ЛИНГВОДИДАКТИКА ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУДЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Б.Ж.Курманова педагогика ғылымдарының докторы, Қ.Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры, Ақтөбе қ., Қазақстан, e-mail: baktigul_2001@mail.ru

ЛИНГВОДИДАКТИКА ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУДЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Мақалада лингводидактика мәселесі және қазақ тілін оқытудың жалпы әдістемелік ерекшеліктері туралы сөз етіледі. Лингводидактиканың зерттеу нысаны мен пәні қазіргі заман тұрғысынан талданады. Қазақ тілін оқытудың жаңа талаптары және оған әдістеменің сай болуының маңыздылығы қарастырылады. Қазақ тілін оқытудың жүйесі, оқытудың мақсаты, мазмұны, құралдары мен технологиялары Блум таксономиясын қолдану тұрғысынан қарастырылады. Мақалада, сонымен бірге, қазақ тілін оқытудың психологиялық ерекшеліктерінің жеке адамның психологиясы тұрғысынан негізделу туралы айтылады. Қазақ тілін оқытуда психолингвистика, әлеуметтік лингвистика, психодидактика ғылымдарының негіз болуының қажеттілігі және маңыздылығы қарастырылады. Ынтымақтастық педагогикасының қазіргі замандағы тіл үйрету жүйесіндегі ерекше орны туралы сөз етіледі. Қазақ тілін оқыту процесінің технологиялық компонентінің терең зерттелу қажеттілігі айтылады.
Түйін сөздер: лингводидактика, қазақ тілі, оқыту әдістері, жаңа талаптар, технология.

КІРІСПЕ

«Лингводидактика» терминінің пайда болуы мен тілдерді оқыту әдістемесіне қолданысқа енгізілуі Н.М. Шанскийдің есімімен байланысты айтылатыны белгілі [1]. Н.Д. Гальскова лингводидактиканы шет тілін оқыту теориясы ретінде ал әдістемен практикалық, эмпирикалық тәжірибе ретінде қарыстыруды ұсынады [2].
Қазақ тілін оқыту әдістемесінде ғалымдар «лингводидактика» терминін қарастырып келеді. Атап айтсақ, Р.Әмір [3], Қ.Қ.Қадашева [4,] Н.Құрман [5], Ж.Сүлейменова, [6] т.б. деуге болады.
«Әдістемелік терминдер сөздігінде» лингводидактикаға шет тілін оқытудың әдіснамалық негіздерін жасау үшін қажетті, тіл оқыту теориясы деген анықтама беріледі
[7].
Лингводидактиканы тілді оқытудың практикасымен тығыз байланыстыра қарайтын сала дегенге қосылғымыз келеді. Өйткені, практикасыз, тілді қалай оқыту керектігіне теориялық түсініктеме беру мүмкін емес. Сабақ беру процесінде қазақ тілінің қай бірліктерін, қай әдіспен, қандай жүйеде, нендей технологиялық құралдармен оқыту сапалы болады деген мәселелер анықталады. Соның нәтижесінде, белгілі бір әдістердің өзара байланыстылығы, комбинаторикасы мен олардың түзетін нәтижесі танылады.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Лингводидактиканың әдістеменің бір саласы ретінде қалыптасуында басты қызмет атқарып отырған құбылыс – тіл білімінің, психология ғылымының, әлеуметтік тіл білімі, психолингвистика, психодидактика, әлеуметтік педагогиканың, мәдениеттанудың, лингвомәдениеттанудың т.б. көптеген ғылым салаларының дамып-жетілуі. Көптеген ғылымдардың толыққанды мәліметтеріне сүйене келе, олардың түйіскен нүктесінде лингводидактика саласы күн санап қатайып, нәр алатын ғылым көздерінің арнасы да, саны да артып келеді.
Қазіргі тіл оқыту саласы бұрынғыдай ана тілін оқытуды ереже жаттаумен немесе екінші тіл оқытуда аударма жасаумен шектелетін кездермен салыстыруға келмейді [8]. Қазіргі кезде тілдің барлық дерлік қызмет ету қырларын тіл үйренушіге меңгерту мәселесі заман талабы болып отыр. Тілдің теориясынан да қажетті минимум тіл үйренуші үшін аса қажетті. Өйткені, қазіргі сауатты адамдардың тіл үйренуі барысында, қалай да негізгі тірек – грамматиканың заңына сүйеніп тіл үйренеді. Мәселе – грамматиканы жаттатып емес, оның сөйлем құралуындағы заңдылығын практика арқылы меңгертуде. Міне, осындай жағдай, қазақ тілін оқытуда психологияның, психолингвистика, әлеуметтік лингвистиканың әдістерін тіл оқыту саласына алып келу қажеттілігін көрсетеді, тіпті міндеттейді десе де болады. Осы ғылым салаларымен тығыз байланыстырылғанда ғана қазақ тлін оқытудың коммуникативтік бағыты толыққанды процесс бола алады деп санаймыз.
Өйткені қазіргі мектептегі оқушылар мен жоғары оқу орындарында аудиториялардағы студенттер – жаңа технологиялармен таныс, жаңа технологияның күнделікті өзгерісін, даму бағыты мен тынысын сезіп, біліп, анықтап, аздап болжап отыратын тұлғалар [9]. Оларға дәстүрлі оқыту құралдарымен қазақ тілін оқыту дамуын тежегіш сияқты көрінер еді. Дәл осы сияқты, қазақ тілін тек қана коммуникативтік бағытта оқыту керек деген түсінбестік болмағаны дұрыс. Тіл – саны қырлы қызмет атқаратын құбылыс. Әрине тілдің барлық қырлары толық танылып та болған жоқ. Дегенмен тілді оқытуда тек оның бір ғана қырын, әдебиет терминімен айтқанда, гротескілеп, үлкейтіп қолдану дұрыс болмас еді. Лингводидактиканың қажет тұсы – осындай қиылысы көп нүктелердің өзара үйлесімді функциясын табуға көмегі.
Мәтінмен жұмыс жасау әдістерін үйретудің бастау көзі — қазақ тілінен грамматикалық минимумға «дискурс» туралы «сөйлейтін ойдың туындауы» туралы теория [10]. Оқушыларды коммуникативтік қарым-қатынасқа түсуге дағдыландыру барысында дискурстық әдістерді, «сөйлеудің туындау» механизмдерін (тетіктерін), қазақ тілінің қоғам салаларында қызмет ету жайын – коммуникативтік-функционалдық грамматика, психолингивстика, мәтін, дискурс теориясы, мәтіннің туындау, қалыптасу, даму, айтылу барысының тәсілдері, барлығы толыққанды қолданылу керек.Студенттің, қазақ тілі сабақтарында немесе сабақтан тыс уақытта қазақша сөйлеп, қазақша ақпараттарды жаттап алуы керек. Оған көмектесетін сабақта қолданылатын жаңа инновациялық технологияларды сабақтастықпен, бірізділікпен қолдану дұрыс болады. М.Әуезовтің «Абай жолы романынан қазақ тілінің көрнекі мазмұнды тамаша мәтіндер жинағын қазақ тілін үйретудің коммуникативтік-функционалдық бағыты бойынша әзірлеп, сабақтастыра қолдану арқылы көптеген лингводидактикалық міндеттерді шешуге бір сабақтың өзінде қол жеткізуге болады.
Қазақ тілін ана тілі ретінде оқытуда және екінші тіл ретінде оқытудың көптеген ортақ ғылыми негіздері бар. Егер ана тілі ретінде оқытуда кез келген ақпаратты түсініп отырғанына сенімді болсақ, екінші тіл ретінде оқытуда ол аутентикалық мәтіндердің қиындықтары болатыны анық. Қазақ тілін оқытудың екі саласының да елімізде белгілі бір қалыптасқан әдістемелік жүйесі бар деп айта аламыз. Екі бағыттың ішкі өзіндік заңдылықтары екі түрлі әдістеменің қалыптасуына негіз болады [11]. Бірақ соңғы жылдары қазақстандық тіл үйрету тәжірибесінде болып жатқан көптеген өзгерістер, оның ішінде атап өтілетін мәселе — орта мектептердегі жаңашылдандырған оқу бағдарламасының мектепке енгізілуі, кәсіби қазақ тілінің оқытылуы, әлеуметтік ортада болып жатқан өзгерістетр, қазақ тілін ана тілі және екінші тіл ретінде оқытудың ортақ нүктесі – лингводидактика саласын қалыптастыруды қажет етеді.
Өйткені қазақ тілін ана тілі ретінде оқытудың ішкі ерекшеліктері бар, ол ерекшелік – елімізге түрлі шет елден келген бауырластарымызға қазақ тілін коммуникативтікфункционалдық бағытта оқытудың өзіндік айырмашалығы болмауын қарастыру. Яғни миграциялық процестер қазақ тілін ана тілі ретінде оқытудың ішкі заңдылықтарына ықпал етуі мүмкін, сол мәселелер де арнайы зерттелуі керек.
Ал қазақ тілін екінші тіл ретінде оқытуда үлкен бір ерекшелік бар, ол – орыстілді топтың басым көпшілігі қазақша білмейтін қазақтар болуы. Бұл жерде қазақ балаларына өздерінің ана тілін екінші тіл ретінде оқыту әдістерін қолданудың қаншалықты дұрыс екенін анықтау қиын. Бір жағынан, қазақ балалары өздерінің қазақша білмейтініне соншалықты сенімді. Ал екінші жағынан, сөйлеу жағдаятттары бар коммуникативтік жаттығулар орындатуда олар қазақ тілін білмейтін адам сияқты сөйлеу оларға тағы дұрыс емес сияқты болып көрінеді [12]. Бұл жерде психологияның этнопсихологиялық, әлеуметтік психологиялық, тіпті психодидактиканың мәліметтері қазақ тілін оқыту әдістемесіне теориялық негіздеме жасай алады Ал елімізге келіп жатқан көптеген шетелдіктердің қазақ тілін үйренуге деген сұранысы жоқтың қасы. Мұның себебін қазақ тілінің әлеуметтік лингвистикалық мәліметтер көрсете алады. Ал лингводидактика осындай көптеген мәселелердің тізгінін бір жерге ұстауға көмектесетін сала бола алады деп санаймыз.
Жалпы алып қарайтын болсақ, қазіргі мектептер мен университеттерде жастардың қазақ тілін ана тілі немесе екінші тіл ретінде оқып-білуінің арасында соншалықты айырмашылық жоқ болып барады. Бұл құбылыстың түптеп келгенде, қазақ тілінің табиғатына зиян келтірмеуін осы қазірден ойлау керек. Өйткені қазіргі қолға қарқынмен алынып, оқу процесінде басты орын беріліп отырған коммуникативтік бағытты жақтаушылар да бар, жақтамайтындар да бар. Екі жақтың да өзіндік айтар уәждері бары белгілі. Бірақ, қалай болғанда да қазақ тілінің байлығы мен болмысына зиян келтірмеуді алдымен ойлау керек болады.
Мектеп пен университеттерге, колледждерге т.б. оқу орындарына қазақ тілінен берілетін білім мазмұнын сұрыптауда дәстүрлі жүйедегідей, фонетикалық бірліктерден бастап құрмалас сөйлем түрлері, мәтінге дейінге аралықты тегіс оқытуға да болатын шығар. Бірақ заман өзгерістеріне қадағалай қарайтын болсақ, соны оқытатын аудитория мен мақсаты – бәріне бірдей болмайды.
Қазақ тілін оқытудағы коммуникативтік бағыттың іштей тармақтарын саралай қарастыратын болсақ, мәтінді негізгі орталық ету, елтанымды, лингвомәдениеттануды орталық нүкте етіп алу, көркеммәтін әлемін негізгі оқыту құралы етіп алу деген мәселелердің де шашыранды шешіліп жатқанын көреміз.
Қазақ тілін сапалы оқытудың тағы бір мәселелері – оқытудың жаңа технологиялары олардың ішіндегі сапалыларын оқу процесіне енгізу. Осы тұста, негізінен, қазақстандық тіл үйрету жүйесінде қолданылып жүрген бірнеше оқыту технологияларын атап өтейік.
 Қазақ тілін дәстүрлі оқыту жүйесі.  Жүйелі оқыту технологиясы
 Дамыта оқыту технологиясы.
 Коммуникативтік оқыту технологиясы.
 Шешендік өнерге үйрету технологиясы.
 Сатылы кешенді оқыту технологиясы.  Ақпараттық –коммуникативтік технологиясы  Жобалай оқыту технологиясы.
 Қарқынды оқыту технологиясы.
 Бселсенді оқыту технологиясы.
 Интерактивтік оқыту технологиясы.
Бұл технологиялар қазақ тілін оқытудың ана тілін оқыту, екінші тіл оқыту деген салаларының ара жігін анықтап тануға көмектескен зерттеулер негізінде жүйеге түсірілген. Дегенмен, олардың барлығының лингвистикалық, педагогикалық психологиялық тектікті мәселелерін бір арнаға тоғыстырып, «Лингводидактика» тұрғысынан ортақ теориялық негіздер жасалынуы керек. Осылай, әдістеменің күн сайын жаңарып жатқан, үздік теорияларын «лингводидактикалық негіздемеге жинақтап, енгізіп отыру керек. Студенттер мен оқушылардың қазақ тілін оқып-үйренуі процесінде қоолданылатын тиімді әдістәсілдерін де анықтап, талдап алу қажеттілігі туындап отыр.
Бұл айтылғандардың барлығы, қазақ тілін оқыту әдістемесінің ғылым саласы ретінде мойындалып, толықтырылып, жаңаланып отыруына ендігі ретте өзекті тұстарын орталықтандырып отыратын лингводидактика саласын қалыптастыру қажет екенін көрсетелі.

ҚОРЫТЫНДЫ

Білім алу процесіндегі екі субъектінің де – оқытушының да, оқушының да белсенді әдістер арқылы дүниетаным процесін жоғары деңгейге көтеруі басты міндет болып отыр. Қазақ тілін оқыту процесінде қазақ тілінің орасан теориялық және практикалық мүмкіндіктерін дидактикалық тұрғыдан бейімдей отырып, сапалы білім мазмұнын жүйелеу керек. Лингводидактика – тілді оқытудың теориялық бөлімі болса, әдістеме – практикалық бөлімі деген Н.Д.Гальскованың пікіріне қосылуға болады. Осы бағыттағы зерттеулерді қарқынды жүргзе отырып, қазақ тілін оқыту әдістемесінің де жаңа, сапалы деңгейге көтерілуіне жаңа жолдары қалыптастырылады. Қазақ тілін оқыту әдістемесінің теориялық негіздемелерін, жаңа оқыту технологияларын қолдану мен жаңартылған оқу бағдарламаларын сапалы іске асырудың жолдарын бір арнада қарастыру үшін лингводидактиканың қажеттілігі зор деп сөзімізді қорытамыз.

ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ
1 Шанский Н.М. Русское языкознание и лингводидактика. – Москва: Русский язык, 1985. – 239 с.
2 Гальскова Н.Д. Лингводидактика. – Москва: ИИУ МГОУ. – 2014. – 242 с.
3 Әмір Р. Қазақ лингвистикасы және лингводидактика мәселелері [Электрондыќ ресурс]: оқу құралы / Р. Әмір. — Алматы : Қазақ университеті, 2006. — 287 бет. – Языкознание (эл. копия кн.). – ISBN 9965-12-983-5 : Б. ц. 4 Қадашева Қ. Қазақ тілі: оқытудың тиімді әдістері. А. – 2000.
5 Құрман Н. Қазақ тілін оқытудың әдіснамалық ненгіздері. – Астана,. 2008. – 160 б.
6 Сүлейменова Ж. Қазақ тілін оқытудың кейбір мәселелері. – А. – 2001.
7 Словарь методических терминов. – Москва: ИКАР, 2009. – 448 с. 8 Жұбанова М. Құдайберген Жұбанов ұлттық лингводидактика проблемалары хақында. Алматы: Ғылым. – 2002.
9 Курманова Б.Ж. Жоғары оқу орындарында қазақ тілін оқытуда ақпараттықкоммуникауиялық технологияларды пайдаланудың ғылыми-әдістемелік негіздері. – Ақтөбе, 2009. 180 б.
10 Демьянков В.З. Продуцирование, или порождение речи // Краткий словарь когнитивных терминов. М.: Изд-во МГУ, 1996. С. 129-134.
11 Кубрякова Е.С., Шахнарович А.М., Сахарный Л.В. Человеческий фактор в языке:
язык и порождение речи. М.: Наука, 1991.
12 Савицкий В.М. Порождение речи: дискурсивный подход. Самара: Изд-во ПГСГА. – 2013.

Б.Ж. Курманова
Лингводидактика и актуальные проблемы обучения казахскому языку
АРГУ имени К.К. Жубанова, г.Актобе, Казахстан
В статье рассматриваются проблемы лингводидактики и общие методологические вопросы обучения казахскому языку. С современной точки зрения анализируются объект и предмет исследования лингводидактики. Рассматримаются новые требования к преподаванию казахского языка. Система обучения казахскому языку, цель, содержание, инструменты и технологии обучения исследуются с точки зрения таксономии Блума. В статье также рассматривается целесообразность преподавания казахского языка с позиций психологии личности. Рассмотрена важность и значимость психолингвистики, социальной лингвистики и психодидактики в преподавании казахского языка. Пронализировано значение технологии сотрудничества в современной системе обучения языкам. Необходимо углубленное изучение технологической составляющей процесса обучения казахскому языку.

B. Kurmanova
Lingual didactics and actual problems of teaching the kazakh language
Zhubanov Aktobe Regional State University,
Aktobe, Kazakhstan The article discusses the problems of linguodidactics and general methodological issues of teaching the Kazakh language. From the modern point of view, the object and subject of the study of linguodidactics are analyzed. New requirements for teaching the Kazakh language are considered. The system of teaching the Kazakh language, the purpose, content, tools and teaching technologies are considered from the point of view of Bloom’s taxonomy. The article also discusses the feasibility of teaching the Kazakh language from the perspective of personality psychology. The importance and significance of psycholinguistics, social linguistics and psychodidactics in the teaching of the Kazakh language are considered. The importance of the place of cooperation technology in the modern system of language teaching is analyzed. An in-depth study of the technological component of the process of teaching the Kazakh language is necessary.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *