КӨРКЕМ СӨЗДІҢ МӘЙЕГІ

КӨРКЕМ СӨЗДІҢ МӘЙЕГІ

Шаридияр Валиханов
Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты, Арқалық қаласы

Ғабиден Мұстафин – тіл ұстасы. Жазушы шығармалары нақтылы, шешен, кесек-кесек ой төккен сөз оралымдарымен ерекшеленеді. Жазушы «Қарағанды» романын қаламгерлік қарымы, суреткерлік алымы мейлінше даралана түскен, айқындалып, танылған уақытта жазғанын білеміз.
Осы шығарманың баяндау тілінде де, кейіпкерлердің өзара тіл қатысуында да түйдек-түйдек шешендік сөз үлгілері жүргені – қаламгердің жазу стиліндегі қалыпты жағдай.
«Жел кірмеске сөз кіреді, жер көтерместі ой көтереді», – дейді жазушы Мейрамның Ермекпен әңгімелесе отырып, іші-бауырына кіре, бүркеген сырларын аша сөйлеген сәтін сипаттап.
«Өтпес пышақ жан қинарды» – жазушы халық тіліндегі «Өтпес пышақ қол кесер» мәтелін өзгертіп, өз қалауынша қолдануды айтады. Дұрыс ұшталмаған қайланың ұшына қиыстыра сөйлейді.
«Қасқырдан қасқыр, қарғадан қарға туады» дейді Ермек Мейрамның ататегі байдан емес пе дегенді білгісі келіп сұрағанда.
Жазушы осы романда уақыттың бағытын, өткен дәуірдің тап деген, бай деген, басқа деген саяси құбылыс, ахуалын кейіпкерлер әлеміндегі ірілі-ұсақты қақтығыс, келіспеушілік, сенімсіздік жайларында астарлап, қоса алып отырады. Мұның себебі, ең әуелі, қаламгердің мезгіл, уақыт ауанын шынайы көрсету ниетінен өрістеген көркемдік мұратпен астасып жатыр.
«– Сіз не деп барасыз?! – деп жаңа ғана тура қарады Ермек. Қанды көзі лап еткен оттай жанып кетті» – «Промпартия» дегендер басқа отаннан келді ме? Осы шахтаның ішінде қой терісін жамылған кулактар, кулакшылдар жоқ па? Солар да социализм жасамақ па?
Ермектің тапқырағылығына сүйсінсе де, «кулакшылар» дегені, «қасқырдан қасқыр, қарғадан қарға туады» дегенін қайталап тұрғандай көрінді Мейрамға» [1, 39 б.].
«Қырағылық жауды көруге ғана емес, досты көруге де керек», – дейді Мейрам Ермекке.
Шахтадан тысқа шығып, көктемгі кең тынысты дала көрінісін тамашалай түскен Мейрам көңілі шалқып:
«Ыстық екен туған жер, қызық екен, туған ел», – дейді тағы.
Жазушы орайы келгенде, халық тіліндегі шешен тіркес, мақал-мәтелді ұтымды ұқсатып кейіпкерлерінің сөзін дәмдеу үшін үстемелеп, қосып отыруды да қазақы табиғаттың ерекшелігіне орай жасайды. Бәйтен тентек суды тез жеткізе қоймадық деп жекіре сөйлеген су тасушы шалдың «Ауыл итінің құйрығы қайқы» дегенді қолданбасына болмайтындай.
«Қарағанды» романында кең жайылған, сансыз «Уақыт аз, іс көп», «Ерте туып, кеш қалу», «Қиындыққа қорқу айла емес», «Арық үйге мүсіркей, семіз көңілге семіре қарау» сияқты өзіндік қолданыстар, «Жоқтық жомарттың қолын байлайды», «Бет моншағы түсу», «Көзі жаңа ашылу» т.б. дегендей фразеологизмдермен сабақтасып өріліп отыратын баяндау, диалог сөздер шығарманың динамикасын үдете түсіп, ой мұратын өткірлей түсіп отырады.
«Басынан сөз асырмау» деген тұрақты тіркесті жазушы Мейрам көзімен сүйсіне сипаттаған шаруа үстіндегі бала жігіттің көп ортасындағы еркін, жарқын мінезіне орай баяндауында «Көлденең сөз өткізбейді» деп өз қалауынша, суреткерлік сөз жасам бағытында қолданған.
Ғабиден Мұстафиннің халықтың қалың, қайнаған ортасынан шыққан қарапайым жұмысшы адамдарының шешен, шебер сөйлеуі табиғи.
Халық әдебиетінің байырғы авторлары солардай от тілді, орақ ауызды, тапқыштар мен айтқыштар болғандығы даусыз.
Ғабиден Мұстафин сөз өнері дейтін өнер дарыған сөзге тоқтап, сөз қадірін білген халқының реті келгенде, негізінен қай баласы да суырылып сұлу сөйлей білетінін естен шығармаған.
«Қыс келер әлі қылышын сүйреп», «Қарағанды» романында авторлық баяндау да, кейіпкер сөзі де бояуы қанық, образды оралымдармен өріліп отырады да, автор баяндау тілінің де, кейіпкер тілінің де айқын даралығын, аражігін нәзік сезімталдықпен ұстанып отырып жазу тәсілін еркін меңгергенін, шеберлікпен игергенін ұдайы танытады.
«Мың асқынға, бір тосқын», «Он төртте отау иесі», «Тең теңімен, тезек қабымен», «Жалғыз жүріп адас», «Ана көрген тон пішеді», т.б. мақал-мәтел үлгілерін жазушы көбіне баяндау тілінде емес, кейіпкер тілінде қолданған.
«– «Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді деген осы, – деді Жайлаубай», «– «Ер кезегі үшке дейін» дегеніңіз бе? Ер екенімді қайдан білдіңіз?», «– Жақсы қаулы жарым іс. Оның орындалуын қадағаласаң ғана толық іске айналады», «– Бәрекелде! «Бітер істің басына, жақсы келер қасына». Кәне, үй жаққа баралық…», «– Қозғалма. Жиен шіркін ел бола ма! – деп қалжыңдады Жайлаубай. – Қымыз әкел. Қашқалы отыр.
– Асығыс шығар, – деді Шекер. – Жиен ел болады малы болса, желке ас болады жалы болса. Мейрамжанда екеуі де бар, кемітпе», «– Ардақ десе Ардақ. Сызылып тұрғаны. Ақылы қандай, аңдамай аяқ баспайды. «Ата көрген оқ жонады, ана көрген тон пішеді». Көргенді бала. Бір мен емес, жұрттың бәрі ұнатады. Құдай жазса шырағым, жіберме осы баланы».
Жазушы баяндау тілінде тұрақты тіркес, фразеологизмдерді басым қолдануында да өзіндік талғамды, талапшыл сөз құрау, сөйлем өру дағдысын қалыптастырған. «Күнше күркіреп, жұртты дуылдата келген «бірінші бесжылдықтың» балалары екен».
«Темір төңгелегінің жалпақтығы жарты метр, екі белдіктің арасынан көш өткендей».
«Орлов көптен көрсетпеген мінездерін көрсетіп отыр. Тәжірибелі қарт инженер «Шахта оқиғасынан» кейін жүні жығылып қалған, аз сөйлеп, бойын аулақ ұстап жүретін».
«Түтін саны көп, аумағы ат шаптырым».
«Ертең ол еңбек айлық жерді алты аттайтын социалистік индустрияның тұлпарына мінгізеді…».
«Әлемді алақанына сала, бәрін көре сөйледі».
«Бұдан әрі сөйлесе қатты кететін түрі бар».
«Көңіл тарылғанда, дүниенің кеңдігінен не пайда!».
«Кімнің тарысы піссе, соның тауығы». «Ардақтың денесі дір етті, төбеден суық су құйып жібергендей болды». «Қас қабағына қарап, ұршықтай үйірілген жалғыз қызы советтік болып бара жатқан соң, қаттырақ айтып, қайырып алмақ еді».
«Алыстағыны атпен тартқан, жақындағыны жаяу айдаған вагоншілер ерсілі-қарсылы сапырылысып жатыр».
«Ұстарадай өткір жастық өмір қасаңдарына өтпей жатыр».
«Сүтке тойған қозыдай бүкжиіп жатса да, тұнық көзінен толқыған ойы көрініп тұр».
«Қарағанды» – халық тілінің тоқтамды, қанатты сөз байламдарына мейлінше бай шығарма.
Ғабиден Мұстафин қаламының дара жазу машығын айқындай түскен қанатты тіркестерді ұтымды қолдану үлгісі осы романда да соншалықты анық.

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Мұстафин Ғ. Қарағанды. – Алматы, 1952. – 386 б.


Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *