ЖАЛЫНДЫ ЖЫЛДАР ЖОЛДАРЫ (Ж.Саин шығармашылығы хақында)

ЖАЛЫНДЫ ЖЫЛДАР ЖОЛДАРЫ (Ж.Саин шығармашылығы хақында)

Баймақова Ж.Д.
Көкшетау қ., Ш. Уәлиханов ат. Көкшетау мемлекеттік университеті
Baimakova72@mail.ru

Ұлы Отан соғысы тұсында қазақ ақындарының бірқатары соғыста, бірқатары тылда жүрсе де өз шығармаларымен Отан тілегіне, жеңіс мүддесіне елеулі үн қосты. Олар халқымызға дем беріп, майдандағы ерлерімізге рухани күш құйып талай тамаша жырлар туғызды. Қаламдары өткірлене түсті, патриоттық идеяны бар дауыспен жырлай түсті. Отан халқын жүрегімен сүйіп, совет жерінің топырағын мадақтай сипаттады. Совет ақыны Саин да соғыстың алғашқы күндерінде-ақ майданға аттанды. Әрине, бұл жолдың қиын жол, бүкпе, қалтарысы көп қатер жолы, сын жолы екенін ақын анық түсінді. Ол ең алдымен өз Отанының азаматы. Сол себепті:
Жеткіз мені!
Қарсы алсын өрт пен жалын,
Саған, жолдас, қолбасшы жалынамын,
Кескілескен айқаста бір сынайын,
Кердең басқан көшеде ақын жанын [1,120], – дейді
Саин. Әрине, бұл арада ақын солдатша емес, ақынша сөйлеп отыр. Бірақ мұнда азаматша, солдатша сезіну бар. Отанға деген шексіз ыстық махаббат бар.
Жұмағали сол күндерден бастап автоматымен бірге жалынды сөздерін де жауға кезеді.
Қанды жорық жолына бірге аттаншы,
Жарып шығар кеудемді өлеңдерім [1,130], – деп ақын әдебиетті жауды жеңер күшті құралдардың бірі деп түсінеді. Ұлы Отан соғысы Саин творчествосына зор әсерін тигізді. Ақынға жаңа тақырып, жаңа мазмұн берді. Жұмағалидың осы жылдарда жазған өлеңдері уытты, тартымды, өткір болып келеді. Онда Отан әмірі, совет адамдарының қаһарманды істері терең лиризммен астасып жатады. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Саин творчествосының құнды болып шығуының бір себебін сол шығармаларға тақырып болған майданның қиын-қыстау зеңдері мен солдаттың ауыр қатерлі өмірін оның өз көзімен көріп, өз басынан кешіргенінде деп білуге керек. Сол қатерлі жолда кездескен ауыр жайлар, ерлік істер, күйініш-сүйініштер, партизандар арасындағы шын ынтымақ, достық ақынның осы жылдарда жазған шығармаларының бас тақырыбы болды. Партизан тобында жүрген әр тілде сөйлейтін совет адамдарының мақсат, тілегі біреу-ақ. Олар ел кегі, Отан мүддесі үшін күресті. Осы достық Саин шығармаларының негізгі арқауы болып отырады. Ақын совет жауынгерлерінің арасындағы достықты жаттық тіл, терең сезіммен жырлайды.
Сағындым сені, достарым, Сағындым, ерлер, бәріңді.
Сағындым күрес, майданды,
Сағындым от пен жалынды [2,32],
Бұл өлеңде ақын мылтық даусынан алыста, «тыныш» өмірде, украин қызының қолында емделіп жатқан жаралы партизанның жан, сезім толқынын, күйініш-сағынышын шебер суреттейді. Бірақ бұл сағынышы өткен күндерді босқа қиялдап, тағдыр үкіміне қол қусырып отырған дәрменсіз жанның сары уайымы емес. Ауыр күндер, қатерлі жол шыңдап шығарған достықтың күреске шақырған өктемді үні. Өмір, ақын пікірінше, күреспен, еңбекпен ғана сәнді, көрікті.
Бер қаруды, бер майдан, Күреспен өмір артықсың.
Телміріп мұнда жатқаннан,
Тең ұрыста жан шықсын [2, 26], – дейді жаралы партизан.
Өйткені адамды күрес шыңдайды. Бейбіт еңбекте, бақытты өмірге жеткізетін күрес екенін ақын жақсы түсінген. Ақын майдан өмірінің алуан түрлі салаларын алып жыр етеді.
Отан соғысына арналған лирикаларында кесек қимыл, түйінді ой бар («Есімде Айдар өзені», «Днепрге қарады», «Жаралы партизан жырлары» тағы басқалар, «Түн қатады партизан», «Дөнен», «Жауынгер сөзі», «Айтылмай келген аманат», «Жаралы партизан жырлары», т.б. жырлары.
Партизан тақырыбындағы шоғыр өлеңдері. Ақынның бұл өлеңдерінде героизм романтикалық әуен де көтеріңкі беріледі. Ол көбіне ерекше сұрау әдісін қолданып, белгілі бір адамның атынан сөйлеп отырады. Мысалы:
Жайланып қару-жарақсыз,
Жатырмын мұнда мен неге?
Өр жүрегім тағатсыз,
Жабырқау тарттың сен неге? Майдандас достан айырып, Жансауғама мен алған?
Сәулетсіз қара тіршілік,
Еттім қашан сені арман? [3,12], – деп жазады
Ақын мұнда жаралы жауынгердің психологиясын, ішкі дүниесін шебер ашып берген. «Партизан жырларында» артық сөз жоқ. Ақын талғампаз. Ойын ықшамды, динамикалы сөздермен беріп отырады. Саин жасаған картиналар шындыққа үйлесімді.
Ақын майдандағы әрбір құбылыстардың өзіне лайық, көкейге қонымды теңеулерді тауып алады.
Жұмылды-ау көзің тас болып,
Қараңғы тартқан бейуақтай. [1,128], – деп жазады.
Саин мұнда ауыр жараланған аяулы достың жүзінен тіршілік белгісі өшіп бара жатқан бір сәтті қараңғы тартқан бейуаққа теңейді. Жақсы, образды теңеу.
Ойды затқа балауды Саиннан бұрын ешкім де қолданған емес-ті.
Өткіздім сенде көп айлар,
Қалдырдым сенде көп ойлар. [1,134], – деп жазады
Бұл жолдар Саинның өзіне тән сұлу, көркем жолдар. Әдетте оқтың ұшуын көп ақындар «зулап», «ағып» деген көсемшелер арқылы беретінді Соғыс жылдарындағы творчествосымен Саин ақындықтың жаңа беліне шықты. «Жорық жырлары» үлкен поэзияның бастамасы сияқты болды. Әдетте жақсы бастама жаңа тілек, көп үміт тудырады.
Саин 1943 жылы «Айбала» деген өлең жазған болатын. Онда түн жамылып келіп, колхоз дәулетіне арам қолын сұқпақшы болған жауыздарды Айбаланың мылтық атып, сескендіргені баяндалатын. Өлеңнің аяғында:
Ей,
Айбала, Айбала!
Жолдасың түнде Ай ғана.
Қырманды қорып, қорғана
Күзетте тұрсың сен жалғыз [1,151]
– деп ақын Айбаланы бүкіл ел өмірінен бөліп, қараңғы түні мен ұрысы ғана бар, шексіз теңіз ортасындағы тіршілік дүниесі жоқ, бір аралға ұқсас жапан дүзге апарып тастаған еді.
Ақын, өзінің «Жорық жырлары» деген жинағындағы «Сендерді терең ойға алсам» деген өлеңінде, өзіне оқ тиіп жарадар болған кезде біздің басқа жауынгерлеріміз бірге жауды қуып, оған соққы бере түсуді көксеп:
«Сабында неге болмадым,
Жау қарасы батқанша,
Жанында неге өлмедім
Жаралы жан боп жатқанша!» [1,56],
– деп өзінің жарадар болған халіне қарамастан, сол айқасып жүрген әскерлермен бірге жауға қарсы шабуды көксейді.
Немесе:
Қатал қайсар жүрегі,
Қайтпас боран кәрінен,
Қымбат елдің намысы
Партияға бәрінен
Бұрылды боран жындана,
Кең даланы қарбасып,
Кегін алсын партизан,
Немістерді қанбассын[1,43],
– деп патриоттыққа шақыра, партизандарға бәрінен де ел намысы қымбат деп жырлайды Жұмағали Саин өзінін «Күнқатады партизан» деген өлеңінде.
Елді сүйсең беріле жүрекпен сүй,
Бірге қуан онымен, бірге отқа күй,
Қожасы жалғыз халық,
Әрқашанда ойыңа сен мықтап түй [2,30]
– деп Жұмағали, елді, отанды шын сүюге шақырады, халықты ешқашан ойыңнан шығарма деп шынықтырады.Жұмағали Саинның лирикасының басқа ақындардың лирикасымен салыстырғанда, негізгі ойлары бір жерден табылады, мәселен:
Уа, дариға, алтын бесік туған жер!
Қадіріңді келсем білмей кеше гөр!
Жата алмас ем топырағыңда тебіренбей
Ақын болмай тасың болсам мен егер [4,49], – деп жырлады.
Осыған қанаттас ақын Жұмағали Саин:
Россия, уа Россия, туған жерім!
Сөнбес күнім, бақытым мәңгі менің.
Өз жүрегім, өз жаным, өз Отаным
Деп атайды атыңды қазақ сенің [2,54],
– деп Советтік Россияны мадақтай ұлы орыс халқы мен қазақ халқының мәңгі достығын сипаттайды.
Әбу Сәрсенбаев өзі майданнан қайтып келе жатып Советтік Россия жерінің шетіне жеткенде:
Пай, пай, шіркін, неткен шандоз
Ардақты өлке табиғатың,
Кетігіңе болып кірпіш
Қаланбақшы солдат ақын [5,89],
– деп сайраса, Отан соғысы біткеннен кейін Москва туралы бір өлеңінде Қалижан Бекхожин:
Баладай басымды иіп мейіріміне
Жүрегімді алдына тостым анық,
Құшағыңда күлімдеп тұрмын міне, Мен қазақпын, адаммын москвалық [3,35], – деген өлең жолдарын жалындата жырлайды.
Жұмағалидың жалынды, дауылды, күйлі сыршыл поэзиясы совет халқының қастерлеп пайдаланатын құнды мәдениет қазынасының бірі.
Әлемдегі кез келген халық ұлы тұлғалары, ақындары мен батырлары арқылы мәңгі жасайды. Қазақ халқы: «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген ғой. Сондықтан, қазақ халқы бар кезде оның адал перзенттерінің де аты ешқашан ұмытылмақ емес.

Әдебиеттер тізімі:

1. Саин. Ж. Жол үстінде Повесть және очерктер мен мақалалар. Алматы, 1961 – 265 б.
2. Саин. Ж. Күләнда. Каз.мемлекет баспасы. Алматы, 1945.
3. Беккожин Қалижан. Ардагерлер туралы аңыздар: жаңа поэмалар мен өлеңдер. – Алматы: Жазушы, 1965.-204 б.
4. Қасым Аманжолов «Нұрлы дүние» жинақтары — Алматы: Ғылым, 1998. – 236-246 б.
5. Сәрсенбаев Әбу Бес томдық шығармалар жинағы — Алматы:
Жазушы. Әңгiмелер мен новеллалар.- 1983.- 460 бет.


Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *