Қ.Н. Шохаева докторант, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, е-mail:
shohaeva1976@mail.ru
КӘСІБИ ТІЛ МЕН ІСКЕРИ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАҒЫ СӨЙЛЕУ ТІЛІНІҢ АРА ҚАТЫНАСЫ
Мақалада іскери қарым-қатынастағы сөйлеу мен кәсіби тілдің ұқсастығы мен айырмашылықтары да сөз болады. Іскерлік қарым-қатынастағы сөйлеу ауызша тілдік қатынастың бір формасы екені дәлелденеді. Іскерлік қарым-қатынастағы сөйлеу динамикалық, психологиялық, мәдени ерекшеліктерге ие екені көрсетіледі. Динамикалық ерекшелік тілдік бірліктердің сөйлеу ағымына түсіп, үнемі қозғалыстық күйде болатынымен түсіндіріледі. Психологиялық ерекшелік іскери қарым-қатынастағы коммуниканттардың психологиясында орын алатын индивидуалды психологизм мәселелері аясында талданады. Айтылым, тыңдалым әрекетіндегі психологиялық процестерге ерекше мән беріледі. Интерпсихикалық процестер мен интрапсихикалық процестердің іскери қарым-қатынастағы қызметі анықталады.
Кілт сөздер: тіл және сөйлеу, динамика, индивидуалды психологизм, айтылым, тыңдалым, интерпсихикалық, интрапсихикалық актуализация, ойлау операциясы, этикалық норма, моральдық норма.
КІРІСПЕ
Іскери қарым-қатынастағы сөйлеу – кәсіби деңгейді талап ететін, формалық жақтан да, мазмұндық жақтан да өзіндік ерекшеліктерге ие тілдік қатынас формасы. Іскери қарымқатынастағы сөйлеу белгілі бір кәсіппен айналысатын адамдар арасындағы тілдік қатынас заңдылықтарын анықтаумен ерекшеленеді. Дәлірек айтқанда, кәсіби деңгейі тең немесе ортақ кәсіппен айналысатын адамдар арасындағы жүзеге асатын сөйлеу процесі.
Іскери қарым-қатынастағы сөйлеу мен кәсіби тіл өте ұқсас, алайда олардың өзіндік ерекшеліктері бар. Кәсіби тіл – әдеби нормаға қатаң бағынатын, әбден қалыпқа түскен, жүйеленген, сұрыпталған нормаланған кәсіби салаға қатысты тілдік бірліктердің, элементтердің таңбалық жүйесі. Сондықтан аргумент, факт ретінде қолдануға болатын, тілдік заңдылықтарды нақты анықтауға мүмкіндік беретін статикалық құбылысқа жатады. Ғалым Т.Қордабаев сөйлеу мен тілдің айырмашылығы туралы былайша тұжырым жасайды: «Тіл мен сөйлеу бір-бірімен айырылмастық бірлікте болатындарына қарамастан бұл екеуінің бірлігі тепе-теңдік бірлік емес, әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар диалектикалық бірлік. Тіл дегеннен оның құрамына енетін дыбыстарды, сөздерді, грамматикалық формалар мен үлгілерді түсінеміз. Тіл дегеніміз – сөйлеуге қажетті материалдардың жиынтығы. Ф.де Соссюрше айтқанда, қоймасы. Ал сөйлеу – сол жансыз материалдардың өзара қарымқатынасқа келуі, тілдің қимыл үстіндегі күйі. Тілдің жаны, тіршілігі – сөйлеуде. Сөйлеу процесінде тілдік материалдар жанданып, өз бойындағы мағыналық мүмкіндіктерін жанжақты көрсете алады. Бірақ сол мүмкіндікті әркім өз шама-шарқынша пайдаланады: біреулер оның ішіндегі асылдарын іріктеп алып, оларды өз мақсаттарына лайықты тиісті орындарына қоя білсе, енді біреулерде ондай шеберлік, дарындылық болмайды. Осыдан келеді де тіл шұбарлығы, тіл мәдениетсіздігі пайда болады, қоғамдық сипатты тіл жеке адамдардың сөйлеу процесінде даралық сипатқа ие болады. Тіл мен сөйлеудің бір-бірінен өзгешелігі осында. Тілге жақсы, жаман, мәдениетті, мәдениетсіз деген сын жүрмейді. Осы себептен «тіл мәдениеті» деуден гөрі «сөйлеу мәдениеті» деу мазмұнға сай келеді. Бұл айтылғандардан тіл мен сөйлеу арасындағы бірлік пен өзгешелікті кеңірек, тереңірек зерттей түсу қажеттігі байқалады», — дейді [1, 118-119]. Ғалым атап көрсеткен сөйлеуге тән ерекшеліктер іскери қарым-қатынастағы сөйлеуге де тән. Іскери қарым-қатынастағы сөйлеу немесе кәсіби деңгейдегі тілдік қатынасқа тән ерекшеліктерді анықтайтын белгілерді былайша көрсетуге болады:
1) Динамикалық белгі; 2) Мәдени белгі;
3) Психологиялық белгі.
Іскери қарым-қатынастағы сөйлеуге тән динамикалық белгі тілдік бірліктердің қозғалыстық қасеитке ие болуымен анықталады. Оны айқындаудың бірнеше факторы бар: біріншіден, тілдік бірліктердің дыбысталу немесе айту процесінде жұмсалып, сөйлеу ағымына түсуі; екіншіден, тілдік қатынас дыбысталу, айту арқылы жүзеге асатындықтан, мән-мағынаның есту, тыңдау арқылы қабылдануы; үшіншіден, тілдік бірліктерді коммуниканттар өз мүмкіндігіне қарай іріктеп қолдана алуы; төртіншіден, коммуниканттар арасында сұрақ қою, жауап беру, қарсы пікір айту арқылы қостау әрекетінің жүзеге асуы. Сөйлеу лингвистикасын зерттеуші ғалым Н.А.Ильясова «адамдардың сұрақ қоюы, жауап қайтаруы, қарсы пікір айтуы арқылы қостау әрекеті көрініс табатын сөйлеудің түрін ауызша сөйлеу деп атаймыз»,-дейді [2, 117]. Осы тұжырымның негізін басшылыққа ала отырып, іскери қарым-қатынастағы сөйлеуді ауызша сөйлеу формасындағы тілдік қатынас деп танимыз. Тілдік қатынас теориясын зерттеуші ғалым Ф.Оразбаева: «Тілдік қатынасты дыбыстық және графикалық таңбалардың әмбебап жүйесі деп танысақ, онда тілдің таңбалар жүйесі тілдік қатынастың жазбаша түрі болады да, тілдің дыбысталу жүйесі тілдік қатынастың ауызша түрі болып табылады»,-дейді [ 3, 234]. Ғалымның тұжырымынан тілдік қатынастың екі түрін көріп отырмыз. Олар: ауызша және жазбаша тілдік қатынастар. Ғалым ауызша тілдік қатынасқа тән мынадай ерекшелікті атап көрсетеді: «Ауызша тілдік қатынас адамның сөйлеу қабілетіне қарай өзгеріп отырады және мұнда тілдік қатынастың әртүрлі қызметі /эмоциялық, экспрессивтік, байланыстырушылық т.б./ іске асады» [3, 235].
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Ауызша тілдік қатынастағы эмоциялық қызмет психологиялық белгіні айқындаудың бірден-бір көрсеткіші болып табылады. Психологиялық белгі сөйлеу әрекетінде болатын процестер арқылы анықталатыны баршаға белгілі. Тілдегі психологизм мәселесі аса күрделі, сан қырлы зерттеулермен толығып келеді. Сөйлеу әрекетінің теориясы ретінде орнығып, психолингвистика ғылымы да қалыптасты. Іскери қарым-қатынастағы сөйлеудің психологиялық белгісі соның бір бөлшегі деп тануға болады. Психологиялық зерттеулерде индивидуалды психологизм және әлеуметтік психологизм бағыты орныққаны да белгілі. Іскери қарым-қатынастағы сөйлеуде индивидуалды психологизм мәселелері айқын көрініс табады. Индивидуалды психологизмнің негізін салған ғалым Герман Пауль «Принципы истории языка» атты еңбегінде индивидуалды психологизмнің басты ерекшеліктеріне талдау жасайды. Сөйлеу әрекетіндегі дыбыстау мен оның образы, акустикалық қасиеті, онымен байланысты сезімдердің көрініс табуы индивидуалды психологизмге тән ерекшеліктер екенін айтады. Тілдік элементтердің сөйлеу әрекеті барысында ғана адам санасында ассоцацияланатынын алға тартады. Индивидуалды психологизм айтылым, тыңдалым кезіндегі психикалық процестерді анықтайтын категориялар деп таниды. Мұндай психологиялық категориялар сөйлеу ағымы кезінде аса байқала бермеуі мүмкін екенін айтады [4]. Психолингвистиканың негізін қалаған немістің көрнекті ғалымы Г.Паульдың тұжырымдары негізінде іскери қарым-қатынастағы сөйлеудің психологиялық ерекшелігін былайша сипаттауға болады: іскери қарым-қатынастағы сөйлеудің психологиялық белгісі айтылым, тыңдалым әрекеті барысындағы психологиялық процестерден көрініс табады. Оған сөйлеуші мен тыңдаушының ойды жеткізу барысындағы ішкі психологиялық дайындығы, ақпаратты қабылдау кезіндегі тыңдаушының сезімі, сұрақ қою, жауап беру, қарсы пікір айту барысындағы коммуниканттардың эмоционалдық жай-күйі т.б. сияқты психологиялық процестерді жатқызуға болады. Бұл психологиялық процестер индивидуалдық тәжірибе арқылы әрбір коммуниканттың жан-дүниесінен өтеді. Әр адамның сөйлеу әрекеті әлеуметтік ортада ғана жүзеге асатындықтан индивидуалды психологизмнің өзі әлеуметтік сипатқа ие болады. Әрбір коммуникант әлеуметтік ортаның мүшесі.
Сондықтан коммуниканттар арасында интерпсихикалық процестер алмасып отырады. Қазіргі ғылыми танымда бұд процесті актуализациялық құбылыс деп қарастырылып келеді. А.А.Залевская актуализацияның бұл түрін интерпсихикалық (әлеуметтік) танымнан интрапсихикалық (индивидуалдық) танымға өту тұрғысында түсіндіреді. Ғалым табиғи тіл адамның өзіндік өңдеуінен, индивидуалдық тәжірибесінен өтіп, таным мен пікіралысудың өнімі ретінде баршаның назарына іліккенін, егер тілді психикалық процесс деп танысақ, ақпарат көзін оның эксперименті деп танитынын айтады [5]. Ғалымның «Пора отказаться от устаревшего дуалистического подхода к языку и когниции, взамен которого надо определить новые концептуально-теоретические рамки для когнитивных исследований языка. Построенная в этих рамках теория должна быть в состоянии объяснить язык как биологически, социально и экологически обусловленное интеракциональное поведение, в котором рождается интеллект. Предметной областью наук о языке должна стать биологическая реальность языка – в этом залог преодоления методологического застоя и выхода когнитивной науки на новые рубежи познания» [5, 61] деген тұжырымын ескере келе, іскери қарым-қатынастағы психологиялық процестерді осы мақсатта айқындаған жөн деп санаймыз. Олай дейтін себебіміз, іскери қарым-қатынас интеллектуалдық қабілетті қажет етеді. Интеллектуалдық қабілет жекелеген адамдардың жан-дүниесінде қабылдау, есте сақтау, елестету, ойлай алу, бейелей алу, көңіл аудару т.б. сияқты танымдық қасиеттердің болуы. Бұл – өмірдегі жаңа тапсырмаларды ұтымды орындауда көрініс табатын ақыл-ой жұмысының нәтижесі. Іскери қарым-қатынас жаңа тапсырмаларды, жаңа міндеттерді орындау үшін, жаңа мақсаттарға жету үшін жасалады. Тілдік қатынасқа түсуші коммуниканттардың әрқайсысының өзіндік мүддесі болады. Сондықтан іскери қарымқатынастағы сөйлеу индивидуалды-психологиялық ерекшелікке ие. Іскери қарым-қатынаста интеллектуалды қабілет, ақыл-ой жұмысы аса маңызды орын алады. Интеллектуалдық қабілетін дамыту арқылы адам кәсіби шеберлікке қол жеткізетінін С.Л.Рубенштейн, Б.М.Теплов, В.Н.Дружинин т.б. сияқты психолог ғалымдар концептуалдық тұрғыда дәлелдеп берген болатын. Олай болса, іскери қарым-қатынастағы психологиялық белгіні қарымқатынасқа түсушілердің өзіндік мақсат-мүддесіне байланысты анықтаймыз. Қарымқатынастың бұл түріндегі психологиялық белгі мынадай факторлар арқылы анықталады:
1) Түсіне алу;
2) саралай алу (умазаключение);
3) ойлау операцияларын жүзеге асыра алу.
Түсіне алу сөйлеу ағымындағы сөздер, сөйлемдер арқылы айтылған заттар мен құбылыстардың мәнін-мағынасын, олардың байланысын, қарым-қатынасын анықтауға қызмет атқарады.
Саралай алу тілдік қатына барысында талданып жатқан заттар мен құбылыстарды аса жауапкершілікпен зерттеу үшін, логикалық тұрғыда шешім шығара алуға қызмет атқарады.
Ойлау операцияларын жүзеге асыра алу іскери қарым-қатынаста талқыланып жатқан мәселені анализ жасауға, салыстыруға, нақтылауға, классификациялауға, синтез жасауға қызмет атқарады.
Іскери қарым-қатынаста сөйлеудің мәдени белгісі этикалық нормалар арқылы анықталады. Этикалық норма ресми статуста сөйлеу, уақыт мөлшерін дұрыс пайдалану, моральдық нормаларды сақтау, байланыс орнатуда этикеттік жағдаяттағы тілдік қолданыстары пайдалану т.б. сияқты заңдылықтарды реттейді. Сондықтан реттеушілік қызмет атқарады.
Ресми статуста сөйлеу істің, кәсіптің басы-қасында жүрген басқарушы адамдардың, істі-кәсіпті жүргізіп отырған кәсіби қызметкерлердің, әлеуметтік мәселесімен айналысатын қызметшілердің барлығына ортақ. Алайда, коммуниканттардың кәсіби дәрежесіне қарай «жоғарыдан төмен», «төменнен жоғары», «вертикальды», «горизантальды» іскери қарымқатынасқа байланысты ресми статуста сөйлеудің өзіндік ерекшеліктері болады.
Келіссөз жүргізу барысындағы іскери қарым-қатынасқа ресми статусы жоғары коммуниканттар (басқарушылар) түседі. Іскери қарым-қатынастың бұл түрінде олар басшылық статусқа сай тілдік этикеттерді қолданады.
Іске, кәсіпке байланысты әңгімелесу, пікіралысу барысындағы қарым-қатынас бәріне ортақ мәселені шешу үшін жүзеге асады. Қарым-қатынастың бұл түрінде басшылардың да, қызметкерлердің де ресми статусы теңесіп, горизантальды байланыс орнайды. Барлық коммуниканттар кәсіби маман статусы деңгейіндегі этикалық қолданыстарды пайдаланады.
Іскерлік кеңес жүргізу барысындағы қарым-қатынаста кеңес беруші коммуникант кәсіби құзіреттілікке ие маман статусы деңгейіне сай сөйлеу этикетін қолданады.
Іскери қарым-қатынастағы сөйлеу этикеті тек кәсіби мамандардың арасында ғана емес, оларға қызмет жасайтын әлеуметтік топ мүшелерімен сөйлесу барысында да жүзеге асады. Белгілі бір істі, кәсіпті басқарып отырған басшы өзінің қарамағындағы күзетші, еден жуушы, аспазшы т.б. сияқты қызметшілерімен де тілдік қатынасқа түседі. Қатынастың бұл түрін вертикалды қатынас деп атайды. Вертикалды қатынаста басшы да, басқа коммуниканттар да ресми статустағы тілдік этикеттерді қолданбайды, моральдық нормадағы этикеттік қолданыстарды пайдаланады. Мысалы, сәлемдесу, алғыс айту, өтініш білдіру т.б.
Уақыт мөлшерін дұрыс пайдалану мәдениеті іскери қарым-қатынастағы аса маңызды мәселе. «Сөйлеу уақытын мөлшерлі пайдалану – ұлттық мәдени дәстүрлермен, кәсіби этикалық ұстанымдармен айқындалатын бекітілген өлшемдерге бағыну», – дейді А.С.Қыдыршаев [6, 25].
ҚОРЫТЫНДЫ
Іскери қарым-қатынас мемелекетаралық, ұлтаралық байланыстар деңгейінде болған жағдайда, әр мемелекеттің, ұлттың дәстүріне сай уақыт сөйлеу уақытының регламенті, пікіралысу уақытының реглементі, т.б. мөлшері белгіленеді. Бүкіл айтылатын ой-пікіріңізді сол белгіленген уақытқа сыйғызып жеткізу мәдениеттіліктің, парасаттылықтың белгісіне жатады.
Іскери қарым-қатынаста моральдық нормаларды сақтаудың жолын көрсететін бірнеше факторларды ерекше атауға болады. Іскери қарым-қатынасқа бір-біріне симпатиясы немесе антипатиясы бар коммуниканттар түсе береді. Іскери қарым-қатынас ресми қатынас болғандықтан олар ішкі сезімдерін білдірмеуі тиіс. Іскери қарым-қатынастың вертикалды түрінде әлеуметтік статусы жоғары және төмен деңгейдегі адамдар тілдік қатынасқа түседі дегенбіз. Осы жағдайда әлеуметтік статусы жоғары адамдардың өктем сөйлеуіне болмайды, әлеуметтік статусы төмен адамдар субординация сақтап сөйлеуі тиіс. Іскери қарым қатынаста коммуниканттардың кез келгеніне инвективті лексикадағы тілдік қолданыстарды пайдалануға тыйым салынады. Дәлірек айтқанда, былапыт сөздер, қарғыс сөздер, балағат сөздерге мүлдем жол берілмейді. Жаргондар, архаизмдер, диалектілер де ресми сипаты жоқ, баршаға түсінікті емес сөздер болғандықтан, оларды да қолдануға болмайды. Іскери қарымқатынаста мұндай фактілер орын алып жатса, моральдық норманың бұзылуы болып табылады. Моральдық норма адамгершілік борышты сақтау, ешкімді қорламау қызметін атқарады.
Іскери қарым-қатынаста этикеттік жағдаяттарды назарда берік ұстау және оны қолдану аса маңызды мәселеге жатады. Этикеттік жағдаяттағы тілдік қолданыстарға сәлемдесу, рұқсат сұрау, кешірім сұрау, ілтипат көрсету, мадақтау т.б. жатады. Бұлар іскери қарымқатынас барысында позитивті орта қалыптастыруға,неготивті эмоцияның деңгейін төмендетуге зор ықпал етеді.
Қорыта келгенде, іскери қарым-қатынас барысында сөйлеу ресми, мәдени, индивидуалды-психологиялық, динамикалық сипатымен ерекшеленеді.
ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ
1 Қордабаев Т. Қазақ тіл білімінің қалыптасу, даму жолдары. Алматы. Мектеп, – 1987. – 124 б.
2 Ильясова Н.А. Тілдік бірліктердің коммуникативтік-танымдық мәні. Ғылыми монография. Алматы. ТОО «Нұр-ДиАС» баспасы, 2017. – 328 б.
3 Оразбаева Ф. Тілдік қатынастың теориялық негізі // Тіл әлемі. Мақалалар, зерттеулер. Алматы, «Ан Арыс» баспасы. 2009. – 368.
4 Пауль Г.Принципы истории языка /пер. С нем. под.ред. А.А. Холодовича. Вст.ст.
С.Д.Кацнельсона (с. 5-21) Ред-р. З.Н.Пертова. М.: изд-во иностранной литературы, 1960. – 500 стр.
5 Залевская А.А. Введение в психолингвистику: учебник 2-е изд. испр. и доп. М.: Российск. гос. гуманит. ун-т, 2007. 560 с.
6 Қыдыршаев А.С., Төлегенова Д.Қ. Іскерлік шешендіктану қағидалары. Орал. – 2007. – 68 б.
К.Н. Шохаева
Речевое взаимодействие в профессиональном языке и в деловом общении
Казахский национальный педагогический университет им. Абая,
Алматы, Казахстан
В статье рассматриваются сходства и различия речевых взаоимодействии в профессиональном языке и в деловой сфере. Доказывается, что речь в деловой сфере является одной из форм устной речи. Речевое взаимодействие в деловой сфере обладает динамическими, психологическими, культурными особенностями. Динамическая особенность языковых единиц находится в речевом потоке и в постоянном развитии. Психологическая особенность рассматривается на уровне индивидуальных психологических проблем, раскрывающиеся в психологии коммуникантов в деловом общении. Уделяется особое внимание психологическим процессам при произношении и слушании. Определена деятельность делового общения в интерпсихических процессах и интрапсихических процессах.
К. Shokhaeva
Verbal interaction in the professional languageand in business communication
Kazakh national pedagogical University named after Abay,
Almaty, Kazakhstan The article discusses the similarities and differences of speech interaction in professional language and in the business sphere. It is proved that speech in the business sphere is one of the forms of oral speech. Speech interaction in the business sphere has dynamic, psychological and cultural features. The dynamic feature of language units is in the speech flow and in constant development. Psychological feature is considered at the level of individual psychological problems, revealed in the psychology of communicants in business communication. Special attention is paid to psychological processes in pronunciation and listening. The activity of business communication in interpsychic processes and intrapsychic processes is defined.