арбаңды сайла, Жаз шанаңды сайла».
4. БАСТАМАСЫ – ЖАЛҒАСЫ. Бір істің бастамасы мен жалғасы, соның ішінде ісәрекеттердің табиғи және жасанды жалғасы немесе нәтижелері, сондай-ақ жалпы алда өткен және келесі іс-әрекеттер. Мысалы: «Істің басы байлы болса, Аяғы сайлы болады», «Басы қатты, аяғы тәтті», «Бұрынғы істің басында болсаң, Соңғы істің қасында бол».
5. ЗАТ – БЕЛГІ (нәрсе). Бір нәрсенің айырмашылығы, өзіндік ерекшелігі, соның ішінде түсі, пішіні, ерекше қасиеті, қызметі және т.б. Мысалы: «Түсі қара болса да, іші сара болсын», «Өтірік – қаңбақ, шындық – салмақ», «Соқыр – әңгі, таз – әуелкі», «Татулық – байлық, тыныштық – бақыт», «Аз сөз – алтын, көп сөз – көмір».
6. ЖОҒАРЫ – ТӨМЕН. Нәрсенің жоғары және төмен жақтары, соның ішінде аспан мен жер туралы, таудың биіктігі мен бөктері, төбесі мен іргетасы (ғимараттың), басы мен аяғы (адамның), басы мен тамыры (ағаштың) және т.б. Мысалы: «Аспандағы бұлтқа қарама, Жердегі жұртқа қара», «Таудың басын көр де, түбіне барма. Жақсының өзін көр де, үйіне барма», «Жоғарғыны көріп пікір ет, Төменгіні көріп шүкір ет».
ІІ. Мағыналары қарама-қарсы қойылған әр түрлі физикалық объектілерді білдіретін инварианттық жұптар ІІ а. Мүшелері өздерімен өздері жұп болатын, алайда аралық үлгілердің болуына жол берілетін жұптар
(сапасының дәрежесі бойынша ерекшеленеді)
1. ҮЛКЕН – КІШІ. Үлкен және кіші, жалпы елеулі және елеусіз нәрселер, соның ішінде елеулі, елеусіз оқиғалар мен әрекеттер, маңызды және маңызды емес адамдар туралы. Мысалы: «Үлкен үйдегілер күлсе, кіші үйдегілер езу тартады», «Үлкен бастар, кіші қостар», «Ұлық болсаң, кішік бол», «Үлкен іске кірісерде ұсағын да ұмытпа».
2. ҰЗЫН – ҚЫСҚА. Ұзын және қысқа нәрселер, соның ішінде жағдайлар, киімдер және т.б. сонымен қатар ұзақ және қысқа сөйлеулер туралы. Мысалы: «Әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа», «Бойының ұзын болғанын қайтейін, Ақылы қысқа болса», «Жақсы жолдың ұзыны жақсы, Жаман жолдың қысқасы жақсы».
3. БИІК – ТӨМЕН. Биік және төмен нәрселер, соның ішінде биік және төмен биіктігі бар заттар, көтеріңкі және төмендік, сонымен қатар атақты және атақты емес адамдар туралы. Мысалы: «Бетегенден биік, жусаннан аласа», «Төмен қонсаң, сел алар, Биік қонсаң, жел алар», «Өзгені төмендеткеннен өзің биік боп қалмайсың», «Адамның санасы қаншалықты төмен болса, ол мұрнын соншалықты аспанға шүйіреді».
4. КҮШТІ – ӘЛСІЗ. Күшті және әлсіз, елеулі және елеусіз күштерге ие нәрселер, соның ішінде ықпалды және ықпалсыз адамдар туралы. Мысалы: «Әлді берер, әлсіз безер», «Кілемге бергісіз алаша бар, ханға бергісіз қараша бар», «Қару күшті емес, Қару ұстаған күшті», «Күшті күшсізді күйретеді».
5. БЕРІК – ӘЛЖУАЗ. Берік және әлжуаз, соның ішінде төзімді және төзімсіз, қатты және жұмсақ, сондай-ақ қалың және жұқа нәрселер туралы. Мысалы: «Талдың жұмсақтығы өзіне жарасар, Қайыңның қаттылығы өзіне жарасар», «Ең жұмсақ та – тіл, Ең қатты да – тіл», «Қасқырдың өзі қатты, жолы жұмсақ, Қоянның жолы қатты, өзі жұмсақ».
6. ЖАҢА – ЕСКІ. Жаңа және ескі нәрселер туралы, соның ішінде жақында және бұрын өткен оқиғалар, ескі және жаңашыл дәстүрлер. Мысалы: «Ескісіз жаңа болмас, Жаңасыз жақсы болмас», «Ескі киімді баптағаның, жаңа киімді сақтағаның», «Ескі дүние тозады, Жаңа дүние озады».
7. КӘРІ – ЖАС. Кәрі мен жас, қарттар мен жастар, қартайған және жас малдар, солған гүлдер мен жас бұтақтар, сонымен қатар отбасының, қауымның, жүздің үлкен және кіші мүшелері туралы. Мысалы: «Кәрі болсаң, жастығыңды айтпа, Жарлы болсаң, байлығыңды айтпа», «Айтпаса кәрі кінәлі, Тыңдамаса жас кінәлі», «Кәріге – құрмет, Жасқа – міндет», «Сақалын сатқан кәріден, Еңбегін сатқан бала артық».
8. АЛЫС – ЖАҚЫН. Алыс және жақын нәрселер, кеңістік пен уақытта алыс және жақын орналасқан заттар, сонымен қатар алыс және жақын адамдар туралы. Мысалы: «Алыстағы ағайыннан жақындағы көршің артық», «Алыста жүрсе, кісінескен ағайын,
Жақында жүрсе, тістескен ағайын», «Алыс жермен құда болсаң, түйе-түйе ас келер, Жақын жермен құда болсаң, түйе-түйе сөз келер», «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала».
9. АҚЫЛДЫ – АҚЫЛСЫЗ. Ақылды және ақымақ (кісілер), соның ішінде данышпандар мен ақымақтар, психологиялық толық жарамды және жарамсыз тұлғалар (есалаңдар мен жындылар), сонымен қатар жалпы ақыл, ақымақтық туралы. Мысалы: «Ақылды көршің – саяң. Ақымақ көршің – шаян», «Ақылды тапқанын шашады, Ақымақ ағайыннан қашады», «Ақымақпен тойға барғанша, Ақылсызбен тас тасы», «Ақылды «көндім» десе, Ақымақ «жеңдім» дейді».
10. ЖАҚСЫ – ЖАМАН. Жақсы және жаман нәрселер туралы, сонымен қатар
жақсылық пен жамандық, бақыт пен қайғы, пайдалы мен зиянды, ащы мен тәтті, тазалық пен ластық, сондай-ақ мейірімді және мейірімсіз, бақытты және бейбақ адамдар туралы. Мысалы: «Жақсы – ардың құлы, Жаман – малдың құлы», «Жақсылыққа жамандық – арсыздың ісі, Жамандыққа жақсылық – ердің ісі», «Ақылы жоқ жамандар, Жақсылармен егесер».
11. ЖАРЫҚ – ҚАРАҢҒЫ. Жарық және қараңғы нәрселер, ақшыл және қара түстерге боялған, тура және ауыспалы мағынадағы ақ және қара, сондай-ақ жағымды және жағымсыз заттар туралы. Мысалы: «Білімдіге дүние жарық, Білімсіздің күні кәріп», «Айдың он бесі жарық, он бесі қараңғы», «Аққа қара жақ, Қараға шара жоқ», «Ақ айланар, қара байланар».
12. ТОЛЫ – БОС. Толы және бос нәрселер, сонымен қатар жиегіне дейін толған немесе бос әр түрлі сиымдылықтар мен ыдыстар, мағыналы (пайдалы) немес мағынасыз (пайдасыз) заттар немесе адамдар туралы. Мысалы: «Толмасқа құйма, тоймасқа берме», «Пайдасыз шындықтан пайдалы өтірік жақсы», «Қасықтап жинағанды шөміштеп төкпе», «Қазан қайнап тұрса, ақыл сайрап тұрады», «Жаманнан жарты қасық ас қалар».
13. БАЙ – ЖАРЛЫ. Бай және жарлылар (адамдар, елдер, халықтар) туралы, бірінші кезекте көп ақшалары, қазыналары, жерлері мен малдары бар байлар туралы, сонымен қатар ешқандай байлықтарға ие емес кедейлер туралы. Мысалы: «Байлық мұрат емес, Жарлылық ұят емес», «Байдың малы ардақты, Жарлының жаны ардақты», «Қайырсыз байдан, Қалбаңдаған кедей артық», «Бай – балпаң, Кедей – жалтаң».
14. АШ – ТОҚ. Молшылықта өмір сүретін тоқ адамдар мен жоқшылықтағы аш адамдар туралы, сонымен қатар жалпы қанағаттанғандар мен қанағатсыздар (адамдар) туралы. Мысалы: «Аш бала тоқ баламен ойнамайды, Тоқ бала ешнәрсені ойламайды», «Байлар ашты тоқ санар, Аш жаманын жоқ санар», «Аш қадірін тоқ білмес, Ауру қадірін сау білмес», «Аш не жемес, Тоқ не демес».
15. ТЕЗ – ЖАЙ. Тез және жәй әрекеттер туралы (жұмыс, қимыл-қозғалыс), сонымен қатар асығыстық пен жайбасарлық, қарбаластық пен бірқалыптылық (істе) және т.б. туралы. Мысалы: «Асыққан қалар ұятқа, Асықпаған жетер мұратқа», «Асыққан аттыдан асықпаған жаяу озады», «Асыққан жетпес, бұйырған кетпес» Сабыр – күн түсірмейтін сая, Асығыс – аунатып кететін мая».
16. КӨП – АЗ. Нәрселердің үлкен және аз мөлшерін, сонымен қатар көп және біршама санын, көп және аз заттың бір жағы, бір заттың басқа жағы туралы. Мысалы: «Аз болды деп күйінбе, мая болса, қайтесің, Көп болды деп қуанба, зая болса қайтесің», «Аздың атасы бір, Көптің батасы бір», «Көптен дәметкен аздан құр қалар», «Көптің ақылы – көл, Аздың ақылы – шөл».
ІІ б. Мүшелері арасында аралық үлгілер болмайтын жұптар
1. ЕКІ – БІР. Екі және бір нәрсе, сонымен қатар жұп зат және сол жұптың сыңары, бір орынға екі үміткер немесе бір ғана нәрсеге қарсы қойылған екі нәрсе туралы. Мысалы: «Бір көрген – біліс, Екі көрген – таныс», «Екі кісі – бір кісінің тәңірі», «Екі кісі қағысса, бір кісіге орын бар», «Екі жарты – бір бүтін», «Бір кісінікі – мақұл. Екі кісінікі – ақыл».
2. ӨЗІМДІКІ – ӨЗГЕНІКІ. Өзіңінің және өзгенің нәрсесі, сонымен қатар өзіңнің, өзгенің жақсылығы, ойлары, абырой-беделі, кемшілігі, сөздері және т.б. Мысалы: «Өз халқының қарғысын алған, өзге халықтың алғысын алмас», «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», «Өзіңдікі өлтірмес, жат жарылқамас», «Өз ақылым – ақыл-ақ, Кісі ақылы – шоқырақ».
3. ТУҒАН – ЖАТ. Туған және жат (адамдар), туыстар және туыс еместер, өз отбасының мүшелері, соның ішінде аға-інілер, апа-сіңілілер, көке, жеңгелер және басқа да туыстар, көршілер, таныстар мен бейтаныс және бөтен адамдар туралы. Мысалы: «Апасы киген тонды сіңілісі де киеді», «Жақыныңды жаттай сыйла, Жат жанынан түңілсін», «Келін қыз болмас, Күйеу ұл болмас», «Ағаны көріп, іні өсер, Апаны көріп, сіңілі өсер», «Жат туыс болмайды, Туыс алыс болмайды».
4. ҰҚСАС – ҰҚСАС ЕМЕС. Ұқсас және ұқсас емес нәрселер, табиғаты мен тағдыры ұқсас және ұқсас емес, бірдей және әр түрлі сипаттағы, соның ішінде бір мамандық иелері, бір тұқымға немесе түрлі тұқымға жататын малдар, бір түрге (түрлі) жататын минералдар түрі, бақытсыздық, сәттілік бойынша жолдастар. Мысалы: «Сиыр сипағанды білмейді, Есек есіркегенді білмейді», «Жуастан жуан шығады», «Диқан жаңбыр жауғанда тынар, Шопан өлгенде тынар», «Күміс азса, күл болар», «Шыбынның басына бақ қонса, Самұрық келіп сәлем береді».
5. ҚОЛЖЕТІМДІ – ҚОЛЖЕТІМСІЗ. Қолжетімді және қолжетімсіз, оңай қол жеткізетін немесе тапшы, қол жеткізу қиын нәрселер туралы. Мысалы: «Патша болу оңай, Уәзір таңдау қиын», «Шабыспақ оңай, Табыспақ қиын», «Бас болу оңай, Бастамақ қиын», «Билік айту оңай, Біліп айту қиын».
6. САУ – АУРУ. Сау және ауру индивидуумдар (адамдар, жануарлар, өсімдіктер), сонымен қатар зақым келмеген және жараланған жарымжан, сондай-ақ жалпы денсаулық пен ауру туралы. Мысалы: «Ауру қадірін сау білмес», «Саудың асын ішіп, Аурудың ісін істейді», «Сау – күледі, ауру – жылайды», Ауырсаң сау бол – ауырмасан сақ бол».
7. ӨЗІ – ӨЗГЕЛЕР. Өзінің және өзгелердің күші, пайдасы, ішкі күштермен және сыртқы немесе біреудің көмегімен болған дербес және дербессіз әрекеттер туралы. Мысалы: «Өзім дегенде өгіздей күші бар, Біреу дегенде болар болмас ісі бар», «Өзін ғана ойлаған, жамандықтың белгісі, Өзгені де ойлаған, адамдықтың белгісі», «Өзгенің сөзіне сенгенше, өзіңнің көзіңе сен», «Өзі білмеген, өзгенің тілін алмайды».
8. ЗАТТЫҚ – ОЙША. Заттық және ойша, соның ішінде материалдық нәрселер және олардың рухани әлемдегі бейнесі, нәрселер мен сөздер, нәрселер мен ойлар, сөздер мен ойлар туралы. Мысалы: «Білім – қонақ, ақыл – қожа», «Бөз – көйлек, сөз – еңбек», «Ата – бәйтерек, Бала – жапырақ», «Ой ойласаң, кең ойла, Алды, артын тең ойла», «Тұрмыс түзер ойыңды, Ойың түзер бойыңды».
9. СӨЗ – ІС (әрекет). Сөз бен іс туралы, сөздің (және ойдың) іс-әрекетке қатынасы, белгілі бір іс-әрекетпен байланысты сөзді қолданудың ережелері. Мысалы: «Сөзі аз, Ісі саз», «Жақсы сөзге жан семіреді, жаман сөзге жан түршігеді», «Сөзге көп — іске жоқ», «Ауыр істің салмағы білекке түсер. Ащы сөздің салмағы жүрекке түсер»
10. ТҮЗУ – ҚИСЫҚ. Түзу және қисық нәрселер, сонымен қатар шындық пен қисықтық (жалған), шыншыл және өтірікші адамдар, сондай-ақ әділдік және әділетсіздік туралы. Мысалы: «Әділ би халқы үшін, Залым би құлқыны үшін», «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», «Түзу көңіл қиық сөзге мән бермейді», «Түзу жолда қисық жүрме»
11. ӨЛІ – ТІРІ. Тірі және өлілер, көзі тірі немесе қайтыс болғандар, бұл өмір мен о дүниедегілер, сонымен қатар өмір мен өлім туралы. Мысалы: «Өлі риза болмай, тірі байымас», «Өлім – ойран, өмір – майдан», «Тіріде сыйласпаған, өлгенде жыласпайды», «Ағайын бірі өліде керек, бірі тіріде керек», «Өлі арыстаннан, Тірі тышқан артық».
12. ЕРЛЕР – ӘЙЕЛДЕР. Ерлер мен әйелдер, сонымен қатар әйелдері мен күйеулері, бозбала мен бойжеткендер, ұрғашы және еркек (жануарлар) туралы. Мысалы: «Ары жоқ жігіттен, намысы бар қыз артық», «Еркек дауысты әйелден без, Әйел дауысты еркектен без», «Қыз – ауылдың көркі, Жігіт – ауылдың серті», «Еркек – бас, ұрғашы – мойын».
13. ДОС – ҚАС. Достар мен қастар, жақтастар мен қарсыластар, жолдастар мен дұшпандар, сонымен қатар достық пен араздық туралы. Мысалы: «Жүз дос аз, Бір дұшпан көп», «Дос көңіліңді суытып айтады, Қасың ойыңды жылытып айтады», «Досың айтса – білгені, қасың айтса – күлгені», «Досы көптің қасы көп».
14. АДАМДАР – АДАМ ЕМЕСТЕР. Адамдар мен адам еместер, нақтырақ адамдар мен жануарлар, адамдар мен өсімдіктер, адамдар мен тылсым күштер, құдайлар, жындар және рухтар туралы. Мысалы: «Ит жаманы түз қорыр, Жігіт жаманы қыз қорыр», «Кәрі білгенді пері білмейді», «Пейілі жаманды ит қабады, Ниеті жаманды Құдай табады», «Құдайға сенген құстай ұшады, Адамға сенген мұрттай ұшады», «Алла кешірер, аруақ кешірмес».
15. БЕЛСЕНДІ – САМАРҚАУ. Белсенді және самарқау адамдар, заттар, іс-әрекеттер, жылжымалы және жылжымайтын нәрселер, сонымен қатар жалпы қозғалыс және дамыл туралы. Мысалы: «Асыққан аттыдан асықпаған жаяу озады», «Сабырлы адам сақтанып сөйлер, Сабырсыз адам мақтанып сөйлер», «Сабыр – күн түсірмейтін сая, Асығыс – аунатып кететін мая», «Сабырлының бағына алма бітер, Сабырсыздың бағына қауа бітер».
16. АЙҚЫН – ҚҰПИЯ. Айқын және құпиялық, ашықтық және жасырындық, сонымен қатар танымал және белгісіздік, түсінікті және түсініксіздік туралы. Мысалы: «Куәлі істі куә табар, куәсіз істі күмән табар», «Көз көрмей, көңіл сенбес», «Көрген жоқ болса, есіткен куә».
17. ЖАСАМПАЗДЫҚ – БҮЛІНШІЛІК. Бір нәрселердің бірігуі, құрылуы немесе жөнделуі және олардың қирауы, ажырауы, бұзылуы, сондай-ақ кездесу мен қоштасулар туралы. Мысалы: «Бүлдіру оңай – түзету қиын», «Сындыру оңай, Сындырғанды жалғау қиын», «Айырылған азады, Қосылған озады»
ІІ в. Сыңарлары бір нәрсенің бар екенін және оның жоқтығын білдіретін жұптар
1. СӨЗ – ҮНСІЗДІК. Сөз бен үнсіздік, айтылған немесе айтылмаған нәрселер, сөйлеушілер мен сөйлемеушілер, сұраушылар мен сұрамаушылар, мылжыңдар мен үндеместер, жалпы көпсөзділік пен сөзге сараңдық туралы. Мысалы: «Жақсы байқап сөйлер, Жаман шайқап сөйлер», «Жүйелі сөз – жүйесін табар; Жүйесіз сөз –иесін табар», «Көп сөйлесең – тақылдақ дер, Аз сөйлесең – ақымақ дер.», «Сөз қуған – пәлеге жолығар, Шаруа қуған – қазынаға жолығар», «Көп сөйлеген білімді емес, Дөп сөйлеген білімді».
2. БІРЛІК – БЫТЫРАҢҚЫЛЫҚ. Бірлік пен бытыраңқылық, бірігіп (бірлесе) және жеке (жалғыз), сонымен қатар достар немесе қастар (адамдар), бір-бірімен тату және араздар, біртұтас ұжым және одан бөлектенген мүшелері туралы. Мысалы: «Бірлігі жоқ ел тозар, Бірлігі күшті ел озар», «Бірлік жоқ болса, ұйым жоқ, Ұйым жоқ болса, күйің жоқ», «Бөлінгенді бөрі жейді, Жарылғанды жау жейді».
3. ТҰТАСТЫҚ – ЕКІЖАҚТЫЛЫҚ. Нәрселердің тұтастығы мен екіжақтылығы туралы, олардың бір-бірінің сипаттарына қолайлы және қолайсыз ішкі бірыңғайлығы мен қарамақайшылығы туралы, бір-бірімен келісімдегі және бірін-бірі жоққа шығаратын әрекеттер туралы. Мысалы: «Айырылған ел азады, Қосылған ел озады», «Ынтымақсыз елді – Ұрысы билейді, Ынтымақты елді – Дұрысы билейді», «Екі ел қосылмайды, екі тау қосылады».
4. БІЛІМ – БІЛІМСІЗДІК. Білім мен білімсіздік, сонымен қатар білімділер мен білімсіздер, оқымыстылар мен надандар, сауаттылар мен сауатсыздар, сондай-ақ тәрбиелі (сыпайы) және тәрбиесіз адамдар (дөрекі) туралы. Мысалы: «Білімді әйел басыңа қарайды, білімсіз әйел жайыңа қарайды», «Білгенің қайсы, білмегенді кешірмесең», «Білген адам тауып айтады, білмеген адам қауып айтады».
5. ЕҢБЕК – ІССІЗДІК. Еңбек және іссіздік, жұмыс және уақытты босқа өткізушілік, сондай-ақ еңбекқорлар мен жалқаулар, еңбексүйгіштер мен еріншектер (адамдар) туралы. Мысалы: «Жүргенге жөргем ілінеді, Жатқанға жан жуымайды», «Еңбек мұратқа жеткізер, Жалқаулық абыройды кеткізер», «Жалқаулық аздырады, еңбек оздырады».
6. ЕПТІЛІК – ЕПСІЗДІК. Ептілік пен епсіздік (бір нәрсе істеудегі), сонымен қатар, икемді және икемсіз (адамдар), тәжірибелі және тәжірибесіз жұмыскерлер, өз істерінің шеберлері мен олақтар туралы. Мысалы: «Істі ине тікпейді, икемді қол тігеді», «Алтынды еріте білмеген ірітер, Теріні илей білмеген шірітер», «Атасы жер жырта білмегеннің, Баласы тұқым себе білмес», «Еріншек егіншіден, ерінбеген науқаншы озыпты».

ҚОРЫТЫНДЫ

Мақал-мәтелдерде әр халықтың тарихы мен мәдениеті, салт-дәстүрлері мен өзіндік өмір сүру дағдылары айқын көрініс табады. Кез келген халықтың мақал-мәтелдер жинағын алып қарасақ олардың барлығынан өзімізге таныс мақал-мәтелдерді кездестіре бастаймыз. Бұл ұқсастық халықтардың этникалық және тілдік туыстығынан немесе мәдени және шаруашылық байланыстарынан, тарихи тәжірибелерінің ұқсастығы мен қоғамдық дамудағы идеологияның біркелкілігінен екенін аңғарамыз. Расында да әр түрлі тілдік семьяға жататын халықтарға қарағанда бір-біріне жақын туыс болып келетін халықтарда мақал-мәтелдер ұқсастығы өте көп. Сонымен қатар бір-бірімен тікелей қарым-қатынас жасамайтын халықтарға қарағанда, сан ғасырлық тарихи байланысы бар халықтарда ұқсастықтары сөзбесөз сәйкес келетін мақал-мәтелдер бар.
«Қазақ мақал-мәтелдерінің типологиясы» атты бұл зерттеу еңбегімізде паремиолия ғылымының білгір маманы, ғалым Г.Л. Пермяковтың «Основы структурной паремиологии» еңбегіндегі зерттеулеріне сәйкес қазақ халқы мақал-мәтелдерінің тілдік табиғаты, логикалық-тақырыптық, мағыналық топтарға жіктелу заңдылықтары мен ерекшеліктері салыстыра-салғастыра зерттеліп көрнекі мысалдарымен тиянақталып берілді. Аталған еңбекте ғалым паремиялардың (мақал-мәтелдер, жұмбақтар, ырымдар) 7 прагматикалық функциясын немесе олардың қолданылуының 7 негізгі мақсатына тоқталумен қатар мақалмәтелдерді топтастырудың жаңа үлгісі – инварианттық тақырыптық жұптармен топтастыруды ұсынғанын да көреміз.
Зерттеуші сондай-ақ бір логикалық-тақырыптық топтарды кең түрдегі 4 үлкен топқа бөледі. Біз осы зерттеуімізде қазақ мақал-мәтелдерін ғалымның сол топтық жіктемесі бойынша логикалық-тақырыптық жағынан талдап көрсетуді міндет тұттық. Яғни, инварианттық тақырыптық жұп құрайтын 2 топ: «егер бір нәрсе қандай да бір қасиетке ие болса, онда ол тағы да басқа қасиетке ие» деген І топ; «егер бір нәрсе болса, екінші нәрсе де болады» деген ІІ топ таңдалып алынып, инварианттық құрылымдық үлгіге сәйкес мақалмәтелдер қарастырылды. Берілген жіктелім бірнеше халықтың мақал-мәтелдерінің қорын құрайды десек те, мақаланы жазу барысында зерттеуші жіктемесіндегі «үйреншікті – үйреншіксіз, «еңбекпен табылған – сыйға келген», «тауып алынған – шығындалған», «лезде – ептеп» деген кейбір тақырыптық жұптарына мысалдар табу қиындық тудырды. Сондықтан берілген жіктелім барлық халықтың мақал-мәтелдеріне толығымен сәйкес келеді дей алмаймыз. Дегенмен қарастырылған І және ІІ топтардың 45 инварианттық тақырыптық жұптарына қазақ мақал-мәтелдерінен мысалдар келтірілді. Тақырып аясы аса ауқымды, әрі кең болғандықтан ғылыми талдау жасау аса ыждаһаттылық пен уақытты қажет ететіні анық. Сондықтан, қазақ мақал-мәтелдерін берілген жіктелімнің ІІІ, ІV топтар бойынша талдауларын алдағы зерттеулеріміздің еншісіне қалдырғанды жөн көрдік.

ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ
1 Тұрманжанов Ө. Қазақтың мақал-мәтелдері. – Алматы, 2007.
2 Қайдар Ә. Ғылымдағы ғұмыр. Мақалалар, баяндамалар жинағы – Алматы, 2014. 3 Әлімбаев М. Өрнекті сөз – ортақ қазына. – Алматы, 1967.
4 Қазақ тілі тарихи лексикологиясының мәселелері. – Алматы, 1988.
5 Г. Пермяков. Основы структурной паремиологии. – Москва, 1988. 6 Бабалар сөзі: Жүзтомдық. Т.65: Қазақ мақал-мәтелдері – Астана, 2010

Қ.К. Кенжалин1, М.А. Ермекбаева2
Классификация казахских пословиц и поговорок по типологическому строению 1,2Евразийский национальный университет им. Л.Н. Гумилева,
Нұр-Сұлтан қ., Қазақстан Одним из новых направлений лингвистики является паремиология. В данной статье речь идет о научном изучении пословиц и поговорок восточных народов исследуемых экспертом в этой области Г.Л. Пермяковым. Если изложить более конкретно, казахские пословицы и поговорки классифицируются в соответствии с исследованиями труда Г. Пермякова «Основы структурной паремиологии», где ученый сравнительносопоставительным методом изучал языковую природу, закономерностей и особенности классификации логическо-тематических, семантических групп пословиц и поговорок восточных народов и соответствие классификации доказываются примерами из казахских пословиц и поговорок. Общеизвестно, что исследователи фольклора и паремиологии давно следят за функциональными различиями пословиц и поговорок. В вышеупамянутой работе мы видим, что ученый предлагает объединить 7 прагматических функций паремий (пословицы-поговорки, загадки, приметы) и 7 основных целей их использования и выдвигает новую модель группирования – инвариантные тематические пары. Исследователь также делит одну логическую тематическую группу на четыре большие группы.
В этом исследовании мы провели логический и тематический анализ казахских пословиц и поговорок соответственно той групповой классификации ученого. Выбраны две группы, составляющие инвариантную тематическую пару: «Если вещь обладает каким-то свойством, то она обладает и другим свойством», вторая группа: «Если есть одна вещь, то есть и другая» и рассмотрели в соответствии с инвариантной структурной моделью. Поскольку область применения обширна, мы решили провести анализ данной классификации в ІІІ, IV группах в наших будущих статьях.

K.K. Kenzhalin1, М.А. Ermekbayeva2
The Classification of Kazakh Proverbs in Terms of Typological Structure
1,2L.Gumilev Eurasian National University, Nur-Sultan, Kazakhstan
This article is aboutone of the new and independent areas of linguistics paramiology and theresearch of the expert in this field, the Russian scientist G.L.Permyakov. It is widely spoken about in Permyakov’s scientific study of eastern peoples’ proverbs and sayings. Specifically, according to his research in the «Fundamentals of Structural Paramiology/Основы структурной паремиологии»the Kazakh proverbs and sayings of the scientist G. Permyakov’s classification, comparable to the study of the linguistic nature of the proverbs and sayings of the Oriental people, logical-thematic and semantic groupscorrespond to the outstanding examples of Kazakh proverbs and sayings. It is well-known that folklore researchers and paramiologists even in early ages paid particular attention to the functional differences of proverbs. In the above-mentioned work, we see that the scientist together with the combined 7 pragmatic functions (proverbs, rhymes, popular beliefs) or the 7 main objectives according to use, proposes a new model of grouping invariant thematic couples. The researcher also divides one logical thematic group into four large groups with wide categories.
In this study, we have been tasked to provide logical and thematic analysis of Kazakh proverbs and sayings on the same group of scientists’s researches. That is, the first group, invariant thematic couple: «If something possesses some peculiarities it means that it also has another ppeculiarity»; the second group, «If there is one meaning, there would be another meaning as well» were chosen and the proverbs and saying have been considered according to the invariant structural model. Because of the extensive area, we have decided to place the analysis of the given classification on the third and fourth groups in our next research.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *