ОКСЮМОРОН КӨРКЕМДІК ТӘСІЛ РЕТІНДЕ

Ж.Ә.Аймұхамбет , Н.И. Көбеева2
2қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі, Атырау қаласындағы Абай атындағы орта мектеп, Атырау қ, Қазақстан, e-mail: k_nazerke@mail.ru

ОКСЮМОРОН КӨРКЕМДІК ТӘСІЛ РЕТІНДЕ

Мақалада оксюморонның көркем әдебиеттегі, оның ішінде поэзиядағы бейнелеу құралы ретіндегі қызметі талдау нысанына алынған. Оксюморон туралы лингвистер мен әдебиеттанушылардың пайымдауларына сүйене отырып, оксюморон табиғатын таныту және оның қарама-қайшылықтың «тұтастығы» түрінде көрініс беруін түсіндіру – талдаудағы негізгі мақсат болып табылады. Қазақ және орыс поэзиясындағы оксюморон үлгілерінің поэтикалық мән-мағынасы ашылады.
Кілт сөздер: оксюморон, символ, стилистикалық фигура, мазмұндық-пішіндік құрылым, антоним, синтаксистік егіздеу, поэзиядағы дәстүр, поэтикалық дүниетаным, қарама-қарлысылық, тұтастық.

КІРІСПЕ

Оксюморонды стилистикалық фигура, көркемдік тәсіл ретінде қарастырған бірсыпыра ғылыми жұмыстар бар. Бұндай еңбектерде оксюморон негізінен лингвистикалық құбылыс, поэтикалық мәтіннің бұр құралы деп анықталды.
В.В.Виноградов «Анна Ахматова поэзиясы туралы (стилистикалық үлгілер)» атты мақаласында оксюморонды символ ретінде, «заттар мен құбылыстардың, белгілердің сипатын айқындаушы…» [1, 385] деп түсіндіреді. В.В.Виноградов ғылымға оксюморон туралы түсінікті стилистикалық құбылыс ретінде ХХ ғасырда енгізді. Оксюморон тек поэтикалық құбылыс ретінде ғана емес, сонымен қатар эпитет пен салыстырудың әртүрлілігі ретінде де қарастырылды. Ол «сөздердің мағыналық және эмоционалды байланысы нәтижесінде жаңа символ – оксюморон тудырушы» [1, 384], «күрделеленген» эпитет немесе салыстыру ретінде берілуі мүмкін. Оксюморонның құрылымы: шағын қысқартылған сөз тіркесі. Бірақ, оксюморондық салыстыру кезінде оның құрылымы кеңейеді. Тіпті, тұтас бір күрделі сөйлем болуы да мүмкін. В.В.Виноградов фразеологизмдердің семантикалық өзгеріске ұшырап, оксюморонға айналу жолын толық талдау арқылы көрсетеді.
Л.Н.Тимофеев «А.Блоктың контрасты поэтикасы» атты мақаласындда А.Блок поэзиясының бейнелілігі және көркемдік кеңістігі туралы айта келіп оксюморонға ерекше тоқталады. Л.Н.Тимофеевтің пікірі бойынша, А.Блок шығармашылығындағы басты ерекшелік, оның әлемді поэтикалық игерудегі өзіндік ұстанымдары болып табылады. Ақынның контрасты бейнелеуі образ жасауда, шығарманың композициялық құрылымында, сюжеттік желісінде, сондай-ақ тақырыбында да байқалады. Оксюморон, қарама-қарсы эпитет, антоним ретінде, «тілдің қисынды түрде ұйымдасуы» болып келеді және оксюморон жай сөз тіркесі ретінде де берілуі мүмкін [2,48].
Оксюморон, сондай-ақ, «лирикалық кейіпкердің ішкі әлемі, толғанысы» [2, 100] ретінде көрініс табады. Мұндай анықтамадан кейін, оксюморон неге қайшылықты оқиғада суреттеледі, оның мағыналық мәні неде деген заңды сұрақ туады. Бұл сұрақ оксюморонға жақын ұғымдармен байланысы нәтижесінде де жауабын таппайды. Л.Н.Тимофеевтің тұжырымы бойынша, оксюморон, эпитет, салыстыру, метафораның тілдік деңгей құбылысы мен әлемді қабылдаудың қарама қарсы деңгейіне жақын ұғымдар деп түсіндіреді.
Автордың бұл еңбегінде оксюморон жалпы поэтикалық құбылыстардың бірі ретінде қарастырылады.
Л.А.Введенскаяның «Антонимге негізделген стилистикалық фигуралар» атты зерттеуінде оксюморонды тек стилистикалық фигураның бірі ретінде ғана емес, оны «ең тиімді көркем құралдардың бірі… логикалық ойлау тұрғысынан бір-біріне сәйкес келмейтін сөздердің тіркесуі» [3, 128] деп тұжырымдайды.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Оксюморонды стилистикалық тәсіл ретінде әдебиет классиктері және қазіргі қаламгерлер жиі қолданады.
Оксюморон мәтін құрылымында көркем сөздің эмоциялық мәнін күшейтіп, қарамақарсылықтың тұтастығын танытады. Сол арқылы оқиға желісінің ширығуы, шиеленісуі көрсетіліп, кейіпкердің болмысы ашылады.
Көркем прозада оксюморон ең әуелі шығарманың атауы ретінде кездеседі. Мысалға
Н.В.Гогольдің «Өлі жандар», И.С.Тургеневтің «Қу сүйек жан», Л.Н.Толстойдың «Тірі өлік», Ю.Бондаревтің «Қызыл қар», Ф.М.Достоевскийдің «Адал ұры», В.В.Вишневскийдің «Оптимистік трагедия», П.Антокольскийдің «Қатал бейіш», А.Шницлердің «Кеңінен жұмылған көз», Е.Шварцтың «Қарапайым керемет» туындыларын атауға болады.
Өзі өмір сүрген кезеңнің ащы шындығын арқау еткен «Өлі жандар» атты поэмасын Н.В.Гоголь 1835 жылы бастаған. Бізге белгілі болған тарихи әңгіме бойынша тақырыпты Гогольге Пушкин ұсынған екен. Кишиневқа бірнеше мәрте сапар шеккен ұлы ақын Бендера деген жерде адам өлмейтінін естіп таң қалған екен. Себебі, өлі жандардың аттары құжатқа тіркеліп, олар тірілер қатарына есептеледі. Осы «Өлі жандар» поэмасы арқылы Гоголь өзі өмір сүрген тұстағы орыс қоғамының бет-бейнесін паш еткен. Бұл шығарма сыртқы пішіні жағынан прозалық шығарма болғанымен, ішкі ырғағына қарай поэзиялық туындыға жақын.
Оксюморондар әдеби жанр атауларына қатысты да ұшырасады. Мысалы, «трагедиялық комедия», «қара сөзбен жазылған өлең», «өлең түріндегі роман», «өлең түріндегі повесть»,
т.б. Бұл атаулар көркем туындының пішіндік-мазмұндық құрылымын, поэтикалық табиғатын айғақтай түседі.
Оксюморонның көркем әдебиеттегі көрініс жайлы қазақ лингвистері «Кейде сөз шеберлері қарама-қарсы ұғымдарды қатар синтаксистік тіркеске түсіріп, оксюморон жасау үшін де антонимдерді қолданады. Бұл әдіс көркем әдебиетте айтайын деген ойды көрнекілікпен салыстырып, нақтылап аша түсуге көмек береді» [4,29], – деген тұжырым жасап, мысалға Қадыр Мырза-Әлидің төмендегі өлеңін мысал етеді:
Ел ұмытпас ерінің дұрыс ісін,
Бір буынның бірегей ірісісің, Бақытсызбын – тірідей өлгендер көп, Бақыттысың – өлгеннің тірісісің.
«Тір-өлі» антонимінің тіркесуі негізінде туындаған оксюморон бірсыпыра бейнелі ойға арқау болды. Алтын Орда дәуірінің ақыны Құтып «Қалың жұрт екіге бөлінеді: ұқпаған – өлік, түсінген – тірі» деген екен [5].
Өлі-тірі оксюморонының поэзияда тұрақты түрде қолданылуының өзі бұл ұғымның адам баласы үшін маңыздылығын көрсетсе керек. Ақын Г.Салықбайдың «Пенелопа екеуміз» өлеңінде лирикалық кейіпкердің арман-аңсары, мұраты:
Біреулерге өліден де өліміз,
Біреулерге тіріден де тіріміз, —
деген жолдармен бейнеленеді [6, 51].
Қ.Мырза-Әлидегі «тірідей өлі», «өлгеннің тірісі» оксюмороны Г.Салықбайда «өліден де өлі», «тіріден де тірі» болып синтаксистік егізделген жұпты құрайды. Сол арқылы лирикалық кейіпкердің хал-ахуалын, сезім халін аңғартады.
Поэзиядағы дәстүр дегенде ұлт ақыны Мағжаннның поэтикалық дүниетанымына тән оксюморондарды, сол оксюморон құбылысы негізінде туындаған қарама-қайшы сезімдер қақтығысын айта аламыз.
М.Жұмабаевтың поэтикалық тілінде кездесетін оксюморондарға тоқталайық.
1. Қара күн:
Сорлы қазақ, жан алқымға тығылып,
Қара күн кеп, тіккен туы жығылып…[7, 12]

2. Сұм сұлу:
Сұм сұлу сағынғандай қолын беред…[8, 74];

Сұм сұлу анадайдан «ағатайлап»,
Баянда жан қоймаған жандырмаған [8, 137];

Секіріп, суда ойнаған шабағымды
Сұм сұлу, қармағыңа ілдің неге? [8, 144]

3. Тәтті у:
Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да,
Жылы, тәтті у тарасын қаныма [8, 67];

Махаббат – бір тәтті у,
Ішер жүрек, төгер жас [8, 100]
4. Мұңлы, нұрлы Ай:
Отырған қараңғы үй терезесінен
Көремін мұңды, нұрлы толған Айды [8, 51].
Мұндай қарама-қайшы мәндегі тіркес сөздер Мағжан лирикасының «алтын өзегі» деуге болады.
Мағжанның «қара күні» халықтың тағдыры мен қасіретін танытатын оксюморон. Халықтық дүниетанымда қасіретті қара түспен беру қалыптасқан ұғым. Ұлты үшін қайғырған ақын алмағайып заман талқысына тап болған қазағының бұл шағын «қара күн» оксюморонымен бейнелеу арқылы шынайы сурет тудыра алған.
Мағжан поэтикасына тән «тәтті у» оксюмороны «балдай тәтті у» түрінде, яғни теңеумен қабаттаса жұмсалатын тұсы да бар. Кейінгі буын қазақ ақындарында бұл оксюморон тұрақты қолдана бастады. Бір мысал келтірсек, Т.Молдағалиевтің «Алматының үстінде ұшып жүрген аққулар // Қанататарыңда сендердің сағыныш бар, тәтті у бар» деп келетін өлең жолдарын айтуға болады.
«Сұм сұлу» оксюмороны Мағжан поэзиясында характерлік сипатымен ерекшеленеді. Кіршіксіздік, мінсіздік ұғымындағы сұлулықты «сұм» сөзімен айшықтаудың өзіндік көркемдік ишарасы, астары бар. Бұл жерде оксюморонның қарама-қайшы үғымдардың бірігіп, бір мағынаны беруі, яғни бір бейнені танытуы екенін ескерсек, поэзиядағы бейнеліліктгі оның маңызды, сан қырлы, әр түрлі деігейдегі қызметін түсіне аламыз.
Оксюморонның қызметі тек тіркесті түрде қалып қоймай, поэтикалық қолданыс аясында барынша ұлғайып, антитезалық, бинарлық тәсілдерге ұласады. Мұндай мысалдарды да Мағжанның поэтикалық тілінен көптеп ұшыратамыз. «Толқынды толқын қуады» өлеңінің құрылымынан қайшы құбылысты тұтастыру арқылы бейнелілік тудырған мына жолдардың «астарында» оксюморон сілемі жатыр деуге болады:
Мөлдіретіп көз жасын, Жасымен жуып жартасын, Сүйіп, сылқ-сылқ күледі.
Жылағаны – күлгені,
Күлгені – оның өлгені, Жылай, күле өледі [8, 93].
Жылап-күлу сияқты қарама-қарсы құбылысты тұтастырып әкеліп бір бейнелі суретті түзген бұл шумақта өмірдің қақтығысқан күштері, тіршілік тартысы сыйдырылған.
«Батыр Баян» поэмасында ақын кейіпкерінің жан дүниесіндегі тартысты айшықтап танытуда осы «қарама-қарсылық» пен «қарама-қайшылық» тұтастығын тірек етеді:
Боз үйде жалғыз қалып Баян енді
Жаралы жолбарыстай күңіренді,
Қорғасын миын, ойын төмен басып, Ақылға алғыр құстай ашу төнді.
Бір көк сұр түс енгізіп, бар денеге, Сұм жүрек қанды өзіне жинай берді.
Ақыры ашу ерді билеп кетіп,
Жалп етіп сөнген шамдай ақыл өлді [8, 141].
Антитезалық тәсіл арқылы танытылған Баян батырдың жан әлемі, күйзелісі, екі ұдай сезімнің тартысында аласұруы шынайы, әсерлі бейнеленген. Әрине, бұл бейнелілік негізінде жатқан қарама-қарсы ұғымдар қақтығысы жаңа бағыттағы тәсілге ұйытқы болып тұр. «Фигураның (айшықтаудың) бір түрі – шендестіру, яки антитеза (грекше – қарама-қарсылық) – бір-біріне керағар құбылыстарды, мән-мағынасы әр тарап ұғымдарды, түр-түсі әр бөлек нәрселерді өзара бетпе-бет қою арқылы бұлардан мүлде басқа бір құбылыстың, ұғымның, нәрсенің суретін, сыр-сипатын, кескін-келбетін анықтау, аңғарту, елестету», – деп анықтама береді теоретик ғалым З.Қабдолов [9, 236]. Антоним сөздер тірек болып, ары қарай тіркеске түсіп немесе кеңейген түрде бейнелеудің контрасты түріне ұласқан мұндай көркемдік қалыпты «қарама-қарсылық әрекетінің бір тұтастыққа келуі» түрінде қарастырамыз. Қарама-қарсы ұғымдарды тұтастырып әкеліп тың бейне туғызу ақыннан шеберлікті талап ететіні белгілі. Ақиқаттың қайшылықтардың біріккен тұсында жататыны туралы айтылатын қанатты сөз ақындар поэзиясы арқылы поэтикалық тұрғыда айқындала түседі. Мұң мен қайғыны ақ, жарқын сипаттармен танытатын, әлемдік поэзияда кеңінен қолданылған деуге боларлық «мөлдір мұң» («светлая печаль») тіркесі өмірге барынша ғашық жандардың көңіл-күйін, ақ пен қараның әрекеттесуінен тұратын өмір заңдылығын, тіршілік ақиқатын бейнеледі. Пушкин поэзиясынан бастау алатын мөлдір мұңның оксюморонды бейнесі пушкиндік классикалық оксюморондық бейне ретінде орыс поэтикалық жүйесінің тұрақты қолданысына айналды [10,129]. Оксюморонды бейнеліліктің мекеншақтық үйлесімділікте көрінуі Пушкин өлеңіне тән:
На холмах Грузии лежит ночная мгла; Шумит Арагва предо мною.
Мне грустно и легко; печаль моя светла; Печаль моя полна тобою,
Тобой, одной тобой… Унынья моего
Ничто не мучит, не тревожит,
И сердце вновь горит и любит – оттого, Что не любить оно не может [11, 231].

А.Блок қолданысындағы «мөлдір мұң» бейнесі: Ночь тёплая одела острова.
Взошла луна. Весна вернулась.
Печаль светла. Душа моя жива.
И вечная холодная Нева
У ног сурово колыхнулась [12, 123].
Бұл өлеңде де кеңістікті-уақыттық шеңберде тұрған «мөлдір мұң» оксюморондық тіркесі арқылы лирикалық кейіпкер жанының «жанды өмірін», көктемнің келуін тек жыл мезгілдерінің ауысуы емес, бұрынғы кездің қуаныштарының, алыс қалған арман мен бақыттың «тірілуін» бейнелеу бар.
О.Мандельштамның өлеңінде бұл бейне ары қарай дамып, күрделене түседі:
Да будет в старости печаль моя светла:
Я в Риме родился, и он ко мне вернулся;
Мне осень добрая волчицею была
И – месяц Цезаря – мне августь улыбнулся [13, 97]
Бұл бейнелеу алдыңғы өлеңдердегі тәжірибені жинақтай отырып, әдеби бейнелеудің тізбекті қатарын және мәдени-көркем жадтың бірыңғай дамуын жалғастырады.
Мұңның, қайғының поэтикалық бейнесі қазақ поэзиясында түрлі айқындаулар мен айшықтаулар арқылы әр қырымен көрінді.
Әбдіраштың Жарасқаны «қаладан келген қыз» поэмасында өткен шақтағы кіршіксіз махаббатқа деген сағынышын:
Мұң артты-ау айлы түндердің Арманға толы сәттері. Қайрылмай кеткен күндердің Қайғысы қандай тәтті еді [14, 103] –
деп жырласа, Мейірхан Ақдәулетовтің «Экспромт» өлеңінде осындай сүйіспеншілікті «тәтті мұң» оксюморонымен жеткізеді:
Мен ешкімнің сел-сезімін шектемен,
Тәтті мұңнан Мәжнүн болып кеткен ем [15, 122]
Г.Салықбай өлеңінен мысал келтірейік:
Сені көрдім,
Бәрі де бекер бірақ,
Көре-көре көздерім өтер жылап.
Әппақ қайғым бар еді –
Әппақ түнде
Әппақ мұңға оранып көтерді бақ [6, 118].
Біз орыс ақындарынан келтірген мысалдардағы «мөлдір мұң» қазақ ақынының «әппақ қайғы», «әппақ мұң» оксюморонды бейнелеуінің аналогы бола алмайды. Гүлнар өлеңінде үш оксюморондық бейнелеу қатарласып келіп, уақыттық-кеңістіктік аспектіде «ішкі әлемнің» құбылысы мен күйін танытқан. Әппақ түс арқылы оған тән емес ұғымдарды бейнелеу лирикалық кейіпкердің жан дүниесіндегі аңсарды танытады. Түннің, қайғы мен мұңның кереғар ұңымдармен айқындалуы ақынның поэтикалық танымындағы ерекшелік болса, мұндай сипаттағы өлеңдер қатары Гүлнарда аз емес.
Қарашы, анау балағынан кір аққан
Қала қандай сүйкімді! [6, 16];

Айқай салдым, шошып, көрген түсімнен
Ішімнен [32, 16];

Тұрмын
Тұрақсыз құмның үстінде [6, 134];

Құрсын. Тоңдым…
Қандай рахат бұл тоңу! [6, 84];

Шөліркеп өліп барамын,
Шырағым, берші бір шыны у! [6, 76];

Саған қайтіп байланып
Қалдым екен, тас тірлік! [6, 83];

Өзім өлдім.
Өзегім өртенеді… [6, 83]
Көріп отырғанымыздай, «балағынан кір аққан сүйкімді қала», «көрген түстен шошып ішінен айқай салу», «тұрақсыз құмның үстінде тұру», «рахаттанып тоңу», «бір шыны умен шөл қандыру», «тас тірлік», «өзі өліп, өзегі өртену» сияқты оксюморонды бейнелеулер астарында қым-қиғаш өмірлік тартыс жатыр. Ақын Нұрлан Мәукенұлы өмірдің осындай қайшылықты сипатын былайша өрнектейді:
Өмір сүрдім, өле сүйдім, Бар қызығын көре сүйдім.
Балыңа у қосылмаса
Бақыр басым неге сүйдім? [16,46].
Өмірдің мұңы ақынның лирикалық қаһарманына жат емес. Қайта «бал мен у қосылған», яғни ащысы мен тәттісі бар өмір ол үшін барынша мәнді. Лирикалық қаһарманның болмысы, сан түрлі сезімдер қатығысының алаңына айналған жан әлемі «Жаны да нәзік мен едім» өлеңінде барынша ашылған: Жаны да нәзік – мен едім, Қаны да бұзық – мен едім…

Желден де жұмсақ – мен едім, Жерден де қатты – мен едім.. [16,50].
«Мұң» қапалануға тән сезім, сондықтан да қалыптасқан ұғымда оған жарқын сипаттың тән болуы мүмкін емес. Алайда, Н.Мәукенұлы «тәтті мұң» бейнелеуін ұсынады: Көңілімде қалған мұңым
Тәтті болса – өзіме [16,102].
Нұрлан өлеңіндегі философиялық астар өмір диалектикасының «екі жақтылық» сипатының бір ғана пұшпағын аңғартады. Ақындардың бейнелі әлеміндегі «мөлдір мұң» бейнелі тіркесі «тәтті мұңға» айналғанда басқаша өрнекпен айқындалып кеткен.
Орыс ақындарының поэтикалық тілінде дәстүрлі бейнелеуге айналды деуге боларлық «мөлдір мұң» оксюморонының дәл осы тіркесті қалыптағы көрінісі жас ақын Қалқаман Сариннің өлеңдерінен кездеседі. Оның «Менің мұңым» атты өлеңінде мұңға қатысты оксюморондық бейнелеу «мөлдір мұңнан» бастау алып, «ыстық мұңға» ауысады: Тұншықтырып тірлігімді тынымсыз, Тас төбемнен төнді тағы Түн үнсіз.
Маған қарап мұңаяды мың жұлдыз,
Жетімсіреп менің мөлдір мұңымсыз.
Өлеңде уақыттық-кеңістіктік аядағы лирикалық кейіпкер сезімі нысанға алынған. Ақынның жанына серік бір мұң кейіпкерге көшкен. Өмірдің даму заңдылығына сәйкес «екі жақтылық» күйі адам жанын жабырқатар мұңды жарқын қалыпқа ауыстырған. Ақын келесі шумақтарда мұңның бейнесін «қайшылықтың тұтасуы» тәсілімен бере отырып, жан диалектикасын танытады.
Менің мұңым, менің мұңым – мөлдір мұң, (Мұңсыз өмір сүре алмаймын мен бір күн). Түнгі аспаннан тұнық іздеп көз алмай,
Қарап жатып қанша жұлдыз сөндірдім.
Егер мұң сәл жабырқаңқы, көңілсіз қалыптың көрінісі болса, кәдімгі қарапайым тіршілікте көңілділік әкелмесі анық. Бірақ, көркем кеңістікте және көркем уақытта әрекет еткендіктен, ол ерекше бір сезім сыйлайтын қалыпта суреттеледі, яғни жан қуантар сезім мынадай оксюморонды бейнелеулермен аңғартылады:
Әппақ Айдың бір сәулесі тисе артық, Кетер, шіркін, көңілімде күй шалқып.
Өзгеше бір өлең жазып отырам,
Мың жұлдыздан мұңдарымның иісі аңқып.

Менің мұңым сәуле төгіп Күнге ұқсап, Мұңлы шаққа сыйлайды бір нұрлы сәт. Түнгі ызғардан тоңып тұрған томсарып, Жұлдыздардан гүл жасайды бір құшақ.

Аспанымда – тұнып тұрған күміс шық, Аспан асты – сыр ұқтырған тыныштық. …Өзім сүйіп, өзім күйіп жататын, Менің мұңым тым ыстық.
«Мөлдір мұң» тіркесінің «сұлу мұң» түрінде түрленуі де кездеседі. Оған мысал ретінде Бақытгүл Баймолдақызының мына өлеңін келітерміз: Көздерімнен ағып түсті сұлу мұң, Көп екен ғой сыры өмір сүрудің.
Бұл келтірілген оксюморон үлгілері поэтикалық кеңістіктегі тұрақты, дәстүрлі түрдегі бейнелеулердің мысалы болады деуге негіз бар.

ҚОРЫТЫНДЫ

Ежелгі дүниетанымдағы екіұдайлықтың, қарама-қарсы тұрған екі құбылыстың, ұғымның бір арнаға бірігуін меңзейтін бинарлық-диадалық құрылым көркемдік ойлау жүйесінде жаңа тәсілдерге арқау болып, әдеби дамуда қайта жаңғырып, әсері мол өміршең поэтикалық бейнелеулерге негіз болғандығы нақты шығармалардан алынған мысалдармен дәлелденді.
Мифологияның негізінде жатқан «бинарлық оппозициядан» бастау алып, кейіннен диадалық бейнеге ұласып, жаңа поэтикалық мүмкіндіктерге жол ашқан оксюморонды бейнелеу құбылысының түп негізінде қарама-қайшылық пен қарама-қарсылықтың заңдылығы туралы диалектика заңдылығы жатқаны дәлелдеуді қажет етпейтін тұжырым. Түрлі әдеби терминдер мен тәсілдерге анықтама болған екіұдайлықтың бірігуін меңзейтін танымның оксюморонды бейнелеу, бинарлық оппозиция, шендестіру, қарсылықты мәндегі егіздеу, бір тұлғаға біріккен екі түрлі болмыс түрінде көркемдік дәстүрде жаңғыруына көркем мәтін құрылымынан дәлелдер тауып, олардың көркемдік табиғатын таныту әдеби зерттеулерге үлкен міндет жүктейді.

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1 Виноградов В.В. О поэзии Анны Ахматовой (Стилические наброски) // Виноградов В.В. Избранные труды. Поэтика русской литературы. – М.: Наука, 1976. – 511 c.
2 Тимофеев Л. Поэтика контраста у А.Блока // Русская литература. 1961. №3. – С. 98 –
107
3 Введенская Л.А. Стилистические фигуры, основанные на антонимах // Учебные записки Курского и Белгородского пед. ин-тов. Краткие очерки по русскому языку. – Т. XXV. – Вып. 2. – Курск, 1966.
4 Серғалиев М., Айғабылов А., Күлкенова О. Қазіргі қазақ әдеби тілі. – Алматы: Зият Пресс, 2006. – 256 б.
5 http://www.on.kz/u14313/blogpost/9738/
6 Салықбай Г. Кешіріңдер келгенімді өмірге. – Алматы: «Қазығұрт», 2012. – 192 б.
7 Жұмабаев М. Көп томдық шығармалар жинағы. 2-том. – Алматы: «Жазушы», 2005. –
208 б.
8 Жұмабаев М. Көп томдық шығармалар жинағы. 1-том. – Алматы: «Жазушы», 2005. – 208 б.
9 Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы: «Санат», 2002. – 360 б.
10 Шестакова Э.Г. Оксюморон как категория поэтики (на материале русской поэзии XIX – первой трети ХХ веков). Донецк: НОРД-ПРЕСС, 2009. – 209 с.
11 Пушкин А.С. Собрание сочинений в 3-х т. 1-т. – М.: Худ. лит., 1985. – 480 с.
12 Блок А. Собрание сочинений в 6-х т. 2-т. – М.: Худ. лит., 1980. – 425 с. 13 Мандельштам О. Избранное. – М.: СП Интерпринт, 1991. – 480 с.
14 Әбдіраштың Жарасқаны. Құлпытас. Алматы: Атамұра, 2001. – 360 б.
15 Ақдәулетұлы М. Бейуақтағы мінәжат. Алматы: Жазушы, 2006. – 216 б.
16 Мәукенұлы Н. Жоғалды жыл. Жоғалды ай. Жоғалды күн. Алматы: Сөздік-Словарь,
2004. – 325 б.

Ж.А. Аймухамбет1, Н.И. Кобеева2
Оксюморон как художественный прием
1Евразийский национальный университет им. Л.Н.Гумилева, г. Нур-Султан, Казахстан
2Средняя школа имени Абая города Атырау, г.Атырау, Казахстан В статье рассматривается функционирование оксюморона как изобразительного средства, используемого в художественной литературе, а именно в поэзии. Главной целью статьи является изучение природы оксюморона на основе теории лингвистов и литературоведов и выявление «единства» противопоставленности в его структуре. Раскрывается поэтическое значение оксюморона на примере казахской и русской поэзии.

Zh.A. Aimukhambet1, N.I. Kobeeva2
Oxyumoron as a artistic reception
1L.N.Gumilyov Eurasian National University,
Nur-Sultan, Kazakhstan
2Atyrau secondary school in Atyrau, Atyrau, Kazakhstan
The article discusses the functioning of an oxymoron as a stylistic device used in the literature, namely poetry. The main purpose of the article is to study the nature of the oxymoron, based on the theory of linguists and literary scholars and identification of the “unity” of opposition of the structure. Reveals the poetic meaning of an oxymoron in the example of the Kazakh and Russian poetry.


Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *