М.Ж. КӨПЕЙҰЛЫ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ КІРМЕ СӨЗДЕР

Қ.М. Абдуллаева
PhD докторант, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, Павлодар қ., Қазақстан, е-mail: akm1166@bk.ru

М.Ж. КӨПЕЙҰЛЫ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ КІРМЕ СӨЗДЕР

Мақалада М.Ж. Көпейұлы шығармаларындағы кірме сөздер талдауға алынып, қолданылу ерекшеліктері айқындалады. Оның ішінде, мағынасы түсініксіз сөздерге ерекше көңіл бөлінеді. Түсіндірме сөздіктер бойынша берілген мағыналары салыстырылып, қаламгер қолданысындағы мән-мағынасы анықталады.
М.Ж. Көпейұлы шығармаларындағы кірме сөздер арқылы қоғамдық өзгерістердің қазақ халқының тұрмысында, дүниетанымында қалайша көрініс тапқандығы, ұлт мәдениетінде қалай өріс алғандығы анықталады. Кірме сөздер көркем шығармалардан алынған мысалдар арқылы дәлелденеді.
Тірек сөздер: кірме сөздер, көпмағыналы сөздер, түсіндірме сөздік, араб сөздері, парсы сөздері, түрік сөздері, орыс сөздері т.б.

КІРІСПЕ

Әрбір тілдің сөздік құрамы тек өзінің ішкі мүмкіндіктері арқылы ғана толығып кемелденбейді, өзге тілден енген кірме сөздер арқылы сөздік құрамын байытып, жетілдіріп отырады. Қазақ халқы өзінің даму тарихында көптеген елдермен араласып, түрлі қарымқатынаста болғаны мәлім. Сондай қарым-қатынастың арқасында сөздік қорымызға басқа тілдерден кірме сөздер еніп отырды. «Сөздік қорды толықтырудың заңды әдісі болып табылатын бұл тілдік құбылыс тарихтың түрлі кезеңдерінде әртүрлі жолменен жүзеге асып келді» [1, 55]. Әсіресе, араб, парсы сөздерінің қазақ тіліне енуі көптеген жылдарға созылған күрделі процесс болды және оның игерілу дәрежесі біркелкі болған жоқ. Дегенмен, араб, парсы сөздерінің қазақ тіліне еніп, тілімізге тигізген әсері зор болды. Ең бастысы, «қазақ жеріне ислам дінінің таралуына себепші болды» [2, 172].
«Кез келген кірме сөздің пайда болуы ғалам бейнесіндегі болып өткен немесе болып жатқан өзгерістерден хабар береді. Жаңа ұғымның басқа тілден енуіне байланысты ғалам бейнесі кеңи түседі» [3, 85]. Осы тұрғыдан алғанда, тіліміздегі көптеген кірме сөздер қазақ халқының тарихымен тығыз байланыстыра зерттеуді қажет етеді. Олай болса, М.Ж. Көпейұлы шығармаларындағы кірме сөздерді зерттеп, зерделеудің маңызы зор деп есептейміз. М.Ж. Көпейұлы шығармалары әдебиеттанымдық тұрғыдан зерттелгенімен, тілдік тұлғасы лингвистикалық зерттеуге алынған жоқ. Сондықтан ғылыми мақала жазудағы мақсатымыз қазақ тіліндегі кірме сөздерді М.Ж. Көпейұлы тілдік тұлғасының рухани әлемі мен қаламгер шығармаларындағы қолданылу ерекшеліктері негізінде қарастыру.
Кез келген қаламгердің лексикалық бірліктерді таңдап, талғап көркем шығармаларында қолдана білуі оның рухани әлемінің бейнесін сипаттап, тілдік тұлғасын танытады. Олай болса, біз үшін М.Ж. Көпейұлы тіліндегі кірме сөздердің қолданылу барысын зерттеу оның алғашқы деңгейдің өзінде-ақ тілдік тұлғасына тән ерекшеліктерді анықтап, кейінгі деңгейлерді жүйелеуге жол ашады.
Біз өз зерттеуімізде М.Ж. Көпейұлы шығармаларындағы оқырман қауымға мағыналары аса түсінікі емес кірме сөздердің мағыналарын сөздіктерде берілген түсіндірмелеріне сай зерделеп, мәтін контексінде қолданылуына ерекше көңіл бөлетін боламыз.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

М.Ж. Көпейұлы – кірме сөздерді көркем шығармаларында молынан қолдаған қаламгер. Әсіресе, араб, парсы тіліндегі сөздердің жиі кездесуі оның сол тілдерді жақсы білетіндігімен түсіндіріледі. Себебі, М.Ж. Көпейұлы – шығыс мәдениетінің маңыздылығын біліп, оның кәусарынан мол сусындаған қаламгер. Ол – тек дінге ғана емес, шығыстың қиссалық поэзиясына, оның дастандарына да ерекше көңіл бөлген адам. Сол тұста араб, парсы тілдерінің ықпалы зор болып, Орта Азия медреселерінде оқытылғаны белгілі. М.Ж. Көпейұлы сол медреселерде білім алып, діни кітаптар мен дастандарды оқып, сонымен бірге Низами, Рудаки, Хафиз, Сағди сынды ақындардың ғазалдарын да назардан тыс қалдырмаған.
Зерттеуші Ш.Қ. Сәтбаева бір шоғыр қазақ ақындарымен бірге М.Ж. Көпейұлын да Шығыстың классикалық әдебиетінен нәр алып «нәзира» дәстүрін қалыптастырған тұлғалардың қатарына жатқызады [4, 187]. Бұл дәстүр ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр арасындағы қазақ ақындарына әдеби мектеп болғаны мәлім. Олай болса, ол мектептен М.Ж. Көпейұлының да нәр алуы заңды құбылыс деп санаймыз.
М.Ж. Көпейұлы шығыс әдебиетін насихаттаушы ретінде араб, парсы, шағатай тілінде шығармалар жазып, шығыс ақындарының бейнелі сөздерін қазақ поэзиясына енгізді және сол арқылы қазақ өлеңінің әуезділігін күшейтіп, жаһандық поэзияның озық үлгісімен қуаттандырды. Мұны қазақ тілін байытуға қаламгер тарапынан қосылған өзіндік үлес деп санаймыз. Себебі кірме сөздердің тілдегі сөздік қорды байытуда және өзге елдердің мәдениеті мен әдебиетін танытуда өзіндік үлесі бар. Кез келген тілдің сөздік құрамы сол тілдің ежелгі төл сөздерінен және өзге тілдерден енген кірме сөздерден тұрады. М.Ж. Көпейұлы ол сөздерді сол тілдердегі дәл мәніне басқа семантикалық мағына үстеу үшін немесе сөз мағынасының экспрессиясын күшейту мақсатында қолданған. Оған қаламгер шығармаларын зерттеу барысында көз жеткіземіз. Мысалы:
«Махфузыға жазылыпты барып сол күн, Нәсіліне бұл Ғаббастың халифалық» [5, 50] –
деген жолдардағы махфуз сөзі араб тіліндегі «тағдыр, пешене» [6, 364] мағынасында қолданылған. Сонымен бірге тілімізде «пешенеге жазғаны» – деп берілетін тіркес күн лексемасы арқылы пешенесіне жазылған күні нақтылана түскен. «Басына тауқы лағынет жетті дейді, Құдайым оған қаһар етті дейді.
Бір мінсіз тәкаппарлық қыламын деп, Қуылып дәргаһынан кетті дейді» [5, 124].
Араб, парсы түсіндірме сөздігінде: «Дәргоһ» парсы сөзі, патша, хан сарайы» [6, 164], яғни мәтінде Құдайдың мекен ететін орны деген мифологиялық ой айтылады.
«Данышпан өтпей сөзі шаһбаздардың, Барады босқа кетіп қысы-жазы» [5, 30].
«Шаһбаз» парсы тілінде сабаз, ержүрек» [6, 189] дегенді білдіреді, мәтінде сөздікте берілген мағынасында қолданылған.
«Шаһадат берген сонда періштелер» [4, 152].
Осы жолдағы шаһадат сөзі араб тілінде «куәлік» дегенді білдіреді [3, 630].
«Зер танитын зергердің жоқтығынан,
Алтын басым тот шалып, қалдым өтпей» [5, 128].
Мұндағы зер сөзінің мағынасы сөздіктегі түсінікке сәйкес, «алтын» [3, 230] деген мағынанда алынып, ауыспалы мәнде қолданылып тұр.
Қаламгер кейде мағынасы түсініксіз сөздердің сөздікте берілген мағынасын қатар қолданып отырады. Мысалы:
«Торғайдың тұмсығында зарре тозаң,
Шөп шықпас тақыр жерге ащы сораң» [4, 155] –
дегенде, осы тармақтағы зарре сөзіне сөздікте: «(ар. зарра) – қоқым, шаң» [6, 222], – деген түсінік берілген. Қаламгер зарре, тозаң деп алып, бір тармақтың бойында қатар қолданған.
«Қазақтың залалы асар он бір айда,
Қай жаққа барғанменен таппас пайда.
Залалын он бір айдың бір-ақ өтеп,
Кетпей ме пайдасы асып бір-ақ айда?!» [5, 172].
Залал сөзі араб тілінде екі мағынада қолданылады. «Залал (ар.) 1. Адасу, қателесу; 2. Зиян» [6, 218], – дегенді білдіреді. Мәтінде сөздікте берілген түсініктің екінші мағынасы бойынша қолданылған, яғни әңгіме он бір айда келген зиянды өтеп, пайда келтіруде болып тұр.
«Сөйлесең көтереді көңіліңді ашып,
Жарық қып шам жаққандай рәушан зия»
«Зия» араб сөзі, сын. 1. Жарық, сәуле; 2. Шұғыла» [6, 233]. Бұл сөздің мәтінде қолданылған мағынасын түсіну үшін соның алдында берілген рәушан сөзін анықтап алуымыз қажет. Рәушан да араб тілінен енген сөз – «нұрлы» [3, 480] дегенді білдіреді. Демек, зия сөзінің мағынасы сөздіктегі түсінікке сәйкес, «нұрлы сәуле» немесе «нұрлы шұғыла» деген мағынада танылып тұр. Ал, енді келесі бір өлең тармағында:
«Ішінде жанған оттың жатар басың,
Әр айтқан жарлығына десең зия» [8, 26] – дегендегі «зия» сөзі ауыспалы мағынада «мақұлдау» мағынасын қамтиды.
«Көрініп ғаріп халін тұра алмас ем,
Бір міскін халық ішінде жан болғандай» [5, 84].
Мұнда бір шумақ өлеңнің ішінде «бишара» мағынасын беруде ғаріп, міскін араб сөздері синонимдік қатар түзген. Ғаріп – кәріп, мүсәпір, бейшара, жарымжан [3, 349].
Міскін – кедей, сорлы; бишара; бақытсыз деген мағыналарды береді.
«Отырып пәрмән етер бір үстелде, Осындай кісімсініп өңкей малай» [8, 38].
«Пәрмән» сөзі парсы тілінде екі мағынада қолданылады. 1. Бұйрық. 2. Билік, үстемдік [6, 450]. Бұл сөз ертеректе қазақ тіліне еніп, пәрмен түрінде, пәрмен ету тіркесі құрамында парсы тіліндегідей қолданылады. Олай болса, мәтінде пәрмән сөзі «өңшең малай отырып алып, үстемдік етеді» деген ойды беру үшін пайдаланылған. Енді бірде ақын:
«Халқына Россия – мейрамы бар,
Біз, айтқан пәрмәніне қойдық мойын» [8, 42], немесе,
«Болды деп не ғып бұлай ойламаңыз,
Шара не бір құдайдан пәрмән болса» [8, 63] – деп, «бұйрық» мәнінде қолданған.
«Дария болса, ішінде садап болсын, Ішінде садабы жоқ болған дария, Ащы су – ұрттап алмас күні құрсын!» [5, 187] – дегенде, «садап» сөзі араб, парсы түсіндірме сөздігінде берілген мағынасына сай қолданылған. Онда «садап» араб сөзі, асыл тас» [6, 490] деп түсіндіріледі. Қаламгердің мәтін контексінде қолданған мағынасы түпнұсқа мағынасына сәйкес. Сонымен бірге ол садап сөзін бірде түбір күйінде, енді бірде қазақ тіліндегі үндестік заңына сәйкес қосымшаны кейінді ықпал ережесі бойынша жалғаған.
«Сөйлесем дүр төгілген тіл мен жақтан» [8, 221].
«Парыз дүр және қылмақ халал кәсіп» [7, 177].
М.Ж. Көпейұлы қолданысындағы дүр сөзі өте көне сөз болса керек. Себебі өткен ғасырлардағы қазақ ақындарының шығармаларында жиі кезедеседі. Мысалы: Сүйегі асыл дүр еді (Қамбар батыр), Шешен жігіт дүрмен тең (Шал ақын), Ақылы асқан дүр болар (Шортанбай Қанайұлы), –Ақылын айт осының? – деді дүрім (Т. Ізтілеуов). Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде бұл сөзді «атақты, зор, әйгілі» [10, 210] деп түсіндіреді. М.Ж.
Көпейұлы дүр сөзін басқа ақындардан өзгеше мағынада қолданған.
Ғ. Мұсабаев дүр сөзін көне жұрнақ десе, Е. Жұбанов дүр шылау формасы, оның түптөркіні модаль болуы тиіс екенін, алайда поэзия тілінде бұл тек етістікке жалғанбай, есім сөздермен де тіркесіп келе беретінін айтады [11, 106]. Ал Р. Сыздықова: «ХV-ХVІІ ғасыр поэзиясында дүр варианты басым болғанға ұқайды, кейіннен бұл үлгілер хатқа түскенде -ды, -ді, -ты, -ті болып өзгеруі мүмкін» [12, 98], – деген пікір айтқан.
Араб, парсы сөздерінің түсіндірме сөздігінде дүр араб сөзі, қымбат асыл тас [6, 181], – деп көрсетілген. Қазақ тіліндегі бейнелеуіш сөздердің мағынасын зерттеген Қ. Хұсайыновтың айтуынша, дүр түбірі ауыспалы мағынана «даңқты болу», «белгілі атақты болу» дегенді білдіреді [13, 39].
«Һәм жұртта не білімді бар ғой зерек, Зеректің күні туды болар керек» [7, 70].
«Полковник һәм доверенный Шыңғыс аға, Арғында хандықпенен болдың жаға» [7,220].
«Сүйікті һәм көрікті, жомарт, әділ, Бар еді келіспеген қай мінезі?» [5, 232].
Һәм сөзіне қатысты сөздікте: «һәм – және, тағы да» [6, 646] деп көрсетілген. Мәтінде келтірілген һәм сөзін М.Ж. Көпейұлы сөздікте берілген мағынасында қолданған деп ойлайимыз.
М.Ж. Көпейұлы өзінің шығармаларына араб, парсы сөздерін белгілі бір стильдік мақсатпен әдейі таңдап алып қолданады. Мысалы:
«Паруардігер қойыпты жұпты қылып» [7, 125] немесе, «Пендеге залым қылмас паруардігер» [7, 180] –
деген тармақтарда құдай, алла, тәңірі деген синоним сөздердің орнына төрт буынды сөз пәруардігер деген парсы сөзі қолданылған. Алайда, қаламгер тілінде Алланың бірнеше есімдері: қазақ танымындағы ислам дәуіріне дейінгі түркілік тәңір сөзі, парсының құдай сөзі, арабтың алла сөзі, жаппар, хах, ие, жаратқан сөздері синонимдік қатар ретінде қолданылады. Мұнда ақынның паруардігер деп қолдануы сөздің экспрессиясын арттыру мақсатынан туса керек.
Сонымен бірге, қаламгер тілінде туыстас түрік тілінің сөздері де кездеседі. Олай дейтініміз, М.Ж. Көпейұлының «ұзақ» сөзінің орнына «ұзын» сөзін қолдануы – оның түрік тілін білетінін көрсетеді. Себебі қазіргі түрік тілінде «ұзын» сөзі «ұзақ» мағынасында қолданылады: «1. Uzun – ұзын. Uzun değnek –ұзын таяқ; uzun sokak – ұзын көше. 2. Ұзақ, ұзаққа созылған. Uzun vadeli kredi – ұзақ мерзімді несие» [14, 684]. Ал М.Ж. Көпейұлы төмендегіше қолданады:
«Жатырмыз бір қараңғы ұзын түнде,
Көрінбей жарық сәуле бір таң атқан» [8, 8].
М.Ж. Көпейұлы бұл сөздерді қазақ тіліне тән мағынасында да қолданады. Мысалы: ұзын бойлы, ұзын шашты, ұзақ отырдып қалды т.б. Олай болса қаламгер бұл сөздің қолданылуын білмегендіктен емес, керісінше, әдейі экспрессиясын күшейту үшін прагматикалық мақсатта қолданған деп түсінеміз.
Сонымен қатар, «үзім» сөзі түрік тілінде «жүзім» деген мағынаны береді: «üzüm – жүзім, üzüm çubuğu – жүзім сабағы» [14, 221]. М.Ж. Көпейұлы шығармасында осы сөздікте берілген мағынасы бойынша қолданылған:
«Мәуесі басқа ағаштан көп болғаннан,
Көтермес үзім ағашы жерден басын» [5, 148].
Қазақша-түрікше сөздікте: «Hesap – есеп. 1. Есептеп шығару. 2. Банкадағы есеп. Bankada hesabım var» [14, 164] – деген түсінік берілген. Қаламгер шығармасында төмендегіше қолданылады:
«Тісі бар маржан, жақұт, лұлу иек,
Хесапсыз шашбауына таққан теңге» [7, 110].
М.Ж. Көпейұлы шығармаларында қолданылған орыс сөздеріне келсек, орыс сөздер аса көп кездеспейді. Қаламгердің орыс сөздерін жиі қолданбауы, қолданса да қазақ тілінің заңдылығына сай өзгертіп қолдануы оның тіл тазалығына ерекше мән бергендігін көрсетеді. Мысалы, бір өлең көлемінде оның мазмұнында баяндалатын кейіпкерлерді таныстыру үшін, солардың айтқан сөздерін беру үшін орыс сөздерін және орыс тілі арқылы шетел тілінен енген сөздер кездеседі. Мысалы: «Тірлікте көп жасағандықтан, көрген бір тамашамыз» атты шығармасында өзі өмір сүрген заманның келбеті орыс сөздері арқылы суреттеледі: «Манифест император берілген соң, Қуаттап әркім дінін алған дағы. Патшаның қол астында: поляк, еврей, Сарт, ноғай, орыс, қазақ, армян-дағы; Чиновник қырып-жойып жүрген елде; Протокол жасаймын деп тілмәш айтар; Халықты жексұрын қып болыснайлар, Оязға жағымсынып бипаңдаған; Штраф екі айналсаң басың да деп; Начальник әр не қылса мінсіз болды; Жұмысы депутаттың ел пайдасы, Думаға государин барғандағы; Ғаділдік, ақ жолымен туралықта, Партия демократ компания; Сайлауға депутаттар жиылыңдар, Оқып көр программа қылған хатын; Ингам деп медаль, наград ала берді, Өз басы аман, жұртты отқа сала берді; Публик боп бұл манифест шашылса деп; Октябрь 17 манифесі».
Ал «Мұқыш Жұпарұлы» өлеңінде: «Кіргізді гимназия мектебіне; Университет: заң ғылымын оқу үшін, Петербурға баруға жүріп кетті, Юридический факультет, соған түсті» – деп кейіпкерінің ғылым-білім жолындағы бейнесін суреттесе, әрі қарай: «Председатель сайланды сот басына; Қызмет қылмай жай жатқан судьяларды, Каталешке жасатып жауып салды; Қара жерден жүргізді қайық қылып, Туралық, түзуліктің пароходын» – деп, елге оралғн білімді жастың сот жүйесіндегі туралық пен әділдікті ту еткен адал қызметін орыс сөздері арқылы бейнелейді.
Қандай көркем туынды болмасын, нақты тарихи жағдайды бейнелеп көрсеттуге қызмет етеді. Әр дәуірдің саяси-әлеуметтік, тарихи-мәдени ахуалы оған өз әсерін тигізіп отырады.
Мысалы:
«Есіктен кіре алмайтын қарашекпен,
Орынды қақ жарып кеп алды төрден».
Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде: «Қарашекпен зат. қарап. Қара шаруа, кедей» [10, 484] деген түсінік берілген. Мәтінде өз елінде жер иелігі жоқ, кедей шаруалардың патша үкімімен қазақ жеріне қоныс аударуы туралы айтылып отыр. Сол шаруалардың, яғни қарашекпендердің қазақтарды өз жерінен шөл аймақтарға ығыстырып, шұрайлы, сулы, нулы жерлерін иемденгенін суреттесе, келесі өлең жолдарында олардың келгеннен кейінгі жасаған іс-әрекеттері суреттеледі:
«Жылқыға керек жерге егін салып,
Жер жыртып мұжық қалмас кәсібінен. Жайлауы баратұғын тарылған соң, Айырылды мал да, жан да несібінен.
Мұжықтың кесірінен қыс көбейіп, Кеміді төр түлік мал несібінен» [8, 60] –
деген жолдардан ежелгі қазақ даласының тарылып, күн көріс деңгейінің нашарлағанын көреміз. Сөздікте: «Мұжық» ІІ Шеті мүжілген, кемірілген. ІІ тар. Орыс шаруасы, қарашекпен» [10, 601] – деп түсіндіріледі. Мұнда сөздікте берілген мағынаның екіншісі қолданылған. Қаламгер қарашекпен, мұжық сөздерін синоним ретінде қолданып отырған.
«Болмаған қолы толық дүние малға,
Болар ма мұнан артық қара қасқа,
Әперді үш теңгеге бір «Мұқтасар» Кітап жоқ енді бізге оданан басқа!
«Қиссау-Әнбияны» бізге алуға,
Шарық қайда, шіркін дүние, шама қайда? «Әптиек» қозылы қойдан сатылады,
Оқуды көргені сол қазақ көзі» [8, 207].
Сөздікте: Мұқтасар – құраннан кейінгі шариғат ережелері жазылған діни кітап [6, 359]. Қиссау-Әнбия – пайғамбарлардың шежіресі жазылған кітап [6, 390]. Әптиек – жеке кітапша болып басылған құранның жетіден бірі [6, 345] – деп көрсетілген. Жоғарыдағы мәтінде сөздікте берілген оқулықтар туралы айтылып, кіраптпр арқылы сол тұстағы оқудың жайы мен елдің әлеуметтік жағдайы да аңғарылып тұр.
«Дамолла, хазірет күліп әр сөзіме:
«Уай, әулие!» – деуші еді, сүйгенінен» [7, 187].
«Дамолла» араб, парсы тілінде аға молда. Ауысп. Ұстаз, ғалымдарға берілген атақ» [6, 156] – деп түсіндіріледі. Қаламгер екінші мағынасы бойынша қолданған деп ойлаймыз.
«Ғылымның тәлиблерге нұрын төккей» [7, 86].
Мұндағы «тәлиб» араб сөзі. 1. Ізденуші, іздеуші. 2. Оқушы, шәкірт» [6, 533] – деген мағыналарды береді.

ҚОРЫТЫНДЫ

Қаламгер кірме сөздерді өз мақсатына қарай пайдаланып отырған. Қолданылған кірме сөздерден сол тұстағы қоғам өмірінде болып жатқан өзгерістердің қазақ халқының тұрмысында, дүниетанымында қалайша көрініс тапқандығын, ұлт мәдениетінде қалайша өріс алғандығын анық көре аламыз. Сонымен бірге, қаламгердің лексиконындағы ассоциацияларды түзу, ерекше лексикасын қарастыру оның вербалдық-семантикалық деңгейін бөліп көрсетуге мүмкіндік береді. Себебі оның сол лексиканы таңдау барысындағы танымдық қызметі мен таңдауға жетелеген уәжі тасада қалып қояды. Сондықтан тілдік тұлға құрылымы деңгейлерінің тіл бірліктері шартын қабылдап, оларды бірлікте қарастырған кезде ғана нәтижеге қол жеткізіп, М.Ж. Көпейұлының тілдік тұлғасын толығымен ашуға болады.

ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ
1 Рүстемов Л.З. Қазіргі қазақ тіліндегі араб-парсы кірме сөздері. Алматы, 1982. – 159 б. 2 Жұмалиев Қ. Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері және Абай поэзиясының тілі. – Алматы, 1960. – 363 б.
3 Серебренников Б.А. Роль человеческого фактора в языке. Язык и мышление, – М., 1989. – 244 с.

4 Сөз өнерінің зергерлері. «Ұлы тұлғалар» ғылыми-ғұмырнамалық серия. – Алматы,
2008. – 308 б.
5 Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы. Шығармалары. 1-том. – Павлодар. «ЭКО» ҒӨФ, 2003. –
436 б.
6 Мамырбекова Г. Қазақ тіліндегі араб, парсы сөздерінің түсіндірме сөздігі. – Алматы: Мемлекеттік тіл дамыту институты, 2017. – 656 б.
7 Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы. Шығармалары. 2-том. – Павлодар. «ЭКО» ҒӨФ, 2003. –
384 б.
8 Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы. Шығармалары. 4-том. – Павлодар. «ЭКО» ҒӨФ, 2004. –
535 б.
9 Бекмухамбетова Е.Б. Қазақ тіліндегі араб-парсы сөздері. – Алматы: Қазақстан, 1977. – 200 б.
10 Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. – Алматы: Дайк-Пресс, 2008. – 968 б.
11 Жұбанов Е. Эпос тілінің өрнектері. – Алматы: Ғылым, 1978. – 184 б.
12 Сыздықова Р. Абай шығармаларының тілі. – Алматы: Ғылым, 1968. – 329 б.
13 Хұсаинов К.Ш. Звукоизобразительность в казахском языке. – Алматы: Наука, 1988.
– 232 б.
14 Коч К. Қазақша-түрікше сөздік. / К. Коч., А. Байниязов, В. Башкапан. – Алматы, 2012. – 786 б.

Қ.М. Абдуллаева
Заимствованные слова в произведениях М.Ж. Копеева
Павлодарский государственный универcитет им. С.Торайгырова,
г.Павлодар, Казахстан В статье анализируются заимствованные слова в произведениях М.Ж.Копеева, определяются особенности их применения. В частности, особое внимание уделяется словам с непонятным смыслом. Сравниваются значения, приведенные в толковом словаре, определяется значение в употреблении писателя.
С помощью заимствованных слов в произведениях М.Ж. Копеева определяется отражение общественных изменений в быту, мировоззрении казахского народа, развития в национальной культуре. Заимствованные слова подтверждаются примерами, полученными из художественных произведений.

K.M. Abdullayeva
Borrowed words in the works of M. ZH. Kopeev
Pavlodar State University named after S.Toraigyrov,
Pavlodar, Kazakhstan The article analyzes the borrowed words in the works Of M. Zh. Kopeev, defines the features of using. In particular, special attention is paid to words with unclear meaning. The values given in the explanatory dictionary are compared, the value in the use of the writer is determined.
With the help of borrowed words in the works of M. Zh. Kopeev, the reflection of social changes in life, worldview of the Kazakh people, development in national culture are determined. Borrowed words are confirmed by examples obtained from works of art.


Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *