З.ШАШКИННІҢ «ДОКТОР ДАРХАНОВ» ШЫҒАРМАСЫНДАҒЫ
НИЯЗ БЕЙНЕСІ

З.ШАШКИННІҢ «ДОКТОР ДАРХАНОВ» ШЫҒАРМАСЫНДАҒЫ
НИЯЗ БЕЙНЕСІ

Боранбаева Ж.Қ., Нарын А.С.
Астана қ., «Астана» университеті boranbaeva_zhamal@mail.ru

«Көркем шығарма – ақиқат өмірдің көрінісі. Онда нақтылы өмірдің ізі, сәулесі, шыңдығы барынша көрінбек» -деп [1] әдебиетші ғалым Т.Ақшолақов айтып кеткендей әрбір әдеби шығармада бір шыңдық жатады. Әдебиет зерттеуші, белгілі ғалым В.Новиков көркем шығарма жайлы: «Суреткер өзінің ерекше әлемін жасайды. Ол әлем өз бойына шыңдықтың барлық қасиетін сыйғызған, ол жарылуға әзір буырқана қайнаған құштарлыққа, қайшылықтарға толы. Оларда қайталанбас бейнесімен сомдалған тірі геройлар әрекет етеді. Оның үстіне, бұл әлем суреткердің жан жарығымен сәулеленген, оның жан сезімімен суарылған және де шыңдық туралы жай тарихи баяндаудан гөрі әлдеқайда жарқын әсер етеді»-деген екен. [2]
Жанағы айтылғандай шыңдықты зерделей жазған жазушылардың бірі – Зейін Шашкин. Оның кейіпкер мен автордың арасындағы тығыз байланысты көрсеткен, шыңдықты шымырлата жазған романы – «Доктор Дарханов».
«Суреткер белгілі дәуір перзенті. Оның творчествосы сол өмірдің сәулесі, көрінісі. Сондықтан жазушы шығармалары өз дәуірінің әлеуметтік тіршілігінен, арпалысынан оқшау болуы мүмкін емес. Бірде-бір шынайы суреткер өз заманының саяси-әлеуметтік мәселелеріне үн қоспай, қатыспай, араласпай қалмақ емес»-деп Т.Ақшолақов айтқандай [3] З.Шашкин де бұл шығарманы тегіннен тегін жазған жоқ.
1938 жылы «халық жауы» деген атпен он жылға сотталуына байланысты біраз жылдар әдебиеттен қол үзуге мәжбүр болған қаламгердің дәрігерлік кәсіппен де түбегейлі айналысып, 1945 жылы Иркутск медицина институтын бітіргені, 50-ші жылдардан кейін Бурабайдағы «Бармашы» санаторийінде бірнеше жыл дәрігер болып қызмет істегені, «Таң атты» («Наступило утро») деген атпен 1955 жылы жарық көрген алғашқы повесін осы кәсіптен қол үзбей жүріп жазғаны өз алдына, ал Дарханов бейнесі жалпы зиялы қауым келбетінің қазақ әдебиетіндегі жиынтық көрінісі іспетті қабылданды. Жазушы А.Смайыл бұл туралы: «Біріншіден, Дарханов білікті дәрігер, 60-шы жылдардағы қазақ зиялысы, ұлттық интеллигенцияның қалыптасу жолын көрсете алатын кішігірім болса да тұлға. Екіншіден, махаббат оты күйдіре алатын пенде. Үшіншіден, өз заманының патриоты. Бәрін тұтас алып қарасақ, коммунистік режимнің 60-шы жылдардағы түлегі».[4] Жазушы Дархановты осындай бейнелерде сомдай отырып, сол тұстағы ұлт оқығанының шыңайы образын жасаған. Дарханов образы несімен шыңшыл, несімен реалистік образға жатады? Енді осы сауалдарға жауап іздеп көрейік.
Әр жазушының творчестволық лабораториясын зерттеген адам оның өмір шыңдығын көркем жинақтау, яки әдеби бейнелерді типтендіру әрекеті, көбіне әр типке прототип табудан басталғанын байқар еді. Мысалы, М.Әуезов эпопеясының әр типінің өмірде моделі – прототипі болған. С.Мұқановтың Амантайының түп-төркіні Аманкелдіде жатса, Балуан Шолағы – Балуан Шолақтан, Шоқаны – Шоқаннан, Сәкені – Сәкеннен туды. Ғ.Мүсіреповтың Ақан мен Қайрошы да солай. Бәрінің негізінде прототип жатыр. «Прототип – реалистік шығармалардағы көркем бейнелерді нанымды етудің, шыңдықты шыңайылаудың құралы секілді»-деп З.Қабдолов айтып кеткен.[5] Олай болса З.Шашкиннің де шыңайылығы осында жатыр. Жалпы қаламгердің өз өмірі де драмасыз емес-ті. Анығында доктор Дарханов оның прототипі болатын. Сондықтан жазушы доктор Дархановты реалистік образ ретінде таныта білді. Реалистік образдың мағынасын З.Қабдолов былай деп көрсеткен: «Реалистік образ – әдебиеттегі адам бейнесінің ең сымбатты, шыңайы түрі. Мұның сымбаттылығы да, шынайылығы да шыншылдығында; бұл – кәдімгі өмірде болған, бар және бола беретін, бірақ қайталанбайтын, әрқашан бұрын-соңды белгісіз тың қырынан көрініп, ылғи жаңарып отыратын тип. Олай болса шығарманың бас кейіпкері – Доктор Дархановтың образын ашайық. Ол үшін ең алдымен Дархановтыңт мінезін зерттейік, соған баса назар аударайық. Ол үшін жалпы мінез деген не соған тоқталып өтейік.
Әдебиеттің негізгі обьектісі – адам. Жазушы өз шығармасына сол адам тағдырын арқау етеді. Оны көрсету үшін жазушы өз кейіпкерлерін әр түрлі саяси-әлеуметтік жағдайларға кояды. Сан алуан адамдармен қарым-қатынасқа түсіреді, оны өмір тартысының әр кезеңінде көрсетеді. Сол арқылы суреткер өз қаһарманының характерін жасайды.
Сол қимыл, мінез үстінде адам характері әр қырынан ашылады. З.Қабдолов: «Мінез – адамның ішкі болмысы, белгілі қоғамдық жағдай қалыптастырған қоғамдық құлқы, барлық психологиялық ерекшеліктерінің жиынтығы»-десе, [6] (107б) мінез жоқ жерде, Л.И Тимофеевше айтсақ, ақиқатты «адамдандыру» мүмкін емес. Ал біз әдебиетте ақиқат шыңдықты тек адамдар арқылы ғана танитынымыз белгілі. Сондықтан өз шығармасында «өндірістік прцесстерді суреттеудің тасасынан болар болмас бұлдырап көрінетін кері ауызданған мәнекендер» [7] (107*) емес, толық қанды көркем образдар жасағысы келген суреткер бар шеберлігін өмір шыңдығын жинақтаумен қатар адам мінезін даралауға жұмсайды. Суреткер үшін керемет қиын нәрсе «адамның жаны мен жүрегіндегі көзге ілінбес көп иірімдерді» (Гоголь) табу, тану және жазу. Ал жазушы кейіпкерлерінің көзге ілінбес иірімдерін, ішкі жан-дүниесіндегі әртүрлі күйлерді оқырмандарына қалай көрсете алады? Әрине, ол оны кейіпкерінің ішкі жан толғанысы, яғни монолог арқылы көрсете алады. З.Шашкин де осындай әдісті пайдаланып Дархановтың ішкі дүниесінен сыр шертеді. Романдағы Дархановтың монологына назар аударайық:
«Әй, Нияз-ай, осы сен алжып, аузыңа келгенді айтатын болғансың ба деймін… Ол әйелдің көзіне қарай-қарай тапқан «махаббаттың» не күйге ұшырады, білесің бе? Бұл – кекетіп, қарсы дау айтып отырған ішкі әзәзілім. Кейде оған да құлақ қойып, санаспасаң болмайтын көрінеді. Қанша дегенмен, ішкі ой-сырды салмақтап өлшеп отыратын таразы да сол. Шыңында жанағы ішкі әзәзілдің кекесіні тегін емес, мәні бар: ол әйел мені тастап кеткен. Бұрын ауылда еркекті әйел тастаса, қорлық көріп, бүкіл ел намысқа қызып, қайтсе де кетірмеу әрекетін жасайтын. Біздің заманда қайта әйел кетсе, қуанатындар да аз емес. «Нелер сұлу әйелдер ерсіз бос жүр, бірі болмаса, бірі дайын, ертен-ақ төсек жаңғыртам»-деп ойлады. Әйтсе де, мешкей деген жақсы атақ па… Сол әйелдің мені неге тастап кеткеніне түсінбеймін де, таң қалам…Өзіме өзім дәрігер көзіммен қарасам, ауруға ұшыраған тәріздімін. Бұл менің соңыма түсіп алған ой біреуді аңдып жүрген тыңшыдай, басқан қадамыңды бақылайды. Ұқсастау бір ой келіп қалса, оны өзіне тартып, жетегіне ала қояды. Атақты Павлов мұны доминанто деп атайды: магнит тектес күшті ой басқа әлсіз ойларды өзіне қарай икемдеп алатын көрінеді». Осылайша маза бермейтін мазасыз ойлардан торыққан жазушы өз-өзіне диагноз қойған секілді. Тағы бірде Дарханов былай дейді: «Өмір деген осындай: ашық жатқан қора емес. Қуыс қалтарысы көп, шым-шытырық күмбезді сарай, аяғыңды байқап бас, адасып кетіп жүрме!» деп әкемнен де ести алмадым. Өмірге жолдама алмай, далаңдап кіріп бармасым бар ма?!»-дейді. Дархановтың осы айтылған сөздерінен біз оның өмірге деген өкпесін байқаймыз. Ол өмірде алғашқы басылған қадамдарын сәтсіз деп санағандай ой тудырады. Иә, ол өмірге назалы. Себебі, «Өмір мұхит, уақыт толқын. Дүние үлкен көл, Заман соққан жел…
Өмірдің алды ыстық, арты суық,
Алды ойын, артқы жағы мұңға жуық» (5),-деп ұлы Абай айтқандай, осындай алды ыстық, арты суық өмірде Дарханов көптеген дүниелерді бастан өткерді. Не түрлі жамандық та, не түрлі жақсылық та көрді. Көптеген адамдардан сатқындық көріп, шырылдаған торғайдай талай рет алдамшы торға түсті. Алайда оның сағы сынбады. Осындайда: «Еркің жоқ ырзығыңмен өміріңе, Ендеше алма қайғы көңіліне.
Бұл өмір иге көне саз емес қой,
Төзе бер ауыры мен жеңіліне» (6),- дейді Омар һәйям. Дарханов осының бәріне қабырғасы қайыспай төтеп бере білді. «Жылуы болмаса түбіт қасиетсіз, жігері болмаса жігіт қасиетсіз» демекші ол нағыз ер-азамат, нағыз жігерлі талант екенін осылайша дәлелдей түсті.
«Зейін Шашкин прозасының үздік табысы интеллигенция өкілдерінің образын жасауында, әсіресе дәрігерлер өмірін білгірлікпен суреттеуінде екенін мойындамасқа лаж жоқ. Қазақ әдебиетінде дәрігерлер өмірін жан-жақты тереңдеп, зор білгірлікпен, шеберлікпен суреттеу жөнінде З.Шашкинмен иықтасар жазушы әзірге болмағанын атап айту ләзім. Бұл тұрғыдан алғанда, З.Шашкинді орыс әдебиетіндегі А.П. Чеховқа ғана ұқсатуға болады»-деп [7] Сапар Байжанов айтқандай, шыныңда да бұл шығарма оқырманың лезде баурап алатын, әр оқиғасынан сабақ алуға болатын, дәрігерлер өмірінен ғана сыр шертіп қоймай, әр адамның, әр тұлғаның ерекшелігін танытатын керемет туынды, өшпейтін мұра!


Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Т.Ақшолақов «Шығарманың көркем айшықтарын таныту» Алматы «Рауан» 1994 ж.
2. З.Қабдолов «Таңдамалы шығармалар» 2-ші том. Алматы 2003. «Санат» баспасы.
3. З.Шашкин «Доктор Дарханов» Алматы Рарирет 2006-336 бет – «Алтын қор» кітапханасы.
4. Ш.Елеукенов «Жігерлі талант». Егемен Қазақстан-2003. 17 қаңтар-5 б.
5. Т.Б. Әділжан «Зердеңізге тоқыңыз». Көкшетау. «Мир печати» 2011 жыл.
6. «Нақыл сөздер». Жинақтаған: Төребек Төрекелдіұлы. «Алтын алқа» баспасы. Шымкент. 2010 ж., 64 бет.
7. С.Байжанов «Үш томдық таңдамалы шығармалар». «Замандас туралы толғау» (монография). 1-том. «Елорда» баспасы. Астана-2006.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *