МЕТАФОРАДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ТАНЫМ КӨРІНІСІ (МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕР НЕГІЗІНДЕ)

Ұ.Ө. Бекназарова қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасы докторанты, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Қызылорда, Қазақстан, e-mail: becnazarova@mail.ru

МЕТАФОРАДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ТАНЫМ КӨРІНІСІ (МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕР НЕГІЗІНДЕ)

Тіл біліміндегі когнитивтік идеялардың белсенді дамуы, сондай-ақ метафоралардың когнитивті қызметін маңызды деп қарау, сапалық тұрғыдан көркем метафоралармен де, тілдік метафоралармен де сәйкестендірілмейтін когнитивтік/концептуалдық метафоралар деген типін ажыратып беруге уәждеді. Қазақ тілінің рухани қазынасында жинақталып, сақталған ұлттық тіл байлығын халықтың тарихымен, мәдениетімен, ой танымымен, жан ілімімен бірлікте қарау мәселесі тіл білімінде өзіндік өріс алып келе жатыр. Ал, бір объектіні екінші бір объектімен салыстыру, ұқсату, теңеу арқылы бұрыннан таныс сөз мағынасына жаңа семантикалық кеңістік үстеу негізінде дүниеге келген бұл ұғымдар когнитивті лингвистиканың менталды-танымдық нысанын құрайтыны айқындалып, дүниенің тілдік бейнесі көрініс табатындығы. Метафораның концептуалдық болымысына ұлттық дүниетаным тұрғысынан келу, метафора тудырудағы әр ұлттың ойлау дәрежесі мен ұлттық сана сезімін, дүниені қабылдаудағы ұлттық ерекшеліктерін анықтау үшін мақал-мәтелдерден алынған «қыз» концептісіндегі метафоралары бар мысалдар талданды. Осы арқылы ұлт тілінің өзіндік болмысы мен тілдік сипаты айқындалды.
Тірек сөздер: когнитивті лингвистика, метафора, салыстыру, ұқсату, мақал-мәтел.

КІРІСПЕ

Дәстүрлі метафоралар мен концептуалды метафораларды когнитивтік теориясы идеяларына сәйкес салыстыра қарастыратын болсақ, олардың негізгі айырмашылығы: концептуалдық метафора лингвистикалық туынды болып табылмайды, ол адамның ойлау аясын білдіреді де, ойлау үдерістері мен тілдік/сөйлеу әрекеттерін байланыстырады. Концептуалды метафора – адам танымында ұқсату заңдылықтарының нәтижесінде туындаған деректі және дерексіз ұғымдардың атауы, жаңа лексикалық мағына дегенді білдіреді. Басқаша айтқанда, метафора заттық және құбылыстық ұғымдарға атау беру үшін қызмет атқарады. Бір заттың бойындағы белгіні, қасиетті екінші зат атауының бойынан іздеу, ұқсату немесе теңестіру жалпы концептуалды метафораның басты шарты деген анықтама беріп жүрміз.
Метафораның жалпы тіл білімінде зерттелуін қарастырғанда, ол туралы түрлі бағыттағы көзқарастардың бар екенін байқаймыз. Ал қазақ тіл білімінде метафора туралы тікелей болмаса да, А. Байтұрсынұлы айтып кеткен: «Адамға дерексіз заттан гөрі деректі зат түсініктірек, жансыз заттың күйінен жанды заттың күйі танысырақ», – деген сөзі метафораларды жасауға қатысатын мағыналық бірліктердің – лексикология мен семасиологияның өзара бірлігін көрсетіп тұрғандай [1, 154].
Қ.Жұмалиевтің зерделеуінше теңеу мен метафора біртектес көркемдеу құралдары деп саналса, Д.Әлкебаеваның пікірінше, көптеген көркемдеуші құралдар метафораның бір бөлшектері. Нақтырақ айтқанда, теңеу – метафораның бір түрі. «Метафора троптың эпитет, теңеу, метонимия сияқты түрлерімен тығыз байланыста болады. Метафора табиғатынан теңеу, фразеологизмдер, перифразалар пайда болған. Метафора туралы осындай түрлі ғылыми көзқарастар негізінде оның ассоциациялық, коммуникативті-прагматикалық, стилистикалық фреймдер арқылы жасалатындығын көруге болады», – дейді ғалым [2, 112].
Осындай талдаулардан кейін профессор Д.А. Әлкебаеваның жоғарыдағы пікірін қуаттай отырып, біз де теңеу, перифраздардың түп негізі метафорадан жіктеліп шыққан деген ойға келеміз.
Ғылымда метафораны теңеуден айырудың өзіне тән белгілері бар екендігін ғалымдар көрсетіп жүр. Мәселен, Қ.Жұмалиев метафора мен теңеудің мынадай ұқсастықтары мен айырмашылықтарын көрсетеді:
«…теңеулердің жұрнағын қысқартсақ, метафора болып, метафораға теңеу жұрнақтарын жалғаса, теңеуге айналады. Екінші, теңеуде де, метафорада да екі нәрсе қатар алынады, әйтсе де, қазір бұл екеуінің арасындағы айырмасы да ашық нәрсе. Бірінші, теңеуде бір нәрсе екінші нәрсеге теңелсе, метафорада баланады. Теңеу: бұл – пәлендей, сол тәрізді секілді десе, метафора: бұл – соның өзі деп кесіп айтады. Мағына жағынан, әрине, екеуі бір емес. Екінші, теңеудің өзіне тән жұрнағы бар да, метафораның өзіне тән жалғау не басқа сөздері бар. Үшінші, теңеуде теңеу жұрнақтарының теңейтін сөзге жалғануы міндетті түрде болса, метафорада сөзге метафоралық мән беретін сөздер, не жалғаудың үнемі бола беруі міндетті емес. Төртінші, теңеуде теңелетін нәрсе мен теңейтін нәрсенің екеуі де ұдайы қарама-қарсы тұрса, метафорада ұқсастығы бар нәрсенің бір жағы қалып қоюы мүмкін. Бірақ контекст бойынша ол нәрсені оқушы қиялы арқылы түсіне алады» [3, 215].
Теңеу мен метафораға беріліп келген жоғарыдағыдай салыстырмалы анықтамалар («теңеуде сол секілді, тектес десе, метафорада соның дәл өзі» немесе «метафора – балайды, теңеу – теңейді» деген тәрізді) қазіргі тілдік талаптар тұрғысынан қарағанда, бұл бірліктердің толық сипатын, ерекшеліктерін нақты, дәл бере алмайтынына көз жеткіздік. Дәлірек айтқанда, осы анықтамалар арқылы нақты метафораның не екенін біз әлі тани алмай жүрген сияқтымыз. Сондықтан осындай анықтамаларды, әсіресе метафораға беріліп келген анықтаманың өзін қайта қарау қажет деп санаймыз. Себебі, метафоралардың жасалуы адамның ойлауы арқылы жүзеге асатын болғандықтан, бірінші кезекте бұл мәселені антропоөзектілік тұрғысынан қарастыруымыз керек. Демек, сөздердің жасалуы адамның ойлау жүйесі арқылы жүзеге асатынын зерделеу қажет деп ойлаймыз.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Метафора табиғатына танымдық аспектіден келетін болсақ, метафора арқылы дүние бейнесін, адамның тілдік бейнесін, болмыстың мазмұнын тануға болады. Метафораның мұндай қасиетін қазақ тіл біліміндегі өз зерттеулеріне антропоцентристік бағытты негіз етіп жүрген ғалымдардың еңбектерінен байқауға болады. Бұл мәселе алыс-жақын шетелдік зерттеулерде өткен ғасырдың 80-жылдарынан бастап зерттеу нысанына айналғандығын лингвистикалық еңбектерден көріп жүрміз.
Қазақ тіліндегі когнитивті метафораның жай күйі, оның жасалу механизмі, тілді, ойды дамытудағы қызметі, жалпы қазақ метафораларының зерттелуі, сипатталуы, ғылым тіліндегі танымдық, термин жасау қызметі теориялық тұрғыдан терең зерттеуді қажет етеді.
Сөздердің жасалуы адамның ойлау жүйесі арқылы жүзеге асатынын зерделеуде метафораны зерттеуші А. Сыбанбаеваның пікірімен біздің ойымыз да сәйкес келеді. «Адамның ақыл-ойы салыстыруға келе бермейтін семантикалық концептерді (ұғымдарды) салыстырудың нәтижесінде метафора туындайды. Сондықтан метафораның жасалу механизмін зерттеу – адамның ойлау процесін зерттеу деген сөз» [4, 22].
Зерттеу жұмысымызда жинақтаған метафоралардың бірі – қазақ мақал-мәтелдеріндегі «қыз» концептісінде келген метафоралық қолданыстар. Қызға қатысты концептуалды метафораның айтылым негізінде когнитивтік мән жатыр. Адресант адресаттың ұлттық танымына арқа сүйейді. Мысалы, «Қыз – өріс, ұл – қоныс» деген аталы сөздің танымдық негізі тереңде жатыр. Себебі, малдың өрістеп (ұзап) жайылуымен қыздың да өзге ауылға, елге ұзатылып кете баруы осы өріс метафорасымен концептуалданады. Әрине, бұндай метафоралар адамзаттың қызға байланысты тұжырым қабылдауында көп болар, бірақ қазақтың қызды дәріптеуінде ерекшелік бар екені айқын.
Қазақ тілінде өріс сөзінің түсіндірмесі сөздіктерде былай көрініс табады: Өріс І. Зат.
1. Ауыл маңынан шалғайлау, оты мол мал жайылымдық жер (малдың өріп, жайылуы негіз болған). 2. Ауыс. Білім-дәрежесі, дүниетанымы. 3. Ауыс. Үрім-бұтақ [5, 578]. Осы үш мағынаның негізінде өріс алды, өрісі кеңіді, өрісі тар секілді тұрақты сөз тіркестері қолданысқа енген. Осылардың ішінде өрісі кеңіді сөзі қыздың басқа елге ұзатылуына сәйкес келеді. Өйткені, қазақ дәстүрінде ұзатылған қыз өзінің туған ата-анасының, қала берді, рулас ағайын-туыстардың өрісін кеңейтеді, яғни жаңадан құда-жегжат, туыс тауып береді. Жаңа адамдармен алыс-беріс, барыс-келіс көбейеді. Демек, қызы бар елдің өрісінің (жақын-жуығының көбеюі) кеңеюі қызға тікелей байланысты. Сондықтан да қызы бар қазақ қыздарын жақсы тәрбие беріп, мәпелеп өсіруге тырысады.
Осы мақалдың мәнін тарқататын, одан әрі тереңдететін ел арасында басқа да мақалдар баршылық. Мысалы:
Екі ауылдың арасын жол қосады, Екі елдің арасын қыз қосады.
Қызың жақсы болса, өрісің кеңейеді, Ұлың жақсы болса, қонысың кеңейеді.
Астың дәмін келтірер түз емес пе, ел мен жерді қосатын қыз емес пе.
Ұлың үйленсе – ырысың, қызың орын тапса – өрісің.
Ұлың өссе, қанат болар, қызың өссе, жанат болар.
Осыған байланысты «қыз» сөзінің «өріс» сөзімен концептуалданып, метафоралануы – ұлттық танымның бір көрінісі деген тұжырым жасауға болады. Мақал-мәтелдердің құрылысы поэзияға ұқсас, тіпті бірдей болуына байланысты ондағы метафоралар да поэтикалық метафораларға жатады деп есептейміз.
Ұлттық таным негізінде туындаған метафоралар адам танымында ұқсату заңдылықтары арқылы туындап, жаңа мән үстеп, жасалады. Жалпы метафораның когнитивтік теориясы туралы Эрл Маккормак: «Метафораны танымдық үрдіс ретінде суреттеуді тілді жасаушы адам санасының терең құрылымдық сипатын түсінуіміз керек» дейтіндігі туралы Г.Т. Әбікенова «Концептуалды метафоралардың тілдік табиғаты» атты бөлімінде жазған болатын. Ғалым «Когнитивті лингвистика» атты еңбегінде шетелдік ғалымның когнитивтік лингвистикада метафораның зат-мағына-таңба үштігі шеңберінде қарастырылуына көңіл бөлетіндігін жазады [6, 56]. Концептуалды метафораның қызметі: болмыстағы бар заттармен теңестіру, ұқсату арқылы басқа затқа атау беру; абстрактілік мағынаны білдіретін жаңа ұғымдарды қалыптастыру.
Метафоралар образды ойлаудың биік шыңынан пайда болады деп ойлаймыз. Себебі ұқсату, балау, теңестіру үшін де біраз нәрселерді танып-білу қажет. Десе де, адамзаттың әр заманында өзінің ойлау деңгейіне сәйкес әр заманға сай метафоралар пайда болған. Сол себепті де метафоралардың пайда болғаны кеше ғана емес, ол мифологиямен тығыз байланысты ерте кезде пайда болды дегенге көңіл қоямыз. Осыған сәйкес ғалым К. Матыжанов «мифтің де метафораның да негізгі тұғыры – теңестіру, баламалау» екендігін айтады [7, 37].
Шындығында, мифологиялық ойлау деңгейіндегі тілдік бірліктердің, яғни метафоралардың тілдегі көріністері концептілер болып табылады. Өз кезегінде, мифологиялық архетиптердің тілдегі көріністері түрлі метафоралар, метонимиялар, фразеологизмдер, теңеулер арқылы беріліп отырады.
Ал мына төмендегі мақалдардың негізгі айтар ойы мүлде басқа. Судың түбін шым бекітер, Даудың түбін қыз бекітер.
Жерді шым, елді қыз біріктіреді.
Бұл мақалдар да қыздың өріс екенін білдіреді. Бірақ прагматикасы алдыңғы өріс мағынасынан сәл басқашалау. Себебі бұл өрістік мағынада дауды шын мәнінде қыз тоқтатпайды. Қызының жағдайын ойлаған төркін жұрты майда-шүйдеге мән бермеуге тырысады, қыздарының артынан сөз ертпеуге ұмтылады. Осылайша «даудың түбін қыз бекітер» деген сөздің мәні ашылады. Бұл – қыздың өріс екендігін білдіретін бірінші жағдай. Екінші жағдайға байланысты «Абай жолы» романынан мынадай мысал келтіруге болады. «Жолда» тарауында Бөжейлер Құнанбай үстінен арыз жазады. Абай да солармен бірге
Қарқаралыға жол тартады. Ол жерде Абай Шөже ақынды көреді. Алшынбай Құнанбай мен Бөжейді татуластырады. Татуластыру үшін Кәмшатты Бөжейге береді. Бөжей Кәмшатты алып кетеді. Бірақ анасынан ажыраған кішкентай Кәмшат «Шытырман» бөлімінде қайтыс болады. Міне, даудың түбін бітеу үшін қыз бергенін этнографиялық шығармадан, қазақ тарихынан көруімізге болады. Ел мен елді біріктіру үшін, өрісті кеңейтіп, қыз беру дәстүрі болғандығын осыдан көреміз.
Қазақта бұдан өзге «Қыз бала үйге жаққан бояу», «Қыз өссе – елдің көркі, Гүл өссе – жердің көркі» деген мақалдар да қыздың әдемілігінен хабар береді. Мұнда да қыздың қызылды-жасылды киінетінін білдіретін үйге жаққан бояу екендігімен метафораласа, екінші мақалда елдің көркімен метафоралайды.
«Қыз – өмірдің қызғалдағы» деген поэзия тіліндегі метафора да бүгінде тұрақталып келе жатқанын байқауымызға болады.
Ізденіс барысында жинақталған метафораларды: 1) толыққанды метафораланып, жаңа атауға айналған метафоралар және 2) стильдік метафоралар (немесе поэтикалық метафоралар) деп жіктеп қарауымызға болатын сияқты.
Әрбір тілдің даму барысында метафоралар әр дәуір түсінігіне сай пайда болған. Тіл, әдебиет тарихын зерттеуші ғалымдардың дәлелдеуінше, көне түркі дәуірінде де сол заманның өзіне лайықты метафоралары болған. Метафораларды ертедегі халықтың ауыз әдебиеті үлгілерінен де, қазіргі ақын-жазушылардың көркем шығармаларындағы өсиет өлеңдерден, айтыстар мен жырлардан, мақал-мәтелдерден де көптеп кездестіреміз. Мысалы, «Адам бір-біріне қонақ», «Досы жоқ адам – тұзы жоқ тағам», «Татулық – табылмас бақыт», «Жаман дос – көлеңке: басыңда күн барда қашып құтыла алмайсың, басыңа іс түссе іздеп таба алмайсың», «Дос – ажарың, жолдас – базарың», «Отансыз адам – ормансыз бұлбұл», «Қыз – қонақ», «Бауыр – шырын, бас – тәтті, Ағайынмен ішкен ас тәтті» деген сияқты мақалмәтелдер тұтасымен осындай метафораларға құрылған.
ҚОРЫТЫНДЫ
Белгілі бір атаудың метафора тәсілі арқылы басқа атауға ауысуы белгіленетін заттардың тұлға, түс, қимыл ерекшелігінің ұқсастығына негізделеді. Метафора – әртүрлі тілдердің бәрінде де бар құбылыс. Тілде сөз мағыналарының ауысу тәсілдерінің ішінде өте жиі кездесетіні және ең бастысы – метафора тәсілі. Метафора – құбылысының сөздің мағынасынан орын алуы соншалық, метафораның негізінде туған туынды мағынаның көп жағдайда туынды, келтірінді мағына екені бірден аңғарыла бермейді. Метафораның негізінде туған келтірінді мағына, әдетте сөздің туынды мағынасы ретінде қарастырылып орнығып кетеді. Мұндайда метафораның негізінде туған мағына сөздің сөздіктегі мағыналық мазмұнына еніп, оның туынды мағыналарының бірі ретінде қаралады. Сонымен қатар, метафора ұлттық дүниетаныммен тығыз байланысты. Қандай да болмасын этностың тек өзіне ғана тән дүниетанымдық түсініктері болады, яғни қандай да бір этностың басқаларға ұқсамайтын өзіндік ерекшелігі, өмір сүру дағдысы, адам және оның сол дүниедегі тіршілігіне деген көзқарасынан көрініс табады.

ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ
1 Байтұрсынов А. Шығармалары. Өлеңдер, аудармалар, зерттеулер. – Алматы: «Жазушы», 1989. – 320 б.
2 Әлкебаева Д. Қазақ тілінің прагмастилистикасы: оқулық. – А., «Қазақ университеті», 2014. – 247 б.
3 Жұмалиев Қ.Ж. Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері және Абай поэзиясының тілі. – 2-т. – Алматы: Қазақстан көркем-әдебиет баспасы; 215 б.
4 Сыбанбаева А. Метафораның тілдік болмысы және концептуалды метафоралар. – Алматы: Қазақ ун-ті баспасы, 2002. – 22 б.
5 Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі: 10 томдық. – Алматы: Ғылым, 1983. – 7-т. – 671 б.
6 Әбікенова Г.Т. Когнитивті лингвистика. Оқу құралы. Семей: М.О.Әуезов атындағы Семей университеті. 2008. – 118 бет.
7 Матыжанов К. Көркем ойдың көне бастаулары немесе миф пен метафора жөнінде бірер сөз.// Шәкәрім әлемі. Ғылыми-көркем журнал. -№2. Маусым.-2006. – 65 б.

У.У.Бекназарова
Национальный характер когнитивной метафоры (на основе пословиц)
Кызылординский государственный университер имени Коркыт Ата,
Кызылорда, Казахстан
Активное развитие когнитивных идей в лингвистике, а также важность когнитивной функции метафор привели к различию типов когнитивной/концептуальной метафоры, которую нельзя качественно отождествить как с художественными метафорами, так и с языковыми. Проблема единства истории, культуры, мышления, души национального языка, накопленная и хранящаяся в духовной сокровищнице казахского языка, имеет особое значение в языкознании. Но эти понятия, рожденные на основе добавления нового семантического пространства к привычному семантическому значению путем сравнения одного объекта с другим, показывают, что понятия образуют ментально-когнитивную форму когнитивной лингвистики и отражают языковую картину мира. Примеры метафоры в метафорических понятиях «девушка» анализируются в концептуализации метафоры, с точки зрения национального мировоззрения, степени мышления и национального самосознания каждой нации в создании метафоры, национальных особенностей в восприятии мира. Это выявило самобытность и языковую природу национального языка.

U.U. Beknazarova
National charachteristics of cognitive metaphors (based on proverbs and sayings )
Korkyt Ata Kyzylorda State University, Kyzylorda, Kazakhstan
In the article is presented metaphors in cognitive linguistics being national Kazakh language to be considered as spiritual adornment combining with history, culturally, morally with the spiritual knowledge, philosophy of people which has its own development and actuality in linguistics.
On the basis of comparison, simile in which one idea is understood in terms of another one based on adding new semantic sphere to the origin of the word as source domain that there refreshes the meanings of target domain and gives mental form of cognitive linguistics and reflects the linguistic image of the world. From the point of view of national worldview to the conceptual phenomenon of metaphor there are given the examples in the concept of girl in proverbs and sayings which are analyzed to determine the degree of thinking and national peculiarities of the worldview. There also summarized the characteristics of the language in the modern concept of science and concept of philosophy.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *