Е.МЫРЗАХМЕТОВ ПРОЗАСЫНЫҢ БЕЛЕСТЕРІ


Е.МЫРЗАХМЕТОВ ПРОЗАСЫНЫҢ БЕЛЕСТЕРІ

Жәмбек С.Н.
Көкшетау қ., Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті www.s_jambek@mail.ru

Қазақ әдебиетінің басып өткен бұралаң да, бұлтарысы көп тар жол тайғақ кешулерін көктей шолып өтсек, зұлмат заманның рухани өрісімізге, мәдени дамуымыздағы кедергі келтірген, кесірін тигізген, қолдан тежеген кесапатты іздерін айқын бағамдаймыз. Жиырмасыншы ғасырдың басындағы Алаш орыстарының азаттық деп бұлқынған арман-аңсарларын зымиян патша цензурасы жөргегінде тұншықтырғысы келді. Олардың арыстандай айбатын, жолбарыстай қайратын жүндей түтіп, аяқтарына таптағысы келді. Кешегі сталиндік кезең айғайшыл, ұраншыл әдебиетті әкелді. Аржағында таптық, халықтық жақсы идеялар жатқанымен, бұл әдебиет әдебиетті өзінің төл болмысы көрмкедік, эстетикалық табиғатынан ажыратып, идеологиялық рупор дәрежесіне дейін құлдыратты. Жеке басқа табынушылық әшкере болған соң хрущевтік «жылымық» кезінде мүлдем түзеліп кетпесе де, көркем әдебиет аздап еңсе тіктеді. Социалистік реализмді ту еткенімен, әлемдік әдебиеттің белгілі шығармаларының қатарына қосылған Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» мен М.Шолоховтың «Тынық Доны» осы кезде жарияға жар болды. Әдебиет адамның ішкі жан-сырын, сезім қылын, қоғамдағы келеңсіздіктерді сөз ете бастады.
Бірақ қалай десекте, осы кезеңнің әдебиеті де, кейінгі Брежневтік тоқырау жылдарындағы үшінші кезеңнің кеңес әдебиеті де ұлттық қасиетке, ұлттық болмысқа үркектей, осқырына қарады. Ұлттың асыл рухы, оның өзіндік ішкі жан-дүниесі қағыс қалып, өгей баланың күйін кешті. Бірақ осы үшінші кезеңнің әдебиеттің бір артықшылығы болды. Ол қоғамның көлеңкелі, келеңсіз жағдайларын, ұлттың ішкі жан жарасын астарлы тілмен, «эзоптық тілмен» беруі еді. Бұл тәсілдің ұжымдылығы сонда, ол әдебиеттің шырайын кіргізіп, оның көркемдік қуатын арттырады.
Осы кезеңде әдебиет тарихында «шестидесятники», қазақшаласақ «алпысыншы жылдықтар» деп аталатын қуатты да талантты толқын әдебиетке соны леп, жаңаша күш-қайрат, өзіндік ұстанымдың түндігін желпілдетіп-ақ жіберді. Осы буынның жуан ортасында берісі Көкше, әрісі дүйім қазақ жұртына белгілі, талантты қаламгер, қайсар рухты жан, абзал азамат, аяулы ағамыз Есағаң, жазушы Естай Мырзахметов бар еді.
Қаламгерлік өрісі «Пионер» журналының 1953 жылы №12 санында жарық көрген тырнақ алды тұңғыш әңгімесінен бастау алған Естай Мырзахметовтің жазушылық ғұмыры мәнді де мағыналы, баянды да жемісті болды. Алғашқы әңгімелері «Пионер», «Балдырған», «Қазақстан әйелдері», «Мәдениет және тұрмыс» журналдарында басылып, оқырман қауымды елең еткізді. Байқасақ Есағаң жазушы ретінде, қазіргі көп қаламгерлер жанр талабының үдесінен шыға алмай қашқақтайтын, үркектейтін балалар әдебиетінің тақырыбына еркін барып, оқырмандарға алғаш балалар жазушысы ретінде танылыпты. Оған куә 1962 жылы «Сынық шаңғы» деген атпен жарық көрген алғашқы әңгімелер жинағы.
Жазушының осы «Сынық шаңғы», «Туған күн», «Он бес жыл өткен соң», «Хайроштың аманаты», «Көгалдайдың көк шақпағы» повестер мен әңгімелер жинағы «Медет» атты романы қазақ прозасының көкркемдік көкжиегін кеңейткен, туған әдебиетіміздің сыры мен сымбатын, болмысы мен бітімін, суреткерлік тынысын аша түсетін сыршыл да ойшыл, мәнді де мағыналы, шуақты да шырайлы дүниелер ретінде оқырмандар жүрегінен молынан орын тапты. Сол ыстық әсер, ыстық сезімдер саналы оқырманының құштар көңілінен әлі де әсте суып көрген жоқ! Суымақ емес те!
Жазушының әрбір шығармасы өзінің жүрегін жарып шыққан шындық пен көңіл түктерінде терең із қалдырған өмір құбылыстарының әсері таңбаланған жәйттардан өрбіп отырады. «Он бес жыл өткен соң», «Хайроштың аманаты» повестерінде жазушы әртүрлі өмір шырғалаңдары, қат-қабат күрделі адам жаны, оның ішкі иірімдері, мынау өмірге деген ұлы сенім, қылаудай кіршіксіз адами сезімдер ілтипатты да ізетті кісілік келбет пен болмыс, қайсарлық пен төзімділік, өмірге ғашық риясыз жанның алғаусыз көңілі сабат пейілдің мейірімді тасқынындай биязы қоңыр үнмен жүрек түкпірінен шырмалап аға беретіндей, аға беретіндей. Құдды бір өмірге ғашық жандардың адал сезімі мен қайсар төзімін ақ қағазға мәңгілік бедерлеп кеткен көркем сөзден соғылған ескерткіш дерсің!
Айналаға, адамдарға өмірге деген құштарлық, адал сезім, ұлы сенім шығармаларында кейіпкерлердің қат-қабат іс-әрекеттері, оқиғалардың қымқуыт шарпысуы, өмірлік әртүрлі тартыстар арқылы шебер өріліп отырады.
Жазушының көркем мұраларыны ішіндегі ең сүбелі де салмақтысы, көркем шығармашылығының ең басты еңбегі деп «Медет» романын атар едік.
Кешегі кеңестік дәуірде көп адамдар көркем әдебиеттің тәрбиелік мәні орасан күшті, қуатты әсер-ықпалымен рухани салауатты, бай болып өсіпжетілгені жасырын емес. Көп жандар әдеби туындыдағы қаһармандардың ісәрекеттерінен үлгі алатын. Соларға ұқсағысы келіп, талай жандардың кейінгі тағдырына әсер ететін. Өнегелі жолға бастайтын. Әдебиеттің осындай адам тәрбиелегіштік күш-қуаты бүгінгі ұрпақ тәрбиесінде жетіспей жатқан сияқты. Сол кезде жазылған жазушы Естай Мырзахметовтің «Медет» романы шын мәнінде қазақ әдебиетінде үлкен көркемдік резонанс тудырды. Сол тұстағы жоғары сынып оқушылары мен студент жастардың арасындағы ең көп оқылатын шығармалардың бірі болды. Оның айқын мысалы «Медет» романына қатысты оқырмандарынан жазушыға 2000мыңнан аса хат түскен.
Романда көше бұзақыларының содыр сойқандығының басты кейіпкер Медет тағдырына қара балта шабылып, ауыр зардап шегеді. Жазушы өмірдегі мейірімсіздік, қара жүректік, қаталдықтың табиғатына үңіледі. Жалпы әлмисақтан өнер, көркем әдебиет атаулы өмірдегі, қоғамдағы шешілмеген мәселелер туралы сауал қояды. Оны шешу қоғамға, адамдарға мына сіз бен біздерге қойылады. Шешу, шешпеуіміз тағы да екіталай. Мәңгілік сауал. Адам бар жерде қаталдық та мейірімде, жақсылық та, жамандықта бар. Ұлы Абай: «Жақсылық ұзақ тұрмайды, Жамандық әр кез тозбайды. Үміттің аты елеріп, Қос тізгінді созбайды. Қос тепкіні ссалсаң да Уайымнан озбайды.
Бір қайғыны ойласаң,
Жүз қайғыны қозғайды» — демепбеді.
Көше бұзақылары бір жанның тағдырына балта сілтеді. Кездейсоқтық па, жоқ па?! Қаталдық психологиясын аша отырып, жазушы қоғамға, адамдарға, оқырмандарына сауал жолдай мәселенің ішкі сырына үңілткісі келеді. Тіпті болып, толған кемелдеген социалистік қоғамның өзінің ішкі кінәратын, қоғамдық дертін тап басады. Шығар жол қайда?! «Адам адамға дос, бауыр» делінетін, сол ұстанымды ту ғып көтерген қоғамға бұл аз мәселе емес еді. Тағы да сансыз сауалдар…
Романдағы басты кейіркер Медет тағдардың қара дауылына мойымай, қара емендей беріктік танытады. Қайғыға қарсы келіп, қайсарлық танытады. Өмірлік перипетия роман сюжетінің құрылымындағы перипетиямен астасып, кейіпкерінің бірде мұң мен қайғы, енді бірде сәулелі қуанышымен орайласқан қат-қабат сезім толқындары, жан-күйзелісі ішкі психологиялық сәттері шебер ашылып отырады.
Романның тағы да біз көп айта бермейтін ерекшелігі – оның мынау біздер өмір сүріп отырған қала тірлігін, Көкшетау қаласының тірлігін тақырып етіп алуында. Жазушы өзі өмір сүретін Көкшетау қаласының тірлігін романына арқау етіпті. Біз өзіміз өмір ссп отырған қаланың сол кездегі тірлігіне, кейіпкерлердің болмысынан Белинский айтатын талай «таныс, бейтаныс жануардың» сұлбасын көріп, сырын аңғарғандай болдық. Көкшетау қаласының тақырыбы қазақ әдебиетінде аз көрініс тапқанын ескерсек бұл дұрыс қадам еді. Әттең Есағаңнан кейін қаламгерлеріміз осы қала тірлігін арқау етпеуі өкініштіақ.
Жазушының «Көгалайдың көкшақпағы» повесі – оның шеберлік белесінің бір биігі іспеттес шығарма.
Өмір мен аңыз астасқан, тарихи бітімі биік те өрелі, көркемдік келбеті келіскен бұл шығармада адам жанының толқынысты сыршыл ойларына қанығасың. Шығармада көк аспандағы сөнбес сәуледей із қалдырған «Көгалайдың көкшақпағындай» жарқыл қаққан халқымыздың ардақ ұлдары Балуан Шолақ пен Сабыр Шәріпов жайында сыр шертіледі. Жазушы С.Мұқановтың Балуан Шолақ жайлы шығармасынан кейінгі Балуан Шолақ өмірінің соңғы жылдарындағы күңгіртте, беймәлім тұстарына барлау жасаған соны сүрлеу, соны із деп бағамдаймыз. Қаламгердің тың деректері шығармада өз көркемдік шешімін тапқан.
Е.Мырзахметовтің тағы да бір қомақты дүниесі «Қара жолдың бойында» повесінде жастар өмірінің күрделі де көлеңкелі тұстары ойлы да көркем бейнеленген. Шығарманың негізгі лейтмотиві махаббат пен достық, тұрлаусыздық пен опасыздық, адал сенім мен отбасы құндылықтарының қадірқасиетін түсініп, бағалау.
Шығарма кейіпкерлері Мақсұт пен Зүбәйра бейнелерінен жастар тағдарының терең де күрделі сәттері аңғарылады. Кейіпкерлерінің ішкі сырлары психологиялық талдау ауқымында көрініс табады.
Жазушының барша әңгімелерінде достық пен махаббат, адал сезім мен ізгілік, дәуір мен адам, өмірге деген ғашықтық ыстық құштарлық, жан дүниенің сұлулығы мен нәзікті суреткерлік тұрғыда көркем де тартымды шешім тапқан.
Жазушы суреттеуінде қыс айының ұшқындаған, зәрлі де суық қарлы бораны ақ жыландарға теңеліп отырады. Алдыңғы мысалдан біз соны байқадық. Осы сурет-образға тағы бір мысал келтіре кетейік: «Қаланың бұл беті көп жерге дейін орман-тоғайдан жалаңаш, ашық дала. Қызылжар төңірегінің шұбары әртініректе. Кездессе, көлемі тым шағын шоқ қызылдар ғана кездеседі. Сондықтан, жолында еш бөгеуіл көрмей, иен далада еркін екілене соққан желдің ырқымен жын ойнақ салған қар құйыны тап тобылғы не жалғыз түп қурай кездессе, соның ығын паналап ақ жыланша созылып сұлайсұлай кетеді. Жазда шалғы жүзі тимей, тік қалпында қалып қойған жол жиегінің қалың қурайы, боз жусаны немесе ербиген еркені кездесі – ақ үйіле тоқтап жатыр. Кей тұста күрсек қар шананың алқымын қауып-қауып қалады»[1, 113]. Жазушы қыс стихиясын, оның кәрлі суық табиғатын «ақ жыландар образы арқылы ұжымды жеткізе алған.
«Сол сәтте дәл маңдай тұстан жапа-жалғыз жарық жұлдыз жарқ етіп көзіне түсе кетті!.. Көгалдай мергеннің көкшақпағы! .. Көгалдайдың көкшақпағы! … Ту-ту қиырда, ой жеткісіз ғарыш қайнауында көгіләкім түспен қыпылықтап құбылып ойнап тұр. Елінің қамымен ер жастанып, тоқым төсеніп, жолдассыз, серіксіз жалғыз өзі жүрген Көгалдай мерген өзінің одан-бұдан амандығын, сау-саламаттығын хабарлау үшін түнге қарай тұтатқан көкшақпағының жасыл жалыны тәрізді» [1,65].
Жазушы тілі құнарлы да шұрайлы. Ұлтымыздың бүгінгі күнде қолданыстан шығып, ұмтылып бара жатқан небір тілдік оралымдар, сөз қолданыстарын, сөз саптастарын өз шығармаларында ұтымды қолданып, тіліміздің шырайын кіргізіп, өңін ашқанын құнды да, бағалы еңбек деп бағалағанымыз ләзім. Жазушы суреттеуінде портрет, табиғат көріністері ерекше жарқырай, көзді арбайды. Мысалдар келтірейік:
«Көкшіл барқыттан шашақ төбелеу етіп келтірген пұшпақ бөрікті кең маңдайына қондырып қойған. Бәйбішесі Қаныкей алтайы қызыл түлкінің кілең қара қасқа пұшпағынан таңдап-таңдап бүкіл бір қыс бойы жинаған да, жалпақтығын төрт еліге жеткізе өз қолынан шеберлеп құрағаны соншалық, тігісі білінбей, әуелден тұтас дүние сияқтанып қара құндыздай жылтылдайды. Тықыр қара барқыттан орама жаға сап, қара көк сәтеннен жалаң қабат астар тартылған көкшіл жібек шапанын ақ көйлектің сыртынан, еменнен иілгендей талыс иығына желбегей жабылған. Көйлек жағасының қызық бау шалып байлайтын жалпақ ызба бауы қазір ағытылып, омырауын ашып тастаған. Тай көріктей әлемет кең кеуденің түйін-түйін, білеу-білеу көк мұз бұлшық еттері көрген көзді еріксіз арбайды!» [1,5].
Бұл — Балуан шолақтың портреті. Жазушы тілінде табиғат көріністері ерекше шырай танытады. Жалпы пейзаждық суреттеулер әлем әдебиетінде кездескенмен, ол алабөтен қазақ әдебиетінде молынан ұшырасады. Тегі табиғаттың бел баласы қазақтардың табиғатқа деген қатынасы ерекше болса керек. Табиғатты суреттеуде шұрайлы тіл, бедерлі образ, сәтті теңеулерді жазушы да аяп қалмайды. «Бүйтіп күн райы әлем – топырақ бұзыла қалатынын қайдан болжапты. Кешеден берілі кейде қыламықтап, кейде торғай бас — торғай бас қапалақтап үздік-создық жауған ұлпа қарды таңертең теріскейінен аянған ыңғайсыз жел бастап ақ жыландай ирелеңдетіп біраз қуып-қуып алды да, түске тырмыса қанатын қатайта түсті. Жаяу борасын бұрқасынға айналды. Аспан жүзін қара бұлт бүркемелеп алды. Енді биенің бір сауымындай мезгілде күннің көзі мүлдем көрінбей, бұлт астында қалды[1,109].
Е.Мырзахметов қарымды қаламгер болуымен бірге, талантты аудармашы ретінде де танылды. Ол дат жазушысы Мартин Андерсен Ненсенің «Жаннета» романын, Ханс Кристиан Андерсеннің «Сандық-самолет» ертегілер жинағын, татар жазушысы Юрий Коральковтың «Кио Ку Мицу» шығармасын қазақ тілінде сөйлетті.
Есағаң көрнекті, үлкен қаламгер болуымен қатар, от ауызды, орақ тілді көсемсөзші ретінде қазақ публицистикасында өзінің терең ізін қалдырды. Жазушы әдебиет, мәдениет, өнер, тарихи руханият тақырыбында қалам тербеп, танымдық сипаттағы көптеген мақалалар мен очерктерін жазды. Өлке тарихын індетте зерттеп, Көкше өнерпаздары Ақан сері, Біржан сал, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырайдың дүйім жұрт біле бермейін небір қилы тағдырлары туралы қызғылықты зерттеулер туғызды. Арқаның әншілік дәстүрлері туралы толымды пікірлер айтып, ән, музыка, өнер тарихы жайында талғамды сырлар айтып, сыншыл ойларға ерік беретін. Көкше өңірінің арғы-бергі тарихынан тың ойлар қозғап, өлкенің көркем шежіресін қағаз бетіне өрнектеді. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап, Көкшеліктердің санасында Абылайхан, Кенесары хан тұлғаларын қайта тірілткендей ерен еңбектер туғызды. Абылайтануды биік белеске көтеріп, оның өзіндік сүрлеу соқпағын салды. Елдің, жердің сырлы шежіресін түзді. Көкірегі қат-қабат қазына, сырлы сандақ еді!
Сөз соңында:
«Арқаның селі, желі, шөлі, белі
Ерлерін ұмытпаса, ел ұмытпас» — деп, Мағжан ақын жырлағандай, бізде сіздің рухыңызға қаратып: «Қадірменді, Ес-аға! Сізді Көкшенің өзен-суы , айдан көлі, асқар белі, орман-тауы ұмытпай, сыңсып ән салып, сізді іздейді. Сізді іздесе, бізде, сізді Көкшенің барша жұрты, алаштың дүйім жұрты жүрегінің терең түкпірінде сақтайтынына кәміл сенеміз!

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Мырзахметов Е. Көгалдайдың көкшақпағы. – Алматы,1987.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *