МӨҢКЕ БИ ҒИБРАТТАРЫНДАҒЫ СӨЗ ТІРКЕСТЕРІНІҢ МАҒЫНАЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Ж.А. Асанов1, М.Қ.Амангазиева2
1С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің профессоры, ф.ғ.д. Ақтөбе қ, Қазақстан, еmail:assan50@mail.ru
2С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің доценті, ф.ғ.к. Ақтөбе қ, Қазақстан, е-mail: mika-230376@mail.ru

МӨҢКЕ БИ ҒИБРАТТАРЫНДАҒЫ СӨЗ ТІРКЕСТЕРІНІҢ МАҒЫНАЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Мақалада қазақ халқының өз заманында би, ірі қоғам қайраткері, жырау, Асанқайғы үрдісін жалғастырушы сәуегей болжампаз болған Мөңке бидің дүниетанымы, толғауларындағы қоғамдық, ұлттық-мәдени ерекшеліктің сипатталуы қарастырылады. Хатқа түскен болжаулары салғастырыла талданып, болашақтағы халық пен ұлттың бейнесін сомдауы, оның танымы мен түсінігінің, тәжірибесі мен көріпкелдігінің нәтижесі екендігі туралы тұжырым жасалынады. Сонымен қатар Мөңке би мұраларының өзге тұлғалардың атымен ауысып қолданылуы салыстырмалы түрде сараланады.
Кілт сөздер: би, жырау, болжам, поэзия, хандық қоғам, толғау, тарихи мұра, шешендік өнер.

КІРІСПЕ

ХVII ғасырда туып, XVIII ғасырда өмірден озған Шекті Мөңке бидің есімі бұл күнде көзі ашық қазаққа тегіс таныс. Алайда оның мұралары жеріне жеткізіле зерттелді, сарқып айтылды деуге келмейді.
Шындығында, Мөңкеде қайыра еске алатын, үңіле қарап зерттейтін нәрсе көп. Шешендік өнерді жіті зерделеген ғалым Балтабай Адамбаевтың кітаптарында Мөңкенге қатысты «Баланың тапқырлығы», «Құда мың жылдық», «Түлкім жоғары шық» «Мөңке мен Сырым бала», «Мөңкенің сұрағына Сырымның жауабы» дейтін әңгімелер бар. Архив құжатында Сырым Датұлы сексен жастағы Мөңкеден бата алыпты деген дерек ұшырасады
[1].
Мөңке айтқан «Құрамалы, қорғанды үйің болады, Айнымалы, төкпелі биің болады, Халыққа бір тиын пайдасы жоқ, Күнде бас қосқан жиын болады» деп басталатын шешендік толғау профессор Серік Негимовтың «Шешендік өнер» атты оқу құралына енді. «Алдымен, Мөңке бидің бұл тақпақтап айтылған толғамы келер заман кейпін кемел көрегендікпен сипаттаумен ерекшеленеді, – дейді ғалым. – Кесек ойлар кестелі, ұйқасты тілмен өрнектелген. Болжаудың әрбір сөзінде суреткерлік сипат бар. Түйінді тұжырым, бейнелі ой, сұлу сурет, эмоциялық-экспрессивтік қуат бар» [2, 125].
Алайда, Мөңкенің өнері жалғыз шешендікпен шектелмейді, ол өз заманында би, ірі қоғам қайраткері, жырау, Асанқайғы үрдісін жалғастырушы сәуегей болжампаз болған адам. Мөңкенің көп қырлылығын балқы Базар жырау, Нұрпейіс Байғанин, Сарышолақ ақын, Нұржан Наушабаев, Мәшһүр Жүсіп Көпеев жырға қосқан.
Сарышолақ ақын:
Тілеудің ұлы Мөңке еді, Алты Алашқа бас болған, Қар мойын серке еді.
Ақылы зерек әулие,
Қияға көңіл сілтеді, – десе,
Базар жырау:
Тәңірі артық жаратқан,
Аузына халқын қаратқан,
Қара қылды қақ жарған,
Алдынан топты таратқан,
Мөңке, Төле, Қазыбек,
Әйтеке – алшын, би Кебек, – дейді [3].
Мөңкенің есімі қазақ, хорезім елдерінен әрі асып, қырғыз жұртына да мағұлым болған, Қырғыздың атақты ақыны Арыстанбек Бұйлашұлының (1824-1878ж.) қазақ Қаңтарбаймен айтысқанда:
Мөңке бий айтқан кеп эле,
Арыстанбек кимнен кем эле,
Санат сөзүм сан эле,
Санжыра сөзүм қап эле, – деуі [4, 166], Мөңке би мұраларының қырғыздың әйгілі ақындары шығармашылығына шоң әсері тигендігіне нақты дәлел.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Ғалымдар арасында Мөңкеге алғаш назар аударған Ахмет Байтұрсынов еді, ғұлама 1926 жылы өзінің әйгілі «Сауат ашқыш» дейтін кітабында Мөңкенің бір билігін үлгі есебінде ұсынады, әрі ол билікті басқа емес, Шекті Мөңке айтқанына куәлік береді [5, 100].
Әуелі ауыл молласынан, одан соң Троицкідегі З.Расулов медіресесінен дұрыс білім алған, оны әрі қарата өз бетімен жетілдірген білімпаз ақын Нұржан Наушабаев өзінің «Шекті Мөңке би сөзі» атты толғауында:
Садақа-қайыр байлардан, Қол тартылар деп еді. Дүниенің жүзіне
Өре менен темірден
Жол тартылар деп еді.
Осы айтқанның бәрін де
Мөңке би айтқан деп еді, – дейді [6].
Біз бұл жерде екі нәрсені аңдаймыз, біріншісі – көп оқыған білімдар ақын Н.Наушабевтың Мөңкені жетік білгенін, екіншісі – Мөңкенің көріпкел болжампаздығын. Шынында да, баяғының құт дарыған байлары өз руының қамқоршысы болатын, жақсылықжамандығына жауап беретін, жетім-жесірін, жалғыз басты қарттарын далаға тастамайтын, қарасатын. Қазір «қайырсыз, қолы тартылған» байлар көп. Екіншіден, Мөңке толғауында: «Өре менен темірден жол тартылар, Қоныс болса алдыңнан орыс шығар» деген жолдар бар екені де рас. Мөңке сөзіне Нұржан ақын білген соң куәлік беріп отыр. Би ғұмыр кешкен 1675-1756 жыл аралығында теміржол салынбақ түгілі, әлі паравоз шықпаған еді. Алғашқы темір жол Великобританияда 1825 жылы 25 қыркүйекте Стоктон мен Дарлингтон аралығына тартылды. Ықтималдық теориясына сүйенсеңіз, Мөңке мұны кемі 100 жыл бұрын болжаған.
Мөңкенің әулиелігін осы мысалдан-ақ біле беруге болады.
Әулие:
«Түрлі-түрлі халық болады,
Күндіз-түні жарық болады», – депті [7].
Электр шамы Еуропа көшелерінде ХІХ ғасырдың аяғында пайда болды. Сонда мұны Мөңке кемі 150 жыл бұрын болжап отыр!
Тағы бір тұста:
Өзім аттас балық шығар,
Бармақтай зат тауды жығар.
Усыл Жадит деген кітап шығады,
Бай құрып, бақсы азады,
Кен көбейіп, бейшара озады, – дейді Мөңке [8].
Мұнда «Бармақтай зат тауды жығар» деген сөз тұр. Бұл басқа ештеңе де емес, атом бомбасы! Тұтас бір тауды бір мезетте құртып жіберу үшін атом бомбасы керек. Алғашқы атом бомбасы 1945 жылы 16 шілдеде АҚШ-та сынақтан өтті. Тамызда Жапонияның екі қаласына тасталды. Ал Мөңкенің 1756 жылы өмірден озғаны белгілі, сонда көріпкелдің екі ғасыр бұрын болжағанын осы жолдардан көре аламыз.
Көп білетін Мәшһүр Жүсіп Көпеев Мөңке хақында:
Ауылдарын шу қылған,
Жаулықтарын ту қылған, Зайып шығар деп еді.
Оқшантай жоқ, кісе жоқ,
Белбеу шығар деп еді,
Жүгініс жоқ, малдас жоқ,
Көлбеу шығар деп еді, – дейді [9, 55-58 б.].
Негізінде, он тоғызыншы ғасыр перзенті Жүсіп атамыз Мөңкенің сөзін айтуға аузы бармай, «сыпайылап» беріп отыр. Мөңке бүгінгі күнгі әйелдердің сырт бейнесін қалай білсе, олай білсін, жалпы алып қарағанда, дәл берген. Былай дейді:
Әйел жағы ден болар, Жаман-жақсы айтса да, Өзінікі жөн болар.
Орай салып бастарын,
Желпілдетіп шаштарын, Тақымдары жалтылдап, Емшектері салпылдап, Ұят жағы кем болар [10,30].
Данагөй біріншіден, орыс отарлаушыларының «әйел теңдігі мәселесін» өз мақсаттары үшін шебер пайдаланатынын көрсетіп кетті. Екіншіден, омырауы ойық көйлекті, немесе тақымы жалтыраған мини юбкалы қыз-келіншекке келсек, бұл біздің теледидардан, интернет желілерінен ғана емес, күнбе-күнгі өмірде кеңінен кездестіріп отырған бейнеміз. Қазіргі түнгі клуб жөнінде:
Атасының асы емес, келін түсірген той емес,
Бозбала мен қыз бас қосқан жиын болады,
Мұның өзі жасы ұлғайған адамға қиын болады, –
депті әулие атамыз [10, 31]. Ал Н.Наушабаевтың куәлік беруі бойынша төмендегіні
айтыпты:
Тайынша мен танаға Жүк артылар деп еді, Қарап тұрған жігітке, Қыз артылар деп еді [6].
Оның есімі орыс-қазақ қатынастарына байланысты құжаттарда таңбаланған, «Орта жүз және Кіші жүз билері мен батырларының Нұралы сұлтанды Кіші жүз және Орта жүз қазақтарына хан етіп тағайындау туралы император Елизавета ханымға хатына» Шақшақ Жәнібек тархан, Керей Наурыз билермен қатар қол қойған адамның бірі Шекті руының Мөңке биі [11].
Демек, Мөңке – ірі саясаткер. Көрші отырған патшалық Ресейдің даму тарихын, жүргізіп отырған аяр саясатын, ондағы өндірістік күштің деңгейін, өндірістік қатынастар сыпатын зерттеген адам. Сондықтан да ол келешекте Қырым, Қазан, Сібір, Ноғай т.б. хандықтар сияқты Қазақ Ордасының да патшалық Ресей отаршылдарының табанына түсетінін анық болжаған.
Өре менен темірден жол тартылар,
Қоныс болса алдыңнан орыс шығар…
…Орыс, қазақ қосылып,
Бір-біріне үйір болар,
Сөйткен заман кез болса,
Түзелуі қиын болар, – [12], дейді ойшыл.
Отарлық езгіге түскен соң қазақ халқының қоғамдық болмысы, қоғамдық санасы да өзгермек:
Көлдің суы кетіп , табаны қалар,
Жылқының жүйрігі кетіп, шабаны қалар. Жігіттің ақылы кетіп, амалы қалар, Әйелдің ұяты кетіп, ажары қалар.
Сөздің мағызы кетіп, самалы қалар,
Әулиенің әруағы кетіп, мазары қалар.
Адамның жақсысы кетіп, жаманы қалар, Ақылы жоқ, санасыздың заманы болар [13].
Расында да, отарлық езгі кезінде көл түгілі Арал теңізі тартылды. Баяғы қазақы қазан ат, суын жылқының тұқымы құрып кетті. Жігіт ақылынан гөрі амал-айлаға, қулық-сұмдыққа жүгінетін болды. Отарлаушылар ұлт мұраты, жер мен ел тағдырының не екенін білмейтін, тек өз құлқынын ойлайтын ақылы жоқ санасыздан басшы қойды. Заман солардікі болды.
Мұның зардабын әлі шегіп отырмыз.
«Тапқанын олжа дейді,
Алһам білгенін молда дейді»,
«Дүдамалдау дінің болар, Алашұбар тілің болар» [2, 125].
Бұның бәрі сол отар кезде тапқан «олжамыз».
«Құрамалы, қорғанды үйің болады, Айнымалы, төкпелі биің болады» [2, 125].
«Құрамалы» деп отырғаны осы күнгі биік қабатты үй де, «қорғанды» деп отырғаны биік қорғанды коттедждер болса керек.
Әулие қыл аяғы осы заманда жер жүзіне кең тарап отырған сусын «Кококола», «Фанта», «Пепси колаға» шейін болжап кеткен.
«Туған балаң қу болар,
Тамағы сары су болар,
Итке құйсаң, ит ішпес». («Кола» мен «пепсиді» итке құйып көрдік, расында да, ит ішпейді екен).
Мөңкеге қатысты зерттелетін нәрсе әлі көп дедік, соның бірі Мөңке мұраларының өзгеге телініп кетуі. Бірлі-екілі мысал келтірейік. Бірінші, жұртқа кеңінен таныс
«Абылайдың түсі» дейтінді алайық. «Арыстанның ішін жарып едім, жолбарыс шықты.
Жолбарыстың ішін жарып едім, қасқыр шықты. Қасқырдың ішін жардым, түлкі шықты.
Түлкінің ішін жарып едім, ішінен бір қоян шықты». Бұл бәрімізге етене таныс Абылайдың түсі.
Енді Мөңкенің түсін қараңыз: «Түсімде қырық ат қостым, біреуі келмеді. Отыз ат қостым біреуі келмеді. Бес ат қостым, төртеуі келмеді, біреуі келді де пышаққа ілікті. Бауыздап ішін жардым, ішінен арыстан шықты. Арыстанның ішін жарып едім, бұдан адал құлан шықты. Құланның ішін жарып едім, қасқыр шықты. Қасқырдың ішін жардым, түлкі шықты. Түлкінің ішін жарып едім, ішінен бір қоян ата келе қашты» [14, 33-34]. Салыстырыңыз, екеуінің қайсысыс толық һәм озық, әрине, Мөңкенікі.
Осы түсті жазушы Ілияс Есенберлин өзінің «Қаһар» романында дінге қатысты «40 ат, 30 ат, 5 ат» деген жерлерін алып тастап, «Абылайдың түсі» қылып берген. Көркем шығарманың шырайын шығару үшін қолданған. «Қаһар» романы тарих оқулығы емес, көркем туынды, көркем әдебиетте мұндай бола береді. Ал шындығында, біздің «Абылайдың түсі» деп шулап жүргеніміз, іс жүзінде Мөңкенің түсі. Ілияс Есенберлин мұны қайдан білді десеңіз, жазықсыз жазаға іліккен жазушы 1950 жылдың басында жер аударылып, Мөңкенің ата қонысы Шалқар ауданындағы көмір өндіретін «Шахта» деп аталатын ауылда біраз жыл тұрған, сонда естіген әңгімесі. Бұл түйіннің шешімі осы деп пайымдаймыз. Заман азып, заң тозып, жаман болар. Қарағайдың басына шортан шығып, Бабалардың дәурені тамам болар.
Ол күнде қарындастан қайыр кетер,
Ханнан күш, қарағайдан шайыр кетер.
Ұл, қызың орысқа бодан болып Қайран ел, есіл жұртың сонда не етер.
Осы толғау кейде Асанқайғыға телініп жүр, алайда байқап отырған шығарсыздар , шешендік толғаудың құрылысы, буын саны, бунағы сөз саптауы Мөңкеге келіп тұр. Асанқайғыда осыған ұқсас: Ай, Жәнібек ойласаң,
Қилы-қилы заман болмай ма, Суда жүрген ақ шортан
Қарағай басын шалмай ма?
Мұны неге білмейсің!! – деген жолдар бар.
Байқап отырғанымыздай, екеуінің өлең құрылысы екі басқа. Екіншіден, жыраулар поэзиясын терең зерттеген М.Мағауин жоғарыдағы жолдарды Асанқайғыныкі демейді. «Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиетте» де, «Алдаспан» мен «Бес ғасыр жырлайдыда» да бұл
Асандыкі делінбеген. «Қазақ әдебиеті» атты тұңғыш монографиясында мұның Асанқайғыныкі екендігіне М.Әуезов күмән келтіреді. Бұл толғауды Асанқайғы айтса, онда оның Абылай хан тұсында өмір сүргені дейді Әуезов. Асанның әріде, 15 ғасырда ғұмыр кешкені, ал Мөңкенің М.Әуезов айтқандай Абылай тұсында өмір сүргені баршаңызға мәлім. Олай болса, жоғарыдағы «Мұннан соң қилы-қилы заман болар, Заман азып, заң тозып, жаман болар» деп басталатын толғау Мөңкенікі деген тұжырымға келеміз.
Мөңкенің тағы бір қыры – оның ғұлама жырау екендігі. «Шекті Мөңке би Шеркеш Түрке би, Тана Нүрке билермен кеңесіп отырып айтты» деген философиялық толғау Мөңкенің жыраулығын бізге түбегейлі айқындап береді. Өмір тәжірибелерін ойлы түйіндермен ұштастыра, дәл баламалар тауып суреттеуі жыраулық өнердің үздік үлгісін аңдатады.
Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек, Бір тоғайға қоныңыз.
Қарындаспен, туғанмен, Бір туғандай болыңыз. Өзіңе кеңес салғанның, Өрісі кең болмас па?
Жатқа кеңес салғанның, Жазымға басы кетпес пе?
Жаманнан жесең бір қамшы, Ол сүйегіңе жетпес пе?
Сом, сом жүйрік, сом жүйрік, Шұбалаңды шаба алмас, Мойнынан жалы кетіп арыса.
Жақсылар жаман болады Күнінде жасы жетіп қарыса.
Жамандар жақсы болады, Дәулеті асып байыса… [15, 31-33]
Бұл үзіндіден ескі жыраулық поэзия үлгісін анық көреміз. Біріншіден, кәдімгі ұйқаспен қоса басқы ұйқастар қабат қолданылған. Басқы рифманың болуынан толғау мінсіз көрініп тұр. Екіншіден, көне жыраулық поэзияның өзіндік ерекшеліктерінің бірі – өлең жолдарындағы алғашқы сөздердің қайталануы. ХV ғасырдағы әйгілі жырау Қазтуған: «Алаң да алаң, алаң жұрт, Ағала ордам қонған жұрт», – десе, ХVІ ғасырдағы Доспамбет: «Тоғай, тоғай, тоғай су, Тоғай қондым, өкінбен», – дейді, ал Шалкиіздің бір толғауы: «Ор, ор қоян, ор қоян, Ор қоян атылы бір қоян», – деп басталады. Мөңке толғауында: «Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек», «Сом, сом жүйрік, сом жүйрік», деген қайталауларды қолданған. Мұндай сөз қайталаулар Мөңкенің замандасы Бұқарда да бар: «Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек, Бұрылып ұшар жаз күні», – деп бастайды даңқты жырау өзінің философиялық астарға толы бір толғауын. Айтайық дегеніміз, Мөңкенің бүгінгі күнге жеткен 109 жолдан тұратын екі толғау аз дүние емес. Марғасқа жырау 13 жолдық жалғыз толғауымен ЖОО-ның окулығында тұр. Мектепте де оқытылады. Жыраулығы ешкімнен кем емес, 109 жол құрайтын ғибратқа толы екі толғауы бүгінгі күнге жетіп отырған Мөңкені неге оқу бағдарламасына енгізбейміз? 17-18 ғасырлардағы Үмбетей, Бұқар, Көтештердің қасында неге тұрмайды?
Және бір айтатын мәселе, Мөңкенің өзінен кейінгі мықты ақындарға өнеге болғаны. Әулиенің жоғарыдағы толғауында: …Қырға боран бораса, Нуға боран борар ма?
Ел шетіне жау келсе,
Халық үстіне дау келсе,
Жамандайын жалтаңдап, Ер жігіт қарап тұрар ма?
Арғымақтың алдына,
Найза бойы жар келсе,
Жабыдайын жалтаңдап, Түсер жерін қарар ма?
Арғымақтың аяғы, Айдай таға қағылса, Кілегей мұздан таяр ма?
Жақсы алдына сөз айтсаң Жабығып сөзге тояр ма?
Күндердің күні болғанда;
Басыңа қиын іс түссе,
Жалғасып өскен жақыннан,
Жақсылар басын аяр ма?—деген жолдар бар [15, 31-33]
Бұл жолдар Махамбеттің бәрімізге етене таныс: «Орай да борай қар жауса, Қалыңға қар борар ма?» деп басталатын толғауын еске салады. Сондай-ақ «Махамбеттің Баймағанбет сұлтанға айтқанында»:
Арғымақ дейтін жығылар,
Найза бойы жар келсе,
Жабыдайын жалтаңдап, Түсер жерін қарай ма?
Арғымаққа айдай таға қақтырса,
Кілегей қатқан Еділдің
Көкше мұзынан таяр ма?—деген жолдар бар екені қазақ тілінде сауат ашқандарға тегіс мәлім. Бұл жолдар жыраулық толғаумен ұштасып жатыр. Махамбет Мөңкені үлгі тұтып отыр.
Махамбет жыраулық дәстүрден қол үзбеген ақын. Ол нақты жағдайды айтқанда – ақын, дүниетанымдық мәселелерді сөз еткенде – жырау. Бұған «Орай да борай қар жауса», «Арғымақ сені сақтадым», «Күн қайда?», «Арғымақтың баласы» т.б. шығармалары мысал бола алады. Есет Көтібарұлының Исатай өлетін жойқын ұрысқа қатысқаны, патша офицері Шустиковқа байланысты оқиға, кейін Махамбеттің Есет Көтібарұлы ауылын паналап келгені тарихтан белгілі. Яғни, Махамбет Мөңке тұрған өлкені жіті білген. Бұрынғы өткен жыраулар поэзиясының тарихына үнемі көңіл аударған, өте жетік Махамбеттің Есет елінде әулие деп бағаланатын, кейінге қалған сөздері үлгі тұтылатын Мөңке мұраларынан жақсы хабардар болғанына күмән келтіруге болмайды.
Қазіргі күнге Мөңкенің төрт күйі жеткен. Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі, марқұм профессор Тұяқберді Шәмелов ол күйлерді нотаға түсіріп, өзі орындап қана қоймай, оркестрдің репертуарына қосқан. Т.Шәмелов :«Бөкей ордасы ауданындағы туған ауылым Құрманғазыда Аманғали Иманмағзомұлы деген қарияны бала кезімде көрдім. 1974 жылы 90 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Мықты күйші еді. Нақтырақ айтқанда, күйге қиқым-сиқым араластырмай, бір кездері алдыңғы күйші аталарынан құлағына құйып алған әдіспен, сарынмен тартатын саф алтындай өнерпаз болатын. Кезінде Мөңкенің күйлерін алғаш сол Аманғали атамнан үйреніп едім. …«Өттің, жалған-ай», «Шалқыма», «Қиқу дәурен», «Жиыналқа, кеңес» күйлерінде күйшінің өзіндік қолтаңбасы бар. Музыка тілімен айтқанда, қағысы шалма қағыс және ритмі (ырғағы) үзік-үзік (пунктирный ритм) болып келеді. Мұны музыка мамандарына байқау қиын емес. Күйдің төртеуі де өмір туралы цикл күйлер, яғни бір кісінің арман-мұратынан туған шығарма екендігіне нық иландырады. Мажор мен минор тональсі көңілді, мұңды әуендер алма-кезек кезектесіп отырады. Әдетте, бұл күйлер серпінді әуенде тартылады. Үлкен сағаны көп маңайламай, тұжырымды, жұп-жұмыр, көңілге жеңіл қонады»
– дейді [16].
2010 жылы атақты өнерпаз бұл күйлерді дискке жаздырды. Өкінішке орай, ұзамай ауыр науқасқа шалдықты, ақыры дүниеден озды, Мөңкенің мұрасын зерттеуге мұршасы болмай кетті. Одан бері де көп жыл өтті, Мөңке күйлері еш жерде орындалмайды, ғылыми тұрғыдан зерттеусіз жатыр. Тұяқберді өмірден озған соң Мөңкенің күйлері шын мәнінде далада қалғандай.

ҚОРЫТЫНДЫ

Болжампаздық, сәуегейлік адамзатпен бірге жасасып келеді. Сақ дәуіріндегі «Шу батыр» дастанында Шу батыр Ескендір Зұлқарнайынның (Александар Македонскийдің) қолы жақындап қалғанын судағы құс пен айналадағы аңдардың қозғалысына қарап біледі. Әрідегі Қорқыт ата мен берідегі Асанқайғы болжаулары көпке мәлім. Сәуегей Бұқар жыраудың «Көмекей әулие» атанғаны баршаға аян. Бұл жерде Мөңкені солардың дәстүрін жалғастырушы деп қараған орынды. Мөңкенің айтулы би болғаны турасында Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынов өз еңбегінде Мөңке бидің жеті жасындағы кісі құны дауын бітіріп айтқан билігі туралы ел аузындағы әңгімені келтіріп, оны: «Шекті ұлы Мүңке би жеті жасында билік айтып, кісі құны дауды бітірген екен», деп бастап, «Сол бала үш жүзге белгілі Мүңке би атанып, аты аспанға шығады», [5,100] – деп аяқтаса, Алаштың тағы бір арысы Жүсіпбек Аймауытов «Ел қорғаны» пьесасында Мөңке тақырыбына соғып, жасы ұлғайған кейіпкерінің аузына: «Жарықтық Мөңке би болжап кетті ғой. Жас баладан биің болар, жас балшықтан үйің болар. Ат жақсысы арбада болар, жігіт жақсысы саудада болар, – депті ғой өтерінде», – деген сөздерді салады.
Бір таңқаларлығы, ол айтты деген сөздердің растығына қазақтың ғұлама ақындары М.Көпеев пен Н.Наушабаевтың куәлік беруі Мөңкеден жеткен сөздерде анахронизм аз, жоққа тән екенін көрсетеді.
Мұның бәрі Мөңке би шығармаларының кеңес өкіметіне дейін жеке жинақ болып шықпаса да ХХ ғасыр басында қазақтар арасына кең танымал болғандығын көрсетсе керек. Мөңке бидің өмірі мен шығармашылық мұрасы туралы әр жылдары академик А.Жұбанов, филология ғылымының докторлары, профессорлар Т.Кәкішев, С.Негимов, Ш.Керім Б.Адамбаев, Қ.Сыдықұлы, М.Тілеужанов, С.Байменше, Б.Омарұлы қалам тартты. Түйіп айтқанда, Мөңкені шешен есебінде орта мектепте, жырау ретінде жоғары оқу орнында, композитор ретінде консерваторияда оқытса, бағдарламаларына енгізсе жастарға пайдасы мол болар еді.

ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ
1 Білім және ғылым министрлігінің Орталық Ғылыми кітапханасы. – А.,137-бума, 6дәптер.
2 Негимов С. Шешендік өнер. – Алматы: Ана тілі, 1997. 3 Маданов Х. Кіші жүз шежіресі. – Алматы: Атамұра, 199 4 Омаров Б. Зар заман поэзиясы. – Алматы: Білік, 2000.
5 Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. – Алматы: Ана тілі, 1992.
6 Білім және ғылым министрлігінің Орталық Ғылыми кітапханасы-А.,1281-бума, 2дәптер.
7 Бәйменшин С. Мөңке бидің Нострадамустан несі кем?//Егемен Қазақстан, 29.11.2000.
8 Пангереев А., Асанов Ж. Шекті Мөңке бидің ғибраттары.– Ақтөбе, 1998.
9 Көпеев М.Ж. Таңдамалы шығармалар. – Алматы: Ғылым, 1992.
10 Асанов Ж. Шекті Мөңке би Тілеуұлы. – Астана: Елорда, 2001.
11 Архив внешней политики России. Фонд 122, 1748 г. Дело 8 л.л., 15 об. – 16 об.
12 Сәрсенбай Қ. Шал мен шенунек// Жас алаш, 09.10.1999.
13 Аудандық «Шалқар» газеті, 04.03.1994.
14 Тілеужанов М. Сырым Датұлы және оның шешендік сөздері. – Орал, 1991.
15 Адамбаев Б. Шешендік сөздер. – Алматы: Отау, 1992. 16 Шәмелов Т. Мөңке бидің күйлері табылды.//«Егемен Қазақстан» газеті, 24.02.2009.

Ж.А. Асанов , М.К.Амангазиева2
Семантические особенности словосочетаний в наследиях Монке би

J.А.Assanov1, M.К.Amangaziyeva2
Semantic peculiarities of word formation in heritage of Monkey-be
1, 2Aktobe University after S. Baishev, Aktobe, Kazakhstan
The article discusses the features of the social, national and cultural specifics of the philosophy of the great soothsayer, a wise man Monke bi, the successor of the Asankaigas, who left a good mark in the memory of his people. The covenants of the famous bee and poet are full of vision and still serve as a guiding light. Many of his predictions and assumptions are known to have come true. The article concludes that the embodiment of the image of the future people and nation is the result of their knowledge and understanding, experience and vision. The article also provides a comparative analysis of the use of the Monke bi heritage under the name of others.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *